Мұсылман сиезі
Мұсылман сиезі қараған закон жобасында жазылған екен, рухани мекемелерде қағаз татарша тілмен жазылсын деп. Бұл біздің қазақ жұртына ыңғайсыз екені көзге көрініп тұр. Түрік затты халықта біздің қазақтай бір жерде тізе қосып қалың отырған іргелі ел жоқ. Біздің тілді біздің қазақ жерін араламаған мұсылман бауырларымыз қайдан білсін, біз кітап жазып, журнал-газет шығара бастағанымыз осы 3-4 жылдың ғана арасында. Анық түрік заты халық тілі біздің қазақта…
Абай, Шəкəрім, Міржақып, Мағжандай 1 ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады.(Бұл жоғарыда жазылған ақын сөздері сиезде сөйленген жоқ).
Біздің қазақ осы тілін тастап, татарға міңгескені адасқандық болар, біз, қазақ татар тіліне шорқақпыз, татар тілі деген тіл тағы біреу емес. Кавказ, Қырым ауылындағы татарды Қазан татарымен сөйлестірсе, бірінбірі ұға ма, жұртқа ыңғайлы болу үшін рухани мекеме қағазы əр облыста əр жұрттың өз тілімен, жазылсын дедік Жиһанша екеуміз. Қағаз тілі бір болса, мұсылман бірігуіне жақсы, законда татар тілі болсын деп көріне, сөйлеген қазірет Хұсайын, өзге хазіреттер де Хұсайын пікірін қабылдайтын көрінеді. Бақытжан ағамыз қазақта тіл жоқ деді. Көп таластан кейін сиез рухани мекеме қағазы «татар-түрік» тілімен жазылсын деді. Біз қазақ тілі законға жазылсын деп қарыса алмадық, бүктемеде қалатын болған соң. Жығылатын болған соң «Түрік» дегеннің ішінде кірдік қой деп тоқтадық. Түбінде біздің қазақ тілі бізбен тіл тұқымы бір өзге мұсылманды байытпаса, біз біреуге қоңсы қонбаймыз ғой. Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бəйгесін алар. Абай, Ахмет, Міржақып, Шəкəрім, Тарғыннан һəм өзгелерден бұл көрініп тұр ғой. Закон жобасында жазылған екен, əйел 13 жасқа толса, некеге шарт болсын деп. Талғат, доктор Хұсайынбек Ағаев 13 жаста адам баласы өсіп жетілмейді, бала көтеруге жарамайды, 13 жасар қыздың күйеуге тиюі үлкен зиян, 13 жаста ақыл да толама, 13тегі бала не шаруа басқарады, онда неке шарты 16 жас болсын деді. Талғат һəм Хұсайынбекпен ақсақал хазіреттер көп тартысты, 13 жас шариғатқа дұрыс, 16 болса шариғат бұзылады деп. Депутат Жағыпаров айтты: Кавказда əйел баланы бөрікпен ұрып, жыламаса, неке қиып алады, бұ да шариғат болғаны ма? Ақырында Ғұмыр құдіреті хазіреттерді бүктеп, законда неке шартына əйел жасы 16 ер жасы 18 болып жазылды.
Мүфтиге қандай өнерлі кісі лайық деп сөз болғанда, мүфти орнына сайлау шарты мынау болсын: дін туралы кітап жазып, кітабын сынға салып, бəйге алған ғана кісі сайлансын, мына Европа университеті Ғұламасының жолы сияқты деп едім. Маған жалғыз Мосы əпенді қосылды. Біз бүктемеде қалдық. Сералы Латин рухани кісілер атқаратын билік туралы сиез алдына закон жобасын тартқан еді, бұл жоба бүктемеде қалғандай болып, закон жобасын қарайтын кісілер қолына тапсырады. Сералы закон жобасын мұнда жазуға уақытша қалам мүжіліп тұр. Жиһанша біздің мұсылман рухани істері ішкі министрден тысқары, суд министрі икемінде болсын деп еді, бұ да бүктемеде қалды.
Əлихан