Ызықтар
Ызықтар – таулардың биік жартастарында жүретін ақпейіл аруақтар. Олар аңшыларға көмектеседі. Малға һәм жер құтына қамқор болады. Ызықтардың мән-жайын білетін әрбір отбасы олардың көңілін аулауға тырысады. Сондықтан, жыл сайын бір малды, қошқар немесе жылқыны садақаға береді. Ол үшін ең сұлу айғырды немесе қошқарды сүтпен жуып, хош иісті шөппен аластап, жал-құйрығын тарап, түрлі-түсті баулармен безендіріп, бақсы үшкірген бойтұмар тағады. Сөйтіп адамдар аруақтардан медет тілеп, ызықтарға арналған жануарды еркіне босатып қоя береді.
Мұндай қошқарды мерт етуге, мұндай атқа мініп жүруге болмайды. Өйткені, жаңағыдай жора жасалған соң малдың өзіне де кие дарып, ызыққа айналып, ол да керемет құдіретке ие болады. Сонда ызықтар үйірлі жылқыны қорғап, қасқырларды қуып, ұрыларға алдырмайды. Сөйткенде төрт түлік көбейіп, жұт пен кесір-кесапат адамдардан аулақ жүреді.