АҚЫ АЛМАҚ БОЛЫП ЖАЛДАҒАН, ЯКИ МАЙЛАҒАНЫ ТУРАЛЫ
Майлаған көлікке пәлендей пұт астың салмақ болып, одан артың салып өлтірсе, кесімді бағасын төлейді. Және ескеру керек қай турада болса да әйтеуір бір нәрсе аларсың деп жалдаған жарамайды. Себебі арты дау болады. Мұндай іске даулы бола қалса, ғұрыпта не ақылық нәрсе болса, соны береді. Күнә істерге жалдаған да дұрыс емес. Өлең айтып, ойын ойнағанға жалданған сықылдылар. Айлап, яки жылдап жалданған қызметкер һәм малшылардың баққан мал, қылған істерінің жоғалып, яки бүлінгенін ғұрыптан асырып іс қылса төлейді, болмаса төлемейді. Мәселен, мал айдайтұғын қамшы, шыбықтан басқа нәрсеменен ұрып өлтірсе, яки көзін шығарса, яки айдағаннан басқа ашуланып арып кемітсе, ондайда төлейді. Әншейін қайырғанда, яки содан қаққанда, яки мініп жүргенде жазым болып өлсе немесе жығылса төлемейді. Ондай айлап, яки жалдап жалданғандар қызмет қылмаған күнге де ақы алады, бірақ өзіне тапсырылған істі әдейі қылмай қойса, ондай күндері есепке кірмейді. Және бір жалданған нәрсенің айыбы, міні білінсе, оны қайтарады, бірақ шығынсыз, бейнетсіз түзетуге мүмкін болса, онда қайтармай түзетіп алады. Бір жалдаған нәрсе екеуінің біріне зиян шығаратұғын болса, мәселен, біреу ауырған тісімді суырып таста деп жалдаса, одан соң суырмай тұрып тісі жазылса, сау тісті суыратұғын болған соң ондайды қайтарысады. Біреу бір жаққа бармақшы болып, бір көлік жалдап алса, артынан бармайтұғын болып қалса, ол қайтарылады. Егерде көлік иесі бір жаққа барамын деп жалдап, бармаған coң қайта сұраса, онда алған кісі разы болмаса, қайтарылмайды. Бірақ көлік иесі ауру болған сықылды лажсыз бара алмай қалған болса, онда қайтарылады. Егерде жалдаушы менен жалдап алушының бірі өлсе, олардың өздері үшін болған жалдау болса, қай жалдау болса да қайтарылады. Егерде біреудің үйіне біреу зорлықпен кіріп отырса, үй иесі қолым жетсе сенен пәтер ақша аламын десе, оған болмай отырса, күнінде кірген адам пәтер ақша төлейді. Айтқанда шықпағаны пәтер төлеуге разы болғанға есеп болады. Пәлен уақытта пәлендей іске жалдаймын демек дұрыс болады. Мәселен, үйімді келесі айдан бастап пәтерге беремін деген сықылды. Жерімді егін егуге дегендей, бір нәрсені істеп беріп, ақы алмақ болған кісі ақысын бергенше, ол нәрсені бермей тұруға болады. Егерде ол нәрсеге өзінен нәрсе қосқан болса, болу болса да, егер сөйтіп ана кісі ақысын бермеген coң ұстап тұрғанда жоғалса, ақы да жоқ, төлеу де жоқ. Егер біреу хаммал, яғни жаяу жүк тасуға жалданса, ол жүкті ақысы үшін ұстап тура алмайды. Себебі өзінен қосқан еш нәрсе жоқ болған coң. Бір кісіге жалданбай, әркімге іс қылып беріп тұрған тігінші, бояушы, ұста сықылданғандарға істеп бер деген нәрсе, ол ұстаның өзі себеп болмай, басқа бір себеппенен бүлінсе, яки жоғалса, оны төлемейді, басында төлемекке шарт қылысса да, бірақ ғұрыптан артың қылған оз иесіне бүлінсе төлейді.
Ш.Құдайбердіұлы