ПРОМЕТЕЙ
Зевстiң әмiрi бойынша Прометейдiң жартасқа қалай бұғауланғаны туралы аңыз, Эсхилдiң «Бұғауланған Прометей» трагедиясы бойынша баяндалған.
Жердiң ең шетiндегi, скифтер елiндегi құлазыған қу медиен дала. Түксиген заңғар жартастар найза шыңдарымен көк тiреп тұр. Айналада ешқандай өсiмдiк, қылтиған қылтанақ шөп те жоқ, бәрi де тап-тақыр, сүреңсiз сұрақай. Барлық жерде де жартастардан бөлiнiп сынып түскен орасан зор тастар қарауытып жатыр. Жартастардың түбiнде теңiз буырқанып, көбiк шашып, тұзды су тамшылары көкке қарай атқылайды. Жағалаудағы тастарды теңiздiң көбiк сулары көмiп кеткен. Жартастардың аржағында, түу алыста көгiлдiр сағымға оранған Қапқаз тауларының қарлы шыңдары көрiнедi. Бiрте-бiрте шалғайдан қою бұлттар жөңкiлiп, тау шыңдарын орап алады. Аспанды барған сайын қалың бұлт торлайды. Айнала төңiрек бұрынғыдан да құлази түседi. Көңiл жабырқатар, сұрқай жер. Мұнда ешқашан да адам аяғы басып көрген емес. Зевстiң қызметшiлерi қол-аяғы кiсенделген алып титан Прометейдi берiк сом шынжырлармен жартастың басына бұғаулап қағып тастау үшiн осында, жердiң шетiне алып келдi. Прометейдi алып келген найзағай құдайының қызметшiлерi Күш пен Билiк болатын. Олардың орасан зор денесi бейне бiр гранит тастардан қашалған сияқты. Жүректерi мейiрiм, аяушылық дегендi бiлмейдi, көздерiнен ешқашан да мүсiркеу ұшқыны сезiлген емес. Ал олардың жүздерi айналадағы жартастар сияқты сұмдық сұсты. Қайғыра шомып, басын төмен иген құдай Гефест қолына ауыр балғасын ұстап, солардың соңынан ерiп келе жатыр. Ол сұмдық iс iстеуi керек. Ол жан досы Прометейдi өз қолымен бұғаулап тастауға тиiс. Гефест өз досының тағдырына қатты қайғырды, бiрақ найзағай құдайы Зевстiң әмiрiн орындамауға қорқады. Зевстiң бағынбағандарды қалай қатаң жазалайтынын жақсы бiледi.
Күш пен Билiк Прометейдi жартастың басына алып шық ты да Гефестi жұмысқа кiрiсуге асықтыра бастады. Олардың қатыгеез сөздерiн естiген Гефест өзiнiң досы үшiн бұрынғыдан да қатты қайғырып, қамыға түстi. Ол орасан үлкен балғасын қолына ықылассыз әрең алды, тек дүлей күшке ерiксiз ғана бас иген сыңайы бар. Бiрақ Күш оны асықтырып еркiне қояр емес.
– Тез, кәне бұғауды тезiрек қолыңа ал! Балғаңды қатты соғып, Прометейдi жартасқа шегелеп таста. Сен оған босқа қайғырып тұрсың: байқаймын, Зевстiң дұшпанына емешең құрып тұр ғой.
Егер Гефест Прометейдi ешкiм де босата алмайтын етiп бұғауламаса, Күш оны Зевстiң қаҺарымен қорқытады. Гефест шынжырмен Прометейдiң қол-аяғын жартасқа бұғаулайды. Оған қазiр өз өнерi қандай жек көрiнiштi болып тұр десеңiзшi! Зевстiң мейiрiмсiз қызметшiлерi оның жұмысын өне бойы қас қақпай бақылап тұр.
– Балғаны қаттырақ ұр! Бұғауды қаттырақ тарт. Оны босатушы болма! Прометей қу, ол қандай қиын-қысталаңнан да жол тауып, шығып кетуге шебер, – дейдi Күш, – қаттырақ қақ, ол Зевстi алдау дегеннiң не екенiн осы жерде бiлетiн болсын.
– Ой, сенiң зiлмауыр сөздерiң өзiңнiң күллi, сұсты тұрпатыңа қандай лайық едi! – деп айқайлады Гефест.
Балғаның қатты соққысынан жартас дiрiлдеп, ауыр гүрсiлi жердiң ол шетi мен бұл шетiне жетiп жатты. Ақыры, Прометей бұғауланып та қалды. Бiрақ iс мұнымен бiткен жоқ-ты, ендi оның кеудесiн құрыш iстiкпен жартасқа қағып тастау керек едi. Гефест асығар емес.
– О, Прометей! – дейдi ол. – Сенiң азабыңды көрiп, қарадай мен қайғырып тұрмын!
– Сен тағы да асығар емессiң ғой! – дейдi Күш Гефестке зiлдi үнмен. – Сен әлi де Зевстiң дұшпанын аяп тұрсың ғой! Байқа, өзiң өз басын үшiн қайғыратын боп жүрме!
Мiне, ақырында бәрi де бiттi. Бәрi де Зевстiң әмiрiндегiдей болып жасалды. Титан бұғауланып, ал оның кеудесiн iстiк тесiп өттi. Прометейдi әжуалай, Күш былай дейдi:
– Ал, мiне, ендi бұл жерде қанша болса да кеудеңдi қалағаныңша көтерiп, бұрынғыша ешкiмдi менсiнбей-ақ қоюыңа болады! Ендi өзiң ұрлап әкеткен құдай сыйларын адамдарға бере бер. Олардың саған көмектесе аларлық шамасы болар ма екен, көрелiк. Бұл бұғаулардан қалай босау жайын өзiңнiң ойлануыңа тура келер.
Прометей тәкаппарлықпен үнсiз тұр, жартасқа бұғаулап жатқан уақыттың өн бойы да ләм-мим деп аузын ашқан жоқ, тiптi, тым болмаса, ақырын ыңырсымады да – ол өзiнiң жан азабын ештемемен бiлдiрмедi.
Зевстiң қызметшiлерi Күш пен Билiк кетiп қалды, олармен бiрге қайғыдан езiлiп Гефест те кеттi. Прометей жалғыз қалдыө оны ендi тек көк теңiз бен қара бұлттар ғана ести алатын едi. Қуатты титанның iстiк тесiп өткен кеудесiнен үн шықты, өзiнiң азапты тағдырына ендi ғана шерлене бастады. Тiл жеткiсiз қасiрет мұңы, қайғы-зары ақтарылып кеттi.
– О, құдiреттi эфир, жүйiткiп жүретiн жүйрiк жел, оу, өзен бастаулары мен мәңгi толастамайтын теңiз толқындары, баршамыздың Хауа анамыз – жер, жұмыр жердi шыр айналып, бәрiн де көретiн Күн – сiздердiң бәрiңдi де мен куә болуға шақырамын! Көрiңдер, менiң қандай азап тартып тұрғанымды! Сендер менiң қисапсыз көп жылдар бойы қандай масқарашылықты өткеруiм керек екенiн көрiп тұрсыңдар! О, қасiрет, қасiрет! Мен қазiр, бұдан кейiн де көптеген ғасырлар бойы қиналып азап шегуге тиiспiн. Мей бұл қайғы-қасiреттен қалай құтылмақпын? Бiрақ мен мұны неге айтып тұрмын дейсiздер ғой! Осылай болатынын мен бiлiп едiм ғой. Бұл азаптар маған кездейсоқ тап болған жоқ. Мен қатал тағдырдың әмiрi сөзсiз орындалатынын сезгенмiн. Сол азапты ендi кешуге тиiстiмiн! Не үшiн дейсiз бе?Өлiмi хақ өзектi жандарға теңдесi жоқ тарту сыйлағаным үшiн, нақ сол үшiн мен осылайша жан төзгiсiз азап тартуға тиiстiмiн және мен бұл азаптан құтыла да алмаспын. О, қасiрет, қасiрет!
Бiрақ кенет әлдебiр жеңiл денелер ауаны жарып ұшқандай болып қанаттың қағылғанындай баяу сыбдыр естiлдi. Ақ басты Мұхиттың алыс жағалауларынан, салқын үңгiр iшiнен, лүпiлдеп соққан желмен жартасқа күймелi мұхит перiлерi (океанидалар) жүйткiп жетiп келдi. Олар Гефест балғасының солқ-солқ соғылғанын естiген. Прометейдiң ыңырсыған үнi де солардың құлағына жеткен. Жартасқа бұғауланған алыпты көргенде мұхит перiлерiнiң әсем жүздерiн жас жуды. Прометей олардың туысы едi. Әкесi Япет мұхит перiлерiнiң әкелерi Мұхитпен бiрге туған, ал Прометейдiң әйелi Гесиона олардың апасы едi. Мұхит перiлерi жартасты қоршап алды. Олар Прометей үшiн қатты қайғырды. Бiрақ оның Зевс пен олимп құдайларына айтқан қарғыс сөздерi мұхит перiлерiнiң үрейiн ұшырды. Титанның азабын Зевс бұдан да ауырлата түсе ме деп қорықты. Оның нелiктен мұндай жазаға ұшырағанын мұхит перiлерi бiлген жоқ. Прометейдi қатты аяған олар Зевс мұны не үшiн жазалағанын, титан оны қалай шамдандырғанын айтып беруiн өтiндi.
Прометей өзiнiң Зевске, титандарға қарсы күресте қалай көмектескенiн, өз анасы Фемида мен жер-ана тәңiрi Геяны Зевс жағына шығуға қалай көндiргенiн әңгiмелеп бердi. Зевс алыптарды жеңiп шығып, Прометейдiң ақылы бойынша оларды қорқынышты Тартардың тұңғиық түкпiрiне тастап жiбердi. Зевс бүкiл әлемдi басып алды да, олимпиялық жаңа құдайлармен бiрге билiктi өзара бөлiстi, ал өзiне көмектескен титандарға найзағай құдайы әлемде еш билiк қалдырған жоқ. Зевс титандарды жек көредi, олардың қаҺарлы күшiнен қорқады. Ол Прометейге де сенген жоқ, жаратпады оны, әлемдi Крон билеп тұрған кездiң өзiнде жердi мекендеп келген жай қарапайым бақытсыз адамдарды Прометей қорғаған кезде Зевстiң өшпендiлiгi бұрынғыдан да күшейдi. Өйткенi Зевс адамдарды жалпы құртып жiбергiсi келген болатын. Прометей әлi ақыл тоқтатпаған адамдарды аядыө олардың бақытсыз болып, Аидты қаратүнек патшалығына түсуiн қаламады. Ол адамдарға өздерi естiп-бiлмеген үмiт берiп, солар үшiн құдайлардан от ұрладыө бұл үшiн қандай жаза күтiп тұрғанын бiлсе де, осылай iстедi. Сұмдық жазаның қорқынышы өркеуде, құдiреттi титанды адамдарға көмектессем деген тiлегiнен тайдыра алмады. Оны сәуегей анасы Фемиданың ескертпелерi де ұстап қала алмады.
Мұхит перiлерi Прометей әңгiмесiн тебiрене тыңдады. Дәл осы кезде қанатты ұшқыр күймеге отырып сәуегей қарт Мұхиттың өзi де жартасқа жетiп келдi. Мұхит Прометейдi Зевстiң әмiрiне мойынсұнуға көндiруге әрекеттенiп-ақ бақты: ол қорқынышты Тифонды жеңiп шыққан құдаймен күресуден еш нәрсе шықпайтынын бiлуге тиiс қой. Мұхит Прометейге аяныш бiлдiрдi. Прометейдiң қандай азап шегiп тұрғанын көргенде өзi де қиналды. Сәуегей қарт Зевстен титан алыпты кешiруiн өтiнгелi жалбарынып Олимпке тез жетiп баруға әзiр. Мұндай өтiнiшпен найзағай құдайының кәрiне тап болуы мүмкiн екенiн бiлсе де, ол осылай iстегiсi келедi. Өзiнiң ақылды, араша сөзiнiң көп ретте қандай ашуды да жұмсартатынына сенедi. Бiрақ Мұхиттың жалбарынуынан ештеңе шықпады, Прометей оған өктем жауап қайтарды:
– Жоқ, сен өзiңдi құтқарудың амалын ойла. Маған деген аяушылық сезiмiң өзiңе зиянын тигiзiп кетер деп қорқамын. Тағдырдың жiберген тәлкегiн ақырына дейiн көрсем деймiн. Ал сен, Мұхит, мен үшiн жалбарынамын деп Зевстiң қаҺарына ұшырап қалудан сақтан.
– Ой, көрiп тұрмын ғой, – деп күрсiнiп жауап қатады Мұхит Прометейге, – бұл сөздерiңмен сен менi түк те бiтiрмей, кейiн қайтуға мәжбүр еткелi тұрсың. Илан маған, Прометей, бұл жерге тек сенiң тағдырыңның қамы мен өзiңдi жақсы көретiн пейiлiм ғана алып келдi.
– Жоқ! Қайта бер! Бұл жерден тезiрек кетуге асық!
Тастап кет менi!– деп айқайлады Прометей.
Жүрегi қан жылаған Мұхит Прометейдi тастап кеттi. Ол қанатты күймесiмен самғай жөнелдi, ал Прометей болса, өзiнiң Зевс әмiрiн бұзып, адамдар үшiн қандай жақсылық жасағанын одан әрi әңгiмеледi. Лемностағы Мосха тауында, өзiнiң досы Гефестiң көрiгiнен Прометей адамдар үшiн от ұрлаған. Ол адамдарды сан алуан өнерге үйреттi, оларға бiлiм берiп, есеп-қисапқа, оқып, жаза бiлуге баулыды. Адамдарды металдармен таныстырды, оларды жер қойнауынан өндiрiп, өңдеудi үйреттi. Прометей жабайы бұқаны қолға үйретiп, оған қамыт кигiздi, сөйтiп өз егiстiктерiн өңдеген кезде адамдардың өгiз күшiн пайдалануын көздедi. Прометей атты арбаға жегiп, оны да адам ырқына бағынуға үйреттi. Ақылды алып тұңғыш кеменi жасап, жарақтандырды да, адамдар шексiз теңiзде тез жүрiп-тұруы үшiн кемеге бөз матадан желкен орнатты. Бұрын адамдар дәрi-дәрмек дегендi бiлмейтiн, ауруларды емдей алмайтын. Ол адамдардың өмiр ауыртпалықтарын жеңiлдетiп, оларды бақытты да қуанышты ететiн нәрсенiң бәрiне де үйреттi. Осынысымен ол Зевстiң шамына тиiп, осы үшiн, мiне, найзағай құдайының жазасына тап болды.
Бiрақ Прометей мәңгiлiк азап шекпек емес. Ол зұлым тағдырдың құдiреттi найзағай құдайын да тәрiк ететiнiн жақсы бiледi. Ол өз тағдырынан қашып құтыла алмайды! Зевстiң патшалығы мәңгiлiк емес екенiн Прометей бiледi. Биiк Олимп тұғырынан ол да құлатылатын болады. Көреген титан Зевстiң зұлым тағдырдан қалай құтыла алатыны жөнiндегi ұлы құпияны да бiледi, бiрақ бұл құпияны оған ашпайды. Тәкаппар Прометейге мұны ешқандай күш, ешқандай қорқыту, ешқандай азап айтқыза алмайды.
Прометей әңгiмесiн аяқтады. Оны Мұхит перiлерi таңдана тыңдады. Олар найзағай құдайы Зевске қарсы қорықпай бас көтере бiлген құдiреттi титанның ұлы кемеңгерлiгi мен қажымас рухани күшiне сүйсiндi. Прометейдiң Зевстi қандай қатал тағдырмен қорқытып тұрғанын естiген кезде оларды тағы да үрей биледi. Олар егер бұл сөз Олимпке жете қалатын болса, тағдыр құпиясын бiлу үшiн найзағай құдайы ештеңеден де қайтпайтынын жақсы бiлдi. Мұхит перiлерi Прометейге жасқа толы көзбен жаудырай қарады, қатал тағдыр әмiрiнiң дауасыз екенiн естiп, қатты толқыды. Жартаста ауыр үнсiздiк орнады, оны тек теңiздiң толассыз шуылы ғана бөлiп тұрды.
Кенет алыстан құлаққа емiс-емiс естiлетiн қайғы мен ауыр азаптың ыңырсыған үнi әрең жеттi. Мiне, ол жартасқа тағы да жаңғырды. Ыңырсыған үн барған сайын жақындап, күшейе түстi. Гера жiберген үлкен бөгелек қуып, үстi-басын түгел қан мен көбiк басқан, сиырға айналдырған, Арголиданың тұңғыш патшасы, өзен құдайы Инахтың қызы – бақытсыз Ио есi шығып, жанталасып қашып келе жатыр. Бөгелек шағып, азап шеккен, ұдайы зытып қашудан әбден әлсiреп, дәрменi құрыған Ио бұғауланған Прометейдiң алдына келiп тоқтай қалды. Қатты ыңқылдап ыңырсыған ол өзiнiң басынан кешкен азаптарын айтып, әулие титанға шағынды:
– О, Прометей! Осында, қаңғыруым шегiне жеткен жерде, жалбарынып сұраймын, менiң азабым қашан тыйылады, ақыры, соңында қай кезде тыныштық таба аламын?
– Оу, маған сене гөр, Ио! – деп жауап бердi Прометей. – Сен мұны бiлгеннен де бiлмей-ақ қойсаң едi. Әлi де көптеген елдерден өтесiң, әлi де өз жолыңда қисапсыз көп қорқынышты нәрселердi көресiң. Сенiң азапты жолың скифтер елi арқылы, қар басқан Қапқаздың құзар шыңдары арқылы, амазонкалар елi арқылы Босфор бұғазынан өтедi. Одан жүзiп өткен соң адамдар сенiң құрметiңе оны осылай деп атайтын болады. Бұдан соң сен ұзақ уақыт Азияда қаңғырып жүресiң. Өлiм себетiн Горгоналар тұратын елдердiң жанынан өтесiң сенө олардың басында шаш орнына ысылдаған жыландар ирелеңдеп жүредi. Солардан сақ бол! Грифтер мен жалғыз көздi аримаспалардан да58 сақ болө сен оларды да өз жолыңнан кездестiретiн боласың. Ақырында Iнжiл тауларына жетесiң, Нiл өзiнiң қасиеттi суларын содан алады. Мiне, сол Нiл суғарып тұратын елде, оның сағасында ақырында сен тыныштық табатын боласың. Онда Зевс саған бұрынғы әсем бейнеңдi қайтарып, Эпаф атты ұл табасың. Ол бүкiл Египетке билiгiн жүргiзiп, қаҺарман батырлардың даңқты ұрпағының атасы болады. Осы ұрпақтан менi бұғаудан азат ететiн адам туады. Мiне, Ио, менiң анам, сәуегей Фемида сенiң тағдырың туралы осыны айтқан болатын.
Ионың жан дауысы шықты шырқырап:
– О, қасiрет, қасiрет! О, зұлым тағдыр, маған әлi қаншама азап төнiп тұр десеңiзшi! Қорқыныштан жүрегiм тулап тұр! Тағы да есiм ауа бастады, менiң азап көрген денеме бөгелектiң отты бiзгегi тағы да қадалып келедi, мен тағы да тiлден айырылдым! О, қасiрет, қасiрет!
Көзiн ессiз алақтатып, жан ұшырып Ио жартастан қаша жөнелдi. Құйын iлiп әкеткендей одан әрi самғады. Бөгелек те соңынан ызыңдап ұша жәнелдi, бақытсыз Ионы ащы бiзгек оттай қарыды. Ол қалың тозаңның арасымен Прометей мен мұхит перiлерiнiң көз алдынан ғайып болды. Ионың өксiк-зары жартасқа барған сайын әрең естiлiп, ақырында, қайғының алысырақ шыққан болмашы ыңырсуындай болып барып, тынып бiттi.
Бақытсыз Ионы ойлап қайғырған Прометей мен мұхит перiлерi бiр мезгiл үнсiз қалды, бiрақ кенет ашулы Прометей айқайлап жiбердi:
– Менi қанша азаптағаныңмен, бәрiбiр сенi де құрдымға жiберетiн күн туады, найзағай құдайы Зевс! Сен патшалығыңнан айырылып, қараңғы қапасқа лақтырып жiберiлетiн боласың. Сол кезде сенiң әкең Кронның қарғысы орындалады. Бұл зұлым тағдырдан сенi қалай құтқаруға болатынын құдайлардың ешқайсысы да бiлмейдi. Оны тек мен ғана бiлемiн! Мiне, сен құдiреттi қалпыңда сәулеттi Олимпте шәлжiп, найзағай мен жайды жан-жаққа сiлтеп отырсың. Бiрақ олар саған көмектесе алмайды, олар дауасыз тағдырдың алдында дәрменсiз. Оу, құрдымға лақтырылған күнi сен билiк пен құлдықтың арасында қандай айырма бар екенiн бiлетiн боласың!
Мұхит перiлерiнiң көзi үрейден тұманданып, сұлу жүзi боп-боз болып қуарып кеттi. Теңiз көбiгi сияқты аппақ қолдарын Прометейге созған күйi, олар шыр ете қалды:
– Ақылсыз! Құдайлар мен адамдар патшасы Зевстi қорқытуға сенiң қалай дәтiң барады? О, Прометей, ол саған бұдан да ауыр азап беретiн болады! Өз тағдырың туралы ойлан, аяй көр өзiңдi!
– Мен бәрiне де шыдауға әзiрмiн!
– Ал кемеңгердiң өзi де аяусыз тағдыр алдында бас иедi емес пе!
– Оу, өздерiң жалбарынып, өздерiң-ақ кешiрiм сұраңдар! ҚаҺарлы әмiршiнiң алдында тiзерлеп еңбектеңдер! Ал найзағай құдайы Зевстiң маған керегi не? Мен одан неге қорқуға тиiстiмiн! Маған ажал жоқ! Мейлi! Зевс ойына келгенiн iстей берсiн. Оның құдайларға әмiр жүргiзе беретiн уақыты ұзақ емес!
Прометей осы сөздердi айтуы-ақ мұң екен, бейне бiр аққан жұлдыз сияқты Гермес ауамен жүйткiп келдi де, қаҺарын төгiп, Прометейдiң алдына тұра қалды. Титан өз құпиясын ашсын: Зевстi тақтан құлататын кiм және тағдырдың әмiрiнен қалай қашып құтылуға болады? – деп сұрауға Герместi Зевстiң өзi жiберген болатын. Гермес егер бағынбасаң, сұмдық жазаға ұшырайсың деп Прометейдi қорқытты. Бiрақ құдiреттi титан алған бетiнен қайтар емес, ол Гермеске мысқылмен жауап бердi:
– Егер сен менен бiр нәрсе естимiн деп үмiттенсең, онда өзiң баладан, ақыл-ойың сәбидiкiнен аспаған болар едiң. Бiлiп қой, мен Зевске қасiретiмдi құлдық қызмет көрсетуге айырбастай алмаймын. Жауыз Зевстiң қызметшiсi болғанша, менiң осы жартасқа бұғауланып тұрғанымның өзi жақсы. Зевс менi қорқытып, маған бiр ауыз сөз айтқыза алатын ешқандай жаза, ешқандай азап әлемде жоқ. Ол тағдырдан қалай құтылатынын бiлмейдi, жауыз Зевс өзiнен билiктi кiмнiң тартып алатынын да ешқашан бiле алмай өтедi.
– Тыңда онда, Прометей, егер сен Зевс әмiрiн орындаудан бас тартатын болсаң, өзiңдi не күтiп тұрғанын бiл, – деп жауап қатты титанға Гермес. – Ол өз найзағайымен осынау жартасты сенiмен бiрге қара түнек шыңырауға лақтырып жiбередi. Онда, талай-талай ғасырлар бойы күн сәулесi түспеген тас зынданда сен қараңғы қапаста тұншығып азап шегетiн боласың. Ғасырлар өтедi, сенi Зевс шыңыраудан жалғанның жарығына қайтадан шығарады, бiрақ қуаныш көрсету үшiн шығармайды. Зевс жiберген бүркiт саған күн сайын келiп өткiр тырнағымен және алмас тұмсығымен өкпе-бауырыңды жұлмалап жейтiн болады: ол қайта-қайта өсiп шығып, барған сайын сұмдық азап тартатын боласың. Бұл жартаста сен орныңа басқа бiреу ықтиярымен Аидтың қаратүнек патшалығына түсуге келiсiм бергенге дейiн асылып тұрасың. Ойлан, Прометей, одан да Зевске бас игенiң жақсы емес пе? Зевстiң ешқашан да беталды қаҺар төкпейтiнiн өзiң де жақсы бiлесiң ғой!
Тәкаппар титан өз дегенiнен қайтпай қойды. Оның жүрегiн шошытарлық нәрсе сiрә бар ма екен? Кенет жер дiрiлдеп, төңiрек түгел селкiлдеп кеттiө қатты күркiр естiлiп, көз қаратпайтын жайдың оты жарқ ете түстi. Қара құйын құтырына соқты. Көбiктi толқындар теңiз бетiнде тау-тау болып атылады. Жартас теңселiп кеттi. Дауыл мен жай шуылының, зiлзала гүрiлiнiң арасынан Прометейдiң жан түршiгерлiк айқайы өстiлдi:
– Оу, менiң жүрегiмдi шошыту үшiн Зевс маған қандай соққы жiберiп отыр! О, аса аяулы анам Фемида, бәрiне жарық сыйлайтын, оу Эфир! Көрiңдер, Зевс менi қалай әдiлетсiз жазалап жатқанын!
Прометей бұғауланған жартас сұрапыл гүрсiлмен түпсiз тұңғиыңқа, мәңгiлiк қара түнекке құлап түстi59.
Ғасырлар өттi, ақыры Зевс Прометейдi қара түнектен шығарып алды. Бiрақ мұнымен оның азабы бiткен жоқ: ол бұрынғыдан да ауырлай түстi. Биiк жартасқа қағылып бұғауланған күйде ол әлi де жатыр. Денесiн шыжыған күн сәулесi күйдiрiп, үстiнен дауылдар бұрқап өтуде арса-арса денесiн жауын мен бұршақ тiлгiлейдi, ал қыста Прометейдiң үстiне жапалақтап қар жауып, тұла бойын мұз құрсап, суық аяз қатырып тастайды. Бiрақ бұл азап та аз! Жартасқа қуатты қанаттарын шуылдата қағып күн сайын орасан зор бүркiт ұшып келедi. Ол Прометейдiң кеудесiне қонып, өткiр тырнағымен жұлмалай бастайды. Өткiр тұмсығымен титанның бауырын жұлады. Қан судай ағады, жартас етегiнде қап-қара болып қатып, күн түскен кезде еридi де, ауаны қолқаны қабар сұмдық жаман қоңырсық иiс жайлайды. Бүркiт күн сайын таңертең ұшып келiп, өзiнiң қанды тамағына қайтадан кiрiседi. Түн iшiнде жаралары жазылып, күндiз бүркiтке жаңа тамақ беру үшiн бауыры қайтадан өсiп шығады. Бұл азап жылдар, ғасырлар бойы созылды.
Құдiреттi титан Прометей әбден қалжырады, бiрақ азап оның өршiл рухын мұқата алған жоқ.
Титандар Зевспен әлдеқашан татуласып, бағынған болатын. Олар оның билiгiне бой ұсынды да, Зевс оларды қаратүнек Тартардан азат еттi. Ендi орасан зор тұлғалы, аса әлеуеттi олар бұғауланған Прометей жатқан жер шетiндегi жартасқа келдi. Жартасты қоршап алып, Прометейдi Зевске бағын деп үгiттедi. Прометейдiң анасы Фемида да келiп, ұлына өзiнiң тәкаппар рухынан тайып, Зевске қарсы келмеуiн өтiнiп жалбарынады. Ол ұлынан өзiн де аяуын өтiнедi, өйткенi мынау азабын көрiп, ол да қатты қиналып отыр ғой. Зевс өзi де ендi бұрынғы ашу-ыза ұмытқан, қазiр оның державасы күштi, оны ешкiм де құлата алмайды, оған ештеңе де қорқынышты емес. Және де ол бұрынғыдай тиран сияқты билiк жүргiзiп отырған жоқ, мемлекеттердi қорғайды, заңдарды сақтайды. Ол адамдарға және олардың арасындағы шындыққа қамқорлық жасап отырады. Найзағай құдайын алаңдататын тек бiр жалғыз ғана жәйт – ол Прометейдiң өзi ғана бiлетiн құпия сыр. Егер Прометей осы сұмдық құпия сырды ашса, онда Зевс алып титанға кешiрiм жасауға әзiр. Прометейдiң азабы бiтетiн уақыт та жақындап қалды. Тағдырдың әмiрi бойынша титанды бұғаудан азат етуге тиiстi қаҺарман да дүниеге келiп, ер жеттi. Азаптан әлсiресе де бiрбеткей Прометей бұрынғысынша құпия сырды өз iшiнде сақтады, алайда ол да шаршап, қажи бастаған.
Ақыры тағдырдың өзi Прометейдi азат етуге жазған ұлы қаҺарман да өзiнiң саяхаты кезiнде осы жер шетiне келiп жеттi. Бұл қаҺарман құдай тәрiздi құдiреттi, адамдардың iшiндегi ең күштiсi Геракл едi. Прометейдiң азабына үрейлене қарап, алғаш оның бойын аяныш сезiмi билейдi. Титан Гераклге өзiнiн зұлым тағдыры туралы әңгiмелеп, Гераклдiң алдағы уақытта қандай ұлы ерлiктер жасайтынын айтып бередi. Геракл алыптың сөзiн зор ықыласпен тыңдайды. Бiрақ та Геракл Прометей тартқан барлық сұмдық азапты түгел көрген жоқ едi. Алыстан қуатты қанаттардың суылдағаны естiлдi – бұл өзiнiң қанды тамағына ұшып келе жатқан бүркiт едi. Ол Прометейдiң үстiнде биiкте шарықтап ұшып, кеудесiне қонуға әзiрлене бастады. Алайда Геракл оның Прометейдi талауына мүмкiндiк берген жоқ. Ол садағын шап берiп, қорамсақтан ажал жебесiн алды да, оқ дәл тиюi үшiн жебе тәңiрi Аполлонға сиынып, адырнаны құлаштай тартты. Садақ адырнасы ышқына зыңылдап, жебе зырлай женелдi де, оқ тиген бүркiт жартастың дәл iргесiндегi буырқанған теңiзге жалп етiп құлап түстi. Бостандыақ алу сәтi туды. Асқар Олимптен желдей есiп Гермес сол сәтте-ақ жетiп келдi. Ол қуатты Прометейге жылы-жылы сөйлеп, Зевстiң зұлым тағдырдан қалай құтыла алатынын айтып берсе, оны дереу босататынына уәде бердi. Ақыр соңында әлеуеттi Прометей Зевске құпия сырды ашуға келiсiмiн бердi де, былай дедi:
– Найзағай құдайы теңiздiң әйел тәңiрi Фетидамен некесiн қидырмасын, өйткенi тағдыр тәңiрлерi, сәуегей мойралар Фетиданың мынадай тағдыры бар екенiн ашқан: күйеуi кiм болса да, одан әкесiнен әлдеқайда құдiреттi ұл туады. Құдайлар Фетиданы қаҺарман Пилейге әйелдiкке берсiн, сонда Фетида мен Пелейдiң ұлы Грекияның ең қаҺарман батырларының бiрi болады.
Прометей ұлы құпияны ашып бердi. Геракл өзiнiң зiл батпан гүрзiсiмен бұғауды күл-талқан еттi де, титанды жартасқа қағып тастаған iстiк темiрдi кеудесiнен жұлып алды. Алып орнынан тұрды, ендi ол азат едi. Тартқан азаптары бiттi. Оны жай қарапайым адам азат етедi деген сәуегейлiк болжам осылайша жүзеге асты. Титандар Прометейдiң азат болуын дабырласып, қуанышты дабылмен қарсы алды.
Сол кезден берi Прометей қолына темiр шығыршық тағып жүретiн болдыө онда өзi соншама уақыт адам айтқысыз азап көрген жартастан алынған тас салынып қойылған.
Ал Прометейдiң орнына, өлгендердiң жерасты патшалығына түсуге кемеңгер кентавр Хирон келiсiм бердi. Мұнысымен ол Геракл өзiне байқаусызда салған жазылмайтын жараның азабыңан құтылды.