«Көлбай»
Өткен июньнің орта кезінде Петроградтан Зайсанның бір қазағының атына «Көлбай Төгісов» деп қол қойған мынадай телеграм келген. «Менің қарысып айтуым бойынша Семейдің окружный сотының председателі мен прокуроры орнынан түсіріліп, прокурордың орнына адвокат Вайсер қойылатын болды».
Амалың болсашы, Зайсанның кейбір аңқау-алаңғасары осыған сеніпті де қойыпты. «Шіркін, Көлекеңді қойсаңшы, жанып тұрған бір өрт қой.
Оның қолынан не де болса келеді. Олай-былай қуғыншылық көріп жүрсе де, шекесіне тас тиіп қажымайтын-ақ сабаз ғой арпалысып, алып қашысып жүрген. Өйдөйт дейсің, тысырлауы жаман екен, осылар оқыстан Зайсанның оң жағынан бір «ай» туғызып алмаса етті деп ішімнен недəуір қорқып жүрдім. Онша көп уақыт өте қойған жоқ, Өскеменнен шаң бұрық етті: «Көлекең Өскеменде сиезде болып, жұртқа өзінің Петроградтан кіл қазақ облыстары мен Түркістан жағына қарауылшы комиссар болып келгендігін» баяндаған соң Семейдегі обласной қазақ комитетінің орыс комитетіменен қосылып, жұмыс қылып отырған жайынан сөз қозғапты: «Қазақ комитеті қазақты орысқа ауыл үй қонғызды. Қолдағы билік кетті. Жұрт жұмысы қараң қалды, комитет басындағы кісілер жұрт пайдасына жағымсыз» деп оларды жамандап, қаһар атып келіп, аяғында комитетті қайтадан сайлау керек деп сөз тоқтатады.
Бұл сөзге Семейдегі суырша күндіз інде бұғып жататын, түнде жортып, ырзық теретін бір мырзаның Өскемен адамдарына жазған хаты қамшы болып тиіп, жұрттың аса сенгісі келмесе де, көңілі бірсыпыра қобалжыса керек. Бұл мұнымен тұрсын.
Өскеменнен Көлекең Зайсан келіп, Айт намазының үстінен түседі. Мешітте өткен-кеткен бастағы оқиғалардан сөз қозғап, жұрттың көңілін босатып, біраз жылап-сықтатқаннан кейін «орыс-қазақ арасыңда татушылық жоқ екен, бүгін сағат 2-де қызыл туларыңды алып, маған келіңдер, апарып татуластырайын» депті. «Ойбай, тақсыр, біздің ешкімменен араздығымыз жоқ. Ол үшін əуре болмаңыз» деп жұрт тарқапты.
Зайсандағы Жұмысшылар мен солдаттар советі һəм қазақ ұйымы «Теңдік заманы» ескі таныс Көлбайдың жұртжұмысына кірісуін жаратпайтынын білдірген соң, Көлекең Зайсаннан Шорға еліне шығып кетеді. Жол бойы, ел ішінде офицер формымен жүріп, Көлекең баяғы өзінің «Үлкен комиссар» екендігін һəм «Шура Исламның» ағзасы екендігін жұрттың құлағына сіңдіріп, шорға елінің комитеттерін сайлайды. Мұнымен тағы қоймайды. Зайсан комиссариатының, «Теңдік заманының», обласной комиссариаттың адамдарын тегіс қаһар аттап, латтап, жоғарғы ұйымдарды қайтадан сайлау керек деп жұртты ерітеді. Екі-үш күннен соң Маңырақ елінің қазақтарының атынан Зайсан комиссариаты телеграм алады. Бұл телеграмда қазақтар «үйезный комиссар Пушкаров, обласной комиссар Лашкевич баяғы Столыпиннің Қанды күндерін туғызды, халықты қысымшылықта ұстады. Солар не қылса да орнын тастаса екен» деп Маңырақ елінің қазақтарының атынан бір-екі кісі қол қояды.
Мұның артынан Петроград, Мəскеу һəм басқа қалалардағы орыс, ноғай газеттерінде Ахметбек Əбділдəбек баласы Шаянбаев атынан мынадай телеграм беріледі: «Обласной комиссар Лашкевич, Зайсан комиссары Пушкарев һəм Зайсандағы «Теңдік заманының» басындағы Шегіров, Өскенбаев халықты қысымшылықпен қорқытып түрмеге салады. Босатқан адамдардан 3 мыңнан 15 мыңға дейін пара алады».
Телеграм сөздері тексеріліп, қазақтардың ондай телеграм бермегені мəлім болады. Ұзынқұлақ хабар осының бəрін істеп жүрген Көлбай деседі. Ол кезде комиссар Халел мырза Ғаббасов шорға елін қайтадан сайлап жатқан еді. Зайсандағы ұйымдардың қаулысы бойынша Халел мырзаға «Көлбайды» сонда жібер деп телеграм соғылады. Бірақ телеграм ол кісінің қолына тимейді. Бір-екі күннен соң Көлбай шорға елінен «Омбыға барып, бұл əкелемін» деп Əбділдəбек баласы Ахметбекті, бұрынғы тастаған қатынын жанына отырғызып алып, безіп кетеді. Сондықтан ойға келеді: Халел мырзаға жіберілген телеграм қолды болды ма деп.
Көлбайдың шашпауын көтеріп жүрген осы күнде Əбділдəбек Төгісов. Бұрын бұл кісі Көлбаймен араз болып, құлдан туғансың деп енші бермей, Көлбайдан құтылуға неше асық болған кісінің бірі еді.
Осы күнде інісінің үлкен дəрежеге жеткеніне əбден көзі жетіп, мынадай аумалы-төкпелі заманда Көлбайды таяныш көріп, іні қылып енші беремін деп тастаған қатынын жанына қондырып алып отырған тағы өзі. Көлбай осы күні Петроградта.
10-шы августе Зайсанның коалиционный комитеті Көлбайдың лаңына бір түнгі мəжілісін бөлді. Мəжліс қаулысы қысқаша мынау болды: Көлбайдың істеп жүрген жұмысынан əрекет іздеп, жұрт ұйымын, берекесін ірітіп, «бұзып-жарып бас болдың» исі шығады. Сондықтан, бірінші, Көлбайдың кім екенін бұрыннан білетінмізден, екінші, осындай төңкерілмелі заманда тыныштықтың, жұрт бірлігінің аса керектігінен Көлбай Төгісов Семей облысында тұрмасын. Осы мəжілісте жəне мəлім болды Көлбай Зайсандағы совдепті следовательге жолығып, тағы мына сөзді айтты: «Сот министрі Переверзовке жолыққан едім, баратын қалаларыңыздағы мекемелердің үстінен бақылап, законсыз жұмыстарын маған білдіріп тұрыңыз» деп маған тапсырды». Следователь айтыпты: «Апырай, сізге тапсырған аманат баяғы сенатор Гагаринның өкілдігінен кем емес екен, болса болар» деп сөз аяғын күлкімен тоқтатыпты.
Көлбайдың тастап кеткен қысқаша лаңы осы. Көлбай келе жатса, құйыннан қашқан адамдай тек «таздың үйіне бар, таздың үйіне бар!» деп қол сермегеннен басқа жұмыс қалмады.
Айнымас
* * *
Семей қасындағы Плещеев отарында отырған мұсылмандар мешіт салмақ ниетінде болып, жұрттан уəжіп садақа жия бастады. Құдай үйі, мешіт пайдасы деген жұмысқа мұсылман халқы уəжіп садақаларын бермей, іркіп тұрмас деп үміт қыламыз.
Жəрдем жіберушілерге адрес: Семипалатинскъ, хуторъ Плещеева казначею по сбору пожертвовоний Мусе Дюйсембаеву.