АКТЕОН
Овидийдiң «Метаморфоза» поэмасы бойынша баяндалған.
Бiрде Актеон жолдастарымен Киферон орманында аң аулап жүредi. Шыжыған шаңқай түс. Шаршап-шалдыңқан аңшылар қалың орман iшiндегi саяға дем алуға жайғасты, ал жас Актеон Киферон сайын бойлап, самалды салқындау жер iздеп кеттi. Ол әйел құдай Артемидаға арналған, жасыл желектi, гүлдерi жайнаған Гаргафия25 алқабынан келiп шықты. Алқапта шетен ағаштары, мирта мен самырсын қаулап өскенө сұңғақ та сымбатты кипаристер оқтай түп-түзу боп көкке бойлап қарауытады, ал көкорай дала алқызыл гүлдермен көмкерiлген. Алқапта мөп-мөлдiр бұлақ сылдырап ағып жатты. Айналаның бәрi тып-тыныш мүлгiген, жанға жайлы саябақ самал құшағында. Актеон таудың құлама жарының қабағынан жасыл желекпен көмкерiлген тамаша бiр үңгiрдi көредi. Ол бұл жер Артемиданың жиi-жиi дем алып тұратын орны екенiн бiлмегендiктен үңгiрге қарай тура тартты.
Артемида үңгiрге жаңа ғана кiрген едi. Садағы мен жебелерiн хор қыздарының бiрiне ұстатты да, шомылуға әзiрлене бастады. Хор қыздары әйел құдайдың аяғынан сандалын шешiп, шашын желкесiне түйiп берiп, ендi ғана бұлақтан салқын су әкелуге жинала бастағандары сол едi, үңгiрдiң кiре берiсiнен Актеон көрiндi. Қыздар кiрiп келе жатқан Актеонды көрiп, шошынғаннан айқайлап жiбердi. Олар бөгде адамның көзiне түсiрмеу үшiн Артемиданы қоршап алды. Шығып келе жатқан күн аспандағы ақ бұлтты алқызыл шапаққа қалай белесе, әйел құдайдың ашулы жүзi де сондай қызарып, көздерi ызамен жарқ-жұрқ еткенде ол бұрынғысынан да сұлуланып кеттi. Тыныштығын бұзған Актеонға Артемида қатты ашуланды. Ызаға булыққан әйел құдай бақытсыз Актеонды сымбатты бұғыға айналдырды да қоя бердi.
Актеонның басына бұтақ-бұтақ мүйiз өсiп шыға келдi. Екi қолы бұғының алдыңғы аяқтарына айналды. Мойны ұзарып, құлақтары сүйiрленiп, бүкiл денесiн теңбiл-теңбiл түк басып кеттi. Сөйтiп үркек бұғы қаша жөнелдi. Актеон бұлақтан өз бейнесiн көрдi. «Ой, сұмдық-ай!» деп айқайлағысы келедi, бiрақ үнi шықпайды. Оның көзiнен жас сорғалай жөнелдiө бiрақ бұл ендi бұғының көзi едi. Тек адамға тән ақыл-ойы ғана сақталған. Ендi не iстемек? Қай жаққа қашпақ?
Актеонның иттерi бұғының иiсiн сезе қойдыө олар өздерiнiң қожасын таныған жоқ, улап-шулап, жамырай жарыса үрiп, соңынан қуа жөнелдi. Әсем бұғы бұтақбұтақ мүйiзiн кейiн қайырып алып, алқап арқылы Киферон шатқалдарын, тауларды, орман, даланы бойлай, желдей жүйткiп зыта бердi, соңынан иттер де абалап құйғыта қуып келе жатты. Иттер барған сайын жақындай түстi, мiне, олар ендi қуып та жеттi, ақыры иттердiң өткiр тiстерi бақытсыз бұғы – Актеонның денесiне қадалды. Актеон: «Оу, рақым етiңдер! Бұл – мен, Актеонмын, сендердiң қожаларыңмын ғой!» деп айқайлағысы келедi, бiрақ бұғының кеудесiнен тек аҺ ұрған үн ғана шығады, ал бұл үннен адамның күрсiнiсi естiледi. БұғыАктеон кенет тiзесiн бүге құлайды. Оның көзiнен қайғы, қорқыныш және жалыныш көрiнедi. Ажалдан құтылу ендi мүмкiн емес: ызалы иттер оның денесiн пәршелеп жыртып әкетiп барады.
Осының үстiнде келiп жеткен жолдастары осындай аңды қолға түсiрiп, олжаға батқан сәтте Актеонның бiрге болмағанына өкiнiш бiлдiрiстi. Иттер ғажайып бұғыны ұстады ғой. Бұл бұғының кiм екенiн Актеонның жолдастары бiлген жоқ. Найзағай құдайы Зевс пен Латона қызының ғажайып сұлулығын көрген бiрден-бiр жан иесi, әрi әйел құдай Артемиданың тыныштығын бұзған Актеон, мiне, осылайша қаза тапты.