Қазақ» газетасына ашық хат
Апрель жұлдызынан бастап «Қазақ» газетінде Дүйсембай қажы деген адамды түрлі-түрлі есім беріп, қайта-қайта газетке жазып тұрады. Əлі де жазатын сөздері барлығы аңданады. Өткендегі жазғанына да оқушылар түсінікті болды. Не себеп бар? Басқарушыларының ғұмырлық дұшпаны ма (адам мен ібіліс дұшпандығындай)? Болмаса, ол қажы ұлтына қызметі лайық болып, тұсымызға келген бақытты алып қояды деген азамат серіктіктерінің іштарлығы ма?
Алаш баласына жақсылық таңы атты ма деп қуанып тұрған уақытта орын алатын азаматтарымыздың əйелше күндестік қылғандай бір-бірін айыптауларына «А, Құдай, өзің оңда» деп отырған инабатты ақсақалдың көңілдеріне келмей ме? Таласпасаң талайыңа жетер еді, əуелі бізге жолбасшылық көрсетіңіз демей ме?
«Азамат» серіктері Дүйсембай қажының өткендегі жұмысын тапқанындай ыждиһад қылып ұлтына қызмет етсе, иншалла, қазақ халқы да өзара партиясын қойып, бір басқыш болса да жоғары асар еді. Ұлты үшін жанын қиған азаматтарға ұлтының тұқым қуған сырқаты жұқты ма? Я,Алла өзің сақта!
Инабатты ақсақалдар айтады (Дүйсембайды көргені бар, көрмегені бар): Дүйсембай қажы анық Алланың сүйікті құлы екен, ұрлығы алдынан шықты. Болар жігіттің алғашқы ұрлығы шықсын деген еді деп һəм «ерден иман құтылмас» деген тар орында қызметте жүріп, 25-30 жыл Алланың бірлігін біліп, əрбір əміріне мойынсұнған екен деп.
Екінші, «Азамат» серіктерінің Дүйсембайдай қиянатшылдың қиянатын білсе, бар ыждиһатын жұмсап, халқына көрсетіп тұруы лайық. Əрбір қиянатшылды айтуға бір жылдық ғұмырын сарып қылса, халқына пайдалы істерді айтуға жұмасында бір шығатын газетаның мағлұматы көп болмауына себеп болар. Мылжыңдардың мəселесінше «өлеңі жоқ мəселеге зорлайды» дегендей бұл сөзім «Азамат» серіктіктерін айыптап, сөгу емес, бір сөзді қайта-қайта сөйлегеніне ұялғаным. Дүйсембай дегеннің жақсы болғаны кім, жаман болғаны кім?
Ғайша Ғалиқызы (Ақмола)