Жалпы мұсылман съезі
Жалпы Россия мұсылмандарының съезі 1 майда басталып, 12 майда тарқады. Съездің программасындағы мəселелердің кейбіреулері бітеу күйінде шешілмей қалды. Себебі мемлекет түрі қандай болу мəселесі үлкен талас-тартыс болып, уақыттың көбін алғандық.
Съезге жиылған 800-ден артық өкілдерінің əрқайсысы жерлерінен шыққанда бұл мəселені өзінше шейтіп, мұсылман съезінің алдына салуға даярланып алып келген. Уақытша Петроградта болып тұрған Россия мұсылмандарының бюросы жағынан председателі Ахметбек Салықов бір доклад, Кавказ Əзірбайжан өкілі Аминбек Расолзаде бір доклад даярлап алып келіп кеңеске салды. Докладын қорғап съез бойынша Ахметбек үш рет мінбеге шығып сөйлесе, Расолзаде де соншама мінбеге шығып, қарысып өз докладын қорғады. Бастапқынікі мемлекет түрі демократическая децентралированная парламентарная унитарная республика яғни мемлекет билігі халықтың өз қолында болып, бүтін Россиядағы жұрт бөлінбей, тұтас тұру. Соңғынікі демократическая федеративная республика яғни жұрт өз тізгінін өзі алып, өз ісін өзі бітіріп бөлектеніп, жалғыз-ақ мемлекетке ортақ іске қатынасып тұру. Осы екі доклад съездегі өкілдерді бөліп, екі жақ қылды. Бір жағы – унитаристер, екінші жағы – федералистер Ахметбек Салықов, Ғаббас Асхатов – Бұлар унитаристер басшылары, үш шығып сөйлегенде сөзін үш түрлі негізге тіреп сөйледі. 1) Федерация аламыз деп тұрған халық – қазақ, сарт, Кавказ һəм басқалар тіпті надан. Оларда неше түрлі фабрика, завод жоқ. Оны шығарарлық оқымысты жұрт емес, ғылым, білім, өнерден бос құралақан. Осындай қараңғы халыққа федерация берсек байлар, хан тұқымы ақ сүйектер, бектер халық билігін қолына алып, баяғы Николайдың заманында істелген істерді өз тұқымына істейді.
2) Мұсылман жұртында əйелдер ерлермен тең ұсталмайды. Билікті ерлер алған соң, орыс законы арқылы жаңа ғана құқық алып келе жатқан əйелдеріміз бұрынғыдай еріксіз болып қалады. Ғаббас мырза осы араға келгенде, қазақ жағын есіне алыңқырап, қазақ арасында мұсылманшылық аса зорайып кетпеуге қарсылық қылып жүрген орысша тəрбие алған қазақтар һəм солар татар ғылым, білім, өнеріне жақындатпай, орыс ғылым, білім, өнеріне үйір қылуға тырысады. Олар баяғы Алтынсарин секілді миссионер (елді басқа дінге аудырғыш) жолын қуаттайды. Əсіресе қазақ халқын бұл жоғарыда айтылған күйде тастамай, татар, түрік-мұсылман қылып, бір мұсылман туын жасап, сол тудың астына кіргізуді сөйлеп, қазақтарға бөлінеміз деудің жарамайтындығын айтты.
Екінші рет шығып сөйлегендерінде де жоғарыдағы айтқандарын қайталап, мына күйге басты. Россия мұсылмандарына бірлесу керек, Россия мұсылмандарына тарихтың міндетін орындайтын заман жетті, аяқтарын ислам мəдениетіне тіреп, ислам мəдениетін бұрынғы қалпына түсіріп, өсіріп, бастарына күнбатыс мəдениетін сіңіріп, екеуін бірінебірін таныстырып қосатын реті келді. Орыстың закон шығаратын орындарында мұсылман болып бірігіп, бір тудың астында іс қылса, бүтін Россияның тізгіні мұсылмандардың қолында қалады. Себебі Россияның өз адамдары сансыз партияға бөлініп, бірлесіп іс қылу күйінен шығады. Осыларды көріп тұрып барша Россия мұсылмандары бұрынғыдан да жақындасып қосыларға керек. Соның үшін бар ұлт кеңесін (национальный мұсылманский совет) жасап, соған бүкіл мұсылмандікі деген жұмысты салып, соның салған бұйрығымен жарыққа шығару керек. Онда қазақ, сарт, Кавказдан да кісі болсын һəм олардың өзіне тиіс жұмыстары əуелі өз жерінде қаралып, сонан соң барып мұсылман ұлты Кеңесінің қарауына түсетін болсын дегенде, бірісі мұсылман біткен тұстасып кетуді, екіншісі түрік біткен тұтасуды қолға ала тура келді. Сөздерінің ақтығында тарихтың көрсетуі, ыңғайлауы бойынша Еділ бойындағы татарлар бүкіл Россия мұсылмандарына жол көрсетпекші, Еділ бойынан күн туғызып, сəулесін басқа мұсылмандарға түсірмекші екенін айаты.
3) Ең соңғы сөйлескендерінде федералистер жеңетін түрі көрінген соң, бұрынғы тəтті сөздерін қалдырып, нағыз шын ойларын айтыса бастады. Қазақ, сарт, Кавказдарға федерация болуға жібермеу керек. Олар бөлінсе, Россия қолында Еділ бойындағы татарлар қалмақшы. Жəне де қазақ пен Түркістан жақтарында бос жер көп. Олар бөлінсе, жерімен бөлінеді. Онда бізге пайда жоқ. Егерде бөлінбей тұрса, онда жері жоқ татарлар қазақ пен Түркістан жеріне көшіп барып, жер алады.
Міне, қазақ! Біздің мұсылман съезінде есітіп қайтқан татарлардың тарихи сөздері. Екінші жақтың сөздерін һəм бұл съезде қазақтардың қандай орында болғанын тағы жазармын.
Жұмағали Тілеулин