Діншілдерге

Діншілдерге
Өткен июль жұлдызының 21-26-сында болып өткен Орынбордағы жалпы қазақ сиезі туралы Түркістан жағының ишандарының халыққа бастырып таратқан бір иғланнамасын көрдім.
Ондағы сөздің түрі мынау: бас кезінде сиезді құттықтап, қазақ азаматтарын бірсыпыра мақтап келіп, дін турасына келгенде барлық қазақтың орысша оқыған зиялыларын бастығы Əлихан қылып, тозаққа апарып қамайды да, сыртынан мықтап бекітіп, кілтін қалтасына салып ап, қайқайып жүре береді. Онымен де қоймай, «олар кəпірдің кəпірі, дінсіздердің дінсізі. Жоламандар, мұсылмандар, айтқанын алмаңдар, артынан ермеңдер!» деп зарлап отыр.
«Иттің үргеніне аспандағы айдың нұры кетпес» десе дағы, мынау сөз ишан сөзі деген соң қара халық əлденелік көріп, өзінің шын қамқорларына көңілі суып, шүбəланып жүре ме деп əлгі Иғланнаманың маңызын жазамын.
Иғланнамада, əсіресе, дінсіз деп айтуларына себеп Əлиханның: «Ислам діні жас баланың байпағы секілді: бала күндегі байпақ өскен соң киюге келуші ме еді? Сол секілді ислам діні де өзінің заманындағы халық үшін ғана келген дін. Бізге ол діннің енді керегі жоқ» дейді-мыс.
Біз ойлаймыз: Əлихан олай деп айтпаса керек, əйтсе де ишекеңдер қате ұққан-ау деп.
Айтпапты дейтінім мынау: жаным-ау, Əлихан ол сөзді айтып, сиез «иə» деген болса, сиез: «Дін туралы қазақ Орынбор мүфтилігіне қарасын» деп неге қаулы жасайды? Қазаққа дін ислам керегі жоқ, өзіміз жаңа дін жасап береміз, соған қарасын» деп неге жасамайды, Бұл бір.
Екінші, қате ұқты дейтінім: біз құлшылық (ғибадат) турасындағы жұмысты дінге қойып, тіршілік (амалият) турасындағысын законге салып өлшегеніміз жөн. Өйткені закон тұрмыспен қатар өзгеріп отырады. Дін ислам ықтиқад пенен ғибадат жағын адамның өз ақылына тапсырған.
Құранда «Ұрының қолын кес» деген жарлық бар. Осы күнде ұрының қолы түгіл шынашағын кескен кісі естігенім жоқ. Солардың бəрі кəпір болса, ишекемдер де жасырып қала алмас-ау.
Байымбет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *