Кеңес жиылысында қазақ өкілдерінің өзара кеңесулері
(Он бесінші июньнен жиырма бесінші июньге дейін)
Əлихан Бөкейханов қазақтың ғұрып-əдетін қуаттап һəм түркі істерін шариғаттан шығармақшы болды. Не үшін десеңіз, қазақ халқы мұсылман емес, көп болса, жартысы мұсылман. Ғұрып-əдет сақталса, қазаққа пайда, сақталмаса зиян. Шариғат қазаққа өте зиянды, — дейді. Бақытжан Мырза Қаратаев:
Қазақ халқы хақ мұсылман, бірақ қазақ халқы ғұрып-əдетті сақтаймыз, соныменен ғамал қыламыз деп қор болды. Ғұрып əдет дегеннің ертегі болып кетті. Əділдік дегенің дұрыстық, шындық дегенің жоқ болды. Қазақтың мұсылмандығына шүбə айту ылайық емес, қазақ мұсылман емес деп айтушылар орыстар еді. һəм ғұрып əдетпен хакім салуды міндет қылған хүкімет еді. Егерде ғұрып əдетті құптасақ, хүкіметпен жолдас болып, қазақты қор бола берсін һəм діннен айрылсын деген болып шығады, – дейді Сабыралы мырза, Досан молда, Аманшин, Жиһанша Сейдалин, Садуақас ақсақал Шорманов, Сəлімгерей мырза Жантөрин, бəрі де Қаратаевтың сөзін қабылдады. Сонымен Əлихан мырза:
Мен бəрі бір мұсылман собраниясында (мұсылман жиылысында) қазақтың жартысы мұсылман екендігін департамент чиновнигі Тарановскийдің алдында тұрғанда айтамын, – дейді. Сəлімгерей мырза Бөкейхановты үгіттеп:
– Мұндай сөздер сөйлеп қазаққа зиян қылғандай еш жол жоқ. Соның үшін бұлай сөйлемеңіз, -дейді. Жəне Сабыралы мырза, Досан молда, Жиһанша мырза Сəдуақас ақсақал бəрі де Əлихан мырзадан олай орынсыз сөйлемеуін өтінді. Тағы да Бақытжан мырза Қаратаев «қазаққа орынсыз сөздерді чиновник Тарановскийдің алдында сөйлеу, қазақ халқына зор қиянат, һəм қазақтың, шын бақытсыздығы», деді. Бұл турада қазақ өкілдерінің арасында бірсыпыра талас-керіс болды. Ақырында Əлихан мырза сөзін Тарановскийдің алдында айтудан қайтты. Бірақ мұсылман жиылысының комиссиясында Тарановский жоқ кезінде сөйлеуге көңілі бар көрінді. Сырдария облысынан келген Ғ.Нарымбаев мырза да Əлихан мырзаның сөзін жақтамады.
Досан молда Аманшин
Қазақ өкілдерінің қаулысы
Орал, Торғай, Семипалат, Ақмола облыстары Орынбор духовный собраниясына қарауға, Түркестанский край өз алдына мүфти болуға, мүфти болсын, қазы болсын бес жылға уақытша сайлануға, төменгі имам, молдалар сегіз жылға руханилардың бəрін де (мүфти қазы, имам һəм молдаларды) халық сайлап қоюға. Уездный қазы болуға губерниялық жиылыс болуға. Мысалы, уездной сияз секілді губернский жиылыста член һəм секретарь болуға. Духовной мекемеде члендер, секретарьлар, қазылар болуға барлық руханиларға уəзипа берілуге, неке, талақ, мирас, мектеп, медресе, ғұшыр, зекет, фідия, туған балаларды жазу, өлген адамдарды жазу! Рухани басқармасына берілуге сөз бірікті. Біздің қазақтың жері хақында думаға қазақтан депутат алыну сөз болып жатыр. Бұл турада думада сөз болған екен. Ақыры не болып шығар алла білсін!
Кеңес жиылысында Қаратаевтың сөйлеген доклады
Мырзалар! Мен дала облыстарында духовный собранияны барлыққа шығару жағындағы болған қазақтардың тілектерінің ұзыншасын сөйлеп, сіздерді еріктіргім келмейді. Мен не бəрі бұл облыстардағы қазақтардың дінге қеректі болған орындары һəм дін оқылатын оқулары турасындағы жайды ғана қысқаша түсінікті ғана ғып айтпақшымын. Кішкентай қырғызқазақ ордасындағы қазақтар 1731 жылында Россияға қарауды қабылдады.
Еш шүбəсіз ол кездерде олар шын иманды мұсылман еді. Соның үшін олар Россияға қарауларын мұсылман шариғаты бойынша құранды сүйіп бекітті. Оларменен бірге Россияның қарауына кірулерінің алдында болған кеңестер хақында сенім қағаздар сондай бұл, істерден соң, Россия менен қазақтардың арасында, олар Россияға қарамастан бұрын орналасқанын көрсетеді. Императрица екінші Екатеринаның заманында 1775 жылда Орынборға қараған мұсылмандар үшін мүфтидің қол астындағы Орынбор духовный собраниясы ашылған кезде бұл жақтағы қырғыз-қазақтар да оған қарайтын болды. Бұл мезгілде императрицаның бұйрығыменен Орынбор мен Троицкіде мешіт салынды. Бұдан шығатын қорытынды (мақсұт) иемператрицаның Орынбор төресі Барон Игильстромға берілген бұйрықта көрсетілген:
– Осындай мешіттер ашу шекарамызға жақын көшіп жүрген басқа халықтардыңда бізге сүйіспеншілігін арттырар. Бұл жай келешекте оларды бұзақылықтан тыюға қаттылық (жаза қолдану) көрсетуімізден гөрі артығырақ болар. Түрлі-түрлі қазақ ордаларына молдалар жіберіп тұру тағы да біздің істерге үлкен пайдалар келтіріп тұрар. Сол себепті сіз сенімді Қазан ноғайларын үгіттеп қазақтарды Россияға достанағып көрсетуге, қазақ арасына жіберуге ұмтылыңыз. Бұлар қазақтарды біздің шекарада талауды, қастық қылуды тоқтатсын. Бұл молдаларды ең əуелі қазақ ішіне жібергенде оларға бір азғантай ақша беруге керек. Жақсы қызмет көрсетіп, міндетін атқарушыларға, «мақтау нəрсе» беруге де уағда қылыңыз. 1885 жылда 26 ноябрьде жазылды. Императрица Екатеринаның қазақтарды Орынбор духовный собраниясына қаратудағы мақсаты қазақ арасында ислам дінін тарату емес еді. Неге десеңіз, қазақтар онсыз да мұсылман еді. Ол жалғыз-ақ қазақ ордасы менен ішкі Россияның бір-бірімен жанасымды, жарасымды болуына ұмтылады, солай болғанға қазақтар өздерінің қарындасы болған татарлардың қызметін пайдаланатын еді. 1860 жылдар Орынбордың пограничный управлениясында, соңынан Қазанның бұратана школын басқарушы миссионер чиновник Ильминский деген шықты. Бұл адам: – Қазақтар мұсылман емес, «Шаманый» деген дінсіз халық. Оларды провославныйға айналдыру бек оңай, – деп хүкіметті осы сөзімен нандырғысы келді. 1867 жылда қазақтардың Орынбор мүфтилітінің қарауынан шығарылуына, міне, осы халдар себеп болды. Қазіргі закондар бойынша қазақтың бір болыс еліне бір мешіт пен бір молда ұстауға жарайды. Мұнан басқа дін оқылатын мектеп медресесінде тəрбиелеуге жарамайды. Молдалар үй ішінің істерін қарай бастаса, жаза кесетін канун (закон) судьяға беріліп, орнынан түсіп қалу һəм абақтыға жабуға жаза кесіледі. Молдалардың дін бойынша ешбір хұқ һəм міндеттері жоқ, барлық ден істері шариғат бойынша қаралмайды. Бəлки народный сотта ғұрып-əдет бойынша қаралады, құдайы беруге рұқсат жоқ. Татарлар қазақтарды мұсылман дініне жақындастырмау үшін өздері қазақ арасына кірмейді.
Мінеки, хүкіметтің осындай тұтқан жолы қазақтардың арасын тынышсыздандырды. 1869 жылында хүкіметтің бұл ісіне наразылық шыға бастады. Өзі де көрініп тұр ғой, қазақтың болыс елі ішкі Россияның бір уезд халқындай болады. Бір болысында мың бес жүз, үш мыңдай халық тұрады. Шүбəсіз бір-бірінен өте алыс тарап кеткен қазақтар үшін бір болысқа бір мешіт жетіспейді. Мұсылманша бес уақыт намаз, жұма яки басқа намаздарды оқу үшін болыстың тұс-тұсынан қазақтардың мешітке жиналуларының реті жоқ. Сол себепті қазақтар жасырын начальстводан рұқсатсыз бір орынға оң мешіт салды, Молдалар да бір болыстың өзінде жүз шамалы боп кетті. Сол жөнімен начальстводан рұқсатсыз астыртын салған мектепмедресе, мешіттер көбейіп кетті. Əр облыста мыңнан да аса мешіт болды. Татарлар да қазақ ішіне бұрыннан да көбірек кірді, тіпті алыс кететіндері де бар. Өз жерлерінде дін ғылымын оқуға болмайтын болған соң, қазақ жігіттері қазірде, Бұқара, Хиуа, Орынбор, Бейрут, Медине, Стамбол, Қазан, Мысыр сықылды зор шəһəрлерге таралып кетіп оқи бастады. Оқып, оқу бітіріп қайтқан соң, жасырын мектеп-медресенің санын көбейте бастады. Осы қалпы əлі де күш алмақта.
Мінеки осындай халдар хүкіметтің 1860 жылдардан бастап қазақтарды орыстарға бейімдетудің себебінен болса керек. Бұл əншейін елеусіз хал емес. Бұл өте қорқынышты, өте мемлекет үшін зиянды хал. Соңғы уақыттарда мұны хүкімет өзі де аңғарды һəм он жетінші апрельдегі жарлық мұндай тынышсыз халді бітіруге себепші болады. Соныменен духовный собраниядан құр алақан болған мұсылмандарға рухани адаре ашуға қолайлы екендігі аңғарылады. Осы мұсылман рухани адаресі турасындағы кеңес жиылысын ашуға рұқсат беру хүкіметтің көзі ашыла бастауының себебі. Бірақ соңғы жылдарда хүкімет мұсылмандарды, əсіресе қазақтарды бүкіл ислам дініндегі мұсылман түріктері бірлеседі деп сезіктенеді.
Мен қазір елу екі жасқа келдім, сол ғұмырымның ішінде Россияның ішінде жиырма миллион мұсылманға сезіктену басталды. Қазірде мұндай халден құтылу керек. Кеңес жиылысы да патшалық үшін өте қолайлы мəселелерге айналсын. Оған туралықпен шығатын істі һəм Орынбор мүфтилігіне қосылуға тілейді. Не үшін десеңіз, ол мүфтилік биік императрица Екатеринаның əміріменен қазақтар бір рет қараған. Қазақтар жалғыз-ақ неке, мирас жүргізіп дін мектебінің ісіменен айналмай, оларды дін істерін қарайтын орынға беруменен қанағаттанбай ғұмыр, зекет, фідия сықылды есепсіз көп сомаларды ұстап тұрған садақалар мəселесінде қарауды өтінеді.
Бұл садақалардың көбі қазіргі уақытта орынсыз жерлерге жұмсалады. Рухани адареда қызмет етуші молдалардың уəзипасын һəм дін мектептерінің тəрбиесін өтеуге уақыт болғанда мұндай істерді тезге салу өте қолайлы-ақ. Жиылысқа бүкіл Россия мұсылмандары үшін Петербургте бір діни мəркез (орда) ашылу мəселесімен де айналысуға тиіс. Бұл мəркез мұсылмандарды біріктіріп, олардың əрбір жайларын хүкіметке білгізіп тұрар. Сондай бір қолайлы іс қарайтын орындар ашылса, хүкімет мұсылмандарды миссионердің айтуы бойынша түгел, бəлкім жақыннан өз халімізге жақсылап көз салар, біздің арамызда исламдардың бірігетін ойының жоқтығын да білер.
Докладты жіберуші Досан молда Аманшин