ТРИПТОЛЕМ
Құнарлылық құдайы Деметра адамдарға астық алқаптарын қалай күтiп-баптауды үйреттi. Ол Элевоин патшасының жасөспiрiм ұлы Триптолемге бидай дәнiн бердi. Триптолем Элевсин алқабын соқамен бiрiншi боп үш рет жыртып, жыртылған жерге тұқым септi. Деметраның өзi жебеп-желеген алқап мол түсiм бердi. Қанатты жыландар жегiлген ғажайып күймемен Триптолем Деметраның әмiрi бойынша барлық елдердi аралап, жүрген жерiнiң бәрiнде адамдарды егiншiлiкке жұмылдырды.
Триптолем шалғайдағы Скиф жерiнде, Линх патшада да болды. Ол Линхты егiншiлiкке үйреттi. Бiрақ скифтердiң өркөкiрек, патшасы Триптолемнен диқаншылық ұстазының даңқын тартып алып, ол даңқты өзi иемденгiсi келдi. Линх Триптолемдi ұйықтап жатқан кезiнде өлтiрмек болды. Бiрақ Деметра бұл зұлымдыққа жол бермедi. Ол қонақ қадiрлеу дәстүрiн бұзып, құдай сүйiктiсiне қол көтергенi үшiн Линхты жазалауға ұйғарды.
Түнде Линх Триптолем жайбарақат ұйықтап жатқан бөлмеге ұрланып кiрдi. Линхтың ұйқыдағы адамға қанжар көтеруi-ақ мұң екен, Деметра скифтер патшасын сiлеусiнге айналдырып жiбердi.
Сiлеусiнге айналған Линх қараңғы орманға сiңiп, жоқ болды, ал Триптолем болса өзiнiң ғажайып күймесiмен бiр елден екiншi елге өткелi, адамдарды Деметраның ұлы сыйы – диқаншылыққа үйрету үшiн скифтер елiнен жүрiп кеттi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *