ОЛИМП
Сәулеттi Олимп биiгiнде өз құдайлары қоршаған Зевс патшалық құрып жатты. Оның зайыбы Гера, қарындасы Артемидамен бiрге алтын бұйра шашты Аполлон, алтын реңдi Афродита, Зевстiң құдiреттi қызы Афина7 және басқа көптеген құдайлар да осында. Таңғажайып сұлу үш бапшы (ора) биiк Олимпке кiрер есiктi күзетiп, құдайлар жерге түскен тұста немесе Зевстiң сәулеттi ордасына қайта шырқап шыққан кезде жабылатын қақпа қалың бұлтты ысырып көтередi. Олимптен әлдеқайда биiкте көсiлген аспаннан алтын сәуле төгiлiп тұрады. Зевс патшалығында жаңбыр да, қар да жоқ, онда мәңгiлiк жайма-шуақ жарқын жаз ғана. Ал төменде бұлттар қалқып, алыстағы жердi көлегейлеп, кейде жауып қалады. Жер бетiнде көктем мен жазды күз бен қыс алмастырады, қуаныш пен шаттықты бақытсыздық пен қасiрет ауыстырады. Рас, құдайлар да уайым-қайғы дегеннiң не екенiн бiледi, бiрақ ол тез өте шығады да, Олимпте қайтадан қуаныш орнайды.
Құдайлар Зевстiң ұлы Гефест8 салып берген алтын сарайларында думандатып жатады. Патша Зевс биiк алтын тақта отырады. Зевстiң әсем жүзi айбарлы ұлылықпен, өз билiгiне деген асқақ та байсалды ризашылықпен, құдiреттi ермiнездiлiкпен нұрлаған. Оның тағының жанында бейбiтшiлiк құдайы Эйрена мен Зевстiң байырғы серiгi, жеңiстiң қанатты құдайы Ника. Мiне, Зевстiң жары сымбатты да маңғаз әйел тәңiрi – Гера келiп кiрдi. Зевс әйелiн қастер тұтып, құрметтейдi, Олимптiң барлық құдайлары неке қамқоры Гераны қошеметтейдi. Ажары айдай боп, ерекше сәнмен киiнген Гера той залына кiрген кезде барлық құдайлар орындарынан тұрып, жанатқыш жарына бастарын иедi. Ол болса, алтын таққа келiп, Зевстiң қасына отырады. Гераның тағы жанында оның жаушысы, кемпiрқосақ құдайы, ұшқыр қанатты Ирида. Ол Гераның әмiрiн орындау үшiн жердiң ең шалғай түкпiрлерiне шұғылалы қанаттарымен самғай жөнелуге әрдайым әзiр тұрады.
Құдайлар той-думанын қыздырып жатыр. Зевстiң қызы – жас бүлдiршiн Гера мен Зевстiң сүйiктiсi, одан мәңгi өлмес өмiр алған, Троя патшасының ұлы Ганимед құдайлар тағамы мен сусыны – жүзiм, шәрбат әкелiп жүредi. Сұлу арулар9 мен сазшылар оларға ән салып, би билеп қызмет көрсетедi. Олар қол ұстасып, шыр көбелек айналады, ал құдайлар олардың лыпылдаған жеңiл қозғалыстары мен ғажайып, мәңгi жас сұлулықтарын тамашалап отырады. Олимпиялықтардың думаны барған сайын қыза түседi. Осы тойларда құдайлар барлық iстi шешiп алады, осы тойларда олар әлем мен адамдардың тағдырын айқындап тастайды.
Зевс Олимптен адамдарға сыйлықтар жiберiп, жер бетiндегi тәртiп пен заңдарды баян етiп отырды. Адамдардың тағдыры: бақыт пен бақытсыздық та, жақсылық пен зұлымдық та, өмiр мен өлiм де – бәр-бәрi Зевстiң қолында. Зевс сарайының қақпасы алдында екi бiрдей құмыра тұр. Оның бiрiнде – игiлiк сыйы, екiншiсiнде зұлымдық сыйы болады. Зевс құмыралардан жақсылық пен зұлымдықты көсiп алып, оларды адамдарға жiбередi. Найзағай құдайы тек зұлымдық қана салынған ыдыстан сый алып жiберген адам қайғы-қасiретке белшесiнен батады. Зевстiң жер бетiнде орнатқан тәртiбiн бұзған және оның заңдарын сақтамаған адам да нақ жаңағыдай қалге душар болады. Крон баласы қалың қасын сұстана түкситкен кезде, аспанды қара бұлт қаптайды. Ұлы Зевс ашуға булыққан кезде, оның шаштары қаҺарлана тiкiрейiп, көздерi шыдамсыздық отын шашады, ол қабағын қағып қалса-ақ болғаны – бүкiл аспанда күн күркiреп, найзағай жалтылдайды, сөйтiп биiк Олимп дүр сiлкiнедi.
Зевс тағының жанында заңдарды сақтайтын әйел құдай Фемида тұрады. Ол найзағай құдайының әмiрi бойынша Олимпте құдайлар жиналысын, ал жерде адамдар жиналысын шақырып, тәртiп пен заңның бұзылуын бақылап отырады. Зевстiң қызы, сот әдiлдiгiн бақылаушы әйел құдай Дикэ де Олимте. Дикэ әдiлетсiз судьялардың Зевс орнатқан заңдарды сақтамайтынын хабарлаған кезде Зевс оларды қатаң жазалап отырады. Эйел құдай Дикэ – ақиқаттың жақтаушысы, арамдықтың жауы.
Жұртқа бақыт пен қайғы-қасiреттi Зевс жiбергенiмен, адамдардың тағдырын Олимпте тұратын тағдыр құдайлары ымырасыз мойралар10 белгiлеп отырады. Зевстiң тағдыры да солардың қолында. Тағдыр адамдарды да, құдайларды да билейдi. Қатал тағдырдың құрығынан ешкiм де қашып құтыла алмайды. Құдайлар мен адамдардың пешенесiне жазылып қойған нәрсенi зәредей болса да өзгерте алатын күш те, өкiмет те жоқ. Тағдырдың әмiрiн жалғыз мойралар ғана бiледi. Мойра Клото адамның өмiр жолының өрмегiн тоқып, онын өмiрiнiң ұзақтығын анықтап отырады. Өрмек жiбi үзiлсе – өмiрдiң де үзiлгенi. Мойра Лахесис әр адамның пешенесiне жазылып қойған жеребенi қарамай-ақ суыра бередi. Мойралар белгiлеген тағдырды ешкiм де өзгерте алмайды, өйткенi үшiншi мойра Атропос әрбiр адам үшiн өз апа-сiңлiлерi белгiлеген нәрсенiң бәрiн ұзыннанұзақ тiзiмге енгiзiп отырады, ал тағдыр тiзiмiне енген нәрсе – болмай қоймайды. Ұлы, қатыгез мойралар аяушылық дегендi бiлмейдi.
Олимпте тағдырдың тағы бiр әйел құдайы бар, ол бақыт пен игiлiк құдайы – Тюхэ11. Зевс сүтiн iшiп өскен құдiреттi ешкi Амалфеяның мүйiзiнен ол адамдарға сыйлық шашып тұрады. Өмiр жолында ырыздықтың әйел құдайы –Тюхэнi кездестiрген адам мол бақытқа кенеледi. Бiрақ бұл қандай сирек болады десеңiзшi! Ал жаңа ғана өз сыйларын үлестiрген адамнан әйел құдай Тюхэ терiс айналып кете қалса, ол адамның көрген күнiн ешкiмге бермесiн деңiз!
Құдайлар тобы қорғаған Зевс Олимпте осылайша патшалық құрып, бүкiл әлемдегi тәртiптi қорғап отырады.