Орыс газеттерінен алынған хабарлар

Орыс газеттерінен алынған хабарлар
Осы жыл Мекке жəне Мəдине қалаларында кісілер кеп набыт болып өлетұғын тағұн деген ауат ауруы болған себепті улұғ бастықтар бұл адамдарды сақтамақ үшін қажыға бармаққа рұқсат болмасын деп бұйрық қылды.
* * *
Мұсылмандардың өнер үйренуден жиренген тақырыпты біраз сөз жазайық. Бір бозбала жігіт көпті көрген шалдан: “Ай, ата, бұл заман жақсы ма, жоқ, бұрынғы өткен заман жақсы ма?” – деп сұрапты. Бұған шал айтыпты: “Ойбай, шырағым, бұрынғы заманның несін сұрайсың. Ол заман енді қайтып келмейді ғой. Ол бір бөлек, тыныш, арзаншылық заман еді. Ендігі заманның өзі қу заман болған, əр нөрсе, қымбат болып, береке түк те қалмады. Бұрын заманда бір қозылы қой елу тиын болушы еді. Жəне бұрынғы заманда бір жүз сом ақшасы бар адамды тіпті қатты бай деуші еді. Енді бұл заманда бір мың сом ақшасы болса да бай деп адам айтпайды”, – деп, шал айтқан соң, манағы бозбала жігіт айтыпты: “Ата, бұл сөзің бəрі бекер сөз. Бұрынғы заман жақсы емес, ендігі осы заман жақсы, – депті. – Бұрын заманда бір үй жан жалғыз үйге сыйып тұрушы еді, енді бұл заманда бір кісі он үйде жалғыз өзі тұрады. Біздің бір үй дегеніміз – қазақ үйі емес, орыс үйі, біз бұрын заманда өзі көжеге жарымағандар осы күнде шай, қант болса да оған разы болмай, орыстың бір тəтті тамақтары бар дейді, соны жесем екен дейді. Енді осыны ұят деп көрсеңіз, адам баласы бір-бірінен көріп, қай ас жақсы болса, соны тəуір көріп, соны қылғысы келеді жəне ақыл арттырады, адам баласы бір-бірінен көріп, үйреніп алмаса, жабайы адамдай болып, ешнəрсенің мəнісін білмес еді.
Енді қарасаңыз, біздің қазақтың баласы орыстың тəтті тамағымен қоса, киімдерін, күміс-алтын сағаттарына бойын жылдам үйретіп тұр. Көрсе де, орыстан ақыл алып, өнер білуге, мал табуға жолағысы келмегендері де бар, неге бұл істі қылмайсың деп айтсаңыз, ата-бабамыз қылмаған кəсіпті неге қылайық дейді. Қынама киім мен сағатты ата-бабасы кимесе де, оны пəлен-түгілен демей-ақ киеді. Бұл қынама киімдер мен жақсы тамақтарды тəуір көрген соң, орысша оқумен өнер тапса, тым жарасар еді. Өнер білген адамға мал табуы оңай. Өнер білгенмен мұсылман дінінен шықпайды. “Өнермен дүние тапса, дүниеде тұруға асан мал-жан, дүние мен ақырет табылады” деген мақал бар. Өнері жоқ адам бір жылға малайлыққа, бір қозылы қойға жалданады. Өнері бар адамдар үйінде шалқайып отырып,он қозылы қойыңды айында табады. Кісінің өнері болмаған соң, алдындағы өзіне қараған бір пайдалы істі, екінші жұрттан бір бөлек адам келіп, пайдаланып байып кетеді. Өнері жоқ адам аузын ашып қалады. Өнерман адамдар дүниенің бір шетінде тұрып, дүниенің екінші шетінде қандай жер, қандай су, қандай жұрт барын, бұл жұрт немен күн көретінін біледі. Біздің қазақтың кейбіреулері отырған ауыл, үйінің неше екенін білмейтіні жоқ емес. Бір ауылдан екінші ауылға шейін қанша жер деп сұрасаңыз, анық қылып айта алмайды. Оқыған адамдар Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүзде қанша адам бар десең де айтып береді.
Жəне қадім заманнан бұл заман артық болғанның себебін айталық. Осы заманда əр жерде мектеп көп. Оқу, өнерге үйренеді. Өнермен осы күнде от арбасы жүріп, от кемесі жиырма күншілік жерді бір күнде алады. Жəне сым темірмен бір жылшылық жерден хабарды бір күнде алады. Сіз бір жыл, жарым жыл тоқысаңыз да бітіре алмайтын бұйымыңызды машинамен бір сағатта тоқып бітіреді. Біздің қазақтың ұрғашысы бір жұма əуре болып тігіп отыратын киімдерін бір сағатта машинамен тігіп бітіреді. Жəне қадім заманда Меккеге барған адамдар бір-екі жыл жүріп келуші еді. Енді осы күнде өнерман адамдардың арқасында екі-үш айда Меккеге барып келетін болды. Біздің мұсылмандардың өнермандары тоқып шекпен қылады. Бұ шекпенді неше күн, неше жұма əуре болып тоқып бітірген соң сатып, алған ақшасы елу тиын. Орыстың өнерман адамдарының сол манағы шекпен қылған жүннен Қалған бұйымының кезі үш сом, төрт сом болады. Жəне сарттан мамық жəне бөлек бұйымдарды арзан алып, өнермен қылған машинаға салып, ситец қылып жəне өзімізге үш-төрт сом бəсін арттырып сатады.
Аяғында өзіміздің алдымыздағы шекпенімізді біздер алып, өз бұйымымызды өзіміз көп ақша беріп сатып аламыз”.
* * *
Семей қаласынан Ташкентте газет бастырып шығарушыға дұғай сөлем. Отыз бірінші июльде басып шығарған газетіңізде Ташкент қаласында ұрыларды үшкіріп бағатын молда мен бір балшының сөзін бастырып шығарған екенсіз. Сарттың ішінде ондай қу молдалардың бар екенін андасанда естуші едік. Сарттың ішінде ондай молдалар бар болса, қазақтың ішінде сіздің молдаларға ұқсаған біздің бақсы дегеніміз бар. Біздің бақсының қылған ісі молдалардан басымырақ. Сарттың қатыны молдаға жүгірсе, біздің қазақтың қатыны бақсы көрсе, жейтін асын тастап, бақсыға жүгіреді. Біздің бақсы қылған ісін əсемдеп қылады. Ел бастап ауылға келерде, ауылға барамын деп хабар жібереді. Өзі келерде анадай жерден қолына ұзын таяғын ұстап, боз атқа мініп, басына ақ сəлде салып, айғайлап жұрттың құтын алып, ауылды үш жола айналып шауып жүріп-жүріп, онан соң ауылға келіп түседі. Əне, онан соң біздің қазақтың жас келіншегі үйді шыр көбелек айналып отырып алып, тапқан, жасырғанын бақсының алдына əкеліп салып, бақсыны сөйлете бастайды. Бақсы онан соң аузына келгенін оттап-оттап, олжасын жиып алып, ауылдың қатыны көп боп, ақылы жоқ болса, ол ауылда бір-екі күн тоқтап, олжасын көбейтіп алады. Болмаса ауыл аралап, тоқтамай жəнеп кетеді. Бақсылардың өзімізге айтқаны бар: “Егерде ауылда қатын көп болый, ақылы жоқ болса, əне, сонда біздің жолымыздың болғаны” деп. Қазақтың ішінде қатынға ұқсап, бақсының қулығына иланып отырған еркек те жоқ емес. Ана жыл бір болыс болып тұрған жақсы адамымыз, қатты науқас болғанда, қос атымен бақсы алдырып қаратқан.
Сонда алдырып келген бақсы науқас боп жатқан адамның алдына еніп отырып, жынын шақырып, ішін жарып ауруын қараймын дегенде ауылдың еркегі-ұрғашысы бəрі жиылып алды. Сонда əлгі бақсы: “Ал енді, жындарым келді, ішін жарамын” деп, ішін жарған боп отырып, кенет орнынан айқай салып тұра келді. Қарап отырған жұрт шошып кетіп, “не болды?” десе, бақсы тəуір ұзын ине мен бір кішкене тасты жанында отырған отағасыға ұстатты. “Бұл не?” деп сұрағанда науқас адамның ішінен суырып алдым деп, орнынан ырғып тұрып, үйдің ішінде аунап жүгіріп, “жындарым енді қайтсын” деп, қолына домбырасын алып, таяғымен жерді төпелеп, біраз уақ өткен соң, “жындарым кетті” деп, тыншып отырып алды. Жиылып отырған жұрт: еркек, ұрғашы əлгі ине мен тасты көріп, “бұл не?” деп, бəрі таң қалып сұрағанда, “Науқас болып жатқан адамның тоқалы: “Ерім менің үстімнен тағы қатын алайын деп жүр, енді қатын алғызғанша ерімді дəрі беріп, біржолата өлтіріп қояйын” деп, ине мен тасты əлгі қатын дəрісіне малшып, еріне аспен қосып берген екен, менің жындарымның айтқан хабары осы, ішінен шығарғаным мынау” дейді. Жиылған жұрт бастан-аяқ бəрі бұл сөзге иланып отырып алады. Ертеңгісін науқас адам, бақсы олжасын жиып алып, ауылдан жөнеп кеткеннен соң, тоқалын алдына шақырып, қол-аяғын тастай байлатып алып, өзі ұра алмаған соң, біреуге сабатып, бейшара тоқалдың көрмегенін көрсетіп, енді айырып, төркініне айдатып жіберемін дегенде, өзге бір ауылдан жақсылар жиылып келіп, əлгі жөнеп кеткен бақсыға қуғыншы жіберіп алдырып, үсті-басын шешіндіріп тінтіп көрсе, бақсының тұла бойы ине мен тас екен. Сөйтіп, бейшара тоқал ұяттан əрең деп құтылып қалды.
Жазушы Байсалбай.

Біздің газетке хабар жазып тұратұғын бір кісі бізге хат жазып, газетке басып шығарсаңыз екен дейді. Жазған сөзін басып шығардық. Сөзі осы.
Адам баласы бір іске үйренсе, оны қоймайды. Апиын салатұғын адам, насыбай ататұғын адам үйренген соң оны тастамайды. Екінші, бұл жаман іс деп айтуға өзі де бармайды. Соған ұқсап біздің сарттың мектебінен көріп үйреніп кеткен соң, біздің мектептен артық мектеп дүниеде жоқ деп жүреді. Бала кіші күнінде балауыздай жұмсақ болады. Балауызды қандай қыламын десеңіз де, баланы да кіші күнінде сондай қыласыз. Кіші күнінде баланы іске үйретсеңіз, үйренген ісі өмірі барынша қалады. Сарттың мектебінде жас баланы мектепке түскен соң сарттың молдасы салған жерден таяққа үйретеді. Балалардың өкесі таяқ жемесе бала үйрене алмайды деп молдаға балаларын алып келіп береді де, молданың алдында үйреніп отырған бір үлкен балаға баласын тапсырып, баланы елден бөлекше үйретіп отырады. Екінші бірі баласын молдаға алып келіп берерде айтатұғын сөзі: “Баламды ұрыңыз, соғыңыз, адам болсын. Еті сіздікі, сүйегі менікі” дейді.
Үшінші бірі – молданың ұрған жері о дүниеде күймейді деп, “Баламды көбірек ұра көріңіз” деп өтініш қылады. Оқытқан молдалардың айтқан сөзі: “Бала таяқ жемесе, сабақ білмейді” дейді. Тағы бірі “Баланы жастан, қатынды бастан” деп, баланы ұра береді. Біздің мектепте молдалардың қылатұғын ісі осы. Молдалар балалардың əкесі “Баламды ұра көріңіз” деген себепті жалқау баланы да, жалқау емесін де үсті-үстіне бірдей ұра береді. Балаларды оқытуға отырғанда молданың алдында таяғы жатады. Молда оқытып отырғанда таяқсыз тіпті де отырмайды.
Енді біз өзімізден бір-екі ауыз сөз айтайық. Ғылым адамдардың сынап көруі бойынша баланы жас күнінде ұрып үйреткен соң баланың қадірі кетеді.
Екінші, баланы қорқақ болуға үйретіп, баланы жалғаншы, өтірікші, хайлашы қылып жібереді. Қолына таяқ алып, таяқсыз баланы үйретіп болмайды деп отырған молда өзге пайдалырақ істі қылғысы келмейді. Қолындағы таяғына сеніп, күшінің барлығын үйренген таяққа салып отырғанша, оқытып отырған балаларына жақын болып, балаларға сөз айтқанда балалардың сүйегіне жететұғын сөз айтып үйреткен тəуір болмас па еді?
Əрине, оқытып отырған молдасы балалардың бəріне тегіс болып отырса керек.
Баланың бірін кешіп, бірін кешпей отырса тағы болмайды. Бəріне бірдей болуының өзі қатты керек іс. Баланы кіші күнінен жақсылықты, жақсы көргендігінен қылуға үйретсе керек. Екінші, жалғыз таяқтан қорыққаннан жамандық қылмай, баланың өзі жамандықты жек көргеннен қылмысқа үйретсе керек. Жас күнінде жақсылық қылуға, жаман іске көңіл қоймасқа, баланың ісіне таяқпенен зорлық қылмай, аз-аздап кіші күнінен үйреткендей болмайды деп ақылды адамдар айтады. Өзіңіз ойлап қараңыз, баланы кіші күнінен таяққа үйреткеннің пайдасы бар ма? Таяқ баланың амандығына да, ақылы көбеюіне де қатты залал болады.
* * *
Ел бастап орыс жұрты қалайшасынан патша жұрты болғанын, екінші, Киев князы, үшінші, князь Егор менен оның қатыны Ольга, төртінші, князь Суетислав тақырыпты басып шығарып едік. Енді князь Уладимир тақырыпты жаздық.
Бұрынғы өткен орыс княздарының ең белгілі, жақсы адамы князь Уладимир еді.
Сол князь Уладимирдің қылған істері осы күнге шейін де орыс жұртының арасында көп айтылады. Ел бастап Уладимирдің қылған жақсы ісі – осы орыс жұртын християн дінді қылды. Орыс жұрты сол уаққа шейін құдайдың бірлігін білмей, ағаштан, екінші – тастан пұт қылып, соған табынып жəне рахмет, жəрдем сұраушы екен. Əлгі пұттан жəрдемшілік аламыз деп, өздерінің ең жақсы, қымбат тұратұғын малдарын, жұмыстарын жəне өзге нəрселерін сол пұттың алдына алып барып тұрушы еді. Киев деген қаласында Уладимирдің ордасының жанында бір Перун деген пұты бар еді. Тұла бойы үлкен ағаштан, басы күмістен, мұрттары алтыннан жасалған еді. Бұттың қолында қылыш пенен найза тұрушы еді. Жұрттар бір жамандық көріп, қорыққан уақта одан қорынайын деп, əлгі Перун деген пұттың алдына еркек бала, екінші, қыз баланы балменен таңдап, бал кімге түссе соны алып барып, құрбан қылушы еді. Əлгі князь Уладимир осы пұтқа табынбақты шариғаттан тысқары көріп, өзге жұрттардың діндерін жақсы, екінші құдайға мақұл екенін біліп жүрді. Сол уақта ол өзі бір бөлек дінге кірмекке көңіл қылыпты. Бірақ қайсы діннің жақсы, рас екенін білмей жүруші еді. Уладимир бұл ойлап, қайсы діннің жақсы, рас екенін білмей жүргені барша жұрттарға мəлім болыпты. Əрбір жұрттар өзіміздің дінімізге кіргіземіз деп, əркім өзінің дінін мақтап, ақылды адамдарын Уладимирге жіберіпті.
Ел бастап болғар жұртынан адамдар келіпті. Ол жұрттар Уолга деген судың жағасында, осы күндегі орыстың Қазан деген қаласының жақынындағы жерлерде жүруші еді.
Болғар жұртының бəрі мұсылман еді. Олар Уладимирге мұсылман бол деп айтса, Уладимир оған көнбейді.
Бірнеше уақтан соң Киев деген қаласына хазар деген жұрттан елші келіпті. Олар да Уолга деген дарияны жағалап жүруші еді. Сол жерде осы күнде Россия жұртының Астрахань деген қаласы бар. Хазар жұрты жаһуд болмаса да, жаһудтың дінін тұтушы еді. Олар Уладимирге елші жібергенде ең жақсы, белгілі адамдарын жіберіпті. Əлгі келген елшілердің əбден сөзін тыңдап болған соң, олардан сұрапты: “Сіздердің туған, өскен қалаларыңыз қайда?”деп. Жаһуд бір жауап беріпті: “Туған, өскен жеріміз мұнан алыс, Стамбул деген қаланың жағынында, бірақ біз сол жерде тұрмаймыз. Оның үшін Құдай бізді қорғап, əр жаққа таратып жіберді”. Уладимир олардың сөзіне жауап беріпті: “Өздеріңізді Құдай қорғағанымен тұрмай, бөлек жұртты да азғырып, бізбенен діндес болыңыз деп үйретесіздер, жоғалыңыз менен, аулақ, біз сіздің дініңізге кіріп Құдайдың қарғысына ұшырамаймыз” деп. “Жəне сіздерге ұқсап туған, өскен жерімізден айрылмаймыз” деп, елшілерін қайтарып жіберіпті. Бірнеше уақтан соң грек жұртынан Киев қаласына елші болып бір белгілі, ақылды кісі келіп Уладимирге айтты: қалайшасынан дүниені жаратқан, қалайша адамдарды жаратқан жəне христиан дінін əбден ұқтырып айтыпты. Екінші, жақсы адамдар өлгеннен соң құдайдан қандай рахметшілік көреді. Жəне жаман адамдар дозақта қандай азап көреді. Онан соң əлгі елші Уладимирге бір сурет көрсетті. Əлгі суреттің үстінде жазылған еді: “Қалайшасына кінəсіз адамдар рахатшылық көреді, қалайшасына кінəлі адамдар азап көреді”. Уладимир əлгі суретке қарап ұғылар айтты: “Кінəсіз адамға жақсылық бар екен” деп. Елші жауап берді: “Егерім біздің дінімізге кірсең, пейіште əлгі кінəсіз адамдарменен бірге боларсың” деп. Сөйтсе де Уладимир екі ойлы болды.
(Бұл сөздің аяғын ендігі газетте тағы жазамыз).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *