Біздің қазақ баласына не қылғанда басқа жұрттарға теңелуі хақында біраз кеңес

Біздің қазақ баласына не қылғанда басқа жұрттарға теңелуі хақында біраз кеңес
Біздің қазақ халқы Россияда болған инородец болған жұрттардың да ғылым жағынан төмен халқы болып та жер-судың арқасында күн көріп, ойнап-күлгенге мəз болып жүріп жатыр. Бұл күндерде бізден басқа халықтың бəрі де оянып, не нəрсе өзіне пайдалы жағын ұстап, залалы жағын қоя беріп жатыр. Біздің қазақ əлгі өзінің қызығында жүр. Орыстардың бағызы білгіш кісілері айтады: осы қалыпта болса енді бір ғасырдан кейін яғни жүз жылдан соң, «Қазақпын» деген адам, «қазақпын» деген жұрт болмаса керек дейді. Бұлар біздің жүз жылдан соң болмайтындығымызды ешқайсысы көріп білген жоқ, алайда болса, қазақтың жүрген жүрісінен, тұрған тұрысынан шамалайды. Қанеки, біздің қазақ жер-судан айырылып қалса не күн көрмекші? Соның үшін əркімге керекті, керексізді білуге тиіс екен, керекті, керексізді біле қоюға біздің жұртта құрал жоқ. Бізге əуелі сол құралға жармасу керек. Ол құрал ғылым білім. Пайдаға жабыстырып, залалдан қашыруға себеп болған сол ғылымды келетұғын заманда өзімізге құрал қылуға бір жол бар, ол мол шамамыз келгеніміз балаларымыздың қолын жеткізіп, оқыту керек. Сол оқу, білім құралымен құралданған соң, ешкім үйретпей-ақ қалай баратұғының біледі. Оқу-білім дегенмен мұсылманша оқи берумен іс бітпейді. Біреу мұсылманша оқып, «ахрауй» кісі болса, екінші біреу орысша оқып, «дүнияуй» кісі болса, сонда іс бітеді.
Болмаса, мен оқу оқимын дегеннің барлығы молда, мүдəріс бола беруі мүшкіл һəммəде хүкіметке хылап болып кетеді. Оқу хақында болған Расұлымыздың «хадисінде де», «Құранда да» дін, ғылымынан басқаны оқымаңыз деген сөз жоқ. Ғылым, білім деген сөз қай жерге болса да жүреді, біз өзімізге ғибрат үшін осы орыс ішінде жүрген еврей (жəйід) деген жұртты алайық. Осы жұртта өзімді деген бір сажын жері жоқ, білімменен күн көріп жүр. Солай болса да жері біздің қазақ халқынан басқара-ақ. Еврейдің балалары ойнап жүргенде үйінде отырып, өз тілін, жазуын, орыс тілін, жазуын біліп қояды. Сонан соң, гимназия тіпті университетке дейін оқиды. Еврейлерге орыс школдарында өз ақшасымен оқуға да орын аз. Біздің қазақ жанынан ақша салып оқу түгіл, қаза хисабына оқытатұғын «Киргизская стипендияда» оқымайды. Осы күнде Омскіде учительск семинарияда ветеринарный; медицинский, фельдшерский, курстарда һəм Қостанайда реальный училищеде, Тройцкіде һəм Орынбордағы гимназияларда, Орынборда қазақ учительский школасында қазақ үшін ашылған степендиялармен оқыған қазақ балалары ғұмұм қазақ халқына салыстырғанда он мың жанға бір оқушы келмесе керек. Бұл хисап оқушыларымыздың жоқ хисабында екендігін білдіреді. Біздің жұрттың əр жерде орынды жұмыстан құры қалып жүргені де осы қараңғылық арқасында. Жүмілəдан бері ең керекті болған мемлекеттік думаға сайлау правосынан құр қалуы да осы білімсіздіктің алып берген олжасы. Білімнен басқа бір адым жер аттау қиын. Бізге осы ғылымның керекшілігін өзімізге борыш деп біліп, ең соңғы нанымызды салу керек. Тағы да мұны айтайық, бізге дүнияуй ғылым үйренетұғын кісіміздің соңынан миллəтімізге пайдасы тиуіне көз салып, əуелі орысша оқитын кісінің болмаса өз тілінде болған Əбітай мектепте оқып, əр жерден хабардар болуы шарт. Жұртта бір ұнамаған мінез бар. «Орысша оқыса бұзылады» дейді. Жамандыққа орысша шарт емес, оқымай-ақ бұзылған кісі оқып бұзылғаннан көбірек.
Ғалалдин Мамиков

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *