АНСАРЛАР (араб. ансар — көмекшілер, қолдаушылар) — Мұхаммед пайғамбарды қолдап, 622 ж. Меккеден Мединеге көшіп барған мұсылмандарға жәрдем берген аус және хазраж тайпалары. А. Меккеден көшіп келген муһажирлермен бірге алғаш рет мұсылмандар қоғамын ұйымдастырған.
Бадр соғысында Мұхаммед қолының негізгі бөлігін құрады. Әскери олжаны бөліскенде олар сыбағаға муһажирлерден соң екінші кезекке ие болған. Пайғамбар дүниеден өткен соң, А. халифалықка өз тайпаластарын ұсынуға күш салды. Бірақ тайпаластар арасындағы бақталастық бұған кедергі келтірді. Омар халифа А-ға өте жоғары жалақы тағайындады. Нәтижесінде олардың көпшілігі ірі жер иеленушісіне айналды. Үлкен қалаларда А. әмір сарайлары жанынан қоныс тепті. Мединеде олар Араб халифатының саяси өмірінде ұзақ мерзімдер бойы үлкен рөл атқарды. А. 683 ж. Мединеде көтеріліске шығып, жеңіліске ұшырады. 270-тен астам А. өлтірілді. Олар Мұхаммед хадистерін жеткізушілердің алдыңғы қатарындағылар болып саналады. Көпшілігі дін жолындағы жорықтар барысында халифат иеліктеріне шашырап кеткен.