Мемлекет құрлысы
Адам баласы өзінің тұрмысын түзеуге ерікті. Бір мемлекеттің ішінде неше алуан жұрт бар. Олар өзіне қолайлы тұрмысты өзі біліп жасамақ. Əмір патшаның қолында тұрғанда жұртқа бұл еркіндік болмады. Мемлекет құрлысы халыққа зиянды болса да, шыдады. Талай қысылтаяң жерде жұрттың еркі деген сөз патшаның ауызында болса да халықтан ерік сұрамады.
Енді патшаның пəрменінен халық құтылды. Қандай қолайлы тұрмыс жасаса ерік өзінде. Бірақ ұлан байтақ жерде шашылып жатқан жүз миллион халық қалай жиылып, қалай кеңеспек?
Міне, соның үшін мынандай тəртіп болуы керек. Əр гүбірне, əр облыстан халық екі-үш кісі өкіл сайлау керек. Бұл өкілдер көпке сенімді, пікірі, ойы жұртпен үйлесетін һəм басқа жұрттың өкілдерімен тізелесіп халыққа жайлы, ұнамды мемлекет негізін жасайтын кісілер болу керек. Сондай өкілдердің бас қосып кеңесетін жиылысын Учредительное собрание дейді.
Учредительное собрание халықтың өзі болмаса да көзі. Онан жоғары, онан күшті мемлекетте хəкімшілік иесі жоқ. Соның үшін халық учредительное собраниеге мойынсұнып, шығарған жарлығына көнуге міндетті.
Патша түскеннен кейін жаңа хүкімет халықтың тілегін орнына келтіру үшін Учредительное собрание ашпақ болып, сонан бері даярлану жұмысы қандай қиын болса да осы күз сентябрь-октябрь айында Учредительное собрание ашылады деп жұрт күтіп отыр.
Учредительное собраниеге қалай кісі сайлау керек? Кісі аз барса үлгере алмайды һəм жұрттардың көбі кірмей қалады. Егер көп сайланса көпшіліктің жұмысы баяу болмақ. Орташа шамалағанда бүтін Россиядан мыңнан аса кісі жиылса жарар деседі.
Бұрынғыдай байлардан, атақтыдан, күштіден сайлайтын уақыт кетті. Енді еркек-əйел жиылып қалаған кісісін тура өздері сайлайды. Сайланатын өкілдер саяси, іс жүзінде қай партияның адамы екені білініп, халық əр партияның программасына (тұтынған жолына) таныс болу керек. Саяси партиялар: социал революционер, социал демократ һəм кадет партиясы. Кімнің программасы жайлы, əділ болса соған халық дауыс беру керек. Сайлау біткен соң өкілдер Петроградқа жиылып, Учредительное собраниені ашып, халықтың қалауынша жаңадан мемлекттің негізін құрмақ. Бұл оңай жұмыс емес. Өткен мемлекетті жалғыз патша билеп, күллі əмір соның қолында болып еді. Енді мемлекетті уақыт кесіп сайланған адам басқарып тұрмақ. Бірақ оның əмірі халықтың өкілдерінің əмірінен төмен болу керек. Сонда халықтың бостандық, теңдігіне қорқыныш болмайды. Осындай уақытша сайланған кісіні президент дейді һəм мұндай мемлекет түрін республика дейді. Учредительное собраниенің алғашқы жұмысы Россияны республика қылмақта.
Мемлекетте үш түрлі хəкімшілік бар: заң шығаратын, заңды орнына келтіретін һəм билік құратын. Заң шығару бүгінге шейін патшаның һəм думаның еркінде еді. Енді патша болмайды. Учредительное собрание негізгі закондарды жасап, тараған соң соларға тіреп қалған заңды Дума шығармақ. Бірақ Дума халықтың шын тілегін орнына келтіру үшін Думаны халық өзі сайлау керек.
Бұрын іс жүргізтін министрлер һəм олардың советі (кеңесі) болатын. Министрлер патшаның ауқымында жорып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдамайтын, думаны керек қылмайтын, законсыз жұмыс қылса да олар сотқа тартылмайтын. Енді министрлер халықтың өкілдеріне бағынатын болады һəм оларды өкілдер сайлайды. Министрлер өкілдерге сенімді болса, əмір жүргізіп қызмет қылмақ. Ыңғайсыз, бұрыс істеген ісіне өкілдер алдында жауапты болып, законсыз жұмысқа присяжныйлардың сотына тартылатын болмақ. Халық өкілдерінің жиылысын парламент дейді. Осындай министрлерді парламент сайлап, парламент түсіріп отыратын мемлекет түрін парламентарная республика дейді. Россияда қай түрлі республика болу керек? Бұл Учредительное собраниенің екінші қарайтын мəселесі.
Мұнан кейін билік (сот) мəселесі қаралмақ. Билікке хəкім қатынаспай би (судья) законмен іс қылатын болмақ. Рахымды би, қатал би, жаймашуақ би, омырау би керек емес. Би арын жастанған, законды қолданған əділ, тура би болу керек. Билерді хəкімге қол арттырмай, жақсы ақы беріп, азғындықтан сақтау керек. Билерге шын мақтау мақсат болмай, үлкен би, кіші би болмай бəрі біртегіс бірдей жұмыс бітіретін болу керек. Ешкімнен қорықпаған би əділ болмақ. Ондай əділ биде туысқан жоқ. Бидің алдында айыпкер қандай бай, күшті болса да дірілдеп тұрмақ. Халыққа осындай билік жасау Учредительное собраниенің үшінші жұмысы.
Мемлекет негізі қандай жақсы болса да, адамның бостандығына бір қорғаншақтық болмай қоймақ емес. Бірақ қорғаншақтық мемлекеттің бүтіндігі, көптің пайдасы, тəртіп салу үшін керек нəрсе. Сондықтан бұған көну керек. Бірақ хүкімет қатысқанын қаламайтын кейбір орындар бар. Олар мынау сықылды: кім қай дінді қаласа, сол дінге кіруге ықтиярлы болу керек. Бұл хүкіметтің жұмысы емес, əркімнің жүрегінің ісі. Жиылып бас қосып, кеңесуге бөгет қылмасқа керек. Жиылыста керек мың кісі болсын, керек хүкіметті қараласын, оған хүкімет шамданбау керек. Əйтпесе жұртқа бостандық болмақ емес, баяғы құлдықтан құтылмағандық. Газета, кітап жүзінде ой-пікірін жазушыларға, я еркін ашық сөйлеушілерге тыю салынбау керек.
Мұның бəрі азат адамның адамдық хұқығы.
Дінге бостандық; бас қосуға, ұйым жасауға бостандық; сөзге бостандық; баспаға бостандық мұның бəрін негізгі закон қылып бекіту Учредительное собраниенің қолында. Жəне мемлекет билігін жасап, ол билікке шек қояды.
Сонда Россия халқына береке кіріп, бақ қонып, еркіндік тиіп, жұрты кенелмек.
Байларға, ауқаттыларға Учредительное собраниенің бұл бостандығы жеткілікті. Бірақ қара халыққа, əсіресе, кедейлерге күнелту үшін бостандықтың үстіне азық-түлік жəне керек.
Мұжықтың күн көргені егін, қазақтікі мал. Бұларға жер керек. Міне, соның үшін жер еңбек сіңіріп пайда шығаратын егінші мен мал өсірушілерге берілу тиіс.
Бұл мəселені шешетін Учредительное собрание.
Тіршілікте тамақтан басқа ғылым, өнер-білім керек. Олай болғанда Россия жұртына тегін оқитын школды көбейтіп, халықты өнерлі қылмақ та Учредительное собраниенің қарайтын мəселесі.
Жүсіпбек Аймауытов