Ашық хат

Ашық хат
Біздің қазақ жұртынан Г. Думада депутат жоқ. Үлкені қолдан келмесе, кішісі болсын деп бюроға жұрт кісі жібермек болып тұр.
Депутатты сайлағанда жұрт тілегін аныққа шығарып айтып, осы тілектегі жұмысты атқарасың деп жібереді. Жұрт тілегінен шыға жайылатын кісіні жұрт депутат сайламайды. Пікірі жұрт тілегіне қосылмаған адам, ол жұрттың депутаты болам деп сайланбайды. Мұны Европа саясат салты наказ дейді.
Маған Сырдария һəм Торғай қазағы бюроға бар деп отыр. Мен қабыл алып, бармақшы болдым. Бюрода қолға алынайын деп тұрған мəселенің бірі қазақ жұртына керек рухани құрылысының мəселесі, яғни мүфтилік мəселесі. Ақмола һəм Семей қазақтары1 Г. Дума сайлауынан бері һəм Орал, Торғай қазақтары 1914 жылғы мұсылман съезінен бері Орынбор мүфтилігіне қосыламыз дейді. Түркістаннан мұсылман съезінде болған кісілер біз өз алдымызға рухани дүкенін ашамыз деді. Құр қосыламыз я ашамыз деген ұзын-сарын бір жоспар. Орынбор мүфтилігіне кіргенде де я өз алдына бөлек ашқанда да қазақ тұрмыс салты жағынан болатын неше түрлі кедергі бар.
Мен бюроға баратын болған соң жұрт менің пікірімнен айырылатын болса, онысын айтуы тиіс. Бюрода жалғыз мен емес, басқа мұсылмандардан да барған адамдар болмақ. Бюро кеңесіне мен өз пікірімді мынау өзімдікі деп, айырылатындардың пікірін мынау маған қосылмайтын пікір демекпін. Бюро қай пікірді де болса, қарастырып, кеңеске салып, дəлелді, жолдысын дұрыс дер.
Қазақ жұртының іргелі істері – жер мен жесір. Жер ісін мемлекет законы шариғатқа бермейді. Жесір ісі туралы қазақтардың арасында екі пікір бар: бірі жесір ісі түп-түгел шариғатқа салынсын дейді, екіншісі жесірді айыру жағы шариғатқа салынып, онан кейінгі мал дауы бұрынғы қалыпша халық рəсімінде қалсын дейді. Мен де осы соңғы пікірдегінің бірімін. Бұл пікірге қосылмайтындар шариғат десе жұрт атына жүгіреді ғой деп, құр шариғат-шариғат демей, жесір ісінің мал жағын ресімінен алып, шариғатқа бергенде, мынадай халыққа жағдайлы, жайлы жері бар деп көрсете айту керек. Істің бетін шариғат атымен жауып, соны жамылшылап жығамын демей, дəлелмен, жолымен жығуы тиіс. Мен əйелді айыру шартын шариғат ашып, мал жағы рəсімше қалсын дегенде, істің шариғатқа жанасатын жағы шариғатқа берілсін деймін. Жанаспайтын жағын жанастырамын дегенмен жанаспай, шариғат бір жақта қалып, тұрмыс дағдылы дабыл жолымен тартады деймін. Европада халық түскен жақсы жол махаббат жолы. Неке шарты бірін-бірі сүю. Шариғат жолы осыған жанасады. Жанасады дегенім, шариғат төрт қатынға шейін ал дейді, төртеуін де бірдей сүй дейді. Адам табиғаты бұл ауыр жүкгі көтермейді. Бұл құдірет ісіне қайшы. Шариғат 13-тегі жас баланы шал алса, неке қылады, мұнда қалайша махаббат болмақ? Шариғат болсын, закон болсын, заман тұрмысына құл. Шариғат айтқан молданы, закон жолын айтқан төрені тұрмыс жетектеп жүреді. Құраннан қай молда табар екен-жылқы етін жеп, қымызын іш деген аятты? Жылқы еті мен қымыздан Құранда жоқ екен деп қазақ безіп отыр ма? Тұрмыс жетегіне ермей, молда мұны шариғатқа салып қисық деп отыр ма?
Осы күні байын сүймесе, əйелді үкімет босатып отыр. Біз бұған көніп отырмыз. Осы жұрт көнген бірін-бірі сүймесе, ерден əйел айырылу жағы молдаға кетсе, шариғат жолына қолайлы жөнімен түскен осы болады. Айыру жолын молда ашып, əйел басын арашалаған соңғы мал дауы тұрмысқа қарай халық рəсіміне салынып отырса, жұртқа ыңғайлысы осы болады, қазақ қалың мал дауын молдаға бермес. Законда кісі өлімі жазамен тəмəм болмақ. Айыпкер кісі өлген жағының зиянын ғана төлемек. Қазақ рəсімінде айыпкерге жаза жоқ, құн төлейді. Үкімет законы қазақ тұрмысына қайшы. Осы күні кісі өлсе, қазақ дағдылы жолымен құн төлейді. Онан кейін партиялықпен үкіметке біреу білдіреді де закон жолыммен жаза тартады. Тұрмыс жолынан шыға алмай, құн төлеп қазақ бір əуре болады. Тұрмысына жанаспайтын закон жолына қамағандықтан жаза тартып қазақ екі əуре болады. Бұл екі арада қанша бүлік болады, екі жақ қанша шығындайды, қанша кісі өтірік жан береді. Шариғатшариғат деп, қақсап отырған молдалар қып-қызыл даудың ортасында болады. Өтірік жан берген ол не шариғат жолы болады? Тəртіпсіз надан жұртқа шатағы көп қалың мал туралы шариғат билік айтса, оның арты бітпес дау, көп өтірік, ұрыс, подлог болады. Шариғатта қалың мал жоқ екен деп қазақ қалыңсыз бермейді. Қарқаралы уезінің қазақтары əскерлік мəселесін кеңесу туралы съез жасауға сұранғаны газетте жазылды. Рұқсат алынса, сондай съездер басқа уездерде де болар. Сол съездерде де халықтың кеңеске салатын мəселесінің бірі əлгі айтылған жесір турасындағы мəселе, екінші мирас мəселесі. Шариғат бойынша атадан қалған қазына үшке бөлініп, біреуі қызға, екеуі ұлға тиеді. Қай қазақ шариғат жолы деп малдың үштен бірің ұзатқан қарындасына беріп отыр һəм бере қояр? Мирас шариғатқа кетсе, анау қазақ жайына жанаспайтын кісі өлімі туралы шыққан законның аяғын құшады.
Мағына ой-күші жетіліп, мəдениеті көгеріп, гүлдеген Европа жұрты депутат шақырып, Г. Дума жасағандығы іздегені законды күнде жаңалап, халық тұрмысына ыңғайлап қалыптастырып отырмақ. Закон тұрмысқа жанасып, қатарласып өзгеріп отырмаса орнына келмейді. Далада қалады. Саясат талас-тартысы осыдан болады. Тартыншақ шабандар өзгерілген өмір-тұрмысты көрмей, я көрсе де соқыр, саңырау болып, өз пайдасын бағып, бұрынғы закон жақсы дейді. Осыны көрмей отырсыңдар ма, осыған да дəлел керек пе? Жұрт пайдасын ту орнына ұстаған ерлер жұртқа ыңғайлы тұрмысқа жетекшіл закон шығарамыз дейді. Адам баласының дүниеде іздегені құт-береке. Бұл екеуі де закон тұрмыс ыңғайынан шықпай, құл болса табылады. Тұрмыс қанша жынды келтірерлік шабан болса да, аяңдап, ілбіп, алға басып, тарқы етіп, өзгеріліп тұрады. Тұрмыс рəсім өзгерілгенде, закон да өзгеріліп жанасып қалмай отырса, халыққа құт-береке кіріп, ілгері басуына закон оралғы болмай қайта себепкер болмақ. Европа законының адам баласына тынышты, пайдалылығы күнде көшіп, жаңарып отырған жолымен.
Ұжмақ адамға неке, мираспен табылмайды, өзге жолдармен табылады. Мұсылманшылық жалғыз қалың мал мен мирасқа ғана ілініп тұрған жоқ. Халық тұрмысы біз зорлағанымызға көнбей, дегеніміздей бола қоймады деп асыққанымызға қарамай, өзінің аяңымен ілбіп алға қарай жылжыған жүрісінен танбайды. Сол жүрісімен барып жетпесе, бірден ырғытып шариғат жолына салып жіберем дегенге болмайды. Шариғат өзіне қарай əрі тартқанды, тұрмыс өзіне қарай бері тартып, екі ортада əлекке түсіп, қазақ сергелдең болады.
Əлихан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *