ЯСОН ИОЛКТЕ

ЯСОН ИОЛКТЕ
Пиндардың «Пифия одасы» өлеңдері бойынша баяндалған.

Ясон Иолкке келген бойда ешқайда бұрылмастан қаланың бар тұрғындары жиналған алаңға барды, Иолк тұрғындары сұлу жiгiтке таңдана қарады. Ясонның ғажайып тұлғасына қызыға қараған олар мұны Аполлон немесе Гермес болар деп ойлады.
Оның үстiндегi киiмi де Иолк адамдарының киiмiне ұқсамайтын: иығына жолбарыстың тарғыл терiсiн жамылған, тек оң аяғына ғана сандал121 киген. Қалың бұйра шашы иығына түседi, кескiн-келбетiнiң бәрi жас құдай iспеттес, әдемiлiк пен әлеует менмұндалайды. Сүйсiне қараған тұрғындар ортасында қос найзаға сүйенiп, жайбарақат тұр.
Осы кезде қымбат жиҺазбен безендiрiлген күймесiне мiнiп Пелий де алаңға келдi. Ол жас жiгiтке қарады. Жiгiттiң бiр аяғында ғана киiмi бар екенiн көргенде дiр ете қап, шошып кеттi. Бiр кезде бал ашқан сәуегей оған, Иолкке ажалың таудан түсiп келетiн сыңар сандалды адамнан болады дегенi бар едi. Бұл сол адам, Эсонның баласы. Күшiмен болсын, айласымен болсын Пелийдi өлтiрерi сөзсiз.
Пелий қорқынышын жасырып, бейтаныс жiгiтке таңдана сұрақ қойды:
– Қай жерлiксiң, бозбала? Қай текке жатасың? Тек шын жауап бер, жалған айтып өзiңдi де қорлама, мен – өтiрiктiң қас жауымын.
Ясон саспай, Пелийге байсалды жауап қайтарды:
– Кемеңгер Хирон менi ақиқат пен адалдыққа ғана тәрбиелеген. Мен оның уағызына әрқашан да адалмын. Хироннын үңгiрiнде жиырма жыл бойы тұрдым. Бұл уақыттың iшiнде бiр рет шындықтан жаңылып, айыпты болып көрген емен. Мiне, туған жерiм Иолкке – өз үйiме, әкем Эсонға қайта оралдым. Иолктiң билiгiн қайтарып берудi талап етпекпiн. Менiң естуiме қарағанда, бұл жердiң билiгiн әкемнен залым Пелий тартып алыпты. Азаматтар, ұлы ата-бабамның шаңырағына алып барыңдар. Мен сендерге бөтен емеспiн. Осы Иолкте туғанмын. Эсонның ұлы Ясонмын мен.
Иолк тұрғындары оған әкесiнiң үйiн көрсеттi. Ясон үйге кiрiп келгенде-ақ әкесi бiрден тани кеттi. Қарт Эсонның көзiнде мөлт-мөлт етiп қуаныш жасы тұрды. Ұлының қуатты да келбеттi жiгiт болғанын көрiп, қуанышы қойнына симады. Ясонның қайтып келгенi туралы хабар тез тарады.
Оның туыстары – Феры патшасы Феретке, Мессениядағы Амфаонға да жеттi. Олар көп кешiкпей-ақ өз ұлдары Адмет пен Меламподты ертiп Эсонға келдi.
Эсон мен Ясон олардың келу құрметiне бес күн, бес түн тойлады. Ясон сөз арасында Иолктiң билiгiн қайтып алғысы келетiнiн айтты. Олар Ясонның ойын мақұлдап, бәрi бiрге Пелийге барды. Ясон одан билiктi қайтарып берудi талап еттi. Ал оның Эсоннан тартып алған барлық байлығын Пелкйдiң өзiнде қалдыруға уәде бердi. Пелий бұл талапты орындаудан бас тартуға қорықты.
– Жақсы, мен қарсы емеспiн, – дедi Пелий, – бiрақ менiң саған қояр бiр ғана шартым бар – сен ең әуелi жер асты құдайларының көңiлiн тауып, мейiрiмiн оятып келуге тиiстiсiң. Шалғайдағы Колхидада көз жұмған Фрикстiң аруағы менiң Колхидаға аттанып, алтын жабағыны иеленуiмдi тiлейдi. Бұл туралы Фрикстiң аруағы түсiмде аян берген. Дельфыда жебе тәңiрiсi Аполлонның өзi маған Колхидаға аттануды бұйырған едi. Мен қартайдым, мұндай ұлы iстерге бел бууға батылым бармайды. Сен қайратың бұлқынған жассың. Осы жолы бiр ерлiк жасап кел, содан кейiн Иолктiң билiгiн саған қайтарып берем.
Пелий жүрегiнде бiр сұмдықты жасырып, Эсонға осыны ғана айтты. Егер алтын жабағыны әкелу үшiн Колхидаға барса, Ясонның сонда мерт болатынын Пелийдiң күмәнi жоқ едi.

ЯСОН СЕРIКТЕР ЖИНАП, КОЛХИДАҒА ЖОРЫҚҚА ӘЗIРЛЕНЕДI
Пелиймен сөйлескеннен кейiн Ясон бiрден Колхида жорығына әзiрлiкке кiрiстi. Ол Грекияның барлық елдерiн аралап бар жерден ерлiгiмен даққы шыққан батырларды алтын жабағы жорығына шақырды. Оның шақыруына көптеген батырлар үн қосты. Бұл жорыққа қатысуға Гераклдiң өзi келiсiм бердi. Барлық батырлар Иолкке жиналды. Бұлардың iшiнде небiр нарқасқа жайсаңдар бар едi: «Афины мақтанышы, қуатты Тесей де бар, Зевс пен Леданың ұлдары Кастор мен Полидевк өздерiнiң iнiлерi Идас пен Линкейдi ала келiптi. Борей мен Орифияның ұлдары, Калидоннан Мелеагр де, құдiреттi Анкей де, Адмет пен Телемон да, тағы тағылар түгел жиналды. Батырлар iшiнде жырау Орфей де бар. Құдайдай құдiреттi, тұлғалы батырларға бүкiл Иолк халқы қызыға қарады. Шынында да бұларды қандай тосқауыл тоқтата алады, қарсы тұруға кiмнiң батылы жетедi, оларды имендiрер нендей күш бар?
Батырлар жүзетiн кеме де әзiр болды. Бұл кеменi Арестордың ұлы Apг жасап шығарған. Оған Афина тәңiрiнiң өзi көмектестi. Сәуегей Зевстiң Додондағы тоғайынан алынған қасиеттi еменнiң бiр бөлегiнен Афина өз қолымен кеме қормасын жетiлдiрдi. «Арго» деп ат берiлген он ескектi кеме өте жүйрiк әрi әсем едi. Әрi жеңiл, әрi тез жүзетiн ол, теңiз толқыны үстiнде шағаладай зулайды. Жорыққа қатысатын батырлар да кеменiң атына байланысты «аргонавтар» («Арго» теңiзшiлерi) деп аталды. Аргонавтарға тек Афина ғана көмектесiп қойған жоқ, оларды Гера да өз қамқорлығына алды. Гера оған арнап құрбандық шалмағаны үшiн Пелийдi өте-мөте жек көрдi. Ал, Ясонға Гераның рақымы ерекше едi. Гера бiр күнi жас батырды сынау үшiн қаусаған кемпiр бейнесiнде тау өзенiнiң жағасына келедi. Көзiне жас алып тұрып Ясоннан арғы бетке өткiзуiн сұрайды. Ясон оны аялай көтерiп алады да, ағыны қатты өзеннiң арғы жағына шығарады. Ясон тек буырқанған өзеннен өткенде сол аяғындағы сандалынан айырылып қалады. Содан берi Гера Ясонды өте жақсы көрiп, қандай жағдай болса да желепжебеп жүредi. Аргонавтарға жебе тәңiрiсi Аполлон да қамқоршылық еттi. Өйткенi батырлардың жорыққа шығуына түрткi болған да, олардың сапарларының сәттi, бақытты болатындығына болжау айтқан да өзi едi.
Батырлар Иолкке жиналғаннан кейiн өздерiне қолбасшы тағайындамақ болғанда, оған Гераклдi лайық деп тапты. Бiрақ Геракл бас тартып, ол орынға Ясонды ұсынды. «Аргоның» қормашысы болып Тифий тағайындалды да, кеме тұмсығында Линкей тұратын болды. Өйткенi оның қырағы көзiнен жердiң бетi түгiл, астында да ешнәрсе қалт кетпес едi.
Жүзу сапарын бастауға бәрi де сақадай сай болды.
«Арго» су үстiнде толқында жай ғана шайқалып, тербетiлiп тұр, қажеттi жол азықтары да, тұщы су да кемеге тиелiп болды. Аполлон мен барша құдайлар құрметiне құрбандықтар да шалынды. Жасалған құрбандықтар да жолдың жақсы болар нышанын сездiрiп тұр. Кешкiсiн өте көңiлдi той өткiзiлдi. Аса алыс әрi қауiпқатерге толы жүзу сапарына аттанар мезгiл де жеттi.
Көкжиек атып келе жатқан таңның қанқызыл нұрына белене бастаған кезде, қормашы Тимфий аргонавтарды оятты. Аргонавтар кемеге көтерiлдi де, әр сәкiге екiекiден отыра қалып, ескектi қолға алды. Қуатты ескекшiлер бiр кiсiдей жұмылып есе жөнелдi.. «Арго» айлақтан ашық теңiзге асқақ жүзiп шықты. Жолаушылар кеменiң қардай аппақ желкенiн көтердi. Арттан соққан жел желкендi кернеп, кеме жеңiл, тез сырғып келедi. Толқындар көңiлдене сусып құттықтай сыбдырлайды. Күймесiне ақбоз аттар жеккен нұр сәулелi күн құдайы Гелиос та аспанға көтерiлдi. «Аргоның» желкенi алқызыл түске боялып, теңiз толқындары ертеңгi күн сәулесiне тоғытылды.
Орфей алтын кифарасының iшегiн қағып жiбердi, әсем әуен бүкiл теңiз кеңiстiгiне самғай жөнелдi. Батырлар жырды ұйып тыңдаулы. Теңiз тереңiнен балықтар, сүңгуiр дельфиндер су бетiне көтерiлдi. Орфей жырына елтiген олар бақташы сыбызғысының нәзiк үнiне ере беретiн табын сияқты толқын жарған «Аргодан» қалмай шұбырып келедi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *