НИГАХ (НЕКЕ) ТУРАЛЫ

НИГАХ (НЕКЕ) ТУРАЛЫ
Неке деген пәленшенің қызы пәленшені қатындыққа қабыл қылып алдым деп еркек айтып, пәленнің баласы пәленді бай қылуға қабыл алып тидім деп ұрғашы айтып, екеуі бір орында — екі куә алдында айтады. Куәлар екі еркек яки бір еркек екі ұрғашы болады. Куәлар жас бала болмасын, жынды, яки кәпір, яки саңырау, яки күл болмасын. Бай менен қатынның жақындары болса да жарайды. Бүйтіп екі куә алдында ерлі-қатынды болуға разы болғандарын айтыспаса — неке дұрыс болмайды. Неке жасы толған қыз разы болдым демесе, зорлықпенен неке қиылмайды. Жасы толған қыздан өзінің әкесі, яки туысқан ағасы сықылды жақын ие болып тұрғаны некеге пәленше разымысың деп сұрағанда, үндемесе не күлсе, дыбысы шықпай ғана жыласа — ол ұнағанға есеп. Егерде даусы шығып жыласа — онда ұнамағаны. Егерде ондай ер жеткен қыздан рұқсат сұрағанда, басқа жат біреу, яки жақыны тұрып жамағайыны сұраса — онда қабыл көрдім, яки ұнадым демей болмайды.
Алла тағала бір кісіге төрт қатынды бірінің үстіне бірін алуға рұқсат берген. Олай да болса ол аяттан соң және айтқан: егер де әділдіксізпенен ұстай алмаймын деп қорықсаңдар, бір қатын ғана ал деп. Ол аят мынау: «фаин хуф-тум әллә тағдилу фа уахидатан» — мағынасы: егер әділдік қыла алмаспын деп қауіп қылсацдар — бір-ақ қатын ал деген және мұның соңында бір аят: «ау ма малакат айманукути залика адна әллә тағулу» — мағынасы: не болмаса кәнізәк сатып алып, соны қатын қылыңыз. Бұл жалғыз қатын менен кәнізәк сатып алған залымдық қылмай күнәдән сақтануға себеп болар деген. Әлбетте, біздің қазақта екі қатынға әділет аз. Сол себептен қазақ ғұзырсыз екі қатын алмаса жарайды.

Ш.Құдайбердіұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *