ТРОЯ ЦИКЛI
Троя тiзбегiндегi аңыз мифтер Гомердiң «Илиада» поэмасы, Софоклдың «Аякс-қамшыгер», «Филоктет», Еврипидтiң «Ифигения Авлида», «Андромаха», «Гекуба» трагедиялары, Вергилийдiң «Энеида», Овидийдiң «ҚаҺарман арулар» поэмалары мен тағы басқа туындылардан алынған үзiндiлер бойынша баяндалған.
ЗЕВС ПЕН ЛЕДАНЫҢ ҚЫЗЫ ЕЛЕНА
Ежелгi бiр ерте заманда Гиппокоонт патша даңқты Тиндарей батырды өз патшалығынан қуып жiберiптi. Тиндарей ұзақ сергелдеңнен кейiн Этолия137 патшасы Фестийдi паналаған. Фестий батырды қатты ұнатты да, өзiнiң тәңiрiдей сұлу ғажайып қызы Ледаға үйлендiрдi. Зевстiң ұлы Геракл Гиппокоонтты жеңiп, оны да, бүкiл балаларын да өлтiргеннен кейiн Тиндарей өзiнiң сұлу әйелiмен Спартаға қайта оралып, сол елге патшалық еттi.
Леданың төрт баласы болды. Ғажайып Елена мен Полидевк Леда мен найзағай құдайы Зевстен туған. Ал, Клитемнестра, Кастор Леда мен Тиндарейдiң балалары едi.
Елена ғажайып сұлу едi. Оның сымбат көркiне тең келер әйел атаулы болған жоқ. Еленаның сұлулығына тiптi әйел құдайлар да қызығатын. Оның даңқы бүкiл Грецияға таралды. Тәңiрiдей сұлулығына қызықты да, бiрде, Аттика батыры Тесей Еленаны алып қашты. Алайда Еленаның бауырлары Полидевк пен Кастор оны аман-есен құтқарып, әкесiнiң үйiне алып қайтты. Еленадан көңiлi барлар Тиндарей сарайына кезек-кезек келумен болды. Бәрi де Еленамен бас қосуға құштар едi. Бiрақ Тиндарей келген батырлардың ешқайсысына Еленаны бермедi: араларында қызғаныш туар да, бiрiн-бiрi жәбiрлеп бақытсыздыққа ұшыратар деп қорықты. Ақырында айлакер Одиссей Тиндарейге мынадай бiр кеңес бердi:
– Кiмге жұбай болатындығын сұлу шашты Еленаның өзi таңдап шешсiн, ал өзге жiгiттер оның қалаған адамына қару кезенбеуге, егер әлде бiр қатерден көмекке шақыра қалса бар күш-қуатымен қорғауға ант берсiн.
Одиссейдiң ақылын Тиндарей де мақұл көрдi. Жiгiттер де ант еттi. Ал Елена көп жiгiттiң iшiнен Атрейдiң ғажайып ұлы Менелайды таңдады.
Елена мен Менелай бас қосты. Тиндарей өлгеннен кейiн Спарта елiне Менелай патша болды. Елена сұлумен некенiң қандай қасiретке душар ететiнiн сезiнбей Тиндарей сарайында Менелай тып-тыныш өмiр өткiзiп жатты.
ПЕЛЕЙ МЕН ФЕТИДА
Атақты Пелей батыр Зевстiң ақылгөй ұлы Эак пен өзен құдайы Асоптың қызы Эгинадан туған-ды. Пелейдiң бауыры Теламон батырлардың ең ұлысы Гераклдiң досы едi. Пелей мен Теламонға күншiлдiк қызғанышпен өздерiнiң жегжат бауырларын өлтiргенi үшiн туған жұртын тастап кетуге тура келдi. Пелей шалғайдағы байлығы асқан Фтияға барған-ды. Пелейдi онда Эвритион батыр паналатып, өз қызы Антигонаға үйлендiрдi де, мекен-жайының үштен бiрiн бөлiп бердi. Бiрақ Пелей Фтияда орнығып ұзақ тұрмады. Калидонда аң аулап жүргенде Эвритионды байқаусыз өлтiрiп алды. Осыған қатты құсаланып, Фтиядан кеттi де, ақыры Иолкке барды. Иолкте де Пелей бақытсыздыққа ұшырады. Иолк патшасы Акасттың әйелi Лелейте ғашық болды да, Акастпен арадағы достықты ұмыттыруға тырысты. Пелей патша әйелiнiң бұл тiлегiн қабылдамады. Кектенген әйел небiр ғайбат сөздер айтып, қаралап, күйеуiне шағым жасады. Акаст әйелiнiң сөзiне сендi де, Пелейдi құртуға бел байлады. Пелионның орманды бөктерiнде аң аулап жүрген кезде Пелей әбден шаршап, қалғып кеткен. Акаст оның тәңiрлер сыйлаған ғажайып семсерiн жасырып қойды. Бұл семсер қолында тұрғанда Пелейге ешкiм де төтеп бере алмайтын. Құдiреттi семсерiнен айырылған Пелей ендi құриды, жабайы кентаврлар жарып тастайды деп ойлады Акаст. Бiрақ Пелейге кемеңгер кентавр – Хирон көмекке келдi. Ол батырға құдiреттi семсерiн тауып бердi. Жабайы кентаврлар жарып тастамақ болып, жан-жақтан лап қойғанда Пелей оларды семсерiмен жайқап жанына жолатпады. Басына төнген ауыр қатерден аман-есен құтылып, опасыз Акасттан кек алды. Диоскурлар – Кастор және Полидевктiң көмегiмен дәулеттi Иолктi өз қолына алды да, Акастты да, әйелiн де өлтiрдi.
Парасат алыбы Прометей ғаламат құпияны ашқанда Зевс пен Фетиданың некесiнен әкесiнен де құдiреттi ұл туып, Зевстi тақтан тайдыратынын айтқан. Фетиданы құдайлар Пелейге әйелдiкке берсе ғана олардан асқан батыр ұл туатынын да болжап қойған. Осы кеңестi құдайлар қабыл алды, бiрақ мынадай бiр шарт қойды. Пелей Фетиданы жекпе-жек күш сынасып жеңiп алатын болсын.
Гефест құдайлар шартын Пелейге жеткiздi. Пелей Фетида теңiз тұңғиығынан жүзiп келiп, жиi-жиi демалатын жар жағасындағы үңгiрге барып жасырынды да, күтiп жатты. Мiне, Фетида теңiз бетiне көтерiлдi, үңгiрге кiрдi. Пелей тұтқиылдан тап бердi де, қызды құдiреттi құшағына қаусырды. Фетида босанып шығу үшiн барынша арпалысты. Арыстанға да, жыланға да, суға да айналды. Бiрақ Пелей босатпады. Жеңiлген Фетида ақыры Пелейге тиюге мәжбүр болды.
Кентавр Хиронның кең үңгiрiнде құдайлар бас қосып, Пелей мен Фетиданың некелесу салтанатын тойлады. Той дастарқаны соншалық бай да сәндi болды. Олимп құдайлары түгел қатысты. Аполлонның алтын кифарасынан ғажайып әуендер төгiлдi. Осы әуенге қосылып жыршылар Пелей батыр мен әйел тәңiрi Фетиданың болашақ ұлына бұйыратын ұлы абырой даңқты мадақ еттi. Құдайлар тойлай бердi. Бапшылар (оры), хариталар, жыршылар әнiмен, Аполлон сазымен шырқ үйiрiлiп, сауық-сайранды қыздыра түстi. Бұлардың iшiнде әсiресе, өзiнiң асқан сұлулығымен арбаушы Афина мен өрiмдей жас Артемида ерекше көзге шалынды. Бiрақ бәрiбiр әйел тәңiрi Афродитаның көркiмен ешкiм де тең түсе алмады. Хорға қиялдай ұшқыр, құдайлар хабаршысы Гермес, қанды қырғынды бұл жолы мүлдем ұмытып, сұрапыл соғыс құдайы Арес те қатысқан. Құдайлар неке тойының иелерiне көл-көсiр сыйлықтар бердi. Хирон Пелейге сабы Пелион тауында өскен, темiрдей қатты, үйеңкi ағашынан iстелген өзiнiң найзасын тарту еттi. Теңiздер әмiршiсi Посейдон аттар, өзге құдайлар ғажайып сауыт-саймандар сыйлады.
Құдайлар барынша көңiл көтердi. Тек араздық құдайы Эрида ғана неке тойына қатыспады. Алайда ол Хирон үңгiрi маңында жападан-жалғыз қыдырып жүрiп, терең ойға шомды. Тойға шақырмағаны үшiн қатты өкпелеген. Ақыры, ойлап-ойлап құдайларды өзара жанжалдастырып, өш алудың жолын таптыө ол алыстағы Гесперидалар бағынан жалғыз алтын алма жұлып алды да, сыртына «Асқан сұлу аруға» деп, бiр ауыз сөз жазды: Эрида ешкiмге көрiнбей той дастарқанына келiн, алтын алманы стол үстiне бiлдiртпей қойып кеттi.
Алманы көрiп, құдайлар орындарынан көтерiлдi, жазуға көз жiбердi. Сонда әйел құдайлардың iшiнде ең сұлуы кiм? Ойламаған жерден егес туды. Зевстiң әйелi Гера, жаугер Афина, алтын шашты махаббат құдайы Афродита үшеуi бiрдей таласты. Әрқайсысы тек өзiн ғана ең сұлумын деп есептедi де, алтын алмадан дәмеленiп, бiрiне-бiрi бергiсi келмедi. Әйел тәңiрлер құдайлар мен адамдар патшасы Зевске жүгiнiп, өзара осы таластарына төрелiк айтуын күттi.
Зевс төрелiк айтудан бас тартты. Ол алманы Гермеске бердi де, әйел құдайларды Трояның шетiндегi Иданың биiк беткейiне бастап апаруға әмiр еттi. Онда Троя патшасы Приамның ұлы Парис кездеседi, алтын алмаға әйел құдайлардың қайсысы ие болатынын, ең сұлуы кiм екенiн сол шешуге тиiс едi. Пелейдiң неке тойы әйел құдайлар арасында осындай араздық туғызып, тарқады. Бұл жанжалдан адамдар қисапсыз қайғы-қасiрет шегетiн болды.
ПАРИСТIҢ ТӨРЕЛIГI
Қиялдай жүйткiп Гермес Ида беткейiне қарай ұшып келедi. Соңында үш бiрдей әйел құдай. Приам патшаның баласы Парис бұл кезде табын соңында жүр едi. Шешесi Гекуба оған босанар алдында сұмдық түс көрген. Түсiнде Троя түгел өртенiп барады екен. Гекуба қатты үрейленiп, көрген түсiн күйеуiне айтып берген. Приам түс жорушыға барып, әйелiнiң түсiн жорытқанда ол: Гекуба ұл табады, сол ұлы Трояның құруына себеп болады деген екен. Сондықтан да Приам әйелi босанған бойдаақ, Гекубаның бауырындағы шарананы Ида жотасындағы қалың тоғайға апарып таста деп, қызметшiсi Агелайға әмiр еткен. Бiрақ Приамның ұлы өлген жоқ, оны ұрғашы аю асырады. Бiр жылдан кейiн Агелай тауып алды да, өз ұлындай бауырына басып, Парис деген есiм бердi. Парис бақташылар арасында жүрiп, тамаша жiгiт болып өстi. Жыртқыш аңдар мен қарақшылардан малын ғана емес, жолдастарын да жиi-жиi құтқарып жүрдi. Сол жүректiлiгi мен қуаттылығы үшiн достары оны Александр (жеңiмпаз еркек) деп атады. Парис Ида орманында тып-тыныш өмiр сүрдi. Өз тағдырына ол дән риза едi.
Әйел құдайлар мен Гермес, мiне, ендi Париске келiп тұр. Парис оларды көргенде шошып кетiп, қаша жөнелмек едi. Бiрақ қиялдай жүйрiк Герместен кiм құтылмақ? Гермес қуып жеттi де, еркелете тiл қатып, алтын алманы ұсынды.
– Парис, мынау алманы қолыңа ал, – дедi ол. – Қарсы алдыңда тұрған үш әйел тәңiрiсiн көрдiң ғой. Алманы осылардың iшiндегi ең сұлуына бер. Әйел құдайлардың таласына төрелiк айтуды Зевс саған тапсырған.
Парис абыржып қалды да, әйел құдайларға қарады. Сұлудың сұлуы қайсы – ажырата алар емес. Әйел құдайлардың қай-қайсы да алтын алманы тек өзiне ғана берудi дәлелдеп, жас жiгiттi сендiруге тырысады, керемет сыйлықтар беремiз деп уағда етедi. Гера Еуропа мен Азияны түгел сыйлап, әскери даңққа – жеңiс даңқына бөлемек. Афродита жер пендесi әйелдерiнiң ең сұлуын ұсынды. Найзағай құдайы Зевс пен Леданың қызы Еленаны бермек. Афродита сыйлығын естiген сәтте Парис ұзақ ойланып тұрмастан, алтын алманы оның алақанына қондыра қойды. Сөйтiп, Парис сұлулардың сұлуы Афродита деп таныды. Осыдан бастап Парис махаббат тәңiрiсi Афродитаның сүйiктiсiне айналды. Афродита оған қандай жағдайда да көмекке келдi. Гера мен Афина болса Паристi өлердей жек көрiп, қастық ойлады. Троямен қоса олар бүкiл троялықтарды жек көрдi, қаланы да, бүкiл халықты да құртпақ болды.
ПАРИСТIҢ ТРОЯҒА ОРАЛУЫ
Әйел құдайлармен кездескеннен кейiн Парис Ида орманында ұзақ бөгелмедi. Приам өз зайыбы Гекубаның жоғалған ұлын жоқтап қаншалық қасiрет шегiп жүргенiн бiлетiн. Өзi өлдi деп есептеген ұлын еске түсiрiп, әйелiнiң қасiретiн сейiлту үшiн ол бiр үлкен сауық-сайран өткiздi. Жеңiмпаздарға бәйгеге Приам патшаның ең жақсы, ең iрi бұқасы тiгiлдi. Бұл бұқа Парис бағатын сиырлар табынында едi. Өзi өте жақсы көретiн бұқасын қимай, Парис оны қалаға өзi алып келдi. Трояда батырлар сайысын тамашалады. Мен де қатысып жеңiске жетсем деген бiр керемет құштарлық биледi оны. Ақыры, ол сайысқа қатысып, бәрiн де, тiптi құдiреттi Гектордың өзiн де жеңiп кеттi.
Приам балалары намысқа булығып, қайдағы бiр бақташыдан жеңiлiп қалғандарына қорланды. Приамның Дейфоб деген баласы тiптi семсерiн суырып, Паристi өлтiрмек те болды. Зәресi ұшқан Парис қаша жөнелдi. Барып Зевс михрабына тығылды. Михрабта оны Приамның көрiпкел қызы Кассандра байқап қалды да, бақташының кiм екенiн бiрден-ақ таныды. Приам мен Гекуба баласының табылғанына соншалықты қуанып, зор салтанатпен сарайға ертiп келдi. Кассандра әкесi Приамға Парис Трояның күйреуiне себепкер болады деген жазмыш болжауын ескертiп, қаншама сақтандырса да, құлақ аспады. Аполлон тәңiрi Кассандра тағдырын бiр қасiреттi хал-күйге телiп қойған екен: оның болжамы үнемi дәл келiп тұрса да, бәрiбiр оған ешкiм де сенбедi.
ПАРИСТIҢ ЕЛЕНАНЫ АЛЫП ҚАШУЫ
Парис өз әкесi Приамның үйiне келгенiне бiраз күн өткен. Өмiрiнде болған зор өзгерiстердiң әсерiнен ол Афродитаның алтын алма үшiн берген уағдасын да ұмытып кеткен. Қазiр бұл ешкiмге елеусiз бақташы бала емес, даңқы асқан патша мырзасы. Бiрақ күндерде бiр күн Афродитаның өзi ғажайып сұлу Еленаны есiне түсiрдi де, өз сүйiктiсiне қол ұшын берiп, керемет бiр кеме жасап алуына көмектестi. Кеме бiткеннен кейiн Парис Спартаға – Еленаның елiне жол тартпақ болды. Ажалың осыдан болады деген Приамның көреген ұлы Геленнiң сақтандыруына да Парис құлақ асқан жоқ. Ол ештеңенi де тыңдағысы келмедi. Кемесiне мiндi де шетсiз-шексiз теңiзбен шалғай сапарға бет түзедi. Паристiң ұшқыр кемесi туған жағалаудан алыстап бара жатқанын көргенде Кассандраның кеудесi үрейге толды. Ол екi қолын аспанға жайып:
– О, қасiрет, қасiрет, ұлы Трояға да, бiздiң бәрiмiзге де қасiрет төндi! Көрiп тұрмын: қасиеттi Илионды жалын шарпып, қанға бөккен ұлдары әне табытта жатыр! Жат жерлiктердiң күңiне айналған Трояның қызкелiншектерiн де көрiп тұрмын! – деп күңiрендi.
Кассандраның бұл зарына да ешкiм құлақ асқан жоқ.
Паристi де ешкiм тоқтатпады.
Ол бiрте-бiрте алыстап жүзе бердi, жүзе бердi. Теңiзде кенет қатты дауыл көтерiлдi. Паристi дауыл да тоқтата алмады. Ол байлығы асқан Фтия мен Саламин, Микеныдан да өтiп, ақыры Лакония жағалауына жеттi. Эврот сағасына келiп кемесiн тоқтатты да, досы Энейдi iлестiрiп жағаға шықты, сосын ешбiр жат пиғылы жоқ бейкүнә қонақ ретiнде патша сарайына бет түзедi.
Менелай Парис пен Энейдi жылы шыраймен қарсы алды. Қонақтар құрметiне мол етiп дәм дайындатты. Парис тағам үстiнде ғажайып Еленаны бiрiншi рет көрдi де, жер басқан пенделерде кездеспейтiн сұлулығына қызығып, көз аудармастан қарады да отырды.
Паристiң көркi Еленаны да елiктiрдi: өзiнiң қымбатты да сәндi шығыс киiмдерiмен бұл да соншалықты келiстi, сұлу көрiнген. Арада бiраз күн өттi. Менелайдың Критке баруы керек. Жүрер алдында Еленаға қонақтар күтiмiн қатты тапсырды. Бәрi де мол болсын, көңiлдерi де жай болсын. Менелай бұл қонақтарынан ешқандай зұлымдық күтпеген едi. Менелай жөнелiсiменақ, Парис шұғыл өз ойын iске асыру төңiрегiнде толғанды. Афродитаның көмегi арқылы, жылы-жылы сөздермен аялап, ғажайып Еленаға құштарлық тiлегiн бiлдiрдi. Некелi күйеуiнiң үйiн тастап, Трояға өзiмен бiрге қашуын өтiндi. Парис тiлегiне Елена қарсы тұра алмады. Парис ғажайып сұлу Еленаны жасырын әкеп кемесiне отырғызды да, алып қашты. Менелайдың әйелiн ғана емес, қазынасын да ала кеттi. Елена бiр ғана Парис үшiн күйеуiн де, туған мекенi Спарта мен өзiнiң туған қызы Гермионаны да – бәрiн де тәрк еттi.
Паристiң байлыққа толы кемесi Эврот сағасынан шығып, теңiз толқынында тербетiлiп, жағалауларына қарай заулап келедi. Жер сұлуларының сұлуы Еленаның жанында отырып, Парис керемет шаттыққа бөлендi. Жағадан бiржола алыстап, ашық теңiзге шыққан кезде құдiреттi теңiз тәңiрiсi Нерей кенет кеменi тоқтатты. Ол теңiз тұңғиығынан жүзiп шықты да, мынадай болжам айтты: Парис те, бүкiл Троя да құрып, опат болуға тиiс. Парис пен Елена абыржып қалды. Бiрақ Афродита олардың қауiптерiн сейiлтiп, Нерей болжамына құлақ қоймауға кеңес бердi. Афродитаның жебеуiмен Парис кемесi қауiпқатерсiз тыныш үш күн жүздi. Оңнан ескен жел кеменi зымырата айдап, Троя жағасына аман-есен жеткiздi.
МЕНЕЛАЙДЫҢ ТРОЯҒА ҚАРСЫ СОҒЫСҚА ДАЙЫНДАЛУЫ
Ғажайып Елена оспадар Париспен Менелай сарайынан қашып шыққан бойда құдайлар өз хабаршысы Ириданы Криттегi Менелайға жөнелткен. Ирида құлпырма қанаттарын қағып, құдайлар тұрған Олимптен самғай заулады да, қас қағымда Менелайға жетiп, басына түскен бақытсыздықты түгел хабарлады. Менелай асығып-үсiгiп қайтуға дайындалды. Спартаға да ол шұғыл жеттi. Еленаның алдап соққанына, сонымен бiрге бар қазынасын ала кеткенiне көзi жеткен ол ашу мен ызаға булығып, тұлын тұтты. Сол сәтте-ақ өзiнiң ағасы Агамемнонға барып, залымдығы үшiн Паристен қалай кек қайтару туралы кеңестi. Агамемнон қиын-қыстау күн туғанда бүкiл күш-жiгерiмен көмек көрсетпек болып бiр кезде ант-су iшкен батырларды түгел жинап, Трояға қарсы соғысқа аттануға ақыл қосты. Менелай ағасының ақылын мақұл көрдi, Агамемнонға iлесiп, Пилостағы кәрi Нестор патшаға барды.
Қарт Нестор гректер арасындағы ақылмандардың бiрi едi. Ол өзiнiң ұзақ өмiрiнде талай даңқты жорықтарға қатысқан. Нестордың әскери iстердегi тәжiрибесi де мол болатын.
Нестор Менелай мен Агамемнонды көңiлдi қабылдады. Паристың қылығына қария Нестор қатты қапаланды. Трояға қарсы жорыққа ұлдары Фразимед пен Антилохты ертiп, өзi де аттануды ұйғарды. Ол Атридтермен бiрге бүкiл Грекия батырларын аралап, оларды жорыққа қатысуға үгiттемек боп келiсiм бердi.
Көптеген батырлар жорыққа аттануға бел буды. Олардың қайсыбiрiн бiр кезде берген анты мәжбүр етсе, кейбiреулерiн соғыста жасалар ерлiкке деген құмарлық құлшындырды. Трояға қарсы баруға Аргос патшасы, құдiреттi Тидейдiң баласы, күш жағынан Арес құдаймен тең түсетiн Диомед те баратын болды. Эвбея патшасының ұлы кемеңгер Паламед, құдiреттi Миностың немересi Крит патшасы Идоменей, Гераклдiң досы Филоктет те келiсiм бердi, Геракл өлер алдында өз жебелерiн осы Филоктетке аманат еткен едi. Балгердiң айтуынша, бұл жебелерсiз Трояны алу мүмкiн емес. Бұл жорыққа екi Аякс қатысты: Гераклдiң досы Теламонның баласы, Саламин патшасы, батырлардың iшiнде күш жағынан теңдесi жоқ Аякс пен Локридадағы138 Ойлей батырдың ұлы Аякс, тағы да көптеген басқа батырлар жорыққа қамданды. Бұл жорыққа Итака патшасы Лаэрттiң ұлы, айлакер Одиссейдi қатыстыру қажет болды. Одиссейдiң Итаканы тастап кеткiсi келмедi. Ол Пенелопа сұлуға жақында ғана үйленiп, ұлы Телемах туғалы да көп болған жоқ едi. Бейбiт өмiрiн, ыстық махаббатын арнаған жанжары мен ұлын тастап, сонда сонау Трояның түбiне жүзiп кетпек пе? Мүмкiн бұл жорықтан қайтып оралмас та. Итакаға Менелай мен Агамемнонның, Нестор мен Паламедтiң келгенiн бiлген бойда Одиссей оларды алдамақ болды. Ақылынан алжасқан адам құсап, соқаға өгiз бен есек жегiп алды да, өзiнiң егiстiк жерiн жырта бастады, жыртылған жерге тұз септi. Одиссейдiң алдап жүргенiн алдымен Паламед бiлiп қалды да, оғаш қылығын өзiне қайткенде де мойындатуға тырысты. Ол құндақтаулы кiшкене Телемахты алып келдi де, Одиссей жыртып келе жатқан соқаның үстiне жатқыза қойды. Одиссей тұра қалды. Итакадан кетпеуге қаншама тырысқанмен, ол үшiн жалғыз ұлын өлтiруге болмайды ғой. Паламед Одиссейдiң қулығын осылай әшкерелегеннен кейiн, ол амалсыздан туған Итакасын да, әйелi мен баласын да тастап, ұзақ жылдарға Троя қабырғасына кетуге мәжбүр болды. Содан былай қарай Одиссей Паламедтi мейлiнше жек көрiп, жорыққа қатысуға мәжбүр еткенi үшiн кек қайтаруға тырысып бақты.
АХИЛЛ
Бұл жорыққа тағы бiр хас батырды қатыстыру қажет болды. Ол Пелей патша мен әйел құдай Фетиданың ұлы жас Ахилл едi. Калхас балгер Атридтерге егер жорыққа Ахилл қатысса ғана ұлы Троя алынады деген болжау айтқан. Тағдыр Ахиллге өшпес даңққа бөленудi жазған. Ол Троя түбiндегi шайқаста батырлардың ең ұлысы болуға тиiстi едi. Ахилл ұлы ерлiктер жасайды, бiрақ Троя түбiнен тiрi оралмайды, кемелiне келген нағыз дер шағында сұғанақ жебеден қаза табады. Ұлына тағдырдың не жазып қойғанын Фетида құдай бiлетiн-дi. Қатал тағдырдан баласын қағыс өсiруге Фетида бар күшiн салып баққан. Ахиллдiң тiптi нәресте кезiнде-ақ денесiн мәңгiлiк жүзiммен сылап, тәнiне ештеңе дарытпау үмiтiмен, тiптi оны бiржола ажалсыз ету үшiн жанып тұрған отқа да ұстады. Бiрақ Фетида Ахиллдi отқа қаңтап отырғанда бiр түндерi Пелей оянып кеттi. Отта жатқан баласын көрiп, жаны тұршiккен Пелей семсерiн суырып алды да, Фетидаға тұра ұмтылды. Зәресi ұшқан әйел тәңiрi сарайдан қашып шығып, әкесi Нерейдiң теңiз тұңғиығындағы тұрағына барып жасырынды. Пелей Ахиллдi өзiнiң досы кентавр Хиронның тәрбиесiне бердi. Хирон Ахиллдi аюдың миымен, арыстанның бауырымен тамақтандырды. Ол аса қуатты батыр болып өстi. Алты жасында ақырған арыстандар мен қабандарды өлтiрдi. Жүйiрiктiгi мен ұшқырлығы соншалық, ол бұғыларды итсiз-ақ жаяу қуып жетiп, ұстап ала беретiн. Қару пайдалануда Ахиллге ешкiм тең келе алмады. Хирон оны әсем әуендi кифарада ойнауға, ән салуға үйреттi. Фетида да ұлын естен шығарған жоқ, теңiз тереңiнен жүзiп шығып, баласымен жиi-жиi көрiсетiн, үнемi оған қамқорлық жасап жүретiн.
Ахилл тамаша жiгiт болып ер жеткен кезде бүкiл Грекияға Менелай Трояға қарсы жорыққа батырлар жинап жатқандығы жайлы хабар тарады. Ахиллдi қандай тағдыр күтiп тұрғанын бiлетiн Фетида Скирос139 аралындағы Ликомед патшаның сарайына апарып жасырды. Ол жерде Ахилл патша қыздарымен бiрге қызша киiнiп жүре бердi. Оны қайда жасырып қойғанын ешкiм бiле алмады. Тек балгер Калхас қана Ахилл жасырынған жердi Менелайға ашып қойды. Одиссей мен Диомед бөгелместен жолға шықты. Одиссей мынадай бiр қулық ойлап тапты: Диомед пен Одиссей көпес болып Сюиросқа келдi де, Ликомед сарайына барды. Олар патша қыздарының алдына неше түрлi асыл жиҺаздарды жайып тастады: көз жауын алар сан алуан маталар, алтын алқалар, сырғалар, алтынмен кестеленген жамылғыштар, ал олардың аралығына семсер, дулыға, қалқан, қанжар мен сауыт қойды. Патша қыздары алтын жиҺаздар мен қымбат металдарға сұқтана, қызыға қараса, ал олардың арасында тұрған Ахилл тек қару-жараққа ғана назар аударған. Кенет сырттан сарай маңынан әскери бұйрықтар естiлiп, керней даусы, қару-жарақ салдыры жеттi. Бұл қалқанға семсердi соғып, салдыратып әскери бұйрық берiп тұрған Диомед пен Одиссейдiң серiктерi едi. Патша қыздары қорыққаннан тым-тырақай қаша жөнелдi. Ал, Ахилл семсер мен қалқанды ала салып, жауға қарсы ұмтылды. Ол Ликомед сарайына жау шапқан екен деп ойлаған едi. Одиссей мен Диомед Ахиллдың сырын осылай ашты.
Трояға қарсы соғысқа баруға Ахилл зор қуанышпен келiсiмiн бердi. Ахиллмен бiрге оның адал досы Патрокл, кемеңгер қарт Феникс те аттанды. Бiр кездерi әйел тәңiрi Фетидаға үйлену тойында құдайлар сыйға тартқан сауыт-сайманды Пелей ұлына бердi, Хирон сыйлаған найза мен Посейдон берген атты да ұлына тарту еттi.
ТРОЯ
Грекия батырлары соғысуға жиналған Троя ұлы да құдiреттi ел едi. Трояның iргесiн қалаған Зевс ұлы Дардан мен плеядалар140 әулетi Электраның шөбересi Ил болатын. Дардан Аркадиядан Тевкр патшаға келген. Тевкр Дарданға әйелдiкке қызын, онымен қоса жерiнiң бiр бөлiгiн бередi. Кейiн бұл жерге Дардания қаласы салынады. Дарданның немересi – Трос, Тростың ұлы – Ил. Бiр күнi ол Фригиядағы батырлар бәсекесiне қатысады да, бiрiнен соң бiрiн тiзе бүктiрiп, барлығын да жеңiп шығады. Бәйгесiне елу қыз, елу жiгiт алады. Фригия патшасы сонымен қатар оған ала сиыр бередi де, осы сиырдың соңынан ерiп жүре бер, сиыр қай жерге барып тоқтаса, сол жерге қала тұрғыз дейдi. Патшаның айтуынша сәуегейлiк кiтапта бұл қаланың ұлы даңққа ие болатындығы жазылыпты-мыс. Ил айтқанды орындап, сиырдың соңынан ере бердi, ал сиыр әйел құдай Атэнiң төбешiгiне барып тоқтады. Ил дәл осы төбенiң үстiне қала тұрғыза бастады. Ол екi қолын аспанға жайып, найзағай құдайы Зевске құлшылық еттi. Бастаған iсiн қолдайтын бiр нышан бiлдiруiн өтiндi. Таңертең ол шатырынан шыққан кезде Афина-Палладаның ағаштан ойып жасалған суретiн көрген. Жаңа қаланың қорғаншысы болуға тиiстi палладийдiң өзi осы едi. Ил патшалық құрған кезiнде қаланың тек төбедегi бөлiгi қоршалып, ал етек жағы қоршау-қорғансыз тұрды. Құдайлардың қалауы бойынша, Илдiң ұлы, Трояның патшасы Лаомедонттың қол астында қызмет етуге тиiстi Посейдон мен Аполлон ғана қаланың төменгi жағының қабырғасын қалады. Трояны айнала қоршап Посейдон мен Аполлон мұқалмас мықты қамал соғыпты. Қамалды тек бiр жерiнен ғана бұзып өтуге болады, ол тұсты құдайларға көмек көрсеткен батыр Эак қалаған.
Грекия батырлары Трояға қарсы жорыққа әзiрленiп жатқан кезде, Трояны билеп тұрған Илдiң немересi Приам едi. Зевс ұлы Геракл Трояны жаулап алғанда Лаомедонт патшаның балаларынан тiрi қалғаны да тек Приам болды. Приам асқан бай едi. Әйелi Гекуба екеуi аса сәндi, салтанатты сарайда тұратын. Елу ұлы мен қыздары да өздерiмен бiрге тұрды. Приам ұлдарының арасында ер жүректiлiгi, ерен күшiмен даңқы шыққан мейiрiмдi Гектор болды.
Троя құдiреттi де күштi ел едi. Жаугер троялықтарға қарсы жорықта грек батырларының алдында зор қиындықтар тұрған, ал троялықтарды жеңiп, қаланы алғандар мол байлық пен өшпес даңққа кенелетiнiне еш күмән жоқ едi.
ГРЕКИЯ БАТЫРЛАРЫ МИЗИЯДА
Грекияның барлық батырлары мен олардың әскерлерi Авлида айлағына жиналды, сол арадан теңiзбен жүзiп Троя жағалауларына бармақ. Теңiз жағасына жер қайысқан әскер топталды. Әскер қатарында жүз мың141 қарулы жауынгер бар едi. Бұлар 1186 кемемен Троя түбiне жетуi керек. Аттанар алдында барлық әскербасылар мен ұлы батырлар жұз жасаған шетен ағашының көлеңкесiне жиналып, михрабтар жанында құдайларға құрбандық шалды, жүзу сапарының сәттi болуын тiледi. Кенет бiр михрабтың астынан қып-қызыл, сұмдық бiр жылан шыға келдi. Зор денесi сақинадай шығыршықталып, ирелеңдеп барды да, шетен ағашының басына өрмелеп көтерiлiп кеттi. Ағаштың ұшар басындағы ұяда сегiз балапанымен құс отыр екен. Қызыл жылан сегiз балапанымен қоса сол құсты жұтып жiбердi де, өзi тасқа айналды. Ағаш астында аң-таң болып батырлар тұр. Бұл құдайлар аңғартқан нендей нышан екенiн түсiне алмай дал болды. Алайда сәуегей Калхас бұл ишараттың мәнiсiн ашып бердi. Жылан тоғыз құсты жұтты, демек Трояны тоғыз жыл қоршап, оныншы жылға кеткенде орасан зор ұлы қаланы қиыншылықпен аласыңдар, дедi ол батырларға. Гректер Калхастың сөзiне қатты қуанды. Жорықтың ақыры сәттi аяқталатынына әбден сенiп, кемелерiн суға түсiрдi. Авлида айлағынан кемелер бiрiнен соң бiрi аттанып жатты. Ескекшiлер ұжымдаса есiп, гректер флоты Азия жағалауларына қарай бет алды.
Бiраз уақыт жүзгеннен кейiн олар Мизия жағалауына жетiп тоқтады. Бұл жердi Гераклдiң ұлы Телеф батыр билейтiн. Ал гректер Троя жағалауына келдiк деген сенiммен Телеф иелiгiн ойрандай бастады. Телеф әскерлерiн өзi бастап, иелiгiн қорғауға шықты. Қанды қырғын соғыс басталды.
Ұрысқа өзiнiң жан аяспас адал досы Патроклды ертiп Ахилл кiрiстi. Патрокл жараланып қалды, бiрақ ол жараланғанына қарамастан Ахиллмен үзеңгiлесiп ерлiкпен соғыса бердi. Ақыры Ахилл әзер дегенде Телефтi қашуға мәжбүр еттi.
Түн қараңғылығын пайдаланып Телеф қалаға қашып барып, бекiнiп алуға мүмкiндiк тапты. Таң ата ертемен гректер қаза болған жауынгерлердiң мәйiттерiн жинай бастағанда, өздерiнiң соғысқандары троялықтар емес, Гераклдiң ұлы Телеф патшалық құрып тұрған мизиялықтар екенiн бiр-ақ бiлдi.
Гректер қатты қапаланды. Олар дұшпандарын емес, өздерiнiң одақтасымен соғысыпты. Гректер Телефпен бiтiм жасасты, Телеф көмектесуге уәде бердi. Бiрақ олармен бiрге Трояға барудан бас тартты. Өйткенi, әйелi Приамның қызы едi, өз әйелiнiң әкесiне қарсы соғысқысы келмедi.
Ұрыста қаза тапқандарды жерлегеннен кейiн, гректер Мизияны тастап, Троя жағалауларына қарай жүзiп кеттi. Ашық теңiзге шыққан кезде олардың флоты сұрапыл дауылға тап болды. ҚаҺарлы теңiз толқындары көкке атылды. Дауыл гректер кемелерiн жаңқадай үйiрдi. Олар бағытынан жаңылып қалды. Ақыры теңiзде ұзақ уақыт адасып жүрiп, Авлидаға қайтып оралды. Жақында ғана өздерi шыққан айлаққа грек кемелерi бiрiнен соң бiрi қайтып келе бастады. Жорыққа шыққан олардың бiрiншi сапары сәтсiз аяқталды.
ГРЕКТЕР АВЛИДАДА
Еврипидтiң «Ифигения Авлидада» трагедиясы бойынша баяндалған.
Кемелер Авлидаға қайтадан жиналып болғаннан кейiн, гректер олардың бәрiн сүйреп жағаға шығарды. Жағалауда зор әскери лагерь топталды. Батырлардың бәрi бiрдей Авлидада қалған жоқ. Көпшiлiгi үйлерiне қайтты. Бүкiл әскердiң қолбасшысы Агамемнон да кетiп қалды. Трояға қарсы жорықтың ендi қашан басталатынын ешкiм де бiлмедi. Гректерге не iстеу керек? Троя жағалауларына адастырмай алып баратын жолбасшы бiреу керек болды. Жақында ғана өздерi сiлкiлескен Телеф қана ол жолды көрсете алады. Ұрыс кезiнде Ахилл Телефтi жамбасынан жаралаған-ды. Телеф қалай емделсе де жарасы еш жазылмай-ақ қойды. Тiптi бұрынғыдан да асқынып, есiнен тандырды. Ақыры, әбден титықтаған Телеф Дельфыға барды да, жарасын немен емдеу керектiгiн Аполлоннан сұрады. Пифия Телефтi кiм жараласа, тек сол ғана жаза алады деп жауап бердi. Қайыршыша алба-жұлба киiнiп, балдаққа сүйенiп, Телеф Микеныға Агамемнон сарайына келдi. Патшадан Ахиллдi өзi салған жараны өзi емдеп жазуға көндiруiн өтiнбек. Телефтi бiрiншi көрген Агамемнонның әйелi Клитемнестра болды. Телеф өзiнiң кiм екенiн Клитемнестраға айтқан. Әйел оған бiр ақыл бердi: Агамемнон есiктен кiре бергенде ұлы, нәресте Орестi бесiктен көтерiп ал да, құрбан шалатын жерге алып бар, егер Агамемнон жарасын жазуға көмектеспесе, баланың басын тасқа жаншамын деп қорқыт. Телеф Клитемнестраның айтқанын iстедi. Ұлын өлтiредi екен деп Агамемнон шошып кеттi де, көмектесуге келiстi. Оның үстiне Трояға жолды тек Телеф қана көрсете алатын болғандықтан Агамемнон аянбай шын пейiлiмен жәрдемдестi. Ол Ахиллге өкiлдер жiбердi. Ахилл таң қалды: ешқандай дәрiгерлiк өнерден хабары жоқ, қалай емдеп жазбақ? Бiрақ батырлардың iшiндегi ең кемеңгерi Одиссей қалай емдеудiң жолын айтып бердi. Телефтi жаралаған найзаның ұшынан алынған темiр ұнтағын жараға себу керек дедi. Сол жерде-ақ Ахилл найзасының ұшынан темiр қырып алып, Телефтiң жарасына сеуiп едi, жара жазылып кеттi. Телеф қатты қуанды да, жарасын жазғаны үшiн флотты Троя жағалауына бастап баруға келiстi, бұған дейiн оны ешкiм көндiре алмай қойып едi.
Жол бастаушы табылды, бiрақ гректер Авлидадан аттана алмады: жел оңынан бiр шықпай-ақ қойды. Қасиеттi бұғысын өлтiргенi үшiн әйел құдай Артемида Агамемнонға ызалы, желдi терiс соқтырып тұрған да сол едi. Жел бағытын өзгертедi деп батырлар құры босқа күтумен сарылды, ол ерегесiп бiр бағытта соқты да тұрды. Ермексiз жатқан батырлардың iштерi пысып, зерiге бастады. Лагерьде ауру басталды, жауынгерлер арасынан наразылық күңкiлдер шығуға айналды. Көтерiлiс шығып кете ме деген де қорқыныш туды. Ақыры, сәуегей Калхас грек көсемдерiне:
– Агамемнонның қызы Ифигения сұлуды құрбандыққа шалса ғана әйел құдай Артемиданың гректерге рақымы түседi,– дедi.
Авлидаға келген бетте мұны естiген Агамемнон қатты қайғырды. Қызының өмiрiн сақтап қалу үшiн, тiптi Трояға қарсы жорыққа шығудан бас тартуға да әзiр едi. Артемиданың еркiне мойынсұну керектiгiн айтып, Менелай оны ұзақ үгiттедi. Агамемнон ақыры iнiсiнiң дегенiне көнiп, Микеныдағы Клитемнестраға шапқыншы жiбердi. Ол адам Клитемнестраға Агамемнон бұйрығының шын мәнiн ашпай, Ахилл жорыққа аттанар алдында Ифигениямен некесiн қиып кеткiсi келедi деген желеумен қызды Авлидаға алып келуi керек едi. Микеныға шапқыншы жiбергеннен кейiн Агамемнонның қызына деген аяныш сезiмi тiптi күшейiп кеттi. Ол өзгелерден жасырын Клитемнестраға екiншi шапқыншы жiберiп, Ифигенияны Авлидаға әкелмесiн деген хабар бердi. Бiрақ екiншi шапқыншыны Менелай ұстап алған. Ол Агамемнонға қатты ашуланып, көпшiлiк iсiне опасыздық жасаушылар ғана мұндай қылыққа барады деп айыптады. Менелай Агамемнонға ұзақ кейiдi. Ағайынды екеуi қатты шекiсiп те қалды. Бұлардың жанжалын хабаршы бөлiп жiбердi, ал гректер лагерiне Ифигения мен кiшкентай Оресттi алып Клитемнестраның келгенiн, лагерь жанындағы бұлақтың басына тоқтағанын айтты.
Агамемнон не iстерiн бiлмей, қатты торықты. Тағдыр шынымен-ақ сүйiктi қызынан айырылуға жазғаны ма, Артемидаға құрбан шалатын жерге қызын өз қолымен апарып бауыздатпақ па? Ағасының ауыр қасiретiн көрген Менелай да мұндай құрбандықтан бас тартуға әзiр едi. Бiрақ Артемида жарлығын Калхас бүкiл әскерге хабарлап, Ифигенияны өзiн құрбандыққа шалуға өзiн ерiксiз көндiретiнiн Агамемнон бiледi. Әйел құдай жарлығын Калхас жарияламаған күнде де, жұрттың бәрiне бұл жайында бәрiбiр Одиссей айтады, өйткенi, ол Артемиданың жарлығын естiген ғой.
Ауыр қайғы еңсесiн басқан Агамемнон әйелi мен қызын қарсы алуға барды. Жайбарақат, көңiлдi болуға тырысып-ақ бақты. Бiрақ әкесiнiң әлденеге қатты ренiштi екенiн Ифигения бiрден аңғарды. Себебiн бiлгiсi келiп сұрай бастаған, әкесi бәрiбiр ештеңе айтпады. Агамемнон әйелiне де түк демедi, тек Микеныға кейiн қайтуға ғана үгiттедi: Клитемнестра қызының өлгенiн көрiп тұрмасын деп ойлады. Ақыры, ол әйелi мен қызын шатырда қалдырды да, өзi Калхасқа келдi: қызды құтқарып қалудың ешқандай амалы жоқ па деп сұрамақ болды.
Агамемнон шатырдан шығып кетiсiмен Ахилл кiрдi. Ол Микены патшасына жолығып, Трояға қарсы кiдiрмей жорыққа аттануды талап етпекшi едi. Авлидада бостанбос жату оны әбден мезi етiп болған-ды, оның үстiне, әскерлерi де (мирмидондықтар) күңкiлдеп, не жорыққа баста, не үйiмiзге тарат дейтiндi шығарған. Клитемнестра Агамемнонды сұраған бұл батырдың кiм екенiн бiлгеннен кейiн Ахиллдi қызының болашақ күйеуi есебiнде құттықтады. Ахилл аң-таң. Агамемнонмен оның қызы жөнiнде ешқашан сөз болып көрген емес едi. Ахиллдiң тiптi Ифигенияға үйлену туралы ойламағанын естiгенде Клитемнестра да қысылып, не айтарын бiлмей састы. Осы кезде Агамемнонның Микеныға екiншi түрлi хабармен жiберген құлы кiрiп келдi. Ол Агамемнонның Клитемнестра мен Ифигенияны Авлидаға неге алдырғанын ашып бердi. Қызынан айырылғалы тұрғанын естiгенде Клитемнестраның қайғыдан есi ауысып кете жаздады. Кiмнен көмек сұрау керек? Ол Ахиллдiң анасы, құдiреттi Нерейдiң қызы Фетиданың атымен жалбарынып, құтқаруын өтiндi. Клитемнестраның қасiретiн ұққан Ахилл көрiпкел теңiз қариясы, Нерей құдайдың атымен ант iшiп, көмектесуге уәде бердi. Ифигенияның маңына ешкiмдi дарытпауға ант еттi. Сауыт-сайманын кию үшiн Ахилл Агамемнон шатырынан асығыс шығып кеттi. Агамемнон шатырға қайтып келгенде, Клитемнестра өз қызын өзi өлтiруге барғаны үшiн айыптап оны ұрса бастады.
Агамемнон қандай жауап бере алсын? Қызын Артемида құдайдың жолына құрбандыққа шалуға өз еркiмен барып отырған жоқ қой. Басқаша iстер амал да қалмаған. Егер әйелi мен қызының жалынғанына көнiп, құрбандық бермесе, гректер онымен қоса барлық жақындарын да қырып тастайды дегендi ғана айта алды ол әйелiне. Өйткенi Ифигения бүкiл Грекияның игiлiгi үшiн құрбандыққа шалынғалы отыр ғой!
Қасындағылардың наразылығы бiрден-бiрге күшейе түстi. Ахилл өзiнiң болашақ жарын ешқандай құрбандыққа бермейтiнiн айтқанда, мирмидондықтар оған тас жаудыруға аз-ақ қалды. Одиссей бастаған жауынгерлер қаруларын кезенiп Агамемнон шатырына қарай ұмтылды. Ахилл қалқанын көлегейлеп, семсерiн суырып, шатыр алдында тұра қалды. Ол қасық қаны қалғанша Ифигенияны қорғауға әзiр едi.
Ендi болмаса қанды қырғын басталғалы тұрғанда Ифигения тоқтау салды. Ортақ мүдде игiлiгi үшiн ол өз еркiмен құрбандыққа баратынын жариялады. Мен Зевстiң құдiреттi қызы Артемиданың әмiрiне қарсы тұрмаймын: менi құрбандыққа шалыңдар, гректер Трояны алғанда оның талқандалған орны мәңгiлiк ескерткiшiм болар дедi қыз. Өзiн қорғамауға, өзара қырғын жасамауға Ахилл батырды да көндiрдi. Ортақ iстiң игiлiгi үшiн керемет бiр шешiммен өзiн құрбандыққа берiп тұрған сұлу қызға деген сүйiспеншiлiк батыр жүрегiне ұялап, қимаса да Ахилл Ифигенияның еркiне ерiксiз бағынды.
Артемида құдайдың құрметiне орнатылған құрбандық орнына Ифигения жайбарақат, саспай бара жатты. Сұлу да тәкаппар қыз ұшы-қиырсыз жауынгерлер сапы арасымен өттi де, құрбандық орнына барып, тұра қалды. Қызына қарап Агамемнон жылап жiбердi, өлгенiн көрмеу үшiн басын кең етек шапанымен бүркеп алды. Құрбандық орнында Ифигения жайбарақат тұр. Жаршы Талифибийдiң әмiрi бойынша жұрттың бәрi үнсiз, айнала тегiс жым-жырт. Балгер Калхас құрбан шалатын пышақты қынынан суырып алтын зембiлге салды. Михрабқа апаратын құрбандық ретiнде қыздың басына гүлден өрiлген шiр кигiздi. Жауынгерлер сапынан Ахилл шықты. Ол қасиеттi су құйылған құмыра мен тұз қосылған құрбандық ұнын алды. Ифигения мен құрбандық орнына суды бүркiп, қыздың басына ұнды септi, сонан соң дауыстап әйел құдай Артемидадан, әскерлер Троя жағалауларына аман-есен жетiп, жауды жеңуiне көмектесуiн жалбарынып сұрады. Калхас құрбан шалатын пышақты қолына алды. Жұрттың бәрi iштей тынып қалды. Ифигенияны шалу үшiн Калхас пышағын көтердi. Пышақ қызға барып тидi де, бiрақ, Ифигения құрбандық орнында ыңырсып құлап түспедi. Бiр керемет оқиға бола қалды. Артемида Ифигенияны ұрлап әкеттi де, оның орнына михрабта Калхас пышағы орып жiберген бұғы қанға боялып, аласұрып өлiп бара жатты. Мынау ғаламатқа ғажап қалған жауынгерлер бiр кiсiдей айғайлап жiбердi. Болжағыш Калхас та қуанғаннан дабырлап сөйлеп кеттi:
– Найзағай құдайы Зевстiң құдiреттi қызы Артемида талап еткен құрбандық, мiне, шалынды! Гректер қуана берiңдер: құдай әйел бiзге бақытты сапар, Трояда тойланар жеңiс нышанын аңғартты.
Шынында да, Артемида құрбандық жiберген бұғы өртелмей жатып-ақ жел бағыты өзгерiп, оңынан шықты. Гректер алыс сапарға асығыс жинала бастады. Бүкiл әскери қосын шаттыққа кенелдi. Агамемнон құрбандық орнында болған кереметтi Клитемнестраға хабарлап, тезiрек оны Микеныға қайтуға асықтыру үшiн шатырға қарай жөнелдi.
Құрбандық орнынан ұрлап әкеткен Ифигенияны Артемида шалғайдағы Тавридаға – Эвксен Понтына алып барды. Агамемнонның ғажайып қызы Ифигения онда әйел құдайдың әулие серiгiне айналды.
ГРЕКТЕРДIҢ ТРОЯ ЖАҒАЛАУЛАРЫНА БАРУЫ. ФИЛОКТЕТ
Софоклдiң «Филоктет» трагедиясы бойынша баяндалған.
Гректердiң Троя жағалауларына жүзу сапары тыныш болды. Жел үнемi арқадан соғып тұрды. Кемелер де теңiз толқынын айқара тiлiп, жедел iлгерi жылжи бердi. Мiне, Лемнос аралының жағалауы да көрiндi. Лемносқа жақын маңда құлазыған Хриса аралы жатыр. Онда арал жебеушiсi, хор қызы Хрисаның құрметiне қойылған құрбандық орыны бар. Гректер сол орынды тауып, қор қызына құрбан шалуы керек, өйткенi, жол-жөнекей Хриса жағасына тоқтап, құрбан шалса ғана олардың Трояны жеңуiне болады деген болжау айтылған-ды. Өзiнiң аргонав серiктерiмен қиырдағы Колхидаға сапар шегiп, алтын жабағыны алуға бара жатқан жолында бұл құрбандық орнын ұлы батыр Ясон салып кеткен екен. Лаомедонт патшадан қорлағаны үшiн кек алмаққа Трояға аттанған Зевстiң ұлы Геракл де осы жерде құрбандық шалыпты. Гераклдiң досы Филоктет сол құрбандық орны қай жерде екенiн бiлетiн, соны батырларға көрсетпек болып бастап жүрдi. Филоктеттiң соңынан грек көсемдерi келе жатыр. Тiрi жан тұрмайтын аралды тырбық бұталар басып кеткен. Мiне, жартылай құлай бастаған құрбандық орны да көрiндi. Батырлар жақындай бердi. Кенет құрбандың орнын күзетiп жатқан бiр үлкен жылан бұталар арасынан шыға келдi де, Филоктеттiң аяғын шағып алды. Филоктет шыңғырып, жерге құлап түстi. Батырлар жүгiрiп жетiп келген, бiрақ кеш едi. Жылан уы жараға жайылып үлгiрген. Жарадан iрiң судай ағып, шыдатпай барады. Филоктет қатты азап шектi. Ол күнiтүнi тынбай ыңқылдайды. Бақытсыз Филоктеттiң сарнаған үнi гректерге де тыныштық бермедi. Әскерлер арасынан күңкiл шыға бастады. Филоктет жарасынан тараған сасық иiс шыдатар емес. Ақыры, грек көсемдерi өзара кеңесiп, Одиссейдiң ақылымен, Гераклдiң бақытсыз досын жағалаудың бiр жерiне қалдырып кетудi ұйғарды. Лемнос аралының жанынан жүзiп өте бергенде көсемдер ұйықтап жатқан Филоктеттi елсiз жағалауға тастатты. Оны апарып құздар арасына жатқызды да, қасына киiмкешек, азық-түлiк садағы мен жебесiн қалдырды. Сөйтiп, оның жебесiнсiз Трояны алып болмайтын батырдың өзiн гректер жол-жөнекей тастап кеттi. Филоктет елсiз аралда тоғыз жыл зарығып жатты. Күндердiң күнiнде гректер оны өздерi iздеп тауып алып, көмек сұрауға мәжбүр болды. Бұл гректердiң Трояны қоршап тұрған табаны күректей оныншы жылға кеткен кезi едi.
Солай Филоктеттi тастап, гректер әрi қарай жылжи бердi. Ақыры Троя жағалауларына да жақындады, бұл жерде оларды қыруар қиыншылықтар мен қауып-қатерлер, керемет ерлiктер күтiп тұр едi.
ТРОЯНЫ ҚОРШАҒАН АЛҒАШҚЫ ТОҒЫЗ ЖЫЛ
Қадым заман жазушыларының әралуан шығармалары негiзiнде жазылған. Паламедтiң қазасы туралы көрініс Овидийдiң «Метаморфоза» поэмасы бойынша баяндалған.
Ұзақ уақыт суда жүзiп жалықтырған сапардың аяқталғанына гректер қатты қуанды. Бiрақ олар жағалауға жақындап келгенде Троя патшасы Приам бастаған жер қайысқан қалың қол күтiп тұрғанын көрдi. Жағалауға қалай тоқтап, қалай түсу керек? Троя жерiне алғашқы түскен адамның ажалы жететiнiн гректер көрiп тұр. Олар ұзақ ойланды, жағаға бiрiншi болып түсуге ешкiмнiң батылы бармады. Бұлардың арасында Протесилай деген батыр да бар едi. Ғаламат ерлiктер жасауға құмартып келген ол жағаға жұрттан бұрын қарғып түсiп, троялықтармен соғысуға әзiр болатын. Бiрақ сәуегейлердiң Троя жерiне бiрiншi аяқ басқан грек өлуге тиiстi дегенi есiне түсiп, жүрегi дауаламады. Бұл болжауды Одиссей де естiген, табан астында ол батырларды елiктiрiп жағаға түсуге бастап, бiрақ өзi аман қалудың амалын ойлап тапты. Алдымен жағаға қалқанын лақтырып жiбердi де, өзi кемеден дәл қарғып, қалқанның үстiне түстi. Протесилай Одиссейдiң қарғып кеткенiн көрген, алайда Одиссейдiң Троя топырағына емес, өз қалқанының үстiне түскенiн байқаған жоқ. Троя жерiн тұңғыш қадам жасалды деп ойлады Протесилай. Кенет оны ерлiк желiгi билеп алды да, туған елiн, жап-жас сұлу әйелiн Лаодамияны – бәрi-бәрiн де ұмытты. Кемеден жерге қарғып түсiп, жалаңаш семсермен жауға қойып кеттi. Гектор салмақты сүңгiсiн құлаштай сiлтедi де, Протесилайға сұғып жiбердi. Ол жағаға құлап түскен бойы жан тапсырды. Троя жерiн өзiнiң қанымен бояған адғашқы грек осы Протесилай едi. Гректер ендi кемелерiнен ақтарылып, қалың жаумен айқасып кеттi. Қанды қырғын қыза түстi, троялықтар қатары бұзылып, ақыры қаша жөнелдi, тасемен Троя қабырғаларының тасасына жасырынуға мәжбүр болды.
Келесi күнi қаза тапқан жауынгерлердi жинап алып, жерлеу үшiн екi жақ уақытша бiтiмге келiстi.
Өлiктердi жерлеп болғаннан кейiн гректер бекiнiстi лагерьлер жасауға кiрiстi. Олар өз кемелерiн жағаға сүйреп шығарды да, Сигейон тауынан бастап Ройтейон тауына дейiн теңiздi жағалай үлкен қосын жасады. Лагерьдiң Троя жағына биiк дуалдар қалап, терең орлар қазып тастады. Троялықтардың лагерьге тұтқиылдан шабуыл жасауына мүмкiндiк бермей, үнемi бақылап отыру үшiн қос қанатқа
Ахилл мен Теламон ұлы Аякстiң шатырлары тiгiлдi. Гректер өздерi бүкiл әскерге қолбасшы сайлаған Агамемнонның салтанатты шатыры лагерьдiң нақ ортасында тұрды. Агамемнон шатырының жанында халық жиналысына арналған алаң жатты. Қулығы асқан Одиссей қосында не болып жатқанын көз жазбай бiлiп отыру үшiн шатырын сол алаңның жанына тiктi. Әуелде жорыққа қатысқысы келмеп едi, ендi троялықтардың қас жауы болып шықты – гректер қайткенде де қорғанды талқандап, Трояны алуды талап еттi.
Қосын орналасып, бекiнiс жасалып болғаннан кейiн гректер келiссөз жүргiзу үшiн Менелай патша мен айлакер Одиссейдi Трояға жiбердi. Данышпан Антенор грек елшiлерiн өз үйiнде қабылдап, салтанатпен аста-төк қонақасы бердi. Менелайдың заңды талаптарын орындап, бiтiм жасалуын Антенор бар бейiлiмен-ақ қостады. Елшiлер келгенiн бiлген Приам халық жиналысын шақырды. Троялықтар жиналысына Менелай мен Одиссей де қатысты. Менелай қысқа болса да қызына сөйлеп, троялықтар әйелi Елена мен Парис ұрлап әкеткен мүлiктерiн қайтаруын талап еттi. Менелайдан кейiн Одиссей сөйледi. Итаканың кемеңгер патшасының керемет сөзiн троялықтар ұйып тыңдады. Ол Менелай талап еткендердiң бәрiн орындауға троялықтарды сендiре сөйледi. Троя халқы Менелай қойған шарттармен келiсуге жақындап қалған едi. Ойланбай басқан ағат қадамына Елена сұлудың өзi де өкiнiп, Парис үшiн күйеуiн тастап кеткенiне опық жей бастаған. Антенор да халыққа Менелай шарттарын орындау керектiгiн ұғындырды. Соғыс гректер мен троялықтарға қаншалық қасiрет әкелетiнiн ол да сезген. Бiрақө Приам ұлдары, әсiресе Парис бейбiт келiсiмдi қостамады. Еленаны сонда қайтарып бергiзбек пе? Олжаларын да түгел тартып алмақ па? Халық шешiмiне оның бағынғысы келмедi, мұны туыстары да жақтады. Парис байлығына сатылған Антимах тiптi троялықтар Менелай патшаны ұстап алып, өлтiруiн талап еттi. Бiрақ бұған Приам мен Гектор жол бермедi. Найзағай құдайы Зевстiң қамқорлығындағы елшiлердi кемсiтуге тыйым салды. Халық жиналысы ақтық шешiмдi қалай қабылдарын бiле алмай толқумен болды.
Осы кезде Приамның ұлы, сәуегей Гелен орнынан тұрды да, троялықтар гректермен соғысудан қорықпауы керек, құдайлар өздерi Трояға көмектесуге уәде бердi дедi. Троялықтар Геленге сендi. Менелай талаптарын орындаудан бас тартты. Грек елшiлерi еш нәтижесiз Троядан кетуге мәжбүр болды. Ендi троялықтар мен гректер арасында қанды қырғын басталуға тиiс болды.
Троялықтар алдырмас берiк қамалы – Трояға бекiнiп жатып алды. Тiптi Гектордың да қаладан шығуға батылы жетпедi. Гректер қамалды қоршай бастады, Трояны шұғыл шабуылмен алуға үш рет әрекеттендi, бiрақ одан ештеңе шықпады. Олар ендi Трояның төңiрегiн талқандап, қырып-жойып, Троямен одақтас барлық қалаларды жаулап алуға кiрiстi. Гректер оларға сумен де, құрлықпен де шабуыл жасады. Бұл жорықтарда Ахилл асқан ерлiгiмен ерекше көзге түстi. Гректер Тенедос, Лесбос аралдарын, Педас, Лирнесс тағы басқа қалаларды басып алды. Олар ел iшiндегi талай қалаларды талқандады. Гектордың әйелi Андромаханың әкесi Эстион патшалық құрып тұрған Фивы142 қаласын да жаулап алды. Ахилл бiр күнде Андромаханың жетi туысын өлтiрдi, Андромаханың әкесi де қаза тапты. Бiрақ құдайлар кәрiнен қорыққан Ахилл Эстионның денесiн қорлатпай жерлеуге143 бердi. Андромаханың шешесiн тұтқынға алып, гректер қосынына жiбердi. Ахилл Фивыдан аса бай олжа түсiрдi. Ол Аполлонның батагөйi Христiң ғажайып сұлу қызы Хрис пен Хрисенда аруды тұтқынға алып, Хрисенданы Агамемнон патшаға сыйлыққа тартты.
Гректетр Троя төңiрегiн түгел ойрандады. Троялықтар қала сыртына шыға алмады, өйткенi қамалдан қия басқан әрбiр адамды ажал немесе қолға түсiп, құлдыққа сатылу қаупi күтiп тұрған.
Тоғыз жыл қоршауда отырып, Троя тұрғындары шексiз азап шектi. Олар ұрыста қаза болған талай боздақ батырларын жоқтап көз жастарын көл ғып төктi. Бiрақ, ең ауыры – оныншы жыл әлi алда едi. Ең ұлы қасiрет – Трояның жеңiлуi, берiлу қасiретi жақындап келе жатқан-ды.
Тоғыз жыл бойғы соғыста гректер де қыруар қиындықты бастарынан кешiрдi. Жау қолынан көптеген батырлар қаза тапты. Данышпан Паламед те опат болды, бiрақ, жау қолынан өлген жоқ. Айлакер Одиссей оны жек көретiн, күндейтiн, ақыры өлтiрiп тынды. Паламед гректерге ақылды кеңестер берiп, баға жетпес көп еңбек сiңiрiп едi. Шипалы шөптермен жаралыларды, ауруларды емдеп жазып, қосыннан жүзiп шыққан гректер тас қараңғы түндерде адаспай қайда тоқтайтынын бiлу үшiн, шамшырақ та жасаған. Гректер Паламедтi қадiр тұтып, кеңесiн қалтқысыз қабылдайтын. Сол үшiн де Одиссей оны күндеп, ұнатпады. Одиссей Трояға қарсы жорыққа қатысқысы келмей өтiрiк ақылынан шатасқанда, оның қулығын ашқан да Паламед. Осылардың бәрiн еске алу Паламедке қарсы оның өшпендiлiгiн арттыра түстi. Паламедтi қалай құрту жөнiнде Одиссей көп ойланды. Ақыры гректерге соғысты тоқтатып, елге қайту керек деген Паламедтiң кеңесiн Одиссей өз мақсатына пайдаланып қалды. Ол бiр зұлмат жоспар жасады. Түнде Паламедтiң шатырына апарып бiр қап алтын тықты да, сонан соң жұрттың бәрiне Трояны қоршауды қойып, елге қайтайық деген кеңестi Паламед тегiн берiп жүрген жоқ, Приамға сатылғандықтан айтып жүр деп сендiрдi. Гректердiң арасында Паламедке наразылары да аз емес-тi. Егер оның ақылын тыңдап, гректер кейiн қайтса, Трояны алғанда бөлiсетiн мол байлыққа ешқайсысы ие бола алмас едi. Мiне, осы сияқты дүниеқор гректер Одиссей жапқан жалаға шынымен-ақ сендi. Бiразы Паламедтiң опасыздығына сене бастағанын байқаған Одиссей Приам шынында да оны сатып алыпты деген қауесеттi растай түсу мақсатымен Агамемнонға келдi де, Паламед тұтқын фригийлiк арқылы Приаммен байланыс жасап тұрады екен, фригийлiк гректердiң лагерiнен Трояға қашпақ болғанда, Одиссейдiң қызметшiлерi ұстап алып өлтiрдi дегендi айтты. Одиссей Приам болып Паламедке хат та жазды. Хатта Паламедке Приам жiберген әлдебiр алтын туралы айта келiп, сол алтын үшiн Паламед гректердi азғырып, отанына қайтаруы керектiгi жайында сөз болған. Осы хатты Одиссей Фригийлiкке бердi де, Приамға апаруға бұйырды. Фригийлiк гректер лагерiнен шығысымен, Одиссейдiң адамдары оны ұстап алып өлтiрдi де, хатты патшасына әкелдi. Одиссей хатты табан астында Агамемнонға жеткiздi. Сұмдық хабарды алысымен Агамемнон гректердiң барлық көсемдерiн өз шатырына жинады. Өзiне қандай қатер төнiп тұрғанынан ешбiр хабары жоқ Паламедтi де шақырып алды. Осы жерде Одиссей оны опасыз деп айыптады. Паламед опасыздық жасау тiптi ойына да келмегенiн айтып қаншама ақталғанмен, тыңдаған ешкiм болмады, Одиссей топ алдында оның өтiрiгiн ашпақ болып, шатырын тiнтуге кеңес бердi. Шатырға барғандар шынында да Одиссей апарып тыққан бiр қап алтынды тауып алды. Ендi Паламедтiң опасыздығына жұрттың бәрi де қалтқысыз сендi. Паламедке сот болды, оны өлiм жазасына кесiп, таспен ұрып өлтiрудi ұйғарды. Ешбiр жазығы жоқ Паламедтiң қолына ауыр шынжыр байлап, теңiз жағасына алып келдi. Паламед гректерге өзiн жазықсыз өлтiрмеуiн, бұлайша ауыр жазаламауын қанша өтiнгенiмен ешкiм оны тыңдағысы келмедi. Жазалау басталды. Паламед не ыңырсып, не шағым айтып, еш сыбыс шығарған жоқ. Тек өлер алдында ғана:
– О, шындық, мен сенi аяймын, сен менен де бұрын өлiп кеттiң-ау, – дедi.
Мейiрiмдi, кемеңгер батырлардың бiрi осылай дүниеден өттi. Кейiннен гректер Паламедтi өлтiргенiнiң зардабын аямай тартты. Эвбея патшасы, Паламедтiң әкесi Навплий олардан баласының кегiн оңдырмай алды.
Агамемнон Паламедтi тек өлiм жазасына кесiп қойған жоқ, оның рухын да мәңгi тұрақ таппай тентiретiп жүретiндей етпек болды, Паламедтiң денесiн жерлеуге рұқсат етпедi, тағы аңдар мен жыртқыш құстар жұлмалап жеу үшiн теңiз жиегiнде қалдыртты. Бiрақ, Теламон ұлы құдiреттi Аякс мұндай зұлымдыққа жол бермедi. Ол Паламед денесiн арулап, жоралғы-рәсiмдердiң бәрiн жасап, құрметпен жерледi. Паламед гректерге опасыздық жасады дегенге Аякс сенбедi.
АХИЛЛДIҢ АГАМЕМНОНМЕН АРАЗДАСУЫ
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Гректрр Трояны қоршап тұрғанына тоғыз жыл толды. Ұлы айқастың оныншы жылы басталды. Осы жылдың бас кезiнде гректер қосына жебе тәңiрiсi Аполлонның абызы Хрис келдi. Ол барлық гректерге, әсiресе, көсемдерiне қызым Хрисеиданы қайтарып берiңдер, төлеуiне тiлегендерiңше қүн алыңдар деп жалынды. Абызды тыңдап болғаннан кейiн мол байлық үшiн Хрисеиданы қайтып беруге барлығы да келiскендей едi. Бiрақ Агамемнон патша әбден қаҺарына мiнiп, Христi қайтарып тастады.
– Әй, шал, кет бұл арадан, ендi қайтып бiздiң кемелердiң маңында көрiнушi болма! Әйтпесе, Аполлонның абызы болсаң да, ажалдан құтыла алмайсың. Мен саған Хрисеиданы қайтармаймын. Жоқ, өмiр-бақи ол кiрiптарлықта зарығып өтетiн болады. Егер аман-сау үйiңе қайтқың келсе, менiң ашуыма тиме!
Зәресi ұшқан Хрис грек қосынын тастады да, қайғыдан есеңгiреп, теңiз жағасына барды. Қос қолын аспанға жайып, Латонаның ұлы Аполлон құдайға егiле жалбарынды:
– Оу, күмiс садақты құдай! Өзiңнiң адал құлыңның зарына құлақ сал! Тартқан қасiретiм үшiн, көрген жәбiрiм үшiн өз жебелерiңмен гректерден кегiмдi алып бер!
Аполлон өзiнiң абызы Христiң зарын естiдi. Қорамсағын иығына асып, садағын алды да, Олимптен зырлай жөнелдi. Қорамсақтың iшiндегi алтын жебелер үрей туғыза салдыр-күлдiр етедi. ҚаҺарына мiнген Аполлон гректер қосынына қарай зымырап келедi. Өңi түннен де түнерiңкi. Ол ахейлiктер қосынына таяп келдi де, қорамсақтан бiр жебенi алып, тартып жiбердi. Садақ адырнасы зәренi ұшыра зың еттi. Аполлон бiрiншi жебенiң соңынан екiншiсiн, үшiншiсiн жiбердi, гректер қосынына жебелер бұршақтай жауып, өлiм себе бастады. Жауынгерлер сұмдық қырғынға ұшырады. Көптеген гректер жаусап қалды. Жер-жерде жерлеу оттары лаулады. Гректердiң құритын сағаты жеткен сияқты болды.
Гректер қосынына апат тоғыз күн бойына көз аштырмады. Оныншы күнi Гераның ақылы бойынша Ахилл ендi не iстейтiндiктерiн, құдайлар рақымын қалайша қайтару керек екенiн шешу үшiн халық жиналысын шақырды. Жауынгерлердiң барлығы жиналып болғаннан кейiн Ахилл Агамемнонға:
– Атрейдiң баласы, бiздiң отанымызға қарай қайта жүзуiмiз керек, – дедi. – Өзiң көрiп отырсың, жауынгерлер соғыстан да, апаттан да қырылып жатыр. Мүмкiн алдымен бал ашқыштардан сұрармыз: күмiс садақты Аполлонды не пиғылымызбен ренжiтiп алдық, бiздiң әскерiмiзге алапат қырғынды ол не үшiн жiбердi – соларды айтып берер.
Ахиллдiң осы сөздердi айтуы мұң екен, гректерге құдайлар әмiрiн талай ашып берген сәуегей Калхас орнынан тұрып: шалғайдан шалып күйрететiн құдiреттi құдайдың не үшiн қаҺар төккенiн айтып бере аламын, тек Ахилл менi Агамемнон патшаның кәрiнен қорғайтын болсын дедi. Ахилл Калхасты қорғайтынына уәде берiп, Аполлонның атымен ант еттi. Содан соң барып Калхас мынаны айтты:
Латонаның құдiреттi ұлы бiзге қаҺарын төккен себебi, Агамемнон патша оның абызын қорлады, қызын қайтарып алу үшiн құнына төлемек болған қазынасын қабылдамай, қосыннан қуып жiбердi. Егер қаракөз Хрисеиданы әкесiне қайтарып, құрбандыққа жүз бұқа берсек қана, құдай бiзге кешiрiм жасайды.
Оның сөзiн естiген Агамемнон Калхасқа да, Ахиллге де терiсiне сыймай булығып қатты ашуланды. Әйтсе де, Хрисеиданы әкесiне қайтармай болмайтынын сезген ол ақыры келiстi, бiрақ қайтарғаны үшiн өзiне айырықша сыйлық талап еттi. Ахилл Агамемнонды пайдакүнемсiң деп айыптады. Агамемнон бұған бұрынғыдан бетер долдана түстi. Хрисеиданы қайтарғаны үшiн ол Ахиллдiң немесе Аякс пен Одиссейдiң үлесiнен де алуға құдiретi жететiнiн айтып, қоқан-лоққы жасай бастады.
– Ұятсыз, дүниеқор жауыз! – дел айғайлады Ахилл,
– Бiз ешқашан сенiмен бiрдей сыйлық алып көргемiз жоқ, соның өзiнде бiздiң үлесiмiзден аламын деп айбат шегесiң. Бiз мұнда өз қарабасымыздың қамы үшiн соғысуға келгемiз жоқ, Менелай мен саған көмектесу үшiн келдiк. Ендi сен менiң ерен ерлiктерiм үшiн алған сыйлықтарымды тартып алғың келедi. Онда мен өзiмнiң Фтияма қайтқаным дұрыс шығар, мұнда сенiң олжаң мен байлығыңды молайту үшiн жүргiм келмейдi.
– Несi бар, Фтияңа қарай қаш! – дел айғайлады Агамемнон Ахиллге.– Патшалардың iшiнде менiң ең жек көретiнiм өзiңсiң! Жанжал туғызып жүретiн тек сен ғана. ҚаҺарыңнан қорықпаймын. Менiң саған айтатыным, Аполлон құдайдың қалауы солай болғандықтан Хрисеиданы әкесiне қайтарып беремiн де, оның есесiне сендегi тұтқын Брисеиданы тартып аламын. Билiгiмнiң қаншалықты зор екенiн сен сонда бiлесiң! Менiң құдiретiммен теңескiсi келетiндердiң қайсысы да сақ болсын!
Агамемнонның осы астам сөзiн естiгенде Ахиллдi ашу буды. Фетиданың ұлы семсерiне тұра жармасты. Жартылай қынабынан суырып, Агамемнонға ұмтыла берген. Кенет Ахилл шашына жеп-жеңiл бiр нәрсенiң тигенiн сезiп қалды. Артына жалт қарады да, үрейден теңселiп кеттi. Қасында басқаларға көрiнбей, найзағай құдайының қызы Афина-Паллада тұр едi. Афинаны бұл араға Гера жiберген. Зевстiң әйелi екi батырдың да өлiмiн қаламады, бұлардың екеуiн де – Ахиллдi де, Агамемнонды да ол аса жоғары бағалайтын. Ахилл қалшылдап тұрып Афинаға сұрақ қойды:
– Ей, найзағай құдайының қызы, көктегi Олимптен сен мұнда не себеппен келдiң? Әлде мұнда Агамемнон қандай қатыгездiктер жасап жатқанын көргелi келдiң бе? Пәлi, өлшеусiз өркөкiректiгiмен кешiкпей ол өзiн-өзi құртады.
– Жоқ, ол үшiн келгенiм жоқ, құдiреттi Ахилл, – дедi жарқын жанарлы Паллада. – Мен сенiң ашуыңды басу үшiн келдiм, егер сен Олимп құдайларына бой ұсынатын болсаң, ашу-ызаңды тый. Семсерiцдi суырма. Агамемнонды ауызша-ақ айыптап, ашуыңды тарқат. Менiң сөзiме сен: кешiкпей-ақ осы арада, тiптi дәл осы жерде саған жасаған жәбiрi үшiн ол бәрiнен де асып түсетiн көл-көсiр қазына сыйлайды. Ашуыңды бас, ажалсыз құдайлар әмiрiне бағын.
Ахилл құдайлар әмiрiне бағынды, семсерiн қынабына салды. Афина да қайтадан Олимпке көтерiлiп кеттi.
Агамемнонға Ахилл көптеген зiлдi сөздер айтты: халықтың қанын сорған жалмауыз, маскүнем, сужүрек, ит деп айыптады. Өзiнiң аса таяғын жерге лақтырып тастап, ол ант еттi: троялықтарға қарсы айқаста әлi-ақ мұның көмегi керек болады, сол кезде осынша қорлап, жәбiрлегенi үшiн Агамемнон қанша жалбарынып өтiнсе де, қайырылмайтынын ескерттi. Данышпан Пилос патша мен Нестор ақсақал жауласқан екi жақты табыстырмақ болып босқа тырысты. Агамемнон Нестордың айтқанына құлақ аспады, Ахилл де басылмады. Досы Патрокл мен жаужүрек мирмидондарды ертiп, Пелейдiң құдiреттi ұлы өз шатырына кеттi. Агамемнонның жәбiрлеуiнен көтерiлген ашу-ызасы кеудесiне сыймай, бұлқан-талқан болды.
Осы екi ортада, Агамемнон патша ұшқыр кеме жабдықтатып, Аполлон құдайға құрбандықтар мен Христiң сұлу қызын алып баруға әмiр еттi. Кеменi айлакер Одиссей басқарып, Эстионнан Фивы қаласына сапар шегуге тиiс, ал қосындағы гректер Агамемнонның әмiрi бойынша, Аполлонның көңiлiн жұмсарту үшiн оған арнап аса бай құрбандықтар жiберуi керек болды. Агамемнон жiберген кеме шексiз-шетсiз теңiзде жүйткiп келедi. Ақыры Фивы айлағына да барып кiрдi. Гректер желкендерiн түсiрiп, кемежайға тоқтады. Жауынгерлердi бастап Одиссей кемеден түстi де, Хрисеида аруды әкесiне апарып берiп, былайша құттықтады:
– Уа, Аполлонның абызы! Мен мұнда Агамемнонның әмiрiмен қызыңды алып келдiм. Гректерге ауыр апат жiберген ұлы Аполлон құдайдың ризашылығын алу үшiн құрбандыққа жүз өгiз және әкелдiм.
Қызының аман-есен келгенiне Хрис қарт қатты қуанып, оны мейлiнше мейiрлене құшақтап сұйдi. Сонан соң бөгелместен Аполлонға құрбандық шалуға кiрiстi. Жебе тәңiрiне берiле құлшылық еттi:
– Оу, күмiс садақты құдай! Сөзiме көңiл бөл! Сен бұрын да менiң жалынып-жалбарынуыма құлақ асатын едiң ғой! Ендi қазiр де тыңда! Гректердi ұлы пәледен құтқарып, қырғын апатты тоқтата гөр!
Аполлон құдай оның жалынышты өтiнiшiн естiдi де, гректер қосындағы апатты тоқтатты. Хрис Аполлонға құрбандық шалып, салтанатты той өткiздi. Гректер Фивыда әбден көңiлденiп, тойлап бердi. Жiгiттер тостағандарды ернеулете толтырып, қонақтарға шарап үлестiрiп тұрды. Аполлонның құрметiне сол өрiмдей жастар айтқан салтанатты елұран әуенi шартарапқа шырқай естiлiп жатты. Той күн батқанша болды, ал ұйықтап тынығып алған Одиссей мен оның серiктерi таңертең қайтар жолға шықты. Аполлон оларға желдi оңынан соқтырып бердi, кеме теңiз толқынының жолында шағаладай ойнақшып бара жатты. Кеме гректер қосынына тез жеттi. Гректер кеменi жағалауға шығарды да, өз шатырларына тарады.
Одиссей Фивыға жүзiп бара жатқан кезде Агамемнон Ахиллге iстеймiн деген қастандығын жүзеге асырып үлгерген. Ол өзiнiң жаршылары Талфибий мен Эврибатты шақыртты да, Брисеиданы алып келуге жұмсады. Агамемнон жаршылары Ахилл шатырына амалдың жоқтығынан әзер барды. Бұлар келгенде ол ауыр ойға батып отыр едi. Елшiлер құдiреттi батырдың қасына жақындап барды да, ештеңе айта алмай қысылып тұрып қалды. Пелейдiң ұлы сөздi өзi бастады:
– Сәлем, сiздерге, жаршылар! Мен сiздерде ешқандай айып жоқ екенiн бiлемiн, айыпты тек Агамемнон ғана. Сендер Брисеиданы алып кетуге келiп тұрсыңдар ғой. Патрокл, досым, мыналарға Брисеиданы шығарып бер. Гректердi қырылудан құтқару үшiн мен керек болатын сәт туады, бұлардың өздерi соның куәсы болсын. Ол кезде ақылынан адасқан Агамемнонның қолынан гректердi құтқару келмейдi.
Ахилл достарын тастап, ащы көз жасын төге тұрып, теңiздiң жан баспайтын жағалауына барды, екi қолын теңiзге созып, өзiнiң анасы Фетида құдайды шақырды:
– Анашым менiң, егер сен өмiрiмдi қысқа етiп жаратсаң, найзағай құдайы Зевс абырой-даңқтан неге менi кенде еткен? Жоқ, ол маған ешқандай даңқ телiген жоқ. Агамемнон патша ерлiктерiм үшiн алған марапат-сыйлығымды да тартып алып, арымды аяққа басып, қорлады. Анашым, естiп тұрмысың менi!
Фетида Ахилл зарын естiген. Ол теңiз тереңiн де, Нерей құдайдың таңғажайып сарайын да қалдырып, ақша бұлттай қалқып, буырқанған теңiз толқыны арасынан жүзiп шықты. Жағалауға көтерiлiп, сүйiктi ұлының қасына келiп отырды да, құшақтап:
– Ұлым, осынша егiлiп сен неге жылайсың? – деп сұрады. Қайғының себебiн айтшы маған?
Ахилл анасына өзiн Агамемнонның қатты қорлағанын айтты. Анасы нұр сәулелi Олимпке шығып, Зевс тек Агамемнонды жазалауын сұрауын өтiндi. Зевс троялықтарға көмектесiп, гректердi кемелерiне дейiн қуып тастайтын болсын. Жауынгерлерiнiң арасындағы ең жаужүрегiн қуып жiберiп, ақылсыздық жасағанын Агамемнон түсiнетiндей болсын. Зевс мұның өтiнiшiн орындаудан бас тартпайтынына Ахилл шешесiн сендiрдi. Олимп құдайлары Зевстi шынжырлап тастап, тағынан құлатпақ болғанда бұл оған қалай көмектескенiн есiне салса болды. Ол кезде Фетида Зевске көмекке жүз қолды Бриарей дәудi шақырып алған-ды. Оны көрiп құдайлардың бәрi де сасқан. Зевске қол көтере алмаған. Фетида құдiреттi найзағай құдайы Зевстiң есiне осыны салса болды, оның өтiнiшiн орындайтынында сөз жоқ. Ахилл шешесi Фетидаға осыларды айтып жалынды.
– О, менiң сүйiктi ұлым! – Фетида егiлiп жылады. – Осынша азап тартқызып мен сенi неге ғана тудым екен? Иә, сенiң өмiрiң ұзақ болмайды, таусылар кезi де алыс емес. Мiне ендi, мәңгiлiк те емессiң, жұрттың бәрiнен де бақытсызсың? Алайда бүйтiп қайғырма! Мен Олимпке көтерiлемiн де, көмектес деп найзағай құдайы Зевске жалынамын, сен өзiңнiң шатырыңа бар да отыр, ендi ешқандай ұрысқа қатыспа. Қазiр Зевс Олимптен шығып, эфиоптар144 тойына кеттi, он екi күннен кейiн келедi, сол кезде барып аяғына жығыламын. Көмектесер деп үмiттенемiн.
Фетида мұңлы ұлының жанынан кетiп қалды, ал Ахилл шатырына, өзiнiң ержүрек мирмидондықтарына барды. Осы күннен бастап ол ешқандай көсемдер жиындарына да, ұрыстарға да қатыспады. Жауынгерлiк абырой-даңққа құмартса да, өз шатырынан шықпай, отыра бердi.
Арада он бiр күн өттi. Он екiншiге қараған күнi таңертең ертемен бозғылт тұманға оранып, Фетида теңiз тұңғиығынан шықты да, Олимпке көтерiлдi. Бара сала Зевстiң аяғына жығылып, тiзесiн аймалап қолын жалбарына созып, оның сақалын сипады:
– Уа, бiздiң құдiреттi әкемiз! – деп жалынды ол, – Маған балам үшiн кек алуға көмектес! Егер қашан да болса саған бiр көмегiм тиген болса, менiң де өтiнiшiмдi орында. Гректер баламнан көмек сұрап жалынып, ұлы құрметке бөлегенге дейiн троялықтарға жеңiс шаттығын сыйлап тұр.
Бұлт ыдыратушы Зевс Фетидаға көпке дейiн тiл қатпады. Ал Фетида қоярда-қоймай жалынып отыр. Ақырында найзағай құдайы ауыр күрсiндi.
– Фетида, сен бiлiп қой! – дедi. – Осы өтiнiшiңмен Гераның шамына тиесiн, ол маған тарпа бас салады. Ұрыста ылғи троялықтарға көмектесесiң деп ол маған былай да ызалы. Ендi сенiң Олимпке келiп кеткенiңдi Гера көрмейтiндей болсын. Мен тiлегiңдi орындаймын. Уәдемде тұратынымның белгiсi мынау болсын.
Осыны айтты да, Зевс сұстана қабағын түйiп, басындағы шаштары тiкiрейiп кеттi, осы кезде бүкiл Олимп дiрiлдедi. Фетиданың да көңiлi орнықты. Ол аспандағы Олимптен зырғи жөнелдi де, теңiз тұңғиығына батып ғайып болды.
Зевс құдайлар жиналған тойға кеттi. Ол келгенде барлығы да орындарынан тұрып сәлемдестi, отырған күйiнде сәлемдесуге бiрiнiң батылы жетпедi. Құдайлар мен адамдардың патшасы Зевс алтын тағына отырған кезде, Гера оған тiл қатты. Ол Фетиданың Зевске келгенiн көрiп қалған едi:
– Әй, зұлым, айтшы маған, Ажалсыздардың қайсыларымен құпия кеңес құрдың? – дедi Гера.– Өзiңнiң ойпiкiрiңдi өстiп менен үнемi жасырып жүресiң.
– Гера, – дедi Зевс, – менiң ойлағанымның бәрiн бiле бередi екенмiн деп ешуақытта да үмiттенбе. Бiлуге тиiстiнi сен құдайлардың бәрiнен бұрын бiлетiн боласың. Бiрақ менiң барлық құпияларымды бiлуге тырыспа, олар жайында тiптi сұрама.
– Оу, бұлт айдаушы, – дедi Гера, – Мен ешуақытта да сенiң құпияларыңды бiлуге тырыспағанымды өзiң бiлесiң. Барлық iстi сен әрқашан менсiз-ақ шешесiң. Менiң қорқып тұрғаным, бүгiн сенi Фетида баласы Ахилл үшiн кек алып беруге, көптеген гректердi қыруға көндiрiп кеттi. Осыны орындауға уәде бергенiңдi де мен бiлiп отырмын.
Зевс әйелiне түнере қарады. Бұл не iстесе соның бәрiн қадағалап, бақылап жүретiнi үшiн әйелiне қатты қаҺарланды. Егер жазаға ұшырағың келмесе, үндемей отыр да, менiң айтқанымды iсте деп әмiр еттi. Зевстiң қаҺарынан Гера қорқып кеттi де, өзiнiң алтын тағында үнсiз отырып қалды. Бұл жанжалдан басқа құдайлардың да зәресi ұшты. Осы кезде асқақ Гефест орнынан тұрды, ажалдылар үшiн дау туғызғандарына ол құдайларды кiнәлай сөйледi:
– Егер бiз ажалдылар үшiн үнемi жанжалдаса берсек, құдайлар барша көңiлдi тойлардан жұрдай болады,– дедi де, Гефест шешесi Гераға Зевстiң әмiрiне бағыну керек деп жалынды, өйткенi оның зiлi өте жаман едi, ашу үстiнде Олимптегi құдайлардың бәрiн де тағынан түсiрiп тастауы мүмкiн.
Найзағай ойнатқан Зевстiң қаҺарынан шешесiн құтқармақ болып асыққаны үшiн, Гефестiң өзiн де ол жерге лақтырып жiбергенiн Гераның есiне салды. Гефест тостағанды алды да шәрбәт шырынына толтырып, Гераға әкелiп бердi. Гера күлiмсiреп қойды. Гефест шәрбәт шырынын тостағандап өзге құдайларға да апарып бере бастады. Салтанатты той залында ақсаңдап жүрген Гефестке қарап құдайлар күлiсiп алды. Құдайлар тойында тағы да көңiлдiлiк басталды, олар Аполлонның алтын кифарасының үнiн, музалардың әнiн тыңдап, күн батқанша алаңсыз тойлай бердi. Той тарқап құдайлар өз орындарына тарағаннан кейiн бүкiл Олимп тып-тыныш ұйқы құшағына ендi.
АХЕЙ ЖАУЫНГЕРЛЕРIНIҢ ЖИНАЛЫСЫ. ТЕРСИТ
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Мәңгi жасайтын Құдайлар Олимпте алаңсыз ұйықтап жатты. Гректер қосыны да, ұлы Троя да қалың ұйқыға шомған едi. Тек найзағай құдайы Зевс қана көз iлген жоқө ол Ахиллге көрсетiлген қорлық үшiн қалай кек алсам екен деп ойланумен болды. Ақырында, бұлт айдаушы Зевс Агамемнонға әзәзiл ұйқы жiберудi ұйғарды. Ұйқы құдайын шақырып алды да, Агамемнонға жұмсай отырып, былай дедi:
– Әзәзiл ұйқы, ұшқыр қанаттарыңмен тез самғап ұш та, Агамемноның алдына бар. Гректердi шайқасқа алып шықсын. Бүгiн ол ұлы Трояға ие болады, өйткенi, Гера құдайлардың бәрiн троялықтарға көмектеспеуге көндiрiп қойған. Сен оған осыны айт. Троя апатқа ұшырағалы тұр.
Ұйқы құдайы жерге қарай самғай жөнелдi де, Агамемнон қатты құрметтейтiн Нестор қарттың кейпiне кiрiп, оның түсiне ендi, найзағай құдайы әмiр еткен нәрсенiң бәрiн айтып бердi. Агамемнон ұйқысынан оянды, ал оған түсiнде естiген сөздер әлi де айтылып жатқандай сезiлдi. Микены патшасы орнынан тұрып, үлде мен бүлдесiн шұғыл киiнiп алды да, қолына алты аса таяғын ұстап, жағалауға шығарып қойылған грек кемелерi жанына барды. Бұл кезде күн құдайы Гелиостың аспанға шығатынын жариялап, таң шапағы әбден арайланып болған едi. Агамемнон жаршыларын алдыртты да, барлық жауынгерлердi халық жиналысына шақырыңдар деп әмiр бердi. Қүдiреттi Микены патшасы көсемдердi Нестор қарттың кемесiне жинап алып, оларға түсiнде найзағай құдайы Зевстiң өзiне қандай аян бергенiн әңгiмеледi.
Көсемдер шайқасқа әзiрленудi ұйғарды. Бiрақ қалың қолды Троя қабырғасына қарай бастамас бұрын Агамемнон оларды сынап алуды ойластырды: ол халық жиналысында елге қайтуды ұсынбақшы болды. Тау үңгiрлерiнен құжынап ұшқан аралар тәрiздi қисапсыз көп әскер жиналды. Халық жиналысы толқу үстiнде едi. Патшалар халыққа арнап сөз сөйлей алатындай болуы үшiн жаршылар тыныштық орната алмай әлек болды. Ақыры әйтеуiр жауынгерлер жайғасып, әрең дегенде тыныштық орнады. Бiрiншi болып қолына ұстаған аса таяғымен орнынан тұрған Агамемнон халыққа арнап сөз сөйледi. Ол соғыстың ауыртпалығы туралы, гректердiң Троя түбiнде бос әурешiлiкпен күрес жүргiзгенi жайына тоқтала келiп, сiрә, өздерiне ендi құдiреттi Трояны ала алмай, түк бiтiрмей, елге қайтуға тура келетiн шығар дегендi айтты. Сiрә, гректердiң елiне қайтуын құдайлардың өздерi де тiлеп отырған болар дедi. Жауынгерлер Агамемнонның сөзiн тыңдап болды. Кенет Нот пен Эвр145 желдерi соққанда тулаған таудай теңiз толқындары сияқты бүкiл халық дүр ете толқып жүре бердi. Жұрттың бәрi жер жаңғырықтыра даурығып кемелерге қарай лап қойды. Дүрлiгiп жүгiрген жауынгерлердiң аяқ дүрсiлiнен жер дiрiлдеп кеттi. Түйдек-түйдек шаң көтерiлдi. Бүкiл қосынды айқай-сүрең биледi. Жұрттың бәрi де кемелерiн тезiрек суға түсiрiп, тезiрек елiне жүрiп кетуге асықты.
Жауынгерлер дабысы құдiреттi Олимпке де барып жеттi. Гректер Трояны қоршауын қояр деп қорыққан Гера оларды тоқтату үшiн Афина-Палладаны жiбердi. Афина Олимптен құйындай ұйтқып гректер қосынына жетiп келдi. Ол Одиссейге келдi де:
– Лаэрттiң асыл тектi ұлы-ау, шынында бәрiң де қашып елге қайтуды ұйғардыңдар ма? – дедi. – Сендер шынымен-ақ Приам мен троялықтардың қуанышы үшiн Елена сұлуды қалдырып кеткендерiң бе? Тез жөнел, Трояны тастап кетпеуге әскерлердi көндiретiн бол!
Әйел құдайдың қаҺарлы даусын естiсiмен Одиссей шапанын лақтырып тастады да, кемелерге қарай жүгiре жөнелдi. Өзiне қарсы кездескен Агамемноннан жоғарғы өкiмет билiгiнiң белгiсi аса таяқты алды да, көсемдер мен қарапайым жауынгерлердi кемелерiн суға түсiрмеуге үгiттеп, жұрттың бәрiн керi, халық жиналысына шақырды. Олардың iшiнен қатты шу көтерiп, Троя жағалауынан тезiрек кетуге асыққан кейбiреулерiн Одиссей аса таяқпен салып қалып отырды. Ақыры, жұрттың бәрi қайтадан алаңға қарай ағылды. Қаптаған қарақұрым адамдар тобы жартасты жағалаумен соқтығып, сапырылысып жататын теңiздiң буырқанған толассыз толқындары сияқты у-шу болып келе жатты. Өйтiп-бүйтiп әрқайсысы өздерiнiң орын-орындарына жайғасып, тыныштық орнады. Тек жападан-жалғыз Терсит146 қана айқайлаумен болды. Ол қашан да патшаларға батыл қарсы шығатын. Әсiресе Одиссейдi және Фетиданың ұлы перзентi Ахиллдi жек көретiн едi. Ал ендi Терсит бұрынғыдан бетер даурығып, Агамемнонға тiл тигiзе бастады. Ол Агамемнон олжа мен күңдердi жеткiлiктi-ақ иемденген, қарапайым жауынгерлер тұтқынға түсiрген атақты троялықтар туған елiне қайтару үшiн алған парасы да шашетектен деп айқайлап, ал Трояның түбiнде Агамемнонның өзiн жалғыз тастап кетейiк деп ұсыныс жасады. Шайқаста оған жауынгерлер қалай көмектестi, олар өзiне адал қызметкер бола алды ма, жоқ па, мiне, осының бәрiн Атрейдiң ұлы бiлiп көрсiн дедi. Терсит Агамемнонды тiл тигiздiң деп сөктi, бiрақ, сөйте тұра Ахиллдiң өзiн де су жүрексiң деп айыптады. Осының бәрiн Одиссей естiп тұрды. Ол Терситтiң қасына келдi де, қаҺарлана айқай салды:
– Ақымақ, патшаларға тiл тигiзушi болма, туған елге қайту туралы аузыңа да алма! Бiз бастаған осынау iстiң немен аяқталатынын кiм бiледi? Құлақ сал да, есiңде сақта, мен не айтсам, соны орындайтынымды бiлетiн бол! Есуас, егер сенiң Агамемнон патшаға тiл тигiзгенiңдi тағы бiр рет естiсем бар ғой, ұстап алып, тыржалаңаш шешiндiрiп, дүреге жықпасам, көз жасыңды сорадай ағызып халық жиналысынан кемеге дейiн жон терiңдi сылмасам, онда менiң басым кесiлсiн, жұрт менi Телемахтың әкесi деп бiлмей-ақ қойсын.
Одиссей осылай деп қаҺарлана айқай салды. Ол аса таяғын сiлтеп қалды да, Терситтiң арқасынан салып жiбердi. Жанға батқан соққыдан Терситтiң көз жасы саулап қоя бердi. Жон арқасында алқызыл жолақ тартылып күп болып iсiп шыға келдi. Ал өзi қорықаннан дiрдiр етiп, бетiн тыржитты да, көзiнен аққан жасын қолымен сүрттi. Жұрттың бәрi Терситке қарады да, қарқылдап күлiп, былай дедi147.
– Одиссей кеңесте де, шайқаста да қыруар даңқты iстер тындырды, ал мынау оның ең бiр тамаша қаҺармандығы. Айқайшылды қалай ауыздықтады десеңiзшi! Ендi оның бұдан былай Зевс жақсы көретiн патшаларға тiл тигiзуге дәтi бармайтын болады.
Одиссей болса халыққа арнап сөз сөйледi, қасында жаршы бейнесiне енген Афина-Паллада тұрды. Одиссей гректердi Трояны қоршауды тоқтатпауға үгiттеп, егер Трояны алмай, елге қайтсаңдар, онда Агамемнон да, өздерiң де масқара боласыңдар дедi. Қалайша әлжуаз балалар мен жесiр әйелдер сияқты қорғаншақтап елге қайтпақ, әлде олар Калхастың күте тұру керек деген сәуегейлiк болжамын ұмытып қалғаны ма? Қалайша жұрттың бәрi Зевстiң Авлиадада берген аянын ұмытып қала қояды? Гректер Трояны қоршаған оныншы жылда ғана басып алатыны аян едi ғой. Одиссей өз сөзiмен қайтадан жиналғандардың бойында ерлiкке деген құштарлықты оятты. Гректер оның сөзiне желпiнiп, дабырласа қоштап, төңiректi тегiс жаңғырықтырды. Мiне ендi Нестор қарт орнынан тұрды да, қайтадан бәрi де тына қалды. Ол да гректерге қайтпауға, троялықтармен шайқасуға кеңес бердi. Соғыс кезiнде әскерлердi тайпасы мен руына қарай сапқа тұрғызып, тайпа-тайпаға, ру-руға көмектесетiн болсын дедi. Сонда тайпа көсемдерiнiң не мүшелерiнiң қайсысы жасық, қайсысы мықты екенi, Трояның осы уақытқа дейiн неге алынбай келгенi – бұл құдайлардың әмiрiмен бе, әлде көсемдер өздерi жауынгерлiк iстi бiлмей отыр ма,– мiне, осының бәрi айқын көрiнедi дедi. Агамемнон бұған келiстi. Ол әскерлерге тамақтануға рұқсат етiп, содан кейiн ешкiмге де қас қағымда тыныс берiлмейтiн қанды шайқасқа әзiрленуге бұйрық бердi. Ал кiмде-кiм кемелер қасында қалып, шайқастан жалтаратын болса, ол сазайын тартады: ондай адам ит-құс пен қарға-құзғынға жемге тасталады дедi.
Әскерлер дуылдап өршелене айқай салды, оның күштiлiгi сондай, қатты дауыл кезiнде таудай толқындарды жел жөңкiлтiп айдайтын теңiз сапырылысындай күркiреп кеттi. Халық жиналысы тез тарап, жұрттың бәрi шатырларына жетуге асықты. Бүкiл қосында алаулар жанып, көк түтiнге бөлендi. Гректер шайқас алдында тамақ iшiп, әл жинап жатты. Олардың әрқайсысы құдайға құрбандық шалып, қанды ұрыс кезiнде өзiн аман сақтап қалуын жалбарынып сұраумен болды. Агамемнонның өзi Зевске құрбандық шалды. Ол атақты батырлар айнала қоршап тұрған құрбандық орнында семiз өгiз сойып, Зевстiң өзiне жеңiс сыйлауын тiледiө қараңғы түскенше мызғымас Троя қамалы мен Приам патша сарайын басып алуға көмектес деп жалбарындыө Гектордың сауыт-сайманын найзаның ұшымен қақырата сөгiп, оны жер қаптыра көр деп тiледi. Бiрақ найзағай құдайы Зевс Агамемнонның жалбарынған үнiне құлақ асқан жоқ, ол Микены патшасы үшiн бұл күнге көптеген сәтсiздiктер әзiрлеп қойған едi. Құрбандықтар берiлiп, құрбандық шеруi аяқталғаннан кейiн әскерлердi шайқас даласына бастаңдар деп Нестор қария көсемдердi асықтыра бастады.
Көсемдер өз жасақтарына жетуге асықты. Жаршылар әскерлердi айқайлап шақыра бастады. Қолбасылар жауынгерлерiн әскери сапқа тұрғызып, оларды Троя қабырғаларына қарай бастап жүрдi. Әскерлер мен аттардың аяқ дүсiрiнен жер солқылдағандай болды. Бүкiл Скамандр148 алқабы қалың әскерге лық толды. Олар троялықтармен шайқасқа шыққанша асықты. АфинаПаллада әскерлер арасында құйындай ұйытқып жүйткiп жүрдi. Жауынгерлердi ұрысқа жiгерлендiрiп, олардың бойына қайтпас қайсарлық рухын дарытты. Қалың қолдың алдында қос доңғалақты арбаларға отырып көсемдер келе жатты. Найзағай құдайы Зевске ұқсап Агамемнон патша бәрiнен де қаҺарлы әрi сұсты көрiндi. Жауынгерлер қатар-қатар сап құрып, Троя қабырғаларына бет түзедi.
МЕНЕЛАЙ МЕН ПАРИСТIҢ ЖЕКПЕ-ЖЕГI
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Құдайлар жаршысы Ирида Олимптен тез самғап түстi де, Приамның ұлы Политтiң бейнесiне кiрiп, гректер қосынынан қисапсыз қалың әскер келе жатқанын троялықтарға хабарлады. Ол Трояға самғап жетiп келген кезде, халық жиналысы жүрiп жатқан болатын. Гектор дереу жиналысты таратып жiбердi.
Троя азаматтары мен олардың одақтастары жедеқабыл қаруланып, жауынгерлiк сапқа тұруға асықты. Қақпалар ашылып, олардан троялықтар мен одақтастардың жасақтары бiрiнен соң бiрi лек-лек шыға бастады. Қайтқан кездегi тырналар тiзбегi сияқты, қиқулап қайнап троялықтар қолы келе жатты. Ал гректер болса түнере түйiлiп, тiлсiз жылжып жақындай бердi. Бүкiл даланы қаптаған шаң басып кеттi.
Екi әскер де бiр-бiрiне таяп қалды, бiрақ бiрден ұрысқа кiрiсе қойған жоқ. Троялықтар қатарынан суырылып алға Парис шықты. Иығына қабылан терiсiн жамылып, арқасына садақ, жебелер салынған қорамсақ асып алған, белiнде өткiр қылыш, ал қолына қос найза ұстаған. Парис ахейлiктердi жекпе-жекке шақырып тұр едi. Менелайдың Паристi көруi-ақ мұң екен, ол күймесiнен тез секiрiп түстi де, суырылып алға шықты. Менелай кенет бай олжаға тап болған арыстан тәрiздi қуанышқа кенелiп Париске қарсы жүрдi: Елена сұлуды ұрлап әкететiн оспадар залымнан кек аламын деп шаттанып келе жатқан болатын.
Парис Менелайды көрген бойда жүрегi дiр етiп, ажал үрейi биледi де, достарының арасына тығылып, көзден таса болды. Мұнысын Гектор көрген, қорқақтығы үшiн туысын кiнәлай бастады.
– Сен тек сырттай қарағанда ғана батырсың, – дедi Гектор Париске, – бiздiң бәрiмiздi масқара еткенше, тумай-ақ қойғаның жақсы болатын едi, әлде сен гректердiң өзiңе қалай күлiп тұрғанын естiмей тұрмысың? Батырлығың тек күллi Трояны уайымға душар етiп, Менелайдың әйелi Еленаны алып қашуға ғана жеткен екен ғой! Ал ендi Менелайдан зәрең ұшып, қорқып тұрсың! Сен өзiң ұрлап әкеткен Еленаның күйеуi қандай ержүрек жауынгер екенiн бiлсең еттi! Шiркiн-ай, егер троялықтар бұдан сәл батылырақ болса, онда олар басына сен түсiрген барлық қайғы-қасiрет үшiн үстiңе тас жаудырып өлтiрер едi-ау!
– Сенiң менi тiлдеуге қақың бар, Гектор, – деп жауап қайтарды Парис, – бiрақ сәл сабыр етiп тынышталшы. Мен Менелаймен жекпе-жекке шығамын. Тек троялықтарға тоқтай тұрыңдар деп әмiр бере гөр. Бiз Елена сұлу үшiн Менелаймен әскерлер алдында шайқасамыз. Қайсымыз жеңiп шықсақ, сол Еленаны қолынан ұстап, үйiне апаратын болады.
Мұндай жауапты естiген соң Гектор троялықтар сапының алдына шықты да, оларды тоқтатты. Гректер Гекторға оқты жаңбырдай жауғызуға әзiр едi. Кейбiреулер оған тас та лақтыра бастады, бiрақ айқай салып оларды Агамемнон тоқтатып тастады.
– Тұра тұрыңдар, гректер, тұра тұрыңдар, Ахей ерлерi! Жарқыраған дулығалы Гектор бiзге сөз арнағалы тұр ғой!
Жұрттың бәрi тынышталған кезде Гектор Паристiң Елена үшiн дауды жекпе-жекпен шешуге ұсынып тұрғанын хабарлады. Оған Менелай жауап бердi:
– Менi тыңда! Бұл қантөгiс жанжалды баяғыда-ақ тоқтататын уақытымыз болды. Бiз Парис екеуiмiз шайқасайық, тағдыр қайсымызға ажал жазса, сол өлетiн болсын. Ал сендер кейiн бiтiмге келiңдер. Құдайларға құрбан шалайық. Приам қартты шақырып жiберiңдершiө ұлдарының бәрi шетiнен зұлым, сондықтан өзi осы шартты орындаймын деп жекпе-жек шайқас алдында ант беретiн болсын.
Мұндай ұсынысты естiгенде жұрттың бәрi қуанды. Гектор сол сәтте-ақ шабармандарды Приамды шақырып келуге жұмсады.
Ал бұл кезде Приамның қызы Лаодика сұлудың кейпiне енген әйел құдай Ирида Еленаға келiп, Скея қақпалары маңындағы мұнараға шығуға шақырған, осы жерге Приам бастаған Троя қариялары Парис пен Менелайдың жекпе-жегiн көруге жиналған болатын. Сұлу шаш бұрымды Елена салтанатты киiмдерiн кидi де, қасына ерген екi қызметшi қызбен Ириданың соңынан асыға басып жөнелдi. Өзiнiң алғашқы күйеуiн, елiн, қимас Спартасын еске алып жанары жаспен шыланды. Троя қариялары жақындап келе жатқан Еленаны көрген. Сұлулығы соншалық, қарттар оған сүйсiне көз тiгiп, бiрбiрiне тiл қатты:
– Жоқ, мұндай сұлу әйел үшiн қантөгiс күрес жүргiзiп жатқан гректердi де, троялықтарды да айыптауға болмайды. Ол шынында да өз сұлулығымен мәңгi жасайтын әйел құдайларға пара-пар. Бiрақ қаншама сұлу болғанымен, ең дұрысы Грекиясына қайта қойсыншы, сонда ғана бiзге де, бiздiң балаларымызға да ажал қаупi төнбейтiн болады.
Ал Приам Еленаны шақырып алып, одан өзi қабырғадан көрiп тұрған қаҺармандар туралы сұрай бастады. Елена құдiреттi Агамемнонды, ақылды, айлакер Одиссейдi, Теламон ұлы Аякстi, Крит патшасы Идоменейдi көрсеттi. Батырларға қарап, Приам олардың сұлулығына, құдiреттi де айбынды кескiн-келбетiне таң қалды. Осы кезде Гектор Приамға жiберген шабармандар да келiп жеттi. Приам шұғыл орнынан көтерiлдi де, күйменi жегуге әмiр берiп, Окея қақпалары арқылы Антанормен бiрге әскерлерге қарай жол тартты.
Агамемнон мен Одиссей Приам қартты орындарынан тұрып қарсы алды. Олимп құдайларына құрбан шалынды. Көсемдер шартты орындаймыз деп ант бердi. Сол кезде Приам патша троялықтар мен грек әскерлерiне арнап сөз сөйледi:
– Оу, жаужүрек ерлер, троялықтар мен гректер! Мен қазiр ұлы Трояға қайтып кетемiн. Өз балам Паристiң құдiреттi Менелай патшамен жекпе-жегiн көруге дәтiм жетпейдi. Бұл шайқаста олардың қайсысын ажал күтiп тұрғанын тек Зевс қана бiледi.
Приам ұрыс даласынан жүрiп кеттi. Ал Гектор болса Одиссей екеуi жекпе-жек сыналатын орынды белгiлеп, содан кейiн дулығаға жеребе салды да, шайқап жiбердi. Мұнысы бiрiншi болып кiм найза лақтыруы тиiс екенiне жеребе шықсын дегенi едi. Жеребе Париске шықты.
Парис пен Менелай қару-жарағын асынып, ауыр найзаларын салмақтай, жекпе-жек болатын жерге шықты. Жанарлары ызғар шашып, бiр-бiрiне деген өшпендiлiк көздерiнен жалын атып тұрды, Парис найзасын құлаштай сермеп, Менелайға қарай лақтырды. Найза Менелайдың зор қалқанына келiп тигенмен, тесiп өте алған жоқ. Найзаның ұшы қалқанды қаптаған мысқа тиiп, майырылып қалды. Менелай Зевске дауыстап жалбарынып, алдағы уақытта қонақжайлық көрсеткен жанға ешкiм де зұлымдық жасамауы үшiн Паристен кек алуға көмектесудi өтiндi. Менелай патша найзасын қаҺарлана сiлтеп, Паристiң қалқанын перiп жiбердi. Найза қалқанымен қоса Паристiң сауытын да тесiп өтiп, киiмiн қақ айырды, Парис тек жедел жалт берiп қана аман қалды. Менелай семсерiн суырып алып, Паристiң дулығасынан салып өткен едi, бiрақ қуатты соққыдан семсер төртке бөлiнiп ұшып түстi. Семсерiнен айырылған Менелай Париске тарпа бас салды да, қолымен дулығасына шап берiп, гректер сапына қарай дырылдатып сүйрей жөнелдi. Дулығаның қайысы Паристiң мойнын қылқындыра бастады. Менелай Паристi гректер сапына сүйреп әкететiн де едi, бiрақ дәл осы кезде өз сүйiктiсiне көмекке махаббаттың әйел құдайы Афродита келiп жеттi. Ол қайысты үзiп жiбердi де, Менелайдың қолында тек дулыға ғана қалып қойды. Менелай өзi жер жастандырған Паристi найзасымен түйреп өтпек едi, бiрақ әйел құдай Афродита Паристi қара бұлтпен тұмшалап, дереу Трояға көтерiп алып кеттi. Менелай Паристi iздеп, босқа арам тер болдыө ол жыртқыш аң тәрiздi аласұрып, троялық әскерлердi әрi-берi жүйткiп аралады. Бiрақ Паристi бәрi жек көре тұрса да, троялықтардың ешқайсысы Приам ұлының қайда екенiн көрсетiп бере алмады. Агамемнон патша дауыстап жар салды:
– Тыңдаңдар, троялықтар мен гректер! Бәрiң де Менелайдың жеңiп шыққанын көрдiңдер, олай болса, бiзге Елена мен Менелайдан Парис ұрлап әкеткен барлық асыл қазына қайтарып берiлсiн, сондай-ақ, бiзге алым төленетiн болсын.
Бiрақ, Агамемнонның сөзi жауапсыз қалды. Тағдыр шайқастың аяқталуын жазбаған едi.
ПАНДАРДЫҢ АНТТЫ БҰЗУЫ. ШАЙҚАС
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Менелай мен Парис жекпе-жек шығуға ұйғарған кезде мәңгi жасайтын құдайлар Зевс сарайында той тойлап жатқан едi. Өрiмдей жас әйел құдай Геба құтыларға шәрбәт құйып берiп жүрдi. Құдайлар биiк Олимптен Трояға көз салып, мейрамдаумен болды. Зевс Гераға қалжыңдап: Менелай жеңiп шыққандықтан, троялықтар мен гректердiң қантөгiс жанжалын тоқтатамын деген. Бiрақ әйел құдай Гера Зевстен жаугер Афинаны троялықтар әскерiне жiберуiн өтiндi, ол ондағылардың бiрiн ант бұзуға көндiруге тиiс болды. Найзағай құдайы Зевс бұған келiсе кеттi. Әйел құдай Афина жедел жарқыраған жұлдыз түрiне енiп, Олимптен ағып түсiп, Троя әскерлерiнiң арасына келiп кiрдi. Троялықтар таң-тамаша болысты, олар берiлген белгiнiң не екенiн бiле алмай дағдарды: қанды қырғын тағы да басталмақ па, әлде бұл Зевстiң бiтiм жасау керек деген ишарасы ма? Афина болса Антенордың ұлы Лаодоктың кейпiне кiрiп, атақты мерген садақшы Пандардың қасына келдi де, ажал жебесiмен Менелайды көздеп атуға көндiрдi. Пандар бұған келiстi. Ол садағын жұлып алып, өткiр жебесiн тапты да, Аполлонға сиынып, тартып қалды. Шiренген садақ адырнасы сыңғыр еттi, Менелай өлiп те кетер едi, тек Афина жебенi бұрып жiбердi де, ол патшаның қос қабат сауыт қалқалаған жерiне келiп тидi. Жебе сауытты тесiп өтiп, денеге қадалды. Жарақат онша ауыр емес едi, бiрақ, соның өзiнде қан судай ақты. Туысының жараланғанын көрген Агамемнонның зәресi ұшып кеттi. Бiрақ оны Менелай тыныштандырды. Агамемнон емшi батыр Махаонды шақырып келуге әмiр бердi. Махаон жараны қарап көрiп, дәрi-дәрмек жақты. Агамемнон мен өзге де қаҺармандар жаралы Менелайға жәрдем жасаумен айналысып жатқан кезде троялықтар шабуылға шықты. Агамемнон әскерлерiне жетуге асықты, оларды сапқа тұрғызып, жауынгерлерiн шайқасқа жiгерлендiре бастады.
Грек әскерлерi арасында тек көсемдердiң дауыстары ғана естiлiп тұрды, жауынгерлер үн-түнсiз жүрiп келе жатты. Ал троялықтар болса айқай-сүреңге басқан. Грек әскерлерiн Афина-Паллада, троялықтарды буырқаныпбұрсанған соғыс құдайы Арес бастап келе жатты. Қоянқолтық шайқас басталып кете барды. Жеңiске масаттанған айқай-ұран мен өлiп бара жатқандардың талықсып ыңырсыған үндерi естiлiп тұрды.
Троялықтар гректер тегеуiрiнiне шыдамай шегiне бастады. Гректер оларға бұрынғыдан бетер топтасып ұйымдаса тап бердi. Мұны көргенде троялықтардың жебеушiсi Аполлон құдай қатты ашуланып, айқай салды:
– Батылырақ алға, ұмтылыңдар, троялықтар! Гректер кеудесi тастан, денесi темiрден жаралған деп ойлап қалмаңдар. Әне, қараңдаршы, бүгiн олардың арасында құдiреттi Ахилл жоқө ызаға булығып ол өз шатырында отыр.
Жебе тәңiрi бұл айқайымен троялықтарға жiгер бердi. Қантөгiс қырғын бұрынғыдан да қыза түстi. Көптеген батырлар қаза тапты. Афина-Паллада гректердi жiгерлендiрдi. Бұл шайқаста ол Тидейдiң ұлы Диомед патшаға мұқалмас құдiреттi күш бердi. Көп ұзамай троялықтар шегiне бастады.
Диомедтi атақты мерген Пандар көрiсiмен садағын тартып жiбердi. Жебе Диомедтiң иығына келiп қадалды да, сауыты алқызыл қанға боялды. Пандар масайрап кеттi. Ол Диомед өлiмшi болып жараланды деп, троялықтарды дауыстап рухтандыра бастады. Ал Диомед болса қаҺарман Сфенелдi шақыртты да, денесiндегi жебенi суырып алуын өтiндi. Сфенел жебенi суырып алды. Диомед бар даусымен Афина-Палладаға жалбарынып, өзiн жебемен жаралаған адамды жер жастандыруға мүмкiндiк беруiн сұрады. Афина-Паллада Диомедтiң қарсы алдына келiп тұра қалды. Ол мұның бойына құдiреттi күш пен қайтпас қайсар жүректiлiк дарытты. Әйел құдай Диомедке ұрысқа қаймықпастан батыл кiрiс, тек мәңгi жасайтын құдайларға ғана тиiсе көрме деп әмiр бердi. Оған тек әйел құдай Афродитаны ғана өз найзасымен түйреп өтуге рұқсат еттi. Жеңiл жарақат күш-қуатын он есе арттырып, ызасын одан бетер өршiткен жаралы арыстан сияқты Диомед қырғынның қызу ортасына қойды да кеттi.
Диомед шайқаста қарсыластарын баудай түсiрiп қалай жайратып жүргенiн көрген қаҺарман Эней дереу троялық жауынгерлер сапы арасынан Пандарды iздестiре бастады. Ол Пандарды Диомедтi құртуға көндiрдi. Пандар Энейдiң күймесiне отырды да, екеуi Диомедке қарай ағыза жөнелдi.
Күйме үстiндегi атақты екi батыр Эней мен Пандарды көрiп, досы Сфенел Диомедке олармен шайқасудан жалтарып кетейiк деп кеңес бере бастаған. Бiрақ ашуға булыққан құдiреттi қаҺарман мұндай ақылды тыңдаған жоқ. Энейдiң күймесi Диомедке барған сайын жақындай түстi. Пандар найзасын құлаштай сермеп, Диомедтiң қалқанына қарай лақтырды. Найза қалқанды тесiп өтiп, сауытқа келiп тидi, бiрақ сауыт жауынгердi қорғап қалды. Ендi Диомед өз найзасын лақтырды. Пандар жан тапсырып, күймеден құлап түстi. Эней де жедел жерге қарғыды. Өзiн қалқанымен көлегейлеп, қолына зор найзасын ұстаған күйi, ол Пандардың өлiгiн қорғауға кiрiстi. Ал Диомед болса жайшылықта екi адам да көтере алмайтын орасан зор тасты бiр қолымен-ақ жерден жұлып алды да, сұрапыл күшпен Энейге қарай лақтырып, жамбасына тигiздi. Эней тiзерлеп құлап түстi, егер оған өз анасы, әйел құдай Афродита дереу көмекке келiп үлгiрмегенде, сол арада өлiп кетуi де мүмкiн едi. Афродита Энейдi өз киiмiмен қалқалап жасырды да, шайқас даласынан алып кетпек болды.
Диомед әйел құдайға тап берiп, өзiнiң салмақты, сұсты найзасымен оны нәзiк қолынан жаралады. Әйел құдай шыңғырып жiбердi де, Энейдi құшағынан босатып қоя бердi. Бiрақ Аполлон құдай оны қара бұлтпен қалқалап жасыра қойды. Ал Диомед болса әйел құдай Афродитаға қаҺарын төге айқай салды:
– Жоғал көзiмнен, Зевстiң қызы! Қанды шайқастан тайып тұр. Саған әлсiз әйелдердi алдап-арбауың жетпей ме?
Махаббат құдайы ұрыс даласын тастап шықты да, Диомед қайтадан Энейге тап бердi. Энейге Тидейдiң ұлы үш рет шабуыл жасады, бiрақ үш ретте де оған Аполлон тойтарыс бердi. Ал Диомед Энейге төртiншi рет тап берген кезде, Аполлон оған қаҺарлана айқай салды:
– Есiңдi жый, Тидейдiң ұлы! Қайт керi, мәңгi жасайтындарға тиiсуден бойыңды аулақ сал! Күшi жағынан құдайлармен қарапайым пенделердiң ешқайсысы теңдесе алмайды!
ҚаҺарлы құдай Аполлонның даусын естiгенде Диомед қорқып кеттi де, кейiн шегiндi. Ал Аполлон болса Энейдi көтерiп алып, Троядағы өз ғибадатханасына жеткiздi. Онда әйел тәңiрi Лета мен Аполлонның қарындасы Артемида Энейдi емдеп жаздыө Аполлон ендi ұрыс даласында Энейдiң елесiн жасай қойды да, сол елестiң төңiрегiнде сұрапыл шайқас қызып кете барды.
Бұл кезде Диомед жаралаған әйел тәңiрi Афродита шайқас даласынан соғыстың сұрапыл құдайы Арес отырған жерге жетiп барған. Жарасын ауырсынып қатты ыңырсыған ол Арестен өз күймесiн бере тұруын жалынып сұрадыө соған отырып, сәулеттi Олимпке қас қаққанша жетiп барды. Онда Афродита анасы Дионаның тiзесiне көз жасын төгiп иiлдi де, өзiн Диомед жаралағанын айтып, шағым жасады. Диона оның жарасын сипалап, қолын жазды. Ал Афина мен Гера болса Афродитаны сықақ қылып, найзағай құдайы Зевске:
– Әйел құдай Афродита Ахей қыз-келiншектерiнiң әлдебiреуiн өзi жақсы көретiн троялықтардың бiрiмен қаш деп үгiттеп көндiрмек болған жоқ па екен? Бәлкiм, сол қыз-келiншегiн еркелетемiн деп қолын қанатып алған шығар?– дедi.
Зевс күлдi де, Афродитаны өзiне шақырып алып:
– Айналайын қызым,– дедi,– қызу шайқастар сен араласатын iс емес. Сен неке мен махаббатқа ие бол да, ал қырғын соғыстарды адуын Арес пен өжет Афинаға-ақ қалдыршы.
Шайқас даласында Аполлон қолдан жасаған Энейдiң сүлдесi төңiрегiнде ұрыс бұрынғысынша қызып жатқан. Аполлон Арес құдайдан Диомедтi жуасытуды сұрады.
Үстi-басын қан жапқан соғыс құдайы Аполлонның сөзiне құлақ асты. Ол фракиялық Акаманттың бейнесiне кiрiп, троялықтарды ерлiкке рухтандыруға тұра ұмтылды. Шайқас бұрынғыдан да кескiлескен сипат алуға тиiс болды. Жарасынан сауыққан Эней де ұрыс даласына қайтып келдi. Оның аман-сау екенiн көрген троялықтар қуанышқа бөлендi. Сапырылысып кеткен троялықтар қайтадан сап түзеп, гректерге қарсы ұмтылды. Сұрапыл желдер өкпек лебiмен орнынан қөзғалта алмайтын бейне бiр тау үстiндегi қара бұлт сияқты гректер жақындап келе жатқан троялықтарды күтiп тұрды. Қос қаҺарман Аякстер, Одиссей мен Диомед гректердi шайқасқа жiгерлендiрдi. Қару-жарағы жарқылдаған Агамемнон патша да олардың сап түзеген қатарларын аралаумен болды. Шайқас қайтадан қызды. Жауынгерлер бiрiнен соң бiрi құлап, олардың жанарын ажал түнегi бүркей бердi. Троялықтардың алдында Гектор шайқасып жүрдi. Оған соғыс құдайының өзi – Арес пен қырғынның қаҺарлы әйел құдайы Энюо көмектесумен болды. ҚаҺарман Диомед Арес құдайды көрiп қалып, кейiн шегiндi де, гректерге қарап айқай салды:
– Достар, Гектордың сондайлық ерлiкпен шайқасып жүргенiне бiз таңданбай-ақ, қоялық. Оның қасында ұрыс құдайы Арестiң өзi бiрге шайқасып, көмектесiп жүр ғой. Шегiнiңдер, достар, құдайлармен соғысудан сескенiңдер. Троялықтар гректердi барған сайын тықсыра түстi.
Зевстiң ұлы Сарпедонның найзасы тиген Гераклдың жасөспiрiм баласы Тлеполем ұрыста қаза тапты. Бiрақ Тлеполем де Сарпедонды жамбасынан жаралаған болатын. Сарпедонның достары жарасынан найзаны суыра алмай, оны әрең дегенде шайқас даласынан алып шықты. Қасынан өтiп бара жатқан Гекторды көрiп қалып, Сарпедон гректердi тас-талқан қылуды өтiндi. Гектор қайтадан шайқасқа ұмтылды, найзасымен көптеген батырларды жер жастандырды. Троялықтар гректердi бұрынғыдан да тықсыра түстi.
Осыны көзi шалып қалған әйел құдай Гера Афинаны шақырып алды да, Арестi ауыздықтау үшiн екеуi жедел шайқасқа әзiрлене бастады. Әйел құдайлар Гераның көмегiмен ғажайып күймеге аттарын жектi. Афина қаружарағын тағынып, басына ауыр дулығасын кидi, горгона Медузаның басы қондырылған сауытын иығынан асыра салды да, найзасын қолына ұстаған бойы әйел құдай Гераның күймесiне қарғып мiндi, Гера аттарды тез айдай жөнелдi. Әйел құдайлар биiк Олимптен самғап келе жатқан кезде төбе басында жападан-жалғыз отырған Зевстi көрдi. Гера аттарды тоқтатты да, найзағай құдайы Зевске:
– Оу, Зевс, сен өзiң құтырынған Арестiң осыншама ерлердi өлтiрiп жатқанына шынында да ызаланбайсың ба? – дедi. – Мен бұған Аполлон мен Афродитаның қалай қуанғанын көрiп тұрмын. Егер де мен Арес құдайды ауыздықтай қалсам, сен бұған шынымен ашуланар ма екенсiң?
Ұлы жебеушi Зевс оған жауап бердi:
– Бара ғой! Тек Ареске қарсы жаугер Афина-Паллада ғана шығатын болсын. Мәңгi жасайтын құдайлардың iшiнен одан басқа ешкiм де Арестi ауыр қайғыға батыра алмайды.
Әйел құдай Гера аттарды ысқыртып айдай жөнелдi. Әйел құдайлар екi өзеннiң – Симоис пен Скамандрдың құйылысқан жерiне желдей жүйткiп жетiп келдi де, күймеден түсiп, аттарды доғарды, содан кейiн оларды қара бұлтпен тұмшалап тастады. Қуатты дауыс бiткен, атпал азамат Стентордың кейпiне кiрген Гера гректердi троялықтарға қарсы ерлiкпен шайқасуға шақырды. Афина-Паллада Диомедтiң қасына келдi. Диомед өз денесiне Пандар салған жараға дәрi жағып жатыр едi. Паллада шайқастан жалтарып кеттiң, троялықтармен соғысудан қорқасың деп оны жазғыра бастады. Егер осы жерде сенiң әкең, даңқты жиҺангер Тидей болса, ол былай iстемеген болар едi дедi. Бiрақ Диомед әйел құдайға былай жауап қайтарды:
– Жоқ, найзағай құдайы Зевстiң құралай көз қызы, мен Трояның батырларымен соғысудан қорықпаймын. Мен тек сенiң мәңгi жасайтын құдайлармен шайқасушы болма деген әмiрiңдi есiмде сақтап тұрмын.
Сонда ғана Афина Диомедке:
– Оу, Афинаның сүйкiмдiсi, Тидей ұлы, – дедi, – ендi сен Арестен де, басқа құдайлардан да қорқушы болма. Мен өзiм көмекшiң боламын. Тезiрек Ареске қарсы шайқасқа шық. Ол опасыз, тiптi осы жақында ғана гректерге көмектесуге уәде берген едi, ал ендi мiне, троялықтарға көмектесiп жүр.
Афина-Паллада Сфенелдiң орнына Диомедтiң күймесiне мiндi. Күйменiң емен бiлiгi әйел құдайдың салмағынан сықырлап кеттi. Арес шайқаста қаза тапқан Перифант батырдың қару-жарағын шешiп алып жатқан кезде оның көзiне көрiнбей Афина аттарды тура соған қарай айдай жөнелдi. Арес Афинаның қасында тұрған Диомедтi көрдi де, өзi өлтiрген Перифант батырдың денесiн тастай салып, Тидейдiң ұлына найзасын көздей лақтырып кеп жiбердi. Афина найзаны қағып қалып, ешкiмге тимей ол жанынан ұшып өттi. Афина Диомедке ондаған есе күш бердi, Ареске найзасын сұққызды да, қайтадан суырып алды. Арес қатарынан он мың жауынгер қарсы шыққандай, үрейдi ұшыра бақырып айқай салды. Троялықтар мен гректер сұмдық айғайдан селк еттi. Қара бұлт қоршап алған ызақор Арес қас қаққанша Олимпке ұшып шықты. Зевстiң қасына келiп отырды да, Диомедке өзiн жаралауға қөмек көрсеткенi үшiн АфинаПалладаның үстiнен шағым айта бастады. Зевс ұлына сұстана көз тiктi. Қанды шайқастарды жантәнiмен сүйгенi үшiн ол Арестi жек көретiн едi. Сондықтан да егер Арес өзiнiң ұлы болмаса баяғыда-ақ оны қара түнек Тартарға тастап жiберер едiм дегендi айтты. Арес арыз айтуын қоя қойды. Зевс құдiреттi тәуiп Паонды шақыртып, ол Арестiң жарасын сол сәтте-ақ жазды. Гера Арестi жуындырды да, асыл киiмдерiн кигiздi. Әйел құдайлар Гера мен Афина да сәулеттi Олимпке қайтып келдi. Олар шайқастарға тоймайтын соғыс құдайы Арестi осылайша жуасытты.
Троя қабырғаларының түбiнде бұрынғысынша қызу шайқас жүрiп жатты. Аякс, Диомед, Менелай, Агамемнон мен басқа да қаҺармандар көптеген даңқты троялықтарды жер құштырып, өлгендердiң салтанатты қару-жарақтарын сыпырып алды. Көп ұзамай троялықтардың толық жеңiлiске ұшырайтынын көрген Приамның ұлы сәуегей Гелен жарқырауық дулығалы Гектор мен Афродитаның ұлы Энейге: троялықтарды жiгерлеңдiрiңдер, мол құрбандық берiп, Афинаны риза ету үшiн тезiрек Трояға қайтуға асығыңдар деп жалбарына бастады. Гектор туысының сөзiне құлақ қойды. Ол жауынгерлердi қайтадан рухтандырып, троялықтар гректер шабуылын тойтарып тастады.
ГЕКТОР ТРОЯДА. ГЕКТОРДЫҢ АНДРОМАХАМЕН ҚОШТАСУЫ
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Бұл кезде Гектор Скея қақпалары арқылы Трояға келiп кiрген. Сол сәтте-ақ оны әйелдер мен балалар қоршап алып, өздерiнiң ерлерi мен әкелерi туралы сұрастыра бастады. Бiрақ Гектор оларға ештеңе де айтқан жоқ, тек олимп құдайларына жалбарынып, дұға оқыңдар деп әмiр бердi. Гектор Приам сарайына жетуге асықты. Сарайда оны анасы Гекуба қарсы алды, күш жинап алуы үшiн шарап әкелiп берейiн деп едi, бiрақ Гектор бас тартты. Ол анасына: троялық әйелдердi шақыр, тезiрек олар Афина-Палладаға асыл зерлi жамылғы тарту етсiн, әйел құдайға мол құрбандық шалып, құтырынған Диомедтi жуасытуын жалбарынып сұрасын деген өтiнiш айтты. Гекуба ұлының тiлегiн сол сәтте-ақ орындады. Гектор ендi Паристiң мекен-жайына жетуге асықты.
Гектор Паристiң жайбарақат өз қару-жарағын түгендеп отырған үстiнен шықты. Ол ұрлап әкелген Елена да осында едi, қызметшi әйелдерiн жұмыс үлестiрiп жатыр екен. Троялықтарға тегiс өлiм қаупi төнiп тұрған кезде сен қаннен-қаперсiз үйде отырсың деп Гектор Паристi кiнәлай бастады. Парис Гекторға мен өзiм де шайқасқа әзiрленiп жатырмын, Елена сұлу да менiң ұрыс даласына шығуымды қалап отыр деп жауап бердi. Елена Гекторға жылы лебiзбен тiл қатты да, тiзе бүгiп отыруын, қан майдан қаракетiнен бiр сәт дем алуын өтiндi, ал өзiнiң ерi Паристi бейқамдығы, ұят дегеннiң не екенiн сезбейтiндiгi үшiн кiнәлады. Елена өзi үшiн Троя қаншама ауыртпалыққа тап болғанына, бiрақ мұның кiнәсынан емес, Паристiң кiнәсынан осылай болып отырғанына өкiнiш бiлдiрдi. Гектор Паристiң үйiнде дем алудан бас тартты: шайқасқа қайтадан кiрiспей тұрып, әйелi мен ұлын көрiп қалуға асықты. Өзi қайтып әйелi мен ұлын көре ала ма, жоқ па, соғыстан аман орала ма, әлде құдайлар оның гректер қолынан қаза табуын болжап отыр ма – Гектор мұны бiле алмады.
Өз сарайына оралған Гектор, одан Андромаха мен ұлын таба алмады. Қызметшi әйелдер Гекторға әйелi гректер троялықтарды тықсырып бара жатқанын естiп бiлiсiмен, ұлын алып, қала қақпасына жүгiрiп барғанын, көз жасын көлдей төгiп, сол жерде тұрғанын айтып бердi.
Гектор жүгiре басып сарайдан шықты да, асығыс Скея қақпаларына қарай бет алды. Қақпаның дәл жанынан Андромаханы кездестiрдi, соңынан қызметшi әйел Гектордың кiшкене ұлы Астианаксты көтерiп келедi екен, жас бала таң шолпаны сияқты мөлдiреген сұлу едi. Андромаха Гектордың қолынан ұстады да, көз жасын төге тұрып:
– Оу, құдай қосқан қосағым! – дедi, – Сен көзсiз ерлiк жасаймын деп жүрiп мерт боласың ғой! Менi де, ұлыңды да аямайсың. Көп ұзамай жесiр қалатын шығармын, гректер сенi өлтiредi ғой. Гектор, сенсiз өмiр сүрмей-ақ қояйын. Ал менiң өзiңнен басқа ешкiмiм де жоқ. Сен мен үшiн әрi әке, әрi шешесiң, әрi ерiмсiң. Уа, аясаңшы мен бейбақ пен ұлыңды! Ұрысқа шықпай-ақ қой, оның орнына Троя жауынгерлерiне iнжiр ағашының жанында тұруға әмiр бер, өйткенi Троя қамалын жау тек сол жерден ғана бұзуы мүмкiн.
Ал дулығасы жалт-жұлт еткен Гектор әйелiне былай деп жауап қатты:
– Менiң өзiмдi де осы жайт мазалап тұр. Бiрақ Троя қамалының iшiнде қалып, шайқасқа қатыспау мен үшiн зор масқарашылық болар едi. Жоқ, әкемнiң абыройдаққы үшiн мен жұрттың бәрiнiң алдыңғы сапында арпалысуға тиiспiн. Қасиеттi Троя құлайтын күн де туатынын өте жақсы бiлемiн. Бiрақ мен бұған қайғырмаймын, жаныма бататыны – сенiң тағдырың. Қайдағы бiр грек тұтқынға алып кетедi де, жат елде сен шет жерлiк бiр әйелдiң күңi болып, соның отын жағып, суын тасисың ғой деп қабырғам қайысады. Сонда сенiң жылап тұрғаныңды көрiп, жұрт: «Мынау өзiнiң күш-қуаты мен батырлығы жағынан Трояның барлық қаҺармандарынан асып түскен Гектордың әйелi ғой» дейтiн болады, сол кезде қайғың бұрынғыдан да күшейе түседi. Жоқ, сенi тұтқынға әкетiп бара жатқанын көргенше, еңiреп жылағаныңды естiгенше мен-ақ бұрын жау қолынан өлейiн.
Осыны айтты да, Гектор ұлының жанына келiп, құшақтамақ болып едi, бiрақ кiшкентай Астианакс шыңғырып жiбердi де, өзiн күтiп-бағатын әйелдiң кеудесiне жабыса қалды: ол Гектор дулығасында желбiреп тұрған аттың жалынан қорыққан едi. Андромаха да, Гектор да сәбиге қарап елжiрей күлiмсiредi. Гектор дулығасын шешiп, жерге қойды, содан соң Астианаксты қолына алып, сүйдi. Ол ұлын жоғары көкке көтерiп, найзағай құдайы Зевс пен мәңгi жасайтын барлық құдайларға жалбарынды:
– Оу, Зевс, оу, мәңгi жасайтын құдайлар! Мынау менiң ұлымды да азаматтар арасында өзiм сияқты атақты етсеңдер деп жалбарынам. Құдiретi асып, Трояда ол патшалық құрса екен. Бiр кездерi шайқастан оралып келе жатқанында, жұрт ұлым туралы ерлiгiмен бұл әкесiнен де асып түстi десе ғой. Ол дұшпандарын күлталқан етiп, анасының жүрегiн әрдайым шаттыққа бөлейтiн болса екен.
Гектор құдайларға осылай деп жалбарынды. Содан кейiн Астианакстi анасына бердi. Андромаха ұлын кеудесiне қысты да, көз жасын бұлаған күйi оған қарап күлiмсiреген болды. Гектордың жүрегi елжiреп кеттi, Андромаханы еркелете аймалады да:
– Бұлай қайғыра берме, Андромаха, – дедi. – Тағдырдың жазуынсыз менi батырлардың ешқайсысы да Аидтiң қара түнек патшалығына жiбере алмайды. Ешкiм де: мейлi батыр болсын, мейлi қорқақ болсын маңдайына жазылған тағдырдан қашып құтылмақ емес. Сүйiктiм, үйге қайта ғой, тоқымашылығыңмен, жiп иiрумен айналыс, қызметшi әйелдердi бақыла. Ал бiз, ерлер, соғыс iстерiмен айналысатын боламыз, оның iшiнде жұрттың бәрiнен де гөрi мен мықтырақ айналысамын.
Гектор дулығасын кидi де, Скея қақпаларына қарай асыға басып жүрiп кеттi. Андромаха да үйiне қайтты, алайда ол қайта-қайта артына бұрылып, жасқа толы көзiмен Гекторды ұзатып салып тұрды. Ал ол жылаған күйi үйге келген кезде, оған қосылып барлық қызметшi әйелдер де жылап қоя бердi: олар Гектор шайқастан аман-сау үйiне оралады деп үмiттенбеген едi.
Скея қақпалары жанында Гекторды Парис қуып жеттi. Мыстан соғылған қару-жарағы жарқырап, ол шайқасқа енуге асыққан.
– Бауырым менiң, – дедi оған Гектор, – бiрде-бiр әдiлеттi адам сенiң ерлiктерiңдi бағаламай отыра алмайтынын мен жақсы бiлемiн, бiрақ көбiнесе сен шайқасқа ықылассыз шығасың. Троялықтар сенi балағаттаған кезде мен әлсiн-әлсiн жаным егiлiп, қатты күйiнемiн. Тезiрек әскерлерге жетейiкшi.
ШАЙҚАСТЫҢ ЖАЛҒАСЫ. ГЕКТОР МЕН АЯКСТIҢ ЖЕКПЕ-ЖЕГI
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Скея қақпаларынан Гектор мен Парис бiрге шықты. Екi батырды қатар көрген троялықтар қуанышқа бөлендi. Олар қайтадан еңсесiн көтердi де, сұрапыл шайқас тағы да басталып кете барды. Гектор, Парис, Главк көптеген қаҺармандарды жер жастандырды. Гректер шегiне бастады. Афина мұны көрiп қалды да, қасиеттi Трояға қарай құйғыта жөнелдi. Олимптен самғап келе жатқан әйел құдайға алқаптың шетiнде өсiп тұрған жүз жасаған еменнiң жанында Аполлон құдай кездестi. Ол Афинадан гректерге көмектесу үшiн асығып келе жатқан жоқсың ба деп сұрады да, шайқасты тоқтатуға жәрдемдес деп қолқа салды. Афина келiсе кеттi. Шайқасты тоқтату үшiн құдайлар Гекторға гректердiң iшiндегi ең даңқты деген қаҺарманды жекпе-жекке шақыруға ой салуды ұйғарды. Құдайлардың осындай ұйғарымға келуi-ақ мұң екен, Приамның сәуегей ұлы Гелен бұл шешiмдi бiлiп қойды. Ол туысы Гектордың қасына келдi де, грек батырын жекпе-жекке шақыруға кеңес еттi. Гелен Гекторға осылай iсте деп әмiр берген тәңiрлер үнiн естiгенiн, әрi бұл жекпе-жекте Гектор аман қалатынын айтып бердi.
Гектор сол сәтте-ақ троялықтарға әмiр берiп, шайқасты тоқтатты, Агамемнон: да осылай iстедi. Ұрыс даласында тыныштық орнап, соғыстан шаршаған жауынгерлер жерге отыра-отыра кеттi. Афина-Паллада мен Аполлон бейне бiр алғыр қырғилар сияқты самғап ұшып, жүз жылдық еменге жайғасты да, троялықтар мен гректер әскерлерiне тамашалап көз салды. Жұрттың бәрi тынышталған кезде Гектор дауыстап, грек қаҺармандарының бiрiн жекпе-жекке шақырды. Ол егер қарсыласы өле қалса денесiн қорламауға, бойындағы қару-жарағын шешпеуге уәде бердi, егер жеңiп шығатын болса, грек батыры да осылай iстеймiн деп уәде беруiн талап еттi. Гректер Гектордың сөзiн құлақ қойып тыңдады, бiрақ бәрi де үн-түнсiз қалды, оған қарсы шығуға ешкiмнiң де батылы бармады. Менелай гректерге қатты ашуланды, Гектормен өзi жекпе-жекке шыққысы келiп едi, бiрақ Агамемнон тоқтатып тастады: ол тiптi Ахиллдiң өзi де шайқасуға жүрегi дауаламайтын Гектордың қолынан туысы мерт болар деп қауiптендi. Нестор қария да гректердi ұялтумен болды. Оның ашу-ызаға толы сөзi аяқталуы-ақ мұң екен, бiрден тоғыз қаҺарман: Агамемнон патша, Диомед, ағайынды екi Аякс, Идоменей, Мерион, Эврипил, Фоант пен Одиссей суырылып алға шыға келдi. Нестордың кеңесi бойынша батырлар жеребе тастауды ұйғарды. Ол Аякске шықты.
Алып күштi Теламонид Аякс қуанып кеттi. Ол қаружарағын асынды да, iлгерi суырылып, алға шықты. Бейнебiр соғыс тәңiрiсi Арес сияқты алып тұлғалы, құдiреттi де сұсты кейiппен жүрiп келедi. Мыспен қапталған мұнара тәрiздi орасан үлкен қалқанын алдына тосып, зiл батпен найзасын бiлемдей көкке көтерiп, салмақтап қояды. Аякстi көргенде троялықтардың үрейi ұшып кеттi, Гектордың бойын да қорқыныш биледi. Екi жауынгер де бiр-бiрiне қаҺарлана кез тiктi. Бiрiншi болып Гектор найзасын лақтырды. Бiрақ найза Аякстiң қалқанын тесiп өте алмады. Аякс өз найзасын лақтырған кезде, ол Гектордың қалқанын көктей өттi. Найза Гектордың сауытын да тесiп, желбегейiн жыртып жiбердi. Гектор тек екiншi бiр жаққа жалт бұрылып секiрiп кетiп қана ажалдан аман қалды. ҚаҺармандар найзаларын суырып алып, қайтадан бiр-бiрiне тап бердi. Гектор найзасымен тағы да Теламон ұлының қалқанын ұрып жiберген, бiрақ, найза ұшы майысып қалды. Ал Аякс болса Гектор қалқанын тағы да тесiп өтiп, мойнынан жеңiл жаралады. Гектор шайқасты тоқтатпастан орасан зор тасты жерден көтерiп алды да, Аякс қалқанын көздеп лақтырып жiбердi, зор қалқанды қаптаған мыс салдыр ете түстi, Аякс тiптi одан да ауыр тасты көтерiп алып, Гектор қалқанына ғаламат күшпен лақтырғаны соншалық, тас қалқанды бұзып өтiп, Гектордың аяғын жаралады. Гектор жерге құлап түстi, бiрақ Аполлон құдай оны тез көтерiп алды. ҚаҺармандар семсерлерiне шап берiстi, егер жаршылар жетiп келiп, белгiлерiн көтерiп, олардың арасына тұра қалмағанда, бiрiн-бiр кескiлеп те тастайтын едi.
– Шайқасты тоқтатыңдар, батырлар! – деп айқайлады жаршылар.– Бiздiң бәрiмiз де сендердiң ұлы жауынгер екендерiңдi, Зевс екеуiңдi де бiрдей сүйетiнiн көрiп тұрмыз. Түн болып қалды, жұрттың бәрiнiң дем алуы қажет қой.
– Жаршы, – деп үн қатты Аякс троялықтар жаршысына, – сен айтқан сөздi Гектордың өзi айтуы керек едi:
Өйткенi менi жекпе-жекке шақырған сол ғой. Егер ол тiлек бiлдiрсе, мен шайқасты тоқтатуға әзiрмiн.
Гектор сол сәтте-ақ Аякске жауап бердi:
– Оу, Теламонид, құдайлар саған бойды да, күш-қайратты да, ақылды да аямай сыйлаған, сен – грек қаҺармандарының iшiндегi ең даңқтыларының бiрiсiң. Бүгiнгi жекпе-жегiмiздi осымен тәмамдайық. Бiз екеуiмiз ұрыс даласында кейiн әлi де кездесе аламыз. Ал айырылысып кетерде екеуiмiздiң жекпе-жегiмiздi есте қалдыру үшiн бiр-бiрiмiзге сый тартайық. Троя мен Грекияның жауынгерлерi екi қаҺарманның бiр-бiрiне қарсы дұшпандық кекпен жалын атып шайқасқанын, бiрақ бiр-бiрiмен кәдiмгi достарша тату-тәттi айырылысқанын еске алып отыратын болсын.
Осыны айтты да, Гектор күмiспен әшекейленген семсерiн шешiп алып, Аякске бердi, ал Аякс Гекторға қанқызыл асыл белбеуiн сыйлады. Батырлардың жекпе-жегi осылайша аяқталды. Құдiреттi Аякспен жекпе-жектен Гектордың аман-сау шыққанына троялықтар қатты қуанып, оны Трояға салтанатпен шығарып салды. Теламонид Аякстiң қандай құдiреттi қаҺарман екенiн көрген гректер де шаттыққа бөлендi. Ал Агамемнон патша барлық көсемдердi шақырып, Аякстiң құрметiне той жасады. Көсемдер кеш батқанға дейiн той тойлады.
Той аяқталған соң Нестор қария грек көсемдерiне қаза тапқан қаҺармандарды жерлеу үшiн және гректерге қорған ретiнде әскер қосы мен кемелердiң айналасына қабырға тұрғызу үшiн шайқасты бiр күнге тоқтатып, ал қабырғаның түбiнен терең ор қазып тастауға кеңес бердi. Көсемдер Нестордың ақыл-кеңесiне келiсiп, таңертеңге дейiн өздi-өзiнiң шатырларына тарады.
Троялықтар да көсемдер кеңесiн шақырды. Бұл кеңесте Антенор Елена сұлу мен ұрлап алынған қазынаны гректерге қайтарып беру керек деген ақыл айтты. Бiрақ Парис Еленаны бергiсi келмедi, тек өз жанынан тартутаралғы қосып, Менелайдың қазынасын ғана қайтаруға келiстi. Приам патша Паристiң ұсынысын гректерге жеткiзу үшiн оларға таңертең хабаршы жiберудi ұсынды, ал егер гректер бұл ұсыныспен келiспейтiн болса, онда құдайлар екi жақтың бiрiн түпкiлiктi жеңiске жеткiзгенге дейiн шайқасты одан әрi жүргiзе беру керек дедi. Троялықтар Приамның ұсынысын қабыл алды. Таң атқан соң, гректерге хабаршы жiбердi, бiрақ олар Паристiң ұсынысын қабылдамай, гректер тек қаза тапқан жауынгерлердi жерлеу үшiн бiр күнге шайқасты тоқтата тұруға ғана келiстi.
Күн шықпай тұрып-ақ троялықтар мен гректер қаза тапқан жауынгерлердi жерлеуге кiрiстi. Олар өлгендердiң мүрделерiн алаулардың жанына әкелiп, өртеп жiбердi. Содан кейiн гректер бiр күн iшiнде лагерьдi айналдыра мұнаралы зәулiм қорған соқты да, оның алдынан терең ор қазып тастады. Тiптi олимпиялық құдайлардың өздерi де гректердiң бұл iсiне таң-тамаша болды. Тек Посейдон құдай ғана қорғанды тұрғызған кезде құдайларға құрбандық шалмағаны үшiн гректерге қатты ашуланды. Бiрақ найзағай құдайы Зевс Посейдонды тыныштандырды. Ол Посейдонға кейiнiрек гректер тұрғызған қорғанды талқандап, жағалауды қайтадан теңiз топырағымен көмiп тастауға кеңес бердi.
Ал гректер жұмысын аяқтап болғаннан кейiн өздерiне кешкiлiк тағам әзiрлеуге кiрiскен. Осы кезде Лемностан шарап тиелген кемелер келiп жеттi. Қуанышқа бөленген гректер шарапты тез сатып алды да, лагерьде той басталды. Бiрақ та тойшылар қайта-қайта үрейленiп, қолдарындағы тостағандарынан шараптарын төгiп ала бердi. ҚаҺарлы Зевстiң құрметiне деп тост көтермейiнше, гректердiң ешқайсысының да шарапқа ернiн тигiзуге батылы бармады. Ақырында той да аяқталып, гректердiң бүкiл қосыны қалың ұйқыға шомды.
ТРОЯЛЫҚТАРДЫҢ ЖЕҢIСI
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Таң ала көбеңде, таң шапағы құдайы Эос аспанға самғай ұшып, шығыс алқызыл нұрға бөленген кезде найзағай құдайы Зевс құдайларды Олимпке жинап алды да:
– Тыңдаңдар, мәңгi жасайтын құдайлар! – дедi. – Бүгiн сендердiң ешқайсыларың биiк Олимптен түсiп, гректерге не троялықтарға көмектесушi болмаңдар. Тiл алмағандарды мен мәңгi жасайтын құдайлардың бәрiнен де қандай құдiреттi екенiмдi бiлетiн болуы үшiн Тартар тозағының түпсiз терең шыңырауына атып жiберемiн. Егер сендер күшiмдi байқағыларың келсе, алтын шынжырды алыңдар да, жерге тартыңдар, содан соң жерде тұрып алып, биiк Олимптен менi сүйреп түсiрiп көрiңдер. Ал мен бұл шынжырды бiр қолыммен ғана ұстаймын да, сендердiң бәрiңдi, теңiздерiмен қоса бүкiл жерiңдi көкке көтерiп аламын.
Зевстiң қаҺарлы сөзi құдайларға үрей туғызды. Зевске әйел құдай Афина ғана жауап қайтарды:
– Оу, ұлы найзағай құдайы, сенiң күшiңде шек жоқ екенiн бәрiмiз де жақсы бiлемiз, бiрақ бiз бәрiмiз де гректер үшiн жабығып отырмыз. Олар шынымен-ақ қырылатын болғаны ма?
– Қызым менiң, – дедi Зевс, – мен гректердiң бәрiн бiрдей құрту деген ұйғарымға келген жоқпын.
Осылай дедi де, Зевс алтын жалды аттарды күймеге жегiп, қолына алтын қамшыны алды да, үстiне алтын киiмдерiн киiп, делбенi ұстады. Аттарды ұшырта айдап, жер мен көктiң арасымен биiк Идаға қарай құйынша жүйткiдi. Зевс оның ұшар басына келiп жайғасты да, гректер мен Троя азаматтарының шайқасқа қалай әзiрленiп жатқанын бақылауға кiрiстi.
Әскерлер жазықта сап құрды да, асыға қимылдап, бiр-бiрiне тап бердi. Тағы да сұмдық шайқас басталды. Тал түс болды. Зевс қолына алтын безбендi алып, троялықтар мен гректер жеребесiн өлшеп көрдi. Троялықтар жеребесi олардың жолы болатынын бiлдiрiп көкке көтерiлдi, ал гректер жеребесi болса, олардың көпшiлiгi қаза табатынын қаҺарлана мезгеп, төмен қарай түсiп кеттi. Идада отырған ұлы Зевстiң найзағайы жарқ еттi, ол жарқылдаған жай отын грек әскерлерiне лақтырды. Жауынгерлердi үрей биледi. Бәрi тым-тырақай қашып, лагерь қабырғаларының тасасында бас сауғалауға асықты. Шайқас даласында тек Нестор ғана қалды. Оның бiр атына Паристiң жебесi тиiп, жараланған едi, ол тыпыршып көкке атылды. Нестор аттың әбзелдерiн қиып жiбермек болғанымен, бәрiбiр одан ешнәрсе шықпады. Осы кезде қос доңғалақты арбасымен Гектор да оған жақындап келе жатқан. Диомед көмекке жетiп үлгермегенде Нестор қария да қаза табатын едi. Ол Одиссейдi де көмекке шақырған, бiрақ Одиссей оның дауысын естiген жоқ. Диомед Несторды қос доңғалақты өз арбасына отырғызып алды да, Гекторға қарай ұшырта жөнелдi. Диомед Гекторға найзасын лақтырып едi, бiрақ тигiзе алмады, найза Гектор делбешiсiнiң кеудесiне қадалып кiрш еттi де, жер жастандырды. Гектордың аттары айдалаға қарай ала жөнелдi. Ендi делбешiнiң орнына қаҺарман Архептолем келiп тұрды. Мүмкiн, Диомедтi көрiп, қашып бара жатқан гректер тоқтаған да болар едi. Бiрақ Зевс жарқылдаған жайды Диомед аттарының алдына тастап жiбердi. Найзағай оты сұмдық лап ете түстi де, аттары бұрылып кейiн қарай қаша жөнелдi. Зевс жеңiстi бiзге бағыштап отырған жоқ, сондықтан ұрыс даласын тастап шығайық деп Нестор Диомедтi үгiттей бастады. Диомед Нестордың сөзiне құлақ асып, аттарын қашып бара жатқан гректерге қарай бұрды. Ал троялықтар есiре айқай-шу көтерiп, гректерге жебенi қарша жаудырды. Қашып бара жатқан Диомедтi Гектор әжуалай бастады. Диомед үш peт шайқас даласына қайта оралмақ болып едi, бiрақ үш ретте де Зевс найзағайының қаҺарлы күркiрi естiлдi. Зевс өзiнiң осы жайоттарымен троялықтардың жеңiске жететiнiн мезгеп тұрғанын Гектор түсiне қойды. Ол жауынгерлерiн гректердi өкшелей қууға рухтандырып, олардың лагерiне басып кiремiн де, кемелерiн өртеп жiберемiн деп айқай салды. Гектордың бұл кәрлi сөздерiн естiген Гера қатты ашуланды. Ол жер сiлкiндiрушi Посейдон құдайдан гректерге көмектесудi өтiнiп едi, бiрақ теңiз әмiршiсi мұнан бас тартты.
Ал шайқас бұл кезде гректер қосынын қоршаған қабырғаның дәл түбiнде қызып жатқан болатын. Гера Агамемнонды гректердi жiгерлендiруге құлшындырды. Агамемнон Одиссейдiң кемесiне шығып алып, жауынгерлердi ерлiкпен қорғануға шақырды. Ол Зевске де жалбарына үн қатып, гректердiң троялықтар қолынан қырылуына жол бермеуiн өтiндi. Зевс рақымы түсiп гректерге өз шешiмiнен белгi бердi. Зевске құрбандық шалатын тұғырдың үстiнен бүркiт самғап ұшты да, тырнағымен бүрiп әкелген бұғысын тастап жiбердi. Бұл нышанды көрген бойда-ақ гректердiң рухы кетерiлiп, троялықтарға тойтарыс бердi. Диомед патша жұрттың бәрiнен де батылырақ шайқасты. Ол көптеген троялық қаҺармандарды жер жастандырды. Өзге гректер де ерлiкпен соғысты. Әсiресе Теламонид Аякстiң жегжат ағайыны Тевкр ерекше көзге түстi. Ол өз садағымен Троя қаҺармандарын бiрiнен соң бiрiн баудай түсiрумен болды. Приамның ғажайып ұлы Горгифионды да жер жастандырды. Өзiне ұялаған таңғы шықтың салмағынан көкнәр қызыл гүлi қалай иiлетiн болса, Горгифион да дулығалы басын солай иiп, жерге сылқ етiп құлап түстi. Тевкр Гектордың делбешiсi әрi досы Архептолемдi де өлтiрдi. Гектор ызадан қаны қайнап, Тевкрге тап бердi. Ауыр таспен оны мойын тұсынан жаралады. Тевкр ыңырсып қинала бастады. Егер Аякс туысын қалқанымен қалқалап, қызметшiлерге жаралыны кемелерге қарай алып кетiңдер деп әмiр бермегенде, Гектор оны өлтiрiп тастауы да мүмкiн едi.
Зевс троялықтар жүрегiне қайтадан ерлiк отын тұтатты. Олар гректердi кемелерге дейiн тықсырды. Әскер саптарында Гектор кәрiн шашып, жүйткiп жүрдi. Гера гректердi аяп кеттi де, Афинаны оларға көмекке тез жетуге асықтыра бастады. Афина келiсе кеттi. Бес қаруын асынды да, Гера екеуi күймемен Олимптен самғай жөнелдi. Ида қырқасында отырған Зевс жүйткiп бара жатқан әйел құдайларды көрiп қойды. Ызаға булыққан ол құдайлар хабаршысы Приданы жұмсап, әйел құдайларды тоқтат, әйтпесе олар менiң кәрiме тап болады деп тапсырды. Гера мен Афина Зевс сұсынан шошып қалды да, қайғыға шомған күйi Олимпке қайтып келдi. Көп ұзамай Зевс те Олимпке оралды. Әйел құдайлар осыншама неге мұңаяды деп ызаға булыққан Зевстiң сұсты сұрағына Гера жауап берiп, өздерiнiң гректер үшiн қайғырып отырғанын айтты. Зевс Герата Агамемнон қашан Ахиллмен татуласып, тiл тигiзгенi үшiн Ахиллге бай сыйлықтар жiбергенге дейiн троялықтар жеңiске жете беретiнiн айтты.
Күн ұясына қонды. Жердi түн қараңғылығы басты. Қантөгiс шайқас тоқтады. Гектордың кеңесi бойынша троялықтар қасиеттi Трояға қайтқан жоқ. Олар түнге қарай шайқас даласында жайғасып қалды да, жасөспiрiмдер мен қарттарға қаланы күзетуге бұйрық бердi. Гектор келесi күнi гректердi тұпкiлiктi жеңiп, оларды Троядан да қуып шығамын деп үмiттендi. Троялықтар айдалада сансыз көп алау жақты. Бұл алаулар қараңғы түн түнегiнде бейне бiр жұлдыздар сияқты жарқырап тұрды.
АГАМЕМНОННЫҢ АХИЛЛМЕН ТАТУЛАСУҒА ТЫРЫСУЫ
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Троялықтар жеңiсiне қапа болған Агамемнон жаршыларды көсемдер кеңесiн шақыруға жұмсады. Көсемдер де келiп жеттi, қайғыға шомған Агамемнон ендi Троядан Грекияға қашуға тура келiп отыр, сiрә Зевс осыны қаласа керек дедi. Бiрақ ашуға булыққан Диомед Агамемнонға кеткiң келсе жалғыз өзiң-ақ кете бер, ал өзге көсемдер осында қалып, Трояны алғанға дейiн шайқаса бередi деп қарсылық бiлдiрдi. Нестор да қашпау керек деп кеңес бердi. Ол Агамемнонға той жасап, онда не iстеу керек екенiн талқыға сал, ал қосынды күзету үшiн сақшылар қой деп ақыл айтты.
Агамемнон Нестордың ақылына ден қойды. Жетi көсемнiң басшылығымен жетi жүз жас жiгiт гректер қосынын күзетуге кеттi. Басқа көсемдер Агамемнонның шатырында қалып қойды. Той үстiнде Нестор Агамемнонға Ахиллмен татулас деп кеңес бердi. Агамемнон Нестордың айтқанына келiсе кеттi. Ол көсемдерге Ахиллге мол сыйлықтар тартып, Брисеиданы қайтаратынын, бәрiмiз жеңiспен елiмiзге оралғаннан кейiн Ахиллге өз қыздарының бiреуiн беретiнiн, ал жасауға көптеген бай қалаларды тарту ететiнiн хабарлады. Көсемдер Агамемнонның шешiмiн мақұлдады. Ахиллмен келiссөз жүргiзу үшiн Теламонид Аякстi, Одиссей мен Феникстi жiберудi, ал олардың қасына жаршылар ретiнде Эврибат пен Годийдi қосып берудi ұйғарды. Ахилл бұл қаҺармандарды өте жақсы көретiн едi. Нестор елшiлерге көптеген ақыл-кеңестер бердi.
Агамемнонның елшiлерi Ахиллге келген кезде, ол лира тартып, батырларды мадақтап отыр едi. Жанында досы Патрокл болатын. Ахилл қаҺармандарды жылы жүзбен қарсы алып, олар үшiн аста-төк той дастарқанын әзiрледi. Тамаққа тойған соң Одиссей Пелейдiң ұлына үн қатып, Агамемнонмен татулас деп үгiттей бастады. Гектор бастаған троялықтар гректердi қалай тықсырып келе жатқанын айтты, сондай-ақ ол Агамемнонның бiтiсу ретiнде қандай сыйлықтар тартуға уәде еткенiн де санамалап тiзiп шықты. Одиссей Ахиллдi жорыққа аттандыра отырып, Пелейдiң өз ұлына қандай ақыл-кеңестер бергенiн, алауыздықтан аулақ бол дегенiн де Ахиллдiң есiне түсiрдi. Бiрақ Ахилл Микены патшасымен татуласудан бас тартты: ол Агамемнонның өзiн ренжiткенiн ұмыта алмаған едi. Ахилл тiптi Агамемнон бүкiл египет Фивыларының қазынасына тең сыйлықтар беремiн десе де, онымен татуласпас едiм дегендi айтты. Ол өз дегенiнен қайтпай отырып алды, тiптi Фтияға керi кетiп қаламын деп те қорқытты. Бiрақ гректер тағдырын ойлап қамыққан Феникс татуласа көр деп жалынумен болды. Ол куреттер этоляндармен шайқасқан кездегi Мелеагр сияқты бола көрме деп жалынды. Ахилл Феникске ешқандай жауап берген жоқ. Сол кезде Теламонид Аякс Одиссейге үн қатып, тезiрек Ахилл шатырынан кетейiк те, көсемдерге жауабын жеткiзейiк дедi. Аякс Ахиллдi көндiрмекшi болып соңғы рет әрекеттенiп байқады, бiрақ ол сол бұрынғы қасарысқан қалпынан таймады, тек троялықтар гректер кемелерiн өртеп, өзiнiң кемелерi мен шатырына жеткен кезде ғана Гекторға қарсы шайқасқа шығатынын айтты.
ҚаҺармандар үн-түнсiз кетiп қалды, ал Феникс Ахиллдiң жанында қалып қойды. Агамемнонға қайтып келген соң Аякс пен Одиссей көсемдерге Ахиллдiң жауабын жеткiздi. Көсемдер жым-жырт отырып тыңдады. Ақырында Диомед батыр Ахиллдi жайына қалдырайық деп ұсыныс енгiздi, өйткенi Агамемнон сыйлық беремiн деген уәдесiмен оның кеудесiндегi менмендiк отын одан әрi үрлей түстi дедi. Диомед шарап пен тамаққа тойып алып ұйықтайық та, келесi күнi шайқасты қайта бастайық деген ұсыныс айтты.
ОДИССЕЙ МЕН ДИОМЕДТIҢ ТРОЯЛЫҚТАР ҚОСЫНЫНА БАРУЫ. РЕСТIҢ АТТАРЫ
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Гректер қосыны тегiс қалың ұйқыға шомған. Тек Агамемнон ғана көз iле алған жоқ. Ол қаптаған қайғылы ойлар шырмауында жатып, төсегiнде ауыр күрсiнумен болды. Троялықтар қосынында алаулап жанған оттарды көрiп, сыбызғы үнiн, көңiлдi дауыстарды естiп жатты. Ал гректер қосынына көз салған кезде, қайғыдан шашын жұлып, жүрегi қан жылаумен болды. Ақырында Атрейдiң ұлы төсегiнен тұрып, киiндi де, үстiне арыстан терiсiн жамылып, найзасын қолына ұстаған күйi Несторды iздеп кеттi. Ол гректердi қайткенде қырғыннан аман сақтап қалуға болатыны жөнiнде Пилос патшасымен ақылдасқысы келiп едi. Жол-жөнекей Агамемнон Менелайды кездестiрдi. Менелай да ұйықтаған жоқ болатын: ол да өзiнiң iсi үшiн Троя түбiне келгендердiң қайғылы тағдырын ойлап мазасызданған. Екi туыс кеңеске көсемдердi шақыруды ұйғарды. Менелай батырларды шақыруға жөнелдi, ал Агамемнон Несторды iздеп кеттi. Нестор жақындаған адамның аяқ тысырын естiгенмен, қараңғы түнде Агамемнонды танымады да, дауыстап тiл қатты. Агамемнон өзiнiң кiм екенiн бiлдiрiп, Нестордың қасына келдi, неге мазасызданып тұрғанын айтып, өзiмен бiрге кеңеске баруды өтiндi. Нестор дереу орнынан тұрды да, Агамемнонмен бiрге батырларды жинауға жөнелдi. Олар Одиссейдi, одан соң қалқанға басын сүйеп ұйықтап жатқан Диомедтi шақырды, оның найзасы жанында жерге шаншулы тұр едi. ҚаҺармандардың басын қосып, күзетшiлерге келсе, бұлар да ұйықтамаған. Қараңғы түнге көз тiгiп, троялықтар келе жатқан жоқ па деп тың тыңдап отыр екен. Көсемдер ордан аттап өттi де, лагерь қорғаны алдындағы алаңқайға жайғасты. Нестор троялықтар қосынына жансыздар жiберейiк деген ұсыныс жасады, олар троялықтар қайтадан гректерге шабуыл жасамақ па, жоқ әлде қалаға қайтпақ па – соны бiлiп келетiн болсын дедi. Сол сәтте-ақ Диомед осынау қауiптi iске өзi баруға тiлек бiлдiрдi және батырлардың бiрiн қасына ерiп жүруге шақырды. Диомедпен бiрге баруға батырлардың бiразы-ақ құлшынып шықты. Агамемнон Диомедке жолдасыңды өзiң таңда деп әмiр бердi. Диомед Афина-Палладаның сүйiктiсi Одиссейдi таңдап алды. Ол тiптi лаулап жанған от iшiнен де екеуiнiң аман-сау қайтып оралатынына сендi, өйткенi Одиссейдiң қулығына құрық бойламайтын. Ал бұл екеуi кеңеске қарусыз келгендiктен, жиналған көсемдер оларға қаружарақ бердi.
Гректер өз қосынын жақсы күзете ме екен деп троялықтар да өз жансызын жiберген едi. Бұл желаяқ жұйрiктiгiмен даңқы шыққан Эвмедтiң ұлы Долон болатын. Ол тура гректер кемесiнiң жанына дейiн барып, кеңесте көсемдерiнiң не туралы айтатынын естiмекшi болды. Қаруын тағып алды да Долон қасқырдың терiсiн жамылып, гректер қосынына қарай жүрiп кеттi. Көп ұзамай Диомед пен Одиссей Долонды байқап қалды. Олар жерге етпетiнен жатып, өткiзiп жiбердi де, содан соң қоян не елiктiң iзiне түскен екi итке ұқсап қуа жөнелдi.
– Тоқта! – деп айқайлады Диомед. – Сен бәрiбiр найзамнан қашып құтыла алмайсың, қазiр-ақ өмiрiңмен қош айтысасың.
Диомед Долонға найзасын сiлтеп қалды, бiрақ әдейi денесiне дарытпай, басынан асыра лақтырды. Долон зәресi ұшып, қорыққаннан боп-бөз боп, тоқтай қалды. Диомед пен Одиссей оны ұстап алды. Долон қасық қанымды қалдыра көрiңдер деп жалбарына бастады. Батырлар онан гректер қосынына неге келгенiн, кiм жiбергенiн, қосында троялықтар мен олардың одақтастары қалай орналасқанын сұрастырып бiлдi. Гректер өзiн аяр деген үмiтпен Долон бәрiн де айтып бердi. Ол ғажайып аттары мен алтындатқан қару-жарағы бар патша Рес бастап жақында ғана келген фракиялықтардың да қай жерде екенiн айтты. Ал Диомед пен Одиссей Долонды аяй қойған жоқ. Олар дулығасы мен қасқыр терiсiне қоса қару-жарағын да сыпырып алды. Қайтар жолда әкетермiз деп, Одиссей Долонның қару-жарағын тығып қойды да, екеуi ахейлiк фракиялықтар лагерiне қарай жүрiп кеттi.
Одиссей мен Диомед өз аттары жанында, әскерлерi ортасында Рес патша жатқан жерге ақырын өтiп кеттi. Қорғанышсыз қой-ешкiлерге тап берген арыстан сияқты Диомед те ұйқыға шомған фракиялықтарға тарпа бас салды. Ол он екi фракиялық жауынгердi жайратты. Рес патшаны да өлтiрдi. Ал Одиссей патша аттарын байлаудан босатты да, лагерьден алып шықты. Диомед алтындатқан сауыт-сайманды қос доңғалақты арбаны да алып шықпақ болып едi, бiрақ Диомедтiң қарсы алдына тұра қалған Афина-Паллада:
– Тидейдiң ұлы, гректер қосынына қайтуды ойла, – дедi, – қайтар уақыт болды. Әйтпеген күнде жаулық ойлайтын жаңа тұрғындардың бiрi ұйықтап жатқан троялықтарды оята қалса, онда саған қашып құтылуға тура келер.
Диомед әйел құдайдың кеңесiне құлақ асты да, Рес аттарының бiрiне қарғып мiндi. Одиссей өзге бiр атқа мiнiп олар гректер қосынына қарай құйғыта жөнелдi.
Аполлон құдай Афина-Палладаның Диомед пен Одиссейге қалай көмектескенiн көрiп қалған. Ол троялықтар лагерiне самғап жетiп келдi де, Рестiң туысы Гиппокоонт батырды оятып жiбердi. Гиппокоонт төсегiнен атып тұрып, аттар жайғасқан жер қаңырап бос қалғанын бiр-ақ бiлдi. Ол айқайлап Рестi шақырды, бiрақ оған ешкiм де жауап берген жоқ. Троялықтар лагерiнде дабыл қағылды. Жан-жақтан жүгiрiп жетiп келгендер Диомед пен Одиссейдiң не iстегенiн көрiп, үрейлерi ұшты. Ал ол екеуi болса жол-жөнекей Долонның қару-жарағын алып, грек көсемдерi күтiп отырған жерге қайтып келген. Одиссей өздерiнiң Долонды қалай ұстап, Диомедтiң Рес патша мен атақты он екi фракиялық батырды қалай өлтiргенiн, аттарды қалай қолға түсiргенiн түгел айтып бердi. Батырлар Диомед пен Одиссейдi мадақтады. Рес аттары Диомед патшаның шатыры жанына байланды да, ал Одиссей Долонның қаружарағын өз кемесiне әкеттi.
АХЕЙЛIКТЕР ҚОСЫНЫНДАҒЫ ШАЙҚАС
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Шығыс жақ алғаш таң шапағына бөленiсiмен-ақ Зевс әйел құдай Қастандықты гректер қосынына жiбердi. Ол Одиссейдiң үлкен кемесiнiң үстiне шығып алды да, құлақ тұндырған үрейлi дауыспен айқайлап, барлық жауынгерлердiң бойына соғысуға деген сұрапыл құлшыныс дарытты. Сән-салтанатымен киiнiп, орасан зор найзасын бiлемдей ұстаған Агамемнон патша да барынша дауыстап, батырларды шайқасқа жiгерлендiрдi. Гректер жаяужалпы шайқасқа лап қойды. Троялықтар ерлiкпен шайқасты, ал Гектор батырлығы жұрттың бәрiнен де асып түстi. Жауынгерлер бейне бiр ызалы бөрiлердей ұрыс даласында жортып жүрдi. Әйел құдай Қастандық қанды қырғынды көрiп, қуанышқа бөлендi. Ал құдайлар болса, Зевстiң троялықтарға көмектескенiне ренiш бiлдiрiп, Олимптегi өз мекендерiне оралды. Зевс шайқасқа шаттана көз тiгумен болды. Бұл қырғын соғыста әсiресе Агамемнон патша өзiнiң сұрапыл айқасымен ерекше көзге түстi. Ол зiл батпандай найзасымен көптеген батырларды жер жастандырды. Приамның екi ұлы – Ис пен Антифтi де өлтiрдi. Олар қос доңғалақты бiр арбада, жауға қарсы бiрге шайқасқан едi. Агамемнон Антимахтың екi ұлын да
өлтiрдi. Аяй көр деп олар Микены патшасына бостан-босқа жалбарынды. Агамемнон бұл жолы Парис пара берiп, сатып алған бұлардың әкесiнен Трояға елшi болып келген Менелайды өлтiрiп тастау керек деп кеңес бергенi үшiн кек алды. Қос ұлды өлтiрген соң Агамемнон ұрыстың қайнаған ортасына қойып кеттi. Өрт орманды қалай жалмап, лапылдаған дүлей жалыннан ағаштар қалай опырылып құлайтын болса, Атрей ұлы да нақ солай Троя қаҺармандарын бiрiнен соң бiрiн жайпаумен болды. Агамемнон өлтiрген батырлардың қос доңғалақты арбаларын сүйретiп аттар ұрыс даласында салдыртып шауып жүрдi, өмiрмен қоштасып сандалған боздақтар аруаққа айналып жатты. Үрей билеп, троялықтар қаша жөнелдi, олар тек Скея қақпаларының жанына жетiп барып қана аялдады.
Қашып бара жатқан троялықтарды көрдi де, Зевс әйел құдай Иридаға тез Гекторға жетуге, Агамемнон жаралы болғанын көрген кезде ғана шайқасқа кiрiссiн деп айтуға әмiр бердi, мен Гекторға құдiреттi күш беремiн, гректердi ол кемелерiне дейiн тықсырып қуып тастайтын болады дедi. Ирида Зевстiң әмiрiн сол сәттеақ орындады. Гектор қос доңғалақты арбасынан қарғып түсiп, троялықтарды жiгерлендiре бастады. Ал бұл кезде Агамемнон бұрынғысынша Троя қаҺармандарын бiрiнен соң бiрiн жер жастандырып жүрген. Мiне, ол Антенордың ұлы Ифидамантты да өлтiрдi. Антенордың үлкен ұлы Коонт iнiсiнiң өлiмi үшiн кек алмақшы болған. Ол найзасымен Агамемнонды бiлегiнен жараладыө ал Микены патшасы семсерiмен оның басын шауып түсiрдi де, Антенордың үлкен ұлы өз iнiсi мүрдесiнiң үстiне тiл тартпастан құлап түстi. Бiрақ Агамемнон бұдан әрi шайқаса алмады, жарақатын қатты ауырсынып, ол ұрыс даласынан кетiп қалды.
Агамемнон қос доңғалақты арбасына отырып, кетiп қалғанын көрген бойда Гектор бар дауысымен айқай сап жауынгерлердi жiгерлендiрдi, өзi де қанды шайқасқа қойып кеттi. Ол толып жатқан батырларды өлтiрдi. Гректерге құрып кету қаупi төндi. Бiрақ Одиссей Диомедтi көмекке шақырып, қос батыр троялықтар шабуылын тойтарып тастады. Диомед жақындап келе жатқан Гекторды көргенде найзасын қадап лақтырды да, дулығасына тигiздi. Аполлон құдай найзаның дулығаны тесiп өтуiне жол берген жоқ, Гекторды тура келген ажалдан сақтап қалды, бiрақ қатты тиген соққыдан Гектор жерге құлап түсiп, есiнен танып қалды. Диомед жауынгерлер арасымен өтiп, найзасын көтерiп аламын дегенше, ол есiн жиып, қос доңғалақты арбасына қарғып мiндi де, ажалдан құтылып кеттi. Диомед өзiнiң Гекторды тағы да жер жастандыра алмағанына бұлқан-талқан ашуланды. Ол найзасын сiлтеп, Троя қаҺармандарының бiрiн өлтiрдi. Диомед өлiктiң үстiне еңкейiп, қару-жарағын шешiп алмақшы болып едi, мұны Парис көрiп қалды да, Диомедтi жебесiмен жаралады. Парис шаттыққа бөлендi. Ал Диомед болса, өзiн Одиссей қалқанымен қалқалап тұрған кезде денесiнен жебенi суырып алды, бiрақ, бұдан әрi шайқаса алмай ұрыс даласынан кетiп қалды.
Бұл кезде троялықтар орманнан шыққан арыстанға тап берген төбеттер сияқты Одиссейдi жан-жақтан қоршап алған. Арыстан жауларына қалай қаҺарлана арсылдайтын болса, Одиссей де нақ солай өзiне тап берген троялықтарды найзасымен жасқап, қорғанумен болды. Одиссей найзасынан көптеген троялық батырлар қаза тапты. Мiне, ол Сок патшаның туысы Харопты да өлтiрдi. Туысының өлiмi үшiн кек алғысы келген Сок найзасымен Одиссейдi қалқанынан ұрып жiберген, найза қалқанды тесiп өтiп, Одиссейдi бүйiрiнен жаралады. Бiрақ жараланғанына қармасатан Одиссей Сокты қашуға мәжбүр еттi де, қашып бара жатқан кезде қақ жауырынан шаншып өлтiрдi. Сокты өлтiрген соң ғана ол өз денесiнен найзаны жұлып алды, ыстық қан саулап қоя бердi. Одиссейдiң жараланғанын көрген бойда-ақ троялықтар лап қойды. Итака патшасы ышқына дауыстап, гректердi көмекке шақырды. Аякс Теламонид дереу жетiп келдi де Одиссейдi өзiнiң мұнара сияқты орасан зор қалқанымен қалқалады. Менелай оны қайнаған шайқастың iшiнен қос доңғалақты арбасына қарай алып шықты. Сөйтiп Одиссей де ұрыс даласын тастап кеттi. Ал Аякс болса, шайқасқа құтырына енiп, найзасымен троялықтарды жайрата бастады. Осы кезде Парис жебесiмен Махаон батырды оң жақ иығынан жаралаған. Идоменейдiң өтiнiшiмен Нестор жаралыны гректер қосынына алып кеттi. Гектор делбешiсi Кебрион Аякстiң троялықтар жасағын қалай тықсырып бара жатқанын көрген бойда Гекторға хабарлады. Гектор жан ұшыра көмекке ұмтылды. Ал Зевс Аякстiң бойына үрей жiбердi. Өзiнiң орасан зор қалқанын арқасына аса салып, ол жайымен шегiне бердi. Сақ төбеттер мен ер жүрек бақташылар табыннан қуған арыстан сияқты шегiншектеп бара жатты.
Аякс асықпай, баяу шегiндi, ара-кiдiк тоқтай қалып, қалқанын бүркемелей өзiн тықсырған троялықтарды тежеумен болды. Шегiнiп бара жатқанында оны Эврипил батыр көрiп қалды да, дереу көмекке ұмтылды. Бiрақ Парис оны да жебемен жаралап, Эврипилдiң ұрыс даласын тастап шығуына тура келдi. Ал Аякске гректер көмекке келiп жетiп, солардың арқасында Теламонның ұлы аман-есен кейiн шегiндi.
Бұл кезде қосында қалған Ахилл кеменiң үстiнде шайқасты бақылап тұрған. Нестор жаралы батырды алып келгенiн көрiп, Ахилл өз досы – Патроклдi шақырып алды да, Несторға барып, жараланған Махаон емес пе екен, соны бiлiп кел деп өтiндi. Ахиллдiң досы Нестор шатырына жедел жетiп барды. Шынында да, күтушiлер сусын әзiрлеп жатқан жаралы Махаонды ол өз көзiмен көрдi. Патроклдi көрген бойда Пилос патшасы отыр деп жанына шақырған, бiрақ ол тiзе бүгуден бас тартты, өйткенi қайтадан өз досына жетуге асығып тұр едi. Нестор Патроклге троялықтар гректердi қалай ығыстырып бара жатқанын, батырлардан кiмдер жараланғанын түгел айтып, көмектесудi өтiндi. Ол Патроклге Ахиллдiң қару-жарағын тағынып, мирмидондықтарды шайқаска бастауға кеңес бердi: бәлкiм, троялықтар Патроклдi Ахилл екен деп ойлап қалып, ұрысты тоқтатар, сөйтiп гректер ауыр шайқастан дем алып, есiн жинар дедi. Патрокл келiстi де, досынан ұрысқа қатысуға рұқсат сұрауға бекем бел байлап, Ахиллге қайта кеттi. Жол-жөнекей ол жамбасына жебе қадалған Эврипилдi кездестiрдi. Батыр жарасын ауырсынып қатты азап шегiп келе жатыр едi, қан саулап аққан. Патроклдiң жаны ашып кеттi. Ол Эврипилдi кемеге жеткiзуге кәмектесiп, жараны тiлдi де, жебенi суырып алды, жарақаттанған жерге дарулық шөп сеуiп тастады. Эврипил де Патроклге троялықтар гректердi қалай тықсырып келе жатқанын айтып бердi.
Ұрыс бұрынғысынша қыза түстi. Бiрақ троялықтар бiрден ордан асып, гректер паналаған қабырғаны басып ала алмады. Гектор күймесiмен жүйткiп ордан өтпек болып едi, бiрақ аттары басқа бiр жаққа алып қашты. Мiне, сол кезде, Полидамант батырдың кеңесi бойынша, троялықтар үлкен бес жасаққа бөлiндi де, өз көсемдерiнiң бастауымен тура шабуылға шықты. Ат-арбаларын ордың ернеуiнде қалдырып, троялық көсемдер жаяу-жалпы ұрыс салды. Тек жалғыз Асий батыр ғана ат-көлiгiнен түскен жоқ. Ол қашып бара жатқан гректердi өкшелеп, өз жасағымен олардың қосынына баса-көктей кiрiп, тура кемелерге қойып кеткiсi келдi. Бiрақ қорған қабырғаның дәл алдында қос батыр лапифтер Полипет пен Леонтей Асийдiң шабуылына тойтарыс бердi. Олар бейне бiр қос қуатты емен сияқты, қабырға қақпасының жанында мiз бақпай тұрып алды. Лапифтер ерлiкпен шайқасты, қабырғаның ар жағынан дәу тастар мен қаптаған жебе қарша борады. Лапифтер Асийдi тойтарып тастап, көптеген троялық батырларды өлтiрдi. Бiрақ бұл кезде Гектор мен Полидамант бастаған жаңа жасақ қақпаға жақындап келе жатқан. Зевс шайқасушыларға бiр құдiреттi белгi бердi. Кенет троялықтар жасағының үстiнде бүркiт пайда бола қалды. Тұяғына iлiнген жылан бар екен. Сумаңдап, ирелеңдеген жылан бүркiттi төсiнен шағып алды. Бүркiт ышқына бiр саңқ етiп, жыланды троялықтар отрядының ортасына тастап жiбердi де, лезде көзден ғайып болды. Бұл ненiң ишараты екенiн көрген Полидамант Гекторға ұрысты тоқтатып, гректер косынын басып алуға тырыспай-ақ қояйық деп кеңес бердi. Бiрақ Гектор Полидаманттың сөзiне құлақ аспай, өз жасағымен қабырғаға қарай ұмтыла бердi.
Найзағай құдайы Зевс ғаламат дауыл көтердi. Гректер кемелерiне қарай қаптаған шаң жөңкiлдi. Дауылға қарамастан гректер қабырғаны ерлiкпен қорғады. Троялықтар қабырға басындағы темiр iстiктердi жұлып, мұнараларды құлату үшiн бөренелердi шайқай бастады. Гректер шабуылдаушыларды таспен, жебемен, найзамен қарсы алды. Қос Аякс та жауынгерлерiне табандылықпен шайқасыңдар деп жiгер бердi. Қалқанын көлегейлеп, қос қолына қос найза ұстаған құдiреттi Сарпедон қақпаға жақындап келдi де, Лилия батыры Главктi өзiне көмекке шақырды. Қақпаны Менесфей қорғады. Ол Аякстердi көмекке шақырып келуге кiсi жiбердi. Менесфейге Теламонид Аякс, оның туысы Тевкр мен Пандион жеттi. Аякс кабырғаға өрмелеп көтерiлген Эпикл батырды орасан зор таспен оқсата ұрып, жалп еткiздi. Тевкр жебемен Главктi жаралады. Әйтсе де Сарпедон шегiнген жоқ. Ол тiптi қабырғаның бiр бөлегiн қиратып та үлгiрдi, бiрақ Аякс пен Тевкр оны тойтарып тастады. Сарпедон өз жауынгерлерiн қайтадан шабуылға жiгерлендiрдi. Олар қабырғаға тағы да бiр рет лап қойғанымен гректер бәрiбiр басып алуға мүмкiндiк бермедi. Ликиялықтар қорғанды ала алмады, гректер де оларды кейiн қуып тастай алған жоқ. Ликиялықтар да, гректер де бұл шайқаста бiр-бiрiнен асып түсе алмады. Сол кезде Гектор екi атпал азамат тiреу қойып, әрең көтерерлiк орасан зор тасты жерден жұлып алды да, қақпаны қойып қалды. Бұл соққыға қақпа да, зор құлып та төтеп бере алмады, қақпа салдыр-күлдiр етiп, шағылып түстi. Гектор сол жер арқылы қосынға лап бердi, ашу-ызамен жанары жалын шашты. Оның iзiнше троялықтар да iшке басып кiрдi. Сөйтiп қорған қабырға тiке шабуылмен басып алынды. Гректер тым-тырақай қашып, өз кемелерiне қарай жүгiрдi. Қосынды үрей жайлады.
КЕМЕЛЕР ҚАСЫНДАҒЫ ҰРЫС
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Кемелердiң дәл жанында алас-күлес, қым-қуыт ұрыс басталды. Зевс бұдан әрi бұл шайқасқа қараған жоқ, өйткенi ол құдайлардың ешқайсысы гректерге көмектесе алмайтынына сенiмдi едi. Осыны көрiсiмен Посейдон құдай өзi шайқасты бақылап тұрған Фракия тауларынан тез түстi де, сарайына қарай жүрдiө зәҺар шашып келе жатқан құдайдың аяғының астындағы тау селкiлдеп кеттi. Посейдон өз сарайына келiп, аттарын қос доңғалақты арбаға жектi де, теңiз толқындарының үстiмен Трояға қарай жүйтки жөнелдi. Аттар теңiз толқындарына тұяғы тимей құстай ұшқан бойы әп-сәтте-ақ оны Трояға жеткiздi. Посейдон теңiз жағалауындағы үлкен үңгiрге көлiгiн қалдырды да, аттарының аяғын алтын шынжырмен тұсаулап қойды. Содан кейiн Калхас бейнесiне кiрiп, Аякстердiң алдына келдi, шайқасты қыздырды. Құдай асасын тигiзiп олардың бойына құдiреттi күш дарытты. Аякстер Калхас кейпiне енген құдайдың өздерiмен сөйлесiп тұрғанын бiлдi де, бұрынғыдан бетер өжет қимылдап, шайқасқа ұмтылды. Посейдон гректер сапын аралап өтiп, олардың бәрiн де ерлiкпен айқасуға рухтандырды. Жауынгер саптары Аякстер төңiрегiне жиналды, найзаларын бiлемдеп, дулығалары жалтырап олар троялықтарды күттi. Троя азаматтарының арасында шабуылға Гектор да шықты.
Жартастан бөлiнiп, тау шыңынан төмен қарай домалаған, ойпатқа түсiп, бiржола тапжылмай жатып қалғанға дейiн жолындағының бэрiн жайпап өтетiн зiл батпан түйе тас сияқты, Гектор да найзасы мен қалқанын жарқылдатып, гректер сапына лап қойды. Ол сығылыса сап түзеген троялықтар алдына келiп тоқтай қалды да, грек жауынгерлерiнiң сапын бұзып өтуге үндедi. Табан тiрескен ұрыс басталып кете барды. Бұл ұрыста көптеген гректер қаза тапты. Солардың iшiнде Посейдонның немересi Амфибах та жер жастанды. Посейдон қатты ашуланды. Ол Идоменей патшаға немересiнiң өлiмi үшiн кек алуға дем бердi. Идоменей жарқылдаған сауыт-сайманын киiп алды да, шайқасқа қойып кеттi. Осы жерде Идоменей Мерионды кездестiрдi, ол осының алдында ғана Приамның ұлы Деифобты қалқанынан ұрамын деп, найзасын сындырып алып, жаңа найза iздеп келе жатқан. Идоменей Мерионға найза бердi де, қос батыр гректер сапының сол қанатына қарай жүрдi.
Троялықтар жақындап қалған Идоменейдi көрiп, тұтқиыл тап бердi. Идоменей де троялықтарға тұра ұмтылып, оларды амалсыз қаша жөнелуге мәжбүр еттi. Троялықтарды ол қалай тықсырып бара жатқанын көрген Приамның ұлы Деифоб Энейдi көмекке шақырды. Көмекке Парис пен Агенорды да шақырып, бәрi жабылып Идоменейге тап бердi. Идоменейдiң айналасында сұмдық ұрыс басталды, оған да көптеген гректер көмекке келген. Батырлар кеудесiн жапқан мыс сауыттар қатты соққыдан қаңғырлап кеттi.
Ал Гектор болса, қос Аякс кемелердi қорғап тұрған жерде ұрыс жүргiздi. Аякстер ортаққамыт киiп, жердi терең жыртып соқа сүйретiп бороздамен келе жатқан қос өгiз сияқты, бiр-бiрiнен жұбын жазбай, табандылықпен соғысты. Аякстердiң айналасында шайқасып көптеген батырлар жүрдi. Ал олардың ту сыртында тұрған садақпен, сақпандармен, қаруланған локрийлiктер шабуылдаушыларға тас пен жебенi жаңбырдай жаудырды. Троялықтар осы кезде бiртiндеп тайқи да бастап едi, бiрақ Полидамант Гекторға ең жүрек жұтқан батырларды көмекке шақыр, гректердiң кемелерiне шабуыл жасау керек пе, жоқ әлде кейiн шегiнген жөн бе, – ақылдас деп кеңес бердi. Гектор батырларды шақырмақ болып iздеп кеттi, бiрақ көпшiлiгiн таба алмады. Бiреулерi гректер кемелерiнiң жанында өлiп жатыр да, өзгелерi жараларын ауырсынып, ұрыс даласынан кетiп қалыпты. Тек Парис қана гректер шабуылын тойтарып жүр екен. Гектор Паристi жазғыра бастады, бiрақ оны бұлай кiнәлау орынсыз едi. Парис бұл жолы ерлiкпен шайқасқан, көптеген батыр жараланып, одан да көбiнiң қаза тапқаны үшiн ол кiнәлi емес-тi. Парис Гекторға жауынгерлердi баста дедi. Троялықтар бейне бiр дауыл тәрiздi ұрысқа лап қойды, бiрақ гректер олардың бұл шабуылынан қаймыққан жоқ. Аякс Теламонид Гекторды көрiп қалып, грек жауынгерлерiнiң сапына жақынырақ келуге шақырған. Кенет Аякстiң төбесiнде қалықтап бүркiт пайда бола кеттi де, гректер бұл нышанды жақсылыққа жорып, шаттана айқай салды. Алайда Гектор бастаған троялықтар қаҺарлы айқай-сүреңмен гректерге тарпа бас салды. Гректер де троялықтарға осындай айқайсүреңмен жауап бердi, жауынгерлердiң үнi жаңғырығып аспан астын кеулеп кеттi.
Бұл айқай-шуды Махаонмен бiрге өзiнiң шатырында отырып Нестор да естiген. Ол қалқаны мен найзасын ала сала шатырдан шықты. Қария Агамемнонды iздеген едi. Ол жол-жөнекей жараланып, найзаларына сүйенiп келе жатқан Микены патшасы мен Диомедтi, Одиссейдi көрдi. Олар шайқасты шолғысы келдi. Ұрыс кемелердiң дәл жанында жүрiп жатқанын көргенде олардың жүрегi қан жылады. Көсемдер гректердiң троялықтар шабуылынан қорғану үшiн тұрғызған қабырғасы қирағанын көрiп те қамықты. Олар әскерлерге қалай көмектесiп, қырғыннан аман сақтап қалу үшiн не iстеу керек екенiн бiлмей дал болды. Агамемнон ендi болмаса кемелердi суға түсiрiңдер деп әмiр бергiсi келiп едi. Бiрақ Одиссей тоқтау салды, өйткенi ол кемелердi суға түсiрген кезде гректер шайқасудан гөрi қашуды көбiрек ойлар деп қорықты. Одиссей мен Диомед сауыт-саймандарын асынып, әскерлердiң рухын көтеру үшiн оларға көрiнейiк те, ал екiншi рет жараланып қалмау үшiн шайқасқа қатыспайық деп уағдаласты.
Осы кезде гректердiң сәтсiздiкке ұшырағанын көрген әйел құдай Гера қулықпен оларға көмектесудi ұйғарды. Зевстi ұйықтатып тастауды ойлады, Зевс ұйықтап жатқан кезде жеңiстi гректерге алып бермек болды.
Гера Олимптен Лемносқа жедел ұшып келдi де, сол жерден ұйқы құдайы Гипносты тауып алды. Найзағай құдайын ұйықтатып таста деп ұзақ үгiттеген, бiрақ Гипнос келiспей қойды, өйткенi ол Зевстiң кәрiнен қорықты. Ақырында Гера Гипносты өз айтқанына көндiрдi. Ұйқы құдайымен екеуi дереу Ида шыңына самғап жетiп келдi. Гипнос Зевске бiлдiрмей, әсем әуездi құс бейнесiне енiп, орасан зор шырша ағашына жасырынды да, найзағай құдайын қалың ұйқыға шомдырып тастады. Содан соң Гипнос заңғар Идадан жер сiлкiндiрушi Посейдонға ұшып барып, Зевстiң ұйықтап жатқанын айтты.
Посейдон бұған қуанды, гректердi шайқасқа бұрынғыдан бетер жiгерлендiре түстi. Агамемнон, Диомед, Одиссей жарақатын ұмытып, грек әскерлерiн сапқа тұрғызды. Қалың қол Посейдонның басшылығымен троялықтарға қарай жылжыды. Теңiз буырқанып кеттi, тулаған толқындар грек кемелерi мен шатырларына дейiн шапшыды, гректер де осы теңiз толқындары сияқты троялықтарға лап қойды. Тағы да сұмдық шайқас басталып кете барды. Гектор Аякске найзасын лақтырды, бiрақ дарыта алмады. Ал Аякс орасан дәу тасты Гектордың көкiрегiне бiр-ақ ұрды. Зевс найзағайынан күлталқаны шығып емен қалай құлайтын болса, Гектор да нақ солай жерге сұлап түстi, найзасы қолынан ұшып кеттi, орасан зор қалқан оны қара жерге жаншып тастады. Гректер Гекторға тап берген едi, бiрақ Троя ерлерi Приамның ұлын қорғаштап, денесiн ұрыс даласынан алып шықты. Олар есiнен танып қалған Гекторды Ксанф өзенiнiң жағасына жатқызып, бетiне су бүрiктi. Гектор «уҺ» деп дем шығарды да, көзiн ашып, басын көтердi, сол кезде аузынан қан саулап қоя бердi. Ол қайтадан сылқ етiп құлап түсiп, тағы да есiнен танып қалды. Гектордың Аякс лақтырған тастан құлағанын көрген гректер троялықтарға жапа-тармағай ұмтылды. Шайқас бұрынғыдан бетер қыза түстi. Осынау шайқаста гректер жағынан да, троялықтар жағынан да көптеген батырлар ажал құшты. Троялықтар дүркiреп қаша жөнелдi, олар тек гректер қосынын қоршап тұрған дуалдың сыртына шыққаннан кейiн ғана аялдады.
Бұл кезде Ида шыңында ұйықтап жатқан Зевс оянып кеткен едi. Қашып бара жатқан троялықтар мен Посейдонның бастауымен оларды өкшелеп қуып бара жатқан гректердi көргенде ол бұлқан-талқан болып қатты ашуланды. Гераны жазғыра бастады, Посейдонды гректерге көмектесуге көндiргенiң үшiн сенi алтын шынжырмен кiсендеп тастап, аспан мен жердiң арасына салбыратып iлiп қоямын деп қорқытты. Бiрақ Гера сұмдық қарғанып, ант-су iшiп, Посейдон гректерге менiң кеңесiммен көмектесiп жатқан жоқ деп Зевстi иландырды.
Әйел құдай Гера қас қағым сәтте-ақ Олимпке самғап жетiп келдi. Ондағы той үстiнде құдайларды Зевс еркiне қарсы шықпауға Гераның өзi-ақ үгiттедi. Сондай-ақ, ол соғыс құдайы Ареске ұлы Аскалафтың Деифоб қолынан қаза тапқанын да хабарлады. Арес ағыл-тегiл еңiреп қоя бердi. ҚаҺарына мiнiп, орнынан атып тұрған ол қару-жарағын асынып, ұлының өлiмi үшiн кек алуға шайқас даласына аттануға асықты. Бiрақ Зевс әмiрiн есiне салып, оны тоқтатқан Афина едi. Гера Аполлон құдай мен құдайлар жаршысы Приданы шақырып алды да, оларды Зевс Ида шыңына, өзiне келсiн деп әмiр еткенiн айтты.
Аполлон мен Ирида Идаға келiп жеткен соң, Зевс Иридаға Посейдонға ұшып бар да, менiң әмiрiмдi жеткiз, шайқасты тастап шықсын деп бұйырды. Ирида көздi ашып-жұмғанша Посейдонның алдына келiп тұра қалды. Посейдон бастапқыда iнiсiнiң әмiрiне мойын ұсынғысы келмедi: өз құдiрет-билiгiнiң Зевстен кем емес екенiн айтып, ол маған емес, тек өзiнiң ұлдары мен қыздарына ғана әмiрiн жүргiзе алады дедi. Әйткенмен ақыр аяғында Посейдон илiктi де, шайқас даласынан кетiп қалды, бiрақ, егер ол бұдан былай да Трояны аяуын қоймайтын болса, онда Зевспен екеумiздiң арамызда мәңгi жаулық басталады деп Зевске қыр көрсетiп кеттi.
Ал Аполлонға Зевс өзiнiң билiк тәжiн ұстап, гректердi қорқытуға әмiр бердi. Сондай-ақ Зевс оған Гектордың күш-қайратын да қалпына келтiр дедi. Аполлон қаршығадай зулап Гектордың қасына келiп жеткен кезде, ол ептеп есiн жинай бастаған едi.
– Орныңнан тұр, Гектор! – дедi оған Аполлон. – Мен – Аполлон құдаймын, саған Зевс көмекке жiбердi. Әскерлерiңе бар да, гректердi шабуылдауға әмiр ет, троялықтарды мен өзiм бастаймын.
Аполлон Гектордың бойына құдiреттi күш-жiгер құйды. Гектор орнынан ұшып тұрды да, троялықтарға қарай тартты. Олар мұның аман-саулығын көрiп, қуанышқа кенелдi. Өз дұшпандары сапының арасында Гектордың әлi жүргенiн көргенде гректер де таң қалды. Троялықтар есiн жинап, гректердi қайтадан ығыстыра бастады. Шайқас барған сайын қанды қасапқа ұласып кеттi. Гректер троялықтардың қысымына ерлiкпен төтеп беруге тырысты, бiрақ Аполлон құдай Зевстiң билiк тәжiн ерсiлi-қарсылы сiлтей бастаған кезде олар қойдай ұйлығып, үрейге берiлдi, ерлiк арпалысын ұмытып, тым-тырақай қаша жөнелдi. Троялықтар оларды өкшелей қуып бердi, ал Аполлон қорғаныс қабырғасының алдындағы орды бiтеп тастап, троялықтар жолын тегiстеп жiбердi. Гректер тек кемелерiнiң жанына жеткен кезде ғана есiн жиды. Олар өздерiн құтқаруын сұрап, құдайларға жалбарына бастады. Нестор қарт Зевске жалбарынды:
– Оу, Зевс, елiне аман-есен қайтаруды сұрап, гректердiң өзiңе берген құрбандықтарын есiңе алсаңшы: Олимптегi тәңiрiм-ау, гректерден жаманатты аулақ әкете гөр! Троялықтардың түпкiлiктi жеңiске жетуiне жол бере көрме!
Зевс Нестордың сөзiн естiдi де, аспанда күн күркiреп қоя бердi. Ал троялықтар мұны жақсы ырымға жорып, кеменi де көмiп тастайтын тулаған теңiз толқындары сияқты, гректерге лап қойды, кемелердiң дәл түбiнде шайқас қызып кете барды. Кемелердi қорғап, Аякс табан тiресе ұрыс салды. Аякстiң қасынан туысы Тевкр да орын алып, Троя батырларын жебесiмен жайрата бердi. Ал Тевкр Гекторды да жебесiмен жер жастандырмақ болған кезде, Приамның ұлын Зевс қорғап қалды. Тевкрдiң қолынан садағы ұшып түстi де, адырнасы шорт үзiлiп, жебелерi бытырап кеттi. Тевкрдiң зәре-құты қалмады, мұның өзi құдайлардың әмiрi екенiн түсiне қойды. Ал Аякс болса туысына садақты қойып, найзамен шайқас деп ақыл бердi.
Шайқас барған сайын құтырынып қыза түстi. Кемелердiң маңында қан судай ақты. Гректер өз қалқандарын бейне бiр мыс қабырға тәрiздi көлегейлеп, кемелердi қорғаумен болды. Олар ерлiкпен шайқасты, бiрақ троялықтар да соққыны күшейте бердi. Сырт көзге шайқастан шаршаған қол емес, жаңа ғана кiрiскен тың күш ұрыс жүргiзiп жатқан сияқты көрiндi. Қолына орасан зор сырық ұстаған Аякс кемеден кемеге секiрiп, троялықтарға тойтарыс берумен болды. Ол өз айқайымен-ақ батырларды шайқасқа жiгерлендiрдi. Ал Гектор болса, бейне бiр қайтып бара жатқан құстарды iлiп түскен бүркiт сияқты гректердi жайратумен болды. Мiне, Гектор Протесилайдың кемесiнiң жақтауына қолын iлiктiрдi де, троялықтарды айқайлап шақырып, кеменi өртеп жiберу үшiн от әкелiңдер деп әмiр бердi. Бұл қысымға құдiреттi Теламонид Аякстiң өзi де төтеп бере алмады, троялықтарды найзасымен әупiрiмдеп әрең-әрең тойтарып тұрды. Троялықтар оны оқпен көмiп тастады. Қалқанының салмағынан Аякстiң сол қолынан жан кетiп, ұйып қалды. Ол демiн әзер алып, қара терге малынды. Ақыры, амалсыз кейiн шегiне бердi. Суырылып алға ұмтылған Гектор семсерiмен Аякстiң найзасының ұшын шауып түсiрдi. Троялықтар Протесилайдың кемесiне от қойды да, ол лапылдап жана бастады. Барлық гректер үшiн өлiм қаупi төнген сияқты едi, бiрақ осы кезде олардың өздерi де күтпеген көмек әлде бiр жақтан келiп жеттi.
ПАТРОКЛДIҢ ЕРЛIГI МЕН АЖАЛЫ
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Троялықтар гректер қосынына баса-көктеп кiрген кезде, жаралы Эврипилдiң жанында отырған Патрокл үрейлене ұшып тұрып, ышқына айқайлап жiбердi де, Ахиллдiң шатырына қарай ұша жөнелдi. Көз жасын көл қылып Патрокл Ахиллдiң қасына келдi. Ахилл оған:
– Неге сен, көтер деп шешесiнiң соңынан жүгiретiн кiшкентай қыз бала сияқты жылап тұрсың, Патрокл? Әлде Фтиядан бiр жаман хабар алдың ба? Әлде сен гректер өз кемелерiнiң жанында қырылып жатқанына жылап тұрсың ба? Қайғы-қасiретiңдi жасырмай айта ғой маған, – дедi.
– Оу, Пелейдiң ұлы! – деп жауап қатты Патрокл. – Гректер ауыр қасiретке душар болды. Олардың ең жүректiлерi жарадар болып қалды. Сен шынымен гректерге көмектеспейсiң бе? Егер көмектескiң келмесе, өзiңнiң мирмидондықтарыңа қосып менi жiберiп көр. Маған өз сауыт-сайманыңды бер. Бәлкiм, троялықтар сен екен деп қалып, шайқасты тоқтатар. Бiз тың күшпен оларды кемелерден аулақ қуып тастар едiк.
Патрокл осылай Ахиллге жалынды, ол бұл өтiнiшiмен өзiне өлiм сұрап тұрғанын бiлген жоқ едi.
Ахилл гректердiң қандай қиын жағдайда қалғанын көрiп отыр. Ол жерлестерiнiң қырғынға ұшырауын қалаған жоқ. Тек өз кемелерiне қауiп-қатер төнген жағдайда ғана Патроклге қару-жарағын тапсырып, троялықтармен шайқасуына ризалығын бередi. Сол кезде ғана Патрокл троялықтарды тойтарып, кемелердi өрттен аман сақтап қалуға тиiс болды. Бiрақ Ахилл Патроклдiң мирмидондықтарды бастап Троя iргесiне дейiн баруына тыйым салды: себебi өзiнiң сүйiктi досы жазым болар деп қорыққан едi.
Кенет Ахилл Гектордың салған отынан өз кемелерiнiң бiрi лапылдап жана бастағанын көрiп қалды. Қатты ызаланған ол:
– Тездет, Патрокл! Мен кемелердiң арасында лапылдап от жанып жатқанын көрiп тұрмын. Бол, қару-жарағыңды асын! Мирмидондықтарды сапқа өзiм тұрғызайын! – деп айқай салды.
Патрокл Ахиллдiң сауыт-сайманымен қас қағымда қаруланды, тек оның найзасын ғана алған жоқ. Бұл найза зiл батпан ауыр болғандықтан, онымен Ахиллдiң өзi ғана шайқаса алатын едi. Делбешi Автомедонт Ахилл аттарын күймесiне жектi. Ал Ахилл өзiнiң мирмидондықтарын сапқа тұрғызды. Бұғыға тап бергелi тұрған бейне бiр жыртқыш қасқырлар сияқты олар шайқасқа құлшынып шықты. Гректердiң ең даңқты батырларының бiрiне тiл тигiзiп, қандай ағаттық жасап алғанын Агамемнон патша бiлуi үшiн Ахилл өз жауынгерлерiн ұрыста ерлiк көрсетуге, батырларша батыл шайқасуға жiгерлендiрдi. Мирмидондықтар шайқасқа жер жаңғырықтырар айқаймен қойып кеттi. Троялықтар Ахиллдiң сауытсайманын асынып алған Патроклдi көрiп, оның Агамемнонмен арадағы алауыздығын ұмытып, гректерге көмек көрсетуге асығып келе жатқан Ахиллдiң өзi екен деп ойлап қалды. Троялықтардың қай-қайсысы да ендi қашу жайында ойлана бастады. Ал Патрокл шайқастың қалың ортасына кiрiп кетiп, Протесилайдың кемесi жанында ұрыс жүргiзiп жатқан троялықтарды өз найзасымен жайрата бердi. Үрей билеген троялықтар шегiне бастады.
Олар қосынды бiрден тастап кете қойған жоқ, тек кемелердiң жанынан ғана кейiн шегiндi. Бiрақ қосында бiржола табан тiреп қала алмады. Грек батырлары оларға бейне бiр құтырған қасқырлар сияқты тап бердi. Троялықтар ордан секiрiп, далаға беталды қаша бастады, олардың көпшiлiгi сонда қаза тапты. ҚаҺарман Теламонид Аякс қайткенде де Гекторды құртуға құлшынды. Гектор троялықтар қолынан жеңiстiң сусып шығып бара жатқанын керсе де, кейiн шегiнген жоқ, ол өздерiн өкшелей қуған гректердi тежеу үшiн барлық күшiн жұмсап бақты. Ақыр аяғында амалсыз шегiнуге мәжбүр болды, аттары да ордан тез қарғып, оны айдалаға алып шықты.
Гректердi қашқындарды қууға жiгерлендiре отырып, Патрокл аттарын шұғыл орға қарай бұрды. Аттар қос доңғалақты арбасымен ордан жедел асып өттi де, айдаламен iлгерi құйғытып шаба жөнелдi. Патрокл Гекторды iздеумен болды, бiрақ ол қос доңғалақты өз арбасымен аман-есен құтылып кеткен едi. Далада қашып бара жатқан троялық жауынгерлер дүрлiгiсiнен шаң аспанға көтерiлдi. Олар Троя қабырғаларының тасасына жасырынуға асықты. Бiрақ Патрокл көпшiлiгiнiң шегiнетiн жолын кесiп тастады. Қашқындарды кемелерге қарай қайырып қуып, бiразын салмақты найзасымен жер жастандырды. Сарпедон осыншама көп батырдың Патрокл қолынан қаза тапқанын көрдi де, өзiнiң ликиялық жерлестерiн тоқтатпақ болды. Сарпедонның Патроклмен шайқасқысы келдi. Қос доңғалақты арбасынан секiрiп түстi де, Патроклдiң келiп жетуiн күттi. Ахиллдiң досы да қос доңғалақты арбадан түстi. Батырлар бейне бiр биiк құздың басында шаңқылдап, олжаға таласқан қос күшiген тәрiздi бiр-бiрiне тарпа бас салды. Бұл жекпежектi Зевс көрiп қалды. Ол Сарпедонды аяп кетiп, өз ұлын құтқарып қалғысы келдi. Зевстiң зарланған үнiн Гера естiген. Ол бұған ұлыңды құтқарушы болма деп кеңес бердi. Көптеген құдайлардың ұлдары Троя түбiнде шайқасып жүргенiн, қазiрдiң өзiнде олардың көпшiлiгi қаза тапқанын Зевстiң есiне салды. Егер Зевс Сарпедонды сақтаймын десе, басқа құдайлар да өз ұлдарын құтқарып қалуға тырысатын болады. Егер тағдыр солай жазса, Сарпедонның онда Патроклдiң қолынан қаза табуына Зевс бөгет жасамауға тиiс. Зевс Гераның ақылын тыңдады. Ол Патроклдiң қолынан қаза табуға тиiс ұлына қошамет көрсетiп, Троя даласын қанды шыққа бөледi. Патрокл найзасын бiрiншi болып сiлтеп, Сарпедонның адал қызметшiсiн өлтiрдi. Сарпедон да найзасын сiлтеп қалды, бiрақ Патроклге тиген жоқ, найза оның жанынан ұшып өттi де, күймеге жегiлген аттардың бiрiн жайратты. Батырлар екiншi рет бетпе-бет келдi. Сарпедон тағы да найзасын тигiзе алмады. Ал Патрокл өз найзасын Сарпедонның қақ кеудесiне сұғып алды. Орманшы балтасымен дәл түбiнен шауып түсiрген емен қалай құласа, Ликия патшасы да нақ солай түстi. Сарпедон өзiнiң досы Главкқа айқай салды:
– Досым, Главк, ликиялықтарды өз патшасы үшiн ерлiкпен шайқасуға рухтандыра көр, өзiң де мен үшiн айқас! Егер гректер үстiмнен сауыт-сайманымды сыпырып ала қалса, онда сен мәңгi масқара боласың.
Сарпедонның кеудесiнен өлiм алдындағы ыңырсу үнi шықты да, ажал құдайы Танат оның көзiн жапты. Досының үнiн естiген кезде Главкты қайғы билеп, өзегi өртендi. Оған көмектесе алмайтынына назаланды, өйткенi өзi де жарақаттан азап шегулi едi. Ол Аполлонға тiл қатып, жарамды жазып бер деп жалбарынды. Құдай Главктың жалынған тiлегiн естiдi де, жарақатын жазды. Главк ликиялықтарды, Троя қаҺармандары Эней, Агенор, Полидамант пен жарқыраған дулығалы Гектордың өзiн Сарпедон мүрдесi үшiн шайқасқа шақырды. Батырлар жиналып, Главкқа көмектесуге ұмтылды. Патрокл да грек батырларын көмекке шақырды, ең алдымен оған Аякстер жеттi. Сарпедон мәйiтiнiң төңiрегiнде шайқас қызып кете барды. Ал Зевс ұрыс мүлдем үрейлi бола түсуi үшiн ұлының мүрдесiн қара түнекпен тұмшалап тастады.
Бiр қауым орманшы тау тоғайында ағаш шапқан тәрiздi, сұмдық айқай-шу көтерiлдi. Жебе жан-жақтан қарша бораған Сарпедонның денесi де шаң мен қанға боялып жатты. Зевс шайқас даласынан көз алған жоқ, Патроклдi ұлының денесi жанында өлтiрсем бе екен, әлде оған әлi де ғаламат ерлiктер сыйлап, троялықтарды қорғанның iргесiне дейiн қуып тастауына мүмкiндiк берсем бе екен деп ойланды. Ақыры, Патроклдiң өмiрiн ұзарта түсудi ұйғарды. Ол Гекторға үрей жiбердi. Сөйтiп алдымен Гектор, одан кейiн басқа да жауынгерлер қаша жөнелдi. Гректер Сарпедонның сауыт-сайманын сыпырып алды, ал Патрокл оны кемелерге апарып тастауға бұйырды. Сол кезде найзағай құдайы Зевс Аполлонды шақырып алды да, оған Сарпедонның мүрдесiн алып, шаң мен қаннан жуып тазартуға, хош иiстi май жағып, сән-салтанатты киiм кигiзуге әмiр бердi. Содан соң ағайынды құдайлар – Гипнос пен Танат Сарпедонның денесiн туыстары мен достары зор қошаметпен жерлеуi үшiн Ликияға апаруға тиiс болды. Аполлон Зевстiң әмiрiн орындады.
Патрокл бұл кезде троялықтарды қала қабырғаларына қарай қуып бара жатқан. Ол өз ажалына асығып бара жатыр едi. Көптеген батырларды да жер жастандырған. Егер Аполлон құдай Зевстiң әмiрiн орындап, Трояның шырқау мұнарасына шықпаған болса, онда Патрокл Трояны да алып қоятын едi. Ол қабырғаға үш рет көтерiлдi, бiрақ үш ретiнде де Аполлон тойтарыс бердi. Ал Патрокл қабырғаға төртiншi рет ұмтылған кезде, Аполлон кәрiн төге айқай салды:
– Кет кейiн қабырғадан, жаужүрек Патрокл! Құдiреттi Трояны талқандау саған емес, Ахиллдiң пешенесiне жазылған!
Патрокл шегiнуге мәжбүр болды, өзiнiң алтын жебелерiмен қиядағыны жайрататын Аполлон құдайды ашуландыруға батылы бармады.
Гектор аттарын Скея қақпаларының маңында ғана тоқтатты, ол Патроклге тарпа бас салсам ба екен, әлде жұрттың бәрiне Троя қабырғаларының тасасына жасырынуға бұйрық берсем бе екен деп толқулы едi. Осы кезде туысы Гекубаның кейпiне кiрген Аполлон оның қасына келдi де, Патроклге жазық далада шабуыл жаса деп ақыл айтты. Гектор бұл кеңеске құлақ қойып, өзiнiң делбешiсi Кобрионға аттарды керi бұр деп бұйырды. Күйме үстiндегi Гекторды көрген бойда Патрокл жерге секiрiп түстi де, оң қолына зор тасты, сол қолына найзасын алып, жауының жақындап келуiн күтiп тұрды. Гектор таянып қалған кезде Патрокл тасты лақтырып, делбешi Кебрионның басына тигiздi. Теңiзге атылған сүңгуiр сияқты, делбешi Кебрион күймеден жерге ұшып түстi. Патрокл мысқылдап айқай салды:
– Кебрион қалай тез сүңгiп кеттi! Егер бұл теңiз болса, ол кемеден сүңгiп, қаншама көп ұлу терiп алар едi. Көрiп тұрмын, троялықтар арасында да сүңгiгiштер бар екен!
Осылай деп айқай салып, Патрокл Кебрионның денесiне ұмтылды. Гектор күймеден секiрiп түстi де, өз делбешiсiнiң денесi үшiн Патроклмен шайқасқа кiрiстi. Кебрион денесiнiң төңiрегiнде қанды кескiлесу басталып кете барды. Гректер мен троялықтар бейне бiр орманды алқапта бiр-бiрiне тап болған шығыс пен оңтүстiк желi – Эвр мен Нот сияқты қырқысты. Екi жел бiр-бiрiне тап келген кезде, ағаштар бiр-бiрiне бұтақтарымен соғылып, шарт-шұрт сынады, айналада шытырлап сынып жатқан емен мен қарағайдың, шыршаның дыбысы естiлiп тұрады. Троялықтар мен гректер ұзақ шайқасты. Күн де батысқа қарай батып бара жатты. Патрокл троялықтарға үш рет тап бердi, үш ретте де ол өз найзасымен әр жолы тоғыз батырдан жайратып отырды, ал троялықтарға төртiншi рет тап берген кезде, қара түнекке оранған Аполлон құдайдың өзi оған қарсы шықты. Ол Патроклдiң арт жағынан келдi де, жон арқа мен иығынан ұрып қалды. Патроклдiң көз алдын қара түнек басып кеттi. Аполлон құдай бiр кездерде құдiреттi Пелейдiң басында жарқыраған дулығаны Патроклдiң басынан жұлып алды, дулыға жерде домалап жатты. Патроклдiң қолындағы найза да шорт сынып, зiл батпан қалқаны да жерге ұшып түстi. Аполлон батырдың сауытсайманын ағытып, шешiп тастады, күш пен қару-жарақтан жұрдай болып ол троялықтардың қарсы алдына тұра қалды. Бiрақ Эвфорб батырдың сонда да қарусыз Патроклге алдыңғы жағынан тап беруге батылы бармады, арт жағынан келiп, иығынан найзасын сұқты да, троялықтар тобы iшiнде көзден таса болды. Ажалдан қашып, Патрокл гректер сапына қарай шегiне бердi. Гектор жаралы Патроклдi көрдi де, найзасымен бiржола жер жастандырды. Суы тапшы бұлақтың басында суатқа таласқан арыстан жабайы қабанды өлтiретiн болса, Гектор да Патроклдi солай өлтiрдi. Приамның ұлының тұла бойын қуаныш кернедi: өйткенi ол ұлы Трояны күйретемiн деп қаҺар шашқан Ахиллдiң досын өлтiрдi ғой. Патрокл жерге құлап түстi, өлiп бара жатып, ол Гекторға былай дедi.
– Ендi сен жеңiске мақтануыңа болады, Гектор. Бұл жеңiске Зевс пен Аполлонның көмегiмен ғана жеттiң. Менi құдайлар жеңдi, сауыт-сайманымнан айырған да солар. Құдайларға бұл қиын емес. Егер маған сен сияқты жиырма адам тап берсе де, мен олардың бәрiн найзаммен жер жастандырар едiм. Менi мерт қылған Аполлон құдай мен Эвфорт, ал сен маған қару дарытқан үшiншi адамсың. Ал ендi менiң сөзiмдi есiңде сақтайтын бол: сен де ендi көп өмiр сүрмейсiң, сенiң де ажалың алыс емес, Қатал тағдыр саған Ахиллдiң қолынан мерт болуды жазған.
Осыны айтты да, Патрокл дүниеден өттi. Жап-жас, құрыштай мық дененi тастап шыққанына налыған оның жаны Аидтiң қара түнек патшалығына ақырын ғана ұшып кеттi.
Өлiкке қарап, Гектор айқай салды:
– Сен неге маған ажал шақырасың, Патрокл? Кiм бiледi: мүмкiн менiң найзам қадалып, Ахилл өмiрмен менен бұрын қоштасатын болар?
Гектор Патроклдiң денесiнен найзасын суырып алды да, Ахилл аттарын иемдену үшiн Автомедонтқа тарпа бас салды.
ПАТРОКЛ МҮРДЕСI ҮШIН ҰРЫС
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Менелай патша өлiп жатқан Патроклдi көрдi де, солай қарай тұра ұмтылды: ол өзi үшiн кескiлескен батырдың мүрдесiн троялықтар қорлауына жол бергiсi келмеп едi. Қалқанын бетке ұстап, зiл батпан найзасын ерсiлiқарсылы сiлтеген күйi, ол бейне бiр қаҺарлы арыстандай Патрокл денесiн төңiректеп жүрдi.
Патроклдiң арқасынан найза сұққан троялық Эвфорб туысын өлтiргенi үшiн Спарта патшасынан кек алсам деп кiжiнiп, Менелайға таяна бердi.
Ол найзасымен Менелайды қалқанынан ұрып едi, бiрақ қалқанды тесе алмады. Ал Менелай сұмдық соққымен найзасын Эвфорбқа сұқты да, жап-жас жiгiт жерге сұлық түстi. Патша оның асыл сауыт-сайманын шеше бастап едi, осы кезде жебе тәңiрi Аполлон Гекторды Менелайға тап беруге айдап салды. Өзiн гректер айыптайтынын бiле тұрса да, Менелай Патроклдiң денесiн тастап кейiн шегiндi, өйткенi троялықтар қоршауында қалып қоярмын деп қорықты. Менелай Аякстi көмекке шақыруды ұйғарды. Аякс келiп жеткенше Гектор Патрокл денесiн иемденiп, одан Ахиллдiң қару-жарағын сыпырып алып та үлгiрген едi. Гекторға ендi шегiнуге тура келдi. Мұны көргенде Главк Приамның ұлын жүрексiзсiң, грек батырларынан қорқасың деп жазғыра бастады. Осы сөздермен ол Гекторды қайтадан шайқасқа кiруге мәжбүр еттi. Гектор Патроклдiң қару-жарағын Трояға апарыңдар деп өзi жұмсап жiберген қызметшiлерiн керi шақырып алды да, сауыт-сайманын өзi кидi. Гектор Ахиллдiң қару-жарағын тағып жатқанын көрiп, найзағай құдайы Зевс ойға батты: «Оу, бақытсыз, өз ажалыңның да жақын қалғанын сезбей тұрсың-ау. Сен жұрттың бәрi қорқатын батырдың қару-жарағын асынып жатырсың ғой. Ендi мен Ахиллдiң сауыт-сайманын сенiң қолыңнан әйелiң Андромаха ешқашан ала алмайтын болғаны үшiн жеңiске жеткiзейiн». Осылай ойлады да, Зевс өз ойының мүлтiксiз iске асатынының белгiсi ретiнде сұстана қабағын тұйдi.
Гектордың бойын ғажайып күш пен қайтпас өжет сезiм биледi. Ол жедел басып әскерге барды да, батырларды шайқасқа жiгерлендiре бастады. Бұл кезде Менелай айқайлай дауыстап, гректердi Патрокл денесiн қорғауға шақырып жүрген. Ең алдымен шақыруға Оилейдiң ұлы – Аякс, одан соң Идоменей, Мерион және басқалар келдi. Батырлар Патроклдiң мүрдесiн қалқандарымен қоршап, қаумалап тұра қалысты, бiрақ троялықтар оларды тойтарып тастады. Алайда қуатты Аякс Теламонид троялықтар сапын бұзды да, Патроклдiң мүрдесiн тартып алды.
Тағы да қырғын қырқыс басталып, троялықтар қатары шайқалып кеттi. Бiрақ Аполлон Энейдi ұрысқа жiгерлендiрiп, әскерлердi шегiндiрмей ұстап қалды. Шайқас бейне бiр бәрiн де жалмайтын жалын сияқты лапылдап қыза түстi. Зевс Патрокл мүрдееiнiң маңайын қап-қараңғы түнек етiп жiбердi. Бiрақ шайқас алаңының өзге жағы күн шұғыласына бөленiп тұрған, аспанда бiр шөкiм де бұлт жоқ едi.
Қанды шайқастан аулағырақ Ахиллдiң ажалсыз аттары тұрған болатын, олар иесiне досының өлiмiне қайғырып, жас төктi. Делбешi Автомедонт оларды орнынан қозғамақ болып бостан-бос әурелендi, аттар басын төмен салбыратқан күйi, қозғалмай тұрып алды. Олардың жалы жерге дейiн төгiлiп жатқан. Аттарды көрiп, Зевс ойға кеттi: «Оу, бишара аттар-ай! Мәңгi жасайтын сендердi бiз неге Пелейге сыйға тарттық? Адамдардың, қайғы-қасiретiн бiлсiн деп осылай iстедiк пе? Осынау жалпақ әлемде адамнан бақытсыз қандай тiршiлiк иесi бар екен? Бiрақ қайғырмаңдар, Гектор ешқашан сендердi иемдене алмайды. Мен сендерге күш беремiн, Автомедонтты шайқас даласынан алып шығыңдар. Троялықтарды мен тағы да жеңiске жеткiземiн, бiрақ тек бүгiнше ғана, күн ұясына қонғанша ғана».
Зевс аттардың бойына ғажайып күш дарытты да, олар Автомедонтпен шайқас даласы арқылы жұйтки жөнелдi. Ахилл делбешiсi зiл батпан найзасын қолына алып, қаҺарман Ареттi жер жастандырды. Ол тым болмаса осымен Патроклдiң өлiмi үшiн кек алдым ғой деп қуанып, сауыт-сайманын шешiп алды.
Патрокл мүрдесi төңiрегiнде шайқае қыза түстi. Алқызыл бұлтқа оранған әйел құдай Афина шайқасып жатқан грек қаҺармандарының қасына келiп түстi де, Феникс батырдың кейпiне кiрiп, оларды рухтандыра бастады. Феникске жауап берген Менелай (ол Афинаны таныған жоқ едi) өзге құдайлардан бұрын ең алдымен Афинаны көмекке шақырды. Шаттанған әйел құдай Менелайдың бойына құдiреттi күш дарытты. Ал Аполлон троялықтарды жiгерлендiрумен болды. Қантөгiс шайқас одан әрi үдей түстi. Зевс қолындағы құдiреттi асасын сiлкiп қалып едi, күн күркiреп қоя бердi. Эллада қаҺармандарының бойын қорқыныш биледi. Гректердiң қаша бастағанын көрiп, Аякс Теламонид қайғыға батты. Ол Зевске үн қатып, қара түнектi сейiлте гөр деп өтiндi, гректердi ая, қырғынға ұшыратпа, ал егер өзiң тiптi солай ұйғарған болсаң, онда тым болмаса гректердiң жарықта өлуiне мүмкiндiк бере гөр деп жалбарынды. Зевс Аякстiң жалбарынған өтiнiшiне құлақ қойды. Қара түнек сейiлдi де, күн қайтадан жарқырап қоя бердi. Аякс Менелайға Нестордың ұлы Антилохты тауып ал да, Патроклдiң өлгенiн естiрту үшiн және троялықтар мүрденi тартып алуы мүмкiн екенiн хабарлау үшiн оны Ахиллге жiбер деп тапсырды. Менелай Аякстiң тiлегiн орындап, Антилохты тауып алды да, Патроклдiң қаза болғанын айтып бердi. Антилох хабарды естiп, қатты қайғырды. Нестордың жасөспiрiм ұлы көзiнен ащы жасы сорғалаған күйi Ахиллге жетуге асықты. Ал Патрокл мүрдесi маңында қырқыс барған сайын қыза түскен. Аякс Менелай мен Мерионға мүрденi көтерiп алып, қосынға алып кетуге кеңес бердi. Ал өзi оларды қорғап, троялықтарға тойтарыс берумен болды. Батырлардың Патрокл мүрдесiн көтерiп алғанын көре салысымен троялықтар бейне бiр құтырынған төбеттердей тұра ұмтылды. Бiрақ Аякс тап берсе-ақ бiттi, троялықтар қорыққаннан боп-боз болып қуарып, қалшиып тұра қалатын болды. Айналасындағының бәрiн жайпап, қаланы тып-типыл ететiн өрт тәрiздi шайқас қызып кете барды. Патроклдiң мәйiтiн қолына алған Менелай ақырын басып жүрiп кеттi. Аякс алғы сапында Эней мен Гектор құдiретiн көрсеткен троялықтар қыспағын әрең-әрең деп тежеп бақты.
Бұл кезде Ахилл өз шатырында отыр едi, ол Патрокл неге оралмағанын ойлаумен болды. Гректердiң тағы да қаша жөнелгенi ғана бiртүрлi мазасыздандырған. Кенет жанына жас төгiп Нестордың ұлы келдi. Ол Ахиллге Патроклдiң қаза тапқаны туралы хабарды жеткiздi. Ахиллдi шексiз қайғы есеңгiретiп жiбердi. Ол қос алақанымен ошақтағы ыстық күлдi уыстап алды да, басына септi. Күл киiмiне де төгiлдi. Ахилл жер бауырлап жата қалып қайғыдан шашын жұла бастады. Жас Антилох та ағыл-тегiл жылаумен болды. Ол қасiретке берiлiп, өзiн- өзi өлтiрiп тастамасын деп Ахиллдi қолынан ұстап отырды. Ахилл күңiрене жылады. Оның жылаған үнiн естiп, Фетида да зар еңiреп қоя бердi. Оған сiңлiлерi – нереидалар жетiп келiп, олар да дауыс сап жылай бастады.
– Сiңлiлерiм менiң!– деп дауыстады әйел құдай Фетида. – Қасiрет, басыма қасiрет орнады. Беу, неге ғана мен Ахиллдi жарық дүниеге келтiрдiм екен! Мәпелеп өсiрiп, Троя түбiне неге жiбердiм? Ендi оның ешқашан Пелейдiң сәулеттi сарайына қайтып оралғанын көрмеспiн. Ол өзiнiң қып-қысқа ғұмырында азап шегуге тиiс! Мен оған көмек те бере алмаймын! Қазiр ғана барамын да, неге қайғырып отырғанын бiлемiн!
Анасы Фетида өз сiңлiлерiмен Ахиллдiң қарсы алдына көздi ашып-жұмғанша жетiп келдi. Сүйiктi ұлын жылаған күйi басынан аймалады да:
– Сен неге бұлай дауыстап еңiреп отырсың? Жасырма, маған бәрiн айтып бер. Зевс сенiң өтiнiшiңдi орындап, грек әскерлерiн тура кемелерге дейiн қуып тастады ғой. Олар тек бiр нәрсенi – сенiң көмекке келуiңдi ғана күтiп тұр,– дедi.
– Бiлем бұны,бiлем сүйiктi анашым, – деп жауап қатты Ахилл. – Бiрақ бұған қуанатын не бар! Мен Патроклден айырылдым. Оны жұрттың бәрiнен де жақсы көретiн едiм, өз өмiрiмдей қымбат тұтатын едiм. Гектор оны өлтiрдi, құдайлар Пелейге сыйға тартқан сауыт-сайманды да сол ұрлап, иемденiп кеттi. Егер мен найзаммен Гекторды жайрата алмасам, егер ол Патроклдiң өлiмi үшiн өз өмiрiн өтеуге бермейтiн болса, онда мен адамдар арасында ғұмыр кешкiм келмейдi.
– Бiрақ сен де Гектордың iзiнше өлуге тиiссiң ғой! – деп айқайлап жiбердi Фетида.
– Уай, досымды құтқара алмағаным үшiн мен осы қазiр-ақ өлiп кетсем еттi! Ол, сiрә, өлер алдында менi шақырған болар-ау. Уа, дұшпандық, жаулаушылық атаулы құрып бiтсе екен, ол тiптi ақылды адамдарды да құтыртып жiбердi ғой. Мен Агамемнонға деген ашуызамды ұмытамын да, Гектордың көзiн құрту үшiн тағы да ұрысқа шығамын. Ажалдан еш қорықпаймын! Өлiмнен ешкiм де қашып құтыла алмайды, одан әкесi найзағай құдайы Зевс қандай жақсы көрсе де, ұлы Геракл де қашып құтыла алған жоқ. Мен тағдыр маңдайыма жазған жерде өлуге әзiрмiн, оған дейiн тек ұлы даңқты жеңiп аламын. Жоқ, бөгей көрме, анашым! Сен менi еш нәрсемен де ұстап тұра алмайсың!
Ахилл анасына осылай деп жауап бердi. Әйел құдай Фетида баласына: өзi оған Гефест құдайдан жаңа сауыт-сайман әкелiп бергенше, ұрысқа кiрiспей тұра тұр деп жалғыз ғана тiлек бiлдiрдi.
Сұлу нереидалар теңiзге сүңгiп кеттi. Фетида оларға Троя қабырғасы түбiнде не болғанын әкесi Нерейге айтып баруды тапсырды. Ал өзi Гефест құдайды iздеп, биiк Олимпке қарай самғай жөнелдi.
Бұл кезде гректер троялықтар қысымына әрең-әрең төтеп берiп тұр едi. Гректердi өкшелеген Гектор бейне бiр жалаңдаған жалын тiлi сияқты. Патрокл денесiн Менелайдың қолынан үш рет тартып алуға әрекет жасады. Үш ретте де оған Анкетер тойтарыс бердi. Осы кезде Ахиллге Гера жiберген құдайлар жаршысы Ирида келiп жеттi. Ол Ахиллдi ұрысқа шығуға үгiттедi. Ал мұның сауыт-сайманы жоқ едi. Ирида Ахиллге қару-жарақ асынбай-ақ шабуыл жасап келе жатқан троялықтарға қараңды көрсетiп қорқыту үшiн қосынды қоршаған дуалдың басына шығып тұр деп бұйырды.
Ахилл дуалдың үстiне шықты. Афина-Паллада да оның иығына билiк белгiсiн қондырып, басын алтын бұлтпен орады да, таңғажайып жарқыраған нұр-сәулеге бөледi. Ахилл дуал басында тұрып, қаҺар төге ақырып жiбердi, оған қосылып Афина-Паллада да сұстана айқай салды. Троялықтарды үрей биледi. Аттары үркiп, кейiн қарай қаша женелдi. Ахилл басын ораған жарқыраған нұр-сәуленi көрiп қос доңғалақты арбадағы делбешiлер де шошыды. Ахилл каҺарлана үш мәрте айқай салды, үш ретте де троялықтардың бүкiл әскерi қатты дүрлiктi. Осы сапырылыс кезiнде олардың он екi батыры қаза тапты. Бiр бөлiгi найзаға iлiнiп, бiр бөлiгiн аттар таптап өлтiрдi. Ал гректер Патроклдiң денесiн алып шығып, зембiлге салды да, дауыс көтерiп жылаған бойы Ахилл шатырына қарай әкеттi. Олардың соңында Пелейдiң ұлы да келе жатты. Өзi қанды ұрысқа жiберген досына қарап ол ағыл-тегiл дауыс салып, күңiренумен болды.
Гера күн құдайы Гелиосқа мұхит суына мерзiмiңнен бұрын батып кет деп әмiр бердi. Түн болды. Шайқас аяқталып, гректер қосыны ұйқыға шомды. Ал троялықтар айдалада кеңеске жиналды. Олар түрегеп тұрып, пiкiр алысты. Бiрде-бiрiнiң тiзесiн бүгiп отыруға батылы бармады, өйткенi олар Ахилл шабуыл жасап қалар деп қорықты. Полидамант жерлестерiне: таңның атуын, Ахиллдiң шабуыл жасауын осы жерде күтпей-ақ, Трояға қашу керек деп кеңес бердi. Егер ол троялықтарға жазық далада тап берсе, бiраз батырларымызды қырып тастайды, ал егер бiз қала қабырғасында тұрып қорғанатын болсақ, онда Ахилл өзiнiң жүйрiк аттарымен Трояны айналып, бостан босқа шапқылайды да, қаланы бәрiбiр ала алмайды дедi. Бiрақ Гектор Полидаманттың ақылын тыңдаған жоқ ол троялықтарға лагерьдiң алдыңғы жағына күзет қойып, осы жазықта қала беруге әмiр еттi. Гектор әлi де болса грек кемелерiне қайтадан шабуыл жасап, Троядан оларды қуып тастауға үмiттенген едi. Гектор егер Ахилл тағы да ұрысқа шығамын десе, ендi онымен шайқасудан жалтармаймын деп хабарлады. Сол кезде екеуiнiң бiрi: не ол, не Ахилл үйiне жеңiспен оралатын болады. Афина-Паллада троялықтардың ақылесiн алып қойды да, олар лагерь құрып далада қала бердi.
Ал бұл кезде грек қосынында Ахилл Патроклдiң кеудесiне қолын тосып, марқұмды жоқтап, жылап отырған. Ол күшiктерiн аңшы ұрлап әкеткен арыстан сияқты ауыр аза тұтып, өксумен болды. Мiне, ендi сол арыстан аң аулаудан қайтып оралды да, үңгiрiнен күшiктерiн таба алмай, орман iшiн жаңғырықтыра арылдап, күшiктерiн ұрлап әкеткен адамның iзiн кесiп жүр.
– О, құдайлар, құдайлар! – деп күңiрендi Ахилл. – Елге Патроклмен бiрге қайтып ораламын деп мен неге оның әкесiне уәде бердiм? Жоқ, тағдыр бiздiң екеумiзге де Троя жерiн өз қанымызбен суаруды бұйырыпты. Жорықтан қайтып келе жатыр деп менi ендi әкем Пелей де, сүйiктi анашым да қарсы ала алмайтын болды. Мейлi, өлсем өлейiн, қымбатты Патрокл, бiрақ өлмей тұрып, мен Гектордан кегiңдi алып, сән-салтанатпен сенi жерлейтiн боламын.
Ахилл достарына Патроклдiң қанға боялған денесiн жуып, хош иiстi май себуге әмiр бердi. Достары бұл бұйрықты орындады. Патрокл мүрдесi бай жабдықталған табытқа салынып, үстi жұқа матамен, оған қоса сәулеттi жамылғымен бүркелдi. Мирмидондықтар Патроклдi түнi бойы жоқтап күңiрендi, олармен бiрге Ахилл мен Патрокл тұтқынға алған троялық, дардандық қызкелiншектер де өксiп жылаумен болды.
ФЕТИДАНЫҢ ГЕФЕСТКЕ КЕЛУI. АХИЛЛДIҢ ҚАРУ-ЖАРАҒЫ
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Әйел құдай Фетида сәулеттi Олимптегi Гефест құдайдың сарайына самғап ұшып шықты. Фетида келген кезде Гефест ұста дүкенiнде едi. Қара терге малшынып ол бiрден үш аяқты жиырма тұғыр соғып шығарып жатқан болатын. Бұларға алтын доңғалақ орнатылған едi, олар құдайларға өздерi дөңгелеп барып, өздерi керi қайтып кететiн. Ендi тек осы үш аяқты тұғырларға өрнектелген тұтқа жасау ғана қалып едi. Гефест осы тұтқалар үшiн шеге соғып жатқан кезде, әйел құдай Фетида ақырын басып сарайға кiрдi. Оны Гефест құдайдың сұлу әйелi Харита көрiп қалды. Бiр жылы мейiрiммен ол Фетиданың қолынан ұстады да:
– Kip үйге Фетида, – дедi, – сен бiзге өте сирек келесiң ғой. Қандай жағдай айдап әкелдi?
Харита Гефестi шақырды. Өзiн бiр кезде Олимптен лақтырып тастаған тұста өмiрiн аман сақтап қалған әйел құдай Фетида iздеп келдi дегендi естiсiмен, Гефест жұмыс iстеп жатқан жерiнен ұшып тұрды. Төс жанындағы құрал-сайманының бәрiн жинастырды да, оларды күмiспен қапталған қобдиға салып қойды. Қолын, кеудесiн, мойны мен бет-аузын дымқыл сүлгiмен сүрткiлеп тер мен күйеден тазартты, киiмiн киiп, жуан таяғына сүйенген күйi әйел құдай Фетиданың алдына жеттi. Гефесттi өзi алтыннан сомдап соққан қызметшi қыздар қолтықтап келдi, олар бейне бiр жаны бар адамдар сияқты едi. Гефест Фетиданы қолынан ұстады да оған:
– Айтшы, Тәңiрiм, саған не керек? Егер шамам келсе, сен үшiн бәрiн де iстеуге әзiрмiн, – дедi.
Фетида көз жасын көлдей теге отырып, құдайлар өзiнiң әкесi Пелейге сыйға тартқан сауыт-сайманнан ұлының қалай айырылып қалғанын, Гектордың Патроклдi қалай өлтiргенiн, Ахиллдiң өз досын ойлап аза тұтып отырғанын, кiсi өлтiрушiден кек алуға деген құштарлығын, бiрақ қару-жарағы жоқ екенiн айтып бердi. Ол өз ұлына қару-жарақ соғып беруiн өтiндi. Фетиданы тыңдап болысымен Гефест көрген адамның бәрiнiң көз жауын алатындай етiп, тамаша қару-жарақ соғып беруге бiрден келiсе кеттi.
Гефест өзiнiң ұста дүкенiне келдi. Көрiктi басты да, отты лаулатуға бұйырды. Көрiк оның әмiрiне бой ұсынып, бiресе бiр қалыпты, бiресе тез ұрлеп, отты дүрiлдетiп жаға бердi. Гефест отқа мыс, қалайы, күмiс пен ең бағалы алтындарды салды. Содан соң төстi ыңғайлап қойып, қолына орасан зор балға мен қысқаш алды. Ең алдымен Гефест Ахиллге арнап қалқан соқты. Қалқанды ғажайып бейнелермен өрнектедi. Онда жердi, теңiз бен аспанды, ал аспанда күндi, ай мен жұлдыздарды оюлады. Жұлдыздар арасында Плеяда, Гиада мен Орион, Аю шоқ жұлдыздары бар едi. Қалқанға Гефест екi қаланы да бейнеледi. Бiр қалада үйлену тойлары өтiп жатты. Көшелерде той шерулерi мен жас жiгiттер хоры, ал әйелдер өз үйлерiнiң есiгiнiң алдында оларға қарап тұр. Алаңда халық жиналысы бас қосыпты. Онда екi азамат кiсi өлтiрген үшiн құн (вира149) төлеу туралы айтысу үстiнде. Екi топқа бөлiнген азаматтар күңкiлдескендердi өздi-өздi болып қолдап жатыр. Жаршылар бұларды тыныштандыра алмай әлек. Қала қарттары алқа-қотан отыр, әрқайсысы қолына аса таяғын алып даулы мәселе бойынша өз шешiмiн айтулы. Ал ортада дауласушыларға ең әдiл төрелiк айтқан адамға сыйлыққа берiлетiн екi талант150 алтын жатыр. Басқа бiр қаланы жаулар қоршап алыпты. Қоршаудағылар қаланы қорғауға әйелдерiн, жас жiгiттерi мен қарттарын қалдырып, өздерi дұшпанды қарсы алу үшiн тосқауыл құрған. Оларды құдiреттi де қаҺарлы Арес құдай мен әйел тәңiрi Афина-Паллада қолдауда. Екi жансыз iлгерi жiберiлген. Мiне, жауда қолды болған мал табындары көрiндi. Азаматтар тасадан атып шығып, жаудан малын қайтарып алып жатыр. Бұл шуды дұшпан қосындағылар естiп, өз әскерлерiмен көмекке жетуге асығуда. Қан төгiс шайқас басталған, ал шайқаста жауынгерлер арасында кекшiл-бүлiк әйел құдайы мен қаҺарлы ажал құдайы жортып жүр. Гефест қалқанда егiстiк жердi де бейнеледi. Диқандар соқа соңынан келе жатыр. Олар танаптың бiр шетiнен жеткен кезде қызметшiлер бұларға шарап құйылған құмыраларды берiп тұр. Құдай егiн жинау сәтiн де бейнелептi. Орақшылар егiн орып жүрсе, қалғандары оны баулап, ал балалар масақ терiп жүр. Егiстiк қожасы бiтiк егiннiң қалай жиналып жатқанына қуана қарап тұр. Бiр шетте әйелдер орақшылар үшiн тамақ пiсiрiп жатыр. Осы тұста жүзiм жинау да бейнеленген. Жас жiгiттер мен қыздар себеттерге салынған жүзiмдi көтерiп келедi. Бiр сұлу жас жiгiт сазда ойнап, ал оның айналасында көңiлдi топ би билеп жүр. Гефест өгiздер табынын да бейнеледi. Табынға екi арыстан шауыпты. Бақташылар арыстандарды жасқап, қуып тастамақшы, бiрақ иттердiң арыстандарға тиiсуге батылы бармай, тек оларға шабаланып үрiп тұр. Оның қасында алқапта жайылып жүрген күмiс жабағылы қойлар, жем салатын науалар, мал қоралары мен бақташылар үйлерi көрiнiс тапқан. Ақыр соңында Гефест бiр-бiрiнiң қолынан ұстап, билеп жүрген жас жiгiттер мен қыздар тобын және олардың биiн тамашалаған тұрғындарды зерлейдi. Ал бүкiл қалқанның жиегiнде Гефест жердi айнала шалқып жатқан Мұхитты бейнелеген. Қалқанды жасап болған соң Гефест Ахиллге лапылдаған жалын тәрiздi жарқыраған сауыт, алтын айдарлы ауыр дулыға, жұмсақ қалайыдан қын соқты,
Жұмысын бiтiрген соң ол сауыт-сайманды Фетидаға апарып бердi. Зымырап ұшқан қаршыға тәрiздi Фетида Олимптен ұлына қару-жарақты тезiрек жеткiзу үшiн шалғайдағы жерге самғай ұша жөнелдi.
АХИЛЛДIҢ АГАМЕМНОНМЕН ТАТУЛАСУЫ
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Таң шапағы рауандап атысымсн Фетида ұлына сауыт-сайманын әкелiп бердi. Ол келген кезде баласы Патрокл мүрдесiнiң қасында ағыл-тегiл жылап отыр едi. Баласып жұбатуға тырысып, Фетида өзi әкелген сауытсайманды көрсеттi. Сауыт-сайман жарқылының күштiлiгi сонша, мирмидондықтардың бiрде-бiрi оған көз тiгiп қарай алмады. Фетидапың ұлы дереу троялықтармен шайқасуға бел буды. Ол тек бiр нәрсеге ғана мазасызданды. Патроклдiң денесi iрiп-шiрiп, бүлiнiп кетпес пе екен деп қана қорыққан едi. Бiрақ әйел құдай Фетида оны бұл күдiгiнен сейiлттi. Марқұмның мүрдесiне шәрбәт пен мәңгiлiк жүзiм сөлiн құйып, бұзылып кетуден аман сақтаймын дедiө осыдан кейiн қайтыс болған Патрокл бұрынғыдан да сұлулана түсуге тиiс болды. Фетида ұлына грек көсемдерiнiң кеңесiне бар деп ақыл бердi.
Ахилл теңiз жағалауымен жүрiп отырып, жұрттың бәрiн халық жиналысына шақырды. Бүкiл әскер Агамемнон шатырының жанына жиналды. Ақсаңдай басып Одиссей мен Диомед келдi, жарасы жанын ауыртқан Агамемнон да шатырынан шықты. Жұрт жиналып, тыныштық орнаған кезде, Ахилл Агамемнонға татуласайық деп ұсыныс жасады. Ол жұрттың бәрiн тезiрек троялықтармен шайқасуға шақырды. Ахилл мен Агамемнонның арасындағы араздық бiткенiн естiп, гректер қатты қуанды. Агамемнон орнынан тұра келдiө өз кiнәсiн мойындады және менi араздық тәңiрiсi адастырып жiбердi дедi. Адамдардың арасында жымын бiлдiрмей жүретiн ол өз торына қалай түсiрiп алғанын сезбегенiн айтты. Басқаны былай қойғанда, бiр кезде Зевстiң өзiн де алдап соқты ғой ол. Агамемнон татуласса беремiн деп уәде еткен сыйлардың бәрiн дереу Ахиллге беруге әмiр еттi. Бiрақ ендi бұл сыйлардың Ахиллге керегi де жоқ едiө ол тек шайқас туралы, Гектордан кек алу жайын ғана ойлап, жұрттың бәрiн тезiрек шайқасқа жұмылуға шақырды. Бiрақ қулығына құрық бойламайтын Одиссей Ахиллге асықпайық деп кеңес бердi. Ол алдымен жауынгерлер ас-су, шарап iшiп тойынып алсын да, ұрысқа тыңайып кiрiсетiн болсын дедi. Ал бұл кезде Ахилл сыйлықтар мен өзiне қайтарып берiлген Брисеиданы қабылдауға тиiс болды. Агамемнон Одиссейдiң ақыл-кеңесiне құлақ асты. Ол Одиссейден қасына жас жiгiттердi ертiп, сыйлықтар мен Брисеиданы алып келудi өтiндi, ал жаршы Талфибийдi татулық белгiсiне деп құдайларға құрбандыққа шалу үшiн қабан аулап алып келуге жiбердi. Ахилл сыйлықтың керегi жоқ, одан да шайқас туралы ойлайық деп бостан-босқа жiк-жапар болды. Ол гректер қазiрден бастап ұрысқа шықсын, өлгендер үшiн кек алғаннан кейiн ғана, кешкiсiн ортақ той дастарқанына отырса деп тiлеген едi. Ахилл дәл қазiр, өз шатырында өзi әлi ол үшiн кек алмаған адал досы жерленбей жатқан кезде, той тойлап отырғысы келмедi. Алайда Одиссей Ахиллдi шайқасты әзiрше бастамай тұра тұруға көндiрдi. Ол Агамемнонның шатырынан сыйларды, ал өзге батырлар күңдер мен Брисеиданы әкелдi.
Жұрттың бәрi шатырларына тарап кеттi. Мирмидондықтар болса, Агамемнонның сыйларын алып, өз кемелерiне жөнелдi. Олармен бiрге Ахилл де кеттi. Көп ұзамай Ахиллге грек көсемдерi келiп, тамақ iшiп, әлденiп ал дедi, бiрақ Ахилл ас iшуден бас тартты. Агамемнон, Менелай, Одиссей, Нестор, Идоменей мен Феникс Ахиллдiң қасында қалдыө олар ұлы батырды жұбатуға тырысты, бiрақ Ахилл тек қана Патрокл туралы ойлап, күңiрене тiл қатты.
– Патрокл, бiр кездерi сенiң өзiң де маған ұрыс алдында тамақ iш деушi едiң, ал қазiр сен найзадан мерт болып жатырсың. Тiптi өз әкемнiң өлiмi емес, Скироста қалдырып кеткен сүйiктi ұлым Неоптелемнiң өлiмi туралы естiсем де, қайғым менiң қазiргiден күштi болмас едi. Мен жат жерде жалғыз өзiм ғана өлермiн дел ойлаушы едiмө Фтияға қайта оралып, жас баламды сол жерге сен алып барасың-ау деушi едiм.
Ахилл қатты қамығып жылады. Айнала қоршаған батырлар да күрсiнумен болды. Олардың әрқайсысы өз елiнде қалдырып кеткен жақын-жұрағаттарын еске алды. Зевс Олимптен Ахиллдiң қапаланып отырғанын көрдi де, Афина-Палладаға батырдың шатырына барып, оның кеудесiне шәрбәт пен мәңгiлiк жүзiм сөлiн сеп деп әмiр бердi. Афина бейне бiр бүркiт тәрiздi Олимптен самғап ұшып түстi де, күш-қайратын жоғалтпауы үшiн Ахиллдiң кеудесiне шәрбәт пен мәңгiлiк жүзiм сөлiн бүрiктi.
АХИЛЛДIҢ ТРОЯЛЫҚТАРМЕН ШАЙҚАСҚА КIРIСУI
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Гректер қару-жарағын тағынды. Жасақтар қосыннан бiрiнен соң бiрi сап құрып шыға бастады. Жел айдаған қар қалай ұшқындайтын болса, гректер де нақ солай ентелей шайқасқа ұмтылды, олар қарақұрым едi. Дулығалар, найзалар мен қалқандар күн көзiне шағылысып, жарқ-жұрқ еттi. Теңiз жағалауы жауынгерлер дүбiрiнен солқылдағандай болды. Пелейдiң ұлы да қаруланды. Ол Гефест соққан сауыт-сайманын кидi, семсерiн иығына асынды, толған айдай жарқыраған қалқанын алды, тек өзi ғана көтере алатын зiл батпан зор найзасын да сығымдай ұстады. Жұлдыздай жарқыраған дулығасын басына киiп, шатырдан шықты. Жанары ашу-ызамен жалтжұлт еттi, ал жүрегi бұрынғысынша қайғыдан қан жылап тұр едi. Делбешi Автомедонт қос доңғалақты арбаға көтерiлдi де, қолына қамшы мен делбенi алды. Ахилл де қос доңғалақты арбаға мiндi. Шайқасқа бара жатып, ол аттарына үн қатты:
– Ай, Ксанф пен Балий, Подарған дүлдүлдiң тұяқтары! Сендер менi шайқастан аман-сау алып шығыңдар, Патрокл сияқты шайқас даласына тастап кетпеңдер.
Гера естi етiп жаратқан Ксанф кенет басын төмен салып жiбердi де, Ахиллге адамша тiл қатты.
– Ұлы Ахилл, бүгiн бiз сенi шайқастан аман-сау алып шығамыз, бiрақ сенiң өмiрiңнiң соңғы күнi де алыс емес. Патроклдiң қаза тапқанына бiз кiнәлi емеспiз. Оны жебе тәңiрi Аполлон жайратты, Гекторға жеңiстi алып берген де сол. Бiз тiптi Зефир сияқты жүйткитiн болсақ та, тағдыр саған бәрiбiр Аполлон құдай мен қарапайым ердiң қолынан қаза табуды жазған.
Ахилл долдана айқай салды:
– Сен немене, маған өлесiң деп сәуегейлiк айтасың, Ксанф! Тағдыр жазмышымен, әке-шешемнен жырақта, осы жерде қаза табатынымды өзiм де бiлемiн. Бiрақ Патрокл үшiн кек алып, бұл топырақты троялықтар қанымен суарғанша, мен шайқасты тастап кетпеймiн.
Ахилл осылай деп айқайлады да, аттарды қанды қырғынға қарай айдады. Ал бұл кезде гректер далада сапқа тұрып үлгерiп, Трояның алдындағы қырқаға бекiнген троялықтарға шабуыл жасап жатыр едi.
Осы кезде Зевс әйел құдай Фетидаға құдайларды кеңеске жина деп әмiр бердi. Құдайлар тегiс Зевс сарайына жиналды, тiптi өзендер мен тасқындар құдайлары да, үр қыздары мен бұлақ тәңiрлерi де келдi. Найзағай құдайы жиналғандарға өзiнiң шайқасқа араласпайтынын, тек оны Олимп асқарынан бақылап қана отыратынын айтты. Ал гректердi не троялықтарды жақтап, құдайлардың шайқасқа қатысуына болады. Зевс троялықтар Ахиллдiң дүлей тегеуiрiнiне төтеп бере алмас, тағдырдың жазуына қарамастан, Ахилл Трояны басып алар деп қорыққан едi. Құдайлар сол сәтте-ақ жерге түстi. Әйел құдайлар Гера, Афина-Паллада мен Посейдон, Гермес, Гефест құдайлар гректер жағына шықты да, ал әйел құдайлар Афродита, Артемида, Латона мен Арес, Аполлон құдайлар, өзен құдайы Ксанф троялықтар жағына шықты.
Олимпиялық құдайлар әскерлерге жақындап келiсiмен, әйел құдай Эрида ұрысты бастап жiбердi. Грек әскерлерiнiң арасымен жортқан Афина-Паллада қаҺарлана айқай салды. Оған жауап ретiнде бейне бiр дүлей дауыл сияқты, соғыс тәңiрiсi Арестiң айғайы естiлдi. Әскерлер бiр-бiрiне тап бердi. Зевс найзағайы жарқылдап, аспан күркiреп кеттi. Посейдон құдай бүкiл жердi дүр сiлкiндiрдi. Таулар етегiнен ұшар басына дейiн солқылдап, ұлы Троя мен грек кемелерi қалтырап кеттi. Өлгендер жаны патшалығының әмiршiсi – Аид үрейге берiлдi. Ол қара жер қарс айырылып, сөйтiп тiптi мәңгi жасайтын құдайлардың да зәре-құтын ұшыратын өзiнiң құбыжық патшалығының бетi ашылып қалар деп қорқып, тағынан атып тұрды. IПайқас басталып кете барды. Ахилл шайқаста Гектормен кездесудi ғана аңсады.
Жебе тәңiрi Аполлон Приамның ұлы Ликаонның кейiпiне кiрдi де, Энейдiң жанына келiп, сен Афродитаның ұлысың ғой, ендеше ешнәрседен қорықпа, өзiңнен дәрежесi төмен әйел құдай Фетиданың ұлы – Ахиллмен тайсалмай шайқасқа шық дедi. Осынысымен ол Энейге дем бердi. Анхиздiң ұлы жасқанбай-ақ суырылып алға шықты. Әйел құдай Гера мұны көрдi де, Аполлон шайқаста Энейге көмектеседi деп қорықты. Ал Посейдон болса, құдайларға дәл қазiр шайқасқа араласпай қоя тұрайық, бiр кездерi Геракл теңiз жағалауына үйген дуалға шығып отырайық та, ұрысқа тек Арес пен Аполлон құдайлар араласқан кезде ғана қатысайық деп кеңес берген-дi. Гректерге көмектесiп жүрген құдайлар Посейдонның сөзiне құлақ асып, шайқастан аулағырақ жерге барып отырды. Ал троялықтарға көмектесiп жүрген құдайлар Калликолон дөңiндегi тастарға жайғасты.
Эней мен Ахилл бiр-бiрiне тап бердi. Ахилл Анхиздiң ұлын мысқылдап қарсы алды: ол Энейдiң бiр кезде қаша жөнелгенiн есiне салып, тезiрек жауынгерлердiң арасына барып тығыл деп кеңес бердi. Бiрақ Эней Ахиллге жас бала сияқты менi босқа қорқытасың деп жауап қайтарды. Ол өзiнiң қандай қаҺармандар тегiнен шыққанын Фетиданың ұлының да есiне салды. Эней шайқасты тезiрек бастағысы келдi. Қуатты қолымен найзасын Ахиллдiң қалқанына қойып қалған, бiрақ тесiп өте алмады. Құдай сомдап соққан қалқанды адамның қолы тесе алмайтын едi. Ендi Ахилл найзасымен Энейдiң қалқанын ұрып жiбердi. Найза қалқанды көктей өттi, бiрақ Эней бұғып қалды да, найза оның басынан асып кеттi. Қорқыныштан Энейдiң көзi қарауытып жүре бердi, ол өлiмнiң аз-ақ алдында қалған едi. Ахилл семсерiн суырып, ал Эней жерден орасан зор тас тауып алды. Эней өлiп-ақ кететiн едi, бiрақ Посейдон құдай оның опат болуына жол бергiсi келмедi. Жедел көмекке жетiп үлгердi, Ахиллдiң найзасын көтерiп алды да, оны аяғының астына тастады. Жер сiлкiндiрушi құдай Ахиллдiң көз алдын қара түнекке бөлеп, Энейдi қуаттты қолымен қызу шайқас даласынан шалғай алып кеттi. Сол жерде ол Энейге көрiндi де Ахилл тiрi тұрғанда жауынгерлердiң алдыңғы сапында шайқасуға тыйым салды. Посейдон Ахиллдiң көз алдындағы қара түнектi кенет сейiлтiп жiбердi. Аяғының астында жатқан найзасын көрiп, Фетиданың ұлы таң-тамаша болды, қарсы алдында Эней жоқ едi. Ахилл Энейдi құдайлардың желеп-жебеп отырғанын түсiне қойды, ендi оның өзiмен бұдан былай шайқасуға жүрегi дауалмайтынына көзi жеттi.
Ахилл қатты долданып шайқасқа қойып кеттi. Гекторды iздеп жүрiп, қыруар батырды өлтiрдi. Ал Аполлон құдай Гектордың Ахиллге шабуыл жасауына рұқсат бермей қойған, ол оған жауынгерлердiң артқы жағында бол деп әмiр еткен. Бiрақ мiне Ахилл найзамен жаншып Приамның ұлы – Полидорды өлтiрiп жiбердi. Троя патшасының тiрi қалған ұлдарының iшiндегi ең кенжесi едi, әкесi жанындай жақсы коретiн. Гектор iнiсiнiң қаза тапқанын көрiп қалды да, Аполлонның ақыл-кеңесiн ұмытып, Ахилл шайқасып жүрген жерге қарай тұра ұмтылды. Ахилл де Гекторды көрдi, оның зәҺар шашқан жанары қуаныштан жайнап кеттi.
– Мiне, менiң жүрегiмдi қалың қайғымен улаған жан! – деп айқай салды Ахилл.– Ендi бiз шайқас даласын сүзiп бiр-бiрiмiзден қашқанды қоялық. Мен сенi тезiрек Аид патшалығына жiбере алатын болуым үшiн жақынырақ келе қал.
Гектор болса оған:
– Бiздiң қайсымыз өлетiнiмiз әлi белгiсiз, Ахилл, – деп жауап қайтарды. – Мен сен сияқты күштi болмасам да, екеумiздiң қайсымыз бұрын қаза табатынымызды тек құдайлар ғана бiледi. Бiлiп қой, менiң найзам да өткiр.
Гектор найзасын лақтырып қалды. Бiрақ АфинаПаллада өз демiмен найзаны ауытқытып жiбердi де, ол Ахиллдiң аяғының астына барып түстi. Ахилл Гекторға тап бердi, бiрақ Аполлон құдай көмекке жетiп үлгерiп, Гекторды қою қараңғылықпен тұмшалай бастады. Ахилл үш мәрте Гекторға тап бердi, бiрақ әрдайым найзасы тек қараңғы түнектi қармаумен ғана болды. Төртiншi рет тап бердi де, қаҺарлана айқай салды:
– Тағы да сен, төбет, ажалдан қашып құтылдың-ау! Аполлон сенi тағы да құтқарып қалды. Егер құдайлардың арасында менiң де желеп-жебеушiлерiм болса, көп ұзамай саған да қолым жетер.
Ашу үстiнде Ахилл өзге троялық батырларға тап берiп, мұның сұрапыл найзасынан бiразы қаза тапты. Ол троялықтар сапына бейне бiр жалмайтын өрт тәрiздi құтырына қырғын салды. Диқан қырманда арпа бастырған кезде өгiздер тұяғы астында масақтар қалай жапырылатын болса, Ахиллдiң аттарының аяғының астында да солай жауынгерлердiң денелерi, қалқандары мен дулығалары быт-шыт болып шашырап жатты. Aшy билеген Ахиллдiң бүкiл жан-жүрегi тек жауынгерлiк даңқты аңсадыө қолы қанға боялды. Троялықтар қаша жөнелдi. Бiрақ Ахилл оларды Скамандр жағасында қуып жеттi. Жау сапының арасына баса-көктеп кiрдi де, қашып бара жатқандарды қақ бөлдi. Бiр бөлiгi Трояға қарай қашты, бiрақ Гера олардың жолын тас қараңғы түнекпен жауып тастады. Ендi бiр бөлiгi өзен жаққа қарай лап қойды. Көптеген троялықтар Скамандрда бас сауғаламақ болды. Өзенге лап қойған жауынгерлерден суда жал-жал толқын көтерiлдi. Бiреулерi жүзiп құтылмақ болды, ендi бiреулерi биiк жағалау астында жасырынып қалуға тырысты. Қолына семсерiн ұстаған күйi Ахилл Скамандр суына қойып кетiп, қашып бара жатқан троялықтарды ерсiлi-қарсылы шаба бастады. Ол он екi троялық жас жiгiттi ұстап алып, қолдарын қайыспен байлап тастады да, өзiнiң мирмидондықтарына қосынға апарып тастаңдар деп әмiр бердiө ал өзi қайтадан троялықтарды қыруға кiрiстi.
Ол Приамның жасөспiрiм ұлы – Ликаонды да Скамандр жағасында қуып жеттi. Бақытсыз Ликаон Ахиллдiң аяғын құша, қисапсыз көп төлем беруге уәде етiп, өзiн аман қалдыра көр деп жалбарынды. Бiрақ досы Патрокл үшiн кеудесiн кек кернеген Ахилл Ликаонды аяған жоқ. Пелейдiң ұлы Ликаонға қылпылдаған семсерiн бойлата сұққанда ол бiрден жан тапсырып құлап түстi.
Ахилл қаҺарына бұрынғысынан бетер қатты мiндi. Ол қандай тарту-таралғы құрбандық берсеңдер де өзен құдайы Скамандр сендердi құтқарып қала алмайдыө мен Патрокл үшiн, қаза болған гректер үшiн кек ала отырып, бәрiңдi де қырып-жоямын деп троялықтарды қорқытты. Ахиллдiң менмен, өркөкiрек, өктем сөздерiн естiген Скамандр өзенiнiң құдайы – Ксанф қатты ашуланды. Ал бұл кезде Аксийдiң ұлы – өзен құдайы Астеропей Ахиллмен шайқасып көрудi ұйғарған. Ол Ахиллге бiрден қос найзасын лақтырды. Бiр найзасымен батырдың оң қолын бiлек тұсынан жаралады. Ахилл да өзiнiң орасан зор найзасын Астеропейге қарай лақтырды. Зу етiп өте шыққан найза жағалауға бойлай кiрiп кеттi. Астеропей Ахиллдiң найзасын суырып алмақ болып, босқа әурелендi: тiптi оны көтеруге де күшi жетпедi. Пелейдiң құдiреттi ұлы семсерiн жалаңаш ұстаған күйi жауына тұтқиылдан тап бердi де, табан астында-ақ жайратты, сүйегiн Скамандр суына тастады. Ахилл тағы да бiраз батырларды жер жастандырды. Скамандр өзенiнiң құдайы Ксанф терең тұңғиықтан айқай салды:
– Ахилл! Троялықтарды суымнан қуып шық, оларды менiң суымда емес, далада өлтiр. Троялықтар денесi теңiзге құятын арнамды бөгеп тастады. Менiң арнамда троялықтарды өлтiруiңдi қой.
– Ксанф! – деп жауап бердi құдайға Ахилл.– Оларды Трояға қуып тығып, Гектормен шайқасқанға дейiн мен троялықтарды өлтiрудi тоқтата алмаймын.
Ксанф ендi Аполлон құдайға күңiрене үн қатты:
– Оу, қиядағыны жебесiмен қырқып түсетiн құдай! Сен найзағай тәңiрi Зевстiң әмiрiн орындамай отырсың ғой! Ол саған тау мен даланы түн қараңғылығы басқанша троялықтарды қорғайтын бол деп әмiр еткен жоқ па едi?
Скамандр суы буырқанып, көбiк атты да арқырап гүрiлдеп өлгендердiң денесiн жағалауға айдап шыға бастады, ал тiрi қалғандарын өзен құдайы үңгiрге паналатты. Өзенге қойып кеткен Ахиллдiң төңiрегiнде толқындар тулады. Ол аяғымен тiк басып тұра алмай қалды. Ахилл өзен жағасындағы зәулiм шетен ағаштан ұстай алды, бiрақ Скамандр түбiн шайып кеткен шетен ағашы шайқалып барды да, бейнебiр көн құсап еденге кесе келденең құлап түстi. Ахилл толқыннан қашып шығып, беталды далаға жүгiре жөнелдi. Iзiнше Скамандр өзенiнiң қуатты долы толқындары күркiреп ағып, басып қалу қаупi туды. Ахилл әлденсше рет таудай толқынмен арпалыспақшы да болды, бiрақ жай адам мәңгi жасайтын өзен құдайымен күресе алатын ба едi? Толқын оны көме бастады, иығына дейiн буырқана су басып, табанын жерге тiретпей есiнен тандырды. Ақыр соңында Ахилл көкке көз тiгiп айқай салды:
– Уа, найзағай құдайы, Зевс! Пешенеме тек Троя түбiнде Аполлонның жебелерiнен өлу ғана жазылған мен шындығында буырқанған тау суынан жалдап өтемiн деп суға кеткен сарыезу шошқа бақташысы сияқты масқара қазаға душар болмақпың ба? Оу, бұдан да менi құдiреттi Трояның ең даңқты перзенттерiнiң бiрi Гектордың өлтiргенi жақсы едi ғой!
Пелей ұлының осы сөздердi айтуы-ақ мұң екен, қасына Посейдон мен Афина-Паллада лезде жетiп келдi. Құдайлар Ахиллдi рухтандырып, троялықтарды қалаға қуып тығып, Гекторды жер жастандырғанға дейiн ерлiкпен шайқаса бер деп бұйырды. Жеңiстен кейiн қосынға өшпес даңқпен ораласың дедi олар. Афина-Паллада Ахиллдiң кеудесiне құдiреттi күш құйды. Скамандр онымен ұстаса алмады да, туысы, бұлақ тәңiрiсi Симоистi өзiне көмекке шақырды. Балдыр басқан тау толқын бұрынғыдан бетер көкке атылды. Қабырға тәрiздi Ахиллдi құрсаулай бердi. Әйел құдай Гера Пелейдiң ұлы өлiп қала ма деп қорқып кеттi де, өз баласы Гефест құдайды көмекке жiбердi. Далада Гефест құдайдың лаулаған жалыны бұрқ еттi. Ахилл өлтiрген троялықтар денесi көңiрсiп жана бастады. Симоис толқындары басып қалған дала әпсәтте-ақ құрғап шыға келдi. Гефест өзендi де жағып жiбердi. Өзен жағалауындағы шетен мен сәмбi талдар отқа оранды, дымқыл жасыл құрақ пен әупiлдек гүлдер де жана бастады. Судағы балықтар жан-жаққа тым-тырақай қашып, бәрiн жалмап жатқан жалыннан тұңғиық су түбiне жасырынып құтылмақ болды. Симоис лап етiп жанды да, Гефест құдайға ышқына дауыстап үн қатты:
– О, Гефест! Еш құдай сенiмен тiресе алмайды! Мен де ендi шайқастан бас тартамын? Отыңды сөндiре көр, бұдан былай мен троялықтарға ешқашан да көмектеспеймiн! Мейлi оларды Пелейдiң ұлы өлтiре берсiн!
От суды одан сайын қайнатып, ғаламат қызудан бұрқ-сарқ еттi. Өзен ағысы тоқтап қалды, ыстық Скамандрды әбден титықтатты. Ксанф ұлының ашуын баса көр дел әйел құдай Гераға жалына бастады. Ол ендi бұдан троялықтарға ешуақытта да, тiптi гректер өрт қойып, Троя лапылдап жана бастаған шақта да көмектеспеймiн деп құдайлардың ұлық сертiн айтып, ант-су iштi. Гера Гефест құдайды тоқтатып, өрт сөндi.
Құдайлар арасында күштi егес қызды. Олар шайқасқа лап қойды. Аяқтарының астында жер солқылдады. Құдайлар бiр-бiрiмен қалай шайқаса бастағанын көрiп, Зевс күлiп жiбердi. Соғыс құдайы Арес осының алдында ғана өзiн жаралағанда Диомедке көмектескенi үшiн кек алғысы келiп, әйел құдай Афнна-Палладаға дүрсе қоя бердi. Ол өз найзасымен әйел құдай дулығасының төбесiндегi тәждi түйреп өттi, бiрақ тесе алмады. Афина орасан зор тасты көтерiп алды да Арестi желкеден ұрып жерге жалп еткiздi. Үстiндегi сауыт-сайман салдыргүлдiр етiп, оның басы шаңға көмiлдi. Ареске махаббаттың әйел құдайы Афродита көмекке келiп, шайқас алаңынан алып кетпек болды. Бiрақ Афина найзамен кеудесiнен жаралап, Афродита да жерге құлап түстi. Теңiз құдайы Посейдон Аполлонды шайқасқа шақырды. Бiрақ жебесi қиядан шалатын құдай жекпе-жекке шыққан жоқ, Аполлон Зевстiң құдiреттi ағасы – жер сiлкiндiрушi Посейдонға қол көтеруге қорықты. Әйел құдай Артемида Посейдонмен шайқасудан жалтардың деп, өз туысы Аполлонды жазғырумен болды. Мұны естiген Гера қатты ашуланды. Артемиданы қолынан шап берiп ұстап, садағын жұлып алды да, өз садағымен оны ұрып жiбердi. Артемиданың жебелерi шашылып қалды, көз жасын көлдей ғып, қырғи қуған көгершiндей қаша жөнелдi. Әйел құдай Латона жебелердi жинап, қызының садағын жерден көтерiп алды да, соңынан кеттi. Ал Артемида болса, Олимпке ұшып шықты да, өзiн Гера жәбiрледi деп Зевске өкси тұрып, шағым айтты. Бiреулерi өз жеңiсiн мақтан етiп, ендi бiреулерi ашуызаға булыққан күйi басқа құдайлар да Олимпке қайтып келдi. Ал Аполлон Трояға қарай самғай жөнелдi: ол тағдырдың жазуына қарамастан, гректер Троя қабырғаларын қиратып тастай ма деп қауiптенген едi.
Приам қарт Ахиллдiң троялықтарды далада дүркiретiп қалай қуып бара жатқанын мұнара басында тұрып көрiп қалған. Троялықтар паналауы үшiн қала қақпаларын ашыңдар деп бұйрық бердi ол. Ал Аполлон Агенор батырдың бойына ерен ерлiк рухын дарытып, Ахиллге қарсы шығуға көндiрдi, ал өзi оны Ахиллдiң найзасынан қорғап қалу үшiн қою бұлтқа оранып, жанына келiп тұрды. Агенор найзасын ерсiлi-қарсылы ойнатып, Ахиллдiң жақындай түсуiн күттi. Кенет ол құлаштай сермеп, найзасын Ахиллге лақтырды кеп. Найза қынға тидi де, кейiн қарай ұшып түстi. Ахилл Агенорға дүрсе қоя бердi. Ал Аполлон құдай Агенорды қара түнек тұманмен қоршап алды да, тура келген ажалдан құтқарып жiбердi. Аполлон Агенордың кейпiне кiрiп, беталды даламен қаша жөнелдi. Өзiнiң құдайды қуып келе жатқанын бiлмеген Ахилл тiрсектеп оның түп iзiне түстi.
Бұл кезде троялықтар қалаға кiрiп паналаған едi. Шайқас пен қашу қажытқан олар қала қабырғасына жеткен соң шөлдерiн қандыра сусын iшiп, терiн сүртумен болды. Далада тек Гектор қалған болатын. Бейне бiр рақымсыз тағдыр тұсап тастағандай ол Скея қақпасының қасында тұрып қалды.
АХИЛЛДIҢ ГЕКТОРМЕН ЖЕКПЕ-ЖЕГI
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Ахилл ұзақ уақыт Аполлон құдайды қуып жүрдi. Ақырында жебе тәңiрi тоқтай қалды да, өзiнiң кiм екенiн бiлдiрдi. Ахиллдi қатты ашу кернедi. Егер қолынан келсе ол Аполлоннан қалайда қуана-қуана кек алар едi. Пелейдiң ұлы қуғанын қойып, қайтадан Троя қабырғаларына қарай ұмтылды. Күзгi аспанда жарқырап жанған жұлдыз сияқты Ахилл де Троя қабырғасына қарай кең даламен құйғытып келе жатты. Бұл жұлдызды жұрт Сириус деп атайтын, ол қарапайым адамдарға бақытсыздық әкелетiн. Приам қарт Троя қабырғасына жақындап қалған Ахиллдi көрдi де, бойын қорқыныш билеп, Гекторға жалына бастады:
– Уа, сүйiктi ұлым менiң! Тезiрек қалаға кiре көр! Пелейдiң баласымен шайқаса көрме, ол сенен күштiрек! Трояға келiп кiршi ендi! Троя тұрғындарының жалғыз үмiтi өзiңсiң ғой. Ахилл менiң қанша баламды өлтiргенiн ойласаңшы. Ең болмаса, бейбақ бақытсыз қартыңды аяй көршi. Өмiрiмнiң аяғында Зевс маған сұмдық қайғықасiрет жiбердi. Мен мiне өз ұлдарымның қазасын, қыздарымды жау қалай күңдiкке әкетiп, жазықсыз сәбилердi қалай өлтiргенiн көруге тиiс болдым. Менiң ажалым өз үйiмнiң табалдырығында жетедi, өзiм асырап өсiрген төбеттер өз қанымды жалайтын болады. Аяй көр менi, Гектор!
Гектордың шешесi, қартайып жасы жеткен Гекуба да баласына Трояға тығыл деп жалынды. Бала кезiнде өзiн қалай асырап, қалай еркелеткенiн ұлының есiне салды. Шынында да, Гектор оның көз алдында қаза тауып, не өзi, не Андромаха жоқтай алмай, мирмидондықтар кемелерi жанында оның денесiн иттер жұлмалап жемек пе?
Бiрақ Гектор қайткенде де Ахиллдi күтуге ұйғардыө қалқанымен мұнараның кенересiне сүйенiп, өз дұшпанын күтiп тұрды. Ол Ахиллмен шайқасудан жалтарып кете алмады. Приамның ұлы өз күшiне бостан-босқа сенiп,
Трояның түбiне жеттi деп троялықтар айыптап жүре ме деп қорықты. Өйткенi оған Полидамант Ахилл шайқасқа кiрiспей тұрғанда өз әскерiңмен Трояға келiп тығыл деп кеңес берген едi ғой. Ендi Гекторға бiр ғана жол Ахиллмен шайқасқа түсiп, не жеңу, не жеңiлу ғана қалды. Бiр сәт Гектордың басына қаруын тастап, Ахиллге барып, оған Елена сұлумен Менелайдан ұрлап әкелген барлық қазынаны, ол аз болса, ұлы Трояның бүкiл байлығының тең жартысын беруге уәде етсем қайтедi деген ой келдi. Бiрақ Гектор бұл ойынан сол сәтте-ақ бас тартты. Ол Ахиллдiң өзiмен келiсiмге келмейтiнiн, қарусыз мұны мүсәпiр әйел сияқты өлтiрiп тастайтынын бiлген едi.
Ахилл бiрте-бiрте жақындай түстi. Гекторды үрей билеп, Пелейдiң қаҺарлы ұлынан ол Трояны айналып қаша жөнелдi. Бейне бiр әлсiз көгершiндi тiрсектеген қырғи сияқты буырқанып бұрсанған Ахилл өкшелей қуып келе жатты. Батырлар осылайша Троя төңiрегiн үш рет айналып шықты.
Олар жанұшырып құйғытып келедi. Пелейдiң ұлын троялықтар садақ атып, тойтаруына мүмкiндiк беру үшiн Гектор сан рет қабырға тасасына тығылмақ болып едi, бiрақ Ахилл оны қабырғаға жақындатпай-ақ қойды. Аполлон құдай Гектордың бойына тың күш дарытпағанда құдiреттi Ахилл Приамның ұлын әлдеқашан қуып жететiн. Батырлар Скамандр бұлағының жанынан төртiншi рет жүйткiп бара жатқан кезде найзағай құдайы ажалдың екi жеребесiн алтын Kipгe тастап жiбердi, оның бiрi Ахиллдiкi, екiншiсi Гектордiкi. Гектордың жеребесi Аидтiң қара түнек патшалығына қарай иiлiп түстi. Аполлон құдай Гекторды тастап кеттi де, әйел құдай Афина-Паллада Ахиллдiң жанына жетiп келдi. Ол батырды тоқтатып Гекторды жеңiп шығатынына сендiре уәде бердi. Ал бұл жерде әйел құдай Гектордың туысы – Диефобтың кейпiне кiрiп тұр едi. Өзiм саған көмек беремiн деп ол Гекторды шайқасуға көндiрдi. Гектор тоқтай қалды. Екi батыр да бiр-бiрiне тура келдi. Бiрiншi болып Гектор айқай салды.
– Пелейдiң ұлы, мен ендi бас сауғалап қашуды қоямын! Кел шайқасайық, сен менi өлтiресiң бе, әлде мен жеңiске жетемiн бе, көрермiз оны. Бiрақ шайқас алдында құдайларды куәға шақырайық. Егер найзағай құдайы менi жеңiске жеткiзетiн болса, денеңдi қорламауға уәде беремiн. Сен де осы шартты орындайтын бол.
Бiрақ Ахилл қаҺарлана оған жауап қайтарды.
– Жоқ! Қас дұшпаным сен, маған шарт ұсынғаныңды қой!
Арыстандар мен адамдардың, әйтпесе қасқырлар мен қойлардың арасында қандай шарт болуы мүмкiн, сол сияқты екеумiздiң арамызға да ешқандай шарт жүрмейдi. Жоқ! Барынша күш-қайратыңды жи да, өзiңнiң жауынгерлiк өнер-айлаңды түгiн қалдырмай есiңе түсiр. Саған ендi құтылу жоқ! Сен маған досым Патрокл мен өзiң өлтiрген басқа да достарымның төгiлген қаны үшiн жауап бересiң.
Ахилл қарулы қолымен құлаштап найзасын Гекторға лақтырды. Гектор жерге бұғып қалды да, ажал соққысынан құтылып кеттi. Афина-Паллада найзаны дереу көтерiп алып, қайтадан батырдың қолына ұстата қойды. Гектор да найзасымен Ахиллдiң қалқанының дәл ортасынан ұрып жiбердi. Бiрақ найза Гефест құдай сомдаған қалқаннан жеп-жеңiл таяқ сияқты серпiлiп, тайып кеттi. Гектордың басқа найзасы жоқ болатын. Ол тұнжырап тауы шағылды да, бар дауысымен айқайлап, Деифобты көмекке шақыра бастады. Бiрақ, ол қасында жоқ едi. Гектор Афина-Палладаның алдағанын, тағдыр өзiне өлiмдi ғана жазғанын түсiне қойды. Семсерiн суырып алды да, Ахиллге дүрсе қоя бердi. Ахилл де Гекторға тап бердiө қуатты қол бiр жұлқынып, найзаны кеңiрдегiне қадады. Өлiмшi болып жараланған Гектор жерге құлап түстi. Масаттанған Ахиллге бiр екi ауыз сөз айтуға ғана шамасы келдiө
– Ахилл, өзiңнiң және туған-туыстарыңның өмiрлерiмен ант-су iшiп жалбарынып сұраймын: денемдi мирмидондық төбеттердiң жұлмалауына бере көрме, әке-шешеме қайтарып бер. Менiң денем үшiн олар саған қисапсыз құн телейдi.
– Жоқ! Жексұрын төбет! Сен маған бостан-босқа жалбарынып тұрсың!– деп жауап бердi Ахилл.– Егер жанымда жалын атқан ыза-кекке ықтияр берсем, сенiң денеңдi өзiм-ақ жұлмалап тастар едiм. Бұл үшiн ең қымбат қандай тарту-таралғылар ұсынса да, тiптi өз салмағыңдай алтын берсе де, сенiң денеңнен ешкiм де ол иттердi қумайды. Сенiң денеңдi Приам мен Гекуба ешқашан жылап-сықтап, арулап жуа алмайтын болады.
Өлiп бара жатып, Гектор Ахиллге:
– Иә, менiң жалынғаныма жүрегiң жiбiмейтiнiн бiлгемiн! – дедi. – Сенiң кеудеңдегi жүрек темiр ғой. Бiрақ құдайлардың қаҺарынан корқатын бол! Ол сенi де құтқармайды! Скея қақпасының маңында Парис жебесi Аполлон құдайдың көмегiмен өзiңдi де жайрататын болады.
Гектор өлдi. Қайғылы тағдырына налыған оның жаны қара түнек Аидтың патшалығына ұшып кеттi.
Ахилл барлық гректердi жинады. Олар жерде сұлап жатдан Гектордың орасан зор бойы мен сұлулығына таң қалды. Жақындап келгендердiң бәрi де Гектордың тәнiне найзасын сұғып өтiп жатты. Ендi оған найза дарыту оңай едi.
Масайраған Ахилл сұмдық бiр шаруа ойлады. Гектордың екi аяғын толарсағынан тесiп, одан мықты қайыс өткiздi де, дененi қос доңғалақты арбаға тартып байлап тастады. Сонан кейiн Гектордан сыпырып алған сауытсайманды жоғары көтерiп, қос доңғалақты арбаға мiндi де, аттарын айдай жөнелдi. Гектордың денесiн дырылдатып сүйреп кете бердi. Далада шаң көтерiлдi. Шаң-топырақтан қара-қожалақ тартқан батырдың сұлу басы ойғақырға, шұқанаққа соғылып, бұлғалақтап бара жатты.
Гекуба Трояның қабырғасынан ұлының денесiн Ахилл қалай қорлағанын көрдi. Қайғыдан шашын жұлып, жамылғысын сыпырып тастады да, өз кеудесiн өзi ұрғылады. Приам да өкiрiп жылады. Ол өзiн сыртқа жiберiңдер деп өтiндi, жеңiмпаз Ахиллге өзiндей қартты ая, деп жалынғысы, дәл өзi сияқты қартайған әкең Пелейдi есiңе түсiр деп айтқысы келдi. Троялықтардың қайғылы жоқтауын Андромаха естiдi. Қорыққанынан ол қолындағы ұршығын да түсiрiп алды. Андромаха қабырғаға жүгiрiп жетiп келдi де, сол жерден шаңға батып, Ахилл күймесiнiң соңында сүйретiлiп бара жатқан күйеуiнiң денесiн көрдi. Гектордың бақытсыз зайыбы есiнен танып, Троя әйелдерiнiң қолына құлап түстi. Афродита сыйға тартқан асыл перде сыпырылып шашы дудырап жайылып кеттi. Есiн жиғаннан кейiн ағыл-тегiл еңiреп қоя бердi. Жарық дүниеде ендi оның ешкiмi жоқ едi. Сұлу ұлы Астианакс та жетiм қалды. Ол ендi бақытсыз жетiм болып өседi. Жәбiр-жападан ешкiм де оны қорғамайды. Андромаханың жүрегiн шексiз қайғы кернедi. Оның айналасында бүкiл Троя әйелдерi күңiренiп, жылап тұрды. Трояның ұлы қорғаушысы дүниеден кеттi.
ПАТРОКЛДI ЖЕРЛЕУ
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Гректер өз кемелерiне қайтып келдi. Ахилл мирмидондықтарға күймелерiңе көтерiлiп Патроклдiң мүрдесiн үш рет айналып шығыңдар деп әмiр бердi. Ержүрек мирмидондықтар дауыс шығарып жылап келе жатты. Ахилл де дауыстап жылады. Ол өлген досының кеудесiне қолын салған күйi:
– Қуан, ержүрек Патрокл! Мен саған берген өз уәдемдi орындап шықтым! – дедi. – Мен сенiң жатқан жерiңе Гектордың денесiн алып келдiм, ендi оны иттерге талатамын. Өлiмiң үшiн бiржола кек алып, сенi жерлеу алауының жанында әлi де он екi троялық жас жiгiттi өлтiремiн.
Ахилл Патроклдiң денесi қойылған табыттың жанына ештеңемен бүркемей Гектордың денесiн тастай салды. Пелейдiң ұлы өзiнiң мирмидондықтары үшiн ұланасыр той жасады. Ал грек көсемдерi мұның өзiн Агамемнонға барып шығуға көндiрдi. Жуынып-шайын да, тойға өзiң қатыс деп те ұзақ жалынды олар. Бiрақ Ахилл бас тартты. Ол Агамемноннан тек гректерге жерлеу алауын жағуға әмiр бер деп өтiндi.
Грек батырлары той жасады, ал тойдан кейiн өздi-өздерiнiң шатырларына тарап, ұйықтағалы жаттыө тек Ахилл ғана көзiн iлген жоқ. Қинала ыңырсып шулаған теңiз жағалауында жатты да қойды. Ақырында ол да терең ұйқыға шомды. Түсiнде оған Патроклдiң елесi келiп, жаны Аид патшалығында тыныштық табуы үшiн денесiн жоралғы-рәсiмiмен тезiрек жерлеудi өтiндi. Патрокл өзiнiң сүйегi кейiннен Ахилл де жерленетiн молаға қойылсын деп өсиет айтты. Әйел құдай Фетида берген сауытқа Ахилл мен Патроклдiң күлi бiрге салынуға тиiс. Ахилл түс көрiп жатып, Патрокл елесiне қолын созып едi, бiрақ елес қайғыра ыңырсыды да жоқ болып кеттi. Ахилл оянып тағы да досын дауыстап жылап жоқтай бастады. Оған қосылып бүкiл мирмидондыңтар жылады. Құдай Гелиос – Күннiң хабаршысы әйел құдай Эос-Таң да оларды осы жылап отырған қалпында көрдi.
Агамемнон таң атысымен гректердi жерлеу алауына қажеттi ағаш әкелу үшiн биiк Ида тауының бөктерiне жiбердi. Олар патша әмiрiн орындап, теңiз жағасына мол етiп от жақты. Мирмидондықтар өздерiнiң қиылған шаштарымен бүркелген Патрокл денесiн салтанатты шерумен алып шықты да, жанып тұрған оттың үстiне қойды. Ахилл де өзiнiң шашын кесiп алдыө егер батырға туған елiне қайтып оралуды тағдыр жазған болса, онда бұл шаш өзен құдайы Сперхейге151 бағышталуы тиiс едiө ендi оны Патроклдiң қолына салды. Содан кейiн Ахиллдiң өтiнiшi бойынша Агамемнон жауынгерлердiң бәрiн кемелерiне қайтарып жiбердi, от жанында тек грек көсемдерi ғана қалды. Патрокл аруағы үшiн қыруар қой мен өгiз құрбандыққа шалынды, олардың майы тегiстей батырдың денесiне жағылдыө мүрде жатқан табыттың айналасына сондай-ақ бал мен май салынған ыдыстар да қойылды. Төрт ат пен екi төбет бауыздалды. Ахилл өз қолымен өлтiрген троялық он екi жiгiттiң денесi де отқа салынды. Ал Гектордың денесi алаудың қасында жатты. Хош иiстi маймен сылап, Афродита оны қорғап тұрды, ал Аполлон шақырайған күн сәулесi Гектордың денесiн кептiрiп тастамауы үшiн үстiн бұлтпен қоршап қойды.
Жерлеуге бәрi әзiр болған кезде Ахилл алауды тұтатып едi, бiрақ ол жанбай қойды. Ахилл жел құдайлары Борей мен Зефирге тiл қатып, отты лаулата көр деп жалбарынды. Құдайлар хабаршысы Ирида бүкiл жел құдайлары той тойлап жатқан Зефидiң сарайына құйындай ұйтқып жетiп келдi де, оларды Пелейдiң ұлына көмектесуге шақырды. Сұстана сапырып, бұлттарды жөңкiлтiп Борей мен Зефир теңiз үстiмен жүйтки жөнелдi. Олардың тыныс алуынан теңiзде таудай толқындар пайда болды. Трояға тез ұшып келдi де, олар отты лаулатып жiбердi. Алау жалыны бүкiл түн бойы көкке өрлеумен болды. Ахилл қос түбi бар құтымен шарап алып, Патроклдiң жанын шақырып жатты.
Таңертең орасан зор алау жанып бiтiп, сөне бастады. Шаршап-шалдыққан Ахилл сөнiп бара жатқан алаудың жанына жантайып жатты да, ұйықтап кеттi. Грек көсемдерiнiң дауысы ғана оны оятып жiбердi. Ахиллдiң өтiнiшi бойынша көсемдер алаудың бықсып өшуге айналған көмiрiне шарап құйып сөндiрдi де, Патрокл сүйегiн жинастырып, алтын сауытқа салды. Содан кейiн тұғыр жасалып, «алтын сауыт» соған қойылды да тұғырдың үстiне топырақтан биiк мола үйiлдi.
Жерлегеннен кейiн Ахилл марқұмның құрметiне бар салтанатымен аруақты арулау рәсiмiнiң ойындарын ұйымдастырды. Ол қос доңғалақты арба жарысымен басталды. Оған Адметтiң ұлы Эвмел батыр, Диомед батыр, Менелей патша, Нестордың ұлы – Антилох пен Мерион батыр қатысты. Ең бiрiншi болып аттарымен көмбеге Диомед жеттiө оған әйел құдай Афина көмектескен. Нестордың ұлы Антилох одан сәл ғана кейiн қалды. Ал одан кейiнгi орынды Менелай иемдендi. Ең соңында Мерион келдi. Ал ең атақты деген делбешi Эвмел батыр бiр қырсыққа ұшырады. Оның жеңiп шығуын тiлемеген әйел құдай Афина күймесiнiң дертесiн сындыра қойды. Эвмел жерге құлап түсiп, қатты жараланды. Ахилл күйме жарысына қатысқандардың бәрiне де бай тарту-таралғы бердi. Ол ендi батырлар жарыстарына қатысудан қалған Нестор қартқа да сыйлық бердi: кәрiлiк оны әлсiреткен едi, бiрақ ол бiр кездерi ол әлеуеттi батырлар сайыстарында талай рет жеңiске жеткен болатын. Бұдан соң Эпей мен Эвриал жұдырықтасып соғысудан сайысқа түстi. Бiр ұрғаннан Эвриалды жерге ұшырып түсiрген Эпей жеңiп кегтi. Аякс Теламонид пен Одиссей патша күреске шықты. Олар ұзақ күрестi. Бiрақ бiрiн-бiрi жыға алмады. Оларға сыйлық теңдей бөлiп берiлдi. Ал шапшаң жүгiруден Оилейдiң ұлы Аякс, Одиссейдiң өзi және Нестордың ұлы Антилох сайысқа түстi. Алда желдей жүйткiп Аякс, одан кейiн Одиссей келе жатты. Одиссей Афинаға жалбарынып, жеңiске жеткiзе гөр деп өтiндi. Афина батырдың тiлегiн қабыл алды. Аякс аяғы тайып құлап қалды да, көмбеге бiрiншi болып Одиссей жетiп, бас бәйгенi алды. Қару-жарақ тағынып шайқасудан Диомед пен Аякс Теламонид сайысқа түстi. Батырлар бабында едi, гректер шындап кетiп екi дос бiрiн-бiрi өлтiрiп тастамаса екен деп қорықты. Ақыры, олар айқасты тоқтатты да сыйлықты тең бөлiп алды.
Ауыр дискi лақтырудан жұрттың бәрiн Полипет батыр жеңiп шықты. Садақ тартып сайысу үшiн биiк сырыққа көгершiн байлап қойылды, мерген оны жебемен атып түсiруге тиiс едi.
Тевкр батыр ортаға шықты. Адырнасын шiрене тартып, атып та жiбердi, бiрақ жебе көгершiн байланған жiңiшке жiптi ғана үзiп түстi. Көгершiн көкке қарай самғай жөнелгенде оны, Мерион батыр атып түсiрдi. Садақ тартудан сыйлық соған берiлдi. Ал найза лақтырудан сыйлыққа Агамемнон патша ие болды, бұл сайыста ешкiм де оның алдына түсе алмады.
Жарыс аяқталды. Батырлар тарап кеттi, көп ұзамай бүкiл қосын қалың ұйқыға шомды. Тек Ахилл ғана ұйықтаған жоқ. Қайғысы басылмаған ол досын жоқтап жылаумен болды. Төсегiнен тұрып, теңiз жағалауында ұзақ жүрдi. Ақырында аспанда таң шапағы жарқыраған кезде Ахилл аттарын кос доңғалақты арбаға жектi де, Гектордың денесiн байлап алып, Приамның бақытсыз ұлын сүйреткен бойы, биiк обаны үш рет айналып шықты. Содан соң Гектордың денесiн тастады да, өзi шатырына кетiп қалды.
ПРИАМНЫҢ АХИЛЛ ШАТЫРЫНА КЕЛУI. ГЕКТОРДЫ ЖЕРЛЕУ
Гомердiң «Илиада» поэмасы бойынша баяндалған.
Құдайлар Олимпте тұрып, Ахиллдiң Гектор мәйiтiн қалай қорлағанын көрiп отырды. Бұл үшiн оған Аполлон құдайдың ашуы келдi. Құдайлар Гектордың денесiн Гермес жасырын алып кетуiн қалап едi, бiрақ әйел құдайлар Гера, Афина-Паллада мен Посейдон құдай қарсы шықты. Осылайша Гектор денесi Ахилл шатырының қасында бетi жабылмай он бiр күн жатты. Аполлон құдай ар-ұят пен аяушылықты аяққа басқан Ахиллдiң Гектор мүрдесiн мұнша қорлауына жол бергенi үшiн басқа құдайларды айыптай бастады.
Осылайша Аполлон мен Гераның арасында ерегiс басталады. Найзағай құдайы Зевс бұл ерегiске тыйым салды. Ол әйел тәңiрi Фетидаға құдайлар хабаршысы Приданы жiбермек боп шештi. Кронның ұлы Фетиданы Ахиллге аттандырып, Гектордың денесi үшiн көп төлеу төлетiп, әкесi Приамға беру жөнiндегi өз шешiмiн жеткiзудi тапсырмақ болды. Зевс троялықтар арасында бәрiнен гөрi ұлы Гекторды жақсы көретiн едi.
Қиялдан жүйрiк Ирида көздi ашып-жұмғанша ұшыртып Фетиданың алдына жетiп келдi. Ұлының қайғысынан көз жасын көл қылған Фетида теңiз құдайларының ортасында отыр едi. Зевс шешiмiн есiткен бойда ол үстiне қайғының қара жамылғысын жамылып, Олимпке көтерiлдi. Құдайлар Фетиданы құрметпен қарсы алды. Афина оны Зевстiң қасына отырғызды, ал Гера болса иiсiн аңқытып шәрбәт құйылған алтын кесенi өз қолымен ұсынды. Зевс Фетидаға өз ұйғарымын жеткiздi. Фетида сол мезетте жерге түсiп, баласының шатырына келдi. Ол мұңайып отырған Ахиллдiң қасына жайғасты да, ұлын жұмсак алақанымен аялай сипап, Зевс құдайдың ашу шақырып отырғанын, өзге құдайлардың да Гектор денесiн Приамға берудi қалайтынын айтты. Алып Ахилл құдайлар шешiмiне мойынсұнды.
Бұл кезде найзағай құдайы Зевс құдайлар хабаршысы Приданы Приамға жұмсаған болатын. Ирида өзiнiң түрлi-түстi қанаттарын қағып Приамның сарайына жетiп келгенде, бақытсыз қарт опат болған ұлының қайғысына көз жасын төгiп етпетiнен түсiп жерде жатқан. Қарттың айналасында дауыс салып, өзге балалары түгел отыр. Ирида қартқа жақынырақ келiп, Зевстiң атынан оған гректер қосынына Ахиллге мол тарту-таралғы алып баруды тапсырды. Ирида Приамды қосынға Гермес құдай ертiп баратынын қоса ескерттi.
Ириданың сөзiн естiсiмен Приам орнынан тұрып, балаларына сый-сияпат артатын пәуеске мен екi доңғалақты арбасын дайындауды тапсырды да сарайына кеттi. Iшке кiрген соң ол бәйбiшесi Гекубаны шақырып алып, гректер қосынына баратынын баяндады. Мұны естiгенде Гекубаның зәресi ұшып, ерiнiң өлiмге өз аяғымен бармауын өтiндi, бiрақ Приам өзiнiң олимпиалық құдайлардың шешiмiмен Ахиллге баратынын айтып жұбатты. Ол мол тарту-таралғы жинап, жолға дайындала бастады. Балаларына баяу қимылдайсыңдар деп жекiдi. Приамның балалары әкесiнiң ашуынан қорқып, сый-сияпат, тарту салынған зор қорап қойылған пәуескеге тездетiп қашырларды, ал қос доңғалақты арбаға аттарды жектi. Приам қос доңғалақты арбасына көтерiлдi де, аттарды айдай жөнелдi. Қос доңғалақты арбаның алдында тарту тиелген пәуескенi сүйреткен қашырларды айдап хабаршы Идей келдi. Приамды шығарып салушылардың бәрi, ол шынымен өлiмге аттанып бара жатқандай-ақ, егiл-тегiл жылады.
Приам кең далаға шыққан кезде найзағай құдайы Зевс оның алдынан Гермес құдайды жiберген. Гермес қанатты кебiсiнiң бауын байлап, қолына өлгендердiң көзiн жабатын аса таяғын ұстап, Трояға қарай жөнеп бердi. Приам аттары мен қашырларын өзеннен суғарып жатқан кезде ол сұлу жас жiгiттiң бейнесiне енiп кеттi. Приам бейтаныс жiгiт өзiн өлтiрiп, пәуескеге артқан тартуын олжалап кетер ме деп зәресi ұшқан. Алайда Гермес өзiн Ахиллдiң қызметшiсi деп таныстырып, қосқа ертiп баруға ұсыныс жасады. Қуанып кеткен қарт жас жiгiтке сыйлық ретiнде асыл құмыра ұсынып едi, Гермес одан бас тартты. Приам екi доңғалақты арбасына көтерiлiп, аттарын желдiрте жөнелдi. Гректер қосынының алдында сақшылар тұратын, бiрақ Гермес оларды қатты ұйқыға шомдырып тастады. Гермес қақпаның ысырмасын сырғытып ашып, Приамды ешкiмнiң көзiне түсiрмей бүкiл қосыннан байқаусыз алып өттi. Ол мирмирондықтар қосынының қақпасын да ашты. Приам Ахилл шатырының алдына келген соң Гермес өзiнiң кiм екенiн айтты да, шатырға батыл кiре беруге кеңес бердi. Приам алып келген тартуын қарап тұруға Идейдi қалдырып, өзi шатырға ендi. Ахилл жаңа ғана ас iшiп болған едi. Ешкiмнiң көзiне түспей шатырға кiрген Приам Ахиллдiң алдына тiзерлей отыра қалды да, жалбарына бастады:
– О, құдiреттi Ахилл! Мен сияқты өзiңнiң қарт әкеңдi есiңе алшы! Мүмкiн оның қаласын да көршiлерi қоршап алып, басқа түскен бәледен құтқаратын адам табылмай жатқан болар. Мен бейбақ балаларымнан түгелге жуық айырылдым. Сен ұлдарымның iшiндегi ең құдiреттiсi Гектордан да айырдың. Сол үшiн мiне, кемелерiңе келiп отырмын. Түсiн менiң қайғымды! Ая менi! Алып келген мол тартуымды қабыл ал. Көз жасымды өзiң де көрiп тұрсың ғой. Мұндай қайғы менен басқа ешбiр тiрi жанның басына түскен емес. Мен өз ұлдарымды өлтiрген адамның қолын сүюге мәжбүрмiн.
Приамның осындай сөздерi Ахиллдiң есiне өз әкесiн түсiрдi. Ол еңiреп жылады. Ал Приам болса жерге етпетiнен түсiп, өз ұлын жоқтады. Бiр кезде Ахилл тұрды да, Приамды орнынан көтерiп:
– О, сорлы! – дедi. – Сен өз өмiрiңде қайғыны көп көрдiң. Бiрақ сенiң жападан-жалғыз бұл жерге келуге, оның үстiне ұлдарыңның көбiн өлтiрген жанның алдына келуге қалай батылың барды? Көкiрегiңде соғып тұрған жүрек болаттай берiк екен. Тек жылама, сабыр ет, мына жерге отыр. Құдайлардың адам баласының маңдайына жазған тағдыры – өмiрде қайғы-қасiреттi көп тартып, еңiреп өту. Тек солардың өздерi ғана, өлмейтiндер ғана, қайғы-мұңды бiлмейдi. Көз жасыңды көл ете берме, одан сенiң Гекторың қайта тiрiлiп келмейдi. Тұр орныңнан, отыр мұнда!
– Жоқ, отырмаймын мен, Ахилл, – дедi Приам. – Гекторды маған қайтармайынша, жатқан жерiмнен бас көтермеймiн. Тартуымды қабыл ал да, ұлымның мүрдесiн бiр көруге рұқсат ет.
– Менiң жынымды келтiрме, шал! – дедi Ахилл Приамға ашулы көзiмен тесiле қарап. – Саған Гектордың денесiн қайтарып беру керек екенiн өзiм де бiлемiн. Бұл Зевстiң шешiмi, ол жөнiнде өз анам әйел тәңiрi Фетида хабарлаған. Мен сенi мұнда құдай ертiп келгенiн де бiлемiн, әйтпесе гректердiң арасына келуге батылың жетпес едi. Өшiр ендi үнiңдi! Ашу үстiнде әйтпесе жалбарынушыны аяу жайлы Зевстiң өсиетiн бұзып алып жүрермiн.
Ахилл осыны айтып, шығып кеттi. Өз достарын шақырды да, Приамның аттары мен қашырларын доғарып, Идейдi шатырға кiргiзудi тапсырды. Содан соң Ахиллдiң күңдерi Гектордың денесiн жуып, асыл киiмдерiн кигiздi. Гектордың денесiн Ахиллдiң өзi көтерiп, әсем безендiрiлген табытқа салды, ал достары оны пәуескеге жайғастырды. Пелейдiң құдiреттi ұлы Гектордың денесiн әкесiне қайтарғаным үшiн ашу шақыра көрме деп Патрокл аруағына сыйынды. Ол Приам әкелген тарту-таралғының бiр бөлiгiн Патроклге арнауға уәде еттi. Осының бәрiн iстеп алған соң Ахилл шатырына қайтып келiп, қартқа барлық қызметтiң атқарылып, пәуеске дайын болғанын хабарлады. Ол көл-көсiр дәм дайындатты да, Приамды шақырып, ас жеп, сусын iшiп әлденiп алуын өтiндi. Ac үстiнде Приам өң-ажары әп-әсем, алып денелi, құдайлардай келiскен Ахиллге қызыға қараумен болды. Ал Ахилл ақ шашты ақсақалдың түрiне таңданып, даналы сөздерiн тыңдап отырды.
Ac iшiлiп болған соң, Гектор қаза тапқаннан берi көз шырымын алмаған Приам Ахиллден бiраз ұйықтап, күш жинап алуға рұқсат сұрады. Ахилл Приам мен Идей дем алу үшiн шатырдың алдына екi төсек дайындатты. Приам ұйқыға кетердiң алдында, ұлын жерлеу үшiн оған қанша уақыт кажет екенiн сұрап-бiлiп, бұл күндерi соғыс қимылдарын бастамауға уәде еттi. Приам он күн сұрады. Ахилл бұл күндерi өзi соғыс әрекеттерiн бастамайтынын, гректердi де тежейтiнiн ескертiп, қарттың көңiлiн жай қылу үшiн қолын аялай қыса қоштасты.
Әскерлердiң бәрi ұйқыға кеттi. Олимптегi құдайлар да ұйқыда, ояу қалған жалғыз-ақ Гермес құдай. Ол Приамның тесегiне келдi де, ұйқысынан оятып, бiреу-мiреу көрiп қалса дүниеге қызығып, құнын төлетiп шатақ шығарып жүрер деген қауiппен тез арада гректердiң қосынынан кетудi бұйырды. Приамның зәресi ұшып, орнынан қарғып тұрды да, Идейдi оятты. Гермес аттар мен қашырларды жегiп, ешкiмнiң көзiне түсiрмей оларды қосыннан алып шықты. Құдай Скамандр жағасына жеткен соң ғана Приамнан бөлiнiп кеттi.
Приам Трояға таң сәрiде жеттi. Оны бiрiншi боп корген Кассандра Гекторды жоқтап дауыс көтерiп, троялықтарды шақыра бастады. Троя қақпасының жанында қарақұрым топ жиналды. Жұрттың алдында Гекуба мен Андромаха еңiрей өксiп, шаштарын жұлды. Көз жастарын көл қылған троялықтар үстiнде Гектордың денесi жатқан пәуескеге жақындай берген. Бiрақ олар Приамның сөзiн тыңдап, қақ жарылып, Трояға өтуiне жол ашты.
Өзiнiң бiрден-бiр қорғаушысы болған ерiн жоқтап Андромаха жұрттың бәрiнен бетер еңiредi. Ол ендi Трояның құлайтынын, гректер троялық қыз-келiншектердi күңдiкке алып кететiнiн жақсы түсiндi. Өздерiнiң талай батырын ол дүниеге аттандырған Гектордан кек алу үшiн олар ұлы Астианаксты өлтiруi ықтимал. Андромаха Гектордың жырақта қаза тауып, мәңгi есiнде сақтар ең соңғы өсиет сөзiн айта алмай кеткенiне қатты қайғырды. Сүйiктi баласынан айырылған Гекуба да көз жасын көл етiп, дауыс салды.
Елена да жылады. Ол еш уақытта Гектордан қатты сөз естiп, жәбiр көрген емес едi. Ақкөңiл Гектор әр уақытта оған қамқорлық жасайтын, сондықтан басқалардың да жәбiр көрсетуге батылы бармайтын. Ендi мiне, оның Троядағы жалғыз досы қаза тапты, ал өзге троялықтардың бәрi Еленаны жек көретiн.
Приам жерлеу салты бойынша алау тұтату үшiн дайындыққа кiрiсудi бұйырды. Троялықтар тоғыз күн бойы
Идадан отын тасумен болды. Оныншы күнi олар осы жиналған отынның үстiне Гектордың мәйiтiн орналастырып, от қойды. Алау жанып бiткен соң Гектор денесiнiң күлiн алтын сауытқа салып, бейiтке қойды да, бетiн таспен бекiтiп, үстiне топырақтан қорған үйдi. Троялықтар қорған үйiп жатқан кезде гректердiң тұтқиыл шабуылынан сақтану үшiн күзетшiлер қарауылда тұрды. Жерлеу аяқталған соң Приам өлiктi арулау салты бойынша өз сарайында көл-көсiр үлкен жиын өткiздi.
Ұлы Гекторды троялықтар осылай шығарып салды.
АМАЗОНКАЛАРМЕН ШАЙҚАС. ПЕНФЕСИЛИЯ
Овидийдiң «ҚаҺарман арулар», Вергилийдiң «Энеида» поэмалары бойынша баяндалған.
Гектор қаза тапқаннан кейiн Трояның басына ауыр күндер орнады. Оның ендi құдiреттi қорғаушысы жоқ едi. Троялықтардың гректермен ашық далада айқасу үшiн қамалдың сыртына шығуға да батылы бармады. Трояда ендi Ахиллмен жекпе-жек шайқасқа шығатындай басқа батыр табылмады, Ұлы қаланың күнi батып бара жатқан сияқты едi. Мiне, осындай қаралы күндердiң бiрiнде троялықтарға көмек күтпеген жерден келдi.
Трояға шалғайдағы Понттан жүйрiк тұлпарларына мiнiп, өз патшасы Пенфесилия бастаған батыл жаугерамазонкалар жеттi. Пенфесилия аң аулап жүрген кезде абайсызда өз сiңiлiсiн өлтiрiп алған болатын, ендi сол күнәсiн гректермен соғыста жумақ болды. Өйткенi троялықтарды желеп-жебеушi әйел құдай Артемида Пенфесилияға өз сiңлiсiн мерт қылғаны үшiн өш болатын. Ендi бұл троялықтарға көмектесу арқылы соның ашуын баспақ едi. Арестiң құдiреттi қызы гректердiң даңқты батырларын шетiнен жайрата отырып, Трояның iргесiнен түрiп айдап тастап, кемелерiн өртеп жiберемiн деп мақтана жар салды. Троялықтар амазонкаларды керемет қуанышпен қарсы алды. Приам Пенфесилияны туған қызындай құшақ жая қабылдап, оның құрметiне ұланасыр той жасады.
Келесi күнi өте жақсы қаруланған амазонкалар Троя қолын бастап гректерге қарсы шабуылға шықты. Приам қолын көкке көтерiп, құдайлардан жалбарына жеңiс тiледi. Бiрақ құдайлар оған құлақ аспады. Қантөгiс шайқас басталды. Құйындай ұйтқып құтырынып, Пенфесилия өз амазонкаларымен гректер қолына ойсырата тиiстi. Грек батырларының бiрiнен соң бiрiн жайратты. Гректердiң дегбiрi қашып, шегiне бердi.
Пенфесилия оларды кемелерiне дейiн тықсырып тастады. Амазонкалар бiржола жеңiп шығатынына күмән қалмай бара жатқан-ды. Бiрақ дәл осы кезде гректерге көмекке Ахилл мен Аякс Теламонид келiп жеттi. Олар бұған дейiн шайқасқа қатысқан жоқ едi. Достарының өлiмiне қайғырып, екеуi Патрокл бейiтiнiң басында жер құшып жатқан болатын. Шайқас сарынын есiте сала орындарынан қарғып тұрып, қару-жарақтарын асынды да, қос батыр қалың қолға арыстанша атылды. Амазонкалар мен троялықтар бұл екеуiне төтеп бере алмады. Пенфесилия алып Ахиллдi көре салып, соған қарсы тұра ұмтылды. Лақтырған найзасы Пелейдiң баласының сауытына тиiп, күл-талқан болды. Амазонкалар патшасының лақтырған екiншi найзасы да Ахиллге жөндеп дарымады. Ызалана атылып қаҺарына мiнген Ахилл Пенфесилияны көкiрегiнен жаралады. Пенфесилия жарақатының өте ауыр екенiн бiрден сездi. Ол бар күшiн жинап, қылышын қынынан суырмақ болып едi, алып Ахилл мүмкiндiк бермедi – найзасымен Пенфесилияны атымен қоса шаншып жiбердi. Ат құлады, қасында Пенфесилияның денесi жер құшып жатты. Ахилл оның басынан дулығасын сыпырғанда соғыс құдайы Арестiң қызының ғаламат көркiн көрiп, тұрған орнынан тапжыла алмай қалды. Өлiп кеткен Пенфесилия әйел құдай Артемида сияқты өте сұлу болатын. Өзi мерт қылған ғажайып Пенфесилияның басында тұрып Ахилл өлiп жатқан жанға деген махаббат жалыны көкiрегiнде лаулап келе жатқанын байқады. Осылай қайғыдан қан жұтқан сәтте Ахиллдiң қасына келген Терсит бұрынғы әдетiне басып, балағаттай бастады. Ахиллдiң қайғысына ортақ болудың орнына керiсiнше келемеждеп, Терсит найзасымен көрiктi Пенфесилияны көзiнен шұқыды. Ахиллдi ашу қысты. Ол құлаштап тұрып Терситтi бетiнен салып қалып едi, Терсит тiл тартпай кеттi. Диомед өз туысын өлтiргенi үшiн Ахиллге әбден ыза болды. Гректер екi батырдың ерегесiн әрең басты.
Ахилл Пенфесилияның денесiн жәйiмен көтерiп, шайқас алқабынан алып шықты. Сонан соң гректер Пенфесилия мен мерт болған өзге он екi амазонканың денесiн қару-жарағымен қоса троялықтарға қайтып бердi. Троялықтар олардың денесiн отқа өртеп, жерлеу салты бойынша үлкен жиын өткiздi.
Ал Ахилл Лесбос аралына сапар шектi. Мұнда ол Терситтiң қанын төккенi үшiн Аполлон құдай мен әйел құдай Артемидаға, олардың анасы Латонаға мол құрбандық бердi. Аполлонның әмiрi бойынша Ахиллдi Терситтiң қанын төккен күнәсiнен айлакер Одиссей арылдырды.
ЭФИОПТАРМЕН ШАЙҚАС. МЕМНОН
Гомердiң «Одиссея», Гесиодтың «Теогония» және Верглийдiң «Энеида» поэмалары бойынша баяндалған.
Пенфесилия мерт болғаннан кейiн троялықтардың гректер шабуылына төтеп беруi бұрынғыдан бетер қиындай түстi. Бiрақ оларға күтпеген жерден тағы да көмек келдi. Өз толқынымен бүкiл жер жүзiн орап жатқан қарт Мұхиттың жағалауынан эфисптардың сансыз сарбаздарын бастап Трояға Мемнон жеттi. Ол таңғажайып таң шапағы құдайы Эос пен Тифонның ұлы, әрi Приамның туысы болатын. Көркi жағынан онымен жан баласы тең түсе алмайтын. Гефест құдайдың өзi алтыннан соғып берген қару-жарағын асынып Мемнон троялықтар әскерiнiң арасында таң жұлдызындай жалт-жұлт еттi.
Құдайдың құдiреттi ұлы Мемнон Ахиллге пара-пар келетiн қарсыласы едi. Троя қорғанының түбiнде қанды шайқас қайта қызды. Троялықтар қолын Мемнон бастады, ал гректердiң алдыңғы сапында Ахилл жүрдi. Фетиданың ұлы Мемнонды өлтiрсе соңынан Аполлонның жебесiнен өзi де жазым болатынын бiлетiн. Мемнон Нестор қарияға қарсы ұмтылды. Жасы келген қарт күшi қайнап тұрған Мемнонға төтеп бере алар ма?
Нестор өз арғымақтарын керi бұрып, қашып құтылмақ едi. Байқап қалған Парис садағын кере тартып, жебесiн сайгүлiктердiң бiрiне дәл тигiздi. Өз басына өлiм қаупi төнгенiне көзi жеткен Нестор көмекке ұлы Антилохты шақырды. Әкесiнiң адал ұлы көмекке тұра ұмтылды. Ол әкесiн құрбан еткенше өзiнiң өлгенiн артық көрдi. Антилох үлкен бiр тасты қопара көтерiп алды да, Мемнонға қарай атып жiбердi.
Бiрақ Мемнонды Гефест құдай соғып берген қалқан сақтап қалды. Ол найзасын Антилохтың кекiрегiне бойлата сұғып жiбердi. Осылай әкесiнiң жолында өз өмiрiн құрбан еткен Антилох жүрегiне найза қадалып, тiл тартпай кеттi. Баласының мерт болғанын көрген Нестор еңiреп қоя бердi. Ал Мемнон болса Нестордың екiншi баласы Фрасимед, досы Ферей екeyi өзiне қарсы шапқанына қарамай Антилохтың қару-жарағын алуға тырысты. Нестор баласының денесiн қорғауға ұмтылды. Тек Мемнон шалмен айқасуды ар көрдi, оған қарсы қол көтерген жоқ. Антилох денесiнiң маңында гректер мен эфиоптар қиян-кескi шайқас жүргiздi. Нестор көмекке алып Ахиллдi де шақырды. Антилохтың өлгенiн бiлгенде Ахиллдiң есi шығып кеттi. Ол оны жақсы көретiн едi.
Патроклден кейiнгi ең жақын досы осы Антилох болатын. Мемнон өлсе соңынан өзi де өлетiнiн Ахилл ұмытып кеттi де, шайқасқа тұра ұмтылды. Жақындап қалған Ахиллге Мемнон үлкен бiр тасты алып атып жiбердi, бiрақ ол Ахиллдiң қалқанына тидi де, тайып кеттi. Ахилл болса найзасымен Мемнонды иығынан жаралады. Бұған Мемнон көңiл аударған жоқ өзi қайта ұмтылып, Пелей ұлының қолына жарақат түсiрдi. Батырлар қылыштарын жалаңаштап, бiрiне-бiрi қарсы атылды. Олардың күштерi тең түсетiн, екеуiнiң де аналары құдай, оның үстiне жарқыратып асынған қару-жарақтарын да Гефест соққан. Қалқандарын қалқалап, батырлар көп алысты. Бұл жекпе-жекке биiк Олимптен құдайлар қарап тұрған-ды. Батырлардың әйел құдай аналары Эос пен Фетида әрқайсысы өз ұлының тiлеуiн тiлеп, Зевске жалбарынды. Зевс алтын таразысын қолына алды да безбеннiң екi басына екi батырдың жеребесiн салып, өлшеп көрдi. Таразының Мемнон тағдыры жазылған жағы төмен тартып, Ахиллдiң қолынан қаза табатынын аңғартты. Әйел құдай Эос еңiреп қоя бердi: ол аяулы ұлынан айырылуға тиiс едi. Осы кезде Ахилл жұлқына сiлтеп, зiл батпан найзасын Мемнонның көкiрегiне бойлата қадап жiбердi. Қаралы қайғысының белгiсi ретiнде Эос қара бұлтқа оранды. Ол өз балалары – жел құдайларын майдан даласына жiбердi. Олар Мемнонның денесiн шалғайдағы Эсеп152 өзенiнiң жағасына алып келдi. Осы жерде оның денесiн уылжыған үр қыздары аза тұтып, мазар орнатты.
Құдайлар эфиоптарды құсқа айналдырып жiбердi. Содан берi жыл сайын олар Эсептiң жағасындағы Мемнонның бейiтiне ұшып келiп, өз патшасын аза тұтады.
Гректер жап-жас Антилохты зор сән-салтанатпен жерледi. Денесiнiң күлiн сауытқа салып Ахилл мен Патрокл денелерi жерленген корғанға қойды.
АХИЛЛДIҢ АЖАЛЫ
Ахиллдiң троялықтарға қарсы әбден зығырданы қайнады. Ол Патрокл мен Антилохтың өлiмi үшiн аямай кек алуға бекiндi. Ахилл құтырынған арыстанша ақырып, Троя батырларының бiрiнен соң бiрiн қаусатты. Троялықтар бас сауғалау үшiн дүркiрей қашып, қамал тасасына тығылды.
Әбден өшiккен Ахилл жауларын өкшелей қуып бердi. Ешкiмдi аямайтын тағдыр оның өзiн де тура өлiмге жетелеп бара жатқан болатын. Ахилл троялықтарды Скея қақпаларына дейiн қуды.
Егер Аполлон құдай келiп қалмағанда ол қасиеттi Трояға басып кiрiп, бiржола тiзе бүктiруi де кәдiк едi. Жебе тәңiрi Аполлон айқай салып, Ахиллдi тоқтатпақ болды. Бiрақ, Ахилл бой ұсынғысы келмедi. Өйткенi ол Гектор мен троялықтарды қайта-қайта қорғаштай бергенi үшiн жебе-құдайының өзiне өшiгiп алған болатын.
Ахилл тiптен найзасын көтерiп, құдайдың өзiне айбат көрсеттi. Бет бұрғызбас тағдыр оның санасын сарсаңға салып қойды. Ол ендi құдайдың өзiне шабуыл жасауға да дайын едi. Аполлонның кейiгенi сонша, бiр кезде өзi Пелей мен Фетиданың үйлену тойында Ахиллдi желеп-жебеп жүрмек болған уәдесiн ұмытып кеттi. Қара бұлтқа оранып, жұрттың көзiнен тасаланды да, ол Паристiң жебесiн Ахиллдiң өкшесiне бағыттады. Ұлы батырды мерт ететiн осал жерi осы өкшесi болатын153. Ахилл үшiн бұл жарақат өмiрмен қоштасумен тең едi. Ол өз ажалы жақындап қалғанын сездi. Жебенi жұлып алды да, шалқалай құлады. Ахилл өзiн құдайлар көмегiнсiз ешқандай қарапайым адам өлтiре алмайтынын бiлетiн, сондықтан да Аполлон құдайға қатты өкпеледi. Ол ақырғы күшiн жинап, орнынан жаралы арыстандай ақыра тұрды да, көптеген троялықтарды тағы да жер жастандырды. Бiрақ кенет мүше-мүшесi суый бастады. Ажал төнiп келе жатты. Ахилл теңселiп барып найзасына сүйене тұрып қалды.
– Бастарыңа қара күн туады, бәрiң де қырыласың. Мен сендерден өлген соң да өш аламын! – деп айқай салды ол троялықтарға.
Бұл дауыстан зәресi ұшқан троялықтар кейiн қарай зыта жөнелдi. Бiрақ Ахиллдiң бойынан әл кетiп қалып едi. Көкiрегiнен соңғы демi шығысымен жер құша құлады, Үстiндегi алтыннан соққан қару-жарағы салдырлап жер тiтiренттi. Ахилл өлдi. Алғашында троялықтардың да зәресi ұшып, өлiгiне жақындауға батылы бармады. Аздан соң үрей бiрте-бiрте басылып, батырлардың iшiндегi ең алыбы денесiнiң айналасында қиян-кескi шайқас басталды. Бұл шайқасқа гректердiң де, троялықтардың да ең мықты батырлары қатысты. Ахиллдiң айналасында адам өлiгi таудай үйiлдi, тек оның өзi бұл шайқастан бейхабар қимылсыз жата бердi. Шайқас ешқашан бiтпейтiндей көрiнген. Кенет Зевс найзағайы жарқ етiп дауыл көтерiлдi де, троялықтар қарқыны күрт басылды. Өйткенi Зевс мүрдесiнiң троялықтар қолында қалуын қалаған жоқ едi. Алып Аякс Теламонид Ахиллдiң денесiн көтерiп, кемелерге қарай бет алды, ал оған шабуыл жасаған троялықтар бетiн Одиссей қайтарумен болды. Олардың қисапсыз жебелерi мен найзалары Одиссейге қарша борап жатты, бiрақ батыр жау шабуылына батыл төтеп беpiп, бiртiндеп кейiн шегiне бердi. Аякс Ахилл денесiн кемеге алып келдi. Гректер оны арулап жуып, жұпар иiстi маймен сылап, құлпырта безендiрiлген табытқа салды. Гректер табытты айнала қоршап өздерiнiң асқан ұлы батырын жоқтады, қайғыдан беттерiн тырнап, шаштарын жұлды. Олардың еңiреген дауысы әйел құдай Фетиданың құлағына жеттi. Өзiнiң апалы-сiңлi нереидаларын ертiп, ол теңiз тұңғиығынан көтерiлдi. Сүйiктi ұлының мерт болғанын естiп, Фетида зар еңiреп күңiренгенде гректердiң тұла-бойы түршiктi. Егер карт Нестор тоқтатпаса олар қорыққаннан түгелiмен өз кемелерiне қарай қаша жөнелетiн едi. Фетида, нереидалар мен гректер Ахилл қазасын он жетi күн аза тұтты. Асқар Олниптен музалар түстi. Олар қаза тапқан батырдың құрметiне қоштасу әнiн сызылтты. Олимптегi мәңгi өлмейтiн құдайлар да батырды аза тұтты. Ол сегiзiншi күнi жерлеу салты бойынша қоштасу алауы жағылды. Сонда Ахилл денесi өртелдi. Батырлардың батыры құрметiне гректер көптеген құрбандық шалды. Олардың бәрi де жарқыратып кару-жарағын тағынып, жерлеу салтанатына қатысты. Алау жанып бiткен соң Ахилл сүйегiнiң күлi Дионис құдай Фетидаға тарту еткен алтын сауытқа салынды. Осы сауыт iшiнде Патрокл сүйегiнiң күлi де жатқан болатын. Ахилл, Патрокл және Нестордың ұлы Антилох бiр молаға жерлендi. Гректер моланың үстiне теңiзден қарағанда алыстан көрiнетiндей етiп, қорған үйдi. Бұл молада жатқандар даңқының ұлылығын шалғайдан байқататын белгi едi.
Жерлеуден соң қаза тапқандар құрметiне арналып ойын-сауык өткiзiлдi. Әйел құдай Фетида теңiз түбiнен аса құнды тартулар алып шықты. Бұл ойында жеңiп шыққандарға тартылатын сыйлық едi. Сыйлықтардың молдығы мен асылдығы сонша, тiрi болса батырлардың алыбы Ахиллдiң өзi де таң қалардай едi.
ТЕЛАМОНИД АЯКСТЫҢ АЖАЛЫ
Софоклдiң «Аянт-қамшыгер» трагедиясы бойынша баяндалған.
Ахилл өлген соң артында Гефест құдай соғып берген алтын қару-жарағы қалды. Фетида оларды Ахилл денесiн қорғауда кiм зор ерлiк көрсеткен болса, соған беруге бұйырды.
Оларды не Аякс, не Одиссей алуға тиiс едi. Ендi осы екеуiнiң арасында талас туды. Батырлардың қай-қайсы да бұл сыйлыққа лайықты едi. Ақыры, дауды шешетiн төрешi қолға түскен троялықтар болуға тиiс деген қорытындыға келдi. Мiне, осы жерде де Афина-Паллада өзiнiң сүйiктiсi Одиссейге көмектесiп жiбердi. Оның көмегiмен Агамемнон мен Менелай Аякс жеребесiн ауыстырып қойды да, әрi троялықтар дауысын дұрыс санамай, қару-жарақты Одиссейге бердi. Аякс қатты қапаланды. Ол Атрейдiң ұлдары мен Одиссейден қалайда кек алмақ болып өз шатырына кетiп қалды.
Түнде, гректер қосыны түгел ұйқыға кеткен кезде ол Агамемнон мен Менелайды өлтiру ниетiмен қолына қылышын алып, шатырынан шықты. Бiрақ әйел құдай Афина-Паллада Аяксты есiнен ауыстырып жiбердi. Ол жалғыз өзi бiлегiнiң күшiне сенiп, құдайлар көмегiнен бас тартқан Аяксқа бұрыннан қаҺарын төгiп жүрген болатын. Есi ауысқан Аякс бұқалардың табынына тиiсiп, қараңғы түнде соларды гректер екен деп ұқты да, қан жоса етiп қыра бастады. Бұқалардың аман қалғанын тұтқынға түскен жау деп ойлап, өз шатырына қуып тықты. Аякс шатырының iшiн қан сасытты. Етше туралған жануарлардың азабы мен өлiмiне мәз бола қуанды. Өйткенi бұлар Аякс үшiн бұқа емес, Атрейдiң ұлдары боп көрiнген. Бiр кездердi ғана Аякстың ақыл-есi орнына келе бастады. Өз шатырының iшiнде қан сасыған өлiктер гректер емес, тек жазықсыз жануарлар екенiн бiлгенде оның төбе шашы тiк тұрды. Аякс не болғанын түсiндiрудi өтiндi. Әлгi сұмдық оқиғаны айтқанда батырдың жүрегi сыздап, көңiлi құлазыды, Ол мұндай масқарашылықтан құтылудың жалғыз жолы өлiм деп ойлады. Баласы Эврисакты өз туысы Тевкр мен Саламиннен бiрге келген жауынгерлерге тапсырды да, бiр кезде өзiне Гектор сыйлаған қылышын алып, теңiз жағасына кеттi. Қолындағы семсерiн Айд пен әйел тәңiрi Түнге бағыштап, соларға жалбарыну үшiн кеттiм деп түсiндiрдi.
Гректер қосынында Аякстың әбес әрекетi жөнiнде сөз тарай бастады. Ол қырып салған бұқалар мен қойлардың, бақташылардың денелерi табылды. Одиссей жерге тамған қан iзiмен бағдарлай отырып, мұның бәрi Аякстың қылығы екенiн түсiндi. Агамемнон мен Менелай бар қаҺарын бойларына жинап Аякстан кек алмақ болды.
Осы кезде Тевкрден шапқыншы жеттi. Ол Аякстың достарына хабарлап, ұлы батырды өлiм қаупiнен аман сақтап қалуды өтiндi. Оның айтуынша өлiм қатерi батырдың басына бүгiн ғана төнiп тұр, ал бұл күннен сәттi өтсе қорқатын ешқандай қауiп жоқ. Артынша қосынға Тевкрдiң өзi келдi. Ол туысының теңiз жағасына кеткенiн есiте сала солай қарай тұра жүгiрдi. Аякс өзiне-өзi қол жұмсап қойды ма деп қауiптендi. Шынында да бұл келгенде туысы өлiп жатыр едi. Аякс теңiз жағасына жеткен бойда өз қылышына өзi көкiрегiн тоса құлаған болатын. Гректердiң Ахиллден кейiнгi ең күштi батыры осылайша қаза тапты.
Менелай мен Агамемнон жерлеу үшiн кiндiктес туысының денесiн Тевкрге бергiсi келмедi. Егер бұл мәселеге Одиссей араласпағанда Тевкр мен Атрей ұлдарының арасында ашықтан-ашық алауыз өшпендiлiк туып, гректер қосынында өзара шайқас басталып кетуi мүмкiн едi. Ол гректерге зор қызмет көрсеткен Аякстың денесiн жерлеу үшiн Тевкрге беруге Агамемнонды көндiрдi. Ахилл бейiтiнiң жанында жаңадан тағы бiр қорған пайда болды. Оның астында Теламонның ұлы Аякстың денесi жатыр едi.
ФИЛОКТЕТ. ТРОЯНЫҢ СОҢҒЫ КҮНДЕРI
Софоклдiң «Филоктет» трагедиясы бойынша баяндалған.
Ахилл мен Аякстың қазасынан кейiн де гректер Трояны қоршаумен болды, бiрақ қаланы ала алған жоқ. Бiрде Одиссей Приамның ұлы сәуегей Геленнiң Трояны қалай алу жолын айтып тұрғанын естiп қалып, оның өзiн айламен қолға түсiредi. Одиссей одан гректердiң әскерiне ұшы уға малынған Гераклдiң жебесiмен қаруланған Филоктет пен Ахиллдiң жасөспiрiм ұлы Неоптолем келiп қосылса ғана Троя құлайтынын анықтап алды. Ол сол заматта қос батырды әкелуге алыс жолға аттанып кетедi.
Одиссей Скирос аралының патшасы Ликомедке келдi, Ахиллдiң жасөспiрiм ұлын Трояны қоршауға қатысу үшiн шайқасқа аттануға көндiру көп күшке түскен жоқ. Әкесiне тартқан сымбатты Неоптолем ұлы шайқастарға қатысып, батырлық көрсетудi өзi де аңсап жүретiн. Ол анасы Дейдамияның көз жасын төгiп жалынғанына қарамастан Одиссейге ерiп жолға аттанып кеттi. Тек Филоктеттi көндiру оңайға түспедi. Ол Лемностың қасындағы құлазыған Хрис шөлдi аралында жападанжалғыз үңгiрде өмiр сүретiн, үңгiрдiң бiрi шығысқа, бiрi батысқа қарайтын екi есiгi болатын. Осы есiктер арқылы қыста күн сәулесi түсiп жылытса, жазда жел соғып қапырығын басатын. Филоктет ылғи аштықтың азабын тартатын. Ол садақпен жабайы көгершiн атып, тамағын әрең асырайтын. Аяғындағы жарақатының ауыратыны сонша, ауыз су әкелуге зорға жылжып баратын. Тасты тасқа соғып, әрең от тұтататын. Филоктеттiң Хрис аралында осылай азаппен, қайыршылықпен өмiр сүргенiне он жыл болған. Хрис жағалауына анда-санда теңiзшiлер соғып тұратын, бiрақ, олардың бәрi де Филоктеттi Грецияға алып кетуден бас тартатын. Осы азаптың бәрiнiң күнәкары Атрейдiң ұлдары мен Одиссей болатын. Филоктет оларды мейлiнше жек көретiн. Ыңғайы келсе жебесiмен бәрiн де жайратып салуға дайын-ақ.
Одиссей өзi Филоктеттiң көзiне түссе сөзсiз мерт болатынын жақсы бiлдi. Сондықтан да ол қулыққа басты. Жасөспiрiм Неоптолемдi Филоктетке барып, гректердiң көсемдерi арына тигендiктен Троя түбiнде қалың қолды тастап, қашып келемiн деп айтуға үгiттедi. Егер Филоктет өзiн Грекияға ала кетудi өтiнсе бiрден келiсу керек, онда Филоктеттi де, садағы мен жебесiн де қолға түсiруге болады. Сөйтiп, оны Трояның түбiне әкелудiң сәтi түседi. Неоптолемнiң мұндай арамдыққа барғысы келмеп едi, бiрақ Одиссей Филоктеттi кемеге келтiрудiң басқа жолы жоқ екенiн айтып отырып алды. Неоптолем көндi.
Кеме Христiң жағасына келiп тоқтады да, Неоптолем бiрнеше жауынгерiн ертiп жағаға түсiп, үңгiрге қарай жүрдi. Филоктет онда жоқ болып шықты. Кешiкпей анадайдан Филоктет те көрiндi.
Аяғының жарақаты қинағаны сонша, ол үңгiрге қарай әрең басып ыңыранып келе жатыр едi. Кiсiлердi көргенде қуанып кеттi. Алдында тұрған Ахиллдiң Неоптолемi екенiн бiлгенде бұрынғыдан бетер қуанды. Неоптолем оған Одиссей үйреткен өтiрiкке қоса Ахиллдiң, Патрокл мен Аякстiң мерт болғанын айтты. Филоктет өзiнiң өте жақсы көретiн батырлары өлгенiн естiгенде қатты қапаланды. Ол Неоптолеммен бiрге Грекияға қайтуға келiстi. Тiптен өзiн Одиссейден қорғауды өтiнiп, Неоптолемге садағы мен жебелерiн бердi де, тезiрек теңiзге шығуға асықтыра бастады.
Күтпеген жерден бiр жауынгер келiп, Феникс батыр мен Тесейдiң ұлдары Филоктеттi күштеп Трояның түбiне алып бармақ болып жақындап қалғанын хабарлады. Жарақаты сыздағанына қарамай Филоктет жағаға қарай тұра ұмтылды. Осы азаптың бәрiн Неоптолем көрiп тұрған. Ол бұдан әрi шыдай алмай бар шындықты Филоктетке айтып салды. Неоптолем оған садағы мен жебелерiн қайтып бермек болып оқтала бергенде тасадан жүгiрiп шыға келген Одиссей жолын бөгедi. Филоктет өзi қаны қайнаған Одиссей мен Атрей ұлдарының қолында мылқау құралға айналмау үшiн құзға шығып теңiзге секiрмекке тұра ұмтылды. Одиссей қызметшiлерiне ұстап алып, кемеге оны күштеп апаруға бұйырды. Филоктет аласұрып қатты қиналды. Мұндай азапты көрiп тұруға Неоптолемнiң бұдан әрi дәтi шыдамады да, садағы мен жебелерiн қайтып бердi. Одиссейдiң бар жоспары күл-талқан болды. Ол Гераклдiң жебесiнен келетiн ажалдың қаншалықты азапты екенiн бiлетiндiктен, ендi тiптен қашып құтылуды ойлады.
Неоптолем Трояны алуға гректерге көмектесу үшiн өзiмен бiрге Троядаға жүруге Филоктеттi көндiрмек болып қайта тырысып көрген. Филоктет үзiлдi-кесiлдi бас тартты. Өйткенi ол өзiн осыншама азапқа салған Агамемнон, Менелай, Одиссей қиянатын ұмыта алған жоқ едi. Неоптолем ендi Христан мақсаттарына жете алмай кету, не қулық жасап, өтiрiк айту ғана қалғанын ұқты.
Кенет Филоктеттiң көз алдына жарқырап Гераклдiң елесi келе қалды. Ол Филоктетке Троя қамалына баруды бұйырды. Батырлардың батыры онда Филоктеттi бар жарақатынан құлан-таза айықтырып, Трояны алу даңқына бөлейтiнiн ескерттi. Филоктет досының бұйрығына мойын ұсынды. Одиссейдiң кемесiне өзi шығып, Троядаға бет алды.
Троя қамалының түбiне келген соң Неоптолем көптеген ерлiк көрсеттi. Мықтылық пен өжеттiк жағынан Ахиллдiң ұлымен ешкiм теңдесе алмады. Шайқаста Неоптолемнiң қолынан троялық талай батыр мерт болды. Кескiлескен жекпе-жекте ол құдiреттi Гераклдiң ұрпағы, Телефтiң ұлы Эврипилдi де өлтiрдi. Эврипилдi аса құнды сыйлық – ғажайып Ганимедке арнап Зевс өсiрген алтын жүзiмнiң сабағын алғаны үшiн Приамға көмекке өз анасы жiберген болатын. Мемноннан кейiнгi Трояның ең мықты қорғаушысы, құдайдай ғаламат Эврипил едi. Оны анасының құлқын құмарлығы мерт қылды.
Троя қамалының түбiне келгеннен кейiн кешiкпей Филоктет осы соғыстың айыпкерi Паристi өз жебесiмен жарақаттады. Гераклдiң у жалатқан жебесiмен Филоктет салған жазылмас жарақаттан Парис ауыр азап тартып өлуге тиiс едi. Жебе уы оның денесiне бiрте-бiрте тереңдеп сiңе бердi. Парис Троядан орманға кетiп, ауыр азаппен жан тапсырды. Ол өзi бiр кезде қатардағы бақташы ретiнде емiн-еркiн өмiр сүрген жерге барып өлдi. Денесiн малшылар тауып алды. Олар өздерiнiң бұрынғы жолдасының өлiмiне көз жастарын төктi. Зор алау жағып, оған Паристiң денесiн қойды да, өртеп жiбердi. Өртенген дененiң күлiн сауытқа салып, бейiтке қойды.
Троялықтар үшiн қаланы қорғау күннен күнге қиындай түстi. Әйтсе де гректер Трояны күшпен ала алмады. Сондықтан да Одиссей қайтадан қулыққа жүгiнудi жөн көрдi. Ол қамшымен өз бетiн өзi ұрып тiлiмдеп, албажұлба киiндi де, қайыршының түрiне енiп, троялықтар не iстеп жатқанын барлап бiлу үшiн қалаға өтiп кеттi. Троялықтар қайыр сұрап жүрген бейшараны көрген. Оның Одиссей екенiн жалғыз Елена ғана таныды. Елена үйiне шақырып, жуып-шайындырды да, ал оның кiм екенiн троялықтарға айтпауға уәде бердi. Одиссей қалағанының бәрiн көрiп-бiлiп, көптеген сақшыларды өлтiрiп, гректер қосынына аман-есен қайтып келдi. Бұдан соң Одиссей мен Диомед Трояға жасырын түрде өтiп, Афина-Палладаның қасиеттi құтханасына кiрдi. Мұнда бiр кезде аспаннан түскен әйел құдайдың ағаштан ойылған мүсiнi (палладий) тұратын. Осы мүсiндi гректер қалайда қолға түсiруi керек едi: өйткенi бұл мүсiн Трояда тұрғанда қаланы басып алу мүмкiн еместi. Гректер әрең деп ретiн келтiрiп осыны ұрлап әкеттi. Қайтар жолда көптеген троялықтарды өлтiрiп, өз лагерлерiне оралды.
ТРОЯНЫҢ ҚҰЛАУЫ
Негiзiнен Вергилийдiң «Энеида» поэмасы бойынша баяндалған.
Әйткенмен гректер қаланы ала алмай-ақ қойды. Сонда Одиссей тек айла-қулықпен әрекетке көшудi ұсынды. Ол iшiне гректердiң ең күштi батырлары түгел жасырына алатын орасан зор ағаш ат жасауға кеңес бердi. Ал басқа жауынгерлер бiрi қалмай Трояда жағасынан жүзiп кетiп, Тенедос154 аралының арғы бетiнде көзден тасалана тұруға тиiс болды. Троялықтар атты қалаға алып кiредi. Түнде жауынгерлер аттың iшiнен шығады да, жасырын қайта оралған гректерге қала қақпасын ашады. Одиссей Трояны тек осындай әдiспен ғана алуға болады деп сендiрдi.
Өзiне Зевс аян берген балгер Калхас та гректердi қулыққа көшуге үгiттеп бақты. Ақыры, гректер Одиссейдiң ұсынысын мақұлдады. Атақты мүсiншi Эпей мен оның шәкiрттерi әйел құдай Афина-Палладаның жебеуiмен аса зор ағаш ат жасады. Оған Неоптолем, Филоктет, Менелай, Идоменей, Диомед, кiшi Аякс, Мерион, Одиссей және басқа бiрнеше батыр орналасты. Ағаш аттың iшi қарулы жауынгерлермен лық толды. Эпей батырлар кiрген саңылаудың iзiн бiлдiрмей сыналай жымдастырғаны сонша, ат iшiнде жауынгерлер бар деп ойлау мүмкiн емес едi. Содан кейiн гректер өз лагерьлерiндегi құрылыстың бәрiн өртеп жiберiп, кемелерiне отырды да, ашық теңiзбен жүзiп кеттi.
Трояның биiк дуалдарына шығып қадағалап, қоршаудағылар гректер қосынындағы абыр-сабырды байқаған. Көпке дейiн олар не болып жатқанын болжай алмады. Бiр кезде гректер қосынының үстiн көк түтiн басқанын көрiп, керемет қуанышқа кенелдi. Олар гректердiң Трояданы тастап бара жатқанын түсiндi. Троялықтар қуанғаннан, асыр сала қаладан шықты да, гректер тастап кеткен қосынға барды. Қосын шынында бос қалыпты, кей жерлерде оттың шаласы әлi түтiндеп жатыр. Троялықтар осыдан аз-ақ бұрын Диомед, Ахилл, Агамемнон, Менелайдың және басқа батырлардың шатырлары тұрған жерлердi көрдi. Олар қоршау аяқталды, қауiпқатер бiржола бiттi, ендi бейбiт еңбекке кiрiсуге болады деп түйдi.
Бiр кезде троялықтар таңданып орындарында тапжылмай тұрып қалды: олардың көзiне ағаш ат түскен едi. Троялықтар осынау ғажайып мүсiнге қадала қарап, неге жорырын бiлмей дал болды. Бiреулер атты теңiзге тастауды, екiншi бiр топ керiсiнше қалаға апарып, Акропольге қоюды ұсынды. Талас басталды. Осы кезде егесушiлер алдына Аполлон құдайдың абызы Лаокоон шықты. Ол жан-тәнiмен жерлестерiн ағаш аттың көзiн жоюға үгiттедi. Лаокоон ат iшiнде жасырынып грек жауынгерлерi отырғанын, бұл Одиссейдiң тағы бiр әскери айласы екенiн бiрден ұққан. Гректер Трояданы бiржола тастап кеттi дегенге сенген жоқ ол. Троялықтарға да ағаш атқа сенбеңдер деп жалынды. Лаокоон гректерден қауiптендi.
Ол зор найзасын толғап-толғап, ағаш атқа қарай атып жiберген. Ағаш ат дiр еттi де, iшiнен қару-жарақтың күңгiрi естiлдi. Бiрақ құдайлар троялықтардың ақыл-есiн орнына келтiрмедi, олар қару-жарақ жаңғырығын есiтпей, атты қалаға алып кiрудi ұйғарды.
Троялықтар ағаш аттың айналасында тұрғанда кенет айғайлаған дауыс естiлдi. Малшылар әлдебiр тұтқынды қол-аяғын байлап алып келе жатыр едi. Ол өз еркiмен берiлiптi. Тұтқын грек Синон болып шықты. Троялықтар оны қоршап алып, мазақтай бастады. Синон өзiн қаумалаған троялықтарға үрейлене қарап, үн-түнсiз тұрды. Бiр кезде барып сөйлеп кеттi. Өз басына түскен қатал тағдыр азабына шағынып көз жасын көл қылды. Синонның көз жасы Приам мен троялықтардың бәрiне қатты әсер еттi. Олар мұның кiм екенiн, неге қалып қойғанын сұрай бастады. Синон ендi троялықтарды алдау үшiн Одиссей ойлап тапқан өтiрiк өмiрiн қисынды баяндап бердi. Ол Итака патшасы жек корген Паламедтiң туысы болғандықтан Одиссей кезiн жоймақ болғанын айтты.
Сондықтан да гректер қоршауды тоқтатуға шешiм қабылдағаннан кейiн Одиссей Калхасқа жорықтан елге аман-сау оралу үшiн құдайлар құрбандық талап етiп жатқанын жариялауды бұйырады. Калхас бiраз уақыт өтiрiк қиналған болып тұрып, ақыры құрбандыққа шалуға Синонды көрсетiптi. Гректер мұның қол-аяғын байлап, дереу құрбандық орнына алып барады. Бiрақ Синон өзiн байлаған жiптi үзедi де тура келген өлiмнен қашып құтылады. Гректер өз елiне қарай жүзiп кетуiн күтiп ол қалың қамыс ұйығында ұзақ уақыт тығылып жатады. Гректер кеткен соң ғана тасадан шығып, бақташыларға өз еркiмен берiледi.
Троялықтар айлакер гректiң сөзiне сендi. Приам тұтқынның қолын шештiрiп, гректер жұртқа тастап кеткен мынау ағаш аттың не екенiн түсiндiруiн сұрады. Синонның күткенi де осы сұрақ болатын. Ол өз сөзiнiң шындығына құдайлар атын куәге тартып, ағаш атты гректер Троядан палладийдi ұрлап әкеткенi үшiн кәрiн төккен әйел құдай Афина-Палладаның мейiрiн түсiру ниетiмен қалдырып кеткенiн айтты. Бұл ағаш ат, Синонның сөзi бойынша, егер қалаға кiргiзiп алса Трояның мықты қорғанышы болмақ. Троялықтар Синонға сендi, сөйтiп ол өзiне Одиссей жүктеген мiндеттi бұлжытпай орындады.
Троялықтардың Синонның сөзiне мүлтiксiз сенуiне Афина-Паллада жiберген мына бiр керемет те айрықша себепкер болған едi. Теңiзде түрiнен адам шошитын екi жылан көрiндi. Олар денесiн мың бұралтып, сақина жасап шиыршық атып, жағаға қарай жедел жүзiп келедi. Төбесiндегi қан түстес қып-қызыл айдарлары да адырайып көрiнедi. Көздерi жалын шашады. Жыландар жағаға Лаокоон теңiз құдайы Посейдонға құрбандық шалған тұстан шықты. Зәресi ұшқан троялықтар тұра қашты. Жыландар болса Лаокоонның екi ұлына тура атылып, денесiмен орап алды. Балаларын құтқару үшiн Лаокоон да тұра ұмтылды, бiрақ жыландар оның өзiн де орап тастады. Өткiр тiстерiн Лаокоон мен оның ұлдарының денесiне батырлатып қадай бердi. Соры қайнаған Лаокоон жыландарды денесiнен жұлып тастап, балаларын да босатып алмақ болып әрекеттенiп баққан, бiрақ одан ештеңе өнген жоқ. У денеге тарай бастады. Мүшемүшелерi тырысып, құрысып, Лаокоон мен оның балалары сұмдық қиналды. Өзiне ажал жақындап келе жатқанын сезген Лаокоон шыңғырып жiбердi. Ол өз отанын қорғау мақсатымен құдайдың әмiрiне қарсы шыққаны үшiн осылайша екi ұлының көз алдында өмiрмен қоштасқанын көрiп тұрып өзi де қаза тапты. Жыландар не сұмдықты жасап болған соң сусып барып Афина-Паллада мүсiнiнiң астына тығылды.
Лаокоонның ажалы ағаш атты қалаға алып кiру керек деген троялықтар сенiмiн бұрынғыдан бетер арттыра түстi. Орасан зор етiп жасалған ат қақпаға сыймайтын болғандықтан олар қала қорғанының бiр бөлiгiн құлатып, ағаш атқа арқан байлады да, музыканы күңiрентiп, жапа-тармағай ән салып, айқай-шумен қалаға қарай сүйрей бастады. Бұзылған дуалдың жақтауларына ұрынып ағаш ат төрт рет аялдады. Осындай кездерде қатты соққыдан оның iшiндегi гректердiң қару-жарағы да қаңғыр-күңгiр етiп жатты, бiрақ троялықтар бұл дауысты естiмедi. Ақыры олар ағаш атты акропольге алып келдi. Акропольге әкелiнген ағаш атты көргенде көреген Кассандраның зәресi ұшып, байбалам салды. Ол Трояның құлайтынын айтты. Бiрақ троялықтар бұл сөзге күлдi де қойды. Өйткенi оның сәуегейлiгiне ешуақытта сенбейтiн.
Ат iшiнде гректер сырттан естiлген әрбiр сыбыстың аңысын аңдап үн-түнсiз отырды. Олар сұлу бұрымды Елена бұлардың өз әйелдерiнiң дауысына салып, әрқайсысының атын жеке-жеке атап қалай шақырғанын да есiттi. Одиссей жауап қатуға оқтала берген бiр батырдың аузын алақанымен басып, әрең дегенде үнiн өшiрдi. Гректер қоршаудың аяқталуына байланысты троялықтардың шаттыққа кенелген көңiлдi той-думанының айқай-шуын түгел естiп отырды. Ақыры түн де болды. Айқай-шу басылды. Троя қалың ұйқыға кеттi. Ағаш аттың iшiнен ендi шығуға болады деп белгi берген Синонның дауысы естiлдi.
Бұл кезде Синон Троя қақпасының маңында үлкен алау жағып та үлгерген едi. Бұл Тенедостың арғы бетiнде жасырынып тұрған гректерге тезiрек қалаға жетiңдер деп берiлген белгi болатын. Ағаш аттың iшiнен шаң-шұңсыз аяқтарын абайлап басып Одиссей мен Эпей бастаған гректер шықты. Жауынгерлер ұйқыға шомған Трояның көше-көшелерiне бөлiндi. Кирап бара жатқан Трояның үстiн қан сияқты күрең қызыл шұғылаға бөлеп, үйлердi өрт жалмай бастады. Осы кезде жасырынып тұрған грек жасақтары дуалдың құлаған жерi арқылы қалаға басып кiрдi. Сұмдық шайқас басталды.
Троялықтар қолына iлiнген заттың бәрiн қару етiп қорғанды, Олар гректерге қарсы столдар мен орындықтарды, жанып жатқан шоқты, үй жиҺаздарын лақтырып, әлгiнде ғана ет шаншып қуырған iстiк темiрлермен шайқасты. Гректер ешкiмдi аяған жоқ. Трояның көшелерiнде еңiреген әйелдер мен балалар зар қағып жүрдi. Ақыры, гректер мұнаралы дуалдармен қоршалған Приамның сарайына жақындады. Троялықтар жанкештi нағыз ерлiкпен қорғанды. Олар гректердiң үстiне бiр мұнараны түгелiмен төңкерiп жiбердi. Гректер одан бетер өжеттене ұмтылды. Ахиллдiң ұлы Неоптолем сарай қақпасын балтамен ұрып талқандап, бiрiншi болып басып кiрдi. Оның соңынан сарайға басқа жауынгерлер де лап бердi. Приамның сарайын әйелдер мен балалардың өкiре жылаған дауысы басына көтердi. Осында ғана аман қалармыз деген үмiтпен Приамның қыздары, келiндерi құдайлар михрабының түбiне тығылған. Приам қару-жарағын асынып, қыздары мен келiндерiн қорғап, не шайқаста өлмек болып тұра ұмытылып едi, бiрақ кәрi патшаны Гекуба жалбарынып ұстап қалды. Ол қорғанышты осы михрабтан күт деп кеңес айтты. Өйтпесе жасы жеткен әлсiз қарт алып батырларға қарсы қалай төтеп берсiн!
Кенет Приамның ауыр жаралы ұлы Политты қуып Неоптолем кiрiп келдi. Ол Политты найзамен бiр-ақ ұрып, әкесiнiң аяғына жықты. Приам найзасын Неоптолемге қарсы лақтырып едi, бiрақ тал шыбықтай солқылдап жеткен найза Ахилл ұлының қалқанына тидi де, тайып кеттi. Ызаға булыққан Неоптолем Приамды селдiреген аң шашынан ұстап алып көкiрегiне қылышын сұғып жiбердi. Осылайша Приам қаншама жылдар бойы ұлы Трояны билеп, ғұмыр кешiп келген өз сарайында қаза тапты. Приам ұлдарының ешқайсысы тiрi қалған жоқ. Тiптi оның немересiн – Гектордың ұлы Астианаксты да бақытсыз Андромаханың қолынан жұлып алып, Трояның биiк қорғанының үстiнен лақтырып жiбердi. Парис қазасынан кейiн Еленаға үйленген Деифобты Менелай сарайда ұйықтап жатқан жерiнде өлтiрдi. Ызаға булыққаны сонша, ол Елена арудың өзiн де өлтiруi мүмкiн едi, тек Агамемнон ұстап қалды. Ал әйел құдай Афродита Менелайдың жүрегiнде Еленаға деген махаббатын қайта тұтатты. Ол Еленаны өз кемесiне салтанатпен алып келдi.
Приамның қызы көреген Кассандра Афина-Палладаның ғибадатханасында бас сауғалады. Оилейдiң ұлы Аякс оны сол жерден тапты. Кассандра қос қолымен құдайдың бейнесiн құшақтап, Афинаның мүсiнiне жабысып қалған. Аякс қызды аямай бүрiп, бар күшiмен тартып қалғанда қасиеттi мүсiн орда еденiне опырылып құлап, күл-талқаны шықты. Аякс гректердiң ашуына тидi, бұған құдiреттi әйел құдайдың да ызасы қыз-қыз қайнады. Кейiннен ол осы қылығы үшiн Аякстан өш алды.
Троя батырларының iшiнде Троядан қарт әкесi Анхиз бен сәби ұлы Асканийды қос қолымен көтерiп шыққан Эней ғана аман қалды. Гректер троялық Антенор батырға да кешiрiм жасады. Себебi ол қай кезде де троялықтарға сұлу шаш әсем бұрымды Елена мен Парис ұрлап әкелген Менелайдың қазынасын гректерге қайтып берудi айтумен болған.
Троя көпке дейiн өртенiп жатты. Будақтаған түтiн аспан астын шиырлап көкке самғап көтерiле бердi. Троя өртi алыстан көрiнетiн. Түтiн бағаналары мен айналаны ораған жалынға қарап төңiректегi халықтар көптен берi Азияның ең мықты қаласы болып келген Трояның құлағанын ұқты.
ГРЕКТЕРДIҢ ОТАНЫНА ОРАЛУЫ
Негiзiнен Еврипидтiң «Андромаха» мен «Гекуба» трагедиялары бойынша баяндалған.
Гректер Троядан қыруар олжа түсiрдi. Көптеген алтын, күмiс, жиҺаздар мен сансыз сұлу тұтқын қыздарды олар өздерiмен бiрге ала кеттi.
Грек кемелерi Геллеспонттың қарсы бетiне келiп тоқтағанда бұларға ұлы Ахиллдiң аруағы көрiндi. Ол бiр кезде өзiнiң әйелi болуға ұйғарылған Приамның аса сұлу қызы Поликсенаны құрбандыққа шалуды талап еттi. Агамемнон Поликсенаны бергiсi келмедi. Сiңлiсiн аман қалдыруды Кассандра да жалбарына өтiндi. Бiрақ Одиссей Трояны қоршау кезiндегi Ахиллдiң қисапсыз қызметiн еске салып, құрбандықтың шалынуын талап еттi. Поликсенаның өзi де құрбандық пышағының астына түсуге дайын екенiн сездiрдi. Өйткенi ол жат жұрттағы құлдық азаптан құтылудың жалғыз жолы осы деп бiлдi. Поликсена қолына пышағын ұстап Неоптолем тұрған михрабтың жанына асықпай өзi барды. Ол өзiн өлiмге қарай алып жүруге тиiс жас жiгiттiң қолын денесiне тигiзбедi. Өйткенi Поликсена Аид патшалығына күндер сияқты түскiсi келмедi. Ол михрабқа өзi барып, көкiрегiн өзi ашты. Ауыр күрсiнiп Неоптолем қылышын Поликсенаның көкiрегiне қойып қалды. Ыстық қан Ахилл құрметiне орнатылған құрбандық орнын жауып кеттi.
Поликсенаны құрбандыққа шалған соң гректер өз отанына қарай ұзақ жолға шықты. Бұл сапарда олар көптеген қиыншылықтарға кездестi. Талай боздақ батырлар туған жерiне жете алмай опат болды.
Троя қирап жатқан кезде-ақ ашуға мiнген АфинаПаллада Менелай мен Агамемнонның арасына от салған. Менелай бiрден Грекияға жүзiп кетпек болды. Ал Агамемнон болса құрбандық шалып Афинаның бетiн берi қаратқанша, гректер Трояданы тастап кетпеуiн талап еттi. Агамемнон әйел құдай Афинаның ашуын ешқандай құрбандықпен қайтара алмайтынын бiлген жоқ.
Ағайындылар айтысы күнi бойы толастамады. Келесi күнi грек кемелерiнiң бiр тобы қолға түскен олжадан өз үлестерiн алып, Трояданы тастап шықты. Теңiзге шыққандар Нестор, Диомед, Неоптолем, Идоменей және Филоктет болатын. Бiраздан соң Менелай да аттанды. Ол Нестор мен Диомедтi Лесбос аралында қуып жеттi. Трояданы Одиссей де тастап шыққан едi, бiрақ Тенедосқа жеткенде өз серiктерiмен ерегесiп қалды да, Агамемнонға қайта оралды.
Лесбосқа жиналған гректер Эвбея аралына қарай жүзiп шықты. Эвбеяға жеткен соң Гефест құдайға бағышталған мүйiсте Посейдонға құрмалдық бердi де, ары қарай жүзе бердi. Төрт күннен соң Диомед Аргосқа, ал Нестор Пилосқа келдi. Сол сияқты өз отанына аман-сау Идоменей, Филоктет, Неоптолем де оралды.
Ал Менелай болса көптеген қиыншылықты басынан өткiздi. Аттиканың шығыс шетiндегi Суний мүйiсiнiң тұсында Аполлон құдай Менелайдың ескекшiсi Фронтистiң көкiрегiне өз жебесiн қадады. Менелай жағаға тоқтады да, Фронтистiң құрметiне сән-салтанатымен жерлеу жоралғысын өткiзiп, сонан соң ғана жолға шықты. Кемелер Лаконияның оңтүстiк-батыс шетiндегi қауiптi Малея мүйiсiн айнала бергенде Зевс бұларға қарсы құтырынған күштi дауыл тұрғызды. Теңiз бетiн таудай-таудай толқын басып кеттi. Менелай кемелерiнiң бiр бөлiгiн дауыл Критке қарай айдап тықсырып, жартасқа соғып қиратты. Ол кемелердегi гректер әрең дегенде жан сақтап қалды. Менелайдың өзi бар баска кемелер теңiзде ұзақ жүзiп, ақыры Египет жағалауына келiп тоқтады. Жат жұрттық халықтар арасында Менелай жетi жыл сандалды. Ол сидондықтар мен эфиоптар сияқты көптеген халықтар арасында болды. Кипрдi де, Финикияны да, шалғайдағы Ливияны да шарлады. Мұнда тұратын халықтардың қисапсыз малы болатын. Менелай көптеген сый-сыяпат алып, қыруар байлық жинады, Египетте Фоонның әйелi Полидамна сұлу Еленаға қасиеттi өсiмдiктiң шырынынан жасалған ғажайып дәрi-дәрмек сыйлады. Бұл дәрiнi шарапқа араластырып iшкен адам қандай ауыр қайғысын да ұмытып кететiн. Ақыры Египеттен шығып Менелай жол-жонекей Фарос аралына тоқтады. Осы аралда ол оңынан соғатын желдi күтiп жиырма күн аялдады. Арал елсiз, шөлейт едi, азық-тұлiк таусылуға жақындады. Бәрiне де өлiм қаупi төндi. Менелай мен оның серiктерiн бұл азаптан теңiз құдайы Протейдiң қызы әйел тәңiрi Идофея ғана құтқарды. Ол Менелайға келдi де, Протейдi қолға түсiрiп, құдайлардың құпиясын ашуға мәжбүр етудiң жолын үйреттi. Ертелетiп, таң шапағы тәңiрi Эос аспанға көтерiлген бойда Менелай өзiнiң қайратты да қажырлы үш серiгiн алып теңiз жағасына келдi. Осы жерде оларды төрт итбалықтың терiсiн ұстап Идофея күтiп тұрған болатын. Идофея терiлердi Менелай мен оның серiктерiне кигiздi де, терi иiсi қинамауы үшiн мұрындарына мәңгiлiк жүзiм шырынын жағып қойды. Менелай мен серiктерi теңiз жағасында қимылсыз жатты. Бiр кезде итбалықтар үйiрiн айдап теңiз тұңғиығынан Протей шықты. Ол итбалықтарды санап алды да, емiн-еркiн құмға жатып, ұйықтап кеттi. Менелай өз серiктерiмен Протейге айқай сала тұра ұмтылды. Қиян-кескi шайқас тағы басталды. Протей арыстан, жылан, қабылан, қабан түрiне де ендi, от пен суға да айналды. Бiрақ Менелай мен оның серiктерi ұстаған жерiнен айырылмады. Ақыры болмаған соң қарт басына түскен бәлеге көнiп, байырғы кейпiне ендi де, Менелай өзiнен не бiлгiсi келетiнiн сұрады. Менелай теңiз қартынан қай құдайдың қаҺары түсiп, оңынан жел соқтырмай қойғанын сұрады. Протей оған Египетке қайтып барып, сол жерде құдайларға үлкен құрбандық шалуы қажет екенiн айтты. Тек сонда ғана бұған құдайлардың мейiрi түсiп, елiне аман-сау оралуына мүмкiндiк туатынын ескерттi. Көреген Протей Менелайға өз тағдыры мен әйелi Еленаның тағдыры жөнiндегi болжамын да аян еттi, сол сияқты Трояның iргесiнен аттанған әрбiр гректi жол бойында не күтiп тұрғанын да айтып бердi. Менелай Протейдiң әмiрiн орындады. Ол Египетке қайтып оралып, құдайларға құрбандық шалды. Құдайлар оған оңынан жел соқтырды да, өзiнiң Спартасына есен-сау оралып, ұзақ жылдар бойы бақытты өмiр сүрдi. Менелай мен әйелi Елена қайтыс болған соң олардың мүрдесi ешқандай қайғымұңсыз мәңгiлiк өмiр сүретiн әулиедер аралына апарылып қойылды.
Отанына қайтар жолда Агамемнон патшаның да талай қауiп-қатердi бастан өткеруiне тура келдi. Агамемнон мен оның серiктерi Эвбея жағалауына жеткенде, мұнда, Герей мүйiсiнiң дәл iргесiнде ғаламат дауыл көтерiлдi. Оны гректерге қаҺарын төккен әйел құдай Афина жiберген болатын. Ол әсiресе Оилейдiң ұлы Аякске өшiккен едi. Жартасқа соғылып қыруар кеме қирады. Аякстың кемесi де тас-талқан болды. Егер жер сiлкiндiрушi теңiз құдайы Посейдонның мейiрiмi түспегенде Аякс толқынға тұншығып өлетiн едi. Ол толқындарға Аяксты Герей құздарына лақтырып тастауды бұйырды. Аякс осылайша аман қалды. Бiрақ осы жерде өркөкiректiлiгiнiң кесiрiнен өзiнiң түбiне өзi жеттi. Ол құдайлардың көмегiнсiз-ақ, тiптi солардың әмiрiмен санаспай-ақ, өзiмдi-өзiм құтқардым деп көкiрек кере, есуастана жар салды. Бұл есуас сөздер Посейдонның құлағына шалынған. Ыза кернеп ол қолындағы үш ашалы аса таяғымен Аякс тұрған құзды салып қалды. Құз қақ айырылды. Оның жарымы жер-дүниенi күңiренте Аяксты өзiмен ала теңiзге опырылып түстi. Аякс осылайша әлгiнде ғана өзiн Посейдон аман алып шыққан иiрiмге қайта құлап, тұншығып өлдi. Агамемнонның кемелерi дауылдан әрең қашып. құтылып, ақыры әйтеуiр өз елiнiң жағалауына жеттi. Бiрақ Агамемнонды өзiнiң алтынға бай Микенысына бақ емес, сор айдап келген едi. Мұнда оны кезiне шөп салған өз әйелi Клитемнестраның қолынан ажал сәтi күтiп тұрған.