Аргонавтар Финейде көп тұрақтаған жоқ. Олар iлгерi тарта беруге асықты. «Арго» теңiз толқынымен зырлап келедi. Кенет алдарынан, алысырақтан бiр шуыл естiлдi. Шуыл бiрте-бiрте күшейiп, анығырақ естiле бастады, Сапыртып, жақындап келе жатқан дауыл сарыны сияқты кейде ол сарынды күн күркiрi бөлiп кеткен тәрiзденедi. Мiне, Симплегада құздары да көрiндi. Батырлар құздардың бiрбiрiнен ажырап барып, сонан соң қайтадан сатыр-күтiр етiп бiр-бiрiмен соқтығысатынын көрiп келедi. Құздар маңында теңiз суы бұлқан-талқан қайнап, құздар бiр-бiрiмен соқтығысқан сайын ақшулан көбiк аспанға шапшиды. Құздар ажырай жөнелгенде олардың аралығында жылым пайда болады да, теңiз суы құтырына иiрiлiп бұрқылдап жатады.
Батырлар есiне Финей берген кеңес түстi, ол ең әуелi көгершiн ұшырыңдар, егер көгершiн Симплегадалар арасынан ұшып үлгiрсе, «Арго» да оның арасынан аман-есен шығады деген-дi. Аргонавтар ескектi жеделдете есе бастады. Мiне, құздардың дәл түбiне келдi. Құздар күрiс етiп соғылды да, аспан жарылып кеткендей болды. Шашыраған тұзды су аргонавтарды жауып кеттi, ал, «Арго» құйын құрсағандай толқын ортасында үйiрiлiп, дөңгелене бердi. Эвфем көгершiндi ұшырып жiбердi. Көгершiн құздар арасынан аман өттi, тек құздар соқтығысқанда құйрығының ұшы ғана қысылып, үзiлiп қалыпты. Аргонавтар қуанғаннан айғайлап жiбердi де, жанталаса ескекке жабысты. Құздар арасы қайта ашылды. Бұрқыраған таудай жал-жал толқындар «Аргоны» жұлып алды да, бұғазға апарып тыға салды. Қарсы килiккен басқа бiр толқын «Аргоны» кейiн қарай итерiп жiбердi. Шырайналдыра бұрқылдап қайнап жатқан толқындар. Ескектерi сықырлап, толқын күшiне шыдай алмай «Арго» тұңғиыққа батып кеткелi тұрғандай. Мiне, тағы таудай биiк бiр толқын көтерiлiп келiп түскенде «Арго» қиюы қашқан ескi қайықтай аласұрды. Құздар да жылжып келедi, ендi қазiр бiр-бiрiмен соқтығысады. Бұл апаттың бетiн қайтарар күш жоқ. Осы кезде Зевстiң сүйiктi қызы Афина-Палладаның өзi аргонавтарға көмекке келдi. Ол өзiнiң құдiреттi бiр қолымен құздың бiреуiн ұстап тұрып, екiншi қолымен «Аргоны» жойқын күшпен итерiп жiбергенде кеме бұғаздан жебедей зулап өте шықты. Қосылған құздар рульдiң ұшын ғана жұлып кеттi. Құздар ендi бiржола бiр-бiрiнен ажырасты да бұғаздың екi жағында ешқашан жылжи алмайтындай болып мәңгiлiк қатып қалды. Симплегада құздары арасынан кеме өтсе болды, тапжылмай қатып қалады деген жазмыш бұйрығы жүзеге асты. Аргонавтардың қуаныштары қойындарына сыймады, өйткенi ең үлкен қауiптен аман өттi. Ендi бұлар жорықтары сәттi аяқталатынына сене алатын едi.