Көкшетауда көргендерім
(Оқу турасында)
Көкшетау қаласында екі мешіт бар екен, біреуінің имамы Науан хазірет (қазақ) мұның медресесінде əліпбиден бастап жиырма-отыздай ескі-құсқы кітап бар. Қазақ шəкірттері жылы жерде тамақтарын асырап қана жатады екен, оларға барып амандастым.
Медресенің ішіндегі тəрбиесі болар-болмас болды, сыртындағы тəрбиесі шəкірттері тып-тыныш уақытта топ-топ болып құр көшеде кезіп жүреді екен. Шəкірттер медреседе несіне табан тоқтатып отырсын! Онда көңілге үнарлық дəрістің жайы манағы. Көшеде жүріп көзге түспей қайтсын, бір мезгіл заманадан хабардар болып, шаттықпенен бой жасап отырарлық ол шəһəрде кітапхана, қирағатхана дегендердің иісі де көрінбейді. Оның үстіне медресенің ішінде болсын, тысында болсын газет-журнал һəм жаңа шыққан жанды кітаптар алып оқу шəкірттер үшін жəне харам екен, мұны айтасыңдар ма? Көкшетаудың іші түгел, тіпті Бұған қараған он бір-он екі болыс Атығай, Қарауыл баласына газетжурнал оқуды һəм жарқыраған жаңа мұғалималар ұстап, жандай ғазиз балаларына тезірек жарық сəуле көрсетуді мүлде харам қылып қойса керек.
Өйткені мен үйден шығып Бейімбетск, Айыртауск, Шалқарск, Мезгілск һəм Зерендинск Көкшетауға қараған қатар бес болыс елде не бір газет, журнал, не бір жаңа шыққан кітап оқыған һəм төте оқуменен балаларын төтелетіп, жарыстырып жатқан Атығай, Қарауыл баласынан бір адам, бір ауыл көре алмадым. Бұлардың осылайша қап-қараңғы болып тұруларына себеп Науан хазіреттің өлердегі сөзімен айтқан насихаты болса керек қой. Өйткені сентябрь жұлдызының ортасында Көкшетау шəһəрінде үлкен базар болады. Ол базарға Көкшетауға қараған Атығай, Қарауыл баласы түгел жиналады. Сонда Көкшетау елінің басты адамдарының хазіретке амандаса кететін дағдылары бар. Сондай өздері иіліп келген жұрт ағасы адамдарға хазірет мынаны айтуы керек еді. Мына заманның дін менен күндеріңізді бірдей тарылтып, сірə, жеміріп бара жатқан жайы бар-ау. Енді мұнан былай балаларыңызды орысша, мұсылманша бірдей оқытып, діні мен күндеріне бірдей ие болғандай қылып тəрбие беріп көріңіздер жəне құдайы қылып беретін садақаларыңыз болса, оны бір қолменен жинатып, оған мектеп-медреселер салдырып, медреселерге мұғалім алдырып һəм пақырларыңыздың балаларын оқытуға да осылай жəрдем бере көріңіздер. Мұнан былай партия қуып, құдайыңызға дұшпан болып, пақыр халқыңызға Бүліншілік салмаңыздар. Жау жақындап, минут, сағаттарыңды көріп, жағаларына түкіріп алақайлап тұрған заманда өзді-өзіңіз жұлына берсеңіздер сорларыңыздың тізеден қайнайтыны анық. Жəне жалған ант, өтірікке куə болып имандарыңыздан айрылып, ең түбінде құдайыңыздың дидарын көре алмай жүрмеңіздер, жаным деп өзі иіліп келген жұртқа хақ уағызды қақылдап тұрып жылайжылай айтқан болса, қара халық ұқпай, сірə, қоймас еді-ау. Бірақ қазақтың ашылмайтын сорына не амал бар? Манағы арлы адамдарға хазіреттің өлердегі сөзі қылып айтатын насихаты қашанда мынау болады:
– Құдай сақтасын, газет-журнал һəм жаңа шыққан кітаптар болса, алып оқымақ түгіл, қолдарыңызға да ұстамаңыздар. Тіпті тілдеріңізді алатын адамдарға да алдырмаңыздар! Жəне құдай сақтасын, төте оқумен оқытатын мұғалімдер ұстап балаларыңызды бұзып алып жүрмеңіздер, онан қайта надан қалпы артық деп. Бұл күндегі зор шаһарларда сүйріктей болып оқып келе жатқан шəкірттерді қара халыққа орыстың миссионерлерінен де жаман көрсетіп олардан үркітеді. Шыныменен хазіреттің осы насихатынан кімдердің пайдасы табылып, мұндай насихаттар исламның шын дұшпаны болған миссионерлердің ғана ойлағаны табылып отырау деймін. Өйткені олардың шындап тілеген тілегі біздің исламның өте надан һəм өте ынтымақсыз болушылығы. Осы айтылған үш нəрсе мұсылмандардың түгел табылған күні-ақ миссионерлердің атқаны тиіп, айтқаны келді деуге болады. Миссионерлердің неше миллион ақшаны бұрқыратып, боратып жүріп орнына жеткізе алмаған ауыр жұмысын қазақ майын аузынан ағызып тұрып оны надан молдалардың өзі дінменен бояп жеткіземін деп отырғанын сезіп, ішім түтінге толып бара жатқан соң, əшейін сыртқа шығарып отырмын. Көкшетаудың екінші мешітінің имамы ноғай Хамидолла молда екен. Бұл мешіттің мектебіне Хамидолла молда биыл шала-шарпы ғана оқу жөнін кіргізе бастаған екен.
Науаи хазіреттің мүриділері болған ноғай байларының бірсыпырасы хазіретке жағынам деп Хамидолла молдаға қасқиып тұрып қас болып алғандай көрінеді. Көшеде көрінгенге боқ атудан басқаға жарамайтын көргенсіз ноғай балаларыменен көрінгеннің атасының аузынан түк қоймайтын бетімен тиюсыз кеткен қазақтың надан балаларының бастарын қосып оқыттырып, қолдарын балшықты боқтан, өздерін боқ ауыздан тазалаймын деген кінəсы үшін болса керек-ау деймін. Хамидолла молданы имамдығынан түсіреміз деп бастығы Калимолла қажы болып Омбыға шауып кеткенін естідік. Қазақтың малыменен қапияда байыған Калимолла қажының қазақ хазіретінің тілін алмайтын не шарасы бар? Көкшетаудың молда, қарасы болып халыққа былайша қарсы келулері біз үшін тап жақсы ырым емес қой. Өйткені бұл уақиғаның түрі Көкшетауға қараған ноғай, қазақтың бақыт көздерінің əлі ашылмағанының белгісі-дағы. Болмаса осы төте оқу мектебі қазірінде онша көңілдегідей болмағанмен Көкшетау шаһарының күнбатыс жағындағы Қызылжар шаһарында бар. Күншығысындағы Омбы шаһарында бар, оңтүстігіндегі Атбасар, Қараөткелде де бар һəм Күнбатысындағы Қостанай. Тройцк шаһарларында дүрілдеп жатыр десе болғандай. Міне, шаһарлардың тап ортасындағы Көкшетаудың өзі һəм маңайындағы қазағыменен мұнша неге көмескіленіп қала бергенін басқалар қалай жорыса солай жорысын, мен өзім былай жоримын: Мынау бұлтарысы жоқ төте оқу, жұрт ортасына тегіс кіріп, түзу бір жол тартып алса, онда ескіше кейін тартып күн оздырғанша анау əлі бір жыл, екі жыл тағы Бақырған, Жүсіптер де бірсыпыра жылдар жүріп барып құдай оңлаған шəкірттердің ғана бұлдыр-бұлдыр қара танып, күбір-күбір ғана құран оқулары былай қалмақ. Бұл күндегі тіріліп тұрған мынау «төте оқу» үштөрт жылдың ішінде жаныңмен бірдей жас балаңды майыстырып тұрып жап-жақсы жаздырады, баспа-жазбаны бірдей танытады. Құран кəрімді тəжбитпенен көркемдеп тұрып оқытады. Ғылым хал (парыз, уажип, сүннəт һəм харам, мəкірук) ғамалдардың ғамалдарында жаттатып əбден білдіреді, Көргенді мұғалімдер шəкірттерінің қылықтарын да өте жақсы түзейді. Осыменен «төте оқу» мектебі қазақ арасындағы үмітті шəкірттердің, сүйріктей жас мұғалімдердің көбейе бастауына себепші болады. Білімділеріміз осындай жемісті жастардың көлеңкесіменен халқымыздың көздері, сірə, ашылмас па екен, – деген зор үмітте туады.
Бірақ ол замандарға келгенде бүгінгідей күллі Көкшетау халқы жалғыз Науан хазіреттің аузына қарап аңқиып, ыңғайына қарап иіліп тұрмас. Жай тек бойыменен сəлем беріп өте шығар, неге десеңіз, пендеге иілуді құдай тіпті қоспайды. Өйткені тағызым (иілу, бүгілу) жалғыз құдай хұзырына ғана жарасады. Адамға иілумен пенде кəпір болады, бұл анық мəселе.
Мұндай анық һəм өзі бүгіндері көрбілтеге айналып, бұлдырап жүрген мəселелердің бірсыпырасының түндігін алдыңғы буынның ақ пейіл шəкірттерінің ашатыны жəне анық.
Мынау еңбектер күндердің күнінде осындай істің болатынына көзі жеткен соң, аз да болса өз тамағының қамы үшін шамасы келгенше Көкшетау маңайына «төте оқудың» соқпағын жағалатпау əдісін құрып жатқанын көресіз. Бірақ байғұстың бұл əдісін қара халыққа дін сақтау деп түсіндіреді екен-ау.
Əй, тамағы құрғыр-ай! Пендеге не қылғызып, не айтқызамын десең де біраздан бері ықтияр сенде жүр-ау. Болмаса хазіреттің қара халықты дүлейлікке тығып қойып сақтаған мұндай дініне болса да, күніне болса да айуанның да тілектестік қылып жағасына түкіріп тұратыны анық емес пе?!
Өйткені ол күндегі ғылым қуатыменен иманы толған жас шəкірттер тұла бойы жезбен толған айуандарға иіліп, бөркін алмай жай «здравствуйте» деп тік бойыменен өте шығады. Айуакеңнің тіпті қазақты өзіне теңгермейтіні анық көрініп тұрған соң, оған несіне иілсін?
Жəне əпендеміз Сəлиалла Ғалайссаламның ғылымды жалғыз əліпбиден бастап 20-30 жыл езіп барып молда жəлалдан мыж-мыж болып шығуы да ғибрат емес. Бəлки не түрлі білім болса да көпке пайда һəм үлгі берердей болса, соны ықыласпен ізденуді шамасы келген жұрттың бəріне бірдей тегіс қылып бұйырғаны емес пе еді? Мұны бір деп білу керек.
Екінші, білім иелеріне білімдерін қара халыққа жеңілдікпен жиіркендірмей үйретулерін өтінгендігін пайғамбарымыздың артында қалған мирасқорымыз деп жүрген хазіреттер қалайша түсіне алмай тұрады екен? Не болмаса қара халықты «күл болмақ түгіл, бұл болсын» деп жұртты адастырар ма екен? Иə, бұл уақиғаның түбі осылай болып жүрмесін.
Неге десеңіз, жеңілдікпен баспа, жазбаны бірдей танытып жəне көркемдеп жаздыруды ең баста Құран кəрімді білдіріп, соңынан «Наху», «Сəрф» тексеріп барып астынбат (терең мағыналарын теріп шығару) жобасыменен калам Алланың тəпсірін білдіруді, сынды һəм рауыменен дұрыс-бұрыстығын тексеріп барып хадис ғылымын үйретуді осы Құран, хадистің қуатты дəлелдеріне сүйеніп ислам дінінің басқа діндерден асыл екенін шəкірттерінің сүйегіне сіңдіруді һəм тарих, қисап ғылымдарын білгізіп ғаламның əртүрлі терең хикметтерінен ғибраттар алып иман хақиқатына жеткізетұғын ғалымдарды хақиы ғалымдар демей не дейміз? Мұндай хақиы ғалымдарға қарсылық қылған молдалар аят қариғəнің мағынасын не деп береді екен?
Осындай құдай сүйген шын ғалымдарды хақиы ғалым емес деп қара халықты өтірікпенен бұрмалап алдаудың түбінде обалы кімге болар екен? Оңың обалы хақихатты біліп отырып өзінің нəпсісі үшін жасырып қойған молдекеңдерге боладыдағы.
А. Ж.