Тарих исламнан
Халифа хəзірет бір күн Ғұмыр,
Аралап көше бойын елді сынар.
Жоқ па екен аш-жалаңаш деп жүргенде,
Будақтап бір шеткі үйден түтін шығар.
Жанына жалғыз өзі жақын барып,
Жайнаған терезеден көрді жарық.
Сол уақыт шуылдаған ащы дауыс,
Естілді халифаға құлақ жарып.
Қараса бір топ бала жылап жатыр,
Қарным аш, ас əкел деп сұрап жатыр,
Жылаған балаларға ас таба алмай,
Анасы қайғыланып сұлап жатыр.
Қазанға қатығы жоқ суды құйып,
От жағып қайнатады отын жиып,
Балалар жұбанбайды алдағанға,
Қарны аш, ас ішпеген іші күйіп.
Халифа мұны көріп жүрді үйге,
Жанында жолдасы жоқ жалғыз күйде.
Қолына қазынаның салды кілт,
Жаны ашып, жетім үшін əлгі үйге.
Көтерген иығында бір қап ұны,
Ұстаған бір қолына майлы шыны.
Арқалап шапшаң басып бара жатыр,
Білдірмей еш адамға өзі мұны.
От жағып бара сала құйып құймақ,
Жылаған балаларды алды жинап,
Обалы қарамаған маған ғой деп,
Тойғызды майлы нанға бəрін сыйлап.
Мен көрдім дейді балалар жылағанын,
Қарны ашып, ас əкел деп сұрағанын.
Бір кезек тоюларын көрейін деп,
Көз салып тұрды шетте қарап бəрін.
Балалар жатты тыныш асқа тойып,
Қайғының көңілдегі бəрін жойып.
Күнде бір көше бойын аралауға,
Үйіне қайтты Ғұмыр көңіл қойып.
Сахаба осы айтылған Ғұмырың-ай,
Жазылған ертегі емес шығарып-ай.
Бұрынғы мұсылмандар ахуалын,
Көрсетіп шежіреден тұрамын-ай.
Ынтымақ болған бұрын мұсылманда,
Қол берер бір-біріне қысылғанда.
Бір болып жөнді жерде бай-патшасы,
Құл болған шариғатқа ұсынғанда.
Ал енді бүгінгіні ойлап тұрсақ,
Бір жерге таласамыз кеңес құрсақ.
Халифа, патша түгіл, ауылнайлар,
Ақырып қорқытады мойын бұрсақ.
Қабағын тəңірісіп түйіп тастай,
Зорайып, ашуланып ауыз ашпай,
Борсықтай жоқ-жұқаны сора беру,
Дегенде ел пайдасы аяқ баспай.
Жоғарғы тауарихтан көрген сөзім,
Шығарған өтіріктен емес өзім.
Халыққа қандай басшы болу керек,
Ойланып оқығандар көрсе көзің.
Ахмет Мамытов (Уфа)