Медресенің 10 жылдық тойы

Медресенің 10 жылдық тойы
Осы декабрьдің 26-ында Уфа шаһарында медресе «Ғалияның» ашылғанына 10 жыл толған тойы болмақ. Бұл медресе 10 жасқа жеткеніне қуаныш етіп той істейтін қақы зор. Оңдай қақы барлығын халық көзіне көрсетуге азырақ артымызга айналып, кейінгі жағымызды шолып өтелік. 10 жылдан арғы кездегі Россия мұсылмандарының діни медреселері қандай еді? О күнгі медреселермен бүгінгі медресе «Ғалияға» қарасақ, арасының парқы сонда анық көзге түседі. Сартың болсын, ноғайың болсын бұрынғы діни медреселерінің жастарға беретін тағылымтəрбиесі дін мен садақадан басқа жаққа мойын бұрмады. Араб пен парсы тілі болмаса, ана тілі дегенді адам тілінің есебінде алдырмады. Дүниеге керек ғылымнан түк нəрсе білдірмеді. Тіршілік ісіне керек өнерге қас болды. Халықтың ой жағын ол дүние жаққа аударып, бұл дүниелік істерге зейін салдырмады. Орысша оқу, шаш қою, шолақ киім киюшілік көпірлікке саналды. Қит еткен қылт етіп діннен шығып кететіндей болды. Халыққа анау да, мынау да кінə деп үйреткендіктен халықтың аяқ-қолы тұсаулы, аузы-мұрны тұмшалаулы сияқты болды. Жастардың көбі таза білім медреседе, басқа оқу ордаларындағы білімдер адамды аздыратын, діннен шығаратын білім деп ұқты. Дүние ісіне шорқақ болды. Қатарынан қалды. Бірен-саран орысша оқыған жастар мен мұсылманша оқығандар арасында жақындық деген болмады, араларында көпірсіз көлденең жатқан дария бар сияқты болды. Біріне-бірі ит пен мысықша қарады. Халықта мұсылманша оқығандардың сөзіне еріп, орысша оқыған, шаш қойған, шылым тартқандарды шет көрді. Ел сырттап олардың жақындығына сенбеді, айтқанын құлаққа ілмеді. Орысша оқығандар халық арасында тұрып, халық ісін басқарып қызмет етуге болмады. Ондай қызмет етемін деп тілеушілер де аз болды. Аздың дауы көп ішінде жұрт құлағына анық естіле де қоймады. Жұрт түндігін бүркеп, есігін жауып, ұйқы да жатқан үйге ұқсады. Үкімет халықтың ұйқысы бүлінбегенін қолайлы көрді. Бірен-саран орысша һəм мұсылманша оқығандар арасынан халықты оятуға қам қылушылар болса, оларды үкімет халықтан аулағырақ ұстауға тырысты.
Сөйтіп тұрғанда жапон соғысы болды. Азаттық күндері туды. Айтамын дегеннің аузына, жазамын дегеннің сөзіне, істеймін дегеннің жолына еркіншілік туды, халықты оятушылар көбейді. Үкімет берген азаттығын қайта күйсеп қайырып алды. Өйтсе де, оянған жұрттың көзі көп нəрсені азаттық күндерінде көріп қалды. Жастар ескі қалыпты тарсынды, ескі білімді азсынды. Заман түріне лайық тағылым бермесе медреселердің бұрынғы үйрететін нəрселеріне қанағат етпейтін болды. Көңілдегідей дүние, ой, ғылым үйретерлік жаңа түрде медресе ашуға үкімет тарапынан рұхсат болмады, ондай тағылым берерлік адамдар табу да оңай болмады. Солай болған соң жалғыз-ақ істерлік іс діни медреселерді заман керек қылған түрге түсіріп, өзгерту болды. Заман ауанына қарай жарығын жамап, кемтігін толтырып, діни білімнен басқа дүние ой, тағылым-тəрбие берерлік түрге айналдырған бауырларымыздың бас медреселерінің бірі жоғарыда атамыс медресе «Ғалия». Бұл медресе ашылғанына 10 жыл.
10 жыл ішінде медресе «Ғалия» Россиядағы бас медреселердің қайсысынан да болса, берген тағылым-тəрбиесі жағынан артық болмаса, кем еместігін көрсетті. 10 жыл ішінде оқыған жастарды діни ғана емес, дүние, ой жағынан да көп нəрседен хабардар етіп шығара алатындығын білдірді. 10 жыл ішінде берген тағылым-тəрбиесімен оқыған жастарга ұлтын сүйетін рух кіргізіп, «милет, милет» деп қақсаған талай мұғалімдер, имамдар жұртқа таратты. «Ғалия» ашылғаннан бері оқып шыққан жастардың дəл саны бізге мағлұм емес, бірақ аз еместігі анық. Басқаларды қойып-ақ, жалғыз қазақтан оқығандарды алғанда да, «Ғалияда» ең аз деген жылында 30-40-тан қазақ балалары кем болған емес. Олардың қайсысы қалай оқып, қандай біліммен шыққанын түгел білсек те, бірақ бəрі де «ұлтым», «ұлтым» деп, жұртын аузынан тастамай шығатыны анық мағлұм. Жасасын «Ғалия»! Жасасын «Ғалияны» ашып, тəрбиелеп, рухты жастар шығарушылар!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *