ЭРИСИХТОН
Әйел құдай Деметра тек жалғыз скифтер патшасы Линхты ғана емес, Фессалия патшасы Эрисихтонды да жазалады. Эрисихтон өркөкiрек әрi арам едi, ол құдайларды ешқашан құрметтеп, құрбандық шалған еместi.
Эрисихтон әйел құдай Деметраға дөрекiлiкпен тiл тигiздi. Ол Деметраның қасиеттi орманында өсiп тұрған, әрi оның сүйiктiсi – Дриаданың41 мекенi болған жүз жылдық қарт емендi шауып тастауға ұйғарды. Эрисихтонды бұл жолы ешнәрсе де тоқтата алмады.
– Тiптi бұл Деметраның сүйiктiсi тұрмақ, құдайдың өзi болса да, – деп айқай салды арамза, – мен бәрi-бiр осы емендi шауып құлатамын!
Эрисихтон қызметшiсiнiң қолынан балтаны жұлып алды да, оны ағашқа бойлата кiргiздi. Еменнiң iшiнен ауыр күрсiнген үн шықты, сонсоң оның қабығынан қан шапши жөнелдi. Патшаның қызметшiлерi есi шығып сiлейiп, еменнiң алдында тұрды. Олардың бiрi патшаны тоқтатқысы келiп едi, әбден долданған Эрисихтон қызметшiсiн шауып өлтiрiп:
– Мiне, сенiң құдайларға табынғаның үшiн тартар сазайың! – деп айғай салды.
Эрисихтон жүз жылдық емендi шауып тастады. Емен жерге күңiрене құлады да, iшiндегi дриада өлiп қалды.
Қасиеттi орманның қара киiмдi дриадалары әйел құдай Деметраға келiп, өздерiнiң құрбысын өлтiргенi үшiн Эрисихтонды жазалауды сұрап жалбарынды. Деметра қатты ыза болды. Ол аштық құдайын өзiне шақыртты. Деметра жұмсаған дриада қанатты жыландар жегiлген күймемен Скифияға, Қапқаз тауларына қарай құстай үшты, құлазыған таудан өңсiз-сөлсiз, көзi үңiрейiп iшiне кiрiп кеткен, шашы дудыраған, қож-қож терiсi сүйегiне жабысып, iлмиiп қалған аштық құдайын тапты. Дриада аштық құдайына Деметраның әмiрiн жеткiздi, ал анау бұл әмiрдi орындайтынын бiлдiрiп, бас идi.
Аштық құдайы Эрисихтонның үйiне келдi де, бүкiл iшкi жан жүйесiн шарпыған тойымсыз аштықты оның бойына үрлеп кеп жiбердi. Эрисихтон тамақты неғұрлым көп жеген сайын, соғұрлым араны ашыла бердi. Ол
өзiнiң бүкiл дәулетiн әралуан тағамдар сатып алуға жұмсады. Бiрақ Эрисихтон бойын жайлаған азапты аштықтан құтыла алмады. Ақырында қолындағының бәрi бiтiп, тек жалғыз қызы ғана қалды. Ақша тауып, қарнын тойғызу үшiн ол қызын құлдыққа сатты. Бiрақ оның қызы Посейдон құдайдан әралуан бейнеге кiретiн сый алып едi, сөйтiп ол өзiн сатып алған адамдардан әр жолы бiрде құс, бiрде жылқы, бiрде сиыр бейнесiне кiрiп, құтылып кетiп отырды.
Эрисихтон қызын сансыз мәрте сатты, бiрақ бұл саудадан тапқан ақшасы оған аз болып отырды. Аштық оны барған сайын азаптай түстi, тартқан азабы барған сайын жан шыдарлық болмады. Ақыр аяғында Эрисихтон өз денесiне өзi ауыз салып, өзiн-өзi жұлып жедi, сүйтiп сұмдық азаппен ажал құшты.