ПИГМАЛИОН
Овидийдiң «Метаморфоза» поэмасы бойынша баяндалған.
Афродита өзiне адал қызмет еткендерге бақыт сыйлады. Мәселен, ол Кипр суретшiсi Пигмалионды осындай бақытқа бөледi. Пигмалион әйелдердi жек көрдi, үйленуден безiп, жалқы бас тiршiлiк еттi. Бiрде ол жарқылдаған пiл сүйегiнен керемет сұлу қыздың мүсiнiн жасады да, онысы тiрi ару сияқты, суретшi шеберханасында тұрды.
Бұл мүсiн кәдуiлгi тiрi адам тәрiздi тыныстап тұрғандай, әне-мiне қозғалып, сөйлеп кететiн тәрiздi көрiнетiн. Суретшi өз туындысын талай сағат бойы тамашалап, ақырында өзi жасаған мүсiнге ғашық болды. Ол оған қымбатты алқалар, бiлезiктер мен сырғалар тағып, сәндi киiмдер кигiздi, басына гүлден шiр өрдi. Пигмалион ауық-ауық сыбырлап былай дейтiн:
– О, егер сенде жан болып, менiң сөздерiме тiл қатсаң ғой, мен қандай бақытты болар едiм!
Бiрақ мүсiнде тiл қайдан болсын.
Афродитаның құрметiне мереке күндерi туды. Пигмалион махаббаттың әйел құдайына алтынмен қапталған мүйiздерi бар ақ бұзауды құрбандыққа шалды, сосын әйел құдайға қолын созып жалбарына сыбырлады:
– Оу, мәңгi жасайтын құдайлар және сен, алтын Афродита! Егер жалбарынғанға бәрiн бере алатын болсаңдар, онда менiң өзiм жасаған қыз мүсiнi сияқты бiр сұлуды зайыбым етшi.
Пигмалион құдайлардан өзi жасалған мүсiнге жан бiтiрудi сұрауға бата алмады. Мұндай өтiнiшпен олимп құдайларын шамдандырып алармын деп қорықты. Махаббат құдайы Афродита бейнесiнiң алдындағы құрбандық оты кенет жарқ еттi: мұнысымен әйел құдай Пигмалионға құдайлар оның жалбарынған үнiн естiдi деп аңғартқандай болды.
Суретшi үйiне қайтып келдi. Ол мүсiннiң жанына таяп едi: о, ғаламат, мына бақытты қуанышты қара! Мүсiнге жан бiтiптi! Оның жүрегi соғып тұр, көздерiнде өмiр ұшқыны жылтырайды. Әйел тәңiрi Афродита, мiне, осылайпш Пигмалионға сұлу жар бердi.