ЭАК

ЭАК61
Овидийдiң «Метаморфоза» поэмасы бойынша баяндалған.

Найзағай құдайы Зевс өзен құдайы Асоптың сұлу қызын ұрлап алып, Ойнопия аралына алып барды, ол сол кезден бастап арал Асоп қызының есiмiмен – Эгина деп атала бастады. Осы аралда Эгина мен Зевстiң ұлы Эак туды. Эак есейiп, ер жеттi де, Эгина аралының патшасы болды. Шындықты, әдiлдiктi сүю жөнiнен оған бүкiл Грекияда ешкiм тең келе алмады. Олимпия құдайларының өздерi Эакты құрметтеп, өзара айтысқан кезде оны жиi-жиi төрешi етiп сайлайтын. Эак қайтыс болғаннан кейiн Минос мен Радамант сияқты құдайлардың әмiрi бойынша жер асты патшалығында әдiлқазы болды. Тек әйел құдай Гера ғана Эакты жек көрдi. Гера оның патшалығына қисапсыз апат жiбердi. Эгина аралын қалың тұман басып, төрт ай бойы сейiлмей қойды. Ақырында оны оңтүстiк желi айдап әкеттi. Бiрақ бұл жел апаттан құтқарған жоқ, қайта бұрынғыдан да алапат ауыртпалық әкелдi. Қоқырсыған тұманнан пайда болған қисапсыз көп улы жыландар Эгинаның тоғандарына, бұлақтары мен суларына толып, өз уымен бәрiн де уландырды. Эгинада сұмдық өлiм-жiтiм басталды. Тiршiлiк атаулының бәрi де қырылып бiттi. Тек Эак пен оның ұлдары ғана аман қалды. Әбден мысы құрыған Эак қолын көкке созып, айқай салды:
– О, бәрiн де билейтiн ұлы жебеушi Зевс, егер сен шынында да Эгинаның ерi болсаң, егер сен шынында да менiң әкем болсаң және өз ұрпағыңнан жерiмейтiн болсаң, онда маған өз халқымды қайтарып бер, әйтпесе менi тезiрек суық қабiрге тық!
Найзағай жарқылдады да, бұлтсыз аспанда күн күркiредi. Өзiнiң жалбарынған үнi көкке жеткенiн Эак түсiндi. Эак әкесi Зевске тағзым етiп жалбарынған жерде найзағай құдайына бағышталған қуатты емен өсiп тұрған болатын, ал оның түбiнде құмырсқаның илеуi бар едi. Эактың көзi байқаусызда мыңдаған еңбек сүйгiш құмырсқаға толы илеуге түстi. Эак құмырсқадардың қалай дамылсыз қимылдап, өздерiнiң илеу қаласын салып жатқанына ұзақ қарап тұрды да, былай дедi:
– О, мейiрбан әкем Зевс, осы құмырсқа илеуiнде қанша құмырсқа болса, маған да сонша еңбек сүйгiш азамат бершi.
Эактың осыны айтуы-ақ мұң екен, күн желсiз, тыптынық болып тұрса да, емен өзiнiң қуатты бұтақтарымен суылдай жөнелдi. Зевс Эакқа тағы да бiр рет өз құдiретiнен белгi бердi.
Түн болды. Эак ғажайып түс көрдi. Ол бұтақтарында көптеген құмырсқа өрмелеп жүрген Зевстiң қасиеттi еменiн көрдi. Емен бұтақтары шайқалып едi, құмырсқалар жерге құлай бастады. Жерге құлап түскеннен кейiн құмырсқалар барған сайын үлкейiп, аяқтарын қаз басып, тұра бастады, олардың қаралығы мен арықтығы жойылып, бiрте-бiрте адамға айналды. Эак ұйқысынан оянды, бiрақ құдайлар аян берген түсiне әлi де сенбеген қалпы өзiне көмек жiбермегенi үшiн тәңiрге тiптi ренiш бiлдiрдi. Кенеттен айқай-шу естiлдi. Эак адамдардың дауысы мен аяқ дүрсiлiн естiдi. «Мұным түс емес пе екен» деп ойлады ол. Кенет оның ұлы Теламон жүгiрiп келдi де, әкесiне ұмтылып, қуанышты үнмен:
– Тез сыртқа шықшы, әке! Сен өзiң күтпеген ғажайып тамашаны көресiң, – дедi.
Үйiнен шыққан Эак түнде түсiне кiрген адамдарды тiрi күйiнде көрдi. Бұрын құмырсқа болып келген адамдар Эакты өздерiнiң патшасы етiп жариялады, ал ол бұл адамдарды мирмидондықтар62 деп атады. Эгинаға осылай адамдар қоныстанды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *