ҚАНДАЙ СУ ТАЗА БОЛАТҰҒЫНЫ (Ш. Құдайбердіұлы)

ҚАНДАЙ СУ ТАЗА БОЛАТҰҒЫНЫ
Ағын судың ағыны бір тал саламды иә шөпті ағызып кетсе, дәмі, иісі, түсі өзгермесе, ішіне арам нәрсе түссе де адал болады, дәретке де жарайды. Қар, мұз, жаңбыр сулары таза жерде, яки таза ыдыста ерісе, ол адал болады. Кел, яки кішірек қақтардың айналасы қырық кезге толса, қолменен алғанда түбі ашылып қалмаса, ондай ағынсыз су да адал болады, бірақ ішіне түскен арам нәрсе түсін, иісін, дәмін өзгертсе, онда арам болады. Сондай шұқырда көп тұрған су ескіргендіктен сарғайыңқыраса, онда да адал. Егерде мұндай ағынсыз судың айналасы қырық кезге толмаса, арам нәрсе түспегені, яки ит, қасқыр сықылды сарықты арам хайуан жоламағаны анықталмаса, арам болады, ол судан дәрет алынбайды. Шегіртке, шыбын, құрт-құмырсқа сықылды кішкентай жанды нәрсе суда өлгенменен суды арамдамайды. Ғұсыл құйылған, яки дәрет алған, яки бір нәрсені жуған суларменен және дәрет алуға, я ғұсыл құйынуға, яки бір арам тиген нәрсені жуып тазартуға жарамайды.
Құдыққа, яки бір ыдысқа жаңа туған қозы, яки адал, яки қасқыр сықылды арам хайуан түссе, тірі шығарса да, өзі шықса да, ол құдықтың бар суын төкпей, су адал болмайды. Сондай өзі арам һәм сарқыты арам хайуан түскеннің бәрі солай. Егерде құдыққа адам, қой, сиыр сықылдылар түсіп өлсе, шірімей тұрып алып тастаса да, бар суын төкпей адалданбайды. Егерде сарқыты мәкүрік хайуан, яки торғай, қосаяқ тышқан сықылдылар түсіп, шірімей шығарылса, онда отыз қауға су төгеді. Егер қосаяқ торғай, тышқан сықылды нәрсе шіріген соң көріп шығарса, онда құдықтың бар суын төгеді. Егерде құдыққа түскен хайуан өлмей шықса да, құдыққа сиіп, яки тышып жіберсе, онда да бар суын төгеді. Егерде құдықтың көзі бек молдығынан, яки апарып төгетұғын жердің алыстығынан суын біржолата төгуге шама келмесе, төкпей тұрғанда осы су пәлен шелек яки пәлендей қауға шығар деп анық мөлшерлеп айтқан екі таза кісінің айтқанындай су төксе, адалданады, арамданбайды. Онда бас суын төгеді, егер де азғантай болса арамдайды және ішіп жүрген құдықтан, бұрыннан жатқан бір өлексе, қосаяқ яки тышқан табылса, ол су тиген ыдыстың бәрін таза суменен жуып, үш күннен бергі намазын қайта қаза қылып оқиды. Егерде одан беріректе түскені анықталса, содан бергі намазын қайта оқиды. Адам менен еті адал хайуандардың бәрінің де сарқыты адал, қасқыр, түлкі, ит сықылды арам хайуандардың бәрінің жалаған, ішкенінен қалған суменен дәрет алу, ғұсыл құйыну өзге су болмағанда дұрыс. Егерде ол мысық қаршыға, бүркіт сықылдылар бір арам нәрсені жеген соң, кешікпей жаласа, яки ішсе, онда сарқыты күдік. Одан басқа су жоқ жерде сол суменен дәрет алады да және дембі соғады. Өзге су барда тіпті жарамайды. Әр хайуанның терлегендегі тері, сарқыты сықылды болады. Сарқыты адал болса, тері де адал, сарқыты арам болса, тері де арам.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *