Қарағай мен сексеуіл

Қарағай мен сексеуіл
Тым ерте заманда Қарағай да, Сексеуіл де ойпатта, жасыл алқапта өседі екен. Бұлар қонысқа таласып, «Әрі отыр, бері отыр!» деп жақ-жақ болып, бір-біріне күн бермепті. Ең соңында тіпті сойылдасып соғысыпты.
Сексеуіл мерген болса керек, өзінің жебелерін Қарағайға жаудырыпты. Қарағайдың өн бойын түйреген инелер сексеуілдің атқан оқтары екен.
Қарағай найзагер болыпты. Сексеуілдің тұла бойының кедірбұдырлығы қарағайдың найзасынан қалған тыртықтардың орны көрінеді.
Оларды арашалау ешкімнің қолынан келмепті. Сонда Тал мен Терек өзара ақылдасыпты да, бұлар соғысып жатқан майдан алаңына сел қаптатып жіберіпті.
Сексеуіл селден қашып шөлге кетіпті, Қарағай судан қашып тауға безіпті. Содан бері Қарағай Сексеуіл келіп қалмасын деп, тау басында тұрып қарауыл қарайды екен. Ал Қарағайдан қорыққан Сексеуіл құм-шөлге бұғып, сояуын кезейтін көрінеді.
Қонысқа сыйыспай соғысқан екі мықтының бірі, сөйтіп, үркіп тауға шығып, бірі ығып шөлге бұққан соң, суы мол, топырағы құнарлы кең өңірді Тал мен Терек емін-еркін жайлап қалған екен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *