«ДАЛА УАЛАЯТЫНЫҢ ГАЗЕТІ» (1888–1902)

«ДАЛА УАЛАЯТЫНЫҢ ГАЗЕТІ» (1888–1902)
«Дала уалаятының газеті» – «Түркістан уалаятының газетінен» кейін шыққан екінші қазақ тілді басылым болды. 1888 жылдың 1-қаңтарынан бастап 1902 жылдың 12 сəуіріне дейін шығып тұрды. Дала генерал-губернаторлығының ресми органы ретінде Омбыда жарық көрген «Акмолинские областные ведомости» газетінің қосымшасы ретінде «Особое прибавление к Акмолинским ведомостям» деген атпен басылды. 1894 жылдан бастап «Дала уалаятының газеті» болып шыға бастады. Орысша нұсқасы – «Киргизская степная газета». Басылымға əр кезде редактор ретінде қол қойып отырғандар – И.Козлов, К.Михайлов, Г.Абаза, А.Попов жəне Д.Лавров. Ал, қазақшасын тұрақты редакциялағандар – Е.Абылайханов пен Д.Сұлтанғазин. Р.Дүйсенбаев, Б.Чалымбеков жəне тағы басқалар газетте аудармашы əрі əдеби қызметкер болып еңбек етті. Газеттің таралымы туралы нақты бір ақпарат жоқ, дегенмен басылымның бір мəліметінде 1332 деген дерек кездеседі.
Газеттің тұрақты авторлары қатарынан О.Əлжанов, Ш.Айманов, Ж.Аппасов, Д.Иманқұлов, А.Қылышбаев, А.Нөгербеков, М.Ж.Көпеев, А.Шонаев, Б.Əбдіков, А.Құрманбаев жəне Қ.Жаңатаевтың есімдерін кездестіруге болады.
Сол кездегі өзге газеттер секілді бұл басылымның да ресми жəне ресми емес бөлімдері болды. Ресми бөлімінде патша үкіметінің үкім- жарлықтары, заң-закондары, жергілікті басқару əкімшілігінің бұйрықтары мен шешімдері жарияланды. Оларды қарапайым халыққа түсіндіре отырып, отарлық жүйені күшейтуді көздеді.
Ресми емес бөлімі түрлі тақырыптарды кеңінен қамтыды. Оқубілім саласындағы мəселелер, шаруашылық жайы, ғылыми зерттеулер, қазақтың халық ауыз əдебиеті үлгілерінен айтыс, мақал-мəтелдер, дастан-жырлар басылды, сонымен бірге əдеби аудармалар мен этнографиялық мақалалар, қоғамдық-публицистикалық жазбаларды кездестіреміз.
«Дала уалаятының газеті» – өз кезеңінде Ресей патшалығының жергілікті басқару органдары тарапынан шығарылған басылым бола тұра, қазақ халқының мəдени-əдеби, қоғамдық-əлеуметтік дүниетанымының жетіле түсуіне əсер еткені өз алдына, елдің саяси сауаты мен көзқарасына да зор ықпал еткен басылым болғаны сөзсіз.

Баянауылдан
Тұрмыс жайында болған хабарлар
Ілгері өткен қазақ халқының қалыбы. Ескі заманда бір адам мəртебе талап болып адамгершілік іздесе жас күнінен үлгілі би, орнықты хандарға қызмет етіп, неше жыл еріп, қасында жүріп (Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы) əр орынға керекті хакімдерден кəміл үйренеді екен. Мəзкөр жақсылар сол жанның талабының рəсімі халқына түгел арналғанын пайымдаған. Соның алдарында бірнеше істерге өкім қылдырын, үйренілміш ғаріптеріне муафих қылса, бəрекелді мұнан былай төре қылуға жарайтынын білдің деп бата беріп, билік айтуға рұхсат етеді екен. Рұхсат алған соң бұл жанға талабы ғадатлік, шешендік атағын жаюға жаһұд етіп һəм жақсы болса əр тараптан даугерлер келіп, алдында бата бастайды екен. Бағзы бір уақыттарда бір жағы разы болмайынша біте алмай, екінші бір биге барса, ол би сұрайды екен. Бұрын бұл дауларының тығырысында кісіге айтысқан ба едіңдер деп. Даушылар айтса керек: «Ілгеріде, пəленше еке, айтысқан едік осылайша хакім қылды» деп. Егер тұғыры тура болса, сөз сонікі деп бұзбай қоя береді екен. Сондықтан үшінші биге баруға орын қалмай бітіп кетеді екен. «Еріннің құны екі ауыз сөз» дегеннің мағынасы осы болса керек.
Бұл заманның рəсімі баяғы заманнан бұлаң болып, бұрынғы уақыттағыдай жақсыларға еріп үйренудің де керегі жоқ, үлгілі би, орнықты хан баласы болу да шарт емес. Дəулетті бай баласы болуға тырысады. Дəулетті бай болуын айбатамаймыз. Дəулет ешбір жерде құр керексіз еместігін, мырзалар мансап қылып, ғылым жолына жұмсамай, болыс нəпақ секілді орындарға жұмсалып кетеді.
Дəулетті айтылмыш орындарға бекер жібергенше Томскідегі ашылған медреседе (университет) оқуға екі-үш жігітке қаражат шығарып, орын ашылса, Омскідегі гимназияда ғылым бітіргендерден барып оқып шығуға халыққа да, правительствоға да көмек, зор пайда тигізуге себепші болар еді. Біздер керек қылмасақ та замана керек қылғандай аңланады. Замананың мұнысына қарауға тиістіміз.
Мырзалар, ілгері айтылмыш медреселерде оқудың жөніне келмегендеріміз аз да болса шариғат низам. Ол рəсім халықтан білуге ғибрат ету лайық. Мəзкөр ларни фил жұмла білсек өзімізге һəм халқымызға да пайда тигізуге мына себепті болармыз. Болыснай ол билік не атақтан санасақ ғадатлі. Ғылым, білім дегенді қоссақ онан гөрі атақтырақ болармыз. Фаһимменен пікір айтып қарағанда білімді, ғылымды болғанымыз бек керек. Хусүсан қызмет иелерімізге аның шоң ғалым уа хакім, басшыларымыз өздері жол білмесе басқаларына нешік бастар.
Ғылымның заманаға керек болып тұрғанына қарай, 24-інші январьда 1098-інші нөмерінен молланың ғылым білуі хақында циркулар хакім болған еді. Мұфты хазіреттің өтінуі мүжəбінше төмендегі мазмұн еді.
Бір орталы моллалық талап еткен адамдар оқып отырған медреселерінен яки ұстаздарынан куəлік хат алын, халқының приговорынан почта арқылы, я өз қолынан көрсетпесе, моллалық мəртебесіне лайық емес екеніне «Дала уалаяты газетінің» өткен 89 жылдың бір нөмерінде «Тəржіме» газетіне жазылғанынан алынып жазылған еді. Мұнан ілгері молла болған адамдарға дін, ғылымнан мағда Россия ғылымының тілін білмекті лəзім болғандығы хақында. Сондай адамдар болса дінге де, қызметке де пайда келтірмегін анықталды.
Мұндай пайдалы мына себептілі сөзді бек ұнатулымыз.

Құн турасында қазақтардың
Қазақтардың құн дегені бұлардың тұқымынан біреуді ұрып өлтірсе, бұл өлген кісі үшін алатұғын төлеуі-дүр. Қазақтардың əдет заңы бойынша құн төленеді, мүкаммалынан туғандарына һəм ағайындарына, егерде адамның денесінің бірер жеріне кемшілік келтірсе де. Бұл құнның мөлшері қазақтардың əдет заңын зерттеп байқап жазған адамдардың көрсеткені бойынша, əр қашан бір қалыпты емес. Бағзы біреулері тақақтап анықтап жазады, жай қара қазақтың құнына жүз ірі жылқы һəм 27 түйе қосымша төлеуменен деп. Бұл түйенің біреуі үстіне кілем жапқан қара нар болады деді (қыр даласында мұндай түйе бəлкім болмайды да). Қара қазақтың əйел адамына елу жылқы һəм қосымша төлеудің жартысы деді. Ақсүйек төренің құны жеті қара қазақтың құнына пара-пар боладыдүр деді, яғни 700 жылқы ақсүйек төренің əйел адамының құны, төренің жарты құнына пара-пар болады деді-дүр. Егерде кімде кім өлтірген кісінің сүйегін жасырса, онда өз алдына бөлекше құн төлейді. Қосымша төлеу еркек адамға 10-20 түйеге тейін һəм əйел адамға мұның жартысы деді. Екінші бір адамдар анықтап көрсетіп жазады, еркектің құны 1000 қойға яки 2000 теңгеге пара-пар болады деп. Əйел адамға мұның жартысы деп (Гродеков). Үшінші бір адамдар иландырып жазады кісі өлтірген адамның құны 2000 теңгеге шейін болады деп, қой; түйеменен бағаланып төлегенде дейді. Əйел адамға мұның жартысы дейді (Зеланд). Мұнан басқа өзге құнның мөлшері де бар əр түрлі қой, түйеменен жиналып, қосылып төленетұғын, қылған жазасының оңайлығына, қаттылығына қарай. Анықтап, əрқашанға бекітіп қойған құнның мөлшері жазылған жазуларда, оқылған оқуларда көрсетілген емес. Анықталған бір қалыпты мөлшері де жоқ шығар. Əр жайдағы құнның мөлшері де əр түрлі. Бұл жазғанымызды құнның не екен һəм қайдан шыққанын, зақон оқытатұғын жоғарғы медресенің жауабындай қылып жазбай-ақ, біз көрсетіп жазамыз, орта жүз қазақтарында құнның бұрын қайдан шыққан турасын һəм айтылған хикаяларын.
Адамдарды құрбандыққа шалатұғын замандарда мұсылман халқының қадір тұтып иланатұғын Мұхамед пайғамбарының өлген əкесі аравия халқына құрметті Абдулмұталлиб жалбарынып тіленіп намаз оқыпты, үрім-бұтақ көбейтіп, күшейте көр деп һəм тілегімді қабыл алып, он балам болса, бір баламды қуаныш үшін құрбандыққа шалар едім депті. Бұл арада бірнеше жылдар өтеді. Дұғасы қабыл болып, мұраты хасыл болды. Абдулмұталлибтің он баласы болды. Өзінің уəдесін орнына келтірмек үшін жеребе тастады. Бұл жеребе ең жақсы көретұғын, сүйікті үлкен баласы Абдуллаға барып түсті (Мұхамедтің əкесіне). Абдулланы аяп, қимастан, Абдулмұталлиб құрбандықтың жауабын шешіп, жол тап деп ақылгөй, данышпан адамдарды шақырып, жинады. Бұл данышпан адамдар айтыпты, Абдулланы он түйемен араластырып қойып, жеребе таста деп, егерде жеребе түйелерге түссе, түйелерді құрбандыққа шал депті. Егерде Абдуллаға түссе түйені екі есе көбейтіп һəм он түйеден қосып, жеребені тастай бер, қашан түйеге түскенше депті. Айтқанынша қылыпты. Жеребе бұрынғысындай-ақ Абдуллаға түсе беріпті. Оныншы қабат тастағанда, түйенің есебі жүз болғанда, Абдулланың жолы оңға басталып, жеребе түйелерге түсіпті. Тағы да анығын білмек үшін үш қабат қайтадан тастапты һəм үшеуінде де бір қалыптан аумапты. Бұл себептен Абдулмұталлиб араб халықтарына айтыпты, мұнан былай құрбандық үшін жүз түйе шалынсын деп һəм бұған қарай кісі өлтірген адамның құны оның туысқанына яки ағайынына сонша түйе төлесін депті. Сөйтіп əдет болып кеткен екен. Мұнан кейін бұл əдет өзге мұсылмандарға да жайылған. Бұлардан қазақтарға да барған. Қазақтардың қыр даласындағы жай жөн аттардың бағасы түйеден екі есе арзан болады-дүр. Бұл себептен өлген кісі үшін 200 жылқы төлейді-дүр, яки мұның орнына араб халқынша жүз түйе төлейді. һəм əйел адам үшін мұның жартысын. Мұсылманның баршасына бірдей бұл хикаяның ақыры құнның анық қайдан шыққанын тəптіштеп білгізбейді. Не үшін десеңіз, құн əдеті қазақ арасында болған еді, қазақ арасына мұсылмандық кірместен бұрын һəм жоғарғы хиқая мағлұм болмастан бұрын. Қазақтардың құны деген əдеті өздерінің араларынан шыққан əдеті болса керек. Діннің жолынан шыққан əдет болмаса керек. Мұндай құн деген əдет бұрынғы заманда славян һəм германия халқында да болған екен. Бұлардың əдеттері бойынша, соңғы уақыттарда қазақтардың мəн-жайын байқап қарағандар айтады, қазақтың мінез-əдетінің бөлекшесін. Бұлардың халқының арасына сіңген бірер бөлекше əдетін де өздерінікі деп білмейді. Мұндай мінезінің себебінен қазақтар бөтен жұрттың мінезіне, əдетіне қызығып жақындай бергісі келе береді.

Бақсылар, дуаналар
Бұрынғы өтіп кеткен шаман заманынан біздің қазақ халқының ойлаған ойында, ғұмырында əр түрлі рəсім қалды. Кəріп болып жүрген уақытта біздің қазақтар көп құдайлар бар, бұлардың бастығы тəңір деген деп білуші еді. Осы уақытта Мұхамед пайғамбардың дінін күтіп тұрушы Түріктің тұқымынан шыққан мұсылмандар бір құдайды Тəңір деп атайды. Құдайдан басқа өзге дию, пері һəм шайтан-лағнет жын бар деп иланушы еді. Сол уақытта құдайлардың таңдап алған адамдары бақсылар деп білуші еді һəм бұлар артқы адамдарға өз ықтиярын білдіртуші еді. Жəне сол уақытта төрелерден соңғы адамдар бақсы еді. Бақсылар тасаттық шалған малдарды бауыздап жүріп дəрігерлік қылушы еді. Бақсылардың сол күнгі қылатұғын нəрселері осы күнге шейін қалды.
Бұрынғы кəріп заманында қазақтар бақсыларға құрмет етіп сый беруші еді. Сол себептен көп адам дар бақсы болмақты ойлап тырысса да, өздерінің денесін суыққа һəм ыстыққа үйрете алмаған соң жайларына қалушы еді.
Бақсылық тұқым қуып, бірден-бірге келеді. Кейбір адамдар əуелі иесі науқасқа шалдығып, сонан соң бақсы болып кетеді. Кейбір адам халі болмаған соң күн көруге бақсы болады. Бүтін бір адамдардың үрімбұтағы бақсылық құрады. Əкенің бақсылығы балаға, сонан əрі үрімбұтағына жайылып кете береді. Кейбір əкенің бақсылығы екі я болмаса одан көбірек балаларға дариды. Мұндай нəрселер ілуде біреу-ақ болады. Бақсы болатұғын адамдар бұлтты күні ашу шақырып, құрыстап талып қалады. Жауынды шашынды күні осындай науқас пайда болған адамдар ашуланып, сөйлеспей томсырайып отырады. Болмас іске бұлар ызаланып сарнай бастайды. Сарнағанда бұлар əн салып, дамылсыз өлеңдер айтып құдайға һəм дию, пері жындарға жалбыранады: «Менің тынышымды алып, азаптандырма» деп. Көп сарнағаннан кейін науқастанған адамдар аузынан ақ көбік ағып, есі кетіп, ұғымсыз сөздер айта бастайды. Бұларға зекіп ақырып сөз сөйлесе, бұл ессіз адамдар қолына не түссе сонымен салып қалып, яки болмаса зекіп ақырған адамдарды тістеп алады. Бəрінен де бұларға пəлен қыл, түген қыл демейақ, ықтияр беру керек, сарнап жылап-сықтауға. Неше қайтара талғаннан соң бұлардың есі ұйып, жынға шалынып кетеді, Бұл адамдар жаман түс көріп төсектерінен атып тысқа шығын, көзі көрген жағына қарай жүре береді. Күндіз бұлар адамдарға жын-шайтандардың көріп тұрамыз, бұлар бізбен бірге жүріп тұр деп айтады. Бүйтіп науқастанған адамдар бір ауылдан бір ауылға тұрып жүреді. Əбден қыдырып болғаннан соң бұлар бір атақты бақсыға барып, мұның батасын сұрайды. Сый берсе, бақсы бұларға бата береді. Сап-сау адам бақсы болайын десе, бір белгілі бақсыға барып мені қасыңа ертіп жүр дейді. Егерде бақсы мақұл көрсе, қасына ертіп алады. Бақсыға ерген адам əуелі бақсыға бір жылдай шəкірт болады. Тағы бір жыл бұған қолқабыстық қылып, үшінші жылы бақсыға бір нəрсе сыйлап мұның батасын алады.
Жаңа бақсы «мен бақсы» деп мағлұм қылып, «жын-шайтандарым бар» деп жария еткенде, бұдан «бақсылығыңа көзімізді жеткіз» деп сұрайды. Өзінің бақсылығына сендіруге бақсы суық күні жалаң бас, жалаң аяқ жүрсе керек. Қыздырған темірді жалап. Мұндай қылған нəрселерде бақсы аман-есен күймей қалса, қазақтар мұны бақсы деп біледі. Бұрын біздер айтып едік, сау адамдар да бақсылардың істегенін істейді деп. Əр бақсының қобызы мен асасы болады. Егерде қобызы жоқ болса, домбырасыз болмайды. Асаны ағаштан істеп басына үшкір темір енгізіп, үкілеп тастайды. Қобызға тағатұғын шегі қойдың яки болмаса ешкінің шегінен һəм мұны тартатұғын жіңішке, қыл тағатұғын тобылғыны бақсылардың өздері істейді, қылға қарағайдың шайырын жағып тартқанда қобыздың дауысы жақсы болып шықпайды.
Мұндай қыл тағылған тобылғының дауысы сүйкімсіз жаман болады. Бақсының əрқайсысы қобыз ойнауды білсе жарайды. Егерде қобызы жоқ болса домбыра ойнайды. Бəрінен де бұрын, бақсы Қорқыттың күйін үйреніп алады. Бұл Қорқыт, бақсылардың заманында, бақсылардың сиынатұғын əулиесі еді. Таңқалса да болады, бақсылар Қорқыттың күйін есітіп орнында тыныш тауып отыра алмайды. Қорқыттың күйін тартқанда бақсылардың денесін құрыстырады. Қорқыттың күйін үйренген соң бақсылар өзге атақты бақсылардың жын шақыратұғын күйлерін үйрене бастайды. Көбінесе бақсылар түнде халық көп жиылғанда ойнайды. Қазақтар өздерінің үй-ішінен біреу науқастанса, сонда бақсыны шақырып ойнатады. Бақсылар əуелі науқас кісіні байқап қарайды, «қашан науқастандын, науқасыңның себебі неден болды» деп сұрайды. Бақсылар науқастан сөз сұрағанда жан-жағында тұрған адамдар сұраған һəм айтқан сөздерді есітпесін деп, сақтықпенен сұрайды. Мұнан соң қолына қобызын алып Қорқыттын күйін ойнайды. Қобызға жаман ұғымсыз сөздер айтып, сарнап əнін қосады. Бұлар сарнағанда өздерінің жынын шақырып, «науқастың жазылуына һəм жын-шайтанды үйден қуалап шығуға жəрдем бер» деп сиынады. Бақсы өлеңді шаршап демі құрығанша ғана айтады.
Мұнан соң қобызын тастап өзіне һəм науқасқа əр түрлі тамаша ойын-зықыр көрсетеді. Зықыр көрсеткен соң науқас адамның сырқатын қашан һəм не себептен жабысқанын, бұған қандай дəрі керек екенін айтады. Əрине, надан бақсылар дəрігерліктен ешнəрсе білмеген сон жаңылыс қылады. Бұл себептен өздерінің ойымен ойлап шығарған өтірік дəрілерімен емдейді. Мысалы, бақсылар қара қой яки ақсары қой сойғызып, өкпесімен науқасты қағады, терісімен орап қояды яки болмаса науқасты жалаңаштап шидің ішіне отырғызып қойып, 40 аяқ яки 40 шелек қайнаған жылы су құяды, темір береді һəм ғайри өзге ем қылады. Қай шақта бақсылар не науқас екенін біліп, бұған қандай дəрі керек екенін білмекке жаһұт етеді. Бұл себептен қойдың 41 кебу құмалағын яки аттың алты қылын алып бал ашады. Ақ киіздің үстіне салып, құмалақты үшке бөледі. Оң қол жақтан бастап өлектен 4 құмалақтан шығара береді, қашан 4 құмалақтан аз болып қалғанға дейін. Əуелгі бөлінген құмалақтың артылып қалғанын оң қолдан солға қарай алдыңғы қатарға қояды. Екінші бөлінген құмалақтың 2-інші қатарға һəм 3-інші бөлінген құмалақтың қалғанын 3-інші қатарға қояды. Бақсылар осылайша қылып 3 қабат қылып болып 4-ден артылған құмалақтарға бірінің артынан бірін іркес-тіркес қоя береді. 6 қылмен бұлайша бал ашады. Қылды 2 қылдан алып, 2 түйінмен байлап қойнына салады. Жанжағындағы адамдарды үндетпей қояды. 10 минуттан кейін алған соң қылдың бəрі 6 түйінмен қосылып қалады. Мұның себебі қарап тұрған адамдарға мағлұмсыз болады. Осы уақытта бақсылар азайып бара жатыр. Қазақтар бұларға көп иланбайды. Бағзы жайларда бақсыларды жек көреді. Бұрын бақсы деген атақты жақсы көрер еді, қазірде мұндай атақты ұят көреді. Мысалы, жеңіл мінезді көп сөйлейтұғын тантық адамды əдепсіздігін көрсетпек үшін бақсы деп атайды. Халықтың аузында бақсылар турасынан айтылған сөздер болмаса, біраз уақытта ұмытылып кетсе де керек деп ойлаймыз.
Жай уақыттарда өзге жай қазақтан бақсылардың бөлекше артығырақ жері болмайды. Бірақ жоғарғы жазылған жұмыстарымен ғана бөлектігі болады. Бақсылар өзге қазақтардай-ақ болып мұсылманнан дінін күтіп жүреді. Опат болған бақсыларды көмгенде өзге жай қазақтай қылып көмеді. Бұларға өлгеннен кейін өзге жай қазақтай қылып құрмет қылады.
Бақсылардың қылған кəсібін дуанада қылады. Əуелгі уақыттарда дуаналар өздерінің жақындарына жақсылық жəрдем қылмақ үшін кəсіп қылар еді. Бұлар мұсылмандықтың жөнін айтып жүруші еді. Қаріпқасір жетімдерге ақылды сөздер айтып һəм өзге жəрдемшіліқ қылар еді. Дуаналық əуелі Шайхы-Бұрқы дуанадан үлгі болып қалған еді. Осы уақыттағы дуаналар Шайқы-Бұрқы дуанаға сиынады. Дуаналар сиынғанда «Шайқы-Бұрқы дуана пірім қолдай көр» деп сиынады. Осы уақыттағы дуаналар Шайқы-Бұрқы дуанаға ұқсап жаяу жүрмей атқа мініп, пайда іздеп жүреді. Дуаналар басына аққудың терісінен бөрік киіп, колына аса алып жүреді. Асаның пішіні бақсылардың асасына ұқсас келеді һəм ақтағанда аузына түскен сөздерді айтың тантып жүреді һəм өлең айтып сарнағанда сөзін 2 ауыз өлеңмен бастайды. Дуана кірер есіктен, шайтан қашар тесіктен. Бір ауылға жақындарда сарнап тұрып, бұл ауылға қорқыныш кез келіп тұр, бұл бəледен құтылуға қиын деп айтады. Ондай-мұндайға иланатұғын, ырымшыл қазақтар біз үшін дұға қыла көр деп, бір нəрсе береді. Мұндайға иланбайтұғын қазақтар мазақ қылып күліседі.

Қазақтар өздерінің балаларын қалайша оқытатұғындарының баяны
Үшбу уақытта қыр даласында оқу білетұғын адамдар аз. Мұның баяны кейінгі сөздерден білінеді. Халықтарға өздерінің ұлықтарын сайлайтұғын ілгергі сайлаудың болатұғынына қарай қырдың ішінде қимылдай бастайды. Екі партия болып араздасып бірін-бірі шағыстырып, өтіріктен-өтірік арыз берісіп һəм жалған приговорлар жасасады. Бірақ мінеки бəле, біздің оқу біліп, хат жазатұғындарымыз аз. Мыңнан біреу ғана өйтіп-бүйтіп шатпақтап жазуды біледі. Орысша оқу білетұғындар соншалық аз, он мыңнан бір кісі де табыла қояр ма екен? Мұндай нашар адамдарға приговор, арыз һəм өтірік шағым қағаздарды жазуға табыс қылады. Мұндай жазулардың сөздері жатық, майда болмақ түгіл, харіптері де дұрыс жазылмайды. Мұндай жазушының қалайша оқу оқып шығатұғынын баян етейік. Бұл жазушы əрдайым байлардың баласынан болады. Бұлар оқу оқығанда медреседе қатты қинау көріп, адам өте алмайтұғын жыныс-тоғайлардай оқу мен жазудың өнерінің ішінде десе де болады. Жақсы ниетті ата-аналар мен молданың мұны не үшін үйреткенін айталық. Бұлар мұны кейін хат танып, жазу жаза білсе болғаны деп ойлайды. Бұларды əуелден бастап үйреткенде баяғы заманнан келе жатқан болымсыз, шатақ, ретсіз оқуларды оқытады. Мұндай оқулар ақыл бермек түгіл, балаларды мылқау қылып жібереді.
Балаларын оқытамын деген талапкер бай шала хат танитұғын бір балалау молданы ұстайды. Бұған жылына екі-үш қой ақы береді: Бай айтады: «Əй, молда, мінеки менің балаларым, сен бұларды ақылға үйрет, бұларға шалдуарлық қылдырма, ұялма, бұларды ұр, құлағынан жұлқьг. Балаларымның еті сенікі, сүйегі менікі, шəкірттеріңді көбірек ұрсаң сабағын пысықтап оқиды». Молда айтады:
– Əй, бай, сенің бұл айтқаның мақұл, — дейді. Бай айтады:
– Сен қандай кітап оқыдын, молдам?
– Мен «Құран қадыр», «Бадуам», «Ақыр заман» кітаптарын оқыдым. Надан бай таң қалып:
– Уа молдам, сен білімнің баршасын оқыған сияқты көрінесің. Менің балаларым сенің білгеніңді білсе де болады.
– Құп болады, сенің балаларыңды молла қылып жеткізудің амалын қылармын, — дейді.
– Бай оқудың əңгімесін бітірген соң шаруа турасын сөйлейді:
– Молдам, қолың оқудан бос болғанда бекер қарап отырма, шаруаға да қолқабыс қыла сал, ертеңді-кеш құдықтан жылқыларды суара салсаң ештемең кетпейді.
– Жарайды, бекер қарап отырмайын, шаруаңа да қолқабыс қылайын,- дейді.
Молда балаларды оқыта бастайды. Балалар оқыған үйлерден балалардың у-шу болған дауыстары естіледі, əрбір шəкірт өзінің сабағын айғай салып оқиды. Молда жүгініп; отырып қолына таяғын алып айғай салып, дауыстап оқымаған балаларды дəлдеп тұрып салып қалады. Байғұс балалар қанша азап, қанша қорлық көреді. Бұлар оқымайды, азап тартады. Бұлайша қылып бұларды төрт жылдай оқытады. Осы уақыттың арасында шəкірттер оқуларын бітіреді. Бұлардың ата-аналары балалары оқу һəм жазу білген соң ғұлама болып шықты ғой деп ойлайды. Қашан балаларының дəнеме білмейтұғынын көрген соң, бұрынғысындай надан болып қалғанын көріп ата-аналары аңтаң болып қалады. Уа, сүйікті балаларым, мен сендерді оқыттым, сендер ақымақ күйлеріңше қалыпсыңдар, пəлен молдаға, пəлен қой беріп, түген молдаға түген қой беріп сендерді оқытсам да дəнеме болмай қалдыңдар деп мына болымсыз мақалды айтады: «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бəрінен де қой бағып, көтен жеген озар». Бар балаларым, ата-бабаларыңның жолын қуып мал бағыңдар, дейді. Сорлы білімсіз бай өз қылығына өкпелемей, бала байғұсқа өкпелейді. Бұл себептен жадағай жайдақ болып; қала береді. О, дариға, дариға, өзіңнің мұндай туысқандарыңа қарап қайғырасың! Бұлар күннен күнге төмендеп надандыққа батып бара жатыр. Біздің туып-өскен даламызға ғылымның қуаныш жарық сəулесі қашан кірер екен. Қашан біздің қазақ оқудың пайдасын білер екен һəм қашан оқудың жемістерімен пайдаланар екен, қашан тəуір жетік молда (учитель) мен школ медресені қырдың ішінде көрер екенбіз. Елдегі ұлықтар екі партия болып араздасқанды тастап, бұл ең керекті жұмыс турасын ойласа тиісті болар еді.

Қырдағы рамазан айт
Қашан Мұхамет Ғалəйһиссаламға пайғамбарлық келгенде адамдарды мұсылман бол деп дұға қылғанда, өзі отыз күн ораза тұтыңдар деп кейінгі үмбеттеріне міндетті қылған екен. Əрбір мұсылман адамға бірер тоқтау қылатұғын құрметті себебі болмаса ораза ұстап, күніне бес қабат намаз оқып түнде мешітке барып өздерінің хал-ахуалдарына қарай мүсəпір кедей, жетім-жесір, кем-кетіктерге қайыр, садақа беріп жақсылық іске құдайы беріп һəм əрдайым көп сауап іс қылуға жаһұт етерге керек.
Ораза біткеннен кейін айт болады. Айт деген сөз арабша қуаныш деген сөз-дүр. Ораза айт яғни оразаңың қуанышы жыл сайын 11 я 12 күн ерте келіп тұрады. Бұл турада Құрбан айтта (яғни құрбан шалғанның қуанышында) тағы да жазармыз. Құрбан айт жəне де мұсылманның жаңа жылы болады. Айт біресе қыстың күні, біресе жазғытұры, біресе жаздыгүні, біресе күздігүні болады.
Айттың болғанын қазақтар өзге мұсылмандардан гөрі айтты құттықтап, əсіресе жаздыгүні болса, тамаша қылып, қызықпен өткізеді.
Айттан бірнеше күн бұрын баршалары қимылдап даярлана бастайды. Ауылдың қонатұғын орнын ыңғайлап, кедір-бұдыр, тоғай, ағаш жоқ жерді даярлайды. Өмірі бойынша күнін жұмыскерлікпен өткізген ұрғашылар айтқа бауырсақ, шелпек нан, қымыз, айран даярлайды.
Ақсақалдар һəм орта жасаған еркектер ауылдарды аралап жүріп айттың қашан болатұғынын сұрайды я өзі айтады. Бозбалалар һəм жігіттер жүйрік аттарын жаратып мініп, кербезденіп жүреді. Қыздар ертеден кешке шейін өздеріне, аға-іні, ата-аналарына жаңа киім тігеді. Мінеки, оразаңың соңғы күні қуанышты кеш бодады. Баршалары үйден шығып көздерін сүзіп күнбатысқа қарап, əрбіреулері айды мен көрсем екен деп жаһұт етеді. Мінеки, болар-болмас көрініп тұрған күнбатыстағы айды көреді. Айдың имиіп сəулеленіп көктің шетінде тұрған көлемі соншалық жіңішке екен. Мұны көзі қырағы қазақ қана көреді. «Ай, ай!» деп көрген бақытты кісі айқай салады. Бұл адам қолымен айды көрсетеді. Бұлардың баршасы кереметті таяқпен сілтегендей-ақ тізесімен жүгініп отыра қалып қуанғанынан дұға қылады. Бұл қуаныш хабар атқан оқтай болып ауылдың бəріне мағлұм болады. Қазақтар қуанғанынан сусын, тамақтарын ішіп қарнын тойғызады. Кеш болады. Ауылдың бəрі у-шу болады. Жігіттер өздерінің жүйрік аттарын ұстап алып, түнде жаратып қояды. Сопы шалдар жылқышыларға таң сəрісімен жақын арадағы мешітке баруға атымды алып келіп бер деп отырады. Адамдардың сөйлескені, аттарының кісінеп, дүрсілдегені, түйелердің бақырғаны, қойлардын маңырап, иттердің үргенінің бəрі қосылып таңғажайып болып күңіреніп кетеді. Бұл күңіренгені алыс жайларға естіліп қазақтардың бек шаттық, қуаныштарын білгізеді.
Түн. Ауыл жым-жырт болады, бір сақ иттердің үргені болмаса жəне анда-санда күзетшінің «əй, бұ қайсың» деп айғай салған дауысы болмаса? Жəне бір жерде үйдің жанында өзінің атын сылап-сипап, мақтап сөйлеп тұрған жігіттің сөздері естіледі. Мұның ұйқысы келмейді, бұл қашан таң атар екен деп шыдай алмай өзінің күшін, жылтыңдаған һəм атының шыдамды жүйрік күштілігін сынауға күтіп тұрады.
Мінеки, таңертең. Ауылда тағы да у-шу, таңғажайып күңіренген дауыс естіледі. Ауылдың жақын жанына тегіс жерге намаз оқуға жиылады. Молда созып тұрып азаң шақырады. Намазшылар қатарланып отырып молданың айтқан сөзіне құлақ қойып, қимылдағанына қарап отырады. Намаздан кейін бір-біріне барып құтты болсын айтысады. Құрбықұрдастарымен бірігіп, топтанып ауыл-ауылды қыдырады. Шалдар шалдармен, бозбалалар бозбалалармен, жігіттер жігіттермен, қыздар қыздармен, жас келіншектермен жүріседі. Түс мезгілінде жиылыңдар деп айғай салып жігіттер құйғытыпшауып бұрыннан жиылуға даярлап қойған жайға барады. Əуелі бұлар екі топқа бөлініп орталарынан басшы сайлап алады. Бұл бір өзіне болысатұғын кісіні алады. Қыз, келіншектерді ойын тамашаға шақырып, берілетұғын бəйгілерді даярлап үлестіріп, ойын тамашаларды реттеп ұрыс-жанжалды тоқтатып баршасының мəн-жайын жайғастырып тұрады. Басшы жігіттің бұйырғаны бойынша ауылға барып қыз-келіншекті шақырады, бұларға ойын тамашаға бармаймыз деп айта қоймайды.
Бəрінен де бұрын бəйге болады. Аттарға бəйге кесіп, аттарды 20-25 я 30 шақырымдай жерге айдайды. Бəйге аттарды шабатұғын орнына шейін үш-төрт жігіт айдап барады. Бəйге аттары келгенше жиылған адамдар басшының шақыртаны бойынша аттарынан түсіп топтанысып отырады. Бұлардың алдында қатарланып белсеніп күреске түсетұғын балуандар отырады. «Балуан, балуан» деп басшы айқай салғанда топтың ішінен маңмаң басып байпаңдап екеу шығады. Бұлар біріне-бірі қадалып қарап, өздіөзінің қалай қимылдап жүргенін аңдып жүреді. Біраз тұрып бұлар ұстаса кетеді, шаңдатып күрес салады. Қай жыққандарына ат, қой көбінесе бір шаршы шүберек береді. Жығылғаны елдің бəріне күлкі болып орнына қайтып барады. Қашан балуандардың бəрі күресіп болған соң, бəрілері жиылып кім болса сонымен күрес салады. Ойын тамашаны қызықтырмақ үшін шалдарды һəм балалар түгілі қатындарды да күрестіреді. Сол мезгілде алыстан будақтаған шаң көрінеді. Біраздан соң бірінің артынан бірі аттар шауып келеді. Бұлардың алдынан қиқу салып шабысады. Шапқан аттардың сандарына қарай 3 аттан 10 атқа шейін бəйге беріледі. Бəйгеге қой, ақша, жылқы, сиыр һəм бір шаршы шүберек беріледі.
Бəйгені үлестіріп болған соң қыз қуысады, бір қорықпайтұғын қызды деген бір жүйрік атқа мінгізіп, қолына қамшы береді. Бұл қыз топтан 30 қадамдай жерге шығып барып қашады. Мұның артынан топтан шығып қызды қуып жетіп сүйсем екен деп өңмендеп жігіт қуады. Қыз бір шақырымнан екі шақырымға шейін қашады, қуған жігіттен қыз қамшымен ұрып құтылуға амал қылады. Байғұс жігітті қыз тарсылдатып ұра береді. Жігітке қыздың ұрғанынан қорғанып қамшысын тартып алуға рұхсат берілмейді. Егерде қамшысын тартып алса, онда кінəлі болса керек. Мұндай қылғаны үшін халықтың алдында ұятты болады. Қашан жігіт қызды қуып жетіп бетінен сүйіп алса, онда жігіт мəз болып қуанғанынан қайта қашады, мұның артынан батыр қыз қуады. Қыз мұны қуғанда сүйейін деп қумайды, басқа, көзге, арқасына ұрып жон терісін союға қуады.
Батыр қыздың жігіті топқа келіп жасырынып қойып кетеді. Мұнан кейін батыр қыз қорқақ жігітті қуаламайды. Мұнан соң жерден күміс теңгені алатұғын ойындар басталады. Күміс теңгені шүберекке байлап жерге тастайды. Жылпың жігіттер мықты атқа мініп топтан шығып, бірінің артынан бірі барып тұрады. Бастаңдар деп айқай салған мезгілде алдыңғы жігіт құйғытып шауып жөнеледі. Қашан шауып барып теңгенің қасына барғанда жылдам еңкейіп жерден теңгені көтеріп алады. Əлі жоқ нашар аттар үстіндегі жігіт салмағын салып еңкейгенде шаба алмай дірілдеп тоқтап қалады. Əуелгі жігіттің артынан екінші жігіт, мұның артынан үшінші жігіт іркес-тіркес шаба береді. Бұл ойынға қызыққанынан астындағы аттарына, қасындағы жолдастарына да қарамайды.
Мұнан басқа өзге ойындарды да ойлап шығарады. Көкпар тартқанды жақсы көреді. Көкпарды көбінесе кешкі салқын уақытта тартады. Бірнеше жігіт бір байға келіп күрестен, бəйгеден алған бір шаршы шүберекті сыйлап беріп, байдан қой я ешкі алады. Жігіттер малдарды бауыздап жерге көмеді, бір жігіт пəрменімен шауып келіп жерден қойды көтеріп алып қашады. Мұның артынан өзгелері қуады. Егер жігіт жылпың, мықты, астындағы аты жүйрік шыдамды болса, онда көпке шейін біресе оңға, біресе солға қарай бұлтарып шаба береді. Мұның соңынан бəрі жабылып жан-жақтан қуып жетіп, оның қолындағы көкпарын тартып алуға ойлайды. Бəрілері аттың үстінде опыр-топыр болып тартыс салады. Көбінесе нашар ат пен сөлекет жігіттер астында жығылып қалады. Бір қаншама адамдар қойға жабылып мұны борша-борша қылып бөліп алып кетеді. Мұнан жұлып алған боршаны алып тағы қашады, оны жабылып тағы қуысады. Əрбіреуі көкпардың етінен жұлып алуға жаһұт қылады. Мұны алып үйіне я халық арасындағы заңдарына қарай ақсақалдарына алып барысады. Ақсақал бай адам болса, жігітке қой я ешкі береді. Мұны тағы сойып, тағы да көкпар тартысады. Мұндай тамашалар үш күн я мұнан да көбірек болады.
«Бүгінгі күн қуанышты мереке күн. Ойнаңдар, күліңдер, көңіліңдегіні қылыңдар. Уа, шырақтарым, айтта қылғандарыңды құдай кешіреді!» деп шал жас жігіттерге айтады.

Ақбеттау елінен
Бисмилла-рахман-рахим, сіздерге мен бір ақсақалдың жақсы ниетін баян қылайын. Бірақ өкінеміз, бұл ақсақал көп жылдан бері шайтанның қожасынан үлгі алып нашар адамдарды ешбір кінəсіз қалайша алдауды, қорлық-зорлықты үйреткен еді. Бұл адам кəріліктің жақындағанын, кінəсінің көбейгенін біліп һəм бүгін болмаса ертең əзірейіл жанын алғанда есеп-қисап беремін ғой деп ойлаған еді. Əзірейілдің адам сияқтанып байлыққа қызықпайтұғынын да білген еді. Біздің бұл ақсақал мұнан қатты қорқып, əзірейілдің жан алғанынан құтылмаспын деп ойлаған еді. Біздің бұл құрметті ақсақалымыз кінəмнен тəу ба қылып жалбарынайын деп бұл дүниенің бейнетінен қашып, көз қылып Меккеге бармақшы болды. Біздің ақсақал бұл турасында қазақтар түгіл орыстарға да айтты, һəм ұлықтарға барып Меккеге баруға рұхсат бер деп көп сұранды. Біздің бұл жаңа ниетті қажымыз бүтіл қыстай үйінде тұрмай біресе елді аралап қазы-қарта, құйрықмай жеп жүрді, біресе ұлықтардан рұхсат сұрап Меккеге барамын деп тыныштық бермей қалаға барып жүрді. Бұл жаңа қажымыз атқа мінсе де, түссе де, жақсы кілемнің үстіне отырса да, ет жесе де, шай ішсе де, қалаға барса да бисмилла, о, Алла, құдай кешіре көр деп қақсап қоймас еді. Қазақтар бұған таң қалып өздеріне-өздері нанбай: «япырма-ау, осы көкжалдың құдайдан қорқып тəубе қылғаны рас па?!» деп аңыз қылар еді. Бұлар тынымсыз атқамінер ақсақал орнын тастап Меккеге кетеді екен деп қаттықуанған еді. Енді қазақтар не үшін қуанады деп жауап сұралады. Бұлардың қуанған себебі мынау еді: бұл қазақ жаман мінезі қатты, ұрыс-жанжалшыл еді, нашарларға зорлық қылар еді. Əсіресе Ақбеттау елінің қазақтары осы көкжалдың кесепатынан көп қарыздар болды. Қазақтардың қуанышы көпке жетпеген еді. Жаз болды мұнымен бірге мешкей тыю түспеген ақсақал да қайтып келіп өзінің қол астындағы қазақтардың бəрін қорқытып алды. Қазақтардың бəрі мұның мұндай тез айнығанына таң қалып, не үшін, не себептен Меккеге бармайды деп ойға жүріп, аңыз қылысты. Кейбіреу бұлайша деді: «Егерде біздің ақсақал шын көнілмен Меккеге барамын деп ойлаған болса, онда əуелі қорлықзорлық, қысымшылық көрсеткен адамдарынан кешу сұраса керек еді. Енді бұл адам Меккеге барғысы келмей жай амал қылып біздің мұнан құтылуға ынтық болғанымызды білмек үшін қулық қылған еді» дейді.
Енді бір-бірлеп аздан бəрімізге жаман болар.

Қазақтардың медресе ашқандары
Біздер жуырда естіп білдік Омбы оязының бес би-болысы ол ұлықтарға приговор беріп бұлардан рұхсат сұрапты, əрбір елден бір медресе ашуға. Қазақтар бұл ашылатын медреседе балаларын қазақша һəм орысша оқытамыз деп үміт қылып тұр. Бізге айтты үлкен ұлықтар қазақтардың бұл жақсы жаһұтын жақтырып, бұларға медресе ашуға рұхсат беріпті. Байқап қарасақ, бұл Омбы оязының қазақтарының бұл ісі бірінші, бек жақсы жаһұт көрінеді. Кім-кімге болса да осы заманда өнер, ғылымнан артық нəрсе болмас. Өнер, ғылым білген кісі азбайды да тозбайды. Қай жерде қай уақытта болса да өнерпаз, ғылымы бар адамдар күнін көреді. Сол себепті біздер қазақ халқымызға ақыл қылып айтамыз, медресе салып, балаларын оқуға беруге. Қарындастар, ақыл тоқтатып қараңыздар, оқу білгені жақсы ма, жоқ оқу білмей ақымақ болып жүрген жақсы ма?
Жуырда Омбы оязының қазақтары медресе салуға көңіл беріп қойыпты. Отын, шамынан басқа əр медресеге жыл сайын 120 теңге шығармақ болыпты. Жəне де əр медресенің ішінде балалар жатыптұратын үй жасамақ болыпты. Бай қазақтар балаларды киіндіруге һəм бұларға даярлап тамақ беруге құдайы қылып ақша береміз депті деп естідік. Егерде жай адамдар уағдада тұрып медресеге құдайы: қылып əр нəрсе берсе əр адамдарға үлгі болар еді. Көп не айтайық, жалтыз-ақ айтатынымыз, уағда құдай аты деген сөз бар. Егер бұзып, өсек айтып, партия болып ұрысталас қылып қағаздасып жатқан адамдарды бұзақы, жаман, ақылсыз адам деп білеміз. Медресе салып, бала оқытамыз деген адамдарды жақсы, ақылды адамдар деп білеміз. Біздің көңіліміз бек жақсы болып қалды, Омбы қазақтарының арасында медресе ашып, бала оқытамыз деген адамдардың табылғанына. Бұл адамдар халық пайдасы үшін жаһұт қылып һəм өзгелерге ғылым, өнер үйрен деп ақыл айтып медресеге саламыз деп тырмысып жатыр. Істің басы жақсы болса, жартысы біткенімен бірдей. Омбы қазақтары, бұл жақсы істеріңді бастаған соң бос тастамай аяқтап тастаңыздар, ынтымақпен ақылдасып жүріп. Енді сіздерден өтініп тілейтініміз, айтқан сөздерің орындарында қалмасын. Рас көңіл қойып жаһұт еткендеріңізге көз жеткізіңіздер. Шығатын шығынына қарамаңдар. Мал, дəулет ғылыммен табылады. Балаларыңа жақсы өнеге беріп, ғылым, өнер үйретсең, бұлар сіздерге бек разы болар һəм ол дүниеде де сіздерді алла тағала жарылқар. Кім-кімге болса да балаларына тəрбие беріп, бұларды оқуға бермек сын. Егерде медресе салсаңдар бұл медресе сіздерге көп пайда келтірер. Медреселер адамға білім берер. Қалайша жақсы тұрмақ жайынан, дүние турасынан һəм шаруа турасынан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *