АРГОНАВТАР КИЗИК ТҮБЕГIНДЕ

АРГОНАВТАР КИЗИК ТҮБЕГIНДЕ
Пропонтида123 теңiзiмен жүзiп бара жатқан жолында аргонавтар Кизик түбегiне тоқтады. Онда Посейдон ұрпақтары – долиондар тұратын едi. Аралда Кизик патшалық құратын. Кизикке жақын маңдағы Аю тауын әрқайсының алты қолы бар дәулер мекендейтiн. Долиондар мұндай қауiптi көршiлермен тек Посейдон қорғағандықтан ғана iргелес өмiр сүрiп келе жатқан. Кизик аргонавтарды құрметтеп қабылдады, күнi бойы патша сарайында аста-төк қонақасы берiлдi. Тек таң бiлiне бастағанда ғана аргонавтар жолға қамданған. Олар «Аргоға» көтерiлгенi сол едi, шығанақтың қарсы жағалауынан алты қолды дәулер шыға келдi де теңiзге үлкен-үлкен тастар лақтыра бастады, Аргонавтардың шығанақтан ашық теңiзге шығар жолын бөгеу үшiн, тұтас шыңдарды қопарып алып, бiрiнiң үстiне бiрiн үйе бердi. Геракл шiрене тартылған садағын алды да, алып дәулерге қарсы ажал оғын бiрiнен соң бiрiн зуылдатты. Қолдарында найза, қалқандарын көлегейлеп аргонавтар дәулерге дүрсе қоя бердi. Ұрыс көпке созылған жоқ, дәулер бiрiнен соң бiрi теңiзге құлап жатты, олардың бiрде-бiрi құтыла алмады, бәрi де қырылды.
Аргонавтар өз жөнiне жүрiп кеттi. Арқадан соққан жел желкенiн кернеп, «Арго» бүкiл күн бойы толқын бетiмен тыныш жүзе бердi. Кеш болды. Күн құдайы Гелиос аспаннан түстi де, жер мен көктi бiрдей қараңғылық бұркедi. Жел бағыты да өзгердi, алдан соққан жел «Аргоны» кейiн қарай, ергеңгiлiк өзi шыққан жағалауға қарай қуып келедi. Түн қараңғылығында аргонавтар Кизик жағалауына қайта келiп тоқтады. Кизик тұрғындары қараңғыда танымай қалды. Оларды теңiз қарақшылары екен деп қалып, жас патшасының қолбасшылығымен тұтқиыл шабуыл жасады. Жетi түнде сұрапыл ұрыс басталды. Түн қараңғылығында батырлар өздерiнiң кешегi достарын жайратып жүр. Қолы қуатты Ясонның өткiр найзасы жас патша кеудесiнен түйреп өткенде, ол ыңырана құлап түстi. Мiне, таң тәңiрi Эостың нұр сәулесi шығыс жақты қызғылт шапаққа бөлеп келедi. Таң атайын дедi. Жауынгерлер бiрiн бiрi қөргенде құты қашып кеттi. Достар – достарымен қырқысыпты. Қаза болған Кизиктi арулап көмiп, еске алу рәсiмiн аргонавтар мен тұрғындар үш күн өткiздi, жас патшаның қазасын үш күн бойы азалады, жылап-сықтап жоқтау айтты. Оның әйелi, Мероптың қызы Клейто ару ерiнiң өлiмiн көтере алмай, өз кеудесiне өзi семсер сұғып жан тапсырды.

АРГОНАВТАР МИЗИЯДА
Аргонавтар аз уақыт жүзгеннен кейiн Мизия жағалауына жеттi. Жағаға тоқтап, жолға азық-түлiк, ауыз су алмақ болды. Құдерiттi Геракл сынған ескегiн жаңарту үшiн жақын маңдағы орманға кеттi. Ол зәулiм самырсын ағашын тауып, қуатты қолымен тамырымен қопара жұлып алды да, иығына салып, жағаға беттедi. Кенет қарсы алдында досы Полифем жүгiрiп келедi. Ол жаңа ғана жап-жас Гиластың көмекке шақырған дауысын естiгенiн айтты. Геракл Гиласты iздеп тұра жөнелдi, бiрақ ешқайдан таба алмады. Ол қатты мұңайды. Полифем екеуiнiң iздемеген жерi жоқ бiрақ бәрi бос әурешiлiк боп шықты. Гилас табылмады.
Ал, аргонавтар тек таң жұлдызы туып, кешiкпей атар таңның нышаны бiлiнген бойда ғана жолға шыққан. Бiрақ, ертеңгi алакөлеңкеде араларында Геракл де, Полифем де, Гилас та жоқ екенiн олардың ешқайсысы байқамады. Таң атқан соң араларында сүйiктi жолдастарының жоғын көрiп, батырлар қатты қайғырды.
Қасiреттен Ясон басын салбыратып отырып қалыпты, ол жолдастарының өкiнiштi сөздерiн де, Геракл мен Полифемның араларында жоқтығын да тiптi байқамаған тәрiздi. Гераклдiң жан досы Теламон Ясонның қасына келiп оны айыптай бастады:
– Осы кемеде жайбарақат, мұңсыз отырған тек сен ғана. Ендi қуануыңа болады. Бiздiң арамызда Геракл жоқ, демек сенiң даққыңа нұқсан келтiретiн де ешкiм жоқ. Мұның болмайды, егер кейiн оралып, Геракл мен Полифемдi тауып алмасаңдар, мен сендерге ермеймiн.
Теламон кермешi Тифийге жүгiрiп барды да, «Аргоның» бетiн кейiн бұруға көндiрмек болды. Бореадтар124 оған қаншама басу айтып әрекеттенсе де, ашуға мiнген Теламон көнер емес, ол Геракл мен Полифемдi Мизияда қасақана қалдырып кеттiңдер деп бәрiн де айыптай бастады.
Кенет толқын арасынан теңiздiң аян беретiн көрiпкел құдайы Главктың балдырға оралған басы көрiндi. Ол «Аргоны» тұмсығынан шап берiп ұстай алып тоқтатты да, былай дедi:
– Геракл мен Полифем Мизияда ұлы найзағайшы Зевстiң әмiрi бойынша қалды. Геракл Грекияға қайта барып, Эврисфейдiң қызметiнде жүрiп, он екi рет ұлы ерлiк жасауға тиiс. Полифемге халибтер елiндегi Киос қаласына орнығу жазылған. Олар қазiр Мизияда қалып, хор қыздары ұрлаған Гиласты iздеп жүр.
Осыны айтып, Главк қайтадан теңiзге сүңгiдi де, аргонавтар көзiнен ғайып болды.
Батырлардың көңiлi ендi жайланды. Теламон Ясонмен татуласты. Батырлар ескекке отырды, қуатты ескекшiлердiң жұптаса қимылдаған қолдары «Аргоны» теңiз бетiнде зырлатып бара жатты.

АРГОНАВТАР ВИФИНИЯДА125 (АМИКТЕ)
Келесi күнi таңертең аргонавтар Вифиния жағалауына келiп тоқтады. Мұнда оларды Кизиктегiдей қонақжайлылықпен қарсы алмады. Вифинияның теңiз жағалауында бебриктер тұратын, олардың патшасы Амик едi. Ол өзiнiң алып күшiн, жұдырықтасып соғысуда жеңiлiп көрмеген даққын аса мақтан тұтатын. Жат жерлiктердiң бәрiн өзiмен зорлап соғыстыратын да, қатыгез патша зiлдей жұдырығымен бiр-ақ ұрып, оларды аяусыз өлтiретiн. Амик аргонавтарды да мысқылдап қарсы алды, ұлы батырларды қаңғыған кезбелерге балап, егер менiмен күш сынасуға батылдарың жетсе, ең күштiлерiң жұдырықтасуға шығыңдар дедi. Батырлар ашуға булықты. Зевс пен Леданың жап-жас ұлы Полидевк iлгерi шықты. Бебриктер патшасының талабын ол жайбарақат қарсы алды. Қара шапанын киiп, аса зор шоқпарын иығына көтерген Амик айбарлы Тифондай-ақ сiресiп тұр. Ол Полидевктi басынан аяғына дейiн түнере бiр сүзiп шықты. Ал Полидевк оның алдында ерен сұлулығымен жұлдызы жарқырап тұр. Сайысшылар соғысқа әзiрлене бастады. Амик жұдырық қайыстарын126 жерге тастады, Полидевк таңдамай-ақ алдына жақындау түскен бiреулерiн алып, қолын орады. Жұдырықтасу басталды. Бебриктер патшасы құтырған бұқадай аласұрып, Полидевкке тұра ұмтылды. Амиктiң шабуылынан жасқанбай, бiр адым да кейiн шегiнбей, Полидевк оның соққысын аса ептiлiкпен тойтарып тұрды. Жаужүректер тыныс алу үшiн бiр сәтке ғана толастады да, қайтадан ұрысқа кiрiстi. Соққы үстiне соққы. Полидевктi басынан ұқсата бiр ұрмақ болып Амик жұдырығын сiлтеп қалғанда жас батыр жалт берiп, Амиктi құлақ шекеден бiр салып, бас сүйегiн жарып жiбердi.
Амик жерге құлап түстi. Аргонавтар Полидевктi қошаметтеп жаңғырығып кеттi. Патшасы өлтiрiлгенiн көрген бебриктер Полидевкке тұра ұмтылды. Алғашқы екеуiн Полидевктiң өзi-ақ ұшырып түсiрдi. Аргонавтар қаруларын ала салып, бебриктермен айқасқа шықты. Анкейдiң ауыр айбалтасы құйындай ысқырынып бебриктердiң арасында жалтылдап жүр, Кастордың қылышы да жалт-жұлт етiп, жауларын бiрiнен соң бiрi құлатып жатыр. Батырлар арыстандай ақырып ойран салды. Бебриктер қашып бердi. Аргонавтар оларды талай жерге дейiн өкшелеп қуып, теңiз жағасына аса бай олжамен оралды. Жеңiмпаздар теңiз жағалауында түнiмен тойлады. Орфейдiң жеңiс жыры да саңқылдап естiлiп жатыр. Ол алтын кифарасының әуенiне қосылып, бебриктер патшасын жеңген ғажайып Полидевктi найзағай құдайы – Зевс ұлын мадақтап ұзақ жырлады.

АРГОНАВТАРДЫҢ ФИНЕЙМЕН127 КЕЗДЕСУI
Келесi күнi таңертең аргонавтар тағы да iлгерi аттанды. Кешiкпей Фракия128 жағасына жеттi. Жас батырлар өздерiнiң азық-түлiк қорын толықтыру үшiн жағаға шыққан. Теңiз жиегiнен бiр үйдi көрдi де, соған қарай жүрдi. Аргонавтарға қарсы үйден бiр соқыр шал шықты. Ол әлсiздiктен тұла бойы қалтылдап, аяғынан әзер тұр. Қарт үйiнiң босағасынан әзер аттады да, қалжырап отыра кеттi. Аргонавтар шалды мейiлiнше аяп, орнынан көтерiп тұрғызды. Шалмен сөйлескен соң олар Агенордың ұлы, бiр кезде Фракияда патшалық құрған Финей осы екенiн бiлдi. Аполлон сыйлаған сәуегейлiктi дұрыс пайдаланбай, Зевс құпиясын адамдарға ашып қойғаны үшiн Аполлон оны осылай жазалапты. Аполлон Финейдiң екi көзiн бiрдей соқыр қылған да, құдайлар оған жартылай дию, жартылай құс гарпияларды жiберген, гарпиялар Финейдiң үйiне кiрiп, бар азығын жеп, бүкiл үйге жан төзгiсiз жаман иiс қалдырып кетедi екен. Құдайлар оған аян берiп, бұл жазадан сен аргонавтар келгенде ғана құтыласың, олардың арасында Борейдiң қанатты ұлдары Зет пен Каланд болады дептi. Финей мен сендерге бөтен емеспiн, бiр кезде апаларың Клеопатраға үйленiп едiм ғой, гарпияларды құртып, мына қорлықтан құтқарыңдар деп Бореадтарға жалынды.
Батырлар Финейдi құтқармақ болып келiстi. Олар ағыл-тегiл дәм әзiрлеп, Финей тоя бiр тамақ iшуге үстел басына жантая129 бергенде, гарпиялар ұшып келдi де, аргонавтардың айғайына қарамастан тамақтың бәрiн сыпырып жеп, бүкiл үйге сасық иiс таратты да, содан кейiн ұшып шығып жүре бердi.
Өздерiнiң қуатты қанаттарын жайып жiберiп Бореадтар гарпияларды қуа жөнелдi. Олар гарпияларды ұзақ уақыт өкшелеп, ақыры Плотей аралдарында қуып жеттi. Бореадтар семсерлерiн суырып алып, гарпияларға сала беремiн дегенде, кенет ғарыштан Олимп құдайларының елшiсi Ирида қанаттары мың құбыла түрленiп жетiп келдi. Ол борейадтарды тоқтатты да, гарпиялардың бұдан былай Финейге баруына құдайлар тыйым салғанын айтты. Бореадтар Фракияға қайта ұшып кеттi.
Содан былай Плотей құздары Строфадалар130 қайта оралу аралдары аталды.
Бореадтар өкшелей қуған гарпиялар ұшып кетiсiмен аргонавтар Финейге қайта тамақ әзiрлеген. Аштықтан қалжыраған байғұс шал ендi ғана тоя бiр тамақ iшуге мүмкiндiк алды. Финей тамақ iшiп отырған аргонавтарға Колхидаға барар жол бойында тағы да қандай қауiптер күтiп тұрғанын айтып, олардан қалай құтылу жайында кеңес бердi. Сонымен қатар ол батырларға Колхидаға барысымен алтын Афродитадан көмек сұрау керектiгiн, Ясонның алтын жабағыны алуына тек Афродита көмектесе алатынын ескерттi. Аргонавтар көреген қарттың әр сөзiн мұқият тыңдап, айтқанының бәрiн есте сақтауға тырысты.
Кешiкпей Бореадтар қайта оралды да гарпияларды қалай қуғанын баяндады. Гарпиялардың қайтып келмейтiнiн естiгенде қарт қатты қуанды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *