БЕС ҒАСЫР


cиодтың «Жұмыс және күндер» дастаны бойынша баяндалған.

Олимпте тұратын мәңгi жасайтын құдайлар адамдардың алғашқы ұрпағын бақытты етiп жаратты, бұл алтын ғасыр едi. Ол кезде аспанды Крон құдай билеп тұрды. О заманда рақатқа батқан құдайлар сияқты, адамдар мұқтаждықты да, еңбектi де, қайғыны да бiлмей, алаңсыз өмiр сүрдi. Олар қарттық дегендi де бiлген жоқ, әрдайым әлеуеттi, аяқ-қолы балғадай, денi сау болды. Олардың ауырып-сырқау дегендi бiлмейтiн бақытты өмiрi ұдайы той-думанмен өттi. Ұзақ өмiр сүрген соң келген өлiм алаңсыз, тыныш ұйқы сияқты көрiнетiн. Олардың тiрi кезiнде бәрi де аста-төк мол болды. Жер жомарт өнiмiн өзi берiп тұрды, егiстiк пен бауларды бағып күту үшiн еңбек ету қажет болған жоқ. Олардың малы қисапсыз көп болып, шалғыны шүйгiн жайылымда мыңғырып, жайымен жайылып жүрдi. Алтын ғасырдың адамдары алаңсыз өмiр сүрдi. Құдайлардың өзi оларға ақылдасу үшiн келiп тұратын. Бiрақ жер бетiндегi алтын ғасыр аяқталды да, бұл ұрпақтың адамдарынан ешкiм де қалмады. Қайтыс болғаннан кейiн алтын ғасырдың адамдары аруаққа, жаңа ұрпақтың жебеушiлерiне айналды. Тұманға оранған олар бүкiл жер бетiн шарлап, шындықты жақтап, зұлымдықты жазалап жүредi. Дүние салғаннан кейiн Зевс оларды осылайша жарылқады.
Адамдардың екiншi ұрпағы мен екiншi ғасыр бiрiншiдегiдей бақытты бола қойған жоқ. Бұл күмiс ғасыры едi.
Күмiс ғасырдың адамдары күш жағынан да, ақыл жағынан да алтын ғасырдың адамдарымен теңдесе алмады. Олар өз шешелерiнiң үйлерiнде жүз жыл ақыл тоқтатпай өсiп, тек есейген соң ғана олардан бөлек кететiн. Олардың есейiп есi кiрген кезiндегi өмiрi қысқа болды, ал ақыл тоқтатпағандықтан, өмiрде бақытсыздық пен қайғыны да көп көрдi. Кронның ұлы Зевс олардың жер бетiндегi ұрпағын жойып жiбердi. Олимпте тұратын құдайларды мойындамағаны үшiн күмiс ғасырдың адамдарына оның зығырданы қайнады. Зевс оларды жер астындағы қаратүнек патшалыққа қоныстандырды. Сонда олар қуаныштың да, қайғының да не екенiн бiлмей өмiр сүредi, адамдар оларға да құрмет көрсетедi.
Зевс адамдардың үшiншi ұрпағы мен үшiншi – мыс ғасырын дүниеге келтiрдi. Ол күмiс ғасырға ұқсас болған жоқ. Найзаның сабынан Зевс қорқынышты да құдiреттi – адамдарды жасап шығарды. Мыс ғасырдың адамдары өр көкiрек, менмен жаратылып, қасiретке толы соғыстарды қалады. Олар егiншiлiктi бiлмедi, бақтар мен егiстiктер беретiн жемiстi жеген жоқ. Зевс оларға орасан зор бой мен құдiреттi күш бердi. Олардың жүрегi еш нәрседен тайсалмады, қолдары аса қуатты болды. Қаружарағы мыстан соғылды, үйлерi де мыстан салынды, мыс құралдарымен жұмыс iстедi. Ол кездегiлер қара темiр дегендi бiлген жоқ. Мыс ғасырдың адамдары бiрiнбiрi құртып отырды. Олар тез арада-ақ қорқынышты Аидтың қаратүнек патшалығына түсiп бiттi. Қанша күштi болғанымен, ажалдан құтыла алмады, сөйтiп, күннiң жарық сәулесiмен қош айтысты.
Адамдардың бұл ұрпағының түнектер патшалығына түсуi-ақ мұң екен, Зевс сол сәтте жер бетiнде төртiншi ғасырды және адамдардың жаңа ұрпағын, неғұрлым iзгi жанды, неғұрлым әдiлеттi, құдайларға жақын жарты құдайлар ұрпағы – қаҺармандарды туғызды. Олардың бәрi де зұлмат соғыстар мен жан түршiгерлiк қантөгiс шайқастарда қазаға ұшырады. Бiреулерi Эдиптiң мұрасы үшiн шайқасып, Кадм елiнде, жетi қақпалы Фивыда опат болды. Басқалары Троя түбiнде қаза тапты, мұнда олар кемелерге отырып, шалқар теңiзден жүзiп өтiп, ғажайып бұрымды Еленаны iздеп келген едi. Бұлардың бәрiн ажал жалмаған соң Зевс оларды тiрi адамдардан аулақ, жердiң қиыр шетiне қоныстандырды. ҚаҺармандар Мұхиттың буырқанған айдынындағы аралдарда қайғысыз, бақытты өмiр сүредi. Ондаған шұрайлы жер оларға бал тәрiздi тәттi жемiстерiн жылына үш рет бередi.
Адамдардың соңғы ұрпағы мен соңғы бесiншi ғасыр – темiр ғасыры болды. Ол күнi бүгiн де жер бетiнде жалғасып келедi. Адамдарды күн-түн демей, қайғы-қасiрет пен азапты еңбек майып қылуда. Құдайлар адамдарға iрi ауыртпалық жiберiп тұрады. Рас, құдайлар зұлымдыққа iзгiлiктi де қосып, араластырып отырады, дегенмен зұлымдың көбiрек болып, барлық жердi жайлап алған. Балалар ата-анасын құрметтемейдi, дос досына опасыздық етедi, қонақ басқалардан меймандостық таба алмайды, ағайын арасында татулық жоқ. Адамдар берген сертiнде тұрмайды, шындық пен iзгiлiктi бағаламайды, бiр-бiрiнiң қалаларын қиратады. Барлық жердi озбырлық жайлап алған. Тек өркеуделiк пен күш қана бағаланады.
Ар-ұят пен Әдiл төрелiктiң әйел құдайлары адамдарды тастап кеткен. Ақ киiмдерiмен олар мәңгi жасайтын құдайлар тұратын биiк Олимпке ұшып кеткен. Ал адамдар тек ауыр қайғы-қасiретке ғана ие болып қалған және де олардың зұлымдықтан қорғанышы жоқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *