Бастауыш мектеп
Қазақ бастауыш мектебі қандай боларға керек? Бұл туралы ашылып пікір айтылған жоқ. Петерборда болатын мұсылман кеңесінде мектеп мəселелері қаралмақшы, оған қазақтан баратын адамдар қазаққа қандай мектеп керек екендігін біліп барарға тиіс. Сондықтан «Қазақ» өз пікірін айтып, жұрт құлағына салмақшы. Осы кезде қазақ балалары оқуды екі түрлі бастап жүр. Біреулері оқуды ауылдағы мектептен бастайды, екіншілері ел ішіндегі орыс школасынан бастайды, Солай болған соң, қазақтың қазіргі бастауыш мектептері осылар дейміз. Қазақ бастауыш мектебі қандай болу керек деген мəселені шешерден бұрын, осы күнгі тұтынып отырған бастауыш мектептердің жарамды, жарамсыздығын тексеріп, сонан соң керек мектебіне түрлі болу жайын сөйлеу тиіс.
Əуелі ауыл мектебінен басталық. Осы күнгі ауыл мектептерін мектеп деп айтарлық емес. Оқуға керек құрал жоқ, оқыта білетін мұғалімдер аз. Сонда да қазақша қат білушілердің протсенті мұжықтардан жоғары. Осы күнгі тек қат жаза білетін қазақтардан бастап, газета, журнал, кітап шығарып жатқандарымыздың бəрі де сондай мектептен оқып, қат танып, жазу үйреніп шыққандар. Мұнан көрінеді: осы күнгі мектептер осыншама жайсыз, күйсіз қалыбында қалық арасына оқу, жазуды мұжықтар арасынан гөрі көбірек жайып атқаны, бұл мектептің қалыққа жақындығы, балалар білімді ана тілімен үйренгендігі.
Алайық енді орыс школаларын. Қазақ арасындағы орыс школалары ауылнай, болосной екі класты школалар. Бұлардан бітіргендер ілгері оқымаса, онда жоқ болып, шала оқумен қалады. Елде бір-екі жыл тұрса, оқығанның көбінен айырылып, оқымағандармен бірдей болып, оқыған еңбек бос кеткен есебінде қалады. Бұл күнде екі класты школа бітіргендерден ауылнай утшител, писарь болып жүргендері бар екені рас, бірақ бастауыш мектепте үйренетін білім жұрттың бəріне тегіс керек ғой. Адамға тіл, құлақ, қол қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білімдер де сондай керек. Осы заманда қат білмеген адамның күйі тіл иə құлағы, иə қолы, жоқ адамның күйімен бірдей; мұнан былай қат білудің керектігі онан да аспақшы. Бастауыш мектептен оқығандар писар, утшител, фелдшер, адуокат, содиа, инженер, агроном болар демей, ең əуелі, қазақша толық қат білетін дəрежеде болуын көздеу керек. Екінші, бастауыш мектептен үйренген білім əрі оқимын дегендерге негіз боларлық жағын көздеу керек. Егерде бастауыш мектептен оқып шыққандар ілгері оқымай, үйінде қалса, ұлт əдебиеті мен мəтбуғатының мүлкін пайдаланарлық даражалы біліммен қалсын. Əр оқимын деген қалде: мұсылманша оқыса, бастауыш мектеп оқуы артқы оқудың негізі болуға жарасын; орысша оқыса, орысша үйренудің қиындығын жеңілтерлік демеу əм негіз болуға жарасын.
Жоғарыда айтылған қазақ ішіндегі осы күнгі екі түрлі бастауыш мектептің екеуі де көңілдегі мектептердің түрінен табылмайтын мектептер. Бірінде оқуға керек құрал жоқ, тəртіп жоқ, мөлшер жоқ, жоспар жоқ. Қалық оқуды керек қылғандықтан, жаман да болса, «жоғынан бары артық» дегенмен істеліп отырған іс. Екіншісінде, иағни, орысша школаларда тəртіп те бар, құралдар да сай, мөлшер, жоспар бəрі де бар. Бірақ, сонысына қарай пайдасы аз. Олардың пайдасын кемітіп отырған бір-ақ нəрсе: қазақты орысқа аударамыз деген пікір бəрін бүлдіріп отырған. Сол школалар арқылы қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді, қазақ тұтынып отырған араб əрпін тастатып, орыс əрпін алдырамыз дейді. Сол үшін əуелі, балалар ана тілімен оқымай, орыс тілімен оқысын, ана тілімен оқыса да, орыс əрпімен оқысын дейді. Соның үшін біреулері ана тілінде оқыған аты болу үшін қазақ тілінде орыс əрпі басылған кітаптардан бастап оқытып, əрірек барған соң, кілең орысшаға түспек керек дейді. Бұлар еппен қайырмалаушылардың жолы. Біреулері еп-септі қойып, бірден орысша оқыту керек дейді.
Өткен жыл 14-ші ийуінде патша жарлығы бойынша шыққан правилада Ресейдегі бөтен текті жұрттардың мектебінде бастапқы екі жыл ана тілінде оқылсын деген. Ол правилаға Оқу министрі қол қойған. Оның бер жағында Қазан округінде бір инспектр попетчителге жазған: учителдер чуваш балаларын чуваш əліппесімен оқытпай, бірден орыс əліппесімен оқытқанды оңай көреді деп. Оны попечител министрге жеткізген. Министр енді жазып отыр: чуваш мектебінде орыс əліппесінен бастап оқытқанды бек ұнаттым, бек келісті іс екен – деп. Сүйтіп, чуваш балаларын чуваш тілімен əм чуваш əліппесімен оқытпай, бірден орыс тілімен, орыс əліппесімен оқытуға министр батасын беріп отыр. Бастапқы екі жылда ана тілімен оқытуға тиіс деген правилаға қол қойушы да минстр, онан кейін ана тілімен оқытпай, бірден орыс тілімен оқытуды ұнатушы да министр. Бұл екі қағаздың қайсысы іске асып, қолдануда болмақшы? Қайсысы үкіметке жағымды болса, сонысы іске аспақшы. Үкіметке жағымдысы қол астындағы жұрттың жазу-сызуы, тілі, діні бір болу. Ресей қол астында түрлі тілді, түрлі дінді, түрлі жазу-сызуды тұтынып отырған жұрттар бар. Солардың бəрі тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, үкіметке онан артық ұнамды іс болмас. Сондықтан он төртінші июньде министр қол қойған правиланы он алтыншы ноябрде министрдің жазған қағазы жеңбекші. Ондай правилалар іске аспай қалу үшін, бір миссионер инспектор жазса, болғаны: өз əліппесімен, ана тілімен оқытып отырсақ, қай уақытта жазу-сызу, тілі жоғалды? Тегі, бөтен жұрттар тілінен, жазусызуларынан айырылып, орыспен бірдей болып сіңісу үшін, бірден орыс тілімен оқыту керек – деп. Бастапқы кезде ана тілімен оқыту тиіс деген сөз 1906-нші жылғы 31-нші март правиласында бар еді. Осы күнге шейін ауылнай, болосной екі класты бастауыш мектептерде қазақ əліппесімен қазақша басталып оқылғаны еш жерде естілмейді. Себебі не? Правила бойынша қазақ тілі мен қазақ əрпінен бастап оқыт деген отырған балалардың ата-анасы жоқ. Қалықтық өз тілімен, өз əрпімен оқығанын əкімдер жақтырмайтын болған соң, утшителдер өз беттерімен ана тілмен, ұлт əрпінен бастап оқытамыз дей қоймайды. Сөйтіп правила қағаз жүзінде бар болса да, іс жүзінде жоқ. Бұл айтылғанның бəрі де үкімет өз пайдасын көздегендіктен істеліп тұрған істер. Бастауыш мектептер жалғыз үкімет пайдасы үшін болмай, қалық пайдасы үшін де боларға керек. Хүкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бəрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, əр қалыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң, бастауыш мектеп, əуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, иағни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек. Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деген құр əурешілік. Қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс. Араб əрпі ислам дінімен бірге келіп, қазаққа орнаған. Дінмен байласқан жазу дін жоғалмай, жоғалмайды. Қазақта газета, журнал, кітаптар жоқ кезінде жоғалмаған тіл газета, журналы шығып, кітаптары басылып, жылданжылға ілгері басып келе жатқанда, қазақ тілі жоғалмас.
Олай болса, мектеп арқылы қазақтың дінін, тілін, жазуын жоғалтып, орысшаға аударамын деген пікірден үкімет безіп, тиісті бастауы мектеп екі жаққа да зиансыз, пайдалы болуын көздеу. Солай ойлағанда, көңілге ұнамды мектептің түрі, біздің ойымызша, мынау: Бастауыш мектептер оқуы қазақ үшін 5 жылдық боларға. Əуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқу. Соңғы екі жылда кілең орысша оқу. Мұжық жөнімен қала болған қазақтар бар, қазақ ретімен қала болатын қазақтар да болар. Қыстаулары жиын қазақтар да бар, қыстаулары сирек қазақтар да бар. Солардың бəріне бастауыш мектеп қолайлы болуға тиіс. Бəрінің де оқиын деген балалары, мектеп жағынан қолайсыздық болып, оқи алмай қалатын болмасқа тиіс. Сондықтан, əуелі, қазақ бастауыш мектебі екіге бөлінерге: Келіп оқитын, жатып оқитын мектептер. Келіп оқитын мектептер қала болған, иағни қыстауы жиын жерлерде болу, жатып оқитын мектептер əлі сирек отырған жерлерде болу.
Екінші, қыр мектебі əм қала мектебі болып бөлінерге. Қыр мектебі – ауыл мектебі, болос мектебі болып, о да екіге бөлінерге, ауыл мектебінде кілең қазақ тілінен оқылатын үш жыл оқу оқыларға, қалғаны кілең орысша оқылатын екі жыл болос мектебінде оқыларға (тиіс). Болос мектебіне ауыл мектебінде бітіргендер алынарға (тиіс). Қала мектебі қаланың үлкендігіне қарай үш жылдық, бес жылдық оқулы боларға (тиіс). Жатып оқитын ауыл мектебі мен болос мектептеріне келіп оқи алмайтын балаларды ғана жатып оқитын есепке алуға (тиіс). Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйретілетін нəрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тариқы, есеп, жағырапия, шаруа-кəсіп, жаратылыс жайы. Бастауыш мектептің кілең орысша оқитын екі жылында үйретілетін білім гимназиясының иаки реалный мектептердің төменгі кластарына кірерлік болу тиіс. Бастауыш мектептер осындай болса, бұлардан əрі мұсылманша иə орысша оқыту үшін қазақ балаларының бастауыш мектепте үйренген білімі негіз болуға жарайды.
А. Байтұрсынов