АФИНА-ПАЛЛАДА


АФИНАНЫҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛУI
Әйел тәңiрi Афина Палладаны Зевстiң өзiнен туған. Найзағай құдайы Зевс ақыл-ой құдайы Метис әйелдiң екi баласы: қызы Афина және ғажайып ақыл мен алып күш дарыған ұлы болатынын бiлген едi. Тағдырды болжайтын құдай әйел – мойралар Зевске: әйел құдай Метистiң ұлы оны тағынан түсiрiп, әлемдiк билiктi тартып алады деген құпия сырды ашып қойған-ды. Зевс бұдан қатты қорықты. Мойралар болжап айтқан қатал тағдырдан қашып құтылу үшiн ол әйел құдай Метистi аялаған жылы сөздерi ұйытып ұйықтатып ап, жұтып жiбередi. Бұл оқиға Зевстiң қызы – әйел тәңiрi Афина тумастан бұрын болған едi. Арада бiраз уақыт өткен соң Зевс басының қатты ауырғанын сездi. Ол баласы Гефестi шақырып алып, басындағы ауру мен құлағындағы шудан құтылу үшiн басымды қақ айыр деп бұйрық бердi. Гефест балтаны сiлтеп қап Зевстiң басын қақ жарды, сөйтiп, найзағай әмiршiсiнiң басынан әлеуеттi жаугер, әйел тәңiрi Афина-Паллада жарық дүниеге шықты. Таңтамаша болған олимпия құдайларының алдында мұздай қаруланған, басына жарқыраған дулыға киген, қолына найза мен қылыш ұстаған Афина тұрды. Афина өзiнiң жарқылдаған найзасын қаҺарлана сiлтеп қалды. Оның айбынды айғай ұраны бүкiл аспанды жаңғырықтырып, Олимптi iрге тасына дейiн сiлкiндiрдi. Ол құдайлар алдына толған айдай сұлу, маңғаз пiшiнмен жарқ еттi. Афинаның көкшiл көздерi ақылға толы едi, оның бүкiл түр-тұлғасы таң ғажайып, тамаша сұлулықпен нұрланып тұрды. Құдайлар әке Зевстiң басынан туған оның сүйкiмдi қызы, қалалардың қорғаушысы, даналық пен бiлiмнiң құдайы, жеңiмпаз жаугер Афина-Палладаны жер-көкке сиғызбай мадақтаумен болды.
Афина Грекия батырларына қамқорлық жасайды, оларға ақылды кеңестер берiп, қауiп-қатер төнген кезде көмекке келедi. Ол қалаларды, қамалдар мен олардың қабырғаларын желеп-жебеп қорғайды, жұртқа даналық үйретiп, пен бiлiм бередi, адамдарды өнер мен кәсiпке баулиды. Грекияның қыздары Афинаны өздерiн қолөнерiне үйреткенi үшiн қадiрлейдi. Адамдар былай тұрсын, әйел құдайлардың бiрде-бiрi тоқыма өнерi жөнiнен Афинадан асып түсе алмайды. Онымен бұл iсте бәсекелесудiң қандай қауiптi екенiн бәрi де жақсы сезедi, бұл өнерде Афинадан асып түскiсi келген Идмонның қызы Арахнаның қандай күйге тап болғанын да олар жақсы бiледi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *