ПОСЕЙДОН ЖӘНЕ ТЕҢIЗ ТӘҢIРIЛIГI

ПОСЕЙДОН ЖӘНЕ ТЕҢIЗ ТӘҢIРIЛIГI
Тұңғиық Теңiздiң тереңiнде найзағай құдайы Зевстiң ағасы, жер сiлкiндiрушi Посейдонның әсем сарайы тұр. Посейдон теңiздерге билiгiн жүргiзедi, ал теңiз толқындары оның қаҺарлы үш ашалы аса таяқ ұстаған қолының болмашы қимылына қалт етпей бағынады. Теңiздiң тұңғиық түбiнде Посейдонмен бiрге оның сұлу зайыбы, теңiздiң көрiпкел абыз қарты Нерейдiң қызы Амфитрита да тұрады, оны әкесiнен Посейдон ұрлап ап кеткен болатын. Бiрде Посейдон Наксос аралының жағалауында Амфитрита өзiнiң апа-сiңлiлерi неридалармен қол ұстасып, ән салып, билеп жүргенiн көредi. Теңiз құдайы ғажайып Амфитританы ұнатып қап, өзiнiң күймесiне сап алып кетпек болған. Бiрақ Амфитрита қуатты иықтарымен аспанды тiреп тұрған алып Атластың жанына барып жасырынады. Посейдон Нерейдiң сұлу қызын ұзақ уақыт бойы таба алмайды. Ақырында оған қыздың тығылған жерiн дельфин нұсқап бередi де, өзiне көрсеткен осы қызметi үшiн Посейдон оны аспандағы жұлдыздар шоғырының қатарына қосады. Атластан Нерейдiң сұлу қызын ұрлап әкетiп, үйленiп алды.
Содан берi Амфитрита өзiнiң ерi Посейдонмен бiрге су астындағы сарайда тұрады. Сарайдан әлдеқайда биiкте теңiз толқындары шулап жатады. Посейдонды теңiз тәңiрiлер тобы қаумалап, оның әмiрiн орындауға әзiр тұрады. Олардың арасында теңiз түбiнiң қабыршақ тастарынан жасалған кернейiмен айналаны жаңғырыңтырып, сұрапыл дауылдар тұрғыза алатын Посейдонның ұлы – Тритон бар. Амфитританың апалы-сiңлiлi сұлу нереидалары да солардың ортасында. Посейдон теңiзге билiк жүргiзедi. Ол ғажайып сәйгүлiктер жегiлген күймесiмен теңiз бетiнде құйындай жүйткiген кезде көкала толқындар қақ жарылып жол бередi. Сұлулығы Зевстiң өзiмен бiрдей Посейдон шексiз-шетсiз теңiз үстiмен жүйтки жөнелгенде – айналасында дельфиндер ойнақ салып, теңiз түбiнен балықтар жүзiп шығады да, оның күймесiнiң төңiрегiне үйiрiледi. Ал Посейдон өзiнiң қаҺарлы үш ашалы аса таяғын сiлтеп қалған кезде ақ көбiкке оранған теңiз толқындары тау-тау болып көтерiлiп, сұрапыл дауыл тұрады. Теңiздiң ақ көбiкке оранған асау толқындары жағалаудағы жартастарға арындай соғып, жердi шайқалтады. Ал Посейдон өзiнiң үш ашалы аса таяғын толқын жондарына баяу ғана «сүрткенде» теңiз тыныштала қалады, су бетi теп-тегiс айна сияқты қайтадан жарқырайды, көгiлдiр, шетсiз теңiз жағалауға естiлер-естiлмес болып, ақырын ғана лықсып жатады.
Посейдонды қоршаған тәңiрiлердiң iшiнде ғайыпты болжап, бәрiн күнi бұрын бiлiп отыратын теңiз абызы Нерей бар. Өсек-өтiрiк пен алдау-арбау деген – Нерей үшiн жат: ол құдайлар мен адамдарға тек шындықты ғана айтады. Әулие қарт кемеңгерлiк ақыл-кеңестер бередi. Нерейдiң елу сұлу қызы бар. Жас нереидалар сұлулығымен жалт-жұлт етiп, теңiз толқынында рахаттана шомылып жүредi. Олар қол ұстасып теңiз тұңғиығынан тiзбектеле шығады да, тып-тыныш теңiздiң баяу толқындары сылқылдап жағаға соғып жатқан шақта алқа-қотан айнала би билеп, ән салады. Жағалаудағы жартастардың жаңғырығы, теңiздiң баяу уiлi олардың нәзiк әуендi әндерiнiң әуенiн қайталап тұратын тәрiздi. Нереидалар теңiз жолаушыларын қамқорлықтарына алып, желеп-жебеп, жүзу сапарының сәттi аяқталуына көмектеседi.
Теңiз тәңiрiлерiнiң арасында Протей қарт та бар. Ол теңiз тәрiздi бейнесiн өзгертiп, өз қалауы бойынша әртүрлi жануарлар мен құбыжықтарға да айнала алады. Ол да – әулие құдай, тек оны қапыда ұстап алып, бағындырып, болашақтың құпиясын айтып беруге мәжбүрлей бiлу керек. Жер сiлкiндiрушi Посейдон серiктерiнiң арасында теңiзшiлер мен балықшылардың қамқоры, әрi болашақты болжайтын да қасиетi бар Главк құдай және жүр. Ол талай рет теңiздiң тұңғиық түбiнен жүзiп шығып, болашақты болжап, адамдарға дана кеңестер берген. Теңiз құдайлары шетiнен құдiреттi, билiктерi зор, бiрақ солардың бәрiн де Зевстiң ұлы ағасы – Посейдон билейдi.
Барлық теңiздер мен барлық жерлердi алып қарт Мұхит (Океан) айналып ағып жатады. Даңқы мен беделi жөнiнен Зевстiң өзiмен парапар құдай сол ғана. Ол әлемнiң ең шет жағында болады, оның жүрегiн жердегi iстер селт еткiзбейдi. Мұхиттың үш мың ұлы өзен құдайлары және үш мың қызы – океанидалар, бұлақтар мен түрлi су көздерiнiң құдай қыздары бар. Оның ұлдары мен қыздары мәңгi ағып жататын нәрлi суымен адамдарға игiлiк пен қуаныш сыйлап, бүкiл жер мен тiршiлiк иесi атаулыны сусындатып отырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *