ДЕМЕТРА МЕН ПЕРСЕФОНА

ДЕМЕТРА МЕН ПЕРСЕФОНА
Ұлы әйел құдай Деметра құдiреттi-ақ. Ол жерге құнарлылық бередi және де оның игiлiктi күшiнсiз саялы ормандар да, шүйгiн шалғындар да, ну егiстiктер де өсiп шықпақ емес.

АИДТЫҢ ПЕРСЕФОНАНЫ ҰРЛАУЫ
Гомер әнұраны бойынша баяндалған.

Әйел құдай Деметраның Персефона есiмдi жас, сұлу қызы болды. Персефонаның әкесi найзағай құдайы Зевс едi. Бiрде Персефон өзiнiң құрбылары, океанидалармен (мұхит перiлерiмен) бiрге гүлденген Нисей40 сайында алаңсыз ойын-сауық жасап жатады. Бейне бiр ала қанат көбелек тәрiздi, Деметраның жас қызы гүлден гүлге ыршып қонып жүрдi. Ол алқызыл раушан гүлдерiн, хош иiстi шегiргүлдердi, аппақ қардай лалаларды және қан қызыл сүмбiл гүлдерiн үзумен болды. Әкесi Зевстiң өзiне нендей тағдыр белгiлегенiн бiлмеген Персефона алаңсыз еркелiкке бой ұрды. Күннiң жарық сәулесiн жуық маңда көрмеспiн, гүлдерге сұқтанып, олардың тәттi иiсiн қайтып иiскемеспiн деп ойлаған да жоқ-ты. Зевс оны өзiнiң ағасы, шейiттер патшалығының әмiршiсi, қабағынан қар жауған Аидке әйелдiкке берген едi. Сөйтiп Персефона сонымен бiрге ыстық лептi оңтүстiк күнiнiң жарығынан мақрұм болып, жерасты патшалығының қараңғы қапасында өмiр сүруге тиiс болды.
Аид Персефонаның Нисей алқабында жүргенiн көрдi де, оны дереу ұрлап әкетуге ұйғарды. Ол жердiң әйел құдайы Геядан әлемде жоқ әсем гүл өсiрiп берудi өтiндi.
Әйел құдай Гея келiсе кеттi, сөйтiп, Нисей алқабында ғажайып гүл өсiп шықты, оның бас айналдыратын хош иiсi айналаға тегiс тарады. Персефона гүлдi көрiп, бiрден қолын созып, сабағынан ұстады, мiне, гүлдi үзiп те алды. Кенет жер қарс айырылды да, жер астынан алтын күймесiне қара сәйгүлiктер жеккен Аид шыға келдi. Ол Персефонаны бас салып ұстап алып, күймесiне отырғызды да, көздi ашып-жұмғанша өзiнiң ұшқыр аттарымен жер қойнына кiрiп, жоқ болды. Персефонаның тек айқайлауға ғана шамасы келдi. Деметраның қызының үрейлi даусы алысқа кеттiө ол теңiздiң тұңғиық түбiне де, биiк Олимпке де, жеттi. IIерсефонаны қатыбас Аидтiң қалай ұрлап әкеткенiн ешкiм көрген жоқ, мұны тек Гелиос құдай – Күн ғана көрдi.
Әйел құдай Деметра Персефонаның айқайын естiдi. Ол Нисей алқабына жетуге асығып, қызын барлық жерден iздедi, бiрақ еш жерден ұшырата алмады. Мұхит перiлерi де Персефонаның қайда кеткенiн көрмеген едi.
Сүйiктi жалғыз қызының жоғалғаны Деметраның жүрегiне шемен болып жабысты. Қара киген Деметра, көзiнен ащы жасын ағыза жүрiп, тоғыз күн бойы қызын iздедi. Ол Персефонаны барлық жерден iздедi, жұрттың бәрiнен көмек сұрады, бiрақ оның қайғысына ешкiм көмектесе алмады, ақырында, оныншы күн дегенде Күн құдайы – Гелиосқа келiп, ебiл-себiл боп жалбарынды:
– Уа, нұр шапақты Гелиос! Сен алтын күймеңмен аспанды аралап, жердi ғана емес, теңiздердi шарлайсың, бәрiн де көресiң, жанарыңнан ештеңе де жасырына алмайдыө егер сен бақытсыз анаға титтей де болса жаның ашыса, менiң қызым Персефонаның қайда кеткенiн, қайдан iздеу керектiгiн айтып бер! Мен оның шыңғырғанын естiдiм, оны әлдекiм ұрлап әкеттi, кiм ұрлағанын айт. Iздемеген жерiм жоқ, бiрақ таба алатын емеспiн.
Деметраға нұр шұғылалы Гелиос жауап бердi:
– Құдiреттi құдай, менiң сенi қандай құрмет тұтатынымды, қайғыңа қалай қайғырып тұрғанымды өзiң де көрiп тұрсың. Ұлы Зевс сенiң қызыңды өзiнiң қабағы түксиген ағасы Аидке әйелдiкке бергенiн бiлiп қой. Ол Персефонаны ұрлап, үрейге толы қара түнек патшалығына әкеттi. Ауыр қайғыңнан арылуға тырыс, құдайым. Өйткенi сенiң қызыңның күйеуi құдiрет қой, қызың Зевстiң сол құдiреттi ағасының әйелi болды ғой.
Деметра одан әрмен қапалана түстi. Ол өзiмен келiспей Персефонаны Аидке әйелдiкке бергенi үшiн найзағай құдайы Зевске ыза болды. Олимптен безiп, құдайларды тастап, жай қарапайым адам қалпына кiрдi де ол ащы жасын төгiп, адамдар арасында ұзақ уақыт жүрдi.
Жер бетiнде өсiмдiк атаулы өсуден қалды. Ағаштардың жапырақтары қурап, желге ұшып таусылды. Ормандар сидиып жалаңаш қалды, шөптер солып бiттi: гүлдер ала шабыр бастарын иiп, қурап кеттi. Бауларда жемiс болмады, жасыл жүзiмдiктер солып, тоз-тозы шықты. Бұрынғы құнарлы егiн алқаптары шаңытып шыға келдi, топыраққа түк те өспедi. Жер бетiндегi тiршiлiк атаулы тоқтады. Бар жердi аштық жайладыө жылап-сықтау мен күрсiнулер көбейдi. Бүкiл адамзат ұрпағына ажал қаупi төндi. Бiрақ қайғыға шомған Деметра ештеңенi көрген де, естiген де жоқ.
Ақырында Деметра Элевсин қаласына келдi. Ол қала қабырғасының түбiнде, «қыздар құдығының» нақ жанындағы зәйтүн ағаштарының көлеңкесiндегi «қасiрет тасына» келiп отырды. Тас бұтқа ұқсаған Деметра қозғалмастан отырды да қойды. Оның қара киiмi жер сызып, шұбатылып жатты. Басы салбырап, төсiне тидi, көзiнен жас сорғалап, омырауын жуып тұрды. Көңiлi ештеңеге жұбанбаған Деметра осылайша жападан-жалғыз ұзақ отырды.
Оны Элевсин патшасы Келейдiң қыздары көрдi. Олар қара киiнiп, бұлақ басында жылап отырған әйелдi көрiп таң қалды да, қасына келiп, шын көңiлден оның кiм екенiн сұрастырды. Бiрақ әйел құдай оларға сырын аша қоймады. Ол жалтарып, аты Део екенiн, өзiнiң Критте туып өсiп, одан қарақшылар алып қашып кеткенiн, бiрақ олардан сытылып шығып, көп уақыт қаңғырғаннан кейiн Элевсинге келгенiн айтты. Деметра Келейдiң қыздарынан өзiн олардың әкесiнiң үйiне ертiп апаруын өтiндiө үй қызметшiсi болып, балаларды тәрбиелеп, Келейдiң үйiнде жұмыс iстеуге келiсiм бердi ол. Келей қыздары Деметраны өз анасы Метанейраға ертiп келдi.
Келей қыздары әкесiнiң үйiне әйел құдайды әкелiп тұрмыз деп ойлаған да жоқ. Бiрақ Деметра үйге кiрген кезде, басы есiктiң маңдайшасына тиiп кетiп едi: бүкiл үйдiң iшi ғажайып нұрға бөлендi. Метанейра Деметраны тiк тұрып қарсы алдыө қыздарының жай, қарапайым адамды ертiп келмегенiн түсiне қойды. Келейдiң әйелi бейтаныс әйел алдында басын төмен иiп, өзiнiң орнына отыруға шақырды. Деметра бұдан бас тарттыө ол қызметшi әйелдiң орнына үнсiз жайғасып, бұрынғысынша, айналаның бәрiне самарқау қараған күйi отыра бердi. Ал Метанейраның қызметшiсi шат көңiлдi Ямба болса, бейтаныс әйелдiң қайғылы жан екенiн көрiп, көңiлдендiруге тырысты. Ол оған және өз қожайынына көңiлдi қызмет көрсетумен болдыө оның күлкiсi қатты естiлiп, әзiл-қалжыңы да толассыз айтылып жатты. Персефонаны қатыбас Аид ұрлап әкеткеннен кейiнгi өмiрiнде Деметра тұңғыш рет күлiп, алғаш рет астан ауыз тиюге келiстi.
Деметра Келейдiң үйiнде қалып, оның ұлы Демофонтты тәрбиелей бастады. Әйел құдай Демофонтқа мәңгiлiк өмiр беруге ұйғарды. Ол баланы тiзесiне салып ұстадыө бала әйел құдайдың мәңгiлiк демiмен тыныстады. Деметра оны мәңгi өмiр беретiн жүзiммен сылап, ал түнде, Келейдiң үйiнде жұрттың бәрi ұйықтаған кезде Демофонтты жаялыққа орайды да, оты лаулап жанып жатқан пешке салады. Бiрақ Демофонт мәңгiлiк өмiрге ие бола алмады. Бiрде Метанейра пеште жанып жатқан ұлын көрiп, қатты қорықты да, Деметрадан ендi қайтып бұлай iстемеудi өтiндi. Деметра Метанейраға ыза болып, Демофонтты пештен суырып алды да, былай дедi:
– Уа, ақылсыз пенде, мен сенiң ұлыңа мәңгiлiк өмiр берiп, оны еш нәрсе дарымайтын құдiреттi етейiн деп едiм. Бiлiп қой, мен – адамдарға да, құдайларға да күшқуат, қуаныш беретiн Деметрамын.
Деметра Келей мен Метанейраға кiм екенiн бiлдiрдi де, өзiнiң әдеттегi әйел құдай кейпiне кiрдi. Келей сарайының iшiне ғажайып нұр сәуле төгiлдi. Әйел құдай Деметра асқақ және сұлу кейiпке ендi, оның алтын шаштары иығына төгiлiп, көзiнен даналық ұшқын атып, киiмiнен жұпар иiс аңқыды. Метанейра мен күйеуi әйел құдайдың аяғына бас ұрды.
Әйел құдай Деметра Элевсиңде, Каллихора бұлағының жанында өзiне ғибадатхана салуға бұйырды, сөйтiп, өзi сонда тұрып қалды. Осы жерде Деметраның өзi мереке-мейрам өткiзудi белгiледi.
Өзi жанындай жақсы көретiн қызын ойлап, Деметра қайғыдан арылмады, Зевске деген ашу-ызасын да ұмыта алмады. Жер бұрынғысынша қуарып, суалып жатты. Аштық барған сайын күшейе түстi, өйткенi, диқандардың танаптарына бiр тал шөп шықпады. Өгiз шiркiндер ауыр соқаларды егiстiкте босқа сүйреумен болды. Олардың жұмысынан нәтиже шықпады. Тұтас тайпалар қырылып жатты. Аштардың жалбарынған үнi аспанға да жетiп жатты, бiрақ оған Деметра құлақ қоймады. Ақырында жер бетiнде мәңгi өлмейтiн құдайларға арналған құрбандықтың түтiнi де көрiнбейтiн болды. Бүкiл тiршiлiк атаулыға ажал қаупi төндi. Бұлт айдаушы Зевс адамдардың қырылып бiтуiн қаламай, Деметраға құдайлардың хабаршысы Ириданы жiбердi. Ол өзiнiң түрлi түстi қанаттарын қағып-қағып жiберiп, Элевсиндегi Деметраның ордасына жетiп келдi. Деметраны Олимпке – құдайлар арасына шақырып, жалынды дейсiң ол. Деметра оның сөзiне құлақ аспай қойды. Ұлы Зевс Деметраға басқа құдайларды да жiберiп көрдi, бiрақ әйел құдай Аид Персефонаны қайтармайынша, Олимпке оралғысы келмедi.
Сонда ғана Зевс Аидқа қиялдай ұшқыр Герместi жiбердi. Гермес Аидтың патшалығынан бiр-ақ түстi. Алтын тақта отырған өлгендер жанының әмiршiсi алдына келiп, Зевстiң әмiрiн хабарлады.
Аид Персефонаны анасына қайтаруға келiстi, бiрақ кетерiнде оған неке символы болып табылатын анар жемiсiнiң дәнiн жегiздi. Персефона Гермеспен бiрге ерiнiң алтын күймесiне отырып, Аидтың мәңгi өлмейтiн аттары жүйтки жөнелдi. Оларға ешқандай бөгет қорқынышты емес едi, сөйтiп қас қаққанша Элевсинге жетiп келдi.
Қуаныштан бәрiн де ұмытқан Деметра қызына құшағын жая ұмтылды. Оның сүйiктi Персефонасы тағы да өз қасында, бiрге. Деметра қызымен Олимпке қайтып оралды. Ендi Зевс мынадай ұйғарымға келдi. Персефона жылдың үштен екi бөлiгiнде анасымен бiрге тұрады да, ал үштен бiр бөлiгiнде ерi Аидқа қайтып баратын болады.
Деметра жердiң құнарлылығын қайтып бердi. Сөйтiп, төңiрек түгел қайтадан гүл атып, жасыл желекке бөлендi. Ормандар көктемнiң көгiлдiр жапырағына орандыө көкорай шалғынды жасыл алқаптарда гүлдер шешек жарды. Көп ұзамай егiн танаптары да сыбдыр қаға бастадыө баулар гүл шашып, хош иiске бөлендiө жүзiмдiктердiң жасыл желегi күн нұрымен құлпыра түстi. Барлық табиғат ұйқыдан оянды. Бүкiл тiршiлiк атаулы шаттыққа бөленiп, ұлы әйел құдай Деметра мен оның қызы Персефонаны мадақтап жатты.
Бiрақ Персефона жыл сайын анасын тастап кетедi, Деметра қызы әр кеткен сайын қайғыға шомып, қайтадан қара киiнедi. Сөйтiп, күллi табиғат Персефонаны жоқтап қайғырады. Ағаштардың жапырақтары сарғайып, күзгi жел ұшырып әкетiп жатады, гүлдер солып, егiн танаптары құлазып, қыс түседi. Табиғат ұйқыға шомады, ол ендi Персефона Аидтың көңiлсiз патшалығынан өз анасына қайтып келетiн көктемнiң қуанышты шуағында ғана оянады. Ал Деметра қызы қайтып келген кезде, құнарлылық тәңiрiнiң iсiн қайтадан бастайды, жомарт қолымен адамдарға сый шашып, диқанның еңбегiн мол астықпен өтейдi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *