Ноғай бауырларымыздың екпіні
Өткен июль айы ішінде Қазан қаласында ноғай бауырларымыздың үш үлкен сиездері болып өтті. Бүкіл Ғұламалар сиезі, Россиядағы мұсылман əскерлер сиезі һəм екінші жалпы мұсылмандар сиезі. Бұл үш сиез 22-ші июльде бір жерге бас қосып, төмендегі қаулыларға бата қылысты:
Бірінші, Орталық Россияда тұрған һəм Сібірдегі мұсылмандардың ұлтшылық істері мен мəдени істері өз қолдарына қарасын. Бұл туралы учредительное собраниеге қарамай-ақ, осы күннен бастап əлгі істерді мұсылмандардың өз мекемелері қолға алып жүргізе берсін.
Екінші, осы күні орыс əскерімен аралас қызметте жүрген мұсылман əскерлері өз алдына жекеленіп шығып, бөлек полктер жасасын. Бұған хүкімет көнсе көнді, көнбесе де оның ыңғайына қарамай, ол іс орындалсын.
Екінші жалпы мұсылмандар сиезі осы қаулыларды жарыққа шығарып, іске асырмақ үшін он екі кісілік бір комиссия сайлады. Онан бөтен оқу істерін ұлт қолына алу үшін жеті кісілік оқу бөлімі, қазына істері үшін үш кісілік қазына бөлімі жасады. Бұл комиссия мен бөлімдердің тұратын жері Уфа шаһары. Комиссияның бір міндеті мұсылмандардың ұлт кеңесін шақыру. Бұл комиссияны мұхтарият һиіти деп атап, оған уақытша төбеағасылыққа Садыри Мақсұдов, хатшылыққа Ғұбайдолла Шинаси белгіленген.
Бауырларымыздың бұл талаптарына шын көңілден тілектеспіз.
«Бірлік туы»