АЛОЭЯНЫҢ ҰЛДАРЫ

АЛОЭЯНЫҢ ҰЛДАРЫ
Ашу үстiнде Аполлон аяушылықты бiлмейтiн қатал да қаҺарлы болатын. Ондайда оның алтын жебелерi де ұшқыр-ақ. Ол жебелер талайды мерт еттi. Өз күштерiн мақтан етiп, ешкiмге бас игiсi келмеген Алоэяның ұлдары От пен Эфиальт сол жебелерден қаза тапты. От пен Эфиальт бала кезiнiң өзiнде-ақ орасан зор бойларымен, әлеуеттi күштерiмен және еш нәрседен тайсалмайтын жүректiлiгiмен даңқы шыққан едi. От пен Эфиальт Олимп құдайларына былай деп сес көрсете бастады:
– Бiз тек ер жетiп, ғажайып күшiмiздi толыстырып алайық. Сонда Олимп, Пелион және Оссу21 тауларын бiрiнiң үстiне бiрiн үйiп, солар арқылы көкке көтерiлетiн боламыз. Бiз сендерден, олимпиялықтар, Гера мен Артемиданы ұрлап ап кетемiз.
Алоэяның қыңыр ұлдары олимпиялықтарға өстiп қыр көрсеттi. Олардың бұл мақсаттарын iске асыруы да мүмкiн едi. Өйткенi От пен Эфиальт соғыстың қаҺарлы құдайы Арестi бұғаулап, зынданға қамап қойды емес пе! Арес отыз ай бойы қапаста торығып жатты. Ақырында әбден әлi бiтiп, титықтаған Арестi ұшқыр Гермес ұрлап әкеттi. Демек, От пен Эфиальттың құдiреттiсi құдiреттi. Аполлон олардың қоқан-лоққыларына төзе алмады. Ол өзiнiң күмiс садағының адырнасын тарта бастадыө жалынның ұшқыны сияқты, ауада алтын жебелерi жалтжұлт еттi де, оқ тиген От пен Эфиальт құлай-құлай кеттi.

МАРСИЙ
Аполлон Фригия сал-серiсi Марсийдi де өзiмен күй тартысып, бәсекеге түсуден қорықпағаны үшiн, аяусыз жазалады. Кифаред22 Аполлон мұндай өркөкiректiкке төзе алмады. Бiрде, Фригия алқабын аралап жүрiп, Марсий қамыс сыбызғы тауып алды. Оны, өзi жасаған осы сыбызғыны тартқан кезде сұлу жүзi бұзылып кететiнiн аңғарған әйел құдай Афина тастап кеткен болатын. Афина өзi ойлап тапқан аспапқа қарғыс айтып:
– Осы сыбызғыны жерден кiм көтерсе, сол аяусыз жазаға ұшырасын! – дедi.
Афинаның бұл сөзiнен хабарсыз Марсий сыбызғыны жерден көтерiп алды, көп ұзамай сыбызғы ойнауды меңгергенi сонша, осынау қарапайым аспаптан туған әуендi жұрттың бәрi елтiп тыңдайтын болды. Марсий бұған ессiз мастанып, сөйтiп, музыка қамқоршысы Аполлонның өзiн сайысқа шақырды. Аполлон әдемi, ұзын шапанын киiп, лавр гүлдестесiн тағынып, қолына кифарасын ұстаған күйi дереу жетiп келдi.
Орман мен дала тұрғыны Марсий музаларды басқарушы Аполлон кифарасының алтын iшектерiнен шыққандай ғажайып сазды дыбыстарды қамыс сыбызғыдан қайдан шығарсын! Аполлон жеңiп шықты. Өзiн бәсекеге шақырғанына ыза болған ол Марсий бейбақты екi қолынан асып қойып, тiрiдей терiсiн сыпыруға әмiр еттi. Өзiнiң ақкөз өжеттiгi үшiн Марсий осылай жазаланды. Ал Марсийдiң терiсi Фригиядағы Келены жанындағы үңгiрге iлiп қойылды, жұрт кейiн фригийлiк қамыс сыбызғының үнi шыққанда терiнiң әрдайым билей бастайтынын, ал кифараның асқақ дыбысы естiлген кезде тапжылмай тына қалатынын әңгiмелейтiн болды.

АСКЛЕПИЙ (ЭСКУЛАП)
Алайда Аполлон тек кек алушы ғана емес. Ол өзiнiң алтын жебелерiмен өлiм сеуiп қана қоймай, ауруларды да емдейдi. Аполлонның ұлы Асклепий – дәрiгерлер мен шипагерлiк өнер құдайы. Ақылды кентавр23 Хирон Асклепийдi Пелион тауының баурайында тәрбиелеп өсiрдi. Хиронның басшылығымен Асклепийдiң бiлгiр дәрiгер болғаны соншалық, ол тiптi ұстазынан да асып түстi. Асклепий – ауруларды емдеп қана қоймай, өлгендердi де тiрiлте алатын болды. Осы өнерiмен ол өлiлер патшалығының әмiршiсi Аид пен найзағай құдайы Зевстiң шамына тиiп, ызасын келтiрдi. Өйткенi ол Зевстiң жер бетiнде орнатқан заңы мен тәртiбiн бұзды. ЬIза болған Зевс жай тасымен атып, Асклепийдi мерт қылды. Бiрақ адамдар Аполлонның ұлын шипалы қолды құдай деп қастерлей бердi. Олар оған көптеген ғибадатхана тұрғызды, оның iшiндегi атақтысы Асклепийдiң Эпидаврдегi ғибадатханасы.
Аполлон құдайды бүкiл Грекия құрмет тұтты. Гректер оны жарық сәуле тәңiрiсi, адамды қан төгу күнәсынан тазартатын құдай, Зевстiң әмiрiн таратушы, жаза кесушi, ауру-сырқау жiберушi және одан айықтырушы ретiнде құрметтедi. Аполлон – теңiзде жүзушiлердiң қамқоршысы, ол жаңа қоныстар мен қалалар салуға көмектеседi. Аполлон суретшiлерге, ақындарға, әншiлер мен сазгерлерге ерекше қамқорлық жасайды.

АРТЕМИДА24
Мәңгi жас әйел құдай Артемида Делоста өзiнiң ағасы алтын бұйра шашты Аполлонмен бiр мезгiлде туды. Ағасы мен қарындасы бiрiн-бiрi қалтқысыз жақсы көрдi, араларынан қыл өтпес дос болды. Олар өздерiнiң анасы – Латонаны да шын жүректен сүюшi едi.
Артемида жерде тiршiлiк ететiн, орман мен далада өсетiн нәрсенiң бәрiне де қамқоршы. Адамдарға да, жабайы аңдарға да қамқорлық жасап отырды. Ол бала тууына, үйлену тойы мен некеге игi ниет бiлдiрдi, шөптердi, гүлдер мен ағаштарды жайқалтып өсiруге де ықпал жасады. Некеге отырғандарға бақыт беретiн, ауруларды жазатын Артемидаға грек әйелдерi үйiп-төгiп құдайы садақа берiп тұрады.
Жадыраған күн сияқты жайдары сұлу, иығына асып алған садағы мен қорамсағы, қолында найзасы бар Артемида саялы ормандар мен күн шұғыласына бөленген далаларда саятшылық құрып жүредi. Оның мүлт кетпес жебелерiнен үркек бұғы да, аңқау киiк те, қаҺарлы қабан да қашып құтыла алмайды. Артемидаға оның серiктерi – үр қыздары да жедеқабыл ерiп жүредi. Тау iшiн шат күлкi, айқай-шу, иттердiң үрген даусы жаңғырықтырып тұрады. Әйел құдай аң аулаудан әбден шаршап-жалыққан кезде хор қыздарымен бiрге Дельфыға, сүйiктi ағасы, атақты мерген Аполлонға жетуге асығады. Онда Артемида дем алады. Аполлонның алтын кифарасының сүйемелдеуiмен музалармен, хор қыздарымен сауық-сайран салады. Артемида барлық хор қыздары мен музалардан сұлу, бойы да олардан сұңғақ. Ол салқын самалды, ет пен сүйектен жаралғандардың көзi түсетiн жерден шалғай, жасыл желектi түкпiрлерде тынығуды да жақсы көредi. Ал тыныштығын бұзған жанның халi мүшкiлдей бередi. Фивы патшасы Кадмның қызы – Автонояның жас өспiрiм ұлы Актеон солай, Артемиданың қолынан қаза тапқан едi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *