ГЕРАКЛ

ГЕРАКЛ
Геракл туралы хикаялар Софоклдың «Трахина арулары» және Еврипидтiң «Геракл» трагедиялары, сондай-ақ Павсаниктiң «Элладаны суреттеуде» еске алатын аңыздар бойынша баяндалған.

ГЕРАКЛДIҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛУI ЖӘНЕ ТӘРБИЕСI
Микеныда82 Электрион патша билiк құрып тұрған-ды. Птерелай патшаның балалары бастаған телебойлар83 оның малын ұрлап кеттi. Телебойлар ұрланған малды айырып алып қалмақ болған Электрионның ұлдарын да өлтiрiп кеттi. Электрион патша кiмде-кiм малын қайтарып, балаларының қазасы үшiн өш алса, соған ғажайып сұлу қызы Алкменаны беретiндiгiн жариялады. Ержүрек Амфитрион ешқандай соғыссыз-ақ Электрионның малын қайтарды. Телебойлар патшасы Птерелай ұрланған малды күзетудi Элида84 патшасы Поликсенге тапсырған екен, ол бүкiл малды Амфитрионның алдына салып бердi. Амфитрион Электрионға малын қайтарып әперiп, Алкменаны алды. Үйлену тойының қызған шағында малға таласқан Амфитрион Электрионды өлтiрiп, әйелi Алкменамен бiрге Микеныдан қашып шығуға мәжбүр болды. Алкмена өзiнiң жас жұбайына егер ол ағаларын өлтiрген Птерелай балаларынан кек қайтаратын болса ғана оған ерiп, жат жұртқа баратынын айтты. Фивы патшасы Креонтқа келiп паналаған Амфитрион әскер алып телебойларға аттанды. Алкменаның көркiне арбалған Зевс Амфитрионның кейпiне кiрiп оның үйiне келдi. Көп ұзамай Амфитрион да оралды. Алкмена Зевс пен Амфитрионнан егiз ұл тапты.
Зевс пен Алкменаның ұлы перзентi туатын күнi құдайлар шың басындағы Олимпке жиналды. Көп ұзамай өзiнiң баласы өмiрге келетiнiне қуанған ұлы әмiршi Зевс құдайларға былай дедi:
– Құдайлар мен құдай аналар, сөзiмдi тыңдаңдар, бұл менiң жүрегiмнiң жарлығы! Бүгiн ұлы батыр өмiрге келедiө ол арғы тегi сонау менiң құдiреттi ұлым Персейден басталатын туысқандарына үстемдiк ететiн болады.
Бiрақ Зевстiң қарапайым Алкменаны әйел еткенiне ызасы келген зайыбы, асыл тектi Гера айла-шарғымен Алкмена баласын бүкiл Персей әулетiне үстемдiк етуден айырмақ болды. Сондықтан да iшке бүккен қулығын қымтап жасырып, Гера Зевске былай дедi:
– Құдiреттi найзағай тәңiрiсi, сен жалған айтып тұрсың. Өзiңнiң бұл сөзiңдi ешқашанда орындай алмайсың! Бүгiн кiм бiрiншi болып өмiрге келсе, сол Персей әулетiнде өз туысқандарына үстемдiк етедi деген құдайлардың бұлжымайтын құдiреттi антын бер.
Зевстiң ақыл-ойын алдау тәңiрi әйел Ата билеп, Гераның қулығын аңғармаған найзағай құдайы бұлжымайтын ант бердi. Гера сол сағатта Олимптен шықты да, өзiнiң алтын күймесiмен алып-ұшып Аргосқа жеттi. Онда Персей әулетiнен шыңқан Сфенелдiң құдайға теңестiрiлген әйелiнiң босануын тездеттi де, сол күн Персей тұқымында Сфенелдiң әлжуаз, ауру баласы Эврисфей өмiрге келдi. Гера дереу Олимпке оралып, бұлт айдаушы Зевске былай дедi:
– О, найзағай ойнатқан Зевс-әке, тыңда менi! Қазiр ғана даңқты Аргоста Персей әулетiнен Сфенелдiң баласы Эврисфей туды. Ол бүгiн бiрiншi болып өмiрге келдi, сондықтан да Персейдiң бүкiл ұрпағына үстемдiк етуi керек.
Зевс түтiгiп кеттiө Гераның зұлымдығын ол ендi ғана түсiндi. Өзiнiң ақыл-ойын арбап алған алдамшы әйел тәңiрi Атаға зығырданы қайнады, ашу кернеген Зевс оны шашынан бұрап ұстап алды да, Олимптен лақтырып жiбердi. Алдап-арбаудың әйел тәңiрi Ата содан берi адамдар арасында тұрды.
Зевс Герамен өзiнiң баласы ғұмыр бойы Эврисфейдiң қоластында қалмайтын ғып шарт жасады. Тек ол Эврисфейдiң тапсырмасымен он екi ұлы ерлiк жасайды, одан кейiн өз әмiршiсiнiң өктемдiгiнен құтылып қана қоймайды, сонымен қатар мәңгi жасайтын болады. Найзағай тәңiрiсi баласының небiр керемет қауiптердi басынан кешетiнiн жақсы бiлдi, сондықтан да ол Афина-Палладаға Алкмена ұлына көмектесудi жүктедi. Баласы әлжуаз да қорқақ Эфрисфейге қалай қызмет етiп жүргенiн көрген Зевстiң кейiн жиi-жиi қапалануына тура келдi, бiрақ ол Гераға берген антын бұза алмады.
Сфенел баласы туған күнi Алкменаның егiз ұлы да: үлкенi Алкид деп ат қойылған Зевстiң перзентi мен кiшiсi – Ификл – Амфитрионның перзентi өмiрге келдi. Алкид Грекияның аса ұлы батыры болды. Кейiнiрек оны сәуегей әйел Пифия Геракл деп атады. Оның осы есiммен даңқы шығып, мәңгiлiк өмiрге ие болды, осы есiммен Олимп құдайларының сапына қабылданды.
Гера шыр етiп дүниеге келген күнiнен бастап Гераклдiң соңына түстi. Геракл туып, өзiнiң iнiсi Ификлмен бiрге жөргекте ораулы жатқанын бiлген ол жас нәрестенi құрту мақсатымен екi жылан жiбердi. Жыландар түн түнегiнде көздерi жарқырап ирелеңдеп Алкменаның бөлмесiне ендi. Олар жорғалап егiздер жатқан бесiкке жетiп, кiшкентай Гераклдiң денесiн орап алып, ендi буындыра бастағанда Зевстiң баласы оянып кеттi. Ол жыландарға кiшкентай қолдарын созып, шап берiп мойындарынан ұстай алды да, бар күшiмен сығымдап сол сәтте-ақ, буындырып өлтiрдi. Зәресi ұшқан Алкмена төсегiнен ұшып тұрды, бесiк үстiндегi жыландарды көрген бөлмедегi әйелдер шыңғырып жiбердi. Әйелдердiң шошынған дауыстарын естiп, семсерiн қынынан суыра жүгiрiп Амфитрион жеттi. Бесiктi қоршап алғандар әдеттен тыс ғажап нәрсенi көрдi. Кiшкене Геракл өзi буындырып өлтiрген екi үлкен жыланды ұстап отыр, қолындағы жыландар әлсiз жыбырлайды. Баласының күшiне қайран қалған Амфитрион сәуегей Тиресийдi шақыртып алып, одан жас нәрестенiң тағдырын болжап берудi өтiндi. Сол кезде көптi көрген көне қарт Гераклдiң қаншалықты ұлы ерлiктер жасайтынын баяндап, ғұмырының соңында мәңгi өлмес өмiрге ие болатынын көрегендiкпен болжап бердi.
Алкменаның үлкен баласын болашақта қандай ұлы даңқ күтiп тұрғанын бiлген Амфитрион оған батырларға лайық тәрбие бердi. Амфитрион Гераклдi күш жағынан жетiлдiруге ғана қамқорлық жасап қойған жоқ, оған бiлiм де әпердi. Оқи, жаза бiлудi және ән салып, кифарада ойнауды үйреттi. Бiрақ Геракл ғылым мен музыкада күресте, садақ атуда және қару-жарақты меңгеруде жеткендей табысқа жете алмады. Музыка мұғалiмi, Орфейдiң iнiсi Линнiң өз шәкiртiне жиi-жиi ренжiп, тiптi жазалауына да тура келдi. Бiрде Лин оқығысы келмеген Гераклге ыза болып, сабақ үстiнде оны салып қалған. Ашуға булыққан Геракл кифарасын ала сала Линдi басқа перiп жiбердi. Жас Геракл соққы күшiн есептей алмай қалған едi, Лин өлiп кеттi. Бұл кiсi өлiмi үшiн Геракл сотқа шақырылды. Алкменаның баласы:
– Соттардың iшiндегi ең әдiлi Радамант кiмде-кiм өзiн бiреу ұрса, ол да соққымен жауап бере алады деген емес пе, – деп ақталды.
Соттар Гераклдi ақтап жiбердi, бiрақ тағы бiр нәрсенi бүлдiрiп қоя ма деп қорыққан Амфитрион Гераклдi орманды Киферонға мал бағуға жiбердi.

ГЕРАКЛ ФИВЫДА
Геракл Киферон ормандарында ер жетiп, аса қарулы жiгiт болып өстi. Қатар тұрғанда жұрттың бәрiнен оның басы биiк тұратын, ал күшi адам қуатынан әлдеқайда асып жатты. Әскери жаттығуларда Гераклге ешкiм де шақ келмедi, ал садақ пен найзаны шебер меңгергенi соншалық, еш уақытта да кезегенiн мүлт жiбермейтiн. Сол жас жiгiт шағының өзiнде-ақ Геракл тау шыңдарын мекендеген айбатты киферон арыстанын өлтiрiп, терiсiн сыпырып алды. Арыстан терiсiн ол алпамсадай ғып шекпен сияқты жамылып жүрдi. Арыстанның табандарын кеуде тұсына байлады да, бас терiсiн дулыға орнына кидi. Геракл Немея тоғайынан тамырымен жұлып алған үйеңкiден өзiне күрек жасап алды. Гераклге Гермес – семсер, Аполлон – садақ пен жебе сыйлап, Гефест алтын сауыт жасап бердi, Афина оған арнап киiмдi өзi тiктi.
Геракл ер жеткен соң Фивы жыл сайын аса мол алымсалық төлеп тұрған Орхомен патшасы Эргиндi жеңдi. Ол айқаста Эргиндi өлтiрiп, Миний Орхоменiне Фивы төлеп келгендегiден екi есе артық алым-салық салды. Бұл үшiн Фивы патшасы Креонт Гераклге өзiнiң қызы Мегараны қосып, құдайлар оған тамаша үш ұл бердi.
Жетi қақпалы Фивыда Геракл бақытты ғұмыр кештi. Бiрақ әйел құдай Гераның Зевс баласына деген өшпендiлiгi бұрынғысынан да күшейе түстi. Ол Гераклге сұмдық ауру жiбердi. Геракл ақылынан адасып, ессiзтүссiз күйге ендi. Ауруы ұстап, долданған бiр сәтте өзiнiң барлық баласы мен мен iнiсi Ификлдiң балаларын ұрып өлтiрдi. Ауруынан айыққан Геракл айықпас қайғыға батты. Есiнен айырылған сәтте ерiксiз кiсi өлтiрген сұмдық қылмысынан арылғысы келген Геракл Фивыны тастап, Аполлон құдайдан не iстеу керектiгiн сұрау үшiн қасиеттi Дельфыға аттанды. Аполлон Гераклге өз аталарының отаны Тиринфке барып, он екi жыл Эврисфейге қызмет етуге бұйырды. Латонаның баласы Пифия арқылы Гераклге егер Эврисфейдiң бұйрығымен он екi ұлы ерлiк жасайтын болса мәңгiлiк ғұмырға ие болатынын болжап бердi.

ГЕРАКЛДIҢ ЕРЛIКТЕРI
Геракл Тиринфке келiп қоныс теуiп әлжуаз, қорқақ Эврисфейге қызметшi болды. Эврисфей ержүрек батырдан қорқып, оны Микеныдан шығармады. Ол Тиринфтегi Зевс баласына бұйрықтарын шабарман Копрей арқылы берiп отырды.

Немея арыстаны (бiрiншi ерлiк)
Геракл Эврисфей патшаның алғашқы тапсырмасын көп күткен жоқ. Ол Гераклге Немея арыстанын өлтiрудi бұйырды. Тифон мен Ехидна жаратқан бұл арыстан керемет үлкен едi. Ол Немея85 қаласы маңын мекендеп, сол төңiректi ойрандап бiткен. Геракл Немеяға келiсiмен арыстанның апанын тауып алмақ болып тауға тартты. Батыр тау баурайына жеткенде сәске түс болып қалған едi. Үрейлi арыстаннан қорыққан тiрi жан иесiнiң барлығы бұл маңнан қашып кеткен-дi. Геракл орманды тау бөктерiнен, шатқалдардан арыстан апанын ұзақ iздедi, ақыры, күн көзi еңкейе бастаған кезде оны қараңғы шатқалдан тапты. Апанды екi жағынан кiрiп-шығуға болатын үңгiрден қазыпты. Геракл оның бiрiн тастармен көмiп, арыстанды күттi. Айнала ала көлеңке тарта бастаған кезде тұрқы ұзын бұйра жалы құлаштай керемет арыстан көрiндi. Геракл садағын кере тартып, арыстанға бiрiнен соң бiрi үш жебе атты, бiрақ оның терiсiнiң қатты да қалыңдығы соншалық, оқ дарымады. Арыстанның айбаттана ақырған даусы бейне бiр күн күркiреген сияқты тау iшiн жаңғырықтырды. Шатқал iшiнде екi көзi шатынап жанып, батылы барып өзiн атқан адамды iздеп тұр. Мiне, ол Гераклдi көре сала бар пәрменiмен атылды. Гераклдiң күрзiсi найзағайдай жарқ еттi, арыстанның дәл басына жай түскендей ауыр соққы тидi. Сұрапыл соққыдан есiнен танған арыстан жерге құлап түстi. Геракл секiрiп жанына келдi де, құрыш қолдарымен оны буындырып өлтiрдi. Сосын өлген арыстанды иығына салып алып, Немеяға оралды да, Зевске құрбандық шалып, өзiнiң алғашқы жеңiсiн есте қалдыру мақсатымен Немея ойындарын белгiледi. Геракл Микеныға өлi арыстанды алып келгенде кереметке көзi түскен Эврисфейдiң зәресi ұшып бозарып кеттi. Микены патшасы Гераклдiң адам баласында жоқ күш иесi екенiн түсiндi. Оған тiптi Микены қақпасына жақындауға тыйым салды, Геракл өз ерлiктерiнiң куәларын алып келгенде Эврисфей оларға биiк Микены қабырғаларынан үрейлене көз салатын.

Лерн айдаҺары (екiншi ерлiк)
Бiрiншi ерлiктен кейiн Эврисфей Гераклдi Лерн айдаҺарын өлтiруге жұмсады. Бұл жылан денелi, тоғыз аждаҺа басты құбыжық болатын. Немея арыстаны сияқты бұл айдаҺарды да Тифон мен Ехидна тудырған. Лерн қаласының маңындағы шалшықты батпақты мекендеген айдаҺар өз үңгiрiнен шығып, мал бiткендi табынымен жалмап, төңiрекке ойран салады. Тоғыз басты айдаҺармен айқас тым қауiптi едi, өйткенi оның бiреуi өлмейтiн бас болатын. Геракл Ификлдың баласы Иолайды ертiп жолға шықты. Лерн қаласының iргесiндегi батпаққа келген соң Геракл Иолайды күймесiмен жақын жердегi тоғайға қалдырып, өзi айдаҺарды iздеп кеттi. Ол айдаҺарды жан-жағы батпақпен қоршалған үңгiрден тапты. Геракл жебелерiн әбден қызарғанша қыздырып бiрiнен соң бiрiмен айдаҺарды ата бастады. Оның жебелерi айдаҺарды қатты шамдандырып, ызасын келтiрдi. Ол жарқырауық қабыршақты денесi жалт-жұлт етiп, ирелеңдеп қараңғы үңгiрден шықты да, ұп-ұзын құйрығына тiк шаншылып, айбат шегiп, батырға бас сала бергенде, Зевстiң баласы оны белiнен басып, жерге жаныштады. АйдаҺар құйрығымен Гераклдiң аяғын айқара орап, құлатпақ болды. Батыр бейне бiр мызғымайтын жартас сияқты былқ етпей, өзiнiң ауыр күрзiсiмен аждаҺа бастарын бiрiнен соң бiрiн ұшырып түсiре бердi. Күрзi ауада құйынша ысқырады – айдаҺар бастары ұшып түсiп жатыр, бiрақ ол өлетiн емес. АйдаҺар үзiлген әр басының орнына екi бас өсiп шығумен болды. Көп ұзамай айдаҺарға көмек те келдi. Батпақтан құбыжық шаян өрмелеп шығып, қысқаштарымен Гераклдiң аяғына жабысты. Сонда ғана батыр Иолайды көмекке шақырды. Иолай құбыжық шаянды өлтiрiп, таяудағы тоғайдың бiр бөлiгiн өртеп, жанған ағаштармен Геракл бастарын ұшырып түсiрiп жатқан айдаҺар мойындарын күйдiре бастады. АйдаҺарға жаңа бастар өсiп шығуы тоқталды. Оның Зевс баласына қарсылығы барған сайын әлсiрей бердi. Ақыры айдаҺардың мәңгi өлмейтiн басы да ұшып түстi.
Алапат айдаҺар жеңiлiп, өлiгi жерге құлады. Жеңiмпаз Геракл оның мәңгi өлмейтiн басын қайтадан жарық дүниеге шыға алмайтындай етiп терең шұңқырға көмiп, үстiнен алып жартаспен бастырып тастады. Батыр бұдан кейiн айдаҺардың денесiн қақ жарып, улы өтiнен жебесiн суырып алды. Осыдан бастап Геракл жебелерi салған жарақат жазылмайтын болды. Геракл ғажайып сән-салтанатпен Тиринфке оралды. Ал мұнда оны Эврисфейдiң жаңа тапсырмасы күтiп тұр едi.

Стимфал құстары (үшiншi ерлiк)
Эврисфей Гераклге стимфал құстарын қууды тапсырды. Бұл құстар аркад қаласы Стимфалдың төңiрегiн қу тақырға айналдырып болған. Олар малдар мен адамдарға шабуыл жасап, оларды өздерiнiң мыс тырнақтарымен және тұмсықтарымен парша-парша етедi. Бiрақ бәрiнен де қорқыныштысы, бұл құстар қатты қола қауырсындарын өздерiне шабуыл жасамақ болғандардың үстiнде ұшып жүрiп жебе сияқты жоғарыдан тастап жiбере алды. Геракльге Эврисфейдiң бұл тапсырмасын орындау қиын болды. Оған жаугершi Афина-Паллада көмекке келдi. Ол Гераклге екi мыс тимпан берiп (Гефест құдай соққан), стимфал құстары ұя салған ормандағы биiк төбенiң басында тимпандарды соғып даңғырлатып тұруды тапсырдыө құстар үркiп көтерiлген кезде оларды садақпен атып өлтiруге болады. Геракл тап солай iстедi. Ол төбе басына шықты да, тимпандарын даңғырлата соқты, құлақ жарған қатты дауыстан құмырсқадай қалың құс орман үстiнде қаптай ұшып, зәре-құттары қалмай шыр айналды. Олар өздерiнiң садақ оғындай үшкiр қауырсындарын жерге жаңбырша жаудырды, бiрақ ол қауырсындары төбе басында тұрған Гераклге дарымады. Батыр садағын алып, ажал жебелерiмен құстарды атып түсiре бастады. Зәрелерi ұшқан стимфал құстары бұлт астына жасырынды. Олар Грекия жерiнен алысқа – Эвксин Понты86 жағалауларына ұшып кеттi де, бұдан кейiн еш уақытта да Отимфал төңiрегiне қайтып оралған жоқ. Геракл Эврисфейдiң бұл тапсырмасын осылай орындап, Тиринфке оралды, бiрақ сол сағатта-ақ оның бұдан да қиын тапсырмаға аттануына тура келдi.

Кериней бұғысы (төртінші ерлiк)
Эврисфей әйел құдай Артемида адамдарды жазалауға жiберген кериней бұғысы Аркадияда мекендейтiнiн бiлетiн. Бұл бұғы егiстiк алқаптарды құртып бiткен. Эврисфей Гераклге бұғыны ұстап алып, тiрiдей Микеныға алып келуге бұйырды. Бұл ғажайып сұлу бұғы болатын: мүйiздерi алтын, аяқтары мыс едi. Ол шаршау дегендi бiлмей, Аркадия таулары мен алқаптарында желдей жүйткидi. Геракл кериней бұғысын бiр жыл бойы аңдыды. Бұғы таулар мен жазықтардан ағып өтiп, терең құздардан бiр-ақ қарғып, өзендерден жүзiп өтiп жүрдi. Ол солтүстiкке қарай қаша бердi, қаша бердi. Батыр да одан қалмай, көз жазбай соңынан ерумен болды. Ақыры, Геракл бұғыны қуа-қуа қиыр-солтүстiкке – гиперборейлер елi, Истр бастауына87 жеттi. Бұғы осында келiп тоқтады. Батыр ендi ұстай бергенде қолынан сытылып шығып кеттi де, садақтай атылып, оңтүстiкке қарай керi зымырады. Геракл қайта қуды. Тек Аркадияда ғана Геракл бұғыны қуып жеттi. Бұғы осынша жер қуғанда да шалдыққан жоқ. Әбден ызасы келген Геракл өзiнiң мүлт жiбермейтiн жебелерiн қолға алды. Ол алтын мүйiз бұғыны аяғынан жарақаттанғаннан кейiн ғана ұстап алды. Геракл ғажайып сұлу бұғыны иығына салып алып, Микеныға ендi апармақ болған сәтте, қарсы алдынан ашуға булыққан Артемида шыға келiп:
– Сен, немене, Геракл, бұл менiң бұғым екенiн бiлмейсiң бе? Сүйiктi бұғымды жарақаттап, менi қай басынғаның? Менiң мұндай қорлықты кешiрмейтiнiмдi бiлмейтiн бе едiң сен? Әлде өзiңдi Олимп құдайларынан құдiреттiмiн деп есептейсiң бе? – дедi.
Геракл асқан сұлу әйел тәңiрiнiң алдында инабаттылықпен бас иiп:
– О, Латонаның ұлы қызы, менi кiнәлай көрме! Сүйiктi Олимпте тұрып, мәңгi ғұмыр кешетiн құдайларды мен еш уақытта да қорлаған емеспiнө аспан тұрғындарына қашанда аса бай құрбандықтар шалып келем және мен найзағай тәңiрiсi Зевстiң баласы болсам да өзiмдi оларға еш уақытта да олармен теңестiрген емеспiн. Бұғыңның соңына мен еркiммен емес, Эврисфейдiң бұйрығымен түстiм. Оған қызмет ет деп бұйырған құдайлардың өздерi, мен Эврисфейдi тыңдамай кете алмаймын! – деп жауап бердi.
Артемида Гераклдiң кiнәсын кештi. Найзағай тәңiрiсi Зевстiң ұлы перзентi кериний бұғысын тiрiдей Микеныға әкелiп, Эврисфейге табыс еттi.

Эриманф қабаны және кентаврлармен айқас (бесiншi ерлiк)
Жез тұяқты бұғыны аңдудан кейiн Геракл онша ұзақ тыныққан жоқ. Эврисфей оған тағы да тапсырма бердi: Геракл эриманф қабанын өлтiруге тиiстi болды. Керемет күштi бұл қабан Эриманф тауын мекендеп, Псофис88 қаласының төңiрегiне ойран салды. Ол адамдарға да аяушылық көрсетпей, оларды найза тiстерiмен жарып өлтiретiн. Геракл эриманф тауына аттанды. Жолшыбай ол кемеңгер кентавр Фолға соқты. Фол Зевс баласын құрметпен қарсы алып, оның келуiне арнап ұлан-асыр той жасады. Той кезiнде кентавр батырға барынша қонақжайлық көрсетпек болып, шарап құйылған үлкен құмыраның қақпағын ашты. Тамаша шараптың хош иiсi алыс-алыс жерлерге дейiн жеттi. Бұл хош иiстi басқа кентаврлар да сездi. Олар құмыраны ашқаны үшiн Фолға қатты ашуланды. Шарап Фолдың ғана емес, барлық кентаврлардың ортақ сусыны едi. Кентаврлар Геракл екеуi бастарына шырмауық желегiн орап, бейқам, той қызығымен көңiл көтерiп отырған кездерiнде Фолдың тұрағына басып кiрдi. Геракл кентаврлардан қаймыққан жоқ. Ол төсегiнен тез атып тұрып, шабуылдаушыларға қарай үлкен-үлкен шалаларды түтiнiн будақтатып лақтыра бастады. Кентаврлар тұра қашты, Геракл оларды өзiнiң улы жебесiмен атып түсiре бердi. Батыр оларды Малеяға дейiн қуды. Мұнда кентаврлар Гераклдiң досы, кентаврлар арасындағы ең кемеңгер Хиронға тығылды. Олардың iзiнше үңгiрге баса-көктеп Геракл да кiрдi. Ол ашу үстiнде садағын тартып қалды, жебе жарқ етiп ауаны тiлiп, кентаврлардың бiрiнiң тiзесiне барып қадалды. Геракл дұшпанды емес, өз досы Хиронды жарақаттаған едi. Өзiнiң кiмдi жарақаттағанын бiлген батыр арылмас уайымға батты. Геракл жалма-жан жарақаттың орнын жуып, байлап тастадыө бiрақ оған ештеме де көмектесе алмайтын. АйдаҺардың өтiне суғарылған жебе салған жарақаттың жазылмайтынын Геракл жақсы бiлетiн. Өзiнiң қатты қиналып өлетiнiн Хирон да сездi. Ақыры, жарақат жапасын шекпеу үшiн өз еркiмен ол Аидтың қапас патшалығына кеттi.
Уайым-қайғы басқан Геракл Хиронды тастап, көп ұзамай Эриманф тауына жеттi. Мұнда ол ұйысқан орман iшiнен қорқынышты қабанды тауып алып, қалың жыныс арасынан айқайлап қуып шықты. Геракл қабанды ұзақ қуып, ақыры, оны тау басындағы қалың қарға айдап тықты. Қабан қарға оппылап қалды, ал Геракл тұра ұмтылып жеттi де, тас қылып байлап-матап тiрiдей Микеныға алып келдi. Қорқынышты қабанды көрген Эврисфей зәресi ұшып, үлкен қола құмыраға кiрiп жасырынды.

Авгей патшаның мал қорасы (алтыншы ерлiк)
Көп ұзамай Эврисфей Гераклге жаңа тапсырма бердi. Ол Элида патшасы, Гелиостың нұр дидарлы баласы Авгейдiң бүкiл мал қорасын қи-көңнен тазартуға тиiстi болды. Күн құдайы өз ұлына қисапсыз байлық берген едi. Авгейдiң әсiресе малында есеп жоқ-ты. Оның табын-табын малының iшiнде сирақтары аппақ қардай үш жүз өгiз, сидон қошқылы сияқты қанқызыл екi жүз өгiз, Гелиос құдайға бағышталған аққудай аппақ он екi бұқасы болды, ал ерекше сұлулығымен көзге түсетiн бiр бұқасы жұлдыздай жарқырайтын. Геракл Авгейге егер ол бүкiл табынның оннан бiр бөлiгiн беруге келiсетiн болса, оның қоқырсыған кең мал қорасын бiр күнде тазартып берудi ұсынды. Авгий келiстi. Ол мұндай жұмысты бiр күнде атқару мүмкiн емес деп есептедi. Геракл мал қорасының қабырғасы қарама-қарсы екi жағынан бұзып, оған екi өзеннiң, Алфей мен Пенейдiң суын бұрып әкелдi. Өзен сулары мал қорасындағы бүкiл қи мен көңдi бiр-ақ күнде ағызып әкеттi де, Геракл қабырғаларды қайта қалады. Сосын Авгейге келiп сыйлығын талап еттi, бiрақ патша уәделi малының оннан бiр бөлiгiн бермедi, сөйтiп Гераклдiң Тиринфке құр қол оралуына тура келдi.
Геракл Элида патшасынан мықтап тұрып өш алды. Бiрнеше жылдан кейiн, Эврисфейге қызмет етуден құтылған соң, Геракл көп әскермен Элидаға кiрiп, қан төгiс шайқаста Авгейдi жеңдi де, оны ажал жебесiмен өлтiрдi. Жеңiстен кейiн Геракл әскерi мен бүкiл қолға түскен мал-мүлiктi Писа қаласының түбiне жинап, Олимп құдайларына құрбандық шалды да, олимпиадалық ойындарын89 белгiледi. Бұл ойындар әрбiр төрт жыл сайын Гераклдiң өзi Афина-Паллада тәңiрiге бағыштап зәйтүн ағаштарын отырғызған қасиеттi жазықтыққа өткiзiледi.
Геракл Авгейдiң барлық одақтастарынан да кек қайтарды. Әсiресе Пилос патшасы Нелей қыруар зардап шектi. Геракл әскерiмен Пилосқа келiп, қаланы алды да, Нелей мен оның он бiр баласын өлтiрдi. Нелейдiң теңiз әмiршiсi Посейдон арыстан, жылан және араға айнала бiлудi сыйлаған Периклимен атты баласы да ажалдан құтылып кете алмады. Геракл Периклимендi араға айналып, Гераклдiң күймесiне жегiлген аттардың бiрiне барып қонған кезде өлтiрдi. Нелейдiң бiр баласы Нестор ғана тiрi қалды. Кейiн гректер арасында өзiнiң ерлiктерiмен және дана ақылымен Нестордың аты шықты.

Крит бұқасы (жетiншi ерлiк)
Эврисфейдiң жетiншi тапсырмасын орындау үшiн Гераклдiң Грекияны тастап, Крит аралдарына баруына тура келдi. Эврисфей оған Микеныға крит бұқасын әкелудi жүктедi. Бұл бұқаны Еуропаның баласы, Крит патшасы Миносқа жер сiлкiндiрушi Посейдон жiбергенө Минос бұқаны Посейдонға құрбандыққа шалуға тиiс болды. Бiрақ Минос бұндай бұқаны құрбандыққа шалғысы келмедi – ол оны өз табынында қалдырып, Посейдонға өз бұқаларының бiрiн құрбан етiп шалды. Миносқа ыза болған Посейдон сыйлаған бұқаны құтыртып жiбердi. Бұқа бүкiл аралда тыным таппай шапқылап, жолындағының бәрiн жайпаумен жүрдi. Геракл бұқаны ұстап алып, бас үйреттi. Ол бұқаның жайпақ арқасына отырып, теңiзбен Криттен Пелопоннеске дейiн жүзiп өттi. Геракл оны Микеныға алып келдi, бiрақ Эврисфей Посейдон бұқасын өз табынында қалдырудан қауiптенiп, босатып қоя бердi. Еркiндiкке шыққанын сезген сүзеген бұқа бүкiл Пелопоннестi солтүстiкке қарай кесiп өтiп, ақыры, жүйткiп Марафон алаңындағы Аттикаға жеттi. Мұнда оны Афины батыры Тесей өлтiрдi.

Диомед аттары (сегiзiншi ерлiк)
Крит бұқасына бас үйреткеннен кейiн Гераклдiң Эврисфей тапсырмасымен бистондар90 патшасы Диомедке баруына тура келдi. Бұл патшаның керемет сұлу күштi аттары бар едi. Оларды ешқандай шiдер тұсау ұстап тұра алмайтын болғандықтан темiр шынжырлы кiсен салынып, олар қораларда күтiлетiн. Диомед патша бұл аттарды адам етiмен ғана жемдейтiн. Ол қалаға тап болған барлық жатжерлiктердi ұстап әкеп аттарының жеуiне тастайтын. Фракия патшасына өз серiктерiмен Геракл де келдi. Ол Диомед аттарын үйретiп алды да, өз кемесiне әкеттi. Жағалауда өзiнiң жауынгер бистондарымен Диомед Гераклдi қуып жеттi. Геракл аттарды күзетудi Гермес баласы Абдерге тапсырып, Диомедпен айқасқа шықты. Гераклдiң серiктерi тым аз болатын, бiрақ соған қарамастан Диомед жеңiлiп, ұрыста қаза тапты. Геракл кемеге оралды. Ол жабайы аттардың Абдердi шайнап тастағанын көргенде өзегi өртенiп, арылмас қасiретке батты! Геракл өзiнiң еркетайын барлық сән-салтанатпен жерлеп, қабiрiн биiк төбе етiп үйдi де, бейiт маңынан қала салып, оны Абдер деп атады. Ал Диомедтiң аттарын Геракл Эврисфейге әкелiп бердi, ол аттарды босатып қоя бергiздi. Сәйгүлiктер қашып, қалың орман жамылған тауларға тартты онда оларды тағы аңдар талап жедi.

ГЕРАКЛ АДМЕТ ЕЛIНДЕ
Негiзiнен Еврипидтiң «Алкестида» трагедиясы бойынша баяндалған.

Геракл Диомед аттарын алу үшiн кемемен Фракия жағаларына жүзген кезде жол Адмет билейтiн Феры91 қаласының жанынан өтетiн едi. Сондықтан ол досы Адмет патшаға соқпақ болды.
Феры патшасының отбасы орны толмас қайғы құшағында екен. Оның әйелi Алкестида өлуге тиiс көрiнедi. Бiр кезде тағдыр тәңiрi, ұлы мойралар, Аполлонның өтiнiшi бойынша егер өмiрiнiң соңғы сағатында кiмде-кiм Адметтiң орнына өз еркiмен қапастағы Аид патшалығына баруға келiсiм берсе, патшаның өзi ажалдан аман қала алады деп белгiленген болатын. Ажал сағаты соққан сәтте Адмет өзiнiң қартайған ата-аналарынан бiреуi өз орнына өлуге келiсуiн өтiнген. Бiрақ олардың ешқайсысы да келiспедi. Феры тұрғындарынан да Адмет патша үшiн еркiмен өлуге ешкiм шықпады. Осы кезде сүйiктi жары үшiн өз жанын құрбан етуге жас сұлу Алкестида ғана бел байлады.
Адмет өлуге тиiс күнi өлiмге оның әйелi әзiрлендi. Ол денесiн жуып, жерлеу киiмдерiн киiп, әшекей заттарын тағынды. Алкестида өзiнiң от басына келiп, шаңырағына бақыт сыйлаған әйел құдай Гестияға жалбарынып, құлшылық ете бастады:
– О, құдiреттi тәңiрiм! Мен мұнда соңғы рет келiп, сенiң алдыңа тiземдi бүгiп тұрмын. Мен саған жетiмек балаларымды қорғай көр деп құлшылық етемiн, өйткенi бүгiн қапастағы Аид патшалығына барғалы тұрмын ғой! Мен сияқты олардың да мезгiлсiз көз жұмуына жол бере көрме! Олардың өз отанындағы өмiрi бақытты да бай болсын.
Осыдан кейiн Алкестида барлық құдайлар михрабына кiрiп, оларды хош иiстi мирта гүлiмен безендiрдi.
Ақыры өз бөлмесiне барды да, екi көзi жасқа толып төсегiне құлай кеттi. Жанына балалары – ұлы мен қызы келдi. Олар анасының құшағында қасiреттi көз жасын төктi. Алкестиданың қызметшiлерi де ағыл-тегiл жылады. Жүзiн жас жуған Адмет өндiрдей келiншегiн құшақтап, оған өзiн тастап кете көрме деп жалбарынды. Ендi, мiне, Алкестида ажалға да даяр. Фер патшасының сарайына Алкестиданың бұрымын семсерiмен кесiп алу үшiн құдайлар мен адамдардың қас жауы ажал тәңiрi Танат дыбыссыз басып жақындап келедi. Алтын шашты Аполлон да одан өзiнiң сүйiктi досы Адметтiң әйелiнiң жан тапсырар сағатын кешеуiлдете тұруды өтiнген едi, бiрақ Танат мiз бақпады. Алкестида ажалының жақындап қалғанын сездi. Зәресi ұшқан ол:
– ОҺ! Харонның қос ескектi қайығы жақындап келедi, қайықты жылжыта отырып, өлгендер жанын тасушы үрей шаша: «Сен неге кешiгiп тұрсың? Асық, асық! Уақыт күттiрмейдi! Ұстама бiздi! Бәрi дайын! Бол тез!» деп айқайлады құлағыма. Ой, қоя берiңдершi менi! Аяқтарым әлсiреп барады. Ажал жақындап келедi. Жанарымды қара түннiң пердесi жаба бастады! Оу, балаларым, балаларым! Сендердiң аналарың ендi өлiк! Бақытты өмiр сүрiңдер! Адмет, сенiң өмiрiң маған өз өмiрiмнен де қымбат едi. Күн ендi маған емес, саған шапағын төксiн. Адмет, сен балаларымызды менен кем сүймейсiң. Егер олар түрткi көрмесiн десең, үйге өгей шеше кiргiзбе! – дейдi аласұра.
Бишара Адмет қайғыға батты.
– Өмiрдiң барлық қуанышын сен өзiңмен бiрге алып кетiп барасың, Алкестида!– деп зарланады ол, – Өмiрбақи мен ендi сен деп өтем. О, төңiрлер, тәңiрлер, менен сендер қандай жарды алып барасыңдар!
– Қош! Ендi менiң көздерiм мөңгiге жұмылды. Қош болыңдар, балаларым! Ендi мен жоқпын. Қош, Адмет!– дедi Алкестида естiлер-естiлмес үнмен.
– Ой, тым болмаса тағы бiр рет көзiңдi ашшы! Балаларыңды тастай көрмешi! О, жаратқан, менi де ал! – деп аңыраған Адметтiң көзiнен жас парлады.
Алкестиданың көздерi жұмылып, денесi мұздай бастады да, ақыры ол бiржола үзiлiп кеттi. Адмет өлген әйелiнiң басында отырып жұбату бермей егiл-тегiл болды, тағдырдың жазғанына жаны қинала қынжылды.
Ол Алкестиданы сән-салтанатымен жерлеу үшiн барлығын да әзiрлеп, әйел затындағы ең асыл адамды сегiз ай бойы жоқтауға бұйырды. Қайырымды патша-ханымды жұрттың бәрi де жақсы көргендiктен бүкiл қала қайғыға батты.
Алкестиданың денесiн мазарға апаруға әзiрленiп жатқан кезде қалаға Геракл келiп кiрген. Адмет сарайына беттеген ол өз досын сарай қақпалары алдында ұшыратты. Адмет құдiреттi жебеушi Зевстiң баласын құрметпен қарсы алды. Қонағының көңiлiне қайғы көлеңкесiн түсiргiсi келмеген Адмет өз басындағы қасiреттi жасыруға тырысты. Бiрақ Геракл досының көкiрегiн қарс айырған қасiрет салмағын бiрден байқап, қайғының себебiн сұрады. Адмет Гераклге түсiнiксiздеу ғана жауап бердi, сондықтан да ол әкесi өлгеннен кейiн патша өз қамқорлығына алған жамағайын қарындасы қайтыс болған екен деп ұққан, Адмет қызметшiлерiне Гераклдi қонақтар бөлмесiне апарып, оған аста-төк қонақасы берудi, Гераклдiң құлағына аҺ ұрған адамдардың жылап-сықтағаны шалынбас үшiн әйелдер жақтағы бөлменiң есiгiн жауып қоюды тапсырды. Досының қандай қасiретке тап болғанын аңғармаған Геракл Адмет сарайында көңiлдi қонақасы қызығына кiрiстi. Құмырадан соң құмыраны босатып шарапты сiмiрдi-ай кеп. Қызметшiлердiң мына көңiлдi қонаққа қызмет етуi де ауыр болды: өйткенi олар өздерiнiң сүйiктi патша-ханымының бұл дүниеде ендi жоқ екенiн бiлетiн. Олар Адметтiң бұйрығы бойынша өз қайғыларын қанша жасырмақ болғанымен Геракл олардың жанарынан жас, жүздерiнен қасiрет табын байқап қалды. Ол қызметшiлердiң бiрiн өзiмен бiрге iшуге шақырды. Шараптың адамға өзiн-өзi ұмыттырып, маңдайдағы мұң қыртыстарын жазатынын айтып, iшуiн өтiнiп едi, бiрақ қызметшi шараптан бас тартты. Геракл Адмет үйi аса ауыр қайғыға тап болғанын ендi ғана түсiндi. Ол қызметшiден не болғанын сұрай бастады, қызметшi ақыры:
– О, жат жұрт адамы, бүгiн Адметтiң әйелi Аид патшалығына жан тапсырды, – дедi оған.
Геракл қатты қайғырды. Өзiнiң осынша зор қайғыға душар болған досының үйiнде басына жасыл желек гүл оранып, той-тойлап, өлең айтқанына қатты қысылды. Басына түскен осынша ауыр қайғыға қарамастан өзiн асқан меймандостықпен қарсы алған Адметке алғыс айтпақ болды. Дереу қатыгез ажал құдайы Танаттан олжасы – Алкестиданы тартып алуға бел байлады.
Қызметшiден Алкестида мазарының қай жерде екенiн сұрап алып, ол асығыс сонда тартты. Геракл мазар тасасына тығылып, мола түбiнде құрбандық қанына қануға ұшып келетiн Танатты күттi. Мiне, Танаттың қара қанаттарының сусылдаған үнi естiлдi, мұздай мола иiсi мүңкiп кеттiө қатыгез ажал құдайы мазарға ұшып келiп, ерiндерiмен ашқарақтана құрбандық қанына жабысты. Геракл жасырынған жерiнен атып шығып, Танатқа ұмтылды. Ол ажал құдайын алып қолдарымен қаусыра құшақтап алды да, екеуiнiң арасында сұмдық айқас басталды. Геракл бар күшiн салып, ажал құдайымен күресiп жүр. Танат өзiнiң қу сүйек қолдарымен Гераклдiң кеудесiн жаншып барады, оны мұздай демiмен тұншықтыра түстi, ал қанаттарымен ажал аязын сақылдатты. Дегенмен найзағай тәңiрiсi Зевстiң баласы Танатты жеңiп шықты. Оны тас қып байлап, еркiндiк алу үшiн ажал құдайынан Алкестиданы өмiрге қайта оралтуды талап еттi. Танат Гераклге Адметтiң әйелiнiң өмiрiн сыйлады, сөйтiп ұлы батыр оны ерiнiң сарайына қайта алып келдi.
Адмет әйелiн жерлегеннен кейiн сарайға оралып, орны толмас қазадан көкiрегi қарс айырылып қайғыға батты. Қаңырап бос қалған сарайда тұра беру де ауыр болды. Сонда қайда бармақ? Ендi ол өлгендерге қызықты. Өмiр жек көрiнiштi боп кетттi. Ол ендi ажал шақырды. Оның бүкiл бақытын Танат ұрлап алып, Аид патшалығына алып кеткен едi. Бұл үшiн сүйiктi жарынан айырылудан ауыр не болушы едi! Алкестида бұған өзiмен бiрге өлуiне рұқсат бермегенiне өкiндi – ажал оларды қайта қосар едi ғой. Аид бiреуiнiң орнына бiр-бiрiне шын берiлген екi адамның жанын алған болар едi. Бұл екеуiнiң жаны сонда Ахеронтты бiрге жүзiп өтпес пе. Кенет қасiрет шеккен Адметтiң алдынан Геракл шықты.
Ол ақ жамылған әйелдi қолынан жетектеп келедi. Геракл Адметтен ауыр айқастан кейiн үлесiне тиген мына әйелдi өзi Фракиядан оралғанша сарайында қалдыра тұруға рұқсат сұрады. Адмет келiсiм бермедiө ол Гераклден әйелдi басқа бiреуiнiң үйiне апаруды өтiндi. Өзi сүйетiн әйелден айырылып қалғаннан соң Адметке өз сарайынан басқа бiр әйелдi көру өте ауыр едi. Бiрақ Геракл айтқанынан қайтпай, тiптi әйелдi сарайға Адметтiң өзi ертiп кiруiн талап еттi. Ол бұл әйелге Адмет қызметшiлерiнiң қолын да тигiзбейдi. Ақыры, досының көңiлiн жыға алмаған Адмет әйелдi өз сарайына енгiзбек болып қолынан ұстады.
– Адмет, ол ендi сенiкi! Тек қорғай бiл! Сен ендi Зевстiң баласы нағыз дос деп айта аласың. Жаныңдағы әйелге көз салшы! Ол сенiң ғажайып әйелiң Алкестидаға ұқсамай ма? Көп жабырқама ендi! Қайтадан өмiр қызығын шек! – дедi оған Геракл.
– О, ұлы тәңiрлерiм, – деп қайран қалды Адмет, әйелдiң үстiндегi жамылғыны көтерiп. – Менiң әйелiм Алкестида ғой бұл! О, жоқ, бұл оның көлеңкесi ғана! Ол үнсiз тұр, ол ләм-мим деп тiс жаратын да емес!
– Жоқ, бұл көлеңке емес, – деп жауап бердi Геракл, – бұл Алкестида. Мен ауыр айқаста оны жаналғыш Танаттан тартып алдым. Ол өзiн сатып алатын құрбандықтар шалып, жерасты құдайларының билiгiнен босанғанша тiл қатпайдыө түндi күн үш мәрте ауыстырғанша үндемейтiн боладыө тек сонда ғана ол сөйлейдi. Ал ендi қош бол, Адмет! Бағың ашылсын, Һәм қашанда менiң әкем Зевс өзi шапағын шашқан қонақжайлықтың ұлы дәстүрiн берiк тұт!
– О, Зевстiң ұлы перзентi. Сен маған өмiр қызығын қайтарып бердiң!– деп үн қатты Адмет. – Сенiң бұл жақсылығыңды қалай қайтарсам екен? Бiраз қонақ болып қала тұр. Өзiмнiң барлық иелiгiмдегi жерлерде сенiң жеңiсiңнiң құрметiне той өткiзуге әмiр беремiн, құдайларға қыруар құрбандық шалуға бұйырам. Қасымда бол!
Геракл Адметтiң қасында қала алмады: ол Эврисфейдiң тапсырмасын орындап, оған Диомед патшасының аттарын әкеп беруге тиiстi едi.

Ипполита белдiгi (тоғызыншы ерлiк)
Гераклдiң тоғызышны ерлiгi оның патша-ханым Ипполитаның белдiгi үшiн амазонкалар92 елiне сапары болды. Бұл белдiктi Ипполитаға соғыс тәңiрiсi Арес сыйлаған, ол мұны өзiнiң барша амазонкаларға үстемдiгiнiң белгiсi ретiнде тағып жүрген. Әйел құдай Гераның абызы Эврисфейдiң қызы Адмета осы белбеудi қалайда өзi таққысы келедi. Қызының бұл қалауын орындау үшiн Эврисфей белдiкке Гераклдi жұмсады. Ержүрек жiгiттерден шағын ғана жасақ жинап, Зевс баласы кемемен алыс сапарға шықты. Геракл жасағы тым шағын болғанымен, арасында даңқты батырлар өте көп едi, олардың iшiнде Аттика батыры Тесей де бар-тын.
Батырлар алдында ұзақ жол тұрды. Олар Эвксин Понтының ең қашық жағалауларына дейiн жетуге тиiс болды. Онда Фемискираны астана еткен амазонкалар елi орналасқан-ды. Жолшыбай Геракл Минос балалары билейтiн Парос93 аралына кiдiрдi. Бұл аралда Минос балалары Гераклдiң екi жолдасын өлтiрдi. Ызасы келген Геракл Минос балаларымен сол сәтiнде соғысқа кiрiстi. Ол Миностың көптеген тұрғындарын шығынға ұшыратты, ал қалғандарын қалаға қуып тығып, қоршаудағылар Гераклге өз елшiлерiн жiберiп, оның өлген жолдастарының орнына ортасынан екi адам алуын өтiнгенше қоршауда ұстады. Геракл осыдан кейiн ғана қоршауды тоқтатты, өлгендердiң орнына Миностың немерелерi – Алкей мен Сфенелдi қосып алды.
Геракл Паростан шығып, асқан қонақжайлықпен қарсы алған Мизия94 патшасы Ликке келдi. Ликке күтпеген жерден бебриктер патшасы шабуыл жасады. Геракл өз жасағы мен бебриктер патшасын жеңiп, оның астанасын тас-талқан еттi, ал бебриктердiң барлық жерiн Ликке бердi. Лик патша бұл елдi Гераклдiң құрметiне Геракл деп атады. Геракл iлгерi аттанып, ақыры, амазонкалар қаласы Фемискираға келдi.
Зевс баласының ерлiк-даңқы амазонкалар елiне өзiнен бұрын жеткен едi. Сондықтан да Геракл кемесi Фемискираға келiп тоқтасымен, амазонкалар өз патшасымен батырды қарсы алуға шықты. Олар өз жолдастарының арасынан бейне бiр мәңгiлiк құдай сияқты ерекше көзге түсетiн Зевстiң ұлы перзентiне қызыға қарады. Патша-ханым Ипполита Гераклден:
– Зевстiң ұлы перзентi, сен бiздiң қаламызға қандай мақсатпен келгенiңдi айтшы? Мақсатың бейбiтшiлiк пе, әлде соғысу ма? – деп сұрады.
Геракл патша-ханымға былайша жауап қатты:
– Құрметтi патша-ханым, мен мұнда буырқанған теңiз арқылы осыншама қашық жол жүрiп, әскерiмдi ертiп өз еркiммен келгем жоқө менi мұнда жұмсаған Микены билеушiсi Эврисфей. Оның қызы Адмета Арес құдайдың сыйлаған белдiгiңдi таққысы келедi. Эврисфей сенiң белбеуiңдi алып келудi тапсырды маған!
Ипполита Гераклдiң қолын қаға алмайтын едi. Ол белдiгiн беруге де даяр тұр едi, алайда өзi жек көретiн Гераклдi құртпақ болған Гера амазонка кейпiне енiп, топ iшiне кiрдi де, жаугер-әйелдердi Гераклдiң әскерiне шабуыл жасау керек деп үгiттей бастады
– Геракл өтiрiк айтып тұр, – дедi Гера амазонкаларға, – ол сендерге зұлымдық ойлап келдi ол. Батыр патшаларыңды ұрлап әкетiп, өз үйiне күң етпек.
Амазонкалар Гераның тiлiне ердi. Олар дереу қаруларына жармасып, Геракл әскерiне тап бердi. Амазонкалар әскерiнiң алдында желдей жүйткiп Аэлла келедi. Ол борандай бұрқырап Гераклге бас салды. Батыр оның шабуылын тойтарып, керi қашуға мәжбүр еттi.
Геракл Аэлланы қуып жетiп, семсерiн жарқ еткiзiп, шауып тастады. Айқаста амазонка Протоя да мерт болды. Гераклдiң жетi батыр жолдасын өз қолымен жайратқанымен Протоя Зевс баласының жебесiнен құтыла алмады. Гераклге қатарынан жетi амазонка шабуыл жасадыө олар Артемиданың өз серiктерi едi: найзамен соғысу өнерiнде оларға ешкiм де сай келмейтiн. Олар қалқандарын бетке ұстап, Гераклге сүңгiлерiн лақтырды, бiрақ сүңгiлер дарымай, жанынан өттi. Батыр зiл батпан күрзiсiмен олардың бәрiн жайраттыө әйелдер қару-жарақтары жарқ-жұрқ етiп, бiрiнен соң бiрi күрс етiп жерге құлай бердi. Геракл әскер қолбасшысы, амазонка Мелиниппаны қамауға алды, онымен бiрге Антиопаны да тұтқындады. Қауiптi жаугер-әйелдер жеңiлiс тапты, олардың әскерi тым-тырақай қаша жөнелдi, көбiсi түп iзiне түскен батырлар қолынан опат болды. Амазонкалар Гераклмен бiтiм жасасты. Ипполита өзiнiң белдiгiн берiп, құдiреттi Мелиниппаның бас бостандығын сатып алды. Ал Антиопаны батырлар өздерiмен бiрге ала кеттi. Оны ерлiгi үшiн Тесейге сыйлады. Ипполитаның белдiгiн Геракл осылай алып келдi.

ГЕРАКЛДIҢ ЛАОМЕДОНТ ҚЫЗЫ ГЕСИОНАНЫ ҚҰТҚАРУЫ
Амазонкалар елiнен қайту сапарында Геракл Трояға соқты. Батырлар қалаға таяу жағалауға келiп тоқтағанда өте ауыр оғаш көрiнiске тап болды. Олар Троя патшасы Лаомедонт қызы Гесиона арудың тап теңiз жағасындағы жартаста бұғаулаулы тұрғанын көрдi. Ол да Андромеда сияқты теңiзден шығатын тажалға жемге тасталған екен. Бұл тажалды Аполлон екеуiне Троя қабырғаларын тұрғызғаны үшiн ақы төлеуден бас тартқан Лаомедонттан өш алу үшiн Посейдон жiберген болатын. Мейманасы тасыған патша Зевстiң үкiмi бойынша қызмет етуге тиiстi болған екi құдайды егер ақы талап етсе, құлақтарын кесiп аламын деп қорқытты. Ашу-ызасы келген Аполлон Лаомедонның барлық иелiгiне сұрапыл iндет, ал Посейдон – Троя төңiрегiн қырғынға ұшыратқан осы тажалды жiберген. Лаомедонт қызының өмiрiн құрбандыққа шалу арқылы ғана елiн сұрапыл сұмдықтан сақтай алатын едi. Амал жоқ, оның туған қызы Гесионаны теңiз жағалауындағы жартасқа бұғаулап қоюына тура келдi.
Бақытсыз қызды көрген Геракл оны құтқаруға бел байлады, ал Гесионаны құтқарғаны үшiн Лаомедонттан Троя патшасына найзағай төңiрiсi Зевс баласы Ганимедтiң төлемi ретiнде берген сәйгүлiктердi сыйлауын талап еттi. Оны бiр кезде Зевстiң бүркiтi ұрлап алып, Олимпке әкеткен едi. Лаомедонт Гераклдiң талабын орындауға келiсiм бердi. Ержүрек батыр троялықтарға теңiз жағалауына дуал үйгiзiп, өзi соның тасасына жасырынды. Гераклдiң дуал тасасына жасырынғаны сол екен, теңiзден құбыжық тажал жүзiп шықты да, апандай ауызын аңырайта ашып, Гесионаға ұмтылды. Дуал тасасынан ақыра айқайлап Геракл шығып, өзiнiң екi жүздi семсерiн тажалдың кеудесiне бойлата сұқты. Геракл Гесионаны құтқарып, Лаомедонттан уәде берген сыйлығын талап еттi. Патша ғажайып сұлу аттарынан айырылғысы келмей, оларды Гераклге бермей, тiптi қорқытып оны Троядан қуып шықты. Геракл ашу-ызасын жүрегiнiң терең түкпiрiне бүгiп, Лаомедонт иелiгiнен аттанып кеттi. Қол астындағы әскерi тым аз және Троя қабырғалары өте берiк болғандықтан, дәл сол сәтте ол өзiн алдаған патшадан өш ала алмайтын едi. Гераклдiң Трояны ұзақ уақыт қоршауға да мұршасы болмады, ол Ипполитаның белдiгiн Микеныға тезiрек жеткiзуi керек-тi.

Герион сиырлары (оныншы ерлiк)
Амазонкалар елiнен оралғаннан кейiн Геракл көп ұзамай, жаңа ерлiк сапарына аттанды. Эврисфей оны Микеныға Хрисаор мен Мұхит перiсi Каллирояның баласы Герион дәудiң сиырларын айдап әкелуге жұмсады. Герионға баратын жол тым алыс едi. Геракл күн батар алдында аспаннан нұр сәулелi күн құдайы Гелиос түсетiн жердiң ең батыс шегiне баруға тиiс болды. Алыс сапарға Геракл жалғыз аттанды. Ол Африканы, Ливияның қу-тақыр далаларын, жабайы адамдар елiн басып өтiп, ақыры жер шегiне жеттi. Мұнда ол өз ерлiгiнiң мәңгiлiк ескерткiшi ретiнде енсiз теңiз бұғазының екi жақ бетiне тастан екi алып дiңгек орнатты95.
Гераклдiң көкбурыл Мұхит жағалауларына жеткенше бұдан кейiн де көп уақыт сапар шегуiне тура келдi. Батыр қалың ойға батып, Мұхиттың мәңгi шулап жататын суларының жағасында отырды. Герион өзiнiң малын бағатын Эрифейя аралына қалай жетедi? Күн болса кешкiрiп қалды. Мiне, Мұхит суына түсiп келе жатқан Гелиос күймесi де көрiндi. Гелиостың жарқыраған сәулесi Геракл көзiн шарпып, жан төзгiсiз ыстық аптап күйдiрiп барады. Ызасы келген Геракл атып тұрып, өзiнiң қаҺарлы садағына жармасты. Бiрақ бұған Гелиос ренжiген жоқө ол батырға бар ықыласымен күле қарады: оған Зевс баласының әдеттен тыс ерлiгi ұнап қалған едi. Гераклге Гелиос Эрифейяға күн құдайының күнде кешкiлiк өз аттары мен және екi доңғалақты жауынгерлiк арбасымен түу батыстан жердiң шығыс шетiндегi алтын сарайына барып жүретiн алтын қайығымен жүзiп баруға ұсыныс жасады. Қуанышы қойнына сыймаған батыр алтын қайыққа дереу секiрiп мiнiп, көп кешiкпей Эрифейя жағалауларына жеттi.
Оның аралға келiп тоқтағаны сол едi, сұсты екi басты төбет Орфо сезiп қалды да, арсылдай үрiп, батырға бас салды. Геракл оны ауыр күрзiсiмен бiр-ақ ұрып жайратты. Герион малын жалғыз Орфо ғана күзетпейтiн. Гераклдiң герион бақташысы Эвритион дәумен айқасуына тура келдi, Зевс баласы дәудi әп-сәтте жеңiп, Герион сиырларын Гелиостың алтын қайығы тұрған теңiз жағалауына қарай айдады. Герион мөңiреген сиыр дауысын естiп, табынына барды. Төбетi Орфо мен Эвритион дәудiң өлiп жатқанын көрген ол малын ұрлап әкеткен адамның соңына түсiп, оған теңiз жағалауында қуып жеттi. Герион үрейлi дәу сұмдық едiө үш кеудесi, үш басы, алты қол және алты аяғы болатын. Ол айқас кезiнде үш қалқанды тасаланып дұшпанына бiрден үлкен үш найза лақтыратын. Бiрақ Гераклге Афина-Паллада көмектестi. Геракл Герионды көрiсiмен өзiнiң ажал жебесiмен басып салды. Жебе Герион бастарының бiрiнiң көзiне барып қадалды. Бiрiншi жебеден соң екiншi, одан соң үшiншiсi ұшты. Геракл өзiнiң тас жаратын күрзiсiн үйiре сiлтеп, Герионды найзағай түскендей ауыр соққымен ұрды, үш басты дәу демi бiтiп, жерге құлап түстi. Геракл Гелион сиырларын Эрифейядан Гелиостың алтын қайығымен алып өттi де, қайығын иесiне қайтарды. Бiрақ алда әлi де талай шаруа тұр едi. Сиырларды Микеныға айдап бару қажет. Геракл сиырларды бүкiл Испания, Пиреней таулары, Галлия мен Альпы үстiнен айдап өттi. Италияның оңтүстiгiнде, Региум қаласының маңында табыннан бiр сиыр қашып шығып, бұғаздан Сицилияға жүзiп өтiп кеттi. Мұнда оны Посейдон баласы Эрикс патша көрiп, өз табынына қосып алды. Геракл сиырды ұзақ iздедi. Ақыры Гефест құдайдан табынын күзете тұруды өтiндi де, Сицилияға барып, Эрикс патшаның табынынан сиырын тапты. Патша сиырды бергiсi келмей, өз күшiне сенiп, Гераклдi жекпе-жекке шақырды. Кiм жеңсе сиыр сыйлық ретiнде соған тиедi. Бiрақ Геракл сияқты қарсыласқа Эрикстiң әлi келе қоймайтын едi. Зевстiң баласы патшаны қуатты құшағына алып, сығып өлтiрдi. Геракл сиырды алып өз табынына оралды да, iлгерi айдады. Иония теңiзiнiң жағалауларына жеткенде әйел құдай Гера бүкiл табынды құтыртып жiбердi. Құтырған сиырлар жан-жаққа тым-тырақай қашты. Геракл жанталаса қимылдап, Фракияға жеткенде ғана сиырлардың басым көпшiлiгiн жиып алып, ақыры, Микеныдағы Эврисфейге айдап әкелдi. Эврисфей оларды әйел құдай Гераға құрбандыққа шалды.

Кербер (он бiрiншi ерлiк)
Геракл Тиринфке оралысымен Эврисфей оны тағы да бiр ерлiкке жұмсады. Бұл Гераклдiң Эврисфейде қызмет еткен уақытында жасалуға тиiс он бiрiншi ерлiгi едi. Ол қапаста үрей жайлаған жерасты Аид патшалығына түсiп, Эврисфейге патшалықтың күзетшiсi, сұмдық қорқынышты төбет Кербердi алып келуге тиiстi болды. Кербердiң үш басы бар, мойнында ирелеңдеп жылан тұрды, құйрығы арандай аузын ашқан айдаҺардың басымен аяқталатын. Геракл Лаконияға барып, Тэнар96 түбiндегi қапас шыңырау арқылы қараңғы жерасты патшалығына түстi. Геракл Аид патшалығының дәл қақпасының түбiмен жартасқа жабысып қатып қалған Тесей мен Фессалия патшасы Перифой батырларды көрдi. Аидтың әйелi Персефонаны ұрлап әкетпек болғаны үшiн құдайлар оларды осылай жазалаған.
– О, Зевстiң ұлы перзентi, босат менi! Менiң қандай азапқа тап болғанымды көрiп тұрсың ғой! Бұдан менi тек сен ғана құтқара аласың! – деп жалынды Тесей Гераклге. Геракл Тесейге қолын созып, құтқарып алды. Ол ендi Перифойды құтқармақ бола бергенде жер дiр еттi, Геракл құдайлар оның босатылуын қаламайтынын ұқты. Геракл құдайлар ырқына көнiп, мәңгi түн қапасына сүңгiп, iлгерi қарай кеттi. Гераклдi жерасты патшалығына құдайлар хабаршысы, өлгендер жанын жебеушi Гермес бастап апарып, батырға Зевстiң сүйiктi қызы АфинаПалладаның өзi серiк болды. Геракл Аид патшалығына енген кезде, зәре-құты қалмаған өлiктердiң сүлделерi жан-жаққа ұшып кеттi. Гераклдi көргенде Мелеагр батырдың өлiгi ғана қашпай, орнында тұрып қалды.
– О, ұлы Геракл, достығымыздың куәсi ретiнде мен сенен жалбарынып бiр ғана нәрсе сұраймын: менiң жетiм қалған сорлы қарындасым Деянира сұлуды жебей гөр! Мен өлген соң ол қорғансыз қалды. Ұлы батыр, сен оны өзiңе жар ет! Оған қорған бол! – деп жалбарынды ол Зевс баласына.
Геракл досының тiлегiн орындауға уәде бердi де, Гермеске ерiп iлгерi кеттi. Гераклге үрейлi горгона Медузаның көлеңкесi қарсы көтерiлiп, қорқынышты мыс қолдарын созып, алтын қанаттарын қағып-қағып жiбердi, басындағы жыландар жыбырлай бастады. Ержүрек батыр семсерiне жармасты, бiрақ Гермес оны мынандай сөздермен тоқтатты:
– Семсерiңдi сiлтемей-ақ қой, Геракл! Бұл бар болғаны жансыз елес емес пе! Ол саған өлiм қаупiн төндiре алмайды!
Геракл өз жолында неше түрлi құбыжықтарды көрдiө ақыры ол Аид тағының алдына жеттi. Өлiлер патшалығының билеушiсi мен оның жұбайы Персефона қорықпайүрiкпей қараңғылық пен қасiрет патшалығына түскен найзағай тәңiрiсi Зевстiң баласына таңдана көз тастады. Иығынан асыра арыстан терiсiн жамылған ол садағын асынып, аспай-саспай, айбынды қалпында, өзiнiң алып күрзiсiне сүйенiп, Аид тағының алдында тұр. Аид Зевс баласына жылы шыраймен амандасып, күн сәулесiн тастап, қараңғылық патшалығына түсуге не мәжбүр еткенiн сұрады. Геракл Аидтың алдында бас иiп:
– Уа, өлгендер жанының әмiршiсi, құдiреттi, ұлы Аид, менiң өтiнiшiме ренжи көрме! Сенiң патшалығыңа менiң өз еркiммен келмегенiмдi бiлесiң, саған айтатын өтiнiшiм де өз тiлегiм емес. Құдiреттi Аид, маған өзiңнiң үш басты төбетiң Кербердi Микеныға алып кетуiме рұқсат ет. Эврисфей жарқын жүздi олимпиялық құдайлардың әмiрiмен өзiм қызмет етiп жүрген осыны бұйырды, – деп жауап бердi.
– Мен өтiнiшiңдi орындайын, Зевстiң баласы, тек сен Кербердi ешқандай қарусыз-ақ үйретуiң керек. Егер оны үйрете алсаң, Эвриофейге әкетуiңе рұқсат етем.
Геракл Кербердi жерасты патшалығынан ұзақ iздедi. Ақыры оны Ахеронт жағалауларынан тапты. Геракл Кербердiң мойынынан сығымдай ұстады. Аид төбетi зәренi ұшыра қыңсыладыө оның ұлыған даусы бүкiл жерасты патшалығын тiтiркенттi. Ол Гераклдiң уысынан шықпақ болып жанталасты, бiрақ батырдың қуатты қолдары Кербердiң мойнын құрсаудай қыса түстi. Кербер құйрығымен Гераклдiң екi аяғын орап алып, айдаҺар басы өткiр тiстерiн кiрш-кiрш қадады, бiрақ бәрiнен де түк шықпады. Жаужүрек Геракл Кербердiң мойнын барған сайын қаттырақ сығымдай түстi. Ақыры, шала-жансар буындырылған төбет батырдың аяғы астына сылқ ете қалды. Геракл төбеттi жуасытып, қараңғылық патшалығынан Микеныға алып келдi. Кербердiң күндiзгi жарықтан зәресi ұштыө бүкiл денесiн суық тер басып, үш аузынан жерге улы көбiк тамшыладыө улы көбiктiң әр тамшысы тамған жерге улы шөптер өстi.
Геракл Кербердi Микены босағасына алып келдi.
Құбыжық төбеттi көрген қорқақ Эврисфейдiң үрейi ұшты. Ол Гераклдiң алдына жығылғандай болып жалбарынып, Кербердi қайтадан Аид патшалығына апарып тастауын өтiндi. Геракл оның өтiнiшiн орындап, Аидқа өзiнiң қорқынышты күзетшiсiн қайтарды.

Гесперидалардың алмалары (он екiншi ерлiк)
Гераклдiң Эврисфейге қызмет еткен кезiндегi ең қиыны ең соңғы он екiншi ерлiгi болды. Геракл иықтарымен бүкiл көк аспанды көтерiп тұрған ұлы титан Атласқа барып, оның бағынан Атлас қыздары Гесперидаларды есiртiп отырған үш алтын алманы әкелуге тиiс болды. Бұл алмалар Зевске тұрмысқа шығу күнiнiң құрметiне Гераға сыйлық ретiнде жер тәңiрiсi әйел құдай Гея отырғызған алтын ағашта өсетiн. Бұл ерлiктi жасау үшiн, ең алдымен, өмiрi көз iлу дегендi бiлмейтiн айдаҺар күзететiн Гесперидалар бағына апаратын жолды табу керек едi.
Гесперидалар мен Атласқа апаратын жолды ешкiм бiлмедi. Геракл Азия мен Еуропаны ұзақ кездi, бұдан бұрын Герион сиырларына барған сапарында басып өткен елдердiң барлығында болдыө барлық жерде де Геракл Гесперидалар бағына апаратын жолды сұрастырып-ақ бақты. Геракл ең қиыр солтүстiктегi суы мәңгi толассыз толқып ағып жататын Эридан өзенiне жеттi. Эридан жағалауларында Зевс ұлын ғажайып көрiктi хор қыздары құрметтеп қарсы алып, Гесперидалар бақтарына апаратын жолды қалай табуға болатыны туралы кеңес бердi. Геракл теңiз тұңғиығынан жағаға шыққан кезде аңдаусызда мәңгiлiк теңiз ақсақалы көрiпкел Нерейге бас салып, Гесперидаларға апаратын жолды содан бiлуi керек. Бұл жолды Нерейден басқа ешкiм де бiлмейдi. Геракл Нерейдi ұзақ iздедi. Ақыры, қартты теңiз жағалауынан табудың бiр сәтi түстi. Геракл теңiз құдайына бас салды. Жанкештi айқас басталды. Нерей Гераклдiң құрыштай құшағынан құтылмақ болып неше түрлi кейiпке кiрдi, бiрақ батыр оны босатпады. Ақыр соңында ол әбден қажыған Нерейдi байлап тастады, сөйтiп теңiз құдайы бостандық алу үшiн Гераклге Гесперидалар бағына апаратын жолдың құпиясын ашуға мәжбүр болды. Құпияны бiлгеннен кейiн Зевстiң ұлы теңiз қартын босатып қоя бердi де, әлi де алыс сапарын жалғады.
Оған тағы да Ливияны басып өтуге тура келдi. Мұнда ол Посейдон мен жер тәңiрiсi әйел құдай Геяның баласы, теңiз құдайы Антей алыпты кездестiрдi. Антей барлық жолаушыларды өзiмен күресуге мәжбүр етiп, күресте жығылғандарды мейрiмсiздiкпен өлтiретiн. Алып Гераклдiң де өзiмен күресуiн талап еттi. Күрескен сайын алып күшiн қалай арттыра түсетiн құпиясын бiлмей тұрып Антейдi жекпе-жекте жеңу мүмкiн емес-тi. Оның құпиясы мынада: Антей әлсiрей бастағанын сезiнген кезде жантайып жер-анаға денесiн тигiздi, сол кезде ол қайта күшейдiө бұл қуатты ол анасынан, жердiң ұлы құдайынан алады. Ал Антейдi жерден жұлып алып, ауада көтерiп тұрған сәтте оның күшi сарқылып қалады. Геракл Антеймен ұзақ күрестi, оны бiрнеше рет жерге алып соқты, бiрақ бұдан Антейдiң күшi тек арта түстi. Ендi бiр сәтте жау жүрек Геракл Антейдi басынан асыра тiк көтерiп тұр. Сонда Гея баласының күшi сарқылып, Геракл оны буындырып өлтiрдi.
Геракл iлгерi жүрiп, Египетке келдi. Мұнда ұзақ жолдан әбден қажыған ол Нiл жағасында шағын тоғай көлеңкесiнде ұйықтап қалды. Осы сәтте Гераклдi Посейдон мен Эпаф қызы Лисианассаның баласы, Египет патшасы Бусирис көрiп қалып, ұйықтап жатқан батырды байлаттырып тастады. Ол Гераклдi әкесi Зевске құрбандыққа шалмақ болды. Египетте тоғыз жыл бойы астық шықпаған, Кипрдан келген көрiпкел Фресий егер Бусирис Зевске жыл сайын жатжұрттық бiреудi құрбандыққа шалып тұрмаса, астық шықпайтынын айтқан едi. Бусирис көрiпкел Фресийдi ұстап әкелуге бұйырып, бiрiншi етiп өзiн құрбандыққа шалды. Содан бастап қатыгез патша Египетке сырт жерден келгендердiң барлығын найзағай тәңiрiсiне құрбандыққа шалумен болды. Құрбандық шалатын жерге Гераклдi де әкелдiө бiрақ өзiн байлаған жiптi шарт-шарт үзiп, тап осы жерде Бусиристiң өзi мен баласы Амфидамантты өлтiрдi. Сөйтiп Египеттiң жауыз патшасы осылайша жазасын алды.
Ұлы титан Атлас мекендеген жер шегiне жеткенше Гераклдiң әлi де көптеген қауiптердi басынан кешуiне тура келдi. Батыр қақпақтай иығымен бүкiл көк аспанды көтерiп тұрған алып күш иесiне таңдана қарады.
– О, ұлы титан Атлас! – дедi оған Геракл – Мен Зевстiң ұлы Гераклмiн. Менi саған алтынымен атағы шыққан Микены патшасы Эврисфей жiбердi. Эврисфей маған сенiң Гесперидалар бағында алтын ағашта өскен үш алтын алмаңды алып келудi бұйырды.
– Зевс баласы, мен саған үш алманы берейiн, – деп жауап қатты Атлас, – тек сен оларды мен алып келгенше орныма тұрып, кең иығыңмен көк аспанды тiрей тұр.
Геракл келiсiм бердi. Ол Атластың орнына тұрды. Зевс ұлының иығына сұрапыл салмақ түстi. Аспан салмағынан белi бүгiлiп, бұлшық еттерi бұлтиып iсiнiп кеттi, қысылғаннан бүкiл денесiн тер жапты, дегенмен әйел құдай Афинаның көмегiмен еш пендеге бiтпеген күшiнiң арқасында үш алтын алманы алып Атлас оралғанша көк аспанды тiреп ұстап тұра алды. Қайтып келген соң Атлас:
– Геракл, мiне үш алмаө егер қаласаң бұларды Микеныға өзiм апарып берем, ал сен мен келгешпе көк аспанды тiрей тұрө келген соң орныма өзiм тұрамын, – дедi батырға.
Геракл Атластың қулығын түсiне қойды, титан өзiнiң ауыр жұмысынан құтылғысы келiп тұрғанын түсiндi де, қулыққа қарсы қулық тапты.
– Жақсы, Атлас, мен қарсы емеспiн! – деп жауап бердi Геракл. – Тек менiң жастық жасап алуыма мүмкiндiк бер, көк аспанның салмағы тым батып кетпес үшiн мен оларды иығыма төсейiн.
Атлас қайтадан өз орнына тұрып, ауыр салмақты иығына салды. Геракл садағы мен жебе салған қорамсағын, күрзiсi мен алтын алмаларды алып:
– Қош бол, Атлас! Сен Гесперидалар алмасын алып келгенiңше мен көк аспанды тiреп тұрдым, ал бүкiл аспан ауыртпалығын иығыма мәңгi сап көтерiп тұрғым келмейдi, – дедi.
Геракл осыны айтып титаннан керi қайтты, ал Атласқа өзiнiң қуатты иықтарымен көк аспанды бұрынғысынша қайта ұстап тұра беруiне тура келдi. Геракл Эврисфейге қайтып келiп, алтын алмаларды бердi. Эврисфей оларды Гераклге сыйлады, ал ол алмаларды өз жебеушiсi, Зевс қызы Афина-Палладаға тарту қылды. Афина Гесперидалар бақтарында мәңгi қалуы үшiн оларға алмаларды қайтып бердi. Өзiнiң он екiншi ерлiгiнен кейiн Геракл Эврисфейге қызмет етуден құтылды. Ендi ол жетi қақпалы Фивыға оралуға мүмкiндiк алды. Бiрақ Зевс баласы мұнда ұзақ қала алмады. Оны жаңа ерлiктер күтiп тұр едi. Ол өзiнiң зайыбы Мегараны досы Иолайға әйелдiкке берiп, өзi тағы да Тиринфке кеттi.
Бiрақ оны бiрыңғай ерлiк қана күтiп тұрған жоқ-ты, бұрынғысынша әйел құдай Гера қыр соңына түскендiктен Гераклдiң басынан ауыр қасiреттер де өттi.

ГЕРАКЛ МЕН ЭВРИТ
Энбея аралындағы Ойхалия қаласын Эврит патша биледi. Ең мерген садақшы ретiнде Эвриттiң даңқы бүкiл Грекияға тараған-ды. Оған жебе тәңiрiсi Аполлонның өзi ұстаздық етiп, садақ пен оғымен қорамсақ сыйлады. Бiр кезде жас шағында, Геракл де Эвриттен садақ тартуды үйренген. Эврит садақ атудан өзiн ұтқан батырға сұлу қызы Иоланы беремiн деп жар салғызды. Эврисфейге қызмет ету мiндетiнен ендi ғана босаған Геракл Грекияның көптеген батырлары бас қосқан Ойхалияға сапар шегiп, сайысқа қатынасты. Геракл Эврит патшаны жеңiл-ақ жеңiп, Иоланы әйелдiкке беруiн талап еттi. Эврит өз уәдесiн орындамады. Ол қасиеттi қонақжайлық салтын естен шығарып, ұлы батырды мазақ ете бастады. Эврисфейдiң құлы болған адамға қызын бере алмайтындығын айтты. Ақыры Эврит пен оның менмен балалары той қызығы кезiнде мас болып қалған Гераклдi сарайдан, тiптi Ойхалиядан қуып шықты. Геракл Ойхалиядан жүрiп кеттi. Көкiрегiне қалың мұң толып, Эвбеядан әзер кеттi, Иола сұлуды сүйiп қалған едi ол, өзiн орынсыз қорлаған Эвритке деген ыза-кектi жүрегiне түйiп, Тиринфке оралды.
Осыдан бiраз уақыт өткен соң Эвриттiң малын Гермес ұлы, гректердiң iшiндегi аса айлакерi Автолик ұрлап әкетедi. Эврит бұл ұрлықты Гераклден көрдi. Ойхалия патшасы батыр кек қайтару мақсатымен бұның малын ұрлап айдап әкеткен болар деп ойлады. Тек Эвриттiң үлкен баласы Ифит қана әкесiнiң малын Геракл ұрлады дегенге сенген жоқ. Ифит тiптi өзiмен шынайы достық қатынаста болған Гераклдiң кiнәсыздығын дәлелдеу үшiн малын iздеуге шықты. Мал iздеп жүрiп Ифит Тиринфке келдi. Геракл досын құшақ жайып қарсы алды. Бiрде екеуi жартас басына орнатылған Тиринфтiң биiк қамалы қабырғаларының басында тұрған шақта Гераклдiң тұла бойын сұрапыл ашу кернедi, бұл ашу-ызаны оған әйел құдай Гера жiберген едi. Гераклдiң есiне Эврит пен оның балаларының қорлығы түстiө өзiн-өзi ұстай алмаған ол Ифитқа тап бердi де, оны қамал үстiнен лақтырып жiбердi. Ифит сорлының күл-талқаны шықты. Гераклдiң еркiнен тыс бұл кiсi өлтiрушiлiгiне Зевс қатты шамданды, өйткенi ұлы қасиеттi қонақжайлық салты мен кiршiксiз достық байланыстарын бұзған едi. Ұлы найзағай тәңiрiсi баласына жаза ретiнде аса ауыр сырқат жiбердi.
Геракл көп қиналдыө ақыры ауру әбден қажытқан ол Аполлоннан құдайлардың бұл жазасынан қалай құтылуға болатынын сұрау үшiн Дельфыға барды. Бiрақ көрiпкел Пифия оған жауап бермедi. Ол тiптi кiсi өлiмiне кiнәлы адам ретiнде Гераклдi ортадан қуып шықты. Ыза болған Геракл Пифия балгерлiк кеңес беретiн үш аяқты тұғырды ұрлап әкеттi. Бұған Аполлон ашуланды. Алтын шашты құдай Гераклге келiп, тұғырды қайтаруын талап еттi, бiрақ батыр көнбедi. Зевс балалары – мәңгiлiк өлмейтiн Аполлон құдай мен өлуге жазған батырлардың iшiндегi ең ержүрегi Гераклдiң арасында кескiлескен айқас басталды. Зевс Гераклдi өлтiргiсi келмедi. Ол Олимптен балаларының арасына өзiнiң жарқ-жұрқ еткен найзағайын тастап, екеуiн ажыратты да, айқасты тыйды. Ағайынды екеуi қайта табысты. Ал Пифия Гераклге мынадай жауап бердi:
– Сен үш жылға құлдыққа сатылсаң ғана сырқатыңнан айығасың. Құлдыққа өзiңдi сатып алған ақшанды өлген баласы Ифиттiң құны ретiнде Эвритке бер.
Гераклдiң тағы да еркiнен айырылуына тура келдi.
Оны Лидия падишасы Иардан қызы Омфалаға құлдыққа сатты. Гераклдi сатып алған ақшаны Эвритке Герместiң өзi апарып бердi. Бiрақ Ойхалияның қыңыр патшасы ақшаны алмай, Гераклге бұрынғысындай дүшпан болып қалды.

ГЕРАКЛ МЕН ДЕЯНИРА
Эврит Гераклдi Ойхалиядан қуып шыққан соң ұлы батыр Этолияның Калидон қаласына келдi. Мұнда Ойней билiк құратын. Аруақтар патшалығында Мелеагрға үйленуге уәде бергендiктен Геракл Ойнейден қызы Деянираның қолын сұрады. Калидонда Гераклге өте күштi бақталас тап болды. Деянира сұлудың қолын сұраушы батырлар көп едi, солардың iшiнде өзен құдайы Ахелой да бар-тын. Ақыры, Ойней күресте кiм жеңсе Деянираға сол үйленедi деп шештi. Күйеу жiгiттердiң барлығы да аса қарулы Ахелоймен күресуден бас тартты. Тек Геракл ғана келiстi. Гераклдiң батылдығын керген Ахелой:
– Сен Зевс пен Алкменадан тудым деймiсiң? Зевс сенiң әкең екенi өтiрiк! – дедi.
Ахелой осылайша Зевстiң ұлын тiлдеп, оның анасы Алкменаны сөге бастады. Геракл қабағын қарс жауып, Ахелойға ажырая қарады, ызаланғаннан көздерi жалтжұлт етiп:
– Ахелой, маған тiлiмнен көрi қолдарым жақсы қызмет етедi! Сен сөзбен-ақ жеңе ғой, ал мен сенi iс жүзiнде жеңем, – дедi.
Геракл нық басып Ахелойдың жанына келдi де, оны құрыштай қолдарымен айқара құшақтап алды. Алып Ахелой былқ ететiн емесө Геракл оны жыға алмады, қанша күш салса да түк шықпады. Жай оғындай гүрiлдеп-сарылдап келiп соққан теңiз толқыны да шайқалта алмайтын мызғымас жартастай сiресiп тұр қарсыласы. Өздерiнiң қисық мүйiздерiмен бiр-бiрiне iлiнiсiп қалған екi бұқа сияқты Геракл мен Ахелой жұлқысып жүр. Геракл Ахелойға үш рет шабуыл жасады, төртiншi ретте батыр оны сыртынан қапсыра құшақтап алды. Ол бейне мың батпан таудай салмақпен өзен құдайын жерге жаныштай түстi. Ахелой бар күшiн салып, тер басқан қолдарын әрең босатып алды, бiрақ жанталасып, қарсыласып баққанымен, Геракл оны барған сайын езгiлей түстi. Ахелой ыңырсып, етбеттей бердi де, тiзелерi бүгiлiп, басымен жер сүздi. Ахелой жеңiлiп қалмас үшiн қулыққа көштi – ол жыланға айналды. Ахелой жыланға айналып, Гераклдiң қолынан сусып түскенi сол едi:
– Мен бесiкте жатқанда-ақ жыландарды қалай жоюды үйренгем! Рас, сен Ахелой, басқа жыландарға қарағанда әлдеқайда күштiсiң, алайда сенi лерн айдаҺарымен салыстыруға болмайды ғой. Оның кесiлген бiр басының орнына екi бас өсiп шыққанымен, бәрiбiр мен жеңгем, – деп мысқылдай ақырды Геракл.
Геракл жыланды тап мойнынан ұстап алып, темiр қысқаш сияқты сыға түстi. Батырдың қолынан босамақ болып Ахелой жанталасты, бiрақ онысынан түк шықпады. Ақыры, ол бұқаға айналды да, Гераклге тұра ұмтылды. Геракл бұқа Ахелойды мүйiзiнен ұстап алып, бұрап, жерге жықты, Гераклдiң сұрапыл күшпен жыққаны соншалық, оның бiр мүйiзi морт сынды. Не керек, Ахелой жеңiлiп, Ойней Деянираны Гераклге бердi.
Геракл үйлену тойынан кейiн де Ойней сарайында қалды, бiрақ ол мұнда ұзақ бола алмады. Бiрде думанды қонақасы кезiнде Геракл аяқ жуу үшiн әзiрленген суды өзiнiң қолына құйғаны үшiн Архителдiң баласы Эвномды салып жiберген. Соққының күштi болғаны соншалық, бала табанда жан тапсырды. Геракл қатты қапаланды, тiптi Архител баласының байқаусыз өлiмiн кешiрсе де, батыр Калидонды тастап, әйелi Деянирамен бiрге Тиринфке жүрiп кеттi.
Геракл зайыбымен Эвен97 өзенiне жеттi. Ағысы қатты бұл өзеннен жолаушыларды жап-жалпақ арқасына отырғызып, кентавр Несс өткiзетiн. Ол Деянираны арғы бетке алып өтуге ықылас бiлдiрген соң Геракл әйелiн кентаврдың арқасына отырғызды. Ал батырдың өзi күрзiсi мен садағын арғы бетке лақтырып жiберiп, буырқанған өзеннен жүзiп өттi. Геракл жағаға шыға бергенде кенет Деянираның ащы даусын естiдi. Деянираның көркiне қатты қызыққан кентавр оны ұрлап әкетпек болған. Зевс баласы күндей күркiреп айқай салды:
– Қайда қашып барасың? Сен қашып құтылам деп ойлайсың-ау шамасы? Жоқ, құтыла алмайсың! Қаншалықты тез зырлағаныңмен, менiң жебем бәрiбiр құтқармайды!
Геракл садағын тартып қалды, ышқына тартылған адырнадан ажал жебесi зу еттi. Жебе Несске жетiп, арқасына қадалды да, жебенiң үшкiр басы кентаврдың кеудесiн қақ жарып өттi. Жарақаттанған Несс тiзерлей жығылды. Оның жарасынан лерн айдаҺарының уы аралас қан жылға болып ақты. Несс кек қайтармай өлгiсi келмей аққан қанын жинап алып, Деянираға бердi де:
– О, Ойнейдiң қызы, Эвеннiң буырқанған суынан мен ең соңғы рет сенi алып өттiм! Егер Геракл сенi бұрынғыдай сүймейтiн күн туса, мына қан оның махаббатын қайта оятады және мұнымен Гераклдiң киiмiн сүйкесең бiрде-бiр әйел оған сенен қымбат бола алмайды, – дедi.
Деянира Несстiң қанын алып, тығып қойды. Несс мерт болды. Геракл Деянираны алып Тиринфке келдi. Мұнда Геракл байқаусызда өзiнiң досы Ифиттi өлтiрiп, даңқты қаладан тағы да кетуге мәжiбүр болғанға дейiн тұрды.

ГЕРАКЛДIҢ ОМФАЛАҒА ҚЫЗМЕТI
Ифиттi өлтiргенi үшiн Геракл Лидияның әйел патшасы Омфалаға құлдыққа сатылды. Геракл Лидияның тәкаппар әйел патшасына қызмет еткен кездегiдей азапты еш уақытта көрген емес. Батырлардың батыры оның толассыз қорлығына шыдап бақты. Омфала Зевс ұлын мазақ етуден ләззат алатын сияқты. Ол Гераклге әйел киiмiн кигiзiп, күңдерiмен бiрге жiп иiртiп, мата тоқытты. Өзiнiң ауыр күрзiсiмен лерн айдаҺарын жайратқан батыр, Аид патшалығынан қорқынышты Кербердi алып келген, немея арыстанын қолымен буындырып өлтiрiп, иығымен көк аспанды көтерiп тұрған батыр, тек атын естiгеннен-ақ дұшпандарының зәресiн ұшырған батыр белi бүгiлiп ұршық станоктың алдында отыруға немесе үшкiр семсер ұстауға, садақ адырнасын шiрене тартып, күрзiсiмен жауларын ұрып жығуға дағдыланған қолдарымен жүн иiруге мәжбүр болды. Ал Омфала бүкiл тұлғасын жауып кететiн Геракл иығына iлген арыстан терiсiн жерге сүйрете жамылып,оның семсерi белдiгiне қыстырылған алтын сауытын киiп, батырдың күрзiсiн зорға көтерiп, Зевс баласының алдына келiп тұра қап, өзiнiң құлын мазақ ете бастайды. Омфала Гераклдiң тұла бойындағы сарқылмас қуат күштi өшiруге бел байлағандай. Геракл бәрiне де шыдауға тиiстi болды: өйткенi ол Омфаланың толық басыбайлы құлы едi және бұл ұзақ үш жылға созылуға тиiс.
Омфала батырға сарайдан шығуға анда-санда ғана ұрықсат ететiн. Бiрде Омфаланың сарайынан сыртқа шыққан Геракл Эфес98 төңiрегiндегi тоғай көлеңкесiнде ұйықтап қалды.
Ұйықтап жатқан кезде қасына ергежейлi – керкоптар келiп қару-жарағын ұрлап алмақ болған. Бiрақ керкоптар оның садағы мен жебелерiн ала бергенде Геракл оянып кеттi. Батыр олардың барлығын да ұстап алып, аяқ-қолдарын байлап тастады. Геракл керкоптардың байлаулы аяқтарының арасынан сырық өткiзiп, Эфеске көтерiп алып барды. Бiрақ керкоптар бет-ауызын ыржаңдатып-тыржаңдатып, Гераклдiң iшек-сiлесiн қатырған соң, батыр оларды босатып қоя бердi.
Омфалаға құл болып жүрген кезiнде Гераклдiң Авидаға99 келген жатжұрттықтардың барлығын жүзiмдiкте күн-түн демей құдды құлдарша жұмыс iстеуге мәжбүр ететiн Силей патшаға келгенi бар. Ол Гераклге де жұмыс iстеттi. Ызасы келген батыр Силейдiң барлық жүзiм сабақтарын жұлып-жұлып тастап, қасиеттi қонақжайлық дәстүрiн сақтамаған патшаның өзiн өлтiрдi. Омфалаға құл болып жүрген кезiнде Геракл аргонавтар жорығына қатысты. Ақыры жаза мерзiмi бiтiп, Зевстiң құдiреттi ұлы тағы да бостандық алды.

ГЕРАКЛДIҢ ТРОЯНЫ АЛУЫ
Геракл Омфала құлдығынан босанысымен iле кiлең батырлардан үлкен әскер жинап, алып кеткен патша Лаомедонттан өш алу үшiн он сегiз кемемен Трояға аттанды. Ол Трояға жеткен соң кеме күзетiн Оикл бастаған шағын жасаққа тапсырып, өзi басқа әскерiмен Троя қабырғаларына қарай қозғалды. Геракл кетiсiмен Лаомедонт Оиклға шабуыл жасап, оны өлтiрiп, оның бүкiл жасағын қырып салды. Кемелер жақтан айқас шуын естiген Геракл қайтып келiп, Лаомедонтты қашуға мәжбүр еттi де, Трояға қуып тықты. Қаланы қоршау ұзаққа созылған жоқ. Трояға бiрiншi болып Теламон кiрдi. Геракл оның өзiнен бұрын кiргенiне шыдай алмады. Семсерiн ала салып Теламонға ұмтылды. Өзiне өлiм қаупi төнгенiн сөзген Теламон тез еңкейiп, тас жинай бастады. Геракл таңғалып:
– Сен не iстеп жүрсiң, Теламон? – деп сұрады.
– О, Зевстiң құдiретi асқан батыр баласы, мен жеңiмпаз Гераклге құрбандық шалатын ошақ орнатып жатырмын!– дедi айлакер Теламон, сөйтiп өзiнiң ақылды жауабымен Зевс ұлының ашуын басты.
Геракл қаланы алу кезiнде өз оғымен Лаомедонт пен оның барлық балаларын өлтiрдiө батыр тек олардың ең кенжесi Подаркқа ғана аяушылық жасады. Лаомедонттың көрiктi қызы Гесионаны Геракл ерлiгiмен көзге түскен Теламонға берiп, қызға тұтқындардың бiрiн таңдатты да, оны босатуға уәде бердi. Геракл өзiнiң iнiсi Подаркты таңдады.
– Ол басқа тұтқындардың барлығынан бұрын құл болуы керек! – деп кiжiндi Геракл. – Тек сен оның құнын төлейтiн болсаң ғана босатып қоя беремiз.
Гесиона iнiсiнiң төлемi ретiнде басындағы қымбат орамалын алып бердi. Осыдан бастап Подаркты Приам (яғни сатып алынған) деп атап кеттi. Геракл оған Троя билiгiн тапсырып, өзi әскерiмен жолға шықты. Геракл Троядан керi қайтып, жүзiп келе жатқанда Зевстiң өзi жеккөретiн баласының көзiн құртпақ болған әйел құдай Гера теңiзде керемет дауыл тұрғызды. Баласына қандай қауiп төнгенiн Зевс көрмеуi үшiн Гера ұйқы құдайы Гипностан ұлы әмiршiнi ұйықтатып тастауын өтiндi. Дауыл Гераклдi Кос100 аралына ықтырып әкелдi.
Кос тұрғындары Гераклдiң кемесiн қарақшылар деп ойлап, тас атып, жағаға жолатпауға тырысты. Геракл түнде жағаға түсiп, Кос тұрғындарын жеңдi, олардың патшасы Посейдон ұлы Эврипилдi өлтiрiп, бүкiл аралды талан-таражға салды.
Ұйқысынан оянған Зевс баласы Гераклдiң қандай қауiпке тап болғанын бiлiп, қатты ашуланды. Ол ашу үстiнде Гераны берiк алтын шынжырмен бұғаулап, аяқтарына ауыр екi салдуыр байлады да жер мен аспан арасына асып қойды. Ашу үстiнде айбаттанып кететiн Зевс Гераға көмектеспек болған олимпиялықтардың барлығын да биiк Олимптен лақтырып жiбердi. Ол Гипносты да ұзақ iздедi. Егер ұйқы құдайын әйел құдай Түн жасырып қалмағанда құдайлар мен ажалды пенделер билеушiсi Олимптен оны да лақтырған болар едi.

ГЕРАКЛДIҢ АЛЫПТАРМЕН АЙҚАСЫ
Кос аралындағы Гераклге әкесi Зевс құдiреттi батырдың алыптармен айқасына көмектесу үшiн өзiнiң сүйiктi қызы Афина-Палладаны жiбердi. Алыптарды Крон құлатқан Уран қанының тамшыларынан әйел құдай Гея туған болатын. Бұлар аяқтары жылан тәрiздес, ұзын шаштары қобыраған сұрапыл құбыжық алыптар едi.
Алыптар күшi керемет едi, олар сол қуатын мақтан тұтатын және Олимп құдайларынан олардың әлемде билiгiн тартып алғылары келетiн. Олар Холкидтың Паллена түбегiнде көсiлiп жатқан Флегрей алқаптарында құдайлармен айқасқа шықты. Олимп құдайларынан қорыққан жоқ. Алыптар анасы Гея оларға құдайлар қаруынан қорғайтын емдiк дәрi бердi. Алыптарды тек қарапайым пенделер ғана өлтiре алатынө Гея оларды тiрi пенделер қаруынан сақтандырған жоқ-ты. Гея алыптарды қатардағы ажалды пенделер қаруынан қорғай алатын емдiк шөптi бүкiл жер жүзiнен iздеген, бiрақ Зевс әйел құдайлар таң шапағы тәңiрiсi Эос пен ай тәңiрiсi Селенаға және нұр дидарлы күн құдайы Гелиосқа жарық түсiруге тыйым салып, емдiк шөптi өзi шауып тастады.
Құдайлар қолынан ажал таппайтынын бiлген алыптар ұрысқа құлшына ұмтылды. Айқас ұзаққа созылды. Алыптар құдайларды теңкиген-теңкиген жартастармен атқылап, жанып жатқан санғасырлық ағаштарды лақтырды. Шайқас дабылы бүкiл жер-дүниенi жаңғыртты.
Ақыры Афина-Паллада мен Геракл келдi. Зевс ұлының қаҺарлы садағы адырнасы зыңылдай тартылып, лерн айдаҺарының уына суғарылған жебесi жарқ етiп алыптардың iшiндегi ең алыбы – Алкионейдiң кеудесiне барып қадалды. Алкионей құлап түстi. Бiрақ оның Палленада өлуi мүмкiн емес-тi, ол мұнда ажалсыз болатын. Жерге құлап түскен ол бiраз уақыттан кейiн бұрынғысынан да құдiреттi күшпен қайта ұшып тұрды. Геракл оны дереу иығына салып алды да, Палленадан алып кеттiө Паллена төңiрегiнен шыққаннан соң ғана ол дүние салды. Порфирион алып Алкионей өлгеннен кейiн Геракл мен Гераға тап бердiө ол Гераның жамылғышын жұлып алып, ендi ұстай бергенде, Зевс найзағаймен ұрып жер жастандырды, ал Геракл жебесiмен бiржолата жанын шығарды. Аполлон алтын жебесiн Эфиальт алыптың сол көзiне қадалтты, ал Геракл өз жебесiмен оң көзiнен атып өлтiрдi. Дионис аса таяғымен Эврит алыпты, Гефест тұтас балқыған темiр үйiндiсiн лақтырып Клитий алыпты бүкiл Сицилия аралымен бастыра салды.
ҚаҺарлы зiлзалашы Посейдонның қуғынынан теңiз арқылы жан сақтамақ болған Полибот алып Кос аралына қашты. Посейдон өзiнiң үш ашалы аса таяғымен Кос аралының бiр бөлiгiн бөлiп алды да, Полиботка лақтырды, Нисирос аралы осылайша пайда болды. Гермес Ипполит алыпты, Артемида – Гратионды, ұлы мойралар мыс күрзiмен шайқасып жүрген Агрий мен Фоон алыптарды жайратты. Қалған алыптарды найзағай тәңiрiсi Зевс өзiнiң жарқ-жұрқ еткен жай оғымен жаусатып салды, бiрақ олардың барлығы да Гераклдiң мүлт кетудi бiлмейтiн жебесiнен қаза тапты.

ГЕРАКЛДIҢ АЖАЛЫ ЖӘНЕ ОНЫ ОЛИМП ҚҰДАЙЛАРЫНЫҢ САПЫНА АЛУ
Софоклдiң «Трахива әйелдерi» трагедиясы бойынша баяндалған.

Геракл Ифиттi өлтiргенi үшiн Омфалаға құлдыққа сатылған соң Деянираның балаларымен Тиринфтен кетуiне тура келдi. Гераклдiң әйелiн Фессалия қаласы Трахина патшасы Кеик паналатты. Гераклдiң Деянирадан бостандық алып шыққанына үш жыл, үш ай өттi. Гераклдiң әйелi күйеуiнiң тағдырын ойлап дал болды. Гераклден хабар келмедi. Деянира тiптi оның өлi-тiрiсiн бiле алмады. Ауыр сезiмнен Деянира қасiретке батты. Ол баласы Гиллдi шақырып алып:
– О, сүйiктi ұлым менiң! Осы уақытқа дейiн әкеңдi iздемеуiң масқара емес пе?! Мiне, одан ешқандай хабарошардың болмағанына бiрнеше айдың жүзi болды, – дедi.
– Егер ұзынқұлақтан жеткен әңгiме рас болса, – деп жауап бердi Гилл анасына, – әкем Омфалаға үш жыл құл болғаннан кейiн өзiнiң құлдық мерзiмi бiткен соң бiр кезде қорлағаны үшiн Эврит патшадан кек алу мақсатымен әскер жиып Ойхалиядағы Эвбея қаласына жол тартыпты.
– Балам! – анасы Гиллдiң сөзiн бөлдi. – Әкең Геракл ұлы жорықтарға аттанып еш уақытта да менi тап осы соңғы жолғыдай мазасыздыққа душар еткен емес едi. Ол тiптi қоштасарда өзiне Додонда101 берiлген көне болжам жазылған кiшкене кестесiн тастап кеткен маған. Онда егер Геракл жат жерде үш жыл, үш ай жүрiп қалатын болса, онда ол не ажал табады, немесе үйiне қайтып оралып қуанышты, тыныш өмiр сүредi делiнген. Геракл менi тастап бара жатып, өзi қаза тапқан жағдайда балаларының өз жерiнен мұра алу керектiгiн тапсырып кеттi. Ерiмнiң тағдыры қатты қобалжытады менi. Ол маған Ойхалияны қоршау туралы да айтқан, ол сол қала түбiнде не қаза табамын, болмаса, оны алып, тыныш өмiр сүремiн деген. Жоқ, балам, жалынамын жаным, әкеңдi iзде.
Гилл анасының тiлегiн орындап, әкесiн iздеуге Ойхалияға, алыстағы Энбеяға жол тартты.
Гилл Трахинадан жүрiп кеткен соң бiраз уақыттан кейiн Деянираға жүгiрiп хабаршы келдi. Ол қазiр Гераклден елшi Лихас келетiнiн айтты. Лихас қуанышты хабар жеткiзедi. Геракл тiрi, ол Эвриттi жеңiп, Ойхалия қаласын алып, тас-талқан еттi, ендi көп ұзамай жеңiс даңқын дабылдатып Трахинаға оралады. Хабаршының iзiн ала Деянираға Лихас та келдi. Ол тұтқындарды ала келдi, олардың iшiнде Эвриттiң қызы Иола да бар. Деянира Лихасты қуана қарсы алды. Гераклдiң елшiсi оған Гераклдiң бұрынғысынша қуатты да денi сау екендiгiн айтты. Ол Эвбеяны тастап шықпас бұрын өзiнiң жеңiсi құрметiне ұлан-асыр той өткiзiп, аса бай құрбандық шалмақ. Тұтқындар арасындағы әйелдi көзi шалған Деянира:
– Лихас, мына әйелдiң кiм екенiн айтшы маған? Мұның әкесi кiм, шешесi кiм? Ол барлығынан да бетер қайғыға батып тұр ғой. Бұл Эвриттiң өзiнiң қызы емес пе? – деп сұрады Лихастан.
Бiрақ Лихас Гераклдiң әйелiне былай деп жауап бердi:
– Мен оның кiм екенiн бiлмеймiн, ханым. Бұл әйел, шамасы, шонжар эвбея руынан болса керек. Ол бүкiл жол бойы тiс жарып сөйлеген жоқ. Туған қаласынан ұзап шыққалы қасiрет жасын төгумен келедi.
– Бақытсыз байғұс! – деп аяныш бiлдiрдi Деянира. – Сенiң бұл қайғыңа мен жаңа мұң-шер қоса қоймаспын! Лихас, тұтқындарды сарайға кiргiз, қазiр соңдарыңнан мен де барам!
Лихас тұтқындарды алып сарайға кеттi. Ол кетiсiмен Деянираның жанына күңi келiп, былай дедi:
– Тоқтай тұр, ханым, құлақ салшы сөзiме. Лихас саған бар шындықты айтқан жоқ. Бұл әйелдiң кiм екенiн ол бiледiө бұл – Эвриттiң қызы Иола. Оны жақсы көретiн Геракл бiр кезде Эвритпен садақ атудан сайысқа түскен. Тәкаппар патша уәдәсiн бұзып, өзiн жеңген оған қызын бермеген, сөйтiп мазақ етiп, ұлы батырды қаладан қуып шыққан. Ендi, мiне, осы Иола үшiн Геракл Ойхалияны алып, Эврит патшаны өлтiрдi. Зевстiң ұлы Иоланы мұнда күң ретiнде жiберген жоқ – ол мұны әйел етiп алмақ.
Деянираны қайғы басты. Ол шындықты ашып айтпағаны үшiн Лихасқа ренжiдi. Лихас Иоланың көркiне бас иген Гераклдiң шынында да оған үйленгiсi келетiнiн мойындады. Деянираның көкiрегi шерге толды. Бөлек өткiзген ұзақ уақыт iшiңде Геракл оны ұмытқаны ғой. Ендi ол басқа әйелдi сүйедi. Бақытсыз байғұс басы ендi не iстеуi керек? Зевстiң ұлы перзентiн ол шын жүрегiмен сүйедi және басқа бiреуге берiп жiбере алмайды. Әбден қасiрет жеңген Деянираның есiне өзiне бiр кезде кентавр Несс берген қан мен оның өлер алдында айтқан сөздерi түстi. Ол бұған: «Менiң қаныммен Гераклдiң киiмiн сүртсең ол сенi өмiр бақи сүйетiн болады, бiрде-бiр әйел оған сенен қымбат болмайды» деген жоқ па едi. Деянира сиқырлы құралға жүгiнуге сескендi, бiрақ Гераклге деген махаббаты мен одан айырылып қалу қаупi ақыры оның қорқынышын жеңдi. Ол күн нұры түспеуi үшiн, ошақ оты қыздырып жiбермеуi үшiн ыдысқа салып өзi ұзақ сақтаған Несстiң қанын алды. Деянира өзi Гераклге сыйлық ретiнде тiгiп берген ою-өрнектi шекпенiн алып, Несстiң қанын сүрттi де, жәшiкке салып жақсылап жапты. Лихасты шақырып алып оған:
– Лихас, тезiрек Эвбеяға жет те, мына жәшiктi Гераклге апарып бер. Iшiнде шекпен бар. Геракл Зевске құрбандық шалған кезде осы шекпеңдi кисiн. Сен оған бұл шекпендi өзiнен басқа еш пенде кимегенiн, тiптi өзi кигенше жарқын жүздi Гелиостың нұры да түспейтiнiн айт, Лихас! – дедi.
Лихас шекпендi алып жүрiп кеттi. Ол кеткен соң Деянира мазасыздана бастады. Ол сарайға барып өзi шекпенге Несстiң қанын жаққан жүннiң шiрiп кеткенiн көргенде зәресi ұшты. Деянира әлгi жүндi еденге лақтырып жiбердi. Жүнге күн түстi де, лерн айдаҺарының уымен уланған кентавр қаны жанып кеттi. Қанмен бiрге айдаҺар уы да қызып, жүндi күлге айналдырды, ал жүн жатқан еденде улы көбiк пайда болды. Деянираның зәресi ұшты: ол Геракл уланған шекпендi киiп өледi-ау деп қорықты. Гераклдiң әйелi жөндеуге келмейтiн сұмдықты сезiп, барған сайын қинала түстi.
Лихастың уланған шекпендi алып Эвбеяға кеткенiне көп уақыт өткен жоқ. Трахияға оралған бетiнде Гилл сарайға кiрдi. Өңi құп-қу, көздерiне жас толып кетiптi. Ол анасына қарап:
– ОҺ, үш нәрсенiң бiреуiн ғана көрсем ғой, шiркiн: не сен бұл дүниеде тiрi жүрмесең, немесе сенi мен емес, басқа бiреу ана деп атаса, әйтпесе, қазiргiден гөрi ақылың дұрыстау болса ғой! Сен өз күйеуiңдi, менiң әкемдi құртқаныңды бiлiп қой!– дедi ызаланып.
– О, сұмдық! – деп зәресi ұша шыңғырды Деянира. – Не деп тұрсың, балам-ау? Мұны саған айтқан қай адам? Сен менi мұндай қаскүнемдiкке қалай қиясың!
– Мен мұны басқа адамдардан естiген жоқпын, әкемнiң қалай қиналғанын өз көзiммен көрдiм!
Гилл анасына Ойхалия қаласының маңындағы Канейон тауында болған оқиғаны баяндады: құрбан шалатын орын дайындап Геракл құдайларға, ең алдымен, өз әкесi Зевске құрбандық шалуға кiрiсе берген кезде шекпендi алып Лихас келедi. Зевстiң баласы әйелiнiң сыйлығы – шекпендi киiп құрбан шалуға кiрiседi. Ол Зевске құрбандыққа он екi бұқа таңдап алып, батыр құдайларға барлығы жүз құрбандық шалды. Михрабтарға жаққан от жалындай түстi. Геракл бар ықыласымен екi қолын көкке жайып, құдайларға құлшылық етiп тұрды. Құрбандық ошақтарында жалындай жанған от Гераклдiң денесiн жылыта түстi, тұла бойын тер жуды. Кенет батырдың денесiне уланған шекпен жабысты да қалды. Гераклдiң тұла бойы қалшылдап кеттi. Ол керемет қиналды. Батыр қатты қиналып тұрып, Лихасты шақырып алды да, одан мына шекпендi неге әкелдiң деп сұрады. Лихас не деп жауап бере алушы едi? Ол тек өзiне шекпендi ұстатып жұмсаған Деянира екенiн айтты. Жаны шырқырап ауыр қиналыстан есi кеткен Геракл Лихасты сирағынан ұстап алып айналасында теңiз толқыны шулап жатқан жартасқа құлаштай ұрды. Лихастың күл-талқаны шықты. Геракл болса жерге құлап түстi. Ол адам айтқысыз қиналысқа түсiп жанталасты. Айқайлаған даусы Эвбея үстiнде қалықтап қиыр шеттерге жетiп жатты. Геракл өзiнiң Деянирамен некесiн қарғап-сiледi. Ұлы батыр баласын шақырып алып, қинала ыңырсып тұрып:
– ОҺ, ұлым менiң, менi мына бақытсыздықта тастап кетпе – тiптi өз өмiрiңе қауiп төнсе де тастай көрме менi! Көтершi! Мына жерден алып кет! Менi бiрде-бiр пенде көрмейтiн жерге апар. О, егер маған деген көңiлiңде аяушылық болса, бұл жерде өлуiме жол бере көрме! – дедi.
Гераклдi көтерiп алып, зембiлге салды да, Трахинаға жеткiзу үшiн кемеге апарды. Гилл анасына осы жайды айтты да, әңгiмесiн мынадай сөздермен аяқтады:
– Қазiр сiздер бәрiңiз де Зевстiң ұлы ұрпағын көресiздер, мүмкiн әзiр тiрi шығар, мүмкiн мәңгi көз жұмған да болар. О, ана, қатыгез Эриниялар мен кекқұмар Дикэ жазаңды тартқызсын сенiң! Сен бұрын-соңды жер бетiнде болмаған ең тамаша адамды мерт қылдың! Мұндай батырды ендi өмiр-бақи көре қоймассың!
Деянира ләм-мим деп тiл қатпай, сарайға кiрiп кеттi. Сарайға кiрген бетте екi жүздi семсердi қынынан суырып алды. Деянираны кәрi күтушiсi көрiп қалды. Ол жан ұшырып Гиллдi шақырды. Гилл жүгiрiп анасына жеткенде ол семсердi қақ жүрегiнiң басына сұғып та үлгiрген едi. Көкiрегi қарс айырылған баласы аңырап анасына ұмтылды, ол шешесiн аймалап, суый бастаған денесiн шөпiлдетiп сүйiп жатыр.
Осы кезде сарайға өлiм халiндегi Гераклдi алып келдi. Жолшыбай ол есiнен танып ұйықтап кеткен едi. Бiрақ сарай қақпасының алдында зембiлдi қойған кезде Геракл оянып кеттi. Батыр жанына батқан арурудан түк сезбедi.
– Уа, ұлы Зевс! – деп айқайлады ол. – Мен қай елдемiн осы? О, Греция ерлерi, қайдасыңдар сендер? Көмектессеңдершi маған! Мен сендер үшiн жер мен теңiздi құбыжықтар мен жауыздықтан тазарттым, ендi мiне сендердiң бiреулерiң де менi мына ауыр қасiреттен отпен не өткiр семсермен құтқарғыларың келмейдi! О, Зевстiң iнiсi, ұлы Аид, сен ұйықтат, бақытсыз мен сорлы тез ұшып келетiн ажалыңмен ұйықтата көр!
– Әке, жалбарынып сұраймын, тыңдашы менi, – деп өтiндi Гилл көзiне жас толып, – анам бұл қастандықты бiлместiкпен iстедi. Сенiң ажалыңа өзi себеп болғанын естiген бойда ол өз жүрегiне семсер сұғып алды.
– Оу, құдайлар, ол өлiп қалған екен ғой, кек қайтара алмадым-ау! Деянира зәлiм менiң қолымнан өлуi керек едi!
– Әке, ол кiнәлы емес! – дедi Гилл. – Үйiне әкелiнген Эвриттiң қызы Иоланы көрген анам сиқырлық күшiмен сенiң махаббатыңды қайта оятпақ болыпты. Ол шекпенге өзiңнiң жебеңнен өлген кентавр Несстiң қанын жаққан, бiрақ ол бұл қанның лерн айдаҺарының қанымен уланғанын бiлген жоқ.
– О, сұмдық, сұмдық! – деп аласұрды Геракл. – Әкем Зевстiң болжамы осылай орындалған екен ғой! Ол маған сен тiрi жанның қолынан өлмейсiң, сенiң пешенеңе Аидтың қапас патшалығына кеткен жанның қастандығынан қаза табу жазылған деп едi. Мiне, ендi өзiм өлтiрген Несс менi өлтiрiп отыр! Додондағы сәуегей маған осындай тыныштықты – ажал тыныштығын болжаған болды ғой! Иә, расында да өлгендердi кiм мазалайды! Гилл, менiң ендi соңғы өтiнiшiмдi орында! Өзiмнiң сенiмдi достарыммен бiрге менi биiк Оэтаға102 апар, оның ұшар басына жерлеу алауын жағып, менi соған қой да от тұтат. Оу, осыны тезiрек атқар, менi ендi көп қиналтпа!
– Ой, аяй гөр менi, әке! Менi өзiңнiң өлтiрушiң етуге қалай ғана аузың барады! – деп жалынды Гилл.
– Жоқ, сен өлтiрушi емес, қасiретiмдi жазушы боласың! Менiң тағы бiр өтiнiшiм бар, оны да орында! – деп өтiндi баласынан Геракл. – Эвриттiң қызы Иолаға үйлен.
Бiрақ Гилл әкесiнiң өтiнiшiн орындаудан бас тартты:
– Жоқ, әке, мен өз анамның өлуiне себеп болған қызға үйлене алмаймын!
– Оу, айтқанымды орында, Гилл! Менiң ендi ғана басыла бастаған қасiретiмдi қайта оятпа! Тыныш өлуiме мәулет бер! – деп Геракл айтқанынан қайтпай баласына жалынды.
Гилл ақыры мойын ұсынып: «Жақсы, әке. Мен сенiң ажал алдындағы тiлегiңдi орындайын», – деп уәде еттi.
Геракл баласын асықтырып, өзiнiң ең соңғы өтiнiшiн тезiрек орындауын өтiндi.
– Тезiрек, балам, ендi! Мына жан төзгiсiз қасiрет қайта басталғанша менi тезiрек алау үстiне қой! Апарыңдар менi! Қош, Гилл!
Гераклдiң достары мен Гилл зембiлдi көтерiп, қаҺарманды биiктегi Оэтаға алып келдi. Мұнда олар тау-төбе етiп отын қалады да, үстiне батырлардың iшiндегi ең ұлысын қойды. Геракл барған сайын қиналды, лерн айдаҺарының уы денесiне барған сайын жайыла бердi. Геракл денесiне жабысып қалған үстiндегi шекпенiн дардар айырды: шекпен шоқпыттарымен бiрге ол өз терiсiн де жұлып-жұлып алды, сұмдық жара бұрынғыдан да бетер қинай түстi. Бұл күйзелiстен тек ажал ғана құтқаратын едi. Жан төзгiсiз аурудан гөрi алау жалынында жанып өлу көп жеңiл, бiрақ батыр достарының бiрде-бiрi от тұтатуға батпады. Ақыры, Оэтаға Филоктет келдiө Геракл оны алау тұтатуға көндiрдi де, соның сыйлығы ретiнде оған өзiнiң садағы мен айдаҺар уына суарылған жебелерiн бердi. Филоктет алауды тұтатты, алау оты лапылдап жарқырай жанды, ал Зевс найзағайлары одан да жарқырап көрiндi. Аспанда тынымсыз күн күркiредi. Алау басына алтын күймемен Гермес пен Афина-Паллада103 келдi де, батырлардың iшiндегi ең ұлысы Гераклдi Олимпке алып кеттi. Мұнда оны құдайлар қарсы алды Геракл мәңгi өлмейтiн құдай болды. Гера өзiнiң өшпендiлiгiн ұмытып, Гераклдi қызы, мәңгi жас құдай – қыз Габаға үйлендiрдi. Содан берi Геракл нұр сәулелi Олимпте құдайлар сапында өмiр сүрiп келедi. Бұл оның жерде жасаған барлық ерлiктерi, барлық қайғы-қасiретi үшiн алған сыйлығы едi.

ГЕРАКЛИДТЕР
Еврипидтiң «Гераклидтер» трагедиясы бойынша баяндалған.

Геракл өлген соң оның балалары мен анасы Алкмена Тиринфте Гераклдiң үлкен баласы Гиллдiң қолында тұрды. Бiрақ олар онда ұзақ тұра алмады. Гераклге деген өшпендiлiгi өшпеген Эврисфей аса ұлы батырдың балаларын әкесiнiң иелiгiнен қуып шығып, қайда барып паналауға тырысса да, барлық жерде қудалаумен болды. Геракл балалары бүкiл Грекияны кезiп шықтыө ақыры оларды Гераклдiң жиенi әрi досы кәрi Иолай паналатты. Өшiккен Эврисфей бақытсыз балаларды мұнда да тұрақтатпады, олардың Иолаймен бiрге Тесейдiң баласы Демофонт билiк құратын Афиныға қашуына тура келдi.
Геракл балаларының Афиныға барып жасырынғанын бiлген Эврисфей өзiнiң хабаршысы Копрейдi Демофонтқа жiберiп, Гераклидтердi беруiн талап еттi. Демофонт бұған келiспедiө Эврисфей үлкен әскер жинап Афиныны шауып, қаланы тас-талқан етедi деген қоқан-лоқыдан қорыққан жоқ. Демосфонт қонақжайлық дәстүрiн бұзғысы келмедi.
Көп ұзамай Эврисфей үлкен әскермен Аттикаға кiрдi. Афинылықтар сан жағынан әлдеқайда басым жаумен шайқасқа әзiрлендi. Олар құдайлардан айқас қалай аяқталатынын сұрады, құдайлар егер афинылықтар құрбандыққа қыз шалған жағдайда ғана жеңiске жететiндiгiн айтты. Геракл мен Деянираның үлкен қызы
Макария құдайларға құрбандыққа шалынуға өз еркiмен келiсiм бердi. Ол өз iнiлерi мен сiңлiлерiн сақтап қалу үшiн өмiрiн құрбан етудi жөн көрдi.
Екi әскер ұрыс алаңында кездестi, жауынгер жасағымен Гилл де келдiө ол Эврисфейге қарсы көмек тапқан едi. Шайқас алдында Макария құрбандыққа шалынды. Сұрапыл ұрыс болды, адам қаны судай ақты. Афинылықтар жеңiске жеттi. Эврисфей керi қашты, Гилл қос доңғалақты арбасымен әкесiнiң қас жауының iзiне түстi. Мұны Иолай көрiп қалды. Ол Гиллден қос доңғалақты арбасын берудi өтiндi – Гераклдiң кәрi серiгi досына көрсеткен барлық қаскүнемдiгi үшiн Эврисфейден өзi өш алғысы келдi. Иолай дереу қос доңғалақты арбаға отырып, оның iзiне түстi. Ол Эврисфейге жетiп те қалды.
Иолай олимп құдайларына құлшылық еттi. Олардан тек бiр ғана күнге жастығы мен бұрынғы күшiн қайтарып берудi өтiнiп жалбарынды. Иолайдың бұл тiлегi құдайлар құлағына шалынды. Аспаннан екi жарық жұлдыз ағып түсiп, бұлт Иолайдың қос доңғалақты арбасына келiп қонды. Бұлт қайта ашылған кезде қос доңғалақты арба үстiнде жас кезiндегiсiндей жарқырап, қуатты да көрiктi Иолай тұрды. Ол Эврисфейдi қуып жетiп, оны тұтқынға алды.
Иолай мерейi үстем боп қол-аяғы байланған Эврисфейдi Афиныға алып келдi. Баласының жауын көрген Гераклдiң анасы Алкмена ашу-ызаға булықты. Алкмена Гилл мен Демофонттың қорғағысы келгенiне қарамастан Эврисфейдiң екi көзiн суырып алып, өлтiрдi. Афинылықтар жеңiлiс тапқан жауды жерлеусiз қалдырмады: ол Аттикада паллена Афинысындағы ғибадатханаға жерлендi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *