АПОЛЛОН МЕН МУЗАЛАР
Көктем мен жазда ну орманды Геликон бөктерлерiнде, Гиппокрена қайнарының қасиеттi сулары сырлы үнмен сыңғырлап ағатын жерде, Кастальдiң мөлдiр бұлағының басында – Парнаста Аполлон тоғыз музамен қол ұстасып ән салды. Жап-жас, сұлу музалар – Зевс пен Мнемосинаның20 қыздары – Аполлонның байырғы серiктерi болып алды. Ол музалар хорын басқарады. Хорды өзiнiң алтын кифарасымен сүйемелдеп отырады.
Лавр гүлдестесiн тағынған Аполлон музалар хорының алдында алшаң басып келе жатадыө оның соңынан сылаңдап эпикалық поэзия музасы Каллиопа, лирика музасы Эвтерпа, махаббат әндерiнiң музасы Эрато, трагедия музасы Мельпомена, комедия музасы Талия, би музас Терпсихора, тарих музасы Клио, астрономия музасы Урания және қасиеттi әнұрандар музасы Полигимния келе жатады. Олардың хоры асқақ, салтанатты естiледi, сөйтiп, күллi төңiрек, айнала табиғат елтiген сияқты болып, музалардың ғажайып үндерiне құлақ түредi.
Ал Аполлон музалар тобымен Олимпке келiп, оның кифарасы мен музалар әнi әуелеген кезде бәрi жымжырт бола қалады. Арес қанды шайқастардың шуын ұмытады, бұлт айдаушы Зевстiң қолында найзағай жарқылдамайды, құдайлар өзара араздықты ұмытады, Олимпте бейбiтшiлiк пен тыныштық орнайды. Тiптi Зевстiң бүркiтi де құдiреттi қанаттарын төмен жайып, қырағы көздерiн жұмып, қаҺарлы саңқылы да естiлмей, иесiнiң аса таяғында баяу мүлгiп ұйықтап отырады. Жым-жырт тыныштықта Аполлон кифарасы iшектерiнiң салтанатты үнi естiледi. Аполлон алтын iшектердi шабыттана қаққан кезде құдайлар залында құйқылжып сауық-сайран басталып жүре бередi. Музалар, хариталар мәңгi жас Афродита, Арес пен Гермес – бәрi қол ұстасып, алқақотан ойынға қатысады, ең алдында Аполлонның қарындасы, айдай сұлу әсем қыз Артемида асқақ басып келе жатады. Алтын сәуле нұрына бөленген құдайлар Аполлон кифарасының әуенiмен билеп жүредi.