«Қазақ» газеті туралы
Орынборды большевиктер алғаннан кейін «Қазақ» газеті бұрынғы дағдылы бағытымен жүре алмайтын болып, шығарушылары Орынбордан кетіп, уақытша тоқталғанын естіп тұр едік. Мəтбұғатымыз жаңа гүлденуге бет қойып, қараңғы, ауыр заманда дүниеге келген тұңғыш газетіміз «Қазақтың» бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ дегендей жазуға, пікірге бостандық деген заманда көлденең қара күштің себебімен тоқталғанына қабырғамыз қайысып тұр еді.
«Қазақтың» жабылуы туралы Ташкентте шығатын «Бірлік туы» газетінің 22 нөмерінде мынаны оқыдық:
«Бүгін күн Орынбордан «Қазақ» газеті жабылды деген телеграм алдық. Мұнан бұрын «Қазақ» басқармасындағы бір адамнан келген бір хатта мынадай сөз бар еді: Орынборға большевиктермен бірге Əлібек Жангелдин де келді. Ол Торғай облысына комиссар болып алып, «Қазақ» газетінің шығайын деп тұрған 260 нөмерін тоқтатып қойды. Жангелдин большевиктерді мақтап, оларға қарсы сөз жазғаны үшін «Қазақ» газетіне азуын басып отыр. Ол «Қазақты» жауып қойып, оның орнына большевик бағытымен жаңа газет ашпақ. Жангелдин «Қазақтың» баспаханасына келіп, «Азаматтың» есеп-қисабын сұрады. Ол уақытта Байтұрсыновтар Орынборда жоқ еді. Сол себепті оған есеп беретін ешкім болмады» деген. Енді мынау бүгінгі келген жұмбақ телеграмның шешуі осы.
Əлібек Жангелдин деген Торғай облысының қазағы. Бірақ оның қазақтықтан шығып кеткеніне көп болған. Ол қазақ түгіл ислам дінінен де безіп, христиандыққа шоқынып, қайда болса сонда қаңғырып жүретін. Оның шоқынғаннан соңғы фамилиясы – Степнов.
Ол өзгерістен соң ислам дініне қайта кірдім деп, ел арасына шығып, жұртқа большевик пікірін таратпақ болып жүретін. Енді мына Орынборда большевиктер жеңген соң Торғайға комиссар болып, «Қазақ» газетін жауып отырғаны…
Жангелдин – Степновтың кім екенін осы жазғанымыздан жұрт өзі біле жатар. «Қазақ» газеті жабылды деген хабарды естігенде əрбір Алаш баласының жүрегі суытып, қабырғасы қайысар. Біз бұған сенеміз. «Қазақ» газеті Алаштың қараңғы заманында жол көрсетіп тұрған шамшырағы, сасқанда ақыл айтып тұрған көсемі. Ол қарасы өшкен залым хүкімет заманында да Алаштың көз жасымен талай пəледен қалған еді. Оның бер жағында мынадай игілік заман туған соң халық «əу» десіп демін алып, енді «Қазаққа» деген пəле-жалалар біржолата өшсе ғой деп тұрғанда мынау хабардың сып ете түсуі «мен Алашпын» дегеннің жанына қатты батар.
Бірақ «Қазақ» газетінің бұл жабылуын біржолата жоғалдыға санауға болмайды. Оның бүгін болмаса, ертең қайта ашылып, ілгергіден артық қайратпен халқына қызмет етуі шексіз. «Қазақтың» бұл жабылуы Россияның осы күнгі уақытша кесапатты ауруының кесапаты. Петроград, Мəскеудегі орыстың ең жақсы газеттерін де шалып жатыр. Бұл ауру, Құдай қаласа, көпке бармас. Тасыған судың қайтар алдында бір лықсып толғаны сықылды осы күні бұл ауру да ең жоғарғы шегіне жетті. Енді оның жақын арада қайта бастауына да шек жоқ. «Қазақтың» жабылуындағы хақындағы біздің түпкілікті пікіріміз осы. Бірақ оның қазірге уақытша болса да тоқталуы һəм оны жапқан адамның жоғарғы айтқан Степнов болуы жүрекке жаман-ақ батады. Алаштың əлпештеп отырған бір қасиетті газетін бүгін келіп Жангелдин сықылды Степновтың кір қолымен жауып тастауы аз ғана аза емес…
Неше жылдай арымай, талмай Алашқа қызмет еткен, тар орын, тайғақ кешулерде Алашқа ақылын айтып, көз, құлақ болған, алты Алашты тегіс аралаған, қылышынан қан тамған Николай кезінде де Алаш ары үшін шыбын жанын аямаған «Қазақты» жауып, əзірге ойыңа келгеніңді істей тұр. Алаш азаматтары аман тұрса, түбінде бір жауап бересің!
Онымен «Қазақ» газеті тоқтап та қалмас, Орынборда шықпаса, басқа жерден шығар дейді. Бұрынғы естіп тұрған хабарымызға һəм «Бірлік туының» жазуына қарағанда «Қазақ» уақытша жабылды деп тұр едік, басқармамызға жаңа да «Қазақтың» 261 нөмері келді. Бұл нөмер 14 февральда шыққан. Шығарушы – Fабдалхамит Жүндібаев деген жігіт. Ғабдалхамит Жүндібаев «Қазақтың» бас мақаласында жазады:
«…осындай заманның аударылып тұрған шағында жұрт газет хабарына аса мұқтаж екендігін ойға алып, жан-жаққа хабар беріп, жөн сілтеп, нұсқа көрсетіп тұрған «Қазақ» газетінің басында тұрған азаматтардың Орынборда жоқ екенін көріп, жауын тілеген егін қалпындағы жұрттың үмітіне қарсы бару ниетімен Орынборға февраль басында келіп, бас қосқан Ақтөбе үйезінің азаматтарының өтініші бойынша «Қазақ» газетін шығаруды мен мойныма алдым. Заманның аударылып тұрған шағында дағдылы жолмен жүру, бір бағытта маңдай қою қиядағы қиын іс. Сондықтан газет оқушылар заманның құбылуымен есептесу керек. «Қазақтың» соңғы жүретін жолы халыққа болып жатқан өзгерістен хабар беру, заманына қарай амал қылуға жол көрсету, сасқанда алдынан шығып жəрдем берудің маңайында ғана болашақ» дейді. «Қазақты» енді шығарып отырған Fабдалхамит Жүндібаев жас учительдердің бірі болса керек. Ой-пікірі «Қазақтың» бұрынғы жолында жүрген жастың бірі болса керек. Ахмет, Міржақып Орынбордан кетерде басқа жолдастарын онда қалдырып, қолдарыңнан келсе «Қазақтың» дағдылы жолын, бағытын өзгертуге көнбеңдер деп кеткен екен. Жоғарғы сөзден көріп отырмыз, елден ақсақал-азаматтар келіп, ондағы көксоққан өтірік большевиктермен сөйлесіп, «Қазақты» тоқтатпай, уақытша шығара тұруды Ғабдалхамитке тапсырған көрінеді.
«Қазақ» бес жылдық ғұмырында қандай қиындық көрсе де халқын адастыруға жоқ; көздегенмақсұтты жолынан тайған жоқ. Енді 6-жылында аз күн тізгіні басқа шығарушының қолына беріліп отыр. «Қазақтың» осы соңғы келген 261 нөмерінде «Қазақтың» ескі қызметкерлерінен Жанұзақ
Жəнібекұлы жазады: «Қазақ» газеті 2 февральда бес жасқа толып, алтыға қарай аяқ басты. Осы бес жылдық өмірінің ішінде «Қазақ» Алаштың намысына тыртысып, жоғын жоқтап, ескі хүкімет заманында басынан талай қиын-қыстау істерді өткізді. Оның түрмесінен қорықпады, штрафынан тауы шағылмады.
Россияда бостандық болғаннан бері өрісі кеңіп, көңіліне алғанын айтты, істеді.
Осы күні өзін туғаннан бері бағып-қаққан иелері шетке кеткенге көңілі жабырқап, иығы түсіп тұрған жайы бар.
Жылдағы дағдысы бойынша «Қазақтың» алтыға аяқ басқанына қуанып, хат яки телеграм арқылы құтты болсын айтып, көңіл білдірген азаматтарға тəңірі жарылқасын айтамыз». «Қазақтың» басына жетімдік түсіп, жабырқап тұрған жайы болса да, 6 жасқа аяқ басқанына қуанамыз, құтты болсын айтамыз. Нəсіп болса кешікпей иелерің қолдарына алар, маңдайыңнан сипап, бұрынғыдан артық тəрбиелер. Алты жасар жас қазақ ержетіп, азамат болып, əлі-ақ алты Алашты аралар, Алаш аман болса, азамат жетім болмасын.
Сарыарқа
Мұстафа хаты
«Бірлік туының» 24 нөмерінде басылған төменгі «Мұстафа хаты» деген мақаланы біз де өз тұсымыздан жұртқа естіртуді лайық көрдік. Бұл хат туралы «Бірлік туы» мынаны жазады: «Аттың сыры шапқанда білінеді, жолдастың сыры сасқанда білінеді. Енді Алаш халқы мынау бір азаматының жолдасынан көрген «игіліктерін» өз хатынан оқып көріп сынасын. Бауыр қандай, жат қандай, Алаш қандай, сарт қандай екені осы хатты оқыған адамға ап-айқын-ақ көрінер. «Өз өлтірмейді, жат жарылқамайды» деген атамыздың терең мағыналы ескі мақалы осындайда амалсыздан еске түседі…»
Хат
31 январь күні күндізгі сағат 2-де Қоқан большевиктерінің бізге тапсырған ультиматумын сөз қылып отырғанымызда тасыр-тұсыр атылған мылтықтың дауысы шықты. Бақсақ, мылтық атысып, соғыс бастаған большевиктердің солдаттары екен. Большевиктердің бұл ісі өздерінің ультиматумында қойған шартнамасына қарсы келді. Олар ультиматумда мəміле шарттарын кеңесуге үш сағат срок қойған еді. Һəм ол сроктың уақыты сағат екіден 20 минут өткенде ғана бітетін еді. Сөйтіп большевиктер өз серттерін өздері бұзып, мəміле сөздің жолын бөгеді…
«Шура и исламия» үйінде жиналып отырған хүкімет адамдары бар һəм басқалар бар большевик солдаттары жақындап келе жатыр деген хабарды айтысып, жан-жаққа тарасып кетті. Сонан хүкімет адамдарына енді қайтып екінші бас қосуға ешбір түрлі жол қалмады. Себебі большевиктердің мылтық атқан дауысын естіген соң мұсылмандар қолдарында бар қару-жарақтарын алып, көшеге шығып қалды. Алдында хүкіметтің: «Большевиктерге қарсы қару-жарақ алып шықпаңдар, əлі де болса мəмілеге келерміз» деген сөзіне олар құлақ қоймады. Өйткені олар большевиктердің мəміле сөз бітірместен мылтық атуға бас салғанын көрген соң бұлар жалғыз хүкіметке емес, бəлки, бүкіл мұсылман халқына жау болды деп өз беттерімен қимыл қыла бастады. Сонан соң-ақ хүкіметтің ол арада істейтін қызметі қалмады.
Қоқанда болған бұл көңілсіз оқиғаның саяси себептерін бастан-аяқ түгел жазуға əзір замана көтермейді. Соның үшін мен бұл жерде бұл оқиға басталғаннан кейін өз басымнан өткен ахуалды ғана көптің алдына ұсынғым келеді. Аудара қарап, ақтара түсінген адамға бұл жазғандарымнан да бірсыпыра саяси қыртыстар көрінер. Большевиктердің оғынан қашып, Қоқан қасындағы қышлақтардағы сарт ағайындардың ішінде 5-10 күн жүрдім. Сол азғана күннің ішінде көрген жəбір-жапамды дұшпан да болса Құдай большевиктерге көрсетпесін…
Ергеш қарақшы бас болып Қоқанда сарттар большевиктермен соғыс бастағанда оларда жеңілеміз деген ой тіпті болған жоқ. Соның үшін олар: «Енді сарт заманы болып қалды, Ергешті хан көтереміз, Ферғанада сарттардан басқа жан қалдырмаймыз, қазақ пен большевиктердің ешбір парқы жоқ; ноғай болса, ол мұсылман емес. Себебі Қоқанда бір ноғай мұғалімнің аяғын құбылаға беріп ұйықтап жатқанын көрдік» деп қышлақ сарттары үрген местей көмпиіп, сарттан басқа жанның бəрін қырып жібермекке бел байлап, қолдарына пышақ, балта, шот, кетпен, орақ, арқан-жіп, қанжарларын алып, көшеге симай күмпілдесіп кетті. Большевиктен қашып паналап, мұсылман баласын дос көріп, заманасы тасыған сарттардың ішіне нағыз сол кезде мен де келіп қалып едім. Көрген-білгеннің бəрін бұл арада тегіс айтып болмайды. Оның бəрі жаза берсе, қағаз бетіне де сыймайды. Соның үшін бір жолы басымнан өткен оқиғалардың да ең орасан көзге түскендейлерін айтып өтемін.
20 (7) февраль сəрсенбі күні Гаухана деген қышлақтан бүкіл Ферғанаға белгілі Муймүбəрəк дейтін қышлақта тұратын Мұсажан қажы деген ишанның (ғалым) баласы Ғұмархан төремен бірге Илеш қышлағының үстін басып, Қомбасты қышлағына келдік. Жолдасым атты, мен жаяу. Сарттар жалдап мінуге көлік бермеді. Үстімдегі киген киімдерім сарт киімдері: аяқта кебіс мəсі, үстіде ала шапан, баста қазандай ақ сəлде. Барар жерім белгісіз болған соң Қоқандағы соғыс басылғанша өзіміздің сарттардың ішінде қауіп-қатерден жырақ жүре тұрармын деген ой ғой мені бір қышлақтан бір қышлаққа тентіретіп жүрген. Қомбастыға келген жерде шетінен қару-жарақ асынған 20 шақты сарттар келіп, мені шап беріп ұстай алды.
– Сəн кимсəн?
– Мұсылманмын.
– Қайсы мұсылмансың?
– Қазақпын.
– Қазақ қашаннан бұян мұсылман?
– Əлімсақтан бері мұсылман.
– Шу қазақтың мұсылманлығыға бізнің шекиміз бар?
– Сендердің шектерің болса, біздің қазақтың шаһды бар.
– Шаһды нимə? Қаны айтың?
– Шаһды – шиш кəлиме диние. Ол шиш кəлима динəні маған бастанаяқ түгел айтқызып шықты. Құдай бақ беріп, жас күнімде жаттап алғандарымның ұмытылмағаны мұндай əбиур болар ма!
Осындай тергеу қылып болған соң менің мұсылман екендігіме сарттар анық сенгендей болса да, онымен қоймай тұс-тұстан анталап, ол жер бұл жерімді шұқылап, мұсылманшылықтың онан да гөрі көзге көрінетін «нышанын» іздей бастады. Сол уақытта қасымдағы менімен бір жетіден бері таныс жолдасым Ғұмархан төре ат үстінде маңқиып, тамаша қылып тұрғаннан басқа ешбір жəрдем көрсете алмай, ол бүкіл Ферғанаға атақты бір ишанның баласы болғандықтан маған жəрдем қылайын десе бір ауыз сөзі ем еді. Ақырында мынау сарттардың жуық арада мені жібермейтініне көзі жеткен соң атын борбайға бір салып, «шу» деп жүріп кетті. Сарттар менің мұсылмандық жағымнан ешбір кінə таба алмаған соң:
– Сен қазақ бұл жақта қайдан жүрсің? – деп сұрады. Мен өтірік қоспай, жайымды айттым һəм Мұсахан қажы ишанның үйінде бірнеше күн мейман болып жатқанымды сөйледім.
– Мұсахан қажы ишанның үйінде жатқаның рас болса, оның баласы сені неге тастап кетеді? – дейді сарттар. Мен олардың бұл сауалына не деп жауап берерімді білмедім. Жолдасым молла Ғұмархан көңіліне ғылым толып, онда жолдас хақылыққа да орын қалмаған екен. Енді сарттар мені осы жерден ұстады. «Бəрібір бұл кім болса, ол болсын; қайдан шықса, онан шықсын, əйтеуір, сарт емес екендігі ақиқат. Онан өзі де танбады. Мұны өлтіру керек. Енді заман – сарттікі. Бізге қазақ та бір, большевик те бір» деп қолымнан жетектеп, қышлақтың шетіне қарай көшеменен «қазақ ұстадық» деп айқайлап, тұс-тұстан адам шақырып, алып жөнелді.
Мені өлтіруге жиналған адамның саны 70-80-дей болды. Бəрінің қолдарында қаруы бар: мылтық, айбалта, қанжар, пышақ, келтек, сота, шоқпар… Менде өлмеймін деген ойға орын қалған жоқ. Ақыры өлтіреміз ғой деп сарттар мені ұрып-соғып əуре де болған жоқ. Екі көшенің айырылатұғын жерінде үлкен бір ағаштың түбіне отырғызып, сарттар мені өлтірудің жабдығына кірісе бастады. Екі қолым артыма таңулы, екі көзім байлаулы. Мойнымда қара қайыстан тұзақ – ажалды күтіп мен отырдым. Сарттардың ниеті мені екі аяғымнан ағашқа асып қойып, атып өлтірмекші. Өзгелерден гөрі маған рақым қылған сарттар бытырамен атса, жаны қиналар деп мылтыққа жалғыз оқ салдырды. Құдайдың ғажап құдіретіне, əділдігіне күмəн келтіріп болмайды. Дəл осы тайғақ кешу, тар жолда Алла əділдігі алдымнан шықты. Енді асамыз деп даярланып отырғанда бір сарт келіп, «Сендер мұны қазақ дейсіңдер, қазақтың да неше түрлісі болады. Бұл өзі қандай қазақ екен, көрейік» деп көзімді шешкізді. Ол сарт көзімді шешкен соң, бетіме тура қарап жіберіп: «Ассаламуəлейкум, Мұстафа əфенді» деп жалма-жан байлаулы қолымды босата бастады. Екі көзі жасқа толып, мойнымдағы тұзақты пышақпен қиып жіберіп, отырған орнымнан тұрғызып, өзге сарттарға менің кім екенімді баян қылып, көп сөз сөйледі. Сонан соң есірген сарттар өздері өлтіруді қойып, мені Қоқанға Ергеш қарақшының алдына жібермекші болып, шаһарге бара жатқан адамдардың біреуінің артына мінгестіріп жөнелтіп салды. Енді əлгі мені өлімнен құтқарған сартқа келейін. Бұл сарт (атын білмеймін) былтыр мердікер болып, соғыс тарапына барған көп сарттың бірі екен. Ол былтыр жұмыс басында жəбір көріп, Ферғанаға қашып бара жатқанда Петерборда маған кез болып, менен жол қаражаттық пұл алып, қажеті шыққан екен. Һəм былтыр мен биыл менің Петерборда, Түркістанда қылып жүрген қызметтеріме де сырттан қанық екен. Қомбастыдан шығып, айдалған арыстанға ұқсап, кейін оралып, жоғарыдағы айтылған Илеш қышлағын басып, Гауханаға жөнелдік. Илеш һəм Гаухана қышлақлары арасында бір сай бар екен. Сол сайдың басында олай-бұлай өткен сарттан басқа жанның бəрін ұстап, тергеп тұрған мылтықты үш сарт кез болды. Менің бөтен екендігім һəм ықтиярсыз шаһарге айдалып бара жатқанымды білген соң олар сөзге келмей мені атып өлтірмекші болды. Аттан түсірді. Жар басына отырғызды. Мені бастапқы тозақтан шығарған сарт Қомбастыда қалған. Енді бұл оқыстан мені кім құтқарар? Əйтеуір, көп қиналмай, жылдамырақ өліп кетсем екен деп көзімді басып отыра бердім.
Сарт өзінің мергендігіне сеніп (менің жүрекке тигізе атсаң қиналмай бірден өліп кетемін дегеніме болмай), көздеді ме, көздемеді ме – тарс еткізіп атып салды. Құдай сақтады. Оқ тимей зу етіп жанап кетті. Сонан соң сарттар «Бəдбақыттың бақыты бар екен» деп қайтадан атқа мінгестіріп жөнелтіп жіберді.
Гауханаға жеткен жерде əлгі қышлақтардың болысы (Қайнар болысы) Хазымқұл Мұхаммедқұлұлы кез бола кетті. Ол мені бұрыннан таниды екен, жайымды сұрап білген соң жанымдағы мені алып келе жатқан сарттарға келіп, өздеріңді атып өлтіремін деп ашу қылып, оларды қайырып жіберді. Хазымқұл болыс мені өз үйіне алып барып, қонақ қылған соң, өзімнің айтуым бойынша қасыма жігіт қосып, Құдаш болысына қарай шығарып салды. Куназар деген қышлақта Құдаш болысына жолығып, оның да мені пəлендей құтқара алмайтынына көз жетіп, қайтып айналып Гауханаға келіп, Қоқан соғысы бір жайлы болғанша сонда жатып алдым. Қоқан соғысы тоқтады. Ергеш қарақшы қашып кетіп, шаһар большевиктер қолында қалды деген хабар келді. Сонан соң «сарт заманы» да жоғалғанын сезіп, сарттар ішінен желі шығып, солған қарындай жым болды.
Қышлақ сарттарының пейілін білген соң ертерек бұлардың арасынан шығып кетпекке қам қылдым. Бірақ көлік жоқ. Ақшаға я салт ат, я арба табылмай, жол бастауға жолдас шықпай жаман қиналдым. Заманасы көшкен сарттар тым болмаса жөн сілтеп, қышлақтарының атын айтпай, жаяу жүріп, шаршап келгенде таңдай жібітуге шай бермей, талай қорлықтарды көрсетті-ау! Алдында екі күн бұрын сарттан басқаның бəрін қырамын деп үрген местей кеуіп жүрген сарттар «қазақсың» деп өлтірмек болып бір қинап еді, енді большевиктер жеңген соң хан көтеретін Ергештері қашып кетіп, солған сарттар жөн сілтеп, жол көрсетуге кежірлік көрсетіп тағы аза қылды. Екі күн жаяу жүріп, осындай бейнеттер шегіп, Дағыстан деген қышлаққа келдім. Сонда тоғыз жүз тоқсан сомға жолдас жалдап, «қазақ-қырғыз қайдасың?» деп қарлы таулар асып, жөнеп кеттім һəм сарттарға сол арада «қош» айттым.
Көргендерім көп еді. Өзім осы күні көшпелі салтқа түсіп, атүсті болғандығымнан орнығып отырып, толықтырып жазуға уақытым жоқ, шырақтарым. Жеке жүрген бауырларыңның дос тұтқан халқынан дұшпандық көріп, көңілі қапа болып тұр. Сөйтсе де Қомбастыдан басқа жер көрмеген, сарттан басқа ел көрмеген ғуамдардың маған қылған жаманшылығын бүкіл сарт халқына жапсырғым келмейді. «Бірлік туы» арқылы Алаш азаматтарына сəлем.
Құдай тірлікте күліп-ойнап жолықтырсын. Жатқан жерім белгісіз, жария қылып болмайды.
Мұстафа 24(11) февраль. Тау арасы.