ӨЛІК ЖАЙЫ
Кімде-кім өлер халге жетсе, қалғандарға өсиет айту һәм насихат айту керек. Аятта айтқан: «кутиба ғалайкум иза хадара ахадакум ал-мауту ин тарака хайран ал-уасийй-ату лил-уалидайни уал-акрабина бил-мағруфи хаңцан алал-муттаңииа» — мағынасы: парыз қылды Алла тағала, қашан біреуіңіз өлімге таянсаңыз, мал-жиһазыңыз қалса, ата-аналарыңызға һәм жақын туысқаныңызға өсиет қылыңыз әділдік бірлен. Парыз болды бүл күнәдан сақтанушыларға деген, бұл өсиет деген, әуел борышы, бересісі болса — соны бер десін һәм біреулерді ренжіткен болса, содан кешу сұрасын. Онан соң мирас қалған малды шариғат жолыменен біріне-бірі зорлық, яки айла қылмай ал десін және підия садақа бер десін. Қаж қылмаған болса, бедел қаж бер десін. Бірақ мұндай жабдықтарына малынан үштен бірінен артық айтуға жарамайды. Малының үштен бірі қанша болса, соны ғана өз жағдайыңа ұста десе болады. Егерде борышы малынан кем болмаса, борышын төлемей тұрып еш нәрсе ұстауға болмайды және өлімге таянған кісіге, әлбетте, ренжіткені болса уа ғайри хақтарыңыз болса кешуіңіз керек. Оның үшін одан ғарып бейшара кім бар және өзіңізге де Алла тағала кешер және ондай өлгелі жатқан кісі өзін мысал қылып, қалғандарға насихат айту керек. Қалғандар сондайдан ғибрат алып, кісі хақы һәм басқа күнәлардан тыйылуға қам қылу керек және ол өлімге жақындаған кісі «ла илаһа иллал-лаһу уа мухаммаду расулул-лаһу» деген сөзді айта беру керек. Мұның мағынасы осы кітаптың басында айтылды-сол мағынасын біліп, көңілмен шын нанып айту керек. Егерде мағынасын білмесе, «Құдай бір, Құран шын, пайғамбар хақ» деген сөзді айту керек егер иман айтуға ол кісінің халі келмей бара жатса, бір оқыған адам «ла илаһа иллал-лаһуды» құлағына анықтап айтып отыру керек. Ол кісі оның мағынасын білмейтұғын кісі болса, «Құдай бір, Құран шын, пайғамбар хақ» дегенді айтып ұқтырып отырсын. Бірақ былай айт демесін. Бек нашарланған кезде аяғын құбылаға жіберіп, жүзін құбылаға қарсы жатқызу керек. Құранды жақсы оқитұғын бір молда Иасин шәріпті оқып отыру керек. Жаны шыққанша иманды құлағына анықтап айтып отыру керек — зинһар — сол кезде дабырлаған, жылағанды қою керек. Өз күнәңді ойыңа түсіріп, өліктің де күнәсін кеш деп Алла тағалаға тәубе қылып, тілекпенен отыратұғын уақыт, сол сіздердің өтірікті-шынды жылап, кейіген болып разы қылатұғын уақытыңыз ол емес — зинһар — тып-тыныш қана ішіңізден Алладан тілеп отырыңыз. Оның да, өзіңіздің де күнәмізді кеш деп, әбден жаны шығып болған соң қол-аяғын түзетіп, аузы менен көзін ептеп қана жұмғызып, үстіне өлікті қоятұғын тақтайды, мүмкін болса, жақсы иісті нәрсеменен иістендіріп, киімінің һәммасын алып, әбүйірін бір нәрсеменен жауып қоясыз. Іші кеуіп кетпеске, үстен жапқан нәрсенің сыртынан бір ауырлау кірпіш, яки тас сықылды нәрсеменен кіндігінен азғана жоғарырақ бастырып қоясыз. Тірі кісіні қандай ептеп ұстасаңыз, өлікті де сондай ептеп қана ұстап қозғайсыз.
Өлікті жуғанда қолға бәзден қолғап қылып, әуел астын жуып, бетін жуып дәрет алғызып, аяғын кешіктірмей тез жуып, мүмкін болса басын, сақалын хатмы деген шөппен жуып, сол жағыменен жатқызып, оң жағын жуып, оң жағына жатқызып, сол жағын жуып, денесінде су тимеген жер қалдырмайды. Жуып болған coң шалқасынан жатқызып, қарнын төмен қарай баса сипайды. Сонда артынан, астынан бір нәрсе шықса, оны жуып тазалайды. Аузын қайта жумайды. Мұнан соң таза бозбенен сүртіп құрғатып, кебіндейді. Шашын, сақалын тарамайды. Сәждеде жерге тиетұғын сегіз жеріне иісті нәрсе жаққан жақсы. Шаш, тырнақ еш нәрсесін алмайды, түскені болса, кебін арасына салып жібереді.
Кебін деген еркекке үш қабат, ұрғашыға бесеу болады. Еркекке әуел азар дейді — бастан аяққа шейін жетеді. Екінші қамыс — жауырынынан аяғына шейін. Үшінші ләфап — ол да бастан аяққа шейін болады. Ұрғашыға бұл орауынан басқа хамар деген бүркеншік қылады. Басынан емшегін әбден жапқанша. Және хырқа дейді, оныменен емшегін орайды, көлденеңі қолтықтан тізеге шейін. Егерде кебін ашылып кетеді деп қауіп қылса, әр жерден байлап қояды да, қабірге салған соң шешіп алады. Қабірді қазғанда мүмкін болса лахат қылу керек. Лахат деген қабірге тік қазып барып, құбыла жағынан кісінің денесі сыярлық қуыс қылып, өлікті соған қояды да, бер жағын тас, яки кірпішпенен қалап бекітіп, топырақты тік қатаң қабірге қайта толтырады. Қабірдің қорғаны берік болып, қасқыр һәм басқа хайуан өлікті жейді деп қорықпағанда қабірді кірпішпен сандықтамай, топырағын томпайтып, жалдап үйіп қойған жақсы.
Ш.Құдайбердіұлы