ГЕРА МЕН АФИНАНЫҢ АФРОДИТАҒА БАРУЫ

ГЕРА МЕН АФИНАНЫҢ АФРОДИТАҒА БАРУЫ
Аргонавтар Колхидаға келген соң әйел тәңiрiлер Афина мен Гера Ясонның алтын жабағыны алуына қалай көмектесу туралы кеңес бастады. Ақыры, олар махаббат құдайы Афродитаға баруға ұйғарды. Афродита өзiнiң ұлы Эротты жiберiп, Медеяның жүрегiн алтын жебемен атса, Ясонға деген ғашықтық оты қыз жүрегiнде тұтана жөнелмек. Ясонға Эеттiң қызы сиқыршы Медея ғана көмектесе алатынын әйел құдайлар жақсы бiлген.
Әйел құдайлардың екеуi де Афродитаға келдi, ол үйiнде жалғыз, жасаулы алтын тақтың үстiнде алтын тарақпен қолаң шашын тарап отыр екен. Есiктен кiрген әйел құдайларды көрiсiмен Афродита оларға қарсы жүрiп, жылы шыраймен қабылдады. Құдайларды Гефест соққан алтын сәкiге отырғызып, махаббат тәңiрi олардың келген себебiн сұрады. Әйел құдайлар өздерiнiң Ясонға көмектескiсi келетiнiн айтып, Эрот арқылы Медея жүрегiнде ғашықтық отын жандыруын өтiндi. Афродита көмектеспек болды. Әйел құдайлар қоштасып кеткеннен кейiн Афродита өзiнiң тентек ұлын iздеп шықты. Эрот бұл кезде сүйек лақтырысып, Ганимедпен ойнап жүр едi. Айлакер Эрот аңқау Ганимедтi ұтып алып, келемеждеп сақылдай күлiп тұрған. Афродита келдi де, ұлын құшақтап:
– Тентегiм, тыңда менi, – дедi. – Саған бiр жұмыс тапсырғым келiп тұр. Тездетiп өзiңнiң садағың мен жебеңдi ал да, ұшып жерге бар. Колхидадағы Эет патша қызының жүрегiне алтын жебеңдi қада, ол батыр Ясонды сүйетiн болсын. Егер сен осыны орындап келсең, бiр кезде Адрастея кiшкене Зевске арнап жасаған ойыншықты саған сыйлаймын. Тек осы қазiр ұш, мұны тезiрек орындау керек.
Эрот шешесiнiң ойыншықты қазiр беруiн сұрады, бiрақ айлакер ұлының сырын бiлетiн анасы тапсырма орындалмай тұрып, ойыншықты бермейтiнiн айтты. Тапсырма орындалмай ештеңе ала алмайтынын бiлген Эрот садағы мен жебесiн тез алды да, күн сәулесiнде алтын қанаттарын жалтылдатып, аспандағы Олимптен жердегi Колхидаға қарай құлдилай жөнелдi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *