ПЕРСЕЙ

ПЕРСЕЙ
Овидийдiң «Метаморфоза» поэмасы бойынша баяндалған.

ПЕРСЕЙДIҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛУI
Линкейдiң немересi, Аргос патшасы Акрисийдiң Даная деген қызы болды, ол бет бiткеннiң ғажап сұлуы едi. Абыз Акрисийге Данаядан туған ұлдың қолынан қаза табасың деп сәуегейлiк айтқан болатын. Мұндай тағдырдан қашып құтылу үшiн Акрисий терең жер астынан қола мен тастан кең сарай салғызып, қызын сонда қамап қойды.
Бiрақ қызға найзағай құдайы Зевс ғашық болды да, Данаяның жер асты сарайына алтын жаңбыр боп енiп, Акрисий қызын әйел қылды. Бұл некеден әдемi ұл туды. Шешесi Даная оны Персей деп атады.
Кiшкентай Персей анасымен бiрге жер асты сарайында көп тұрған жоқ. Бiрде Акрисий кiшкентай Персейдiң даусы мен көңiлдi күлкiсiн естiп қалды. Ол бөлмеден нелiктен бала күлкiсi естiлiп тұрғанын бiлу үшiн қызының жатқан жерiне келедi. Кiшкентай еркек баланы көргенде Акрисий таң-тамаша қалды. Ал оның Даная мен Зевстiң ұлы екенiн бiлген кезде ол қалай шошыды десеңiзшi! Абыздың сөзi бiрден есiне түстi. Бұл тағдырдан қалай аман құтыламын деп тағы да ойлануға мәжбүр болды. Ақырында Акрисий үлкен ағаш жәшiк жасауға бұйрық бердi, оған Даная мен Персейдi салып, қақпағын жауып қақты да, теңiзге тастауға әмiр еттi.
Жәшiк тұзды теңiздiң буырқанған толқындарымен ұзақ жүзiп жүрдi. Даная мен оның ұлына өлiм қатерi төндi. Толқындар жәшiктi бiресе жоғары лақтырып, бiресе тұңғиыққа батырып, қақпақылдап жан-жаққа атумен болды. Ақыры мәңгi шуылдап сапырылысып жататын толқындар жәшiктi Сериф64 аралына айдап әкелдi. Ол кезде жағалауда Диктис деген балықшы балық аулап жүр едi. Ол ауын теңiзге соның алдында ғана тастаған болатын. Жәшiк ауға оралып қалды да, Диктис оны жағаға сүйреп шығарды. Жәшiктi ашқанда керемет сұлу әйел мен кiшкентай еркек баланы көрдi. Диктис оларды өзiнiң туысы, Сериф патшасы Полидектке ертiп апарды. Персей Полидект патшаның сарайында өсiп, сымбатты әрi әлдi жiгiтке айналды. Ол Сериф жiгiттерiнiң арасында сұлулығымен жұлдыздай жарқырады, көркi жөнiнен де, күш жөнiнен де, ептiлiк жөнiнен де, ерлiк жөнiнен де онымен тең түсе алатын ешкiм болған жоқ.

ПЕРСЕЙДIҢ ГОРГОНА МЕДУЗАНЫ ӨЛТIРУI
Полидект сұлу Данаяны өзiне ерiксiз әйелдiкке алмақ болды, бiрақ Даная қатыгез патша Полидекттi жек көретiн едi. Персей анасын қорғап, ара түстi. Полидект қатты шамданды, сөйтiп ол осы кезден бастап бiр ғана нәрсе туралы – Персейдi қалай өлтiрсем деп ойлаумен болды. Ақыр соңында жауыз Полидект Персейдi Горгона Медузаның басын алып келуге жұмсауды ұйғарды да, оны шақырып алып, былай дедi:
– Егер сен шынында да найзағай құдайы Зевстiң ұлы болсаң, онда ұлы ерлiк жасаудан бас тартпассың деп ойлаймын. Сенiң жүрегiң ешқандай қауiп-қатерден шайлыға қоймас. Зевс сенiң әкең екенiн дәлелдеп, маған Горгона Медузаның басын әкелiп беретiн бол. О, Зевстiң өз ұлына көмектесетiнiне мен сенемiн.
Персей Полидектке тәкаппарлана қарады да, сабырмен жауап бердi:
– Жақсы, мен саған Медузаның басын әкелiп беремiн.
Персей алыс жолға сапар шектi. Бұл жердiң батыс жақ шетiне, әйел құдай Түн мен ажал құдайы Танат билейтiн елге жетуi керек едi оның. Қорқынышты горгоналар да осы елде тұратын. Олардың тұла бойын жалтырауық әрi мықты қабыршақ жапқан-ды. Бұл қабыршақты тек Герместiң семсерi ғана шауып түсе алатын. Горгоналардың өткiр тырнақты орасан зор мыс қолдары болатын. Бастарында шаш орнына ызылдап улы жыландар ирелеңдеп жүретiн. Қанжар тәрiздi өткiр азу тiстi, қан қызыл ерiндi, көзi ызалы да уытты горгоналардың жүзi сұмдық қаҺарлы екенi соншалық, кiмде-кiмнiң оларға көзi түсiп кетсе, дереу тасқа айналатын. Алтын қанатты горгоналар әуеде құйғытып ұшып жүретiн. Ал оларға кез болған адамның халi өте қиын болатын. Горгоналар мыс қолдарымен жұлмалап, ыстық қанын iшетiн.
Персейге қиын ерлiк жасау керек болды. Олимп құдайлары Зевс ұлының өлiмiне жол бере алмады. Персейге көмектесу үшiн ойдай ұшқыр құдайлар шабарманы Гермес пен Зевстiң сүйiктi қызы, жаугер Афина жетiп келдi. Афина Персейге мыс қалқан бердi, оның жалтырауығы сондай, қалқаннан айналадағының бәрi де көрiнетiнө ал Гермес Персейге өзiнiң өткiр семсерiн бердi, құдайлар хабаршысы жас қаҺарманға горгоналарды қалай табуға болатынын көрсеттi.
Персейдiң жолы ұзақ едi. Ол көптеген елдерден өттi, толып жатқан халықты көрдi. Ақырында қарт грайялар тұратын қара түнек елге де келiп жеттi. Олардың жалғыз көзi мен жалғыз тiсi ғана бар едi. Бұларды олар кезектесiп пайдаланатын. Көз грайяның бiрiнде болған кезде, қалған екеуi соқыр болып қалатын, сөйтiп көзi бар грайя соқыр, дәрменсiз екеуiн ертiп жүретiн. Ал көзiн суырып алып, кезектегi бiреуiне бергелi жатқан кезде үшеуi де бiрдей соқыр болып қалатын. Грайялар горгоналарға баратын жолды күзетiп жүретiн, бұл жолды тек жалғыз солар ғана бiлетiн едi. Персей қараңғыда оларға сездiрмей жетiп келдi де, Герместiң ақылы бойынша грайялардың бiрi екiншiсiне бермек болған кезде, оның қолынан ғажайып көздi жұлып алды. Грайялар қорыққанынан айқайлап жiбердi. Ендi олардың үшеуi де соқыр болып қалған едi. Соқыр әрi дәрменсiз болып қалған соң ендi не iстемек? Олар барлық құдайларды ауызға алып, жалбарынып, Персейден көздi қайтарып беруiн өтiндi. Тек көздi қайтарып берсе болғаны, батыр Персей үшiн бәрiн де iстемек едi. Сол кезде Персей грайялардан горгоналарға баратын жолды көрсетуiн талап еттi. Грайялар ұзақ толқыды, бiрақ көзiн қайтарып алу үшiн жолды айтуға мәжбүр болды. Персей горгоналар аралына қалай бару керек екенiн осылайша бiлiп алды да, әрi қарай жедел жүрiп кеттi.
Арада бiраз уақыт өткен соң Персей хор қыздарына келдi. Ол бұлардан үш сыйлық алды: оның бiрi – басына кигеннiң бәрiн көзге көрiнбейтiн ететiн жер асты патшалығы Аидтың дулығасы, екiншiсi – әуеде тез самғап ұшып жүруге мүмкiндiк беретiн қанатты сандал, үшiншiсi – сиқырлы дорба болатын. Бұл iшiне не салса да сия беретiн сиқырлы дорба едi. Персей қанатты сандалды, Аидтiң дулығасын киiп, дорбаны иығына асып алды да, әуемен горгоналар аралына қарай шапшаң ұша жөнелдi.
Персей аспанда өте биiкте ұшып келе жатты. Астында жасыл алқапты жерлер мен күмiс таспадай бұралаңдап аққан өзендер қалып жатты. Төменде көз ұшында қалалар көрiндi, оларда құдай ордаларының ақ мәрмәр тасы жарқырап тұрды. Алыста жасыл орман жамылған тау шыңдары өркештене дөңкиiп, олардың қар басқан ұштары күн сәулесiмен алмас сияқты жарқырап тұрды. Персей құйындай жүйткiп, iлгерi қарай самғай бердi. Оның биiк самғағаны сонша, мұндай биiктiкке қуатты қанаттары бар бүркiттер де көтерiле алмайтын. Мiне, көз ұшында балқытылған алтын сияқты теңiз жалт ете қалды. Ендi Персей теңiздiң үстiмен ұшып келедi, теңiздiң тулаған толқындарының шуылы оған әрең естiледi. Жер көрiнбей кеттi. Көз жетер аймақтың бәрiнде де айдын су. Ақырында теңiздiң көкпеңбек шетiнде қара тiлiк сияқты арал көрiндi. Ол барған сайын оған жақындай түстi. Бұл горгоналар аралы едi. Аралда бiр нәрсе күн сәулесiне көз қаратпай жарқырап тұр. Персей төмендей бердi. Арал үстiнде бүркiт сияқты қалықтап ұшып, жартаста ұйықтап жатқан үш сұмдық үрейлi горгонаны көрдi. Өздерiнiң мыс қолдарын созып олар ұйықтап жатыр, қабыршағы мен қанаттары күн көзiнде от болып жанып тұр. Олардың басындағы ұйықтап жатқан жыландар ақырын ғана қозғалып қояды. Персей горгоналардан көзiн тез тайдырып әкеттi. ҚаҺарлы жүзiн көруге қорқады: өйткенi бiр сәт көзi түссе болғаны, ол тасқа айналып кетуi кәдiк. Персей Афина-Палладаның қалқанын қолына алып едi, горгоналар оған айнадағыдай көрiндi. Ал бұлардың iшiндегi Медузасы қайсысы? Горгоналар бiр-бiрiне құйып қойғандай ұқсас. Горгоналардың iшiндегi тек Медузаның ғана ажалы бар, тек соны ғана өлтiруге тиiс. Персей ойға шомып аңырып қалды. Алайда оған ұшқыр Гермес жетiп келiп, көмек бердi. Персейге Медузаны көрсеттi де, ол құлағына сыбырлады:
– Тезiрек, Персей! Тайсалмай төмен түс. Әне, теңiз жақ шетiндегiсi – Медуза. Басын шауып таста. Есiңде болсын, оған қараушы болма. Бiр қарасаң-ақ болды, өлгенiң. Горгоналар оянбай тұрғанда, тез қимылдап қал! Аспаннан бүркiт өз жемтiгiне қалай сорғалап құлдиласа, Персей де ұйықтап жатқан Медузаға қарай солай шүйiлдi. Ол семсердi дәл сермеу үшiн жарқыраған қалқанға қарайды. Медузаның басындағы жыландар дұшпан келiп қалғанын сезе қойды. Олар зәр төге ысылдап, бастарын көтердi, ұйқыдағы Медуза да қозғала бастады. Ол тiптi көзiн де ашып алды. Осы сәтте өткiр семсер найзағайдай жарқ ете қалды. Персей Медузаның басын бiр сiлтегеннен-ақ шауып түстi. Оның қара қошқыл қаны жартасқа тасқын сияқты шапшып төгiлдi, ал Медузаның денесiнен шыққан қан тасқындарымен бiрге қанатты ат Пегас пен дәу Хрисаор аспанға самғай жәнелдi. Персей Медузаның басын тез қармап, ғажайып дорбаға сала қойды. Медузаның жан тапсырарда ирелеңдеген денесi жартастан теңiзге сусып құлап түстi. Оның дыбысынан Медузаның сiңлiлерi Стеймо мен Эвриала оянып кеттi. Қуатты қанаттарын қағып, олар арал үстiне көтерiлдi де, жан-жағына ызалана көз тастады. Горгоналар әуеде сусылдап ұшып жүр, бiрақ Медузаны өлтiрген адам iз-түзсiз жоғалып кеттi. Аралда да, сонау алыс теңiзде де бiрде-бiр тiрi пенде көрiнбейдi. Ал Аидтың көзге көрiнбейтiн дулығасын киiп алған Персей шулаған теңiз үстiнде құйғытып ұшып келедi. Мiне, ол Ливия құмының үстiне де келiп жеттi. Медузаның басынан шыққан қан дорбадан өтiп, құмға тамшылап жатты. Осы қан тамшыларынан құмда улы жыландар пайда болды. Олардың көптiгi сондай, барлық тiршiлiк атаулы олардан қашып бас сауғалаумен болды, жыландар Ливияны шөлге айналдырып жiбердi.

ПЕРСЕЙ МЕН АТЛАС
Персей горгоналар аралынан барған сайын алыстап ұзай бердi. Құйын жел айдаған бұлт сияқты аспанда заулап ұшып келедi. Ақырында ол титан Япеттiң ұлы– Прометейдiң туысы құдiреттi Атлас билеп тұрған елге келiп жеттi. Атластың далаларында сан мыңдаған биязы жүндi қой, мүйiзi қарағайдай сиырлар мен бұқалар жайылып жүрдi. Оның иелiгiндегi жерде ғажайып бақтар жайқалып тұрды, ал бақтардың бiрiнде бұталары мен жапырағы алтын ағаш бар едiө ол ағашта өскен алма да алтын болатын. Атлас бұл ағашты көзiнiң қарашығындай күтiп сақтады: бұл оның аса ұлы қазынасы едi. Әйел құдай Фемида Атласқа бiр күнi Зевстiң ұлы келiп, алтын алмаларын ұрлап әкетедi деп сәуегейлiк айтқан едi. Атлас бұдан қорқатын. Ол алтын ағаш өсiп тұрған бақты биiк қабырғамен қоршап, ал кiре берiс жерге аузынан жалын шашқан айдаҺарды күзетке қойған. Атлас жат жерлiк адамдарды өз иелiгiне жiбермейтiн: бұлардың iшiнде Зевстiң ұлы да болуы мүмкiн деп қорқатын.
Персей Атласқа ұшып келдi де, оған жылы жүзбен үн қатты;
– О, Атлас, сен менi өз үйiңде қонақ ретiнде қабылда. Горгона Медузаны өлтiрген Зевстiң ұлы Персеймiн мен. Ұлы ерлiк жасадым. Сен маған үйiңде тынығып алуға мұрсат бер.
Атлас Персейдiң Зевс ұлы екенiн естiген кезде дереу әйел құдай Фемиданың сәуегейлiгiн есiне түсiрдi де, Персейге дөрекi жауап қайтарды:
– Жоғал бұл жерден! Саған асқан ерлiгiң туралы да, сенiң найзағай құдайының ұлы екенiң туралы да өтiрiгiң титтей де көмектесе алмайды.
Атлас батырды есiктен шығарып қуып жiберуге кiрiстi. Құдiреттi дәумен алысуға шамасы келмейтiнiн көрген Персей ендi есiктен өзi тезiрек шығып кетуге асықты. Персейдiң жүрегiн ыза кернедi: ол Атластың өзiне қонақжайлық көрсетпей, оның үстiне өтiрiкшi деп атағанына қатты ашуланды.
Ыза үстiнде Персей дәуге былай дедi:
– Жарайды, Атлас, сен менi қуып жiбергелi отырсың ғой! Онда, ең болмаса менен сыйлық ала ғой!
Осыны айтып Персей тез қимылдап горгона Медузаның басын суырып алды, өзi терiс қарап, оны Атласқа көрсеттi. Дәу сол сәтте-ақ тауға айналды. Оның сақалы мен шашы қалың жапырақты орманға, қолдары мен иығы зәулiм жартастарға, ал басы көк тiреген заңғар шыңға айналды. Сол кезден берi Атлас тауы бүкiл аспан күмбезiн барлық шоқ жұлдыздармен бiрге көтерiп тұр.
Ал Персей болса, таң жұлдызы пайда болған кезде одан әрi ұша жәнелдi.

ПЕРСЕЙДIҢ АНДРОМЕДАНЫ ҚҰТҚАРУЫ
Ұзақ жол жүрiп Персей Мұхит жағалауында орналасқан Эфиопиядағы65 Кефей патшалығына келiп жеттi. Онда, дәл теңiздiң жағасындағы жартасқа бұғауланып қойылған Кефей патшаның қызы Андромеда сұлуды көрдi. Ол өз анасы Кассиопеяның кiнәсын өтеуi тиiс едi. Кассиопея теңiз хор қыздарын шамдандырып алған. Сұлулығына мақтанған Кассиопея өзi жұрттың бәрiнен сұлу екенiн айтқан. Бұған хор қыздары қатты ашуланды да, теңiз құдайы Посейдоннан Кефей мен Кассиопеяны жазалауды өтiнедi. Посейдон хор қыздарының өтiнiшiмен алып балық сияқты бiр құбыжықты жiбердi. Ол теңiз тұңғиығынан жүзiп шығып, Кефей патшалығына ойран салады. Кефей Зевстiң абызы Аммонға66 үн қатып, одан бұл бақытсыздықтан қайткенде құтыламын деп сұрайды. Абыз берген жауап:
– Өз қызың Андромеданы құбыжыққа жегiзсең ғана Посейдонның кәрiнен құтыласың, – болады.
Абыздың жауабын естiп-бiлген халық Андромеданы теңiз жағасындағы жартасқа бұғаулап тастауға патшаны мәжбүр еттi. Жартасқа ауыр шынжырлармен бұғауланған Андромеда қорқыныштан өңi құп-қу болып тұрды, ол теңiзге қатты үрейлене көз тiгiп, құбыжық ендi-ендi келiп, өзiн жей бастайды ғой деп күтумен болды. Көзiнен жас парлап, өмiрдiң түк рақатын көрмей, жастай қыршынымнан қиыламын-ау деген ойы оны қатты үрейлендiрдi. Сол кезде ол Персейдiң көзiне түстi. Егер қыздың шашын теңiз желi желпiмесе және оның әсем көздерiнен моншақтап iрi жас тамшылары төгiлмесе, Персей оны ақ мәрмер тастан жасалған мүсiн бе деп ойлап қалуы да мүмкiн едi. Жас қаҺарман сұқтана көз тiктi де, жүрегiнде Андромедаға деген ыстық махаббат сезiмi тұтанады. Персей қыз қасына тез келiп түсiп, одан жылы лебiзбен:
– Оу, сұлу қыз, айтшы, бұл кiмнiң елi, өзiңнiң атыжөнiң кiм? Сенi не үшiн жартасқа бұғаулап қойған? – дейдi.
ҚаҺарманның өзi кiмнiң күнәсы үшiн осылай жапа шегiп тұр деп ойлап қалмауын тiледi сұлу қыз. Андромеда әңгiмесiн аяқтап болмастан теңiз тұңғиығы буырқанды да, тулаған толқын iшiнен құбыжық көрiндi. Ол арандай аузы бар басын жоғары көтерiп алды. Андромеда қорқыныштан ышқына айқайлап жiбердi. Қайғыдан естерi шыққан Кефей мен Кассиопея жағалауға жүгiрiп келдi. Олар қызын құшақтап, ағыл-тегiл жылады. Қызы құтыла алмайтын болды-ау!
– Сендердiң жылап-сықтайтын уақыттарың әлi көп, ал қыздарыңды құтқарып алу үшiн уақыт аз. Мен жылан басты горгона Медузаны өлтiрген Зевстiң ұлы Персеймiн. Маған қыздарың Андормеданы әйелдiкке беретiн болсаңдар, құтқарамын.
Кефей мен Кассиопея бұған қуана-қуана келiсiм бердi. Олар қызының аман қалуы үшiн бәрiн де iстеуге әзiр едi. Персей тек Андромеданы құтқарса болғаны, Кефей оның жасауын, бүкiл патшалығын беремiн деп уәде еттi. Мiне, құбыжық та жақындап қалды. Ол қуатты ескекшiлердiң қимылымен айдын үстiнде қанатымен ұшып келе жатқан кеме тәрiздi сом тұлғасымен толқындарды қақ жарып, жартасқа жақындап келе жатты. Құбыжық оқ жетер жерге таяу қалған кезде Персей самғап аспанға көтерiлдi. Оның көлеңкесi теңiзге түсiп едi, құбыжық батырдың көлеңкесiне ызамен өршелене тап бердi. Персей батылдықпен биiктеп құбыжыққа қарай сорғалады да, арқасына қайқы семсерiн сүңгiте сұғып жiбердi. Ауыр жарақатты сезген құбыжық толқында тiк көтерiлдi, теңiзде бiр топ ит шабалана қоршап алған қабан сияқты тулап жүрө бiресе суға терең батып кетiп, бiресе қайтадан оның бетiне шығады. Құбыжық балықтың құйрығындай құйрығымен суды оңды-солды сапырып, мыңдаған шашыранды көбiк жағалаудағы жартастардың басына дейiн шапшыды. Теңiздi ақ түтек көбiк жауып кеттi. Аузын арандай ашқан құбыжық Персейге қайта-қайта тап-тап бередi, бiрақ ол өзiнiң қанатты сандалдарымен шағала сияқты самғап ұшып кетедi де, үстiүстiне соққы бередi. Қазасы жеткен құбыжықтың аузынан қан мен су шапшып төгiлдi. Персей сандалының қанаттары да дымқылданды, олар қаҺарманды әуеде әрең-әрең ұстап тұр. Данаяның әлеуеттi ұлы теңiзден сорайып шығып тұрған жартасқа тез жеттi де, оны сол қолымен құшақтап тұрып, семсерiн құбыжықтың кеудесiне үш рет сұғып үлгердi. Сұмдық шайқас осылай аяқталды. Жағалаудан қуанышты дауыстар шықты. Жұрттың бәрi де құдiреттi қаҺарманды мадақтап жатыр. Сұлу Андромеда бұғаудан босатылды, жеңiсiне масаттанған Персей өз қалыңдығын оның әкесi Кофейдiң сарайына қарай бастап жөнелдi.

ПЕРСЕЙДIҢ ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ
Персей Зевске, Афина-Палладаға және Гермеске мол құрбандықтар шалды. Кефейдiң сарайында көңiлдi үйлену тойы басталды. Гименей мен Эрот өздерiнiң хош иiстi шыбық шырақтарын жақты. Кефейдiң бүкiл сарайы желек пен гүлге оранған. Кифаралар мен лиралардың үнi қатты жаңғырығып үйлену тойының хорлары шырқалуда. Сарай есiктерi айқара ашылып тасталған. Той залы алтындай жарқырап тұр. Кефей мен Кассиодея жас жұбайлармен бiрге той тойлап, оларға қосылып бүкiл халық та думандатып жатыр. Айналаның бәрi қуаныш пен шаттыққа толы. Кенет той залында қару-жарақтың қаҺарлы салдыры естiлдi. Сарай iшiн дүлей желден ығысып, биiк жартасты жағалауға ақ көбiк болып соғылған теңiз толқындарының шуылындай соғыс дабылы жаңғырықтырды. Бұл үлкен әскермен келген Андромеданың алғашқы айттырған күйеуi Финей едi.
Сарайдың iшiне кiрiп, найзасын көкке көтере сiлтеген Финей:
– ҚаҺар соқсын, сенi, қалыңдықтар ұрлаушы! Сенi ендi қанатты сандалдарың да, тiптi найзағай құдайы Зевстiң өзi де құтқара алмайды!– деп айқай салды.
Финей ендi болмаса Персейге найзасын лақтырайын деп едi, бiрақ Кефей патша оны мынадай сөздермен тоқтатты:
– Ей, сен не iстегелi тұрсың! Сенi осыншама құтыртып тұрған не? Сен Персейдiң ерлiгiне осындай сыйлық бермексiң бе? Үйлену тойына әкелген сыйлығың ба бұл? Персей сенiң қалыңдығыңды қашан ұрлап едi? Жоқ, жартасқа бұғаулауға алып бара жатқан кезде, ол өлiмге бас тiгiп бара жатқан кезде-ақ, қалыңдығың сен үшiн жоқ болған. Ал сол кезде оған неге көмекке келмедiң? Сен ендi жеңiмпаздан оның олжасын тартып алғың келе ме? Андромеда жартасқа бұғаулап қойылғанда, неге келiп жетпедiң, сол кезде құбыжықтан неге оны тартып алмадың?
Финей Кефейге ләм деп тiл қатқан жоқ, ол бiресе Кефейге, бiресе Зевстiң сұлу ұлына қарады да, кенет барлық күшiн жинап, Персейге найзасын лақтырды, найза Персей отырған орындыққа келiп қадалды. Жас қаҺарман оны қарулы қолымен суырып алды да, орнынан атып тұрып найзаны бар пәрменiмен сiлтеп қалды. Ол Финейдi сол жерiнде жайратар ма едi, қайтер едi, бiрақ анау құрбандық беретiн орынның тасасына тығылып үлгiрдi де, найза қаҺарман Реттiң басына келiп тидi. Ол тiл тартпастан өлiп кеттi. Сұрапыл шайқас басталды. Өз туысы Персейге көмек көрсету үшiн жаугер Афина Олимптен самғап қас қаққанша жетiп келдi. Ол денесiн өз қалқанымен қалқалап, бойына еш нәрседен тайсалмайтын күш-жiгер бердi. Персей шайқасқа бiлек сыбанып кiрiсiп кеттi. Қолында Медузаны өлтiрген ажал семсерi найзағайдай жалт-жұлт етiп жүр. Финеймен бiрге келген батырларды бiрiнен соң бiрiн жайратты. Персей той шарабы орналастырылған орасан зор қола ыдысты екi қолымен көтерiп алды да, басын көздеп Эвритой батырға лақтырды. Батыр жай соққандай жалп етiп түстi де, жан тапсырып, шейiттер патшалығына ұшып кеттi. ҚаҺармандар бiрiнен соң бiрi құлап жатыр, бiрақ Финей оларды қаптатып, мейлiнше көп ертiп келген едi. Ал Персей болса, Кефей патшалығында жатжерлiк адам, оның шайқасып жүрген жолдастары көп емес, сондықтан қаптаған жауға қарсы жалғыз өзi дерлiк шайқасуына тура келiп тұр. Персейдiң бiраз серiктерi осынау кескiлескен күресте қаза болды. Өзiнiң сазды әнiмен той тойлаушылардың құлақ құрышын қандырған әншi де найза тиiп, өлiп кеттi. Әншi құлап бара жатып, кифараның пернесiне қолы тиiп кетiп, пернелерден өлiм алдындағы ыңқыл сияқты қайғылы дыбыс шықты. Бiрақ семсерлердiң сартылы мен өлiп бара жатқандардың ыңыранған ыза-шуы перне дыбысын көмiп кеттi. Жебелер жел қуалаған бұршақтай жауып жатыр.
Бағанаға арқа сүйеп, Афинаның жарқыраған қалқанымен денесiн қорғаған Персей жаумен аянбай айқасып жатыр. Ал олар қаҺарманды тұс-тұсынан қаумалап қоршап алған, оның төңiрегiнде шайқас бұрынғыдан да қыза түстi. Өзiне дауасыз ажал төнiп қалғанын көрген Данаяның батыр ұлы ышқына айқай салды:
– Өзiм жайратар жауымнан мен көмек те таппақпын!! Одан көмек iздеуге мәжбүр еткен өздерiң! Маған кiм дос болса, кәне, тезiрек терiс қарасын.
Персей ғажайып дорбадан шұғыл горгона Медузаның басын суырып алды да, басынан асыра жоғары көтердi. Персейге шабуыл жасап тұрған батырлар бiрiнен соң бiрi тас мүсiнге айналып, қатып-қатып қалды. Бiреулерi дұшпанын түйреп өтпек болып, қылышын сiлтеген күйiө екiншiлерi үшкiр найзаларын бiлемдеп, сiлтемек қалыптаө үшiншiлерi қорғанған күйiнде тас сүлдеге айналды. Медузаның басына бiр рет қараудың өзi оларды мәрмәр мүсiндерге айналдырды. Бүкiл той залы статуяларға лық толды.
Өзiнiң барлық достарының тасқа айналғанын керген кезде Финейдiң бойын үрей биледi. Персейдiң алдына жер тiзерлеп, жалбарынып қол созған Финей:
– Сен жеңiп шықтың, Персей! Жарқыным, Медузаның сұмдық басын тезiрек жасыра көр, жалбарынам саған – жасыр оны! О, Зевстiң ұлы перзентi, бәрiн де ал, бәрiне де иелiк ет, тек менiң шыбын жанымды қалдыра көр! – деп айқайлады.
Персей Финейге мысқылдай қарап жауап қатты:
– Қорықпа, бишара су жүрек! Саған менiң семсерiм тимейдi. Мен саған мәңгiлiк сыйлық беремiн! Сен осында Кефейдiң сарайында мәңгi тұратын боласың, ал менiң әйелiм өзiн айттырған түңғыш күйеуiнiң бейнесiн көрiп, тәубаға келетiн болады.
Батыр Медузаның басын Финейге қарай созды, сөйтiп Финей қорқынышты горгонаға қаншама қарамаймын десе де, ақыр соңында оған көзi түсiп кеттi де – сол сәтте-ақ мәрмәр мүсiнге айналды. Құл сияқты Персейдiң алдына басын иген Финей тас мүсiн болып тұр. Статуяға айналған Финейдiң көзiнде қорқыныш пен құлдық жалбарыну нышаны мәңгiлiк сақталып қалды.

ПЕРСЕЙДIҢ СЕРИФКЕ ҚАЙТЫП ОРАЛУЫ
Персей Кефей патшалығында көп болған жоқ. Андромеда сұлуды ертiп алып, Серифтегi Полидект патшаға қайтып келдi. Персей өзiнiң анасы Данаяның қатты қайғыда екенiн көрдi. Полидекттен құтылу үшiн Зевс ордасынан көмек iздеуге тура келiптi. Ол ордадан бiр сәтке де сыртқа шыға алмапты. Ашу-ыза қысқан Персей Полидекттiң сарайына келгенде, оның достарымен бiрге бай той дастарқанында отырғанын көрдi. Полидект Персей қайтып келедi деп күтпеген едi: ол қаҺарман горгоналармен күресте қаза тапты деп ойлаған болатын. Сериф патшасы Персейдi көрiп, таң-тамаша қалды, ал ол болса жайымен патшаға былай дедi:
– Сенiң әмiрiң орындалды, мен саған Медузаның басын әкелдiм.
Полидект Персейдiң мұндай ұлы ерлiк жасағанына сенген жоқ. Ол батырды мазақ қылып, өтiрiкшiсiң деген ат тақты. Полидекттiң достары да Персейдi мазақ қыла бастады. Персейдiң тұла бойын ашу биледi, ол өзiне көрсетiлген бұл қорлықты кешiре алмады. Көзiмен қаҺарлана ұшқын атқан Персей Медузаның басын суырып алды да:
– Егер маған сенбесең, мiне дәлел, Полидект! – деп айқай салды.
Полидект горгонаның басына көз салды да, сол сәтте-ақ тасқа айналды. Сонымен бiрге той тойлап отырған патшаның достары да мұндай жазадан қашып құтыла алмады.

ПЕРСЕЙ АРГОСТА
Персей Серифке билiк жүргiзудi бiр кезде анасымен екеуiн құтқарған Полидекттiң туысы Диктиске бердi де, өзi Данаямен және Андромедамен бiрге Аргосқа жүрiп кеттi. Персейдiң атасы Акрисий немересiнiң келгенiн естiген соң абыздың болжауын есiне түсiрiп, қиыр солтүстiкке, Лариссаға қашып кеттi. Ал Персей болса өзi туып-өскен Аргоста билiк жүргiзе бастады. Ол қалпақты – Аидка, қанатты сандалдар мен ғажайып дорбаны хор қыздарына қайтарып бердi, өткiр семсерiн Герместiң өзiне тапсырды. Ал Медузаның басын АфинаПалладаға бердi, ол оны кеудесiне тағатын жарқыраған қалқанына iлiп қойды. Персей Аргоста бақытты патшалық құрды.
Атасы Акрисий өзiне тағдыр белгiлеген жазмыштан қашып құтыла алған жоқ. Бiрде Персей сән-салтанатты ойын-сауық ұйымдастырып, оған көптеген қаҺармандар жиналды. Көрермендердiң iшiнде әбден қартайған Акрисий де бар едi. Ауыр диск лақтыру жарысы кезiнде Персей қарулы қолымен қола дискi лақтырды. Ауыр диск биiкке, сонау алыс бұлттарға дейiн зырлап ұшты да, жерге құлаған кезде, Акрисийдiң басына тиiп, оны тiл тартқызбай өлтiрiп жiбердi. Абыздың сәуегейлiгi осылайша жүзеге асты.
Қатты қайғырған Персей Акрисийдi жерлеп, атасының ажалына ерiксiз себепшi болғанына өте қамықты. Персей өзi өлтiрген Акрисийдiң патшалығы Аргоста билiк құрғысы келмедiө ол Тиринфке67 кетiп қалды да, сонда ұзақ жылдар бойы патшалық құрды. Ал Аргосты Персей өз туысы Мегапенттiң қарауына бердi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *