КАДМ77
Овидийдiң «Метаморфоза» поэмасы бойынша баяндалған.
Зевс бұқа кейпiнде келiп Еуропаны алып қашып әкеткен соң әкесi – Сидон патшасы Агенор қайғыға батты. Оны ештеңе жұбата алмады. Өзiнiң үш баласы – Фойникс, Киликс, Кадмды шақыртып алып, Еуропаны iздеуге жiбердi. Ол балаларының ажалдан қорқып, қарындасын таппай үйге оралуына тыйым салды. Агенор балалары жоқ iздеуге аттанды. Фойникс пен Киликс көп ұзамай Кадмнан бөлiнiп кеттi. Олар екi патшалықтың: Фойникс – Финикияның, ал Киликс – Киликияның негiзiн қалап, өздерi соларда тұрып қалды.
Кадм қарындасын iздеуге жалғыз өзi аттанды. Ол Еуропаны сұрастырып, дүниенi ұзақ кездi. Зевстiң өзi оны жұрттың бәрiнен жасырып отырғанда қарындасын қайдан тапсын! Ақырында, қарындасын табу үмiтiн үзiп, екiншi жағынан үйге оралуға қорыққан Кадм бiржолата жат жұртта қалуға бел байлады. Қасиеттi Дельфыға барып, жебе тәңiрiсi Аполлон әулиеден қай елге қоныс теуiп, қала салуға болатынын сұрады ол.
Аполлон әулие Кадмға:
– Оңаша алаңқайдан ғұмыры мойынтұрық салынбаған сиыр көресiң. Соған ерiп жүре бер, ол қай жерге барып шалғынға жатса, сол жерге қала қабырғасының iргесiн қала, ал ол елдi Беотия деп ата, – дедi.
Осындай жауап алып Кадм қасиеттi Дельфыдан шықты. Ол қақпадан сыртқа шығысымен-ақ алаңқайда ешкiмнiң бағуынсыз жайылып жүрген аппақ қардай сиырды көрдi. Кадм өзiнiң сидондық сенiмдi қызметшiлерiн ертiп, Аполлон даңқын дәрiптеп, сиырдың соңынан ердi. Кефис78 алқабынан әрi асқан кезде сиыр кенет тоқтады да, басын көкке кетерiп бар даусымен мөңiредi, өзiне ерiп келген жауынгерлерге бiр қарады да, жайлап барып көк шөптiң үстiне жата кеттi. Аполлонға барынша риза болған Кадм тiзерлеп отыра қалды. Өзiнiң жаңа отанының топырағын сүйiп, бейтаныс таулар мен алқапта жебеуiн өтiнiп, құдайға құлшылық еттi. Кадм ұлы жебеушi Зевске құрбандық шалу үшiн тастан қазандық қалады, бiрақ құрбандық шаларда су болмағандықтан өзiнiң сенiмдi сидондықтарын суға жiбердi.
Осы маңда ғасырлар бойы отыншылардың балтасы тимеген сан ғасыр жасаған шоқ тоғай бар едi. Бұл тоғайда бетiн бұта басып кеткен терең үңгiр болатын, оның айналасында ретсiз үйiлiп тастар жататын. Үңгiрден тас арасымен сылдырап маржандай мөлдiр бұлақ ағатын. Үңгiрдi соғыс құдайы Ареске қызмет ететiн жылан мекендейтiн. Оның көздерi оттай жарқырап, үш қатар улы тiстерi ақсиып арандай аузынан жалмаңдап үш айырық тiлi шығып тұратын, жыланның басында айбатпен алтын айдары желбiрейтiн. Кадмның қызметшiлерi бұлақ басына келiп ыдыстарын салқын суға сала бергенде зәренi ұшыра ысқырып, үңгiрден шыңқан жылан алып денесiмен тас арасында ирелеңдеп iлгерi жылжыды.
Кадм қызметшiлерi шөлмектей бозарып, үрейлерi ұшып, ыдыстарын қолдан түсiрiп алып, тұла бойлары мұздап сала бердi. Жылан қақшиып құйрығымен шаншылып тiк тұрдыө оның арандай ашқан аузы мен басы ормандағы ғасырлық ағаштардан асып тұрды. Сидондықтар қашу немесе қорғану туралы ойлап үлгiргенше, сұрапыл жылан оларға тап бердi.
Кадм қызметшiлерiн ұзақ күттi. Күн ұясына қарай еңкейiп, көлеңке ұзара түстi, ал қызметшiлерi әлi жоқ, Агенордың ұлы сидондықтардың қайда жоғалып кеткенiн, неге кешiгiп жатқанын бiле алмай дал болды. Ақыры ол арыстан терiсiн сауыт ғып жамылып, белiне өткiр семсер байлады да, қолына найза ұстап олардың iзiмен тоғайға кеттi. Батырдың бұлардан да сенiмдi қорғаны – ержүректiгi едi. Кадм тоғайға кiрiп, борша-борша болған қызметшiлерiнiң денелерiн көрдi, олардың үстiнде алып жылан жатыр. Өкiнiш пен ашу қысқан Кадм:
– О, менiң адал қызметшiлерiм, қайтсем де сендердiң кегiңдi алам! Сендер үшiн не кек қайтарам, не қапастағы шейiттер патшалығында өздерiңмен бiрге болам! – деп ақырды.
Кадм жартастың үлкендiгiндей тасты көтерiп алып, құлаштап жыланға лақтырды. Бұл тастың салмағынан бекiнiстi мұнара күл-талқан болар едi, ал жыланның түгi де кеткен жоқ – оны денесiн түгел жапқан қабыршағы қорғап қалды. Агенордың ұлы бар күшiн салып найзасын сiлтеп, тажалдың арқасына қадады. Қабыршағы Кадмның найзасынан оны қорғай алмады. Найза жылан денесiне сабына дейiн кiрдi. Жылан ирiле бұлқынып, тiсiмен найзаға жабысып, оны жарасынан жұлып алмақ болды. Бiрақ бос әуреге түстi, найза ұшы тереңде, жара iшiнде қалды, Арос жыланы найзаның тек сабын ғана сындыра алды. Қап-қара у мен ашудан жыланның мойны iсiнiп кеттi, арандай аузынан ақ көбiк атқылады, қаҺарлы ысылы бүкiл төңiрекке тарап, бар ауа оның мүңкiген демiне толып кеттi. Жылан бiрде жер бетiнде сақинаша бүктетiлiп, бiрде жанталаса дөңгелеп, атылып жоғары секiредi. Ол ағаштарды түбiрiмен жұлып құлатты, құйрығымен орасан зор тастарды атқылады. Улы аузымен Кадмды тiстеп алмақ болып едi, бiрақ арыстан терiсiн қалқан етiп қымтанып алған батыр жыланды семсерiмен жасқап денесiне дарытпады. Жылан тiстерiмен өткiр семсердi шайнап тастамақ болды, бiрақ тiстерiн мұқалтып алды.
Ақыры Агенордың ұлы керемет соққымен жыланды дәл мойнынан жерге бiр-ақ ұрды, батыр соққысының күштiлiгi соншалық – оны кәдiмгiдей еменге шегелеп тастады.
Жүз жылдық емен тажал денесiнiң салмағымен иiлiп кеттi. Кадм өзi өлтiрген жыланның үлкендiгiне таңданып, қайран қалды. Кенет қайдан шыққаны белгiсiз, дауыс естiлдi:
– Агенордың ұлы, сен өзiң өлтiрген жыланға несiне таңданып тұрсың? Адамдар көп ұзамай жыланға айналдырылған саған да таңданатын болады.
Кадм жан-жағына қарап, құпия дауыстың қайдан шыққанын бiле алмады. Мұндай болжамды естiген батырдың үрейi ұшып, денесi қалтырап кеттi, төбе шашы тiк тұрды. Ол есiнен тана жаздап, өлген жыланның алдында тұр. Осы кезде Кадмға Зевстiң сүйiктi қызы Афина-Паллада келдi. Ол жыланның тiстерiн жұлып алып, жыртылған жерге тұқым сияқты себудi тапсырды.
Үкi көз жаугер әйел тәңiрiнiң бұйрығын Кадм бұлжытпай орындады. Ол жылан тiстерiн сеуiп бола бергенде, – о ғажап! – жер астын тесiп найзаның алдымен ұшы көрiндiө ендi мiне егiстiк жерден дулыға шоқтығы, содан соң жауынгерлердiң бастары, иықтары, сауыт киген кеуделерi, қалқан ұстаған қолдары шықты, ең ақырында айдаҺар тiстерiмен қаруланған жауынгерлер жасағы пайда болды. Бұрын жан бiлмеген жаңа жауды көрген Кадм семсерiне жармасты. Бiрақ жерден туған жауынгерлердiң бiрi:
– Семсерiңдi қолға алмай тұра тұр! Өзара бақталастық соғысқа араласудан сақ бол! – деп дауыстады.
Жауынгерлер арасында жан түршiгерлiк қанды шайқас басталды. Олар бiр-бiрiне семсер мен найза сұғып, бiрiнен соң бiрi жаңа ғана өздерiн туған жер төсiне құлап түсiп жатты. Ендi олардың бесеуi ғана қалды. Осы кезде Афина-Палладаның ұйғаруымен олардың бiреуi бiтiм белгiсi ретiнде өз қаруын жерге тастады. Жауынгерлер туысқандық одақ жасасты. АйдаҺар тiстерiнен жаралып, топырақтан туған бұл жауынгерлер Кадмға жетi қақпалы Фивы қамалы – Кадмеяны салған кезде көмекшi болды. Кадм ұлы Фивы қаласының негiзiн қалап, азаматтарға заң ұсынды. Олимп құдайлары Кадмды Арес пен Афродитаның ғажайып сұлу қызы Гармонияға үйлендiрдi. Фивының негiзiн салушының үйлену тойы тамаша өттi. Бұл үйлену тойында олимпиялықтардың барлығы да бас қосып, жаңа некелескен екi жасқа есепсiз сый тартты.
Осы кезден бастап Кадм Грецияның ең қуатты патшаларының бiрi болды. Оның байлығында қисап жоқ едi. Жылан тiстерiнен жаратып жер туған жауынгерлер басқарған оның қисапсыз көп әскерi жеңiлу дегендi бiлмедi. Агенор ұлының үйiнде мәңгi қуаныш пен шаттық орнаған сияқты едi, бiрақ олимпиялықтар оған жалғыз бақыт қана сыйлаған жоқ екен. Кадмның қыруар қайғыны бастан кешуiне тура келдi. Қыздары Семела мен Ино әкесiнiң көз алдында дүние салды. Рас, олар өлгеннен кейiн олимпиялық құдайлар сапына қабылданды, әйтсе де Кадм өзiнiң ерекше мейiрiммен сүйетiн қыздарынан айырылды. Кадмның жиенi, қызы Автонояның баласы, Актеон Артемида ашуының құрбаны болды. Кадмға өз немерелерiнiң де ажалын аза тұтуға тура келдi.
Ауыр қайғы күйзелткен Кадм қартайған шағында жетi қақпалы Фивыны тастап жолға шықты. Әйелi Гармониямен бiрге жат жұртты ұзақ кезiп, ең ақырында, алыстағы Иллирияға жеттi. Кадм жүрегi сыздай отырып өз үйi душар болған барлық бақытсыздықты еске алды, жыланмен айқасып және белгiсiз дауыс айтқан сөздердi ойына түсiрдi.
– Мен семсермен шаншып өлтiрген жылан, – дедi Кадм, – құдай қызметшiсi болмады ма екен? Егер оның өлiмi үшiн мен құдайлардың осыншалықты ауыр жазасына ұшырасам, жыланға айналғанымның өзi жақсы емес пе.
Кадмның осыны айтуы-ақ мұң екен, оның денесi созылып, қабыршық жамылды, аяқтары ұзарып, ирелеңдеген ұп-ұзын жылан құйрығына айналды. Зәресi ұшқан ол Гармонияға қарай қолын жайып жанталаса шақырды:
– Гармония, берi кел, тезiрек! Бiржолата жыланға айналып кетпей тұрғанда ұста менi, ұсташы мына қолымнан!
Ол жалынып Гармонияны шақырды, тағы да бiраз жайды айтқысы келдi, бiрақ тiлi екi айырыққа бөлiнiп, аузында жылан тiлi жылмаңдай бастады, аузынан тек ысылдаған дыбыс шықты. Жүгiрiп Гармония келдi.
– ОҺ, Кадм! –деп ақырады ол, – мына кейпiңнен тез құтыл! О, тәңiрiлер, менi де неге жыланға айналдырмадыңдар!
Керемет зор жыланға айналған Кадм адал жарын айналдыра орап алып, өзiнiң екi айырық тiлiмен оның бетiнен жалайды. Гармония қабыршақ жапқан жылан арқасын мұңдана сипайды. Құдайлар Гармонияны да жыланға айналдырды.
Кадм мен оның әйелi Гармония өз өмiрлерiн осылай аяқтады.