Жер жұмысына дін жұмысын қыстырмалау

Жер жұмысына дін жұмысын қыстырмалау
Қазақты отырықшы қылғанда, христиан діні түбінде қабыл етерлік жағы да көзделсін деген сенат жиылысы ұнатып, жер министрі қабылдаған бір істі өткен нөмірде «Уақыт» газетасынан көшіріп бастық. Сенат мақсұты табылу үшін: Əуелі, қазақтарды мұжықтармен біріктіре отырғызу керек. Екінші, қазақ саны орыс санының жартысынан аспасқа керек. Солай етсе орыстардың қазақтардан саны басым болмақ. Саны басым болса, орыстардың сөзі де, тіршілік ісі де басым болып, қазақтар христиан дінін құл етпек.
«Уақыт» газетасы айтады: Қазақтың отырықшы болғаны үкіметке пайдалы, қазақтарға зарарсыз іс қой деп бұрын біздер, яғни ноғай газеталары, қазақтар қала болыңдар деп ақыл беруші едік һəм соңғы жылдарда: əуелі, переселен чиновниктерінің айтқан ақылы, екінші, ноғай газеталарының берген ақылы, үшінші, қазақ оқығандарының айтқан сөздері қамшы болып, қазақтардың көбі отырықшы болуға сұранып, бірсыпыралары отырықшы боламыз деп мұжық нормасыменен жер кестіріп те алып еді дейді. Мұнан былай біз ноғай газеталары қазақтың жер туралы ісіне тіл қатып, кіріспейміз, үйткені жер жұмысына тиіссіз басқа жұмыс кіріп тұр. Ол миссионерлік жұмыс деді. Өлексе табылса, қарғалар, қарақұстар табылатыны, ноғай бауырларымыздың газетасының есіне жаңа түскен көрінеді. Сенат айтуынша, қазақ христиан дінін мұжыққа қарап телміргенде қабыл етпек. Оны құр ойларымен бал ашып, айтып отырған жоқ, іс жүзінен көріп айтып отыр. Алтай һəм қазақ миссиасының 1893 жылғы отчетында айтады: «1893 жылы қазақтан шоқынған еркек
əйелі бар 69 кісі. Христиан дінін оңай қабыл еткіштер жарлылар; Қалың қазақтың ішінен шығып, қалаларға келіп малайлыққа жалданғандар; Бұлар бірте-бірте орыс тілін біліп, орыстың ғұрпымен, дінімен танысады. Сонан соң христиан дініне икемдеп бұрмалаушы əуел бастап тұрған қожалары болады» деп. «Новое время» газетасының 7643 нөмірінде осы туралы жазды. Ол жазады: «Біздің миссионеріміздің шоқындыратындары қазақтың сорлылары, жарлылары. Өз жұртының ішінде теңдікке қолы жетпей, малайлыққа жүріп, жарық сəуле көрмегендер жаңа дінге кіріп, жаңа дін қарындас тауып, жақсылыққа толымсыз жетерме деп дəмелі болатындар» деп 1892 жылға Қоянның ашаршылығында Қостанай уезінде бір ауыл қазақ шоқынып кеткен жоқ па? Бай қазақта бір адам шоқынды деп миссионерлер де, газеталар да жазған емес. Сондықтан Алектров айтқан:2 миссионерлер пəлен етіп жатыр деп газеталар жыр қылады. Ондағы шоқындырдық деп мəз болатындары өңшең тамағын асырай алмай есікте жүрген малайлар; Жоқшылықтың зарынан неге де болса көнетін шарасыздар. Миссионерлер қазақтың ішіндегі қарны тоқ, қадірлі адамдарын шоқындырса екен. Оларды шоқындыру жарлыдан көрі қиынырақ болар, оның есесіне шоқындырдық деп мақтануға сыйымдырақ болар» деп.
Осылардың бəрі де жарлы қазақты шоқындыру оңай, бай қазақты шоқындыру қиын екендігін көрсетеді һəм сенаттың қазақ күні мұжыққа түссе, христиан дінін қабыл етеді деп топшылауы құр оймен бал ашу еместігін көрсетеді. Қазаққа мал бағуды тастап, 15 десятинадан жер алып, қала бол дегендер: Əуелі, переселен чиновниктері, екінші, ноғай бауырларымыздың газеталары, үшінші, қазақтың оқығандарының кейбіреулері. Переселен чиновниктері қазаққа қала бол дегенде, қала болып 15-тен жер алса, жер көбірек артылады; Көбірек артылса, жерді көбірек алып, жеген нанын ақтамақ үшін қазаққа қала болыңдар деп ақыл берді. Оларға қазақтың күл болғаны, Бұл болғаны бір есеп. Ноғай бауырларымыздың газеталары қазақ жерінің жайын білмегендіктен переселен чиновниктерінің сөзін қостап кетті. Олар ойлады: қазақ 15-тен жер алмаса, құрып жоқ болады да, 15-тен жер алса, мəдениет туын тіккен жұрттың бірі болады деп. Бұл қазақ жерінің жайын жақсы білмегендік. Қазақ жерінде мал бағумен күн көре алмайтын болса, 15-тен жер алып, егін салумен де күн көре алмайды. Жаманнан жақсыға түсуде мағына бар. Жаманнан жаманға түсуде не мағына? 15 десятанамен күн көреді деушілер я өздері қазақ жерін білмейтіндер, я біле тұра басқаларды адастыру ниетіндегілер. Туралығын айтатын адамдардың қазақ жерін білмейтіндері қазақ даласы малдың жері дейді. Шудалы түйе, жабағылы қойдың жері деп профессор Вернер айтады. Көктің дымын жерге түсіру амалын тапқанша, қазақ даласы егін жері бола алмайды деп профессор Богданов айтады. Оның айтуынша, қазақты алақандай жерге арқандап отырғызамыз деген адасқандық. Қазақты егінші қылып жарытпас малынан айырып кедей кебін кигізер дейді. 1910 жылы Г. Думада Кавказ депутаты Хайдаров та, Петербург депутаты Миликов та қазақ жері турасында сөз болғанда екеуі бірдей айтқан: Қазақты қала қылып отырғызғандар бағып отырған малынан айырар, мал шаруасының төлеуіне тұрарлық ешн
əрсе тауып бере алмас деп. Қазаққа 15-тен жер алып, қала бол деп ақыл беретіндер переселен чиновниктерінің сөзіне басқалардың да айтқанына құлақ салу тиіс еді. Қазақ жерінде малды тастап, жалғыз егінмен күн көруге болады, 15-тен жер алып, қала бол деп айтуға біздің аузымыз бармайды. Рас, қазақ жерінің жақсысы да бар екені. Бірақ ондай жерлер тіпті аз һəм ондай жерлердің көбін алып та қойды. Бұл күндегі жақсы деп жүрген жерлердің жақсылығы шамалы. Ол жерлерден 15 десятинадан жер алып, қала болып күн көру қиын, Бұл күнде қазақ жерінде қазағьт бар, орысы бар егін салып, байып отырса, оған қарап топшылап егінмен күн көруге болады деп айтуға болмайды. Жердің қазіргі молшылығында жүздеп, екі жүздеп егін салғандар, əрине байыр. Қазақтың да, мұжықтың да күні 15 десятинаға түскенде байымақ түгіл күн көретініне көзіміз жетсе, біз де қазақтарға қала бол деп ақыл берер едік. Оған көзіміз жетпейді, 15-тен жер алып, қала болса, кедей болатынына көз жетеді. Жердің молшылығында жан-жағындағы қазақтың жерін еркінше жалдап отырып, мұжықтар егіні шықпаған жылы қазынаға қарап, балапандай аузын ашып, асыра деп шулайды. Сол шулауға қазақ та түседі: Егін егу жайын қазақ мұжықтан артық білмейді.
Өз ауқатымен тамағын асырай алмай, басқаның қолына қарап телмірсе қазақ жұмысы біткені. Өлімтік аңдыған қарақұс пен қарғалар қазақ үстінде тойын сонда тойлайды.
Қала бол деушілердің көбі: қазақ көшуін қойса, қазақ даласына мəдениет туын тігіп орнар еді дейді. Мəдениет деген жақсы. Бірақ жақсы нəрселердің қолға түсуі оңай болмайды. Мəдениетке жетіскен жұрттар переселен чиновниктердің қала-қала қылып отырғызуымен жетіспеген, кеңінен толғанып бірте-бірте жылжумен жетіскен. Оны эволюция жолы дейді. Қазақ та мəдениетке сол жолмен жетіседі. Оған жалғыз тысқы қалыбын өзгерту шарт емес, іші-тысы бірдей өзгере барып жетіседі. Біз қазаққа 15-тен жер алғызып, малын сатқызып, қала салғызып отыртайық. Қазақтың білетіні мал бағу, шала-шарпы егін егу, сауда істеу, бұнан басқа білер өнер я кəсібі жоқ. 15 десятинаға мал жайып мəз бола алмайды, сауданы бəрі тегіс істей алмайды. Олай болса, азы саудагер, көбі егінші болмақ. Егін қазақ жерінде жылда шығып тұрмайды. Бір жыл шықса, бір жыл шықпайды. Тіпті екі жыл, үш жыл ұдайынен егін шықпайтыны бар. Сонда қазақ немен күн көрер? Малдан айырылса, кəсібінің зоры егін болса, ол егін қазақ жерінде бірде шығып, бірде шықпайтын болса, егін шықпағанда күн көрерлік басқа кəсіп һəм өнерді қазақ білмесе, қазақ кедей болмай, кім кедей болмақшы? Кедей болса малайлыққа жалданудан басқа не келер өнер тағы жоқ. Əркімнің есігінде қорлықта жүргенде онда не ұлт намысы, не дін намысы қалар? Миссионер отчеттарында айтылған христиан дінін қабыл еткіш кедейлер мен малайлар сонда көбейер.
Қазаққа қала болсаңдар мəдени жұрт боласыңдар деп ақыл берушілер, əуелі, қала адамына тиісгі кəсіпті үйреніп алып яки ғылым өнер үйреніп, жаман жерді жақсы жер орнына, аз жерді көп жер орнына тұтынарлық дəрежеге жетіп алып, қала бол десе, оған біз де қол қояр едік. Оны айтпай, переселен чиновниктері 15-тен жер кесіп беріп, қала-қала қылып отырғызса, мəдени жұрт болып дүрілдеп кетесіңдер деген сөз – қазақ қазір Европаша киініп ала қойса, Европа адамдарының істегенін істеп кетер еді деген сияқты сөз. Ешнəрсені үйретпей, Европаша киіндіріп, Лондон я Парижге қазақты апарып қоя берсе, тапса малай болар, таппаса аштан өліп қалар. Үкімет біздің 20 ғасырда көшіп жүргенімізден ұялса, бізге жаман жерді жақсы жер орнына тұтынарлық ғылымын үйретіп, білдіріп алып, қала бол десін. Сонда қала болмасақ, біз үшін ұялсын. Оны істемеген үкімет өзінің істемегенінен ұялмаса, қазақ көшіп жүруінен ұялатын жөні жоқ. Қазақ көшіп жүрсе, еріккеннен көшіп жүрген жоқ, мал баққаннан көшіп жүр. Жері малдың жері болған соң мал бақпасқа шарасы жоқ, жаман жерді жақсы жер орнына тұтынарлық амалын тапқанша. Қазақ жерінде жалғыз егін кəсібі күн көрерлік сенімді кəсіп деп айтуға болады. Олай болса, қазақ көшпелі болсын, отырьпцпы болсын малсыз күн көре алмайды. Мəдени боламын деп 15 десятина жерге қамалып, малдан айрылып, егінмен күн көре алмай, судың бір жиегінен алыс кетіп, екінші жиегіне жете алмай суға батқандардың күйіне түсіп, бітіретініміз аз болар. Мəдени болғың келсе, мал бағудың тоқтаушылығы жоқ. Қала боламын десең, мал бағудың тоқтаушылығы жоқ. Мал баққан Швейцарияның мəденилігі һəм қалалары ешкімнен кем емес. Переселен чиновниктерінен бата алып, 15 десятина жер алса, сонда ғана қала салып отыруға болады деген қате пікір.
Сенаттың айтып отырған бір қазаққа екі мұжық келсе дегені бір қазақты екі орыс ұстап отырып шоқындырады деген сөз емес. Тіршілік шаруасы жүзінен қазақ мұжықтан төмен болып əлсіреп барып, христиан дінін қабыл алады дейді. Олай болғанда қазақ жарлы болмас жағын көздеу керек. Қазақ телміріп басқалардың қолына қарайтын күйге жетпеске керек. Оған жетпес үшін оқу, өнер, кəсіп үйренуге керек. Мəдениетке бірте-бірте сол жолмен жетісерге керек. Оны істеуге мал бағу жағынан оралғы болатын ешнəрсе жоқ.
Қысқасы, біздің қазақ жерінің жұмысына дін жұмысы қосылуы күтілмеген жұмыс еді. Қазақ ісіне миссионерлік қыстырылмайтын орны қашаннан-ақ аз болатын. Қазақ жарлыланып, жасымаса, миссионерлік еш нəрсе қыла алмас, жарлылыққа айналса, айналдырушы көбейетіні шексіз. Жұрттың тірлік күйде я өлімтік күйде өмір шегуі өзінің жігерінен болады. Сол жігердің өзінде барлығын білгенше, өзі істерлік істі өзгеден күтіп жұрт алаңдайды. Өзгелер де оны жұлып алып, ауызға сала қоятын жемістей көреді, біздің қазақ осы күнде сол күйде тұр. Өзі істейтін істі өзгеден күтеді. Өзгелер де ол күйін біліп, қазақ жұмысына əкеліп орынсыз нəрселерді қыстырмалай береді.
Ноғай бауырларымыздың газеталары бұрын қазақтың ол жайын білмей, енді ғана байқап, бұрынғы жөнінен бет бұрып, шықтық деп тұр.
«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *