«АЙҚАП» ЖУРНАЛЫ (1911–1915)
1911 жылы 10 қаңтарда Тройцкіде қазақ халқының тарихындағы тұңғыш «Айқап» ұлттық журналының бірінші нөмірі шықты. Ұйымдастырушы жəне редакторы – М.Сералин. «Айқап» журналы 1911 жылғы қаңтардан 1915 жылғы қыркүйекке дейін əуелгіде айына бір рет, 1912 жылдан соң айына екі рет, 12-24 бет көлемінде шығып тұрды. Барлығы 89 нөмірі жарық көрді, таралымы 1000 данаға дейін жетті.
Троицкіде шығаруға рұқсат беру туралы 1910 жылы 18 қаңтарда берілген куəлікте басылымды төмендегі бағдарламамен басу көрсетілген:
1.Бас мақала. 2. Шет ел хабарлары. 3. Мұсылман өмірінен мəселелер. 4. Хроника. 5. Фельетондар мен өлеңдер. 6. Библиография жəне ғылыми мақалалар. 7. Əртүрлі хабарлар мен редакцияға хат.
«Айқаптың» бірінші бетінде елдегі жаңалықтар, ресми хабарлар, екінші жəне үшінші беттерінде «Ашық хат» деген айдармен оқырман хаттары басылып тұрды. Төртінші, бесінші, алтыншы беттерінде проблемалық мақалалар берілді. «Фельетон», «Хабарлар» айдарлары журналдың орта тұсынан, шетел хабарлары мен көңіл айту, басқарма ескертулері мен рецензиялар соңғы жағынан орын алды.
М.Сералинмен қатар Б.Қаратаев, Ж.Сейдалин, С.Торайғыров журналдың рухани жетекшілеріне айналды. 1911–1912 жылдары Ə.Ғалымов, 1913–1914 жылдары С.Торайғыров журналдың жауапты хатшысы болды. Басылым бетінде М.Жолдыбаев, Т.Жомартбаев, М.Кашимов, Қ.Кемеңгеров, М.Ж.Көпеев, А.Мұсағалиев, Б.Сыртанов, С.Лапин, Н.Манаев, С.Дөнентаев, С.Сейфуллин, С.Көбеев, Ж.Сейдалин, Б.Бекжанов сынды тұрақты авторлардың мақалалары жарияланып тұрды.
Государственная дума һəм қазақ
Россияға қараған халықтар ескі низамға қанағаттанбай əрқайсысы өзінің керегін сұрап əр түрлі партияға бөлініп мемлекеттің əр шетінен қозғала бастаған соң 1910-ыншы жылы он жетінші октябрьде патша ағызам хазіретлері манифест шығарып халыққа ағылан (жария) еткендігі мағұлым. Манифестің государственная дума ашуға ұрықсат болып, қай дінде, қай тілдегі халық болса да бірі қалмастан думаға депутат сайланатын болған. Сол себепті əуелгі екі думаға біздің қазақ халқынан депутат барып, ғұмырында түсіне кірмеген теңдікті өңінде көріп, патша халықтың низамын түзетуге ықтиярлы бола алған депутаттардан саналып, патша дəрежесіне жеткен еді.
Жоқты бар етушінің барды да жоқ етуге шамасы келеді. Хүкімет əуелгі екі думаны таратып үшінші мəртебеде Сібірден, Түркістаннан уа ғайры жерлерден депутаттардың санын кемітіп, бағзы халықтардан депутат сайлауды тоқтатуға 1907 жыл үшінші июньде жаңа низам шығарды. Солардың арасында бақыты ашылмаған қазақ халқы да кетті. Күннің көзі жалқауға да, əскерге де (бейнетқор), байға да, пақырға да бірдей түскені секілді көпке бірдей болған жақсылықтан мақұрым қалу, оның үстіне қазақ халқы өзінің сыбағасын іздемей, сұрамай, тіпті наразылық көрсетпей жатуы да кемшілік.
«Туғанына қуанбаған, өлгеніне жыламайды» деген қазақта мақал бар. Халықтың нендей тілегі беріліп, хан мен қара, бай мен пақыр бір дəрежеде болып, кеңшілік туып, халықтың өзіне пайдалы низам шығару үшін дума ашылып тұрған заманда біздің қазақ алланың қосуымен патшаның еткен рахыметі екен деп пайдаланудың орнына бұрынғы пітінəлер иығына арттырды. Депутатты оқыған, өнерлі, білімді, халық үшін жанын пида етерлік, кісіден сайлау керек екенін білмей, білсе де выборчик һəм депутаттыққа бұрынғы болыстыққа таласқанындай, халықты бұзып, ақша шашып жұртқа қызмет ететұғын топтан озған шешен білгіштерді сайлаудың орнына өздерімен партиялас дүниеден хабары жоқ надан болыстардан мырзаларын сайламақшы болды. Заманымызда қазақ үшін ғұмырын, білімін жұмсап ауыр жазаларға кіріптар болып, жанын қиып жүрген күллі қазақ халқында бірінші дерлік жол басшымыз Ғалихан Бөкейханов. Бірінші Дума сайлауында Қарқаралы уезінің Тоқыраунск болысының управителі выборчик болуға таласып, Бөкейхановтың үстінен жамандап рапорттар бергендігі ғана күллі қазақтың депутат сайлауына нендей көзбен қарағандығын көрсетуге жетеді деп білемін.
Енді бұл уақытта думада қазақтан депутат жоқ, ноғайлардан бəрі он ғана кісі бар. Бұлар орны келгенде еш уақыт қазақ үшін сөйлемей қалғандары жоқ. Бірақ қазақтың тұрмысын, ғадет-ғұрпын, мұқтажын, нендей закон пайдалы һəм залалы екенін арасында болып көздері көрмеген соң бұлардың бізге пайда келтіре алулары қиын.
Халық үшін нендей ғана закон түзелсе де дума арқылы өтеді. Біздің қазақ халқының ұғып тұрған бір ісі жоқ, солардың ішінде бірінші орын алып тұрғаны жер мəселесі аз да болса думада депутаттарымыз болса, сөздері ықтыбарға алынбаса да қазақ жері өз мүлкі екендігін селдей ағып келе жатқан хақолдар жерді тарылтып, жұртты пақырлыққа айналтатын, хүкіметтің де бұл харекеті бізге ғаділсіздігін дума мінбесінен сөйлеп, отчетында жазылып қалар еді. Ақырында сөйлеген хақиқат үстіге бір шықпай қалмас еді. Қазіргі депутаттар (керек мұсылман, керек орыс болсын) қазақ халқын қанша алып, қорғайын десе де қазақтың хал-жайын білмейді деп жоғарыда айттық. Думада өзімізден депутаттар болмаған себепті онда не болып жатқанынан да қазақ халқы бейхабар екендігін көрсету үшін мысал жазайын: Государственная думаның 1910 жылы, октябрьдегі жиылысында ғұмүм мемлекет үшін жаңа низам бойынша əбтеһи мектептер ашылу мəселесі қаралатұғын, мағұлым болып, ноғайлар əр тараптан жиылып кеңесіп, өздерінің мақсұттарын тиісті орынға алдынала білдіріп қоймақшы болды. Бұл мəселе хақында көріп, біліп тұрған адамдар қарап жатарлықта емес еді. Себебі, бұл думада қаралу үшін күнілгері түзіліп қойған низамда мұсылмандарға зарарлы орындар көп еді. Бұл жаңа низам бойынша ашылатұғын əбтеһи мектептерде тағылым ғұмұмы һəм мəжбүрі болашақ еді. «Əбтеһи тағылым» деген сөз – бұрын бірде оқымаған балаларды əуел оқыту деген мағынада: (Ғұмымы – көпке бірдей, мəжбүрі – міндетті деген мағынада). Егер мұндай болғанда патшалықтағы халықтардың əммесінің де балалары ұғыл-қыз демей сегіз жасына келген соң школға барып оқуға міндетті болып, балаларын апарып бермеген ата-ана штраф төлейді.
Халықта оқымаған адам қалмаған жақсы, бірақ қазіргі сөзімізше сол оқудың тəртібі хақында жаңа низам бойынша əлгі жас балалар орыс кітаптарыменен орысша оқып кетсе, тез уақытта тілін ұмытып, діннен де айырылып қалу қаупі бар. Соның үшін мұны білген адамдар қайғырып əбтеһи мектептерде 3-4 жылдай оқу баланың ана тілінде болып һəм діні де жақсы болса екен, онан кейін əркім сүйген ғылымын үйренуіне ешкім тоқтау етпес еді деп тіледі. Бұ мəселе хақында дума ашылудың алдында Россиядағы ноғайлар əр шəһəрдан тіпті ауылдардан халықтың тілегін білдіріп телеграммалар соғып, кісілер жіберіп, жаңа низамның залалы орындарына риза болмай: газеттерге жазып, кітаптар шығарып, дауыстарын жаңғырықтырғанда жалғыз біздің қазақ халқының бір жерден де үні шыққан жоқ, тіпті қазақ ішіндегі молдалар, атқа мінген ақсақалдар, ел билеген болыс-билердің бұл мəселеден хабарының барлығына да шүбə етемін.
Біздің қазақ бұл турада өздігінен біліп ешнəрсе шығармаса да думадағы мұсылман депутаттарының һəм басқа мұсылмандардың тілегіне қосылғандығын білдіруге керек еді. Мінеки, осы секілді керекті жұмысымыз хақында халқымыздың хабарсыздығы бір мəртебе болмай, мың мəртебе болуында шүбə жоқ. Қазақ халқына енді не қылуға керек? Жауап: думаға депутаттар əр бес жылда бір сайланады. Қазіргі үшінші думаның срогы бітіп, жаңа сайлауы алдымыздағы 1912 жылда болады. Осы сайлауға шын алаш ұранды қазақ бірі қалмастан байлары жəрдем етіп, білгіштері басшылық қылып, ортасынан делегаттар сайлап, алты миллион қазақ халқын оқытпай, қылыш тартпай Россияға жер, суыменен риза болып бағынғандығын, алым-шығын төлеп, еш уақытта нендей əмірінен бас тартпай қызмет етіп келе жатқандығын, басқа халықтардан депутаттар болғанда қазақ халқы өгей балаша шетке қағылып, депутаттықтан мақұрым қалып тұрғандығын, депутатсыз халықтың мұңмұқтажын тиісті орынға жеткізе алмай Россияның жаңа законы түзілген заманда жəбір-қиянат боларын сөйлеп, халықтың арызын жеткізіп, келер думаға қазақ халқының да депутаттар сайлануын сұрау керек. Əлбетте бұл турада бірлі-жарым адамның тілегі тілек болмайды. Күллі жұрт болып сұрауға керек «Ойбай, ана жылда думаға пəленше-түгеншелер барған, олар да түк бітірген жоқ» – деген үмітсіздікті тастап халқымыздың қатарға қосылуын ойларға керек. Əрбір ақыл иесі адам «Қара қазан, сары баланың» қамын ойламай бұрынғыдай пайдасыз дүрмекпен кете берсе, құдай алдында мойындарынан үлкен борыштары түспей, кейінгі нəсілінен де қарғыс алуына шүбə жоқ.
Міржақып Дулатов Петропавл.
Қазақтың құдалықтарындағы кемшіліктер
Біздің қазақта бұрынғыдан қалған жолсыз ырымдар, қалмақтан алған жөнсіз заңдар бек көп. Солардың ішінде ең жаман ұнамайтұғын ғадеттеріміз құдалық турасындағы істейтұғын рəсімдеріміз. Бұны көзде перде болып, көңілде зерде жоқтықтан һəм оқыған адамдарымыз парық қылмағандығынан əншейін бір болмашы қаңбақтай жеңіл нəрсе деп қисаптайды. Сол себепті кейбір шолақ ғақылды байларымыз буыны қатып қырқынан шықпаған баласына да құда болып қояды. Тіпті мінезі жеңілдеу жаңа талғап жүрген қатынының құрсағындағы «суретке де» құда болып қояды. Сондағы бұл жаман ойлары біреу-міреу дауласа қалса, үндес-сырлас болсын, белгілі белді бір кісі ғой дейді һəм билік, болыстық базары қызыл жалау байлағанда жəрдем де болып, менің туымның астында тұрсын дейді. Екінші кедейлеріміз де құдай атып қызыл қарын жас балаларына құда болып «аллаһу акбар» қылып қояды. Мұның мақсаты олар өсіп ержеткенше қой-қозы, тайша-тойшалап ала тұрып, күн көрейін дейді. Яки бірді-жарым 13-14-ке келгенше берілмей отырған қызы болса, сол кезде бейшараның маңдайының сорына қарай бір байшыкештеу шалдың қатыны өле қалса, кедей мəз-мəйрам болып қуанып, əлгі бейбақ шалға малға сатып, жаңа піскен алмасын итке жегізіп, өсіп жетіліп келе жатқан бəйшешегіне зар қойып, солдырып суалтады.
Ал енді ойласақ, осынымыз таудай қате, кешірілмес күнə емес пе?! Осындай бұзық пиғылымызға қарай қайтып бізді құдай оңдасын. Не Алланың бұйрығы емес, не пайғамбар шариғаты емес, болмаса орыс законы емес. Əншейін көрінер көзге адасқан бір жүрісіміз. Əйтпесе хақтың бұйрығы, расұлымыз əмірі мынау емес пе: «Əуелі ғазиз перзенттерін жаз ыстыққа, қыста суыққа тигізбей, жасында шешек шығарып бет-пернелерін бұзбай, əдеп еркімен өсіріп, мұнан кейін үйлеріне инабатты төте оқуменен оқытатын молда ұстап оқытып, намаз сабақтарын білдіріп, хат танытып, кəмілетке келтіріп, балиғатқа толтырып, оң мен солын, алды мен артын байқаған соң өздерінің ықтияры бойынша дұғагөй ата-аналары құда болып, сонан соң осы күнгі көр-жер, оны-мұны ғұрыптарын істеп, қызықтарын көре берсе, игіліктің ерте-кеші болмайды. Екінші құдай да, пенде де риза болар еді. Һəм құда-құдағилар да жаз күні ыстық күнде ыстықтап, шөліркеп келе жатқан жолаушыға қарсы көктен түндіктей қара бұлт шығып, самал жел ессе, сол уақытта қызық, лəззəті қандай болса, бұлар да бір-біріне сондай болып, араларында дау-жанжал, ұрыс-керіс болмай, ұлықтардың да қаламы біраз демін алып, тынығып жал етер еді.
Қазір де ойлап тұрсаң, мұнан 50-60 жыл бұрын орта жүз момынның мүфтиден шығып кетуі – бұрынғы қазақ заманындағы ел құтыла алмайтын болған соң шоқынған қыз бен жігіттер һəм осы күндегі «екінің бірі, егіздің сыңарының» жесір даулары тірі болса жүз бəле, өлсе мың бəле – бəрі де осы жас күнінде құда болып қойған кесірінен, мырзалар! Ғақылды адамдар ойлап қараса, зайып деген сөз тілге бек оңай, болса да, мағынасы, тарауы көп нəрсе ғой. Оның үшін көзінің, ағы менен қарасындай көретұғын балаларының ғұмырлық жар жолдасы, бірі түзден табанын тасқа тигізіп, маңдайын күнге күйгізіп тапқан малын, бірі үйді жөндеп іске ұқсатып, дүние жиып баюлары, үй-ішін тап-тұйнақтай таза ұстап шүбəсіз дəм, кірсіз киім берулері, бір-бірін ынты көңіл, шын ықыласпен сүйіп, аз-көп ғұмырларын ойнап-күліп, дəурен сүрулері, тең құрбысының арты болмай, алды болуы һəм мұнан басқа да неше түрлі реттері бəрі де осы зайыптан таралады. Пайғамбарымыз Мекке кəпірлерінен қаншама жапа көріп, жаман ренжіп, қатты қайғыланып үйіне қайтқанда Хадиша анамыз ретін тауып көңілін жадыратады екен. Соның үшін Хазірет Ғалидан дүниенің қызығы неменен дегенде ізгі қатынменен деп жауап берген екен.
Шаһмардан Əлжанов
Қазақ қыздарынының аталарына
Қымбатты аталар! Біздағы сіздердің ер балаларыңыз секілді балаларыңызбыз. Ер балаларыңыз қанша жақсы, білімді, үлгілі болса, соншама сіздерге абыйыр емес пе?! Сол сияқты біздер де білімді, үлгілі болып, надан болмай, тəрбиелі болсақ, сіздерге абыйырлы болмас па едік? Шариғат бұйрығынша ер бала мен қыз бала тең болуға тиісті. Ер баланы артық көріп тəрбие қылсын да, қыз баланы кем көріп тəрбие қылмасын деген шариғат бар ма? Қыз баланы кемге тұтыну жаһиттік белгісі емес пе? Осы белгілі сын аталарға нық орнап қалған секілденеді. Неге десеңдер, сіз қыздарыңызды тəрбиелеуде кем тұтынасыз. Кем тұтынғандығыңыз ер балаларыңызды оқытасыз да, қыз балаларыңызды оқытпайсыз. Қыздарымыз оқыса бұзылады дейсіз де біздерді оқудан махұрым қалдырасыз. Бұрынғы ғаялдардың бұзылғандары оқығаннан бұзылған ба екен? Мұны ғақылыңызға салып неге қарамайсыз? Адамды оқу бұза ма екен? Біле білсеңіздер ең əуелі жақсылап қыз баланы оқыту тиіс. Тиіс екендігі мынау: Бұл қыздар түбінде балаларға болашақ ана, ана болған соң бала тəрбиелеу олардың жұмысы болады. Баланы тəрбиелеуші ана надан болса, балаға жақсы өнеге бере алмайды. «Алып анадан» деген ғой. Баланың əдепсіз жаман болып шығуы надан ананың дұрыстап баласын тəрбие қыла алмағандығынан болады. Болмаса бала іштен əдепсіз жаман болып тумайды. Біздер ғаял болған соң қала, далаға шығып оқи алмаймыз, соның үшін біздерді адам болсын деп қайғырсаңыздар біздерді ауылда оқытуға тырысыңыз. Тым болмаса, жеті-сегізден он бес жасымызға шейін оқытсаңыздар қайтеді? Ер бала бөтен жерге шығып кетіп оқуға мүмкін. Біз сорлыларға бөтен жерге барып оқу қайда? Біздер надан болсақ, түк те білмесек, дүниеден қор болып өтсек, мұның обалы қыз аталары сізге болмай кімге болады? Біздерді оқыту сіздердің мойындарыңызға борыш. Қиямет күнінде Алла тағаланың хұзырында біз қыз балалар барлығымыз бір ауыздан шулап, зарланамыз. Көз жасымызға қалмай оқытсаңыздар сіздерге алғыс береміз.
Екінші бір кемге тұтынатұғын орныңыз, қыздарыңызды мал секілді сатасыз. Бесікте жатқан шағымыздан-ақ біреуге қатындыққа сатып қоясыз. Соңғы уақытта екі жас біріне-бірі тең бола ма, болмай ма? Оған қарамайсыз. Тек тұз-дəмі жарасса жақсы, жараспаса қыз баланың бүкіл ғұмыры жəбір-жапада өтеді, тимесе дау-жанжал шығуға себеп болып кетеді. 13-14-тегі қыздарыңызды малға қызығып елуалпыстағы шалдарға шырылдатып, қолынан ұстап бересіз, көз жасына қарамай. Осыларыңыз жөн бе? Алпыстағы шал 13-14-тегі қызға тең бола ма? Тең болатұғын болса, 13-14-тегі ер балаларыңызға 50-60-тағы кемпірлерді неге алып бермейсіздер?
Менің бұл сөзім бір өз басымның сөзі емес, бүкіл қазақ қыздарының сөзі осы. Бірақ бейшара қазақ қыздары надан болып ешнəрсе білмегендіктен мұң-мұқтажын айтып зарлана алмайды, болмаса қарап жатпас еді. Көп үшін ғайыпқа алсаңыз да мен айтып жатырмын, Өзім шəһəрде бірнеше жыл тұрып, оқығаннан жазарлық шамам болған соң мұң-мұқтажымызды жазып жатырмыз. Біз үшін сөз жазушы ешкім жоқ. Тіпті оқыған жастарымыз да біз турада бір ауыз сөз айтпайды. Бөтен жұрт ер бала, қыз баласын бірдей оқытады.
«Айқап» журналына əркім мұңын жазып жатқан соң мендағы басымыздағы кеңесті қозғап -жаздым, журналға басылар деп үміт етемін. Егер басылмаса, журнал ерлер үшін шығарылған екен де, ғаялдар үшін шығарылмаған екен деймін де, бақытымның жоқтығынан көріп қала беремін.
Сақыпжамал Тілеубайқызы
Қазақ халқы жайынан
Түркістан уалаятында қазақ ішінде орнығып жаңадан қала салып отырған қара шекпендер көбейді. Жақсы жерлер қара шекпенге кетті, қазаққа шөл, қыр дала қалды. Ойлап тұрсақ, қазаққа обал болды.
Амал жоқ, қазақтың жеріне тиме дегенмен жердің алынғаны алынған. Ұлықтар ойлайтын шығар, жерсіз жүрген қара шекпенді орналастыралық, патшалыққа пайда келтірерлік һəм қазақ халқын егінші қыламыз деп.
Бұдан не шығады, бұл кімнің пайдасы: кімнің залалы? Ойлап тұрсам, жер қазаққа да һəм патшалыққа да жақсы болып шығатын көрінбейді. Қазақ байғұс жері кеткен соң қалайша күн көріп, тамақ асырауға һəм былайғы елден қалыспай ретке кірмекке керек. Жерімізге тиме дегенмен патшалық пайдасына алынады, – деп тыңдамады. Бұл бір сөз. Жер. Жер тарылған соң, қазақтың шаруасы кемиді. Бұл екінші сөз. Біреулер айтады: «Көшпе! Қала сал, сен жақсы ел боласың» – деп. Қош! Мен қала салайын, ал енді қалада мен не істейін айтыңызшы? Бір адам қалада тамақ табады, бір жыл табады, екі жыл табады. Мен бір адам емеспін. Мен сансыз жүрген арғы шеті Қытай, бергі шеті Еділ-Жайық, аяғы Ақпанға (Ауған) шейін тарап, тарау-тарау болып жатқан қазақпын, мен қалаға сиып жүре алармын ба?
Мен базарға барсам, ноғай бір алдайды, сарт екі алдайды. Петерборда айтысады: «Қазақ егін салды, енді қала салуға қалды» – деп. Қазақты білмей айтады. Қазақ ішіне қара шекпендердің жақсысы келіп жатқан жоқ, көбірегі тынышсыздар, олардан қазақ не үлгі алады? Жалғыз-ақ қазақтың шаруасы тарылып, қала болуға үйрене алмай, халық жарлы болып бара жатыр. Өздері арасынан дұрыс старшина, болыс қоя алмаған обалы өздеріне ол былай тұрсын, бұрын Мəскеуге Қазақтан тері, жүнжабағы алып тұратын еді, жайылыс кеміген соң, мал кеміді, бұл керегін патшалық қайдан толтырар екен? Жайылыс болмаған соң жылқы азаяды, ғаскерге ат керек, бұл керекті қайдан алар екен?
Бұл сөзім қазақ болып қалаға жуыма, дегенім емес, қазақ жерсіз қалып жатыр. Қазақтың қамын ойлаған адамдар не ойларың бар дегенім. Менің ойым бұдүр, айтып қалайын: Қазір құдай берген қазақта мал бар, малсыз қазақ күн көре алмайды, бірақ көп малға жер азайды. Малы көп болғанымен тұқымы нашар, бағасы арзан, сол себепті жер тарылғанға қарай малдың да санын кемітіп, саны аз болса да жақсы, қымбат тұқымнан өсіріп, бағасын арттыру қазаққа жақсы болар еді деймін. Өзге патшалықтарда өздері зор патшалық болғанмен баршаның мал шаруасын тастандырмай, ілгері жүргізуге, малдарының тұқымын тазарттыруға халыққа көп жəрдем береді. Сол малдың тұқымын тазарттыру қазаққа да керек ғой.
Бекимов (Жаркент)
Əулие-Ата хабарлары
Əулие-Ата халықтары арасында ғылым, оқу деген аз, тіпті жоққа есеп. Троицк, Қызылжар, Көкшетау тараптарына таралған мұғалімдер бұл тарапта жоқ. Дүниеде болып жатқан, əркімнің құлағында болған ғылым, оқу өнер деген сөздер үйір болмаған екен. Əулие-Ата шəһəрін сарт шəһəрі десекте жарайды, атырабының əр жағын қаптаған надандық болыпты. Ишандар, Бұхаралықтар нəтижесі. Ишандар, қожалардан аяқ алып жүргісіз. Əулие-Ата шəһəрінде бір ай тұрғанымда əр жерлерін, əсіресе мешіттерінде намазда болып, аралап көрдім. Мешіттер бек көп болса да мектеп, медресе жоқ. Ешбір жерде сабақ оқушы балалар жоқ. Жалғызақ ноғай мешіті жанында мектеп… бар екен, онда ноғай балаларымен қосылып, қазақ, сарттан барлығы қырықтай бала бар. Иликин сорымызға қарай, жақсы мұғалім де кез келмеген секілді көрінеді.
Ишандардың көптігіне қарай мүридтер де аз емес, мүрид ағалар əр уақыт ишандардың аузына қарап, не əмір етсе де əзір екендігін көрсетіп тұр. Газет-журнал мұсылмандарды аздырады, аулақ жүріңіз деуші де жоқ емес. Бұл тарапта бағызы бір ашық пікірлі саудаменен яки бірер себеппенен келіп жүргендер болмаса, халықты надандықтан ашқандай зиялы мұғалім, шəкірттер көрінбейді. Сынауыма қарағанда, жақсы оқыған, мінезі онды (ақылды) шəкірт, мұғалім болса халқы қарсы тұрмас деп ойлаймын. Өйткені бөтен жерлерде болып жатқан «хадем; жəдит» мəселесі бұл жақта жоқ. Бірақ ұсұл Жəдитше оқытушы бар болса, тез хат танитұғын тəртіп бек хош қабыл ететұғын көрінеді.
Мұхамедсəлім Кəшімов
Əулие-Ата бабамның зиратында шырақшылар
Əулие-Ата шəһəріне келген күндерімнің біреуінде нағыз ықыласыменен Əулие-Ата бабамның зиратына бардым. Біз дарбазадан (қақпадан) кіруімізге қарай алдымыздан үлкен-үлкен сəлде ораған, ұзын-ұзын шапан киген, мұрттарын тап-тақыр қылып қырған бірнеше сарт-қожалар қарсы алып, бабамның зиратына алып келді. Біздердің бөтен жердің адамдары екеніміз киімімізден белгілі болып, сыртқы шапандарымыз ишанға ықыласты қазақтардың порымында еді.
Бабамның қабыр-шарифы зор мығазин порымында болып, қызыл кірпіштен, төбесі биік жақсы зинеттеніп өрілген биік күмбезді зор там, көк бояуменен боялған, екі жағында екі есік. Бір есіктің түбінде үлкен мүйізді, қуарған қошқардың басы тұр. Үлкен шəһəрдің біреуінде музей жəне де сондай бір бас көрген едім. Біздерді бір Хұжыраға алып келіп, екі рəкəт намаз оқытып, біреуі зор дауыспенен құранды созып-созып оқып, ұзақ заман дұға қылды. Біз де шын ықыласпенен Хазірет бабама жалынып дұға қылдық. Дұғадан соң бір қараңғы бөлмеге алып кіріп:
Мына ағыткəпке отырыңыздар, қырық күн шықпастан отырсаңыздар, ұжмаққа шексіз барасыздар, – деді. Қабыр-Шəріптің əр тарабында кірпіштен қуыс бар, əр қуыста инсəрлардың үйінің бұшпағындағыдай жанып тұратұғын жіңішке балауыз шам бар.
Балауыз шамның біреуін бізге ұстатып жақтырды да: «Мінеки, қолдарыңыз мүбəрак болды, тамұққа күймейді», – деп біздерді шаттандырып қойды. Содан соң екінші есіктің түбінде тұрған манағы басты алып келіп:
– Бұл бас көк қошқардың басы, садақа беріп, зират қылыңыздар, – деді.
Бұл жай бір жабайы бас, мұнда пайда да жоқ, залал да жоқ, басқа зират қылу бəлкім табынған болады, деп едім.
– Əй, надан қазақ – деп шырайы бұзылды. Екінші біреу қалтасынан екі зор табақтай шүберек алып, садақа беріп, бұл шүберекті зираттың бір ағашына байлаңыздар. Қиямет күні куə болып, бастарыңызға көлеңке болады, – деді.
– Қайыр, біз қуыршақ ойнай келмедік, – дедім.
– Зират шəриф қаланың, бақшаның ішінде екен, Ағаш бұтақтарының шүберек байланбаған бұтағы азға қисап еді. Зират тамам болған соң қайтайық деп едік, «ишанға» (пірге) қол беріп мүрид болыңыздар» – деп бізді
əр түрлі сөздерменен азғырса да біздер шыға бастадық. Шығар жерде алды-артымызды жеті-сегіз қайыршы балалармен шырақшылар орап алып, жүргізбейтұғын болған соң, садақа беріп, құдай əр қайырларыңызға ынсап берсін деп шығып кетті.
М. Кəшимов
Шортанды бойында
Шортанды бойында мен көп жылдардан бермен қарай қазақ сахарасына шыққаным жоқ еді, сол себептен қазақ қарындастарымыздың кейін қалғанын, ілгері кеткенін білмейтұғын едім. Биыл ғинуар ішінде жолым түсіп, Шортаңды өзенін жағалап келе жатып, Қостанай уезінің Жетіқара болысының 5 ауыл қазағы Нұрмұхамет Қажы Тасболатовтың үйінде қонақта болдым. Бұл кісі ашық пікірлі оқу, оқыту жолына жанын пида қылған бір кісі екен. Бек жақсы ағаштан мешіт салып, қасына бір кішкене мектеп ашып, мұғалім ұстап, отыз шамалы балаларды оқытып жатыр екен. Мұғалім жақсы мінезді һəм Құран жаттаған хари екен. Бұл 5 ауылда бөтен жердегідей жұтшылық та жоқ. Мешітке жақын жерден алтын табылып, бір мұсылман байы қаздырып, пақыр халыққа кəсіп табылып, мұқтаж шығып жатыр. Бұрын қалай болса, солай жүрген бозбалалар осы күнде сыбанып алтын кəсібіне кірісіп ақша табысып жатыр.
Бұрынырақ халық «бізге төте оқу керек емес, ескімен күн көрмей қалғанымыз жоқ» – деп қарсы болыңқыраса да имам Нұрмұхамет Тасболатов пен Ғабдалғани харидың түсіндіруі бойынша балаларын оқуға берген екен. Қазір де балаларын үш айдың ішінде оқуға һəм жазуға үйренгенін көрген соң халықтың көңілі біткен көрінеді. Онан жиырма бес шақырым жерде Бекмахамбет мырза Құлманов ауылында ауылнай школда 25 бала оқып жатыр. Осындай мектептері бар жерде төте оқуға һəм орысшаға мойын қойса, халық тез-ақ қатарға кіріп кететұғын. Мұнан жеті жыл бұрын қазақтың бір ауылында молда болып «əліп, би, ти, сый» менен бірнеше жыл ғұмыр өткерген едім. Қазір де қазақтың көзі ашылған көрінеді. «Төте оқу білмесең, ұстамаймыз» – дейді. Қанша сандалып жүрсем де молдалыққа орын таба алмадым. Қазақтың мұнша алға кеткенін көріп, қуанып əр жерге осы көрмегенім үлгі болсын деп жаздым.
Қапастағы ұрының мінəжаты
Уһ, Алла! Бітті қаным, шықты жаным,
Шірір ме бұл қапаста ғазиз тəнім.
Таусылып көздің майы, құты құрып,
Сиқым бар жан танымас кетті мəнім.
Мінеки, жиырма бес ай мен жатқалы,
Қапаста тұтқын болып дəм татқалы.
Ұшырап жетім-жесір қарғысына,
Ерік кетіп қол-аяқты байлатқалы.
Бəле іздеп басқа тапқанымыз,
Жазасын тартып қазір жатқанымыз.
Пəленше пəлен атқа мəз боп деген,
Аяғы неге соқты мақтанымыз.
Бит, бүрге, қандалалар қанды сорып,
Қасынып түнде ұйқы жоқ жанды қорып.
Білмейміз елдегілер не қылып жүр,
Қазіргі осы боп түр біздің жорық.
Қара нан қыжылдатып, жүрек кесіп,
Жатасың жанбасыңды тақтай тесіп.
Осы екен «ұрлық түбі қорлық» деген,
Япыр-ау, құтылармыз мұнан нешік?
Алмайтын мықты неме елдің сөзін,
Тісіңді қайра да жат өзіңе өзің.
Кілті есік, тас кереге, темірлі əйнек,
Шыға алмай құр жалтырап екі көзің.
Найзалы, мылтық, қылыш қолына алып,
Күні-түн күзетшілер тұрған бағып.
Білінсе бір кəдітің бітті саудаң,
Батырым, құтыларсың мұнан не ғып?
Астыңа жел жетпесті мініп алып,
Күн бұрын мал өрісін біліп алып,
Жабысып ат жарына ай жарықта.
Кететін қолдар мынау алып, алып.
Жануар қысса тақым сезуші еді,
Қайшылап құлақтарым безуші еді.
Өзі тоқ, жетектегі семіз, шіркін,
Қызылмай боп еруші еді.
Кідіріп аттың терін тек тұрмадық,
Байлардан шама келсе, көпті ұрладық.
Сүйекке əбден сіңіп алғаннан соң,
Кедейдің көк шолағы деп тұрмадық.
Жолдастар қосылуышы ед əлде қайдан,
Демеуші ек «мынау – арғын, мынау – найман»
Шыққанда елден аулақ таң бозарып,
Ендетіп етуші едік терең сайдан.
Деуші едік ұрлық малды «түнде туған»,
Жігітті батыр деуші ек оны қуған.
«Қой!» деген ақыл сөзді құлаққа ілмей,
Көз жасы енді мынау бетті жуған.
Басымнан кінəм асып мұнда түстім,
Ақыры не болғанын көрдім істің
Босатып бір ат берсең жіберетін.
Көзімнен болыс, билер бір-бір ұштың.
Жаза гөр топырақты елден, Алла!
Тілегін мүскіндердің берген Алла!
Құлыңа екі жаза бере көрме»
Кеше гөр, қылдым тəубə, тəубə, тəубə!
Азамат Алашұғылы
Туысқан бауырларға бір насихат
Əй, қазақ ағайындар! Жылдан жылға кедей болып, жоқ жерде малдарыңнан айырылып қалып, күн асқан сайын кеміп барамыз, мұны кімнен көресіз. Қыс алды боран алды дейсіз, қыс пен боран алатұғын болса, қоян неге өлмейді торғай неге өлмейді. Бораннан ығып, суықтап үсініп бір қоянның, бір торғайдың өлгенін көрген жан жоқ. Қазақта бір мақал бар «Жаман Құдайшыл келеді» дейді. Ол сөздің мағынасы құдай, құдайдың жазуымен болды десеңіз бұл сөздің тұрғаны теріс.
Өзі жаратқан мүлкін өзі бар қылған мақұлығын Құдай неге қырады. Кім болса ол болсын, өзі жасаған нəрсесін өзі бұзбайды. Құдай тəбəрəк оттағала мұнша жаратқан мақұлығын жоқ қылуға мқлшер қылған мезгілі бар. Ол мезгіл Ысырапыл періштенің сұрын ұрумен болмақ. Немесе осы болған борандарды Ысырапыл періште ұрды деп білесіздер ме?! Жоқ, жоқ! Ысырапыл періште ұрса дүниеден не қалмақ? Онда дəнеме қалмақшы емес!
Осыншама кемшілік, осынша қорлық қайдан келіп жатыр? Нығмет не екенін білмегендеріңнен. Ол Нығметтің қадірін біліп шүкірана қылмағандарыңнан болып жатыр. Құдайдың сендерге беріп жатқан сансыз, есепсіз Нығметінің қайсы бірін айтып шаршайын. Сонда да шүкіранасы өте тиісті болған зор нығметтерінің біреуін айтайын.
Əй …. көзбен қарап, ынсапты құлақпен тыңдайтұғын, ағайындар! Бұл дүниеде үстіңнен қарап тұрған патша ағзам Хазіреттеріңнің барлығын, басында болған нығыметтерден артық нығмет деп білуге керек. Не үшін десеңіз, патша ағзам Хазіреттерінің тахт тасырыпында, сая дəулетінде болумен əркімнің басы, малы есендікте тұрады. Осы нығмет бір-біріне үстін қарап тұрған патшасына шын көңілмен тілеулес болу ең зор шүкіршіліктен саналады. Алыстан зілалл-сұлтан Алланың көлеңкесі деп айтылған. Құдай тағаланың көлеңкесі бар делінбейді, КəгботалланыБəйталла деп атаған есепті. Бəйт деуменен ол Құдайға ой болып табылмайды. Тек, шарапатты, құрметті басқа ойлардан артығын білдіру үшін айтылады. Бұ да сол сықылды сұлтандардың шарапаты, құрметі басқалардан артық болғандығы үшін айтылады.
Сұлтан деген сөздің мағынасы не қыламын десе өзі ерікті, кісіден сұрап іс қылмайды, көңілі нені тілесе, соны қылуға шамасы келеді деген сөз. Ол сұлтан болушының кім болғанымен жұмысыңыз болмасын. Алла Тағала оттағала кəлəм хадимінде … бұйырды мағынасы … айтқыл, ей Мұхаммед, Мəліктердің мəлігі Алла тəбəрак оттағала кімді тілесе, өзінің мүлкіне соны ие қылады деп. Олай болса, құдіреті күшті Құдай өзі қалап бірсыпыра мүлкіне ие қылып қойған соң, біздер сол патша ағзам хазреттерінің қазған жолында, шашылған топырағында болып, кеше күндіз дəулеттерінің артылмағанына дұғада болса керек.
Біз осы күнде ел аралайтын жаудан, ірге аралайтын даудан, аузы қанды бөріден, қолы қанды ұрыдан, аман тыныш тұруымыз патша ағзам хазіреттерінің жəмиясында болғандықтан.
Кеше ХVІІІ ғасырдың ішінде Қазақ уалаятында «Қоқан заманы» деген заман болды. Сонда қазақта мақал боп қалды «Ақ жалау бар да малым бар деме, əзірейіл бар да жаным бар деме» деген сөз. Ол ақ жалау деген Қоқан хандарының ел шабатұғын қосыны екен. Ол ақжалау ат үстінде жүргенде қазақтың малында, басында, қатын-қыздарында ерік болмады. Қазақты шапқанда қандай шапты, атқа мінер, сойыл ұстарын тегіс қырып, бесіктегі балалардың ұят жерін қаратып, еркек кіндіктен дəнеме қалдырмай, мал-жан, үй-мүкəмалын қосындағыларға олжалы қылып, қатындарын апарып күң орнына жұмсады. Жалғыз жарым еркектерді ақжалаудың ат үстіндегілері хандарынан қол басыларынан жасырып, ұрлап өлтірмей, тірі алып кетіп Ташкентте Қоқанның аржағында Қанбағыс, Досбағыс деген қырғыздың еліне, жиырма бес ісек-тұсаққа сатады. Сонан өлмей тірі құтылып, келген шалдардың талайымен сөйлесіп, осы əңгімені өздерінен естідім. Сонда аса зорлық қылып шапқанда біздің арғынды, оның ішінде Қуандық Қаракесекті баса шапқан екен. Сол шабыншылықта жетім-жесір болып, Алатау, Қаратаудың Ташкентте қараған қазақтарының қолында жетісегіз жасында олжасында қалғандардың кемпір болған күніне талайын жолығып сөйлестім. Баяғы арғын ауғанда ақжалау шапқанда олжада қалғандарымыз деп сөйлесті.
Осы Қоқан заманы өтіп, император ағзам хазіреттеріне бағынғаннан бері жесір қатын, жетім бала малына ие болып, қазақ жұрты асын тыныштықпен ішті. Бізді осындай амандықта сақтап келген ұлық патшаға əркім шын көңілімен дұға қылса, өзі ақ ниетте болып, шын көз жасыменен заманның түзелмегін үміт қылып құдайдан сұраса, заманның түзелуіне əркімнің істеген ісі ілгері басуына мен кепіл. Құдай тəбарак оттағаланың сөзі Құранды қараңдар, пайғамбар сөзі хадисті қараңдар, сол екеуінде айтылған сөз хəлəп болса, не қылсандар, о қылыңдар, мен ризамын.
Бар білгендерің жұрт бұзылды дейсіңдер, жұрттың бəрін аралап жүріп, ішек-қарнын ақтарып көріп қойдың ба?! Өзің бұзылған үшін айтасың. Қазақ мақалында да айтады: «Өзі ұры жұрттың бəрін ұры дейді, өзі қары жұрттың бəрін қары дейді», –деп. Сенде өзіңді үйіңде отырып түзетші, ақ жүрек, ақ пейіл болып шын ықыласың көз жасыңмен халықжұрттың пайдасына һəм жұрттың басқарушысы болып тұрған патша ағзам хазіреттеріне ғаділетті, мархабатты болуына тілектес болшы заман да түзеледі, адам да түзеледі.
Жұрт жиылған жерде патша ағызам үшін тілек тілеп, дұға қылудың нұсқасы мынау: «Ярып! Өзіңнің пақыр құлдарыңның дұғасын қабыл ет. Ярып! Осы күнде, осы сағатта бірнешё жұрттың бастығы болған патша ағзамның ғұмырын ұзын, өзін бақытты қылып, əр жерде керек соғыста, керек ояу, керек ұйқыда болсын көңіл тыныш қылсаң еді. Ярып! Саған ғана ғибадат қыламыз. Ғазиз патшамыз біз құлдарына əрдайын ғаділ, шапағатты болып өзінің ғақыл, нұрын бүтін мемлекеттің пайдасына сарып етсе еді. Ярып! Əумин.
II
Біреуден біреу көре қалған заман ғой. Біздің қазақ бейшара ораза жоқ, намаз жоқ, құдай деген жан біз деп жүрген жайылулы мал сықылды, жосулы аң сықылды, союға, сатуға мал емес, атып алуға аң емес. Сарыарқаның иен шөбінің байлығыменен шаруа күтіп, мал бағып, ғылым-білімнен əр түрлі үлгіліғибратлы өнерлерден единиция болмай, нөл орнында қалған жұрт еді. Солдаттықтан қашқан құмына бөрікті, толағай басты ноғайлы келіп «Бəдəуім», «Қесікбас», «Ақыр Заман» деген кітаптарын оқытып, өзі құдайдың бұйрығынан, ақ патшаның құрығынан қашып жүрген қулап Россияның жұртын жамандап патшаның бізге қысымшылығы осындай, қаһары қаттылығы осындай» деп құдайды ұзынқұлақтан зорға естіп жүрген қазақты шөйтің басынан үріккен қойдай, ай жарықта көлеңкесінен қорыққан қояндай қылып.
Россияның бас хакімдері қазаққа қала сал, балаңды оқытуға бер десе, біздің ноғай да осыларды айтқан, осындай қиялап барып тозаққа түсірген деп қала салсаң, шіркеу сал дейді, балаларыңды орысша оқытуға берсең, солдаттық алады деп, көнектен шошыған биедей қылып шошытып, ғұмыр бойы өзіменен жерлес, сулас, оттас, ораздас болып тұрған Россия жұртыменен ынтымағын қосуға келтірмей, қазақтың ақылсыз надан қатындарды дуана келеді деп өз баласын өзі қорқақ қылып үйреткендей жаман қылып, көк милы қылып жіберді.
Ферғана заманынан ақ патшаға қарамай қашты, қуды, бірін-бірі иттей талап жүрген заманның кезінде өз басын өлімнен алып қашқан сартсауанның қулары олар да келіп, қазақ ішіне молдалық қылып, бала оқытып, ол кеше Батыр ханнан, Мəделі ханнан, Құдияр ханнан – солардан қорқып қашқандар. Қайда патша болса, халыққа қылатұғыны осындай зорлықзомбылық деп ғылым-білімі жоқ надан жұрттың қылған патшалығын ғылым-білімді əдебиеттен камыл жұрттардың патшаларымен бір бəс қылып сөйлеп, қара қазақтың көңілін жақсы ниеттен, ізгі пиғылдан айыруға көп себеп болды. Қазақ мақалында бұрынғы əулие өткен атабабалары айтып кеткен «Қойды шартық бүлдіреді, елді қортық бүлдіреді» деп. Сол мақалдың хақиқатын міне, біздер көзімізбен көріп, қолымызбен ұстағандай болып нандық. Қазақ ішіне кім келеді? Онан қашқан, мұннан қашқан жамандықпен көзін ашқан келеді. Жəне соның бəрі де қазақты жер-көкке түсірмей мақтай келеді: «Дін де сенде, əулиелік те сенде, адамгершілік те сенде» деп.
Əсіресе бір əпендемін деген қулар араб жұртын жамандап, меке медине екі шəріптің адамдарын жамандап, ол жақта кісінің аузына өліп барамын десе, бір қасық су тамызар жан жоқ, Əулие онда емес, мұнда Шарапат онда емес, мұнда. Машайхта осында, дін де осында… өзге жұрт бəрі аштан өлейін деп, қырылайын деп тұр.
Сонан соң қайтсын бұл сорлы қазақ! Ноғайдан келді қазақтың өзін мақтады, өзгенің бəрін жаманға қойды. Сарттан келді, о да осыны айтты. Əпенді келді, ол бəрінен асырды. Сонан соң бұл қазақ ойлады: «Біз болған екенбіз, жетілген екенбіз, дүние де бізде екен, əулиелік те бізде екен. Дүниеде не жақсылық бəрі бізде екен деп. Дəнемені керек қылмайтын мұңсыз болды. Құдайдың бізден аяған дəнемесі жоқ екен. Осы келіп жүргеннің бəрі судырап тұрған молда ғой, əулиелікке жеткен ишандар ғой, дүние жаман болса, сонша жерден осындай жақсы жетілген кісілер неге келеді. Дүниеде төрт түлік малдан асылды құдай жаратқан жоқ екен, қазақтан асыл жұртты жасаған жоқ екен де, Сарыарқадай жер қайда барсаң да жоқ екен деп. Қыс болса, жылқының қазы-қартасындай тамақ қайда? Жаз болса, қымыздан артық шарап қайда деп, шалқасынан түсіп жатты да қалды. Наданшылық пенен ғапылдықты екі жағына екі қыз алып жатқан кісідей құшақтап қатты да қалды. Елді қортық Бүлдіргені осы. Айта берсем, ақыры жəне бар.
Мəшһүр Жүсіп Көпеев
Жолсыз ғадетлеріміздің бірі
Біздің қазақ арасында жарамаған көп түрлі ғұрып-ғадетлеріміздің бірі бойжеткен қыз бір жігітті өзіне лайық көріп, көңілі қалайды. Бірақ бұл жігіттің, не қыздың билеушісінен малы кемірек болады да не жек көретұғын адамы болады не ғұрыпымызша «төмен атаның баласы» деген болады не билеуші билеп бермей, қыздың өзі таңдау ғұрып-ғадетімізше үлкен ұят, айып секілді көрінеді де əлгі бойжеткен қыз көңілі қалаған жігітіне қосыла алмай қалады. Ата-ананың уағдасынан қорқады яки ғұрып-ғадетке қалап деп халықтан ұялады.
«Бағызы бір бойжеткен қыздар шариғатқа, низамға теріс болмаған соң ғұрып-ғадет керек, əр адам өз пайдасын өзі жақсы біледі» деп көз жеткендіктен емес,туыстағы өткірлігінен кетіп те қояды. Бұл қыз ғұрыпымызша арсыз, ұятсыз, бұзылған деп айтылады. Билеушінің берген адамына барса, ол адам əйтеуір тұрпаты адам болса да, ақылды артық бала деп айтылады. «Батырды бəрекелді өлтіреді» дегендей бұл қайырсыз мақтауды малданушы да аз болмайды. Жақсы атақ та алсын, қанағат та қылсын көпсінбейміз, соңынан көңілі жаратпаса, жаман ат, жасырынбақ, жанжал болып жүрмесе?
Өлерін білерлік қызым ес білген, бой жеткен; обалын басқаға артпай, ғұмырлық жолдасын өзі ұнатып тапқаны жақсы деп айту, алла ағылым қазақ баласынан осы күнде табылмаса керек. Бəлки теңі болса да кғзық жарасқан адамменен қатты дұшпан болып, көп заман кегі бітпей жүреді, тіпті кезегі келсе қаруын қайтаруға да ойланады. Біздің пікірімізше қызды да, жігітті де ғайыпты көрмейміз. Қыздың сүйген адамын сөгіп жүрген билеушілерді ғайыпты көреміз, неге десеңіз, себебін айталық, шариғатта жүз жылқысы бар кісінің қызына жүз жылқысы бар жігіт теңдес деген бе екен? үйіне алып келген соң киім, тамақ тауып беруге күші келетұғын болса, тең болып табылушы емес пе еді?! Малының санына қарағанша адамына қарау керек емес пе?! Шариғатымызда күйеу болатын адамды қыз билеушілердің ұнатуы шарт па еді? баратын қыздың өзі сүюі шарт емес пе еді? «Жеті атасынан бері мың бітпеген, тұқымы топқа кірмеген» дейтұғын бір ұстаған сөздер бар. Шариғатымызда мұсылман болған, өзі мейірім, ынтымаққа күші жеткен ғарып болмаған адам бір ғарыптың қызына теңдес болатын емес пе еді?! Тұқымы топқа кірген, мың біткен байдың кəрі-құртаң бəрі дəрі бола бере ме? Адамы тең болмаса, Малменен басы сатып алынғанмен қыздың көңілі сатып алынар ма екен? Өнердегі, кəсіптегі, тахуалықтағы теңдестік ең қымбат жері болса да ғұрпымыз ағытпарға алмаған.
Жаны ашымаған билеушінің ырзалығынан тысқары бойжеткен қыздың өзі таңдау, өзі қалау неге ғайып болады? Шариғатымызда есін білген, бойжеткен қызға баратын адамын өзі қалауға ықтияр берген жоқ па? Даңқына, дəулетіне қарап немесе өзінің бір мақсаты үшін, қыздың ырзалығына қарамай беру билеушілерге ғайып емес пе? Шариғат бұйрығы теңдесі табылғанда бойжеткен қыз өзін-өзі некелендіру дұрыс, оған қыз билеушінің кірісуге жолы жоқ. Шариғатымыздың əйелге берілген бұл теңдігін аяғымызға басып өзіміз ұстамасқа заманымызда крестьян хакімдеріміз арзы жеткен əйелдер болса, билеушілерге тұқырады. Ең əдемісі өз шариғатымызды басқалардың бұйрығынан басқа өз ықтиярымызбен өзіміз ұстау керек еді. Ғұрып-ғадетімізде қыз билеушінің күйеу болатын адамды қыздың өзіне көрсетіп «осыған тиемісің» деп сұрау жоқ. Қыз өзі «мені пəленге берсін де алатын малын сонан ала берсін» депайту үлкен ұят. Ұят болса да гұрып-ғадетті былай тастап, шариғат, низамды ескеріп, кейбір пысығырақ қыздардың сүйгеніменен қосылып, билеушіні «дəт» дегізіп жүре береді. Баратұғын адамы көңілсіз болғанда, билеушінің көңілі үшін айлық, жылдық емес, ғұмырлық жақсы жолдастан махрұм болып, өзінің кемерінен шыққан баласына жаны ашымаған, шариғатымыздың дегенін қылған ата-ананың батасын алып қалғанмен ақиретте қанша мұрат табар екен? Барарын барса да көңілі жараспай, жасырынбақ ойнап, күнəлі болып ақиретінен айрылып яки қашып, пысып əуре болып, манағы бар дегенде бара қойғаны үшін берген «бата» жолға жүрмей, дүние ісінен де махрұм болып жүрген аз ба?
Рас, əйел жынысы қысқа ақылдық яки балалық қылып, көрсеқызарлықпенен өз пайдасын өзі əбден біліп жетпеу ықтималы болған үшін қыз билеушінің жаны ашығандықтан ықтиярды қыз баланың тамам өзіне беріп жібермей пайда, залалын толық түсіндіріп, кеңес беруі теріс емес! Иликин қыз билеуші есін білген қызды адам болса да мал қысабында, жар болса да күң қысабында бармаймын десе зорлап, ырзалығын сұрамай, қорлап берсе, берген адамы не кəрі, не жаман болып, берілген қыз (қыз ба, апасы ма, қарындасы ма) ғұмыры таусылғанша, арманы таусылмай сорлап жүрмесе жарар еді.
Қысқасы, шариғатымызға, низамға һəм бұрынғылардың «Теңі келсе, тегін бер» деген мақалына халап болған ғұрып-ғадетімізді қою парыз, қоймау харам болса керек. Қызымыз, апамыз яки қарындасымыз жақсы көрген адамды біз неге жек көреміз. Оныменен өлгенше неше дұшпан боламыз, күндейміз бе я барар елін, жерін білмейді дейміз бе я Бұған барса, мал аз тиеді дейміз бе, тағы не ойымыз бар. Бұларымыздың бəрі де қате. Неге десеңіз? Олар жақсы ерге, жақсы жерге барса, жақсы болып жүрсе алысымыз ба? Жақынымыз жақсы болып жүрсе жан семірмей ме?! Барар елін, барар жерін білмей адасады десек, ондай өз жөнін өзі білмейтұғындарға шариғатымыз бен низам неге ерік береді. Əлбетте, шариғат пен низам əрнəрсенің сырын біздің қазақтан гөрі жақсырақ біледі. Оған барса, мал аз тиеді десек, қалың мал қыздың өз хақы, біреудің хақына өзі доверенность бермей адвокат боламыз ба?! Мəһəрдің азы он дəрһəм көбі қанша болса бола берсін, күң болмаса, сəби бала болмаса: жынды болмаса өзі аз алсын, көп алсын, алмасын өз ықтияры өзінде емес пе?
Мақыш Қалтайұғылы
Қараөткел
Айт күні
Сəулесі күннің түскен бүгін өзге,
Қуаныш шаттық кірген əрбір жүзге.
Нəрселер дүниедегі жанды-жансыз,
Бір түрлі түр беріп түр көрер көзге.
Балалар жүр шапқылап аттанысып,
Əрқайсысы ашық жүзбен шаттанысып.
Мінген ат, үске киген киімменен,
Қояды бір-біріне мақтанысып.
Құрбанға байлар да жүр малын сайлап,
Пышағын союшы жүр өткір қайрап.
Үйлерге ет асылған қыдырысып,
Жүн жіппен кемпірлер жүр белін байлап.
Майлаған сұлу қыздар шашын тарап,
Жағынып беттеріне опа-далап.
Ойлайды ауыл-ауыл қыдырсақ деп,
Ат тисе қолдарына құдай қалап.
Жаулығын келіншек те жуған нəлдеп,
Ораған күміс оқа оған сəндеп.
Көңілі молданың да қуанышта,
Тері алып бұрыннан-ақ жүрген дəндеп.
Қолына балалар жүр құлақ алып,
Қашаннан келе жатқан бұ да қалып.
Жолығып бір-біріне боз балалар,
Шаттықпен сөйлеседі тұра қалып.
Əкірам Ғалимов
Əулие-Ата
Əулие-Ата қаласының маңайында қазақ-қырғыз, қалада тұрушылардың көбірегі сарт болып, саудагер ноғайлар да бар. Бұрынғы жылдарға қарағанда осы уақытта орыстарда да көбейіп келеді. Əулие-Ата шəһəрінде ресми 2-3 махалла мешіт болса да Іликин ер һəм қыз балаларға арналған бір ғана мектеп болса да медресе жоқ. Медресе есімінде салынған болса да оқудан бос болып, қаңырап тұр. Мешіт, медресеге тиісті ишан, хазіреттер ішіп-жеп рахатанып жатыр. Ишандардан 5-6 қатынға қанағаттанбай 7 қатын алушылар да бар. Ноғай махалласындағы кошнойск болысында біреу ишандық қылып жүріп, бір мырзаның қарындасын айналдырып жүргені үлкендерге естіліп, бозбалаларға аңдытып, ұстап алып, ишаннан тиісті қалың малын алып, һəм 800 сом ақшасын алып, қызды беріпті. Бұл ишан бурында Қаракөлбек болысында бір кісінің қызын дөңгелетіп жүріп, ақырында атасын қорқытып сол қызды алған екен. Қайтерсің бұл надан халық сонда да ишаннан безер болмайды. Əулие-Атада оқу жалғыз-ақ бір ноғай махалласында бар. Жетпістеп бала оқытып жатыр, былтырғы терісмінезді мұғалімі қуылып, Уфадағы медресе Ғалиядағы Ысмағұл Юніси деген мұғалім «алдырылған… ойлы ноғайлар бесеуалтау ғана болса да ашық пікірлілері бар. Бұл мешіт, мектепке арналған қаражат жоқ болса да өзара ынтымақпен жəрдемдесіп, тəрбиелеп тұр. Өте қарасушылары: Сыражалдин, Ахметжан, Ысмағұл, Шəріпалдин деген адамдар. Бұлардан басқалар да қолдарынан келгенше қарап тұрмайды. Медресе Хайсын Бигиев деген адам əр уақыт жамиғат жасап, медресенің кем-кетігін қарап тұрады, биыл бір хазірет махалла кісілерін азғырып, мұғалімдерді қумақшы болса да ол ойын жеріне жеткізе алмай қалыпты.
Əулие-Атада қазақ-қырғыз балаларына … школдар бар. Əммə расход қазақтардың өздерінен алынады Əулие-Атадан жиырма молда инспектордан орын сұрап арыз берген екен. Мүфти қазиларды шақырып Əммə молданы емтихан қылғанда біреуі ғана жарарлық болып шығыпты. Бұл емтихан мəжілісінде мұғалім Хəлел əпенде де бар екен. Жақсы мұғалімдер алдырып берейін деп инспекторға айтса да не үшін шығарылатынын, қабыл етпепті. Қазақ-қырғыз ағайындар өздері өтініп школдарына жақсы дін мұғалімдерін алдырып қоюға себепші болмаса түземниде оқып шыққан шəкірттердін, дін ғылымында бұрынғысындай надан қалпында қалатынына ешкім шек етпесе керек.
Əулие-Ата уезіндегі қазақтар жер мəселесі туралы жаңа, жаңа қышлақ боламыз ба, жоқ па? – деп ойланысып жатыр. Қышлақ бола бастаған бірлі-жарымды қазақтар көрінеді. Ботамойнақ, Алмалинск болысының управителі дербес Қалабаев деген кісі бүкіл өз қоластын қышлақ қылып, қазірде таңдама жерден жер кестіріп алып жатыр. Кридитный товарищества ашуға рұқсат сұрап жатыр. Дербес мырза əр уақыт халық пайдасына қызмет етуге ұмтылған көңіл көзі ашық, дүниеден хабарлар төте оқуды сүюші адам. Былтырғы 1912-інші жыл өз қоластынан ақша жинап, Сыдық Абыланов деген бір баланы медресе Хасинеге жіберді, дербес мырзаның бұл қызметі əр болысқа үлгі боларлық бір қызмет һəм алла қасында да сауапты екенін ешбір мұсылман іңкəр етпес əр болыстарымыз осындай шетке бала жіберіп оқытса, көп сауатты жұмыс, мемлекетке зор қызмет қылған болар еді. Іликин ел болған соң, не жоқ, миллəт үшін мұндай қызмет етушілер əр жерден табылғандай-ақ. Шөп шауып, отын кесуді жақсы көрушілер де бар. Мінеки, біздің өзімізбенен ауылнайлас Юніс қажы Құттықожа деген адамның былтыр жазғытұры қора-қопсы, ағаш үйлері күйіп кетті. Сол уақытта қайырын берсін айтып һəм көзі көріп, қолмен ұстамаса да біраз адамға жармаспақшы болып план құрып отырғанда көп жылдан бері Көкшетауда, надан хазіретте оқып жүрген Ғалиаспар деген аулымыздың бір жігіті сабақтан қайтқан екен, сол жұрт жиылған үйге кіріп келіп, көптен көрмей сағынған ағаларының қолын алып амандасып отырды. Жиылған адамның ішінде фітінə, бұзықтық, өсекшілікпен болмаса да, халыққа аты шыққан Сүлеймен қажы Бананалыұлы деген бір тəуір адамымыз: – «Ей, молда Ғалиаспар! не бітіріп келдің? Əкең Айтқожа шөп таба алмай малын жұтатып алды, сен оқу оқимын деп құр қаңғырасың! Онан да біздің Ақанның екі баласы сияқты жақсыларға атқосшы болып жүрсең, əкең жұтамай, өзің кем-қор болмас едің» деп лепіре қайтқан шəкірттің жүрегін осындай мағыналы сөзбен қайтарып тастады.
Жұтамайтұғын, мал-қазына оқу екенін білмеген адамға не айтарсың! Сол мəжілісте мен де бар едім. Сүлеймен қажы белбеуін жуан буынып жүрген халқымыздың жақсы деген адамдарынан болып, оқуда жүріп тарықсақ, жəрдемі тие ме деп жүрген білімдар адамымыз. Білімдарлықпен айтқан сөзі болған соң не өкпе бар. Сондадағы ел болған соң, дербес мырза Қалабаев, Əлжан болыс, Жұманов сияқты миллəтке қызмет етушілер де шығар! Əлжан болыс төрт жылдан бері Сейітбəттəл Мұстафаұғылын Стамбулда оқытып жатыр. Бұларға рахметтен басқа сөз жоқ.
Құдай тағала осындай адамдарымызды көбейтсін.
Мұхаметсəлім Көшімов
Қостанай уезі, Дамбар болысы
Халқымыздың надан кезінде арасында сіңісіп кеткен бұзық əдеттері көп. Соларын айтып түсіндіріп, жол көрсетіп, жөн сілтеуге кейінгі оқыған жастарымыз міндеткер əм сол міндетті бастан қару үшін қарап жатпай халқы үшін де газет журнал шығарып, қаламға жүйрік білімділеріміз сөз жазып, халыққа «оқу оқы, өнерлі бол, бұрынғы кеңшілік замандағы ғұрып-əдеттеріңнің келіспегенін кемітіп іс қылыңдар» деп һəм тіршілігіне не түрлі керекті нəрселерді айтып ғапыл жатқан қазақ арасына білім жазуын таратты. Жаман істерін азайтып, заманына қарай керекті нəрселерді айтып ғапыл жатқан қазақ арасына білім жазуын таратты. Жаман істерін азайтып, заманына қарай керекті нəрселерін қарастыруға һəм білімді, өнерлі елдердің халін ғибрат қылып көрсетіп, сондай өнерлі елдерден қорлық, жəбір көрмеуге оқудың керек екендігін айтып түсіндірді. Бірақ біздің қазақ халқының ежелден пайдасын біле тұра аяқ баспайтындығы бар емес пе? Бірсыпыра жарамсыз əдеттерінен ата ғұрыпымыз деп айрыл-май бұл уақытқа шейін қолына ұстап келді. Ол жарамсыз əдеттерінің біреуі қыз алып, қыз беру турасында, онан соң біреуі өлік турасында.
Бұл өлік турасында біздің Қостанай уезіне қараған елде, əсіресе Дамбар болысының өлген өлікке той секілді етіп мүше беру ғадеті бар. Бұл мүше əркімнің өзінің халіне қарайды.
Егер өліктің иесі бай болса, бірнеше ел жиып мырзалық атын шығару үшін өліктің фідиясы деп 40-70 мал шығарады. Мұнша малды шығарған соң фідия қор надан молдалардың көздері күлімдеп қуаныштары қойнына сыймай, бар ой-пікірі «молда басына неден келер екен, бір қарадан тисе жақсы болар еді» деп дауыр айналдыруға келгенде баяғы қуанышты сопы, молдакелер кəдімгідей жүгіріп, орысшалау киінген бір шəкірт көрінсе, бұлар бұзық деп жағасын ұстап, қасап пышағын қолына алып, екі көзін жұмып өліктің кеудесіне мінбек те. Сонша өлермендік қылып ұмтылғанмен байғұс молда екем ойлаған ойы орнына келмейді. Себебі, қазекемнің мүше беру əдеті бар. Басын ат қылып, шұға шапан, батсайы секілді нəрселермен тоғыз қылып ата ұлына үлестіреді. Бере келгенде, иемденіп дауырға отырған.
Халқымыздың надан кезінде арасында сіңісіп кеткен бұзық əдеттері көп. Соларын айтып түсіндіріп, жол көрсетш, жөн сілтеуге кейінгі молдаларға 4-5 сомнан-ақ тидік мал қалады енді, мұны үлесуге келгенде тіпті таяқ деп білмейтұғын қара қазақтың көбі «Біздің ауылда молда жоқ, ауылға тиісті сыбағаны мен аламын деп тұра келеді, оған үрмеймін десе ертең-бүгін елінде бүлік бола қалса өзімізді құр тастар мен оймен амалсыз қипақтап ілестің ішіне оларды да алады. Мінеки қараңыз, сонша малды шығарып ата ұлы, ауыл, сыбаға, сый деп жоққа ысырап қып, надан молда, жалған сопылардың кəсіпсіз, ғылымсыз текке жатуына жол ашып, нəпіл садақалардың бəрін жиып, соларға беріп шайтанын семіртіп, құзғындай таластырғанша, мешіт-медресе, оқу оқыту жолына жұмсап, оқуға мұқтаж жарлы-жақыбайдың балаларына жəрдем беріп, соларды мұратына жеткізсе, бірінші – өлікке сауап, екінші – өздерінің халық арасында жақсы, атақты, құрметті адам болуына һəм ел ішіндегі мұндай бұзық əдеттердің бітуіне себеп болар еді деп ойлаймын.