САУДА ТУРАЛЫ
Біреуден біреу несиеге мал алса, анықтап жазып алу керек. Аятта: «йа аййуһал-лазина аману иза тадайантум бидайнин иля аджалин мусамма фактубуһу уал-йактуб бай-накум катибун бил-ғадли» — мағынасы: ай, мұсылмандар, қашан несиеге мал алсаңыздар, бір белгілі уақыт айтып жазып қойыңыз бек дұрыс жазумен деген. Мұндай несиеге алғанды анықты уақыт айтыспаса жарамайды. Күзем уақыты, пішен уақыты, қырман басқанда, соғым сойғанда дегендейлер болмайды. Себебі олар кейде ерте, кейде кеш болады. Анықты айды айту керек яки құрбан ораза, нұқырау, март деген сықылды анықты уақыт керек және ешқашан өсімге сатып, өсім алған жарамайды. Аятта: «ал-лазина йағкулунар-риба ла иацумуна илла кама иакумул-лази йатахаббатуһуш-шайтану минал-масси» — деген, мағынасы: өсім алған дар қияметте тұра алмас. Бірақ тұрады, олар жын буған кісідей болсын деген. Өсім алғандар қияметте қарнын көтере алмай жүргенінен жанның бәрі білер оның өсім жегенін деген және таразымен жеген жәнеп туралы «уайлун лил-мутаффифина» — деген сүреде бек қатты азап көреді деп айтады. Тәпсірден қарағандарыңыз боларсыз және екі кісі серік болып сауда қылғанда, біріне-бірі қиянат қылмай жүрсе, бек жақсы. Егер қиянат қылса, бек жаман болады. Пайғамбарымыз айтқан: «ин-нал-лаһи тағала иакулу ана салисуш-шарикина ма лам иахун ахадукума сахибаһу фа иза ханаху хуриджат мин байнаһума» — мағынасы: Алла тағалла айтты: мен екі серік бірі-біріне қиянат қылмай жүрсе, үшінші болып жәрдем қылармын. Егерде қиянат қылса, олардан безермін деген және несиеге мал алған кісі, әлбетте, төлермін деп көңілін анық бекітіп жүрген жақсы. Пайғамбарымыздың хадисі — «ман адана дайнан уа һуа иануи йаһдиаһу ук-кила биһи малаикатун йахфизуна уайидуна лаһу хатта йақдиһи» — мағынасы: кімде-кім борыштанып, оны шын төлемекке ниет қылса, оған бір періште күзетші болып, оны болардан күзетіп һәм қашан борышынан құтылғанша дұғада болып тұрар деген. Несие сатқанның көп шарттары бар — орнын тауып істемесе, көбі күнә болып кететұғыны бар және дау-жанжал бола береді. Онда да мүмкін болса қолма-қол саудадан артығы жоқ. Және біреу сатқан нәрсесін қайтар десе, қайтарған сауап және сатқан нәрсенің мінін, айыбын жасырған қатты күнә.
Ш.Құдайбердіұлы