ЗЕВСТIҢ ТИФОНМЕН КҮРЕСI
Бiрақ күрес мұнымен тынған жоқ. Гея-Жер өзiнiң жеңiлiске ұшыраған титан-балаларына жасаған қатыгездiгi үшiн олимпиялық Зевске қатты ашуланды. Ол қара түнек Тартармен некелесiп, жан түршiгерлiк жүз басты құбыжық Тифонды дүниеге келтiрдi. Орасан зор, айдаҺардың басындай жүз басы бар Тифон жер қойнауынан жарып шықты. Оның ұлыған үрейлi даусы ауаны жаңғырықтырды. Бұл үннен иттердiң үргенi, адамдардың дабырласқаны, құтырынған бұқаның гүжiлдегенi, арыстанның ақырғаны естiлiп тұрды. Тифонның төңiрегiнде жалын бұрқылдап, оның ауыр қадамынан қара жер қайқаң қақты. Құдайларды үрей биледi. Бiрақ найзағай құдайы Зевс Тифонға тайсалмай ұмтылды, сөйтiп, шайқас басталып кеттi. Зевстiң қолында жай оттары қайта жарқылдап, күн күркiрiнiң сарындары естiлдi. Жер мен аспан күмбезi iргесiне дейiн солқылдады. Титандармен күрес кезiндегiдей Жер лап етiп қызыл жалынға оранды. Теңiздер Тифонның жанасқанының өзiне-ақ сақылдап қайнап кеттi. Найзағай құдайы Зевстiң от-жалынға оранған жай оқтары тiзбек-тiзбек ұшып, олардың отынан, тiптi, ауа тұрсын, жаңбырлы қара бұлттардың өзi жанып жатқандай болды. Зевс Тифонның барлық жүз басын түгел өртеп, күлге айналдырды. Тифон жерге гүрс етiп құлағанда оның денесiнен шыққан ыстық айналадағының бәрiн балқытып жiбердi. Зевс Тифонның денесiн көтерiп алып, қара түнек Тартарға қайыра тастап жiбердi. Бiрақ Тифон Тартарда жатып та құдайлар мен бүкiл тiршiлiк атаулыға қаҺар шашуын қоймады. Ол дауылдар туғызып, жанар тауларды атқылатады, жартылай әйел, жартылай жылан Ехиднамен бiрге екi басты қорқынышты төбет Орфоны, тамұқ төбетi Кербердi (Цербердi), Лерней айдаҺары – Химмераны дүниеге әкелдi. Тифон жиi-жиi жер сiлкiндiрiп тұрды.
Олимпиялық құдайлар өз жауларын жеңдi. Ендi қайтып ешкiм де олардың билiгiне қарсы шыға алмады. Олар ендi дүниенi жайбарақат басқара алатын болды. Олардың iшiндегi ең құдiреттiсi жайатқыш Зевс өзiне аспанды, Посейдон – теңiздi, ал Аид – өлгендердiң жаны жай табатын жерасты патшалығын алды. Жер болса бәрiнiң ортақ билiгiнде қалды. Кронның ұлдары дүниеге билiк жүргiзудi өзара бөлiсiп ала тұрса да, көк тәңiрiсi Зевс бәрiне бiрдей патшалық әмiрiн жүргiзедi, ол адамдарды да, құдайларды да билейдi, дүниедегiнiң бөрi де соның қол астында.