Жаңа кітап «Пайғамбар заманы»
Жазушы Мəннəн Тұрғанбайұғлы. Бастырушы Қалжан Қоңыратбайұғлы. Бағасы 20 тиын.
«Пайғамбар заманы» деген атынан да көрініп тұр, бұл кітап Пайғамбарымыздың шежіресін сөйлейді. Арабстан, араб халқы исламнан бұрынғы арабтардың дін һəм əдеті, халықтың пайғамбарға мұқтаж заманы, Пайғамбарымыздың дүниеге келуі, тəрбиесі, өмірі, мінез қалпы туралы мағлұмат беріп келіп, Пайғамбарымызға оқы алһи келгеннен бастап, халықты дінге қалай үндегенін, бұл жолда қандай қиыншылықтар көргенін, мақсұтқа қалай жеткенін һəм Пайғамбарымыз заманында болған жалпы уақиғаларды түгел баяндайды.
Бұл кітаптың тілі сұлу, түсінікті, айқын қазақша жазылып, бастауыш мектептің соңғы жылына арналған. Басылуы да көркем, емлесі «Қазақша». Мектеп кітаптарымыз жеткіліксіз болып тұрған кезде бұл мезгілді һəм орынды шыққан бір жақсы кітап болды. Бұл кітап жалғыз мектеп балаларына ғана емес, Пайғамбар заманының тарихынан хабарсыз əркім оқырлық кітап. «Пайғамбар заманының» соңғы бетінде бастырушы Қалжан мырза Қоңыратбайұғлы жазады: «Бір ұлттың алға басып ілгерілеуі сол ұлттағы кісілердің əр қайсысы өздерінің міндетті жұмыстарын атқаруға тырбанып, тегіс жұмылуымен болады. Біз, қазақ санымызда, жұрттығымызда, ата-бабамызда басқа елден кемдігіміз болмаса да, ұлт ісіне, ұлт намысына келгенде өте кемдік қылып, қатты ұйықтап кеткенбіз, осы 20 ғасырда бүтін дүние халқы оянып, ұлттарының ісіне келгенде малдары түгіл жандарын аямай жатқанда, біз ұлт деген сөздің не екенін де білмей жүргеніміз надандығымыз-ақ емес пе? Дұрыс, бізде де ұлт деушілер 6-7 жылдан бері шыға бастады, бірақ олар саны азғана оқығандарымыз болып тұр, басқаларымыз селт етпей жата беруге жалығар емеспіз. Ұлт жалғыз ғана оқығандардікі ме? Бəрімізге бірдей емес пе? Соны ойлайтын уақыт жетсе керек қой. Міне, мен өзім сол араға азғана ойымды жіберіп, шамам келгенше ұлтыма болған міндетімді атқару үшін Бұл кітапты таратуды үстіме алдым. Бұл кітап бастауыш мектептің ақырғы жылында түзу асылмен оқытылса, балаға жақсы рух береді деп білем. Бұрын балаларымыз ноғайша «ғасыр сағадат» оқығанда, көп сөзіне түсіне алмаушы еді. Сондықтан пайдасы да кем еді. Енді тəңірім өзімізден жазушы берсе, жазған кітаптарын біз ерленіп тарата бермейтін неміз бар? Түрік қауымдарының ішіндегі ең сап болып тұрған жалғыз қазақ əдебиеті екен. Осы алтындай таза, гауһардай қымбат қазақ əдебиетіне қылған қызметіміз бүтін түрік қауымдарына қылған қызмегіміз болып табылады ғой». Қалжан мырза бек дұрыс айтады. Бұл туралы бірер сөз айтып өту тиіс көрінді. Бұрынғы халық əдебиеті яғни ескі қазақша хиссаларды 30-40 жылдан бері тегін бастырып, жылына жүздеп, мыңдап пайда қылып келе жатқан Қазандағы Борадаран Кəримов һəм Хұсаинов уəрсалəрі болатын. Екі жүзден артық қазақ хиссалары күні бүгінге шейін солардың мүлкінде. Бұрын кітап бастыру жайын һəм кітап кімдікі болса, хақы да сонікі екенін қазақ білмеген шығар. Енді өткенге өкінбей, қалғанға береке тілесек, мұнан кейін де кенже қалмас едік.
Шаруадан басқа қазақ əуес еткен кəсіп жалғыз сауда, сауданың да əліппесі. Кəсіп түрлі болмаса, жұрттың бəрі саудагер болу да қиын. Саудаға да жұмыла кірісіп, көзін тауып іс жүргізіп жүргендер шамалы. Сол шамалылардың көбі көтермеге кірісіп, көтере алмай қайталап жүр. Қазақ байларында аяқты, малды саудаға айналдырған, біз білгенде, Қапалдағы Тұрысбек, Маман балалары. Өзге ірілі-уақты саудагерлердің көбі кедейліктің шəкірттері, жігер-талап арқасында сауда жүргізіп кеткендер, бірақ бұлар көргенінен жазбай жүр.
Байлық пен білім бірдей керек. Соңғы жылдарда қазақ əдебиеті өрбіп, газета журнал, кітаптар шыға бастады. Бірақ бұлардың жүрісі шабан.
Шабан болуының көрінеу бірнеше себептері бар:
Қазақта баспахана жоқ. Кітап, газета-журналдарымыз ноғай, орыс, еврей баспаханаларында басылады. Пайданың көбі солардың қалтасында қалады. Баспахана ісімен таныстығы жоқ кісілерден 1,5-2 есе қымбат хақы алады. Егер баспахана ашуды пайдалы кəсіп екенін аңғарған қазақ байлары, саудагерлері болса, Бұл істен қазаққа келер пайда көп болар еді.
Қазақта кітап бастырушы жоқ. Мұның зияны баспахана болмаудан да күшті. Бір талапкер кітап жазса, өзі бастыруға күші жетпейді. Ноғайға бастырайын десе, тегін алып дəндеп қалған, жазушының еңбегін төлемейді. Сонымен жазған кітабы басылмай қаларға керек я басылып шығуын ғана мақсұт көріп, баяғы Кəримов, Хұсаиновтарға жіберерге керек. Олай етсе, екі-үш айдан соң қазақтың өз еңбегі, өз мүлкі өзіне сатылып, еккенде жоқ, сепкенде жоқ «нашар əпенділер» қызығып көреді. Жазушы талапкерлердің көбі бай болмайды, бай болмаған соң бір орында қызметте боларға керек. Қызметтен қол үзуге кітаптан көрініп тұрған пайда жоқ, амалсыз тамақ асырап тұрған қызметіне жегіледі де, жігері сөніп, талабын тот басады. Су ақса тазарады, адам баласы талаптанса, ізденсе ысылады. Талаптануға мұқтаждық қолын байлаған соң, қойшы мінген жүйріктей бəйгеге қосылып сыналмай арманда жүргендер болады. Білімді жұрттарда бұлай емес. Оларда бір жазушыға он бастырушы табылады. Сондықтан жазушы басқа кəсіпке алаң болмай, бойындағы бар білімін сыртқа шығарады. Бастырушы да сату жолымен көздеген пайдасын алады. Халыққа кітап тарап, білім молаяды. Кітап бастыруды əрі өзіне, əрі халыққа пайда деп түсінген адам бізде жоқ.
Бұл күнге шейін кітап саудасын жүргізген бір қазақ жоқ. Қазақ ортасындағы қалаларда саудагерлерге мұны істеу қиын болмас еді. Бұған артық өнер, аса көп сома керек емес, өздерің секілді Ғайнелдин, Шəмсуддиндер істеп отырған іс. Маңайында қазақ көп қалалардың үшеу төртеуінде кітап саудасы ашылса, қазақ кітаптарының бəрі бір қолдан табылып елге жақсы тарар еді, пайдасы бойларына құт. Мұны ойлаған қазақ саудагері де естілмейді.
Қалжанның да айтын отырғаны осы. Болмаса, ол «Пайғамбар заманын» байлықпен бастырып отырған жоқ, бізге мағлұм, сырын жасырмайтын сыпайылардың біреуі. Жаңа аяқтанып келе жатқан əдебиетімізді осылай көтермелемесе болмайды. Біреуде дəрет бар, дəрмен жоқ. Мұсылманша оқып жүргендерді мінеушілер көп, неге өйтпейді, неге бүйтпейді» деп. «Пайғамбар заманын» жазушы мен Тұрғанбай баласы былтыр медресе Ғалияны бітіріп шыққан шəкірт. Осындай талапкерлердің қызметін, көтеретін Қалжандар көбейсе, біреу қанат, біреу құйрық сонда болады. Іс істеу қиын, от басында отырып сынау оңай. Қалжан айтқандай, ұлт жалғыз ғана оқығандардікі ме? Бəрімізге бірдей емес пе?
М.Д.